Қазақстан республикасының Ұлттық банкі №13 баспасөзрелиз І



Дата23.02.2016
өлшемі131.01 Kb.
#5895


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ

ҰЛТТЫҚ БАНКІ

13 БАСПАСӨЗ Р Е Л И З І



2012 жылғы 11 cәуір

Қаржы нарығындағы ахуал туралы



  1. Ұлттық Банктің жылдық есебін мақұлдау туралы.

2012 жылғы 10 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Ұлттық Банктің 2011 жылғы есебін тыңдады. Президент тұтастай алғанда Ұлттық Банктің 2011 жылғы жұмысына оң баға беріп, есепті мақұлдады. Есептің нәтижелері бойынша Ұлттық Банкке және Үкіметке валюта саясаты, банк жүйесіндегі «нашар» кредиттер проблемаларын шешу, қаржы қызметтерін тұтынушылар құқықтарын қорғауды күшейту, зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.


  1. Инфляция

Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері бойынша инфляция 2012 жылғы наурызда 0,3% (2011 жылғы наурызда – 0,5%) деңгейінде қалыптасты. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,5% (0,9%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,2% (0,2%) және ақылы қызмет көрсету 0,2% (0,2%) өсті.

Азық-түлік тауарлары нарығында өткен айда көп дәрежеде қант – 5,1%, ет және ет өнімдері – 1,2%, оның ішінде қой еті – 1,7%, сиыр еті – 1,6%, жылқы еті – 1,5%, шошқа еті – 0,8%, жұмыртқа – 0,8%, балық және теңіз өнімдері – 0,4%, сүт өнімдері – 0,2% қымбаттады. Жарманың бағасы 4,0%, жемістер мен көкөністер 0,2%, май және тоң май 0,6% төмендеді.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында киім және аяқ киім бағасы 0,3%, ыдыс және асхана құралдары 0,5%, дәрі-дәрмектер 0,3% көтерілді, ал бензин және дизель отынының құны 0,2% төмендеді.

Ақылы қызмет көрсету тобында тұрғын үй-коммуналдық саласындағы қызметке ақы төлеу 0,1%-ға өсті. Бұл ретте тұрғын үйді жалға алу – 0,7%, тұрғын үйді ұстау – 0,2% өсті. Сондай-ақ ақылы қызметтердің ішінде байланыс құны 0,7%, оның ішінде почта қызметі 14,0%, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру қызметі – 1,0%, медициналық қызмет көрсету – 0,5% өсті.

2012 жылғы қаңтар-наурызда инфляция 1,1% (2011 жылғы қаңтар-наурызда – 3,7%) болды. Азық-түлік тауарлары осы кезеңде 1,7% (6,0%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 0,8% (0,9%), ақылы қызмет көрсету – 0,5% (3,6%) қымбаттады (1-график).
1-график

2011 және 2012 жж. қаңтар-наурыздағы инфляция және оның құрамдас бөліктері

2012 жылғы наурызда инфляция жылдық көрсетуде 4,6% (2011 жылғы желтоқсанда – 7,4%) болды. Бұл жылдық инфляцияның 1999 жылғы мамырдан бастап ең төмен деңгейі. Соңғы 12 айда азық-түлік тауарлары 4,6%-ға (9,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,1%-ға (5,3%), ақылы қызмет көрсету – 4,1%-ға (7,3%) қымбаттады.




  1. Қазақстан Республикасының 2011 жылғы төлем балансы және сыртқы борышы (түпкілікті деректер)

2011 жылы ағымдағы операциялар шотының профициті 2010 жылғы осындай көрсеткішпен салыстырғанда 5,9 есе дерлік ұлғайып, 14,1 млрд. АҚШ долл. немесе ЖІӨ-нің 7,6%-н (2010 жылы 1,6%) құрады.

2011 жылы brent сұрыпты мұнайдың әлемдік бағасы 2011 жылы орташа алғанда бір баррель үшін 110,9 АҚШ долл. құрай отырып, іс жүзінде бір баррель үшін 100 АҚШ долл. төмен түскен жоқ, бұл оның 2010 жылғы орташа деңгейінен (бір баррель үшін 79,6 АҚШ долл.) 39,3%-ға және бұрынғы 2008 жылғы рекордтық деңгейінен (бір баррель үшін 97,6 АҚШ долл.) 13,6%-ға артық. Нәтижесінде тауарлар экспорты 43,7%-ға ұлғая отырып, 88,5 млрд. АҚШ долл. құрады, ал тауарлар импортының сомасы 41,2 млрд. АҚШ долл. аса отырып, 25,2% өсті.

Тауарлардың ресми экспорты 88,3 млрд. АҚШ долл. деңгейінде қалыптасты, оның ішінде 55,2 млрд. АҚШ долл. (62,5%) мұнай және газ конденсатының экспортына тиесілі. Қара металдар экспортының құны 43,2%, түсті металдар экспортының құны 41,4% ұлғайды. Бұл ретте, егер қара металдар экспортының өсуіне көп дәрежеде нақты жеткізулердің өсуі себепші болса, түсті металдар экспортының өсуі негізінен келісімшарт бағаларының өсуімен қамтамасыз етілді.

Ресми сауда статистикасы тіркеген тауарлар импорты 37,0 млрд. АҚШ долл. құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 19% жоғары. 2011 жылы импорттағы неғұрлым үлкен үлес салмақ (37,6%-ға жуық) тиесілі болған инвестициялық тауарлар импортының өсуі 19,5% құрады. Аралық өнеркәсіптік тұтыну тауарлары бойынша ұлғаю 12,3%, ал тұтыну тауарлары бойынша 24,9% болды. Бұл ретте азық-түлік тұтыну тауарларын әкелу құны 23,8%, ал азық-түлікке жатпайтын тауарларды әкелу құны 25,7% ұлғайды. Экспорттық операциялардан айырмашылығы, импорт құнының ұлғаюына басым түрде сандық жеткізулердің өсуі себепші болды.

Тауарлар экспортының тауарлар импортымен салыстырғанда өсуінің басым қарқыны нәтижесінде 2011 жылғы сауда балансының оң сальдосы өткен жылға қарағанда 64,9% өсті және 47,3 млрд. АҚШ долл. сомасында қалыптасты.

2011 жылы қызмет көрсету экспорты 6% ұлғайған және олардың импорты 3,6% қысқарған кезде қызмет көрсету балансының дефициті 2010 жылғы көрсеткішке қарағанда 6,4 млрд. АҚШ долл. құрай отырып, 9,4% төмендеді. Сонымен бірге, 2011 жылғы 2-жартыжылдықта резидент еместер көрсеткен қызметтер көлемінің 2011 жылғы 1-жартыжылдықпен салыстырғанда біршама ұлғаюы (52,3%) тіркелді, бұл Қашаған кен орнындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің екінші фазасын іске асыру шеңберіндегі 2011 жылғы 1-жартыжылдықта тоқтатыла тұрған жұмыстардың жаңғыртылуына байланысты болды.

Елдегі сыртқы баға конъюнктурасының жақсаруы және іскерлік белсенділіктің өсуі шетелдік тікелей инвесторлардың байланыс, көлік, электр энергетикасы және басқа экспорттық емес салалардың кәсіпорындарын қоса алғанда Қазақстан кәсіпорындарының капиталына қатысуынан түскен кірістердің айтарлықтай ұлғаюына себепші болды. Тікелей инвестициялау қатынастарына байланысты емес кредиторларға сыйақылар 16,0% (2,7 млрд. АҚШ долларынан 3,1 млрд. АҚШ долларына дейін) өскен кезде, шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері (фирмааралық кредиттер бойынша дивидендтер, қайта инвестициялар және сыйақылар түріндегі) 23,5 млрд. АҚШ долл. жете отырып, 42,6% ұлғайды.

Қаржылық шот бойынша 2011 жылы 8,0 млрд. АҚШ долл. нетто-әкетілу қалыптасты.

Шетелге тікелей инвестициялар бойынша 4,5 млрд. АҚШ долл. нетто-әкетілуге акционерлік капиталдың өсуі себепші болды. Бұл ретте шетелдік арнайы мақсаттағы еншілес кәсіпорындардың (АМК) капиталын толықтыру бұрын Қазақстанның тікелей инвесторлары берген қарыздарды өтеу есебінен ішінара жүзеге асырылды. Шетелдік еншілес ұйымдардан алынған қарыздар бойынша таза ағынның негізінен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2011 жылғы 3-тоқсанда АМК арқылы синдикатталған қарыз тартуы есебінен шамалы таза әкелінуі (54 млн. АҚШ долл.) байқалды, ал басқа тоқсандарда отандық тікелей инвесторлардың өз борыштық міндеттемелерін таза өтеуі басым болды.

Қазақстанға шетелдік тікелей инвестициялардың (ШТИ) жалпы ағыны 19,9 млрд. АҚШ долл. құрады. Оның 2010 жылға қарағанда 1,7 млрд. АҚШ долл. өсуі шетелдік қатысуы бар банктердің және банктік емес сектор кәсіпорындарының акционерлік капиталының ұлғаюына басым түрде байланысты болды. Акционерлік капитал 2010 жылы 750 млн. АҚШ долларынан 2,6 млрд. АҚШ долл. дейін өскен кезде қайта инвестициялау өткен кезеңдердің пайдаларын неғұрлым белсенді бөлу нәтижесінде 12,5% (2010 жылғы 2,5 млрд. АҚШ долл. қарағанда 2,2 млрд. АҚШ долл.) қысқарды. Сонымен қатар, фирмааралық кредиттер нысанындағы қаражат түсімдерінің шамалы төмендеуі байқалды. Осындай кредиттер бойынша 6,7 млрд. АҚШ долл. сомадағы борышты өтеу шегерілгенде, Қазақстанға ШТИ таза түсуі 2010 жылғы 10,8 млрд. АҚШ долл. қарағанда 12,9 млрд. АҚШ долл. асты. Нәтижесінде, тікелей инвестициялау операциялары бойынша оң баланс 2011 жылы 8,4 млрд. АҚШ долл. құрады.

13,5 млрд. АҚШ долл. портфельдік инвестициялар бойынша нетто-әкетілуі негізінен Ұлттық қордың шетелдік активтерінің 12,2 млрд. АҚШ. долл. өсуімен қамтамасыз етілді. 2011 жылғы 2-4-тоқсандарда Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары нарығынан резидент еместердің кетуі Ұлттық Банктің ноттарымен операциялар бойынша ресурстардың 0,2 млрд. АҚШ. долл. нетто-әкетілуіне әкеп соқты.

2010 жылы банк міндеттемелерінің 15,6 млрд. АҚШ долл. рекордтық төмендеуі ұзақ мерзімді инвестициялар бойынша (оның ішінде олардың борыштарын қайта құрылымдау есебінен) 2011 жылы 2,0 млрд. АҚШ долл. астам сомада қалыпты таза өтеуге ауысты. Сонымен бірге мемлекеттік сектордың және банктік емес сектор кәсіпорындарының міндеттемелері бойынша нетто-ағын, сондай-ақ резидент еместерге берілген несиелер мен заемдар бойынша банк активтерінің азаюы, 1,6 млрд. АҚШ долл. басқа да орта- және ұзақ мерзімді инвестициялар бойынша нетто-әкелуді қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, ұзақ мерзімді банк қарыздары бойынша активтердің азаюы резидент еместердің 2011 жылы қайтарылуы тиіс берешекті толық өтемеуіне байланысты банктердің қысқа мерзімді активтерінің мерзімі өткен берешек нысанында өсуімен ішінара өтелді. Банктердің кредиттері бойынша мерзімі өткен берешектің ұлғаюы 2,1 млрд. АҚШ долл. болды және Ұлттық қордың және қазақстандық банктердің шетелдік шоттардағы қаражатының тиісінше 0,6 және 0,8 млрд. АҚШ долл. ұлғаюымен қатар басқа қысқа мерзімді капитал бойынша 4,6 млрд. АҚШ долл. сомасындағы нетто-әкетілуіне алғы шарттар жасады.

Жалпы сыртқы борыш

2011 жылғы 31 желтоқсанда жалпы сыртқы борыш 123,8 млрд. АҚШ долл. болды, оның 5,1 млрд. АҚШ долл. немесе 4,1% мемлекеттік сектордың (Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Ұлттық Банктің міндеттемелері) сыртқы борышын құрайды, фирмааралық берешектің үлесіне 59,9 млрд. АҚШ долл. немесе 48,4%, банк секторына – 14,6 млрд. АҚШ долл. немесе 11,8% тиесілі.

Тұтастай алғанда 2011 жылы жалпы сыртқы борыш 5,6 млрд. АҚШ долл. ұлғайды. Бұл ретте, егер «Мемлекеттік басқару секторының» (ҚР Үкіметі) және «Басқа секторлардың» (фирмааралық берешекті қоса алғанда) сыртқы борышы 2011 жылы тиісінше 0,7 және 10,7 млрд. АҚШ долл. өсуді көрсетсе, «Ақша-кредиттік реттеу органдарының» (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі) және «Банктердің» (екінші деңгейдегі банктер және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ) сыртқы міндеттемелері осы кезеңде тиісінше, 0,4 және 5,3 млрд. АҚШ долл. төмендеді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі міндеттемелерінің көрсетілген өсімі, негізінен халықаралық қаржы ұйымдарынан түскен қарыздар бойынша қаражаттың түсуі есебінен болды.

Ұлттық Банк міндеттемелерінің қалыпты шамада төмендеуіне резидент еместердің шоттарындағы қаражаттың және резидент еместердегі Ұлттық Банктің қысқа мерзімді ноттары көлемінің төмендеуі себепші болды. Бұл ретте 2011 жылы қысқа мерзімді ноттар нарығы түрлі бағыттағы мынадай үрдістерді көрсетті: мәселен, 1-тоқсанда біршама ұлғаюы (2,3 млрд. АҚШ долл.), ал 2-тоқсаннан бастап – жылдың аяғында 19,8 млн. АҚШ долл. дейін қысқаруға әкелген резидент еместердің қолдарындағы ноттар көлемінің біртіндеп азаюы байқалды. Нәтижесінде, 2011 жылғы 31 желтоқсанда «Ақша-кредиттік реттеу органдарының» сыртқы міндеттемелері тұтастай алғанда 563 млн. АҚШ долл. болды.

2011 жыл бойы банк секторының сыртқы берешегінің қысқаруына резидент еместердің қолдарындағы банктердің облигацияларының (2,45 млрд. АҚШ долл.) осы бағалы қағаздарға бағаның түсуі салдарынан нарықтық құнының төмендеуі себепші болды. Сондай-ақ резидент еместердің банктердегі несиелері (2,1 млрд. АҚШ долл., ең бастысы, сыртқы қарыздарды өтеу есебінен) және депозиттері (0,5 млрд. АҚШ долл.) бойынша банктердің сыртқы борышының төмендеуін атап өткен жөн. Жиынтығында «Банктердің» сыртқы борышы 2011 жылдың аяғында 2010 жылдың аяғындағы 19,9 млрд. АҚШ долл. салыстырғанда төрттен бір астам қысқарды.

Есепті кезеңде «Басқа секторлардың» сыртқы борышының ұлғаюы, ең алдымен, фирмааралық берешектің өсуі (7,6 млрд. АҚШ долл.) есебінен орын алды, бұл ретте үлестес емес резидент еместердің алдындағы міндеттемелер 3,1 млрд. АҚШ долл. өсті. Фирмааралық берешектің өсуіне Қазақстанда шетелдік компаниялардың филиалдары арқылы іске асырылатын жобаларға қаржыландыру ағынынан бөлек, қарыздарды тарту, оның ішінде АМК арқылы («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 1 млрд. АҚШ долл. синдикатталған қарызы) тарту ықпал етті. Нәтижесінде, 2011 жылғы 31 желтоқсанда «Басқа секторлардың» сыртқы борышы 104,2 млрд. АҚШ долл. құрады, оның ішінде фирмааралық берешек – 59,9 млрд. АҚШ долл., басқа (үлестес емес) резидент еместер алдындағы міндеттемелер – 44,3 млрд. АҚШ долл. болды.

Тауарлар мен қызметтер экспортына (ТҚЭ) және ЖІӨ-ге таңылған сыртқы борыштың салыстырмалы өлшемдері ТҚЭ мен ЖІӨ-нің үдемелі өсуіне байланысты жақсаруын жалғастырып отыр. Атап айтқанда, 2011 жылдың соңында ЖСБ-ның ТҚЭ-ге арақатынасы 2010 жылдың соңындағы 179,6%-ға және 2009 жылдың соңындағы 234,3%-ға қарсы 133,2%-ды құрады. 2011 жылғы 31 желтоқсанда ЖСБ-ның ЖІӨ-ге қатынасы 2010 жылдың соңындағы 79,9%-ға және 2009 жылдың соңындағы 98,3%-ға қарағанда 66,6% болды.

2011 жылы ел активтерінің өсуі міндеттемелердің өсімінен асып кетуіне байланысты Қазақстанның таза сыртқы борышы 2011 жылы 11,9 млрд. АҚШ долл. қысқарып, 2011 жылғы 31 желтоқсанда 13,6 млрд. АҚШ долл. құрады. Бұл ретте мемлекеттік сектор таза кредитор позициясында нығайды, яғни активтер борыштық міндеттемелерден 59,1 млрд. АҚШ долл. (2010 жылдың соңында 47,1 млрд. АҚШ долл.) асып кетті, сондай-ақ 2011 жылдың ортасынан бастап «Банктер» таза борышкер позициясынан таза кредитор позициясына өтті.

Әсіресе валюта өтімділігімен байланысты проблемаларды реттеу тұрғысынан ҚР Ұлттық Банкінің халықаралық резервтері сыртқы активтердің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. 2011 жылдың соңында халықаралық резервтер бастапқы өтеу мерзімі бойынша қысқа мерзімді сыртқы борыштан 3,2 есе асып кетті. Бұл көрсеткіш жылдан жылға жақсарып отыратынын (2008 жылдың соңында – 1,9, 2009 жылдың соңында – 2,3, 2010 жылдың соңында – 3,1) атап өткен жөн, бұл халықаралық резервтердің өсу қарқынынан қысқа мерзімді ЖСБ өсімінің асып кетуіне байланысты орын алып отыр.


4. Халықаралық резервтер және ақша агрегаттары

2012 жылғы наурызда Ұлттық Банктің халықаралық резервтері төмендеді. Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 32,3 млрд. АҚШ долл. дейін 8,7%-ға кеміді. Ұлттық Банктің таза халықаралық резервтері 8,8%-ға азайып, 31,8 млрд. АҚШ долл. құрады. Ішкі валюта нарығында валюта сатып алу, Үкіметтің Ұлттық Банктегі шоттарына валютаның түсуі Ұлттық қордың активтерін алтынвалюта резервтерінің шоттарынан толықтыру жөніндегі операциялармен бейтараптандырылды. Сонымен қоса, Ұлттық Банкте шетел валютасындағы банктердің корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуі орын алды. Нәтижесінде таза валюта қорлары (ЕАВ) 2012 жылғы наурызда 9,9%-ға қысқарды. Алтындағы активтер жүргізілген операциялар және оның әлемдік нарықтардағы бағасының құлдырауы нәтижесінде 2,8%-ға төмендеді.

2012 жылғы наурызда Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтерін (алдын ала деректер бойынша 48,3 млрд. АҚШ долл.) қоса алғанда, тұтастай елдің халықаралық резервтері 80,6 млрд. АҚШ долл. дейін 2,6%-ға азайды.

2012 жылғы наурызда ақша базасы 5,4%-ға тарылып, 3282,7 млрд. теңгені құрады. Тар ақша базасы, яғни екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық Банктегі мерзімді депозиттерін есептемегендегі ақша базасы 2927,9 млрд. теңгеге дейін 10,9%-ға тарылды.

2012 жылғы ақпанда ақша массасы 9911,6 млрд. теңгеге дейін 3,0%-ға өсті (жыл басынан бастап 1,6%-ға өсу). Айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 1291,3 млрд. теңгеге дейін 0,8% төмендеді (жыл басынан бастап азаю 5,4%), банк жүйесіндегі депозиттер 8620,3 млрд. теңгеге дейін 3,6%-ға өсті (жыл басынан бері 2,8%-ға өсу). Ақша массасының құрылымындағы депозиттер үлесі 2012 жылғы қаңтардағы 86,5%-дан 2012 жылғы ақпандағы 87,0%-ға дейін ұлғайды. Депозиттердің өсу қарқынының ұлғаюы және айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің бір мезгілде қысқаруы депозиттер үлесі өсуінің негізгі себебі болды.

Ақша мультипликаторы 2012 жылғы қаңтардағы 2,84-тен ақша базасының динамикасымен салыстырғанда ақша массасының барынша жоғары өсу қарқынының салдарынан 2012 жылғы ақпанның нәтижелері бойынша 2,86-ға дейін өсті.




  1. Валюта нарығы

2012 жылғы наурызда теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамы 1 АҚШ доллары үшін 147,51–147,99 теңге диапазонында өзгерді. 2012 жылғы наурызда теңге шамалы 0,02% әлсіреп, айдың соңында теңгенің биржалық бағамы бір АҚШ долларына 147,77 теңге болды.

2012 жылғы наурызда Қазақстан Қор Биржасында қосымша сауда-саттық мәмілелерін ескергенде биржалық операциялардың көлемі 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 15,7% азайып 4,1 млрд. АҚШ долл. құрады. Биржадан тыс валюта нарығында операциялардың көлемі 25,4% азайып, 1,5 млрд. АҚШ долл. құрады.

Тұтастай алғанда ішкі валюта нарығындағы операциялардың көлемі 18,5% азайып, 5,6 млрд. АҚШ долл. болды. 2012 жылғы наурызда Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында шетел валютасын нетто-сатып алушы ретінде болды.


  1. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы

2012 жылғы наурызда Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын орналастыру бойынша 5 аукцион өткізілді. Онда 3, 5 жылдық МЕОКАМ (8,2 млрд. теңге және 13,3 млрд. теңге), 10 және 15-жылдық МЕУКАМ (15 млрд. теңге және 20 млрд. теңге), 14-жылдық МЕУЖКАМ (15 млрд. теңге) орналастырылды.

Орналастырылған бағалы қағаздар бойынша тиімді кірістілік 3 және 5 жылдық МЕОКАМ бойынша – 3,50% және 4,24%, 10 және 15 жылдық МЕУКАМ бойынша – 5,30% және 5,49%, 14 жылдық МЕУЖКАМ бойынша – инфляция деңгейінен 0,01% құрады.

Қаржы министрлігі бағалы қағаздарының айналыстағы көлемі 2012 жылғы наурыздың соңында алдыңғы аймен салыстырғанда 1,9% ұлғайып, 2209,2 млрд. теңге болды.

Қазақстан Ұлттық Банкінің қысқа мерзімді ноттары. Ұлттық Банктің ноттары эмиссиясының көлемі 2012 жылғы наурызда 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 87,1% ұлғайып, 179,7 млрд. теңгені құрады.

Бұл ретте 3 айлық ноттарды орналастыру бойынша 3 аукцион (22,2 млрд. теңге, 9,7 млрд. теңге және 41 млрд. теңге), 6 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (30,4 млрд. теңге), 9 айлық ноттарды орналастыру бойынша 1 аукцион (76,5 млрд. теңге) өткізілді.

Орналастырылған ноттар бойынша тиімді кірістілік 3 айлық бойынша – 1,01%, 6 айлық бойынша – 1,47%, 9 айлық бойынша – 1,75% құрады.

Айналыстағы ноттардың көлемі 2012 жылғы наурыздың соңында 2012 жылғы ақпанмен салыстырғанда 7,0% қысқарды және 536,0 млрд. теңге болды.




  1. Банкаралық ақша нарығы

2012 жылғы ақпанда орналастырылған банкаралық депозиттердің жалпы көлемі 2012 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2 есе ұлғайып, баламасы 2662,9 млрд. теңге болды.

Орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттердің көлемі 38,3% ұлғайып, 690,3 млрд. теңге (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 25,9%) болды. Бұл ретте орналастырылған теңгедегі банкаралық депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы ақпанда 0,63%-дан 0,67%-ға дейін өсті.

Ұлттық Банк банктерден тартқан депозиттердің көлемі 2012 жылғы ақпанда қаңтармен салыстырғанда 667,9 млрд. теңгеге дейін 35,6%-ға ұлғайды.

2012 жылғы ақпанда 2012 жылғы қаңтармен салыстырғанда орналастырылған доллардағы депозиттердің көлемі 2,5 есе ұлғайды және 12,1 млрд. АҚШ долл. (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 67,4%) құрады. Орналастырылған доллардағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2012 жылғы ақпанда 0,27%-дан 0,12%-ға дейін өзгерді.

Еурода орналастырылған депозиттердің көлемі 2012 жылғы ақпанда 0,7 млрд. еуроны (орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 5,5%) құрап, 2,2 есе ұлғайды. Орналастырылған еуродағы депозиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 0,20%-дан 0,21%-ға дейін өсті.

Рубльдегі депозиттерге орналастыру көлемі шамалы болып қалуда – орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 1,1%.

Шетел валютасындағы банкаралық депозиттердің үлесі 2012 жылғы ақпанда орналастырылған депозиттердің жалпы көлемінің 61,6%-нан 74,1%-на дейін өсті. Шетел валютасында резидент емес банктерде орналастырылған депозиттердің үлесі 60,1%-дан 73,8%-ға дейін ұлғайды.


  1. Депозит нарығы

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің жалпы көлемі 2012 жылғы ақпанда 3,6%-ға 8620,3 млрд. теңгеге дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері 4,4%-ға 5830,7 млрд. теңгеге дейін өсті, жеке тұлғалардың депозиттері - 2,0%-ға 2789,6 млрд. теңгеге дейін ұлғайды.

2012 жылғы ақпанда шетел валютасындағы депозиттердің көлемі 6,1%-ға 2915,9 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, ұлттық валютада – 2,4%-ға 5704,4 млрд. теңгеге дейін өсті. Теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2011 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2012 жылғы ақпанда 67,0%-дан 66,2%-ға дейін төмендеді.

Банктердегі халықтың салымдары (резидент еместерді қоса есептегенде) 2012 жылғы ақпанда 2,0%-ға 2818,5 млрд. теңгеге дейін өсті. Халықтың салымдары құрылымында теңгедегі депозиттер 2,9%-ға 1627,4 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 0,7%-ға 1191,1 млрд. теңгеге дейін өсті. Нәтижесінде теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 57,2%-дан 57,7%-ға дейін ұлғайды.

2012 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2,7% (2012 жылғы қаңтарда 3,1%), ал жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,4% (8,2%) болды.




  1. Кредит нарығы

2012 жылғы ақпанда банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы көлемі 8831,0 млрд. теңгені құрап, 0,4%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 5798,3 млрд. теңгеге дейін 1,5% өсті, шетел валютасында 3032,7 млрд. теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді. Теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2011 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2012 жылғы ақпанда 65,0%-дан 65,7%-ға дейін өсті.

2012 жылғы ақпанда ұзақ мерзімді кредиттеу 7103,6 млрд. теңгеге дейін 0,9% өсті, қысқа мерзімді кредиттеу 1727,4 млрд. теңгеге дейін 1,3% төмендеді. Нәтижесінде ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2012 жылғы ақпанда 80,1%-дан 80,4%-ға дейін өсті.

2012 жылғы ақпанда заңды тұлғаларға кредиттер 6475,1 млрд. теңгені құрап, 0,4%-ға өсті, жеке тұлғаларға – 2355,9 млрд. теңгеге дейін 0,6%-ға ұлғайды. Жеке тұлғаларға берілген кредиттердің үлес салмағы 2012 жылғы қаңтармен салыстырғанда 2012 жылғы ақпанда 26,6%-дан 26,7%-ға дейін өсті.

2012 жылғы ақпанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 1365,6 млрд. теңгеге дейін 2,8% ұлғайды, бұл экономикаға берілген кредиттердің жалпы көлемінің 15,5% құрайды.

Банктердің экономикаға берілген кредиттерінің неғұрлым айтарлықтай сомасы салалық бөлуде сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 20,9%), құрылыс (14,9%), өнеркәсіп (12,1%) және ауыл шаруашылығы (3,5%) сияқты салаларға тиесілі.



2012 жылғы ақпанда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,2% (2012 жылғы қаңтарда – 11,2%), жеке тұлғаларға – 20,5% (21,5%) құрады.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет