Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының
қаулысы
Алматы қ. 2011 жылғы 30 қыркүйек № 117
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктер үшін пруденциалдық нормативтер бойынша есеп айырысудың нормативтік мәні мен әдістемесі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 358 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
|
Екінші деңгейдегі банктердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктер үшін пруденциалдық нормативтер бойынша есеп айырысудың нормативтік мәні мен әдістемесі туралы нұсқаулықты бекіту туралы» 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 358 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3924 тіркелген) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Екінші деңгейдегі банктер үшін пруденциалдық нормативтер бойынша есеп айырысудың нормативтік мәні мен әдістемесі туралы нұсқаулықта:
мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:
«3-1. Меншікті капиталды есептеу кезінде банктің инвестициялары «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 3-тармағының мақсаттары үшін заңды тұлғаның реттелген борышына банктің жиынтық мөлшері бірінші деңгейдегі капиталдың және екінші деңгейдегі капиталдың сомасынан он пайыз асатын салымдарын білдіреді.»;
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Бiрiншi деңгейдегi капитал мынадай сома ретiнде есептеледi:
сатып алынған меншiктi акцияларды шегергендегi төленген жарғылық капиталы;
қосымша капитал;
өткен жылдардың бөлiнбеген таза кiрiсi (оның iшiнде өткен жылдардың бөлiнбеген таза кiрiсi есебiнен қалыптасқан қорлар, резервтер);
нәтижесiнде бiр тұлғада пайда болған қаржы активi және оның басқа тұлғадағы (бұдан әрi – осы Нұсқаулықтың 5-9-тармақтарында көрсетiлген мерзiмсiз қаржы құралдары) барлық мiндеттемелерiн шегергеннен кейiнгi заңды тұлғаның активтер үлесiне құқығын растайтын қаржылық мiндеттеме немесе өзге қаржы құралы бiрмезгiлде пайда болатын мерзiмсiз шарттар;
өткен жылдардың Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Активтерді, шартты міндеттемелерді жіктеу және оларға қарсы провизиялар (резервтер) құру ережесін бекіту туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 296 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4580 тіркелген) (бұдан әрі – № 296 қаулы) талаптарына және олардың салық базасына сәйкес жіктелетін активтер мен міндеттемелердің баланстық құнындағы айырмаға байланысты туындаған бөлінбеген таза кіріс есебінен қалыптастырылған, кейінге қалдырылған салық міндеттемесі;
мыналарды алып тастағанда:
1999 жылғы 1 шiлдеден бастап немесе кейiн басталатын кезеңдердi қамтитын қаржылық есеп беру үшiн 1998 жылғы шiлдеде күшiне енген Қаржылық есеп берудiң халықаралық стандарттары жөнiндегi комитеттiң Басқармасы бекiткен 38 «Материалдық емес активтер» тиiстi халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына (бұдан әрi – 38 Халықаралық қаржылық есеп беру стандарты) және банктiң негiзгi қызмет мақсаты үшiн сатып алынған лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуден басқа материалдық емес активтер;
өткен жылдардың шығындары;
ағымдағы жылдың шығыны.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметi туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайта құрылымдауды жүзеге асыратын (асырған) банктерге қайта құрылымдауды аяқтаған қаржы жылы алынған ағымдағы жылдың кiрiстерiн бiрiншi деңгейдегi капитал есебiне кiргiзуiне жол беріледі.»;
10-тармақтың бірінші бөлігінде:
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«бөлінбеген таза пайданың мөлшері»;
алтыншы абзацта «.» деген тыныс белгісі «;» деген тыныс белгісімен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:
«ағымдағы жылдың шығыстары есебінен қалыптастырылған, № 296 қаулының талаптарына және олардың салық базасына сәйкес жіктелетін активтер мен міндеттемелердің баланстық құнындағы айырмаға байланысты туындаған, кейінге қалдырылған салық міндеттемесі.»;
13-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«k1-1 коэффициентін есептеуге арналған активтер және тәуекел дәрежесi бойынша салмақталған, k1-1 және k2 коэффициенттерін есептеуге арналған активтер, шартты және ықтимал мiндеттемелер № 296 қаулының талаптарына сәйкес арнайы резервтер (провизиялар) бойынша қалыптастырылған арнайы резервтер (провизиялар) ескеріле отырып баланстық құны бойынша енгізіледі.»;
16-тармақта:
1) тармақшаның екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«Тәуекел дәрежесi бойынша активтердi, шартты және ықтимал мiндеттемелердi мөлшерлеу мақсаттары үшін активтер, шартты және ықтимал мiндеттемелер № 296 қаулының талаптарына сәйкес жасалған арнайы резервтер (провизиялар) сомасына азаяды.»;
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Меншiктi капиталдың жеткiлiктiлiк коэффициенттерiн есептеу кезiнде (kl-1, kl-2, k2) салымдардың тәуекел дәрежесi бойынша мөлшерленетін активтердiң мөлшерiнен және активтер мөлшерiнен банк кастодиан шарты негiзiнде сақтауға қабылдаған инвестицияланбаған қаражаттардың қалдығы алынып тасталады.»;
31-11-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Шегерiм бiрiншi деңгейдегi капиталдан елу пайыз және екiншi деңгейдегi капиталдан елу пайыз мөлшерiнде бөлiнедi. Шегерiлетiн позициялар № 296 қаулының талаптарына сәйкес құрылған арнайы резервтердің (провизиялардың) сомасына азаяды.»;
34-тармақтың 5) тармақшасының бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«5) № 296 қаулының талаптарына сәйкес құрылған арнайы резервтер (провизиялар) сомасын, сондай-ақ мынадай түрдегi заемшының мiндеттемелерi бойынша қамтамасыз ету сомасын шегергенде:»;
44-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«44. Өтiмдi активтер есебiне № 296 қаулыға сәйкес арнайы қалыптасқан провизияларды, оффшорлық аймақтар аумағында тiркелген, заңды тұлғалар немесе олардың азаматтары не Экономикалық ынтымақтастық және даму жөнiндегi ұйыммен ақпарат алмасу жөнiнде мiндеттеме қабылдамаған оффшорлық аумақтар тiзбесiне енгiзiлген мемлекеттердiң аумағында тiркелген заңды тұлғалар немесе олардың азаматтары болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент еместерiне немесе аталған оффшорлық аумақтарда тiркелген заңды тұлғаларға қатысты еншiлес болып табылатын ұйымдарға қойылатын талаптарды алып тастап, жоғары өтiмдi активтердi қоса, барлық қаржылық активтер енгiзiледi. Заемдар заем шартына сәйкес өтеу кестелерi бойынша енгiзiледi.»;
47-тармақтың жетінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Жекелеген шет мемлекеттердiң (шет мемлекеттер топтарының) валюталары (тазартылған қымбат металдары) бойынша валюта ашық позицияларын есептеу кезiнде бiрiншi кезекте активтер шоттарында № 296 қаулының талаптарына сәйкес қалыптасқан арнайы провизияларды шегеріле отырып және банктiң мiндеттемелері шоттарында ашылған әрбiр шетел валютасы (тазартылған қымбат металл) бойынша шоттардың сальдосы есептеледi. Одан кейін № 296 қаулының талаптарына сәйкес қалыптасқан арнайы провизиялар шегеріле отырып, шартты талаптар шоттарында және шартты мiндеттемелер шоттарында ашылған осы шетел валютасы (тазартылған қымбат металл) бойынша шоттар сальдосы анықталады. Мiндеттемелерден (талаптардан) шетел валютасындағы (тазартылған қымбат металдағы) талап етулер (мiндеттемелер) асып кетуiн көрсететін сальдо өзара жиынтықталады, ал алынған нәтиже банктiң шетел валютасы (тазартылған қымбат металл) бойынша ашық позициясының мөлшерiн және түрiн анықтайды.»;
7-қосымша алып тасталсын;
8-қосымшада:
Әрбiр шетел валютасы бойынша валюталық позиция мен валюталық нетто-позиция туралы есептi толтыру жөнiндегi түсiндiрменің 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Тиiстi ұяшықтарда № 296 қаулының талаптарына сәйкес қалыптастырылған арнайы провизиялар шегеріле отырып баланстық есепшоттарда ескерiлген шетел валютасындағы талаптар мен мiндеттемелер көрсетiледi.
2. «Баланстан тыс есепшоттар бойынша талаптар жиынтығы» және «Баланстан тыс есепшоттар бойынша мiндеттемелер жиынтығы» деген ұяшықтарда банк жүргiзген хеджирлiк мәмiлелердiң, оның iшiнде жеткiзілмейтін мәмiлелердiң сомасын, № 296 қаулының талаптарына сәйкес қалыптастырылған арнайы провизиялар есепке ала отырып шетел валютасындағы шартты талаптар мен мiндеттемелер көрсетiледi.»;
9 және 10-қосымшалар алып тасталсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Осы қаулының 1-тармағының үшінші және төртінші абзацтарының күші 2011 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған қатынастарға қолданылады.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко
Достарыңызбен бөлісу: |