Қазақстандағы кәсіпкерлікті жетілдіру жолдары
Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова VIII Астана экономикалық форумы аясында өткізілген «P4D: Кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік сессиясында мәлімдеді.
«Даму» Қоры ұсынған жаңа құралдардың ішінде несиелерді кепілдендірудің баламалы бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама саласы мен аймағына қарамастан «Даму» Қорының 50 пайызға дейін берілетін кепілдігін қарастырады. Сонымен қатар кез келген салада кәсіпкерлікті құру мен дамыту үшін сатып алынатын франшизаны 70 пайызға дейін кепілдендіру көзделген. «Даму» Қоры арқылы енгізілетін тағы бір құрал – ұсақ қаржыландыру. Яғни екінші деңгейлі банктерге ұқсас ұсаққаржыландыру ұйымдарын қорландыру бағдарламасы. Бұл Астана, Ал-маты қалалары мен облыс орталықтарынан шалғайда жұмыс істейтін кәсіпкерлердің жеңілдетілген қаржы алуы-на мүмкіндік береді.
«Даму» Қоры сонымен қатар Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін исламдық қаржыландыру жүйесін пайдалануды пысықтауда. Қазіргі уақытта халықаралық ислам қаржы институттарынан қаржы тартуға жағдай жасау үшін ҚР Ұлттық Банкі және мемлекеттік органдармен бірлесіп заңнамалық құжаттар жетілдірілуде. Мәселен, Малайзия мен араб елдері қазақстандық жобаларға қаржы салуға қызығушылық танытып отыр.
Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға қаржылай көмек көрсетуді жеделдету үшін,«Даму» Қоры шағын және орта кәсіпкерлікті бағалаудың рейтингтік жүйесін жетілдіруді ұсынды. «Даму» Қоры басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, «Кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден несие алу үдерісі несие комитеттеріне бару қажеттілігінен созылып кетеді. Әйтсе де әлемдік тәжірибеде клиент кейбір көрсеткіштерімен бағаланып, саласының сипаттамасымен салыстырылады, дефолт деңгейіне орай – бұл клиентке несие беру керек пе, жоқ па деген байлам жасалады. Қазақстандық тәжірибеде банктер тек жекелей жұмыс істейді. Яғни егер сіздің жалақыңыз тұрақты болса, сіз уақтылы коммуналдық төлемдерді төлеп тұрсаңыз, тағы сол сияқтылар, сонда сізге өте қысқа мерзімге несие береді. Ал шағын және орта кәсіпкерлер үшін мұндай жүйе жоқ». Сонымен қатар «Даму» Қоры «шағын және орта кәсіпкерлік» түсінігінің барлық сипаттамаларын бір қорытындыға келтіруді ұсынады. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлік бағдарламасын қолдаудың тиімділігін арттырады. Ал клиенттерге несие алуды жеңілдетеді. ШОК-ты қаржыландыруды жетілдірудің өзге де амалдары ретінде, Қор басшысы несие менеджерлерін оқыту тәжірибелері мен сертификаттау керектігін атап
өтті. Ләззат Ибрагимованың пікірінше, бұл тәсіл кәсіпкерлерге қарыз алуға ұсынылған жоба сараптамаларын сапалырақ жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарлама шарттарын қайталанған, бір-біріне кереғар шарттарды анықтап, алып тастау арқылы «түгендеу» енгізуді ұсынады.
«P4D: Кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер» атты панельдік сессияда Оңтүстік Корей елінің старт-ап жобаларын кепілдендіру мен қаржыландырудағы тәжірибесі тыңдалды. «KODIT» Кореяның несиені кепілдендіру Қорының бас орындаушы директоры Бо-Гён Лидің сөзінше, «KODIT» Қоры Корей еліндегі әрбір төртінші несиеге кепілдік береді. Ескере кететіні, Оңтүстік Кореяда жылына 800 мың қарыз берілсе, «KODIT» соның 200 мың несиесін кепілдендіреді. Оның мәліметінше, «Қазақстанда ШОК саласында – 57 мың қарызгер бар. 2014 жылы бар болғаны 13 мың қарыз берілді. Сонымен бірге Кореяда 51,4 млн халық тұрады, ал Қазақстанда – 17,4 млн ғана. Яғни тұрғындар саны Кореядан 3 есе аз. Ал қарызға берілген ақша – 44 есе төмен! Бұл – қазақстандық компанияларға айналым капиталы жетіспейді деген сөз. Әрі қазақстандық банктер жүйесі экономиканың нақты секторларын несиелендіруді толық деңгейде жүргізе алмайды». «Даму» Қоры Кореяның «KODIT» несиені кепілдендіру Қорымен бірнеше жылдан бері жұмыс істеп, ШОК жетілдіру жұмыстарында өзара тәжірибе алмасып келеді.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстан мен Моңғолиядағы шағын кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасының аймақтық басшысы Хольгер Вифельтің мәлімдеуінше, ЕҚҚДБ инвестициялық қаржыланды-ру мен кеңестер беру үшін 2015 жылы Қазақстандағы моноқалалар мен ауылдық аймақтарда жобаларды жүзеге асыруды жоспарлайды. «Біздің банк-тің Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуінде басымдық шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға беріледі» деді Хольгер Вифель. Жақында ЕҚҚДБ қорынан елдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға ($20 млн) және ұсақ шағын және орта кәсіпкерлікті жүзеге асыру үшін жобаларды несиелендіруге ($50 млн.) қаржы бөлуге уағдаластық. Сондай-ақ ЕҚҚДБ 2001 жылдан Қазақстанның шағын және орта кәсіпкерлігіне бизнес-кеңестер алу үшін қаржылай көмек көрсетіп келеді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ меншікті капиталы он жыл-да (2005-2014ж.ж.) 4,5 есеге ұлғайды. Яғни 18,3 млрд теңге 83,1 млрд теңгеге өсті. «Даму» Қорының активі 9,6 есеге өсіп, 23,1 млрд теңгеден 223,1 млрд теңгеге жетті.
«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен екінші деңгейлі банктерге шартты түрде қаржы салу бағдарламаларын жүзеге асыру арқасында шағын және орта кәсіпкерліктің операторы болып табылатын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ 2,1 трлн теңге сомаға 20 мың жобаға қаржылай қолдау көрсетті, 255 мың клиент қаржылай емес қолдаумен қамтылды, (жылдық көрсеткішпен)
112 млрд теңге көлемінде салық төледі, 183 мың жұмыс орны құрылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының несиелік портфелі 1 трлн теңгеден асты. Бүгінгі күні «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен 5 210 компания сыйақы мөлшерлемесімен субсидия алды. 94,2 млрд теңге қайтарымсыз субсидия төленді. 2010 жылдан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ кәсіпкерлерге 840 кепілдеме берді. Соның 500-ден астамы 2014 жылы берілді. Осылайша «Даму» Қоры 2014 жылы өз кепілдігімен елдегі барлық берілген несиелердің 5 пайызын, басым секторлардың 20 пайызға жуығын жапты. Ұлттық Банктен бөлінген қаражатты игеруі де нәтижелі болды. 2014-2015 жыл аралығында барлығы үш траншпен жалпы сомасы 200 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде жалпы сомасы 171 млрд.теңгеге 814 жоба қолдау тапты.
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/kaspkerlkt-koldau-tetkter-jetldrld-69761/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі
Достарыңызбен бөлісу: |