Қазақстан Республикасының Заңы №483-ІV
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қазанның 11-і. №483-ІV ҚРЗ
Қазақстан Республикасының Заңы №483-ІV
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы
Осы Заң Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ғибадат үйі (ғимараты) – құдайға құлшылық етуге, дұға оқылатын және діни жиналыстарға, діни тәу етуге (мінажат етуге) арналған орын;
2) діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) діни қызметші – діни, уағыздаушылық қызметке тиісті діни бірлестік уәкілеттік берген адам;
4) діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
5) миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің атынан Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
6) уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Eгep Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың нормалары қолданылады.
3-бап. Мемлекет және дін
1. Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
2. Діни бірлестіктер және Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең.
3. Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
4. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.
5. Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді.
6. Әркім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес діни немесе өзге де нанымдарды ұстануға, оларды таратуға, діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға құқылы.
7. Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.
Діни қызметшілер, миссионерлер, діни бірлестіктердің басшылары немесе қатысушылары (мүшелері) болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматтары саяси өмiрге Қазақстан Республикасының барлық азаматтарымен бірдей тек өз атынан ғана қатыса алады.
8. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес мемлекет:
1) Қазақстан Республикасы азаматының, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамның дінге және ұстанатын дініне өз көзқарасын айқындауына, ата-аналардың немесе балалардың өзге де заңды өкілдерінің балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне, мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда, араласпайды;
2) діни бірлестіктерге мемлекеттік органдардың функцияларын орындауды жүктемейді;
3) егер дiни бiрлестiктердiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, дiни бiрлестiктердiң қызметіне араласпайды;
4) дiн ұстанатын және оны ұстанбайтын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар арасында, сондай-ақ әртүрлі діни бiрлестiктер арасында өзара төзушілік пен құрметтеу қатынастарын орнатуға жәрдемдеседі.
9. Дін мен діни бірлестіктердің мемлекеттен бөліну қағидатына сәйкес діни бірлестіктер:
1) мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды;
2) саяси партиялардың қызметіне қатыспайды, оларға қаржылық қолдау көрсетпейді, саяси қызметпен айналыспайды;
3) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға мiндеттi.
10. Дiни негіздегі партиялардың қызметіне, мақсаттары мен іс-әрекеті мемлекетте бір дiннің үстемдігін орнықтыруға, оның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа үндеумен және өзге де құқыққа қарсы іс-әрекеттермен байланысты діни өшпендiлiктi немесе алауыздықты қоздыруға бағытталған діни бiрлестіктер құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.
11. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, діни бірлестіктердің қызметіне, дiни жораларға және (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мәжбүрлеуге жол берiлмейдi.
12. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға зорлық-зомбылық көрсетумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтірумен не ерлі-зайыптылардың некесін бұзумен (отбасының бұзылуымен) немесе туыстық қарым-қатынастарды тоқтатумен, имандылыққа нұқсан келтірумен, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзумен, азаматтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға түрткі болумен және Қазақстан Республикасының заңнамасын өзге де бұзушылықпен ұштасатын діни бірлестіктер қызметіне жол берілмейді.
13. Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, оның ішінде қайырымдылық қызмет арқылы және (немесе) олардың діни бірлестіктерден шығуына кедергі келтіретін, оның ішінде Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып бопсалау, күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту жолымен не алдау жолымен өз қызметіне мәжбүрлеп тартатын діни бірлестіктердің қызметіне жол берілмейді.
14. Діни бірлестіктің қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын діни бірлестіктің, оның басшылары мен басқа да қатысушыларының (мүшелерінің) пайдасына өздеріне тиесілі мүлкін иеліктен шығаруға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
15. Дінді және діни көзқарастарды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың қызметіне қасақана іріткі салуға, олардың үздіксіз жұмыс істеуінің бұзылуына, елдегі басқарушылық деңгейін төмендетуге әкеп соғатын шешімдерді қабылдауға және іс-әрекеттер жасауға жол берілмейді.
16. Діни бірлестіктің басшысы кәмелетке толмағандардың ата-анасының біреуі немесе оның өзге де заңды өкілдері қарсылық білдірген кезде кәмелетке толмағандарды діни бірлестіктің қызметіне тартуға және (немесе) қатыстыруға жол бермеу шараларын қолдануға міндетті.
2-тарау. ДІНИ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) дiни бiрлестiктермен өзара iс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың негiзгi бағыттарын қалыптастыруға және iске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының аумағында құрылған дiни бiрлестiктердiң, миссионерлердiң, діни білім беру ұйымдарының қызметiн зерделеп, оған талдау жүргiзедi;
3) өз құзыретiне жататын мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
4) Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар әзiрлейдi;
5) діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiредi;
6) дiнтану сараптамалары және діни бірлестіктерді құруға бастамашы азаматтар тізімдеріне тексеру жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi;
7) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылықтарға қатысты өтініштерін қарайды;
8) шет мемлекеттердiң діни қызмет саласындағы уәкілетті органдарымен ынтымақтастықты ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) республика аумағындағы шетелдік діни бірлестіктердің қызметіне, шетелдік діни орталықтардың Қазақстан Республикасындағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауына келісім білдіреді;
10) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
5-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының діни қызмет және діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша құзыреті
Діни қызмет және дiни бiрлестiктермен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергiлiктi атқарушы органдары:
1) өңірдегі діни ахуалға зерделеу және талдау жүргізеді;
2) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының дiни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын жетiлдiру жөнінде ұсыныстар енгiзедi;
3) жергілікті деңгейде өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша түсiндiру жұмыстарын жүргiзедi;
4) діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналастырылуын бекітеді, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни жораларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын келіседі;
5) уәкілетті органмен келiсе отырып, ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу туралы, олардың орналасатын жерін анықтау, сондай-ақ үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешімдер қабылдайды;
6) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасы жергілікті атқарушы органдарға жүктейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Дiнтану сараптамасы
1. Уәкілетті орган мынадай негіздер бойынша дінтану сараптамасын жүргізуді қамтамасыз етеді:
1) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың уәкілетті органға өтініштері;
2) Қазақстан Республикасы ұйымдарының кітапхана қорларына, сондай-ақ уәкілетті органға діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі;
3) жеке тұлғалардың миссионер ретінде тіркеу және діни бірлестіктерді тіркеу туралы өтініші;
4) жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, діни мазмұндағы ақпараттық материалдардың әкелінуі;
5) уәкілетті орган басшысының бұйрығы.
2. Құрылтай құжаттары, сондай-ақ діни мазмұндағы басқа да құжаттар, діни білім беру бағдарламалары, діни мазмұндағы ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттар дінтану сараптамасы объектілеріне жатады.
3. Дінтану сараптамасын дінтану саласында арнайы білімі бар адамдар, қажет болған жағдайда мемлекеттік органдардың өкілдерін және өзге де мамандарды тарта отырып, жүргізеді.
4. Дiнтану сараптамасын жүргiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
3-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ДІНИ ҚЫЗМЕТ
7-бап. Дiни жоралар мен рәсiмдер
1. Дiни бiрлестiктер құлшылық ету орындарын ұстауға құқылы.
2. Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға:
1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың;
2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің;
3) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді.
4. Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде ұсталатын, жазаны орындайтын мекемелерде отырған, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде әлеуметтiк қызмет көрсетуден өтетін, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының емделушілері болып табылатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының тілегі бойынша салт жораларының қажеттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады. Бұл ретте діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу аталған ұйымдардың қызметіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс.
8-бап. Миссионерлік қызмет
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
2. Миссионерлiк қызметті жүзеге асыратын адамдарды тiркеудi уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құжаттар ұсынылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады.
3. Қазақстан Республикасының аумағындағы миссионерлер уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде жыл сайын қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.
4. Миссионерлер тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін;
2) миссионерлiк қызмет аумағы мен мерзiмi көрсетiлген өтiнiшті;
3) дiни бiрлестiктің атынан миссионерлiк қызметті жүзеге асыру құқығына дiни бiрлестiк берген құжатты;
4) миссионер өкілі болып табылатын діни бірлестікті Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің және оның жарғысының көшірмесін;
5) миссионерлік қызметке арналған діни әдебиетті, дiни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды ұсынады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар миссионер ретінде тіркелу үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне мынадай құжаттарды:
1) миссионер оның атынан өкілдiк ететін дiни бiрлестiктің шет мемлекеттің заңнамасы бойынша ресми тiркелгендiгiн куәландыратын заңдастырылған немесе апостиль қойылған құжатты;
2) Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктің шақыруын қосымша ұсынады.
Шет мемлекеттер берген құжаттардың қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығы Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
5. Миссионер ретінде тіркеуден өту үшін құжаттар ұсынған Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дінтану сараптамасының теріс қорытындысы негізінде, сондай-ақ, егер оның миссионерлік қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адамның құқықтары мен бостандығына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, тіркеуден бас тартылады.
6. Миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін ғана жол беріледі.
7. Миссионерлік қызметті тіркеусіз жүзеге асыруға тыйым салынады.
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, дiни бiрлестiктер өздерінің қалауы бойынша діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, дiни мақсаттағы заттарды сатып алуға және пайдалануға құқылы.
2. Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.
3. Жеке пайдалануға арналғандарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды әкелуді тіркелген діни бірлестіктер ғана дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін жүзеге асырады.
4. Дiни бiрлестiк шығаратын және (немесе) тарататын дiни әдебиетте және дiни мазмұндағы басқа да ақпараттық материалдарда діни бірлестіктің толық атауы болуға тиiс.
10-бап. Қайырымдылық қызметi
1. Дiни бiрлестiктер қайырымдылық қызметін жүзеге асыруға және қайырымдылық ұйымдарын ашуға құқылы.
2. Қайырымдылықты жүзеге асыру кезінде діни қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың материалдық тәуелділігін (мұқтаждығын) пайдалануға жол берілмейді.
11-бап. Дiнге сенушiлердiң және дiни бiрлестiктердiң халықаралық байланыстары мен қарым-қатынастары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар мен дiни бiрлестiктер олардың мінажат етуге, жиналыстар мен басқа да дiни іс-шараларға қатысу үшiн шетелге шығып тұруын қоса алғанда, халықаралық байланыстар мен жеке қарым-қатынас орнатуға және қатынастарын үзбеуге құқылы.
2. Дiни бiрлестiктер діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелге Қазақстан Республикасының азаматтарын жiбере алады және Қазақстан Республикасының аумағындағы діни білім беру ұйымдарында оқыту үшiн шетелдіктерді, азаматтығы жоқ адамдарды қабылдай алады.
4-тарау. ДІНИ БIРЛЕСТIКТЕРДІ ҚҰРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ТІРКЕУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ, ТАРАТУ
12-бап. Діни бірлестіктердің мәртебесі
1. Қазақстан Республикасында: жергілікті, өңірлік және республикалық мәртебесі бар діни бірлестіктер құрылуы және әрекет етуі мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының кемінде елу азаматының бастамасы бойынша құрылған, бір облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шегінде әрекет ететін діни бірлестік жергілікті діни бірлестік болып танылады.
3. Кемінде екі облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, олардың әрқайсысынан Қазақстан Республикасының кемінде екі жүз елу азаматы бар екі және одан да көп жергілікті діни бірлестіктердің қатысушылары (мүшелері) болып табылатын, Қазақстан Республикасының кемінде бес жүз азаматының бастамасы бойынша құрылған діни бірлестік өңірлік діни бірлестік болып танылады.
Өңірлік діни бірлестіктер осы жергілікті діни бірлестіктердің қызметі аумағының шегінде құрылып, өз қызметін жүзеге асырады.
4. Барлық облыстардан, республикалық маңызы бар қалалардан және астанадан өкілдік ететін, Қазақстан Республикасының кемінде бес мың азаматының бастамасы бойынша құрылған, олардың әрқайсысында Қазақстан Республикасының кемінде үш жүз азаматы бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.
13-бап. Діни бірлестіктерді құру
1. Діни бірлестік он сегіз жасқа толған, құрылтай жиналысын (съезін, конференциясын) шақыратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бастамасы бойынша құрылады, онда діни бірлестікті құру, оның атауы, жарғысы туралы шешімдер қабылданады және оның басшылық органдары құрылады. Азаматтар құрылтай жиналысына (съезіне, конференциясына) өз еркі бойынша жеке түрде қатысады.
2. Діни бірлестіктің мынадай белгілері:
1) ортақ діни ілімі;
2) діни жораларды, рәсімдер мен уағыздарды орындау;
3) өз қатысушыларын (мүшелерін) және дін ұстанушыларын дінге тәрбиелеу;
4) қызметінің діни бағыты болуға тиіс.
3. Республикалық діни бірлестіктер мен өңірлік діни бірлестіктер өз жарғыларына сәйкес діни қызметшілер даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құруға құқылы.
4. Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, діни бірлестіктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда діни қызметпен айналысатын заңды тұлғаларды құруға және олардың қызметіне жол берілмейді.
5. Мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен мекемелерде, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында діни бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға жол берілмейді.
14-бап. Діни бірлестіктің атауы
1. Діни бірлестіктің атауы ұстанатын діні мен мәртебесін қамтуға тиіс.
2. Толық және қысқартылған атауы мен оның нышаны Қазақстан Республикасының және басқа да мемлекеттердің мемлекеттік рәміздерін, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, Қазақстан Республикасында тіркелген діни бірлестіктердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуына байланысты тыйым салынған және (немесе) таратылған діни бірлестіктердің атауы мен нышанын толық немесе оның елеулі бөлігінде қайталамауға тиіс.
15-бап. Діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеу
1. Дiни бiрлестiк оны мемлекеттік тіркеген сәттен бастап заңды тұлғаның құқық қабiлеттілігiне ие болады.
2. Республикалық діни бiрлестiктердi және өңірлік діни бірлестіктерді мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.
Жергілікті діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуді аумақтық әдiлет органдары жүзеге асырады.
3. Діни бірлестікті құру туралы шешім қабылданған сәттен бастап екі ай мерзім ішінде тіркелу үшін тіркеуші органға өтініш беріледі. Өтінішке:
1) діни бірлестік басшысының қолы қойылған діни бірлестіктің жарғысы;
2) құрылтай жиналысының (съезінің, конференциясының) хаттамасы;
3) құрылатын діни бірлестіктің бастамашы азаматтарының тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша электрондық және қағаз жеткізгіштердегі тізімі;
4) дiни бiрлестiктiң орналасқан жерiн растайтын құжат;
5) діни ілімнің пайда болу тарихы мен негіздерін ашып көрсететін және осы ілімге сәйкес келетін діни қызмет туралы мәліметтер қамтылған діни баспа материалдары;
6) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін алымдар төлемін растайтын құжат;
7) діни бірлестіктің басшысын сайлау туралы шешім не шетелдік діни орталық басшыны тағайындаған жағдайда, уәкілетті органмен келісілгенін растайтын құжат қоса беріледі.
4. Өңірлік діни бірлестікті тіркеу кезінде тіркеуші орган белгілеген нысан бойынша өңірлік діни бірлестіктерді құруға бастамашылық жасаған жергілікті діни бірлестіктердің әрқайсысының қатысушыларының тізімі, сондай-ақ олардың жергілікті діни бірлестіктері жарғыларының нотариат куәландырған көшірмелері қосымша табыс етіледі.
5. Республикалық діни бірлестіктер мәртебесін растау үшін тіркелген күнінен бастап бір жыл өткенге дейін тіркеуді жүзеге асыратын органға олардың құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкілдіктерінің) аумақтық әділет органдарында есептік тіркеуден өткенін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуға міндетті.
6. Осы баптың 5-тармағының талаптарын орындамаған жағдайда, республикалық діни бірлестік Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылуға немесе таратылуға жатады.
7. Діни бірлестіктерді мемлекеттiк тіркеу және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептiк тiркеу, діни бірлестіктерді қайта тiркеу, тiркеуден бас тарту осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырылады.
8. Мемлекеттік тіркеудің (қайта тіркеудің) мерзіміне дінтану сараптамасын жүргізу және діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтар тізімінің осы Заңның талаптарына сәйкестігін тексеру үшін үзіліс жасалады.
9. Тіркеуші орган мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) мерзіміне үзіліс жасау туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға дінтану сараптамасын жүргізу және діни бірлестіктер құруға бастамашы азаматтар тізімдерін тексеруді ұйымдастыру үшін қажетті құжаттардың көшірмелерін жібереді.
10. Ұсынылған құжаттардың заңнамаға сәйкестігін тексерудің, жүргізілген дінтану сараптамасының, діни бірлестікті құруға бастамашы азаматтардың тізімін тексерудің нәтижелері бойынша діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу туралы немесе мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданады.
16-бап. Дiни бiрлестiктiң жарғысы
1. Дiни бiрлестiк өз қызметiн жарғының негiзiнде жүзеге асырады, онда мыналар:
1) атауы, қызметінің мәні мен мақсаттары;
2) орналасқан жерi және оның шегінде өз қызметін жүзеге асыратын аумақ;
3) құрылымы, басқару органдарын қалыптастыру тәртiбi мен олардың құзыреті;
4) қатысушыларының (мүшелерінің) құқықтары мен мiндеттерi;
5) ұстанатын діні, діни ілімінің негіздері және осы ілімге сәйкес келетін діни қызметі туралы мәліметтер;
6) діни бірлестіктің мүшесі етіп қабылдаудың және одан шығудың шарттары мен тәртібі;
7) мүлікті қалыптастыру көздері;
8) құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;
9) қызметін қайта ұйымдастыру және оны тоқтату шарттары;
10) таратылған жағдайда мүлікті пайдалану тәртібі;
11) филиалдар мен өкілдіктер туралы мәліметтер болуға тиіс.
2. Дiни бiрлестiктiң жарғысында оның қызметіне қатысты және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ережелер болуы мүмкін.
3. Діни ілім негіздері мен діни қызмет туралы мәліметтерде негізгі діни идеялар, діни бірлестік қызметінің нысандары, осы діни бірлестік қатысушыларының (мүшелерінің) және басқа да адамдардың неке мен отбасына, білімге, денсаулыққа көзқарасының ерекшеліктері, оның қатысушылары (мүшелері) мен қызметшілерінің конституциялық құқықтары мен міндеттерін іске асыруға көзқарасы қамтылуға тиіс.
17-бап. Діни бірлестікті тіркеуден бас тарту
1. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, сондай-ақ құрылтай құжаттарындағы және өзге де ұсынылған құжаттардағы мәліметтер дәйексіз болса және (немесе) құрылатын бірлестік дінтану сараптамасының нәтижелері негізінде діни бірлестік ретінде танылмаған жағдайларда діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден, оның құрылымдық бөлімшесін (филиалы мен өкілдігін) есептік тіркеуден бас тартылады.
2. Тіркеуден бас тартылған жағдайда сотқа шағымдануға болады.
18-бап. Дiни бiрлестiктi қайта ұйымдастыру және тарату
1. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қосылу, бiрiгу, бөлiну, қайта құру және бөлiнiп шығу жолымен діни бірлестіктің құрылтай құжаттары уәкілеттік берген органның шешiмi бойынша не сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Діни бірлестік тек басқа діни бірлестік болып немесе жеке мекеме болып қайта құрылуы мүмкін. Діни бірлестіктерді қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылған ұйымдар осы Заңның талаптарына сәйкес келген жағдайда діни бірлестіктер ретінде тіркелуі мүмкін.
2. Діни бірлестіктің қызметін тоқтата тұру және оны тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргізіледі.
19-бап. Мемлекет және шетелдік діни бірлестіктер
1. Шетелдік діни орталық уәкілетті органмен келіспей тағайындаған діни бірлестік басшысының қызметін жүзеге асыруына жол берілмейді.
2. Шетелдік діни орталық діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидатты келісу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттарды:
1) кандидат туралы, оның шетелдік діни орталықтағы бұрынғы қызметі туралы мәліметтер қамтылған қолдаухатты;
2) кандидатты Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін діни бірлестіктің басшысы етіп тағайындау туралы шешімді;
3) діни бірлестіктің басшысы лауазымына кандидаттың паспортының немесе жеке куәлігінің көшірмесін ұсынады.
Құжаттар қазақ және орыс тілдеріне аудармасының дұрыстығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған және аударманы жүзеге асырған аудармашы қолының түпнұсқалығын Қазақстан Республикасында нотариат куәландырған түрінде табыс етіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды уәкілетті орган олардың ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарайды.
4. Егер Қазақстан Республикасындағы діни бірлестік басшысының қызметі конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарына, халықтың денсаулығы мен имандылығына қатер төндіретін болса, уәкілетті орган шетелдік діни орталықтың оны тағайындауына келісуден бас тартады.
5-тарау. ДІНИ БІРЛЕСТІКТЕРДІҢ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚ ҚАТЫНАСТАРЫ
20-бап. Дiни бiрлестiктердiң меншiгi
1. Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебінен сатып алынған немесе жасалған, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, ұйымдардың қайырмалдықтарға берген немесе Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша сатып алынған мүлiкке меншiк құқығы бар.
2. Меншік құқығындағы жылжымайтын және жылжымалы мүлік діни бірлестіктердің меншігі болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі мүлік те дiни бiрлестiктердің меншiгiнде болуы мүмкiн.
4. Дiни бiрлестiктер ерiктi түрде қаржылай және басқа да қайырмалдықтар сұрауға және оларды алуға құқылы.
5. Дiни бiрлестiктердiң меншiк құқығы заңмен қорғалады.
21-бап. Мемлекеттiң, ұйымдар мен жеке тұлғалардың меншiгi болып табылатын мүлiктi пайдалану
1. Дiни бiрлестiктер өздерiне шарттық негiзде берілген үйлердi, аумақты және мүлiктi пайдалануға құқылы.
2. Діни мақсаттағы тарих және мәдениет ескерткіштері діни бiрлестiктердің пайдалануына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілуі мүмкін.
22-бап. Таратылған дiни бiрлестiктiң мүлкiне иелiк ету
1. Діни бірлестік таратылған немесе қызметі тоқтатылған кезде оның меншігінде болған мүлікке иелік ету оның жарғысына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Құқық мирасқорлары болмаған кезде мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес мемлекет меншігіне өтеді.
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
23-бап. Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының дiни қызмет және дiни бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзушылық Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
24-бап. Өтпелі ережелер
1. Діни бірлестіктер осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде осы Заңның талаптарына сәйкес өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті. Сонымен бір мезгілде тіркеуші органға діни бірлестіктің мәртебесін растайтын құжаттар табыс етіледі.
2. Діни мүдделері мен қажеттіліктерін қанағаттандырумен айналысатын және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін діни бірлестіктен басқа өзгеше ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған заңды тұлғалар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап бір жылдың ішінде өздерінің құрылтай құжаттарына тиісті өзгерістер енгізуге міндетті.
3. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін өздерінің құрылтай құжаттарын осы Заңның талаптарына сәйкес келтірмеген заңды тұлғалар діни бірлестіктерді мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның жүгінуі бойынша сот тәртібімен таратылады.
25-бап. Қорытынды ережелер
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» 1992 жылғы 15 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1992 ж., № 4, 84-құжат; 1995 ж., № 20, 120, 121-құжаттар; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 205-құжат; 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының Президентi Н.НАЗАРБАЕВ.
Астана, Ақорда, 2011 жылғы қазанның 11-і. №483-ІV ҚРЗ
Достарыңызбен бөлісу: |