ҰМЫТЫЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖЫЛНАМАСЫ
(Бір тұтас алаш идесы және Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы туралы толықтырыла қайталанған алғысөз)1
1.
Дүние тарихы төңкеріліп түскен ХХ ғасырда империялық және ұлттық мүдделердің қақтығысы – әлем жағырафиясынан бастап, ұлттар мен ұлыстардың, жеке адамдардың тағдырына түбегейлі өзгерістер әкелді. Түсіндіріп болмайтын «түсінікті мүдделер» бүтін елді бұтарлады. бұтарланған жұртты бунақтады. «№ 453-Л» хаттама мен 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен конференцияда И.Сталин, Ф.Рузвельт, У.Черчилль қол қойған «Үш ірі елдің Қиыр Шығыс мәселесі туралы бітімі» бойынша, Шығыс Түркістан Қытайдың құрамына беріліп, Сыртқы Монғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп, олар тектік, діндік, тілдік негіздері мүлдем қабыспайтын ұлттардың құрамына біріктірілді.
Империялық «бөліп ал да билей бер» деген өктемдіктің кесірінен бүйрегі бүтін қазақ елі үшке бөлініп кетті.
Қазақстан үшін сондай мүдделі әрі ділгір, құпия да күрделі мәселе – әлмисақтан бергі ата қонысында отырған Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры.
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесінің бірі болып табылатын, Империялық мүдделердің қақпақылына түскен Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен таратылуы – ұлттық тұтастық пен ұлттық ыдыраудың тарихи, саяси, рухани және териториялық түйткілдері тәуелсіздік алғанға дейін өз тарихынан өзі жеріген қазақ тарихнамасында мүлдем зерттелмеді. Қазақ тарихшылары үшін ол бимағлұм күйде қалып келген тақырыпқа айналды.
Милллиондаған адамның тағдырын тезге салған бұл оқиға туралы қарама-қарсы мүдделер мен пікірлерді зейін қойып зерделеу – тек қана қазақтың ғана емес, сонымен қатар орыс, қытай, монғол, қырғыз тарихшыларының міндеті боп саналмақ.
Өкінішке орай, бүгінгі территориясы тиянақталған тұста да бұл оқиғалар Біртұтас алаш идеясы, яғни, тәуелсіз Қазақстан тұғырнамасы тұрғысынан ғылыми зерделеуден өткен жоқ. Зерделеуді былай қойып, қазақ шығыстанушылары мен тарихшылары Шығыс Түркістан атауынан бас тартып, империялардың отарлық пиғылын танытатын Синьцзян – Шинжаң – Жаңа жер (игерілген тың, яни, бізге түсінікті целинный край) сияқты қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұламаға ұшырап жатқандағы «сұм заман» тарихындағы Жоңғар шапқыншылығы тұсындағы мәнжу империсы қойған атауды «ғылыми негізді термин» ретінде таңдалып алыныпты. Бұрынғы және қазіргі дәуірдегі қытайдың тарихи-жағырапиялық, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени ойлау жүйесінен Түркістан аты мүлдем өшіріліп, «фашизм» ұғымымен пара-пар жанжүйеңі түршіктіретін мемлекетті арандатушы «қарғыс атау» ретінде қабылданатыны өкінішті. Қарапайым ғана жағырапиялық атаудың мұндай жеккөрінішті көрінуінің саяси астарын былай қойғанда, «түрік» деген түбір сөз бен халықаралық деңгейде ұалыптасқан кәдімгі тұрақты түркітану ғылымының өзі шектеуге ұшырап, бүтіндей ұйғыртану деген сәтсіз де ғылыми дәйексіз ұғыммен алмастырылуы – ғылыми ойлау жүйесі екі мың жылдан бұрын қалыптасқан ұлтты неге үрейлендіреді – деген орынды сауалды ойға оралтады. Көне және жаңа иероглифтің мазмұнын ажыратып, салыстырмалы ұғымын тарқата алатын қытай, қазақ, ұйғыр, монғол, мәнжу оқымыстыларының түсіндіруінше: түрік, түркітану, Түркістан сөзі таңбаланған кезде – Түркия, Түркістан, Шығыс Түркістан ислам республикасымен астарласып кетіп, ол – Шығыс Түркістан қытай территориясынан тыс тәуелсіз мемлекет – деген әсер беретін көрінеді. Әрине, мұның астарында мемлекеттік, ұлттық, саясат жатқаны тарихи шындық. Сондықтан да Шығыс Түркістанның әр жиырма-отыз жылда бұлқыныс пен буырқаныстың құшағында қалатыны – тарихи заңдылыққа айналып барады. Бұл, енді, басқа тарихи талдаудың күрделі де шетін тақырыбы болып табылады. Ал, біздің тарихи пайымдауымыз бен ғылыми негізделген тұжырымымыз бойынша, Тәңір тауды бөктерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған, саясатқа еш қатысы жоқ – Шығыс Түркістан, Орталық Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген жағырафиялық атаулар кезінде мұқым түркі елінің атын тарихтан өшіру мақсатында «түрікшілдік» деген атты ойлап тапқан еуропашыл және ұлыимперияшыл ғалымдардың өктемдігінен туған атау болатын. 1919 және 1922 жылғы түркі халықтарының құрылтайында қазіргі Қазақстан мен Башқортстанды – «Солтүстік Түркістан» деп ресми атап, картаға енгізіп, ортақ туды бекіткен болатын. Бүгінгі тәуелсіз мемлекет тұсында да біздің ғалымдарымыз өзінің пікірін Петербургтегі, Мәскеудегі, Қиыр шығыстағы, Күншығыстағы ұстаздары мен астарлы пікірлі саяси тұрғыдан тағаланған оқымысты-мыстардың сызып берген сызығынан шыға алмай отыр.
Тарихи тәуелсіз ойлау жүйесі қалыптаспаған тарихшылар тарихи шындықты қалпына келтіре алмаса, ұлттық мемлекеттің тарихы мен ұлттық мүддесі, танымы мен тағдыры толық тұжырымдалмайды.
Ал біртұтас алаш идеясын кие тұтатын қазақтар үшін:
Шығыс Түркістан дегеніміз – көне түркінің «мәңгілік ел» идеясының аясында өмір сүрген түркі дүниесінің ата мекені.
Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлшекке түскен қазақ жері.
Шығыс Түркістан дегеніміз – бөлінге түскен қазақ елі.
Осындай өксікті өкініштің өті жарылып, уыты таралмас үшін Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков, Қанағат Сүлейменұлы бастап барып, 1918 жылы 24 көкек күні Шәуешек қаласында кіші құрылтай өткізген болатын. Ондағы басты мақсаты:
-
«Алашорда» үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;
-
Босып барған ел мен жергілікті қазақтардың басын қосып, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде қытай үкіметіне ресми тіркету.
-
Оларды жерге қолтықтаса орналастырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру болатын.
Алайда, мәнжу империясы күйресе де, империялық үстемдік пиғылы күйреген жоқ болатын. Сондықтан да олардың бұл талабы орындалмады. Үміті ақталмады. Бірақ та Алаш идеясы өзінің дәнін сеуіп, өнімін егіп кетті. Алаш идеясының Шығыс Түркістандағы дән себерлері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің мүшелері Райымжан Марсеков пен Ыбырайым Жайнақов, алашорданың қаржы қайраткері Кәрім Дүйсебаев, халық әншісі Әсет Найманбаев, жадидшіл ағартушы ақын Жүсіпбек Шайхысыламұлы, Кәрібай Таңатарұлы, гимназия мен арнайы орыс-қазақ мектептерін, медіресе мен мұғалімдер курсын бітіріп барған – Ғазиз Қалбанов, Махмұд Шөкеманов, Тұрсын Мұстафин, Жақан, Масғұт Тәтенов, Оразғали, Сейітқазы, Әбепей, Нәзір, Шәкен, Мәжит Ақмолдаев, Сантырбай, Зият Шәкәрімұлы Құдайбердиев, Шериаздан Марсеков сияқты тағы да басқа халық ұстаздарының, сондай-ақ,көзі қарақты, тікелей ағарту ісімен айналысқан, «Байтұрсыновтың жазу емілесіне» дауысты, дауыссыз дыбыстарды айыру белгісін енгізген – Нұртаза Шалғымбаев, медіресе мен мектеп ашып, елін ақылымен ұйытқан кітаби ақын Ақыт Үлімжіұлы, оқу-ағарту мен мәдениет саласын дамыту мақсатында алаш идеялы зиялыларды бауырына басқан Жабықбай ақалақшы сияқты жергілікті ел ағаларының ұйымдастыруымен ұлттық газеттер («Алтай», «Біздің дауыс» т.б.) мен мектептердің, мәдени ойын-сауық отауларының ашылуы – ұлттық сананы оятып, ақыр соңында ұлт-азаттық қозғалысына алып келді. «Алаш» партиясының бағдарламасына сәйкес мектептер, медіреселер, гимназия, институттың жанынан ұлттық мамандар даярлайтын бөлімдер, мәдени үйірмелер ашылды. Бұл ретте татар ағайындардың арасынан шыққан мұхажирлердің Ресеймен мәдени, сауда-саттық байланысының үзілмеуі де күре тамырдың суалмауына игі ықпалын тигізді. Өзбек пен қырғыздың ескі зиялыларының рухани ұшқыны да шақпақ отын өшірмеді. Сөйтіп, жалпы қауым бәріне ортақ мұсылмандық түркі нысанасына бет бұрған ұлт-азаттық күрестің қаһармандары мен жауынгерлері осы біртұтас Алаш идеясы үшін қолына қару алды. Жауымен жағаласты, жараланды. Қаза тапты. Бұған ресми емес деректер мен Шығыс Түркістан республикасы армиясы әскерінің салыстырмалы есебі бойынша, оның құрамындағы әскердің үштен екі бөлігі қазақтардан құралғаны дәлел бола алады
Демек, біз оларды бүгін – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрбандарын қалай қасиеттесек, оларды да солай құрмет тұтуымыз керек. Кеше, қызыл жауынгерлер мен қарт коммунистерді ардагер деп қалай әспеттесек, оларды да солай қадірлеу – парызымыз.
Егер де қазақты біртұтас ел деп танысақ, егерде Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындасақ және сол мойындауымыз шын болса, онда әлемнің қай түкпірінде болмасын қазақ елінің азаттығы үшін күрескен әр жауынгерді, әрбір құрбанды – қазақтың біртұтас ұлт-азаттық күресінің ардагерлері деп тануымыз керек. Оларға көрсетілген құрмет – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көрсетілген құрмет пен жеңілдіктерге теңгерілуі тиіс. Әйтпесе, Мұстафа Шоқайдан бастап Қалибек хакімге деген мезіретіміз, Абайдың сөзімен айтқанда, «сарт мезірет» болып табылады..
Алаш идеясына деген адалдық пен сенім – бізден соны талап етеді.
Ал, қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанынан артық мүдде болуы тиіс емес. Ол идея бүгін де өзінің мүдделі мақсатын жойған жоқ. Қайта тәуелсіздіктің тамыры тереңге кеткен сайын, алдымызға сұраулы бұтақ болып шығып отыр. Ол идеялар мынылар:
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі» тиіс.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әр бір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни, толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт, дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді.
Бұл бес идея өзінің азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, жер мен аспан байлығы үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, қазақ ұлтының көзқарасы мен ар-ожданын қорғайтын, ұлтты сыйлауға мойынсындыратын тәуелсіз заң мен тәуелсіз ойлау жүйесін қалыптастыратын тәуелсіз ғылым үшін күрес жолы енді басталды. Демек, Алаш идеясы бүгін де, ертең де өзінің жалғасын табады. Ғаламдастыру дәуіріндегі рухани тәуелділіктен қорғайтын бірден-бір ұлттық бағдарлама, біздің пайымдауымызша, осы болып табылады.
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күресі де осы бес мақсатты жүзеге асыруға ұмтылған халықтық қозғалыс. Әр жылдары тарих бетіне шыққан Сұлубай, Оспан, Ғани, Әкбар батырлар да, Дәлелхан генерал мен уәли Баспай да, «азаттық іздеген көшті» бастаған Қалибек хакім де осы бес мақсат үшін күресті. «Етегімен су ішті, етігімен су кешті». Азаттық аңсаған көштің атойшысы болды. «Аланай асып арпалысты, Бұланай асып буырқанды». Алаш идеясын бойтұмар қып тағып, ар-иманымен қоса жүрегіне ұялатқан арыстармен бірге қазақ халқының бостандығының рухы болып Еуроазияны шарлап жүрді. Олардың бұл аңсары Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай, Хасен Өралтай, Қамза Ұшар, Құсайын тәйжі сияқты қатарластары мен үрім-ұрпағы арқылы жалғасып, кеңес одағы тұсындағы идеологиялық тосқауылдарға қарамастан, ауа толқындарымен туған еліне жетіп жатты. Солардың талып жеткен дауыстары біздің жүрегіміздегі алаш идеясының қоламтасын қоздатты. Үміт отын жақты. Бұл қолдауды, сіз бен біз сияқты жеклтоқсан оқиғасына дейін де, сол оқиға тұсында да, одан кейінгі кезеңде де жүргізген астыртын жұмыстарымыздың барысында сезініп отырдық.
Әрине, бұл өзегі басқа әңгіменің арқауы.
2.
Тағдырдың жазуымен осы өлкеде ұйғыр, қазақ, монғол секілді түрлі ұлттардың өкілдері қатар өмір сүріп келді. Бұл бір есептен тағдардың жазымышы да емес, тіпті сонау ертеден бар тарихи тамырластықтың нәтижесі еді. Шығыс Түркістан ежелден түркі халықтарының ортақ Отаны болды. Шәуешек пен Пекин келісімдерінің нәтижесінде Қытайдың құзырына мәңгі қарап қалды. Бұл кезіндегі айбатты Қазақ хандығының басынан бағы тайған тұс болатын.
Мәнжу империясы құлағаннан кейін де қилы тағдырдың, жаһангерліктің құрсауы мен бодандығында қалған орталық қытайдың билігі, Сун ят сеннің ұлттық-демократиялық төңкерісінің ықпалы мен ықтасыны жергілікті жерге жетпеді. Сондықтан да Шығыс Түркістан өлкесіндегі Ян зын шыңның, одан кейінгі Жың шу рынның, одан кейін «Алтай партизандары» деген жамылғы атпен жасырынып барған қызыл армияның күшімен жүзеге асқан «12 сәуір» төңкерісі арқылы билікті басып алған Шың шы цайдың заңға негізделмеген жеке билеп-төстеу жүйесі – феодалдық-отарлау тұрғысындағы өктем қатыгездікпен, мешеу сауатсыздықпен жүргізілді. Бастапқыда кеңес одағының тікелей қақпақылымен жәдігөй саясат ұстанған Шын шы цай алты тармақтан тұратын: имперализмге қарсы тұру, кеңес одағымен дос болу, жемқорлыққа қарсы күресу, ұлттар теңдігін сақтау, Шыңжанды өркендету, бейбітшілік сақтау – бағытын жүргізе бастады. Мәскеуге барып, қауіпсіздік мекемесінің жансызы – орыс қызына үйленіп, Сталиннің «өкіл баласы» атанды. Сөйтіп, Мәскеудің бақылауына алынды. Бұл «құдалықтың» соңы аңдысуға ұласты. Ақыры бұл «қалыңдығының ізім-қайым» із суытуымен аяқталды. Оның есесіне кеңес одағындағы 1937 – 1938 жылғы қуғын-сүргін саясаты Шығыс Түркістанның да жазалау саясатына ауысты. Отызыншы жылдардың ортасындағы «Шығыс Түркістан ислам республикасының» жариялануы, қытайлармен бірігіп «Қытай ислам республикасын» құру идеясының әлсіз ұшқын беруі (Шығыс Түркістан республикасы орнаған тұста Оспан Исламұлының «Үш аймақ» көтерілісін тастап шығып, гоминдаң жағына шағып кетуінің бір кілтипаны осы идеяның жүзеге асынан үміттенген) – сияқты саяси оқиғалардың орын алуы ұлттық қозғалысқа алып келді.
Өкінішке орай, (иә, тағы да таусылмайтын өкініштің бірі) Біртұтас алаш идеясы үшін күрескен, қазақ ұлтының біртұтас ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлігі болып табылатын Шығыс Түркістандағы азаттық майданы туралы және оны «Алаш» партиясымен, «Алашорда» үкіметінің тағдырымен, жалпы қазақ күрескерлерінің тағдырымен байланыстыра зерттеген тұжырымды зерттеу жоқ. Ол туралы пікірлер де Қазақстаннан басқа әр мемлекеттің ұстанған саясатына байланысты қақпайланып жазылып келді. Тек Тұрсынхан Қайыркенұлының «Ұмытылған мемлекет» («Синьцзиян (Шығыс Түркістан) қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы. 1940–1949)» атты монографиясы бұл бағыттағы діттеген ділгір еңбек, осы тақырыптың Қазақстан тарихындағы алғашқы кіріспе сияқты қанаттанды зерттеу болып табылады.
Шығыс Түркістанның күрделі тағдыры күні бүгінге дейін қаншама адамдарды әлі де ойландырумен келеді. Кездейсоқ тағдырға тап болған ұлт-азаттық күресі сыртқы ықпалды күштердің шешімімен тығырыққа тірелді. Шығыс Түркістан тарихы ежелден бері де осындай алмағайып, ұйқы-тұйқы қарбаласты қарсаңмен тайталасып келді. Республика құлаған ең соңғы күнге дейін оның тұрғындары тәуелсіздіктен күдер үзген емес.
Соңғы жүз жылдықтағы күшті бұлқыныстардың бірі – Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы пайымдалған топтама томдықтың бірінші жинағының2 бетін ашқан Т.Зәкенұлының „Ұмытылған мемлекет” атты монографиясы ұлт азаттығын тұтас ойлаған соңғы бұлқыныс туралы. Ғалым орыс, қытай, қазақ және ұйғыр тілдеріндегі деректер мен әдебиеттер арқылы сол кездің тарихи шындығын ашуға тырысқан. Мұндағы көптеген деректер бұрын-соңды ғылыми айналымға түспеген дүниелер. Олардың біразы ұлт-азаттық қозғалысты өз бастарынан өткізген тарихи тұлғалардың мемуарлық, тарихи зерттеу сипаттағы еңбектері. Сондай-ақ, мұнда бұрын жарық көрмеген мұрағат деректері де пайланылған. Сондықтан да „Ұмытылған мемлекет” туралы бұл зерттеу еңбегі бізе беймәлім Шығыс Түркістан мемлекеті жөніндегі тарихи танымға қатысты теориялық пайымдарды орнықтыруға негіз қалайды деп есептеймін.
Сол сияқты бірінші жинақта берілген – тарихи тақырыпты шығармашылығына арқау еткен, „Сергелдең” сияқты дилогиясында Оспан батырдың бейнесін сомдаған жазушы Жақсылық Сәмитұлының „Шығыс Түркістан республикасы” атты толғау-әфсанасы деректерге ой сала саралауымен назар аударады. Мұнда қаламгер өзі өмір сүрген қоғамның тағдырлы тұстарын барынша шынайы баяндайды. Көркем ойды емес, тарихи көркем ойлау жүйесін желі етіп тартқан.
Осы орайда әр мемлекеттің ұстанған идеялогиясы мен саясатына бейімделген пікірлерді жинақтап, ой қорытуға, пікір түйіндеуге, деректерді нақты және байсалды түрде пайымдауға негіз қалайтын басылымдарды көп томдыққа кіргізудің маңызы ерекше екенін атап өткім келеді. Әр мемлекет өз тарихын өзінің ұстанған ішкі-сыртқы саясаты тұрғысынан жүйелеуге, саралауға, тұжырым жасауға ерікті. Ал бұл тақырып Қытай Халық Республикасы ғалымдарының еңбектерінде барынша мол қамтылды. Ол зерттеулер: «Үш аймақ төңкерісі бүкіл Жұңго (орталық мемлекет – Т.Ж.) халқының демократиялық төңкерісі қозғалысының бір бөлегі»,– болып табылады деген Мао-цзе-дунның бағамдауы тұрғысынан пайымдалып жазылды. Сондықтан да бұл зерттеулердің қазақ руханиятының ту ұстар идеясы – алаш идеясымен ұштасып жатпауы түсінікті.
Ал ұлт-азаттық көтерілісінің бас қолбасшысының бірі Дәлелхан Сүгірбаевтің 1948 жылы «Ерікті Алтай» баспаханасында көзі тірісінде жарияланған «халық жиналысында сөйлеген баяндамасын», сондай-ақ Шығыс Түркістанның үш дәуірінде де (Шын цы цайдың, Шығыс Түркістанның, Қытай халық республикасының) үкімет басында болған күрделі тағдыр иесі, қоғам қайраткері Бұрхан Шаһидидің «Шыңжаңда өткен елу жыл» атты естелігінен үзінділерді, Ж.Бабалықұлы, Қ.Қанафин, Ғ.Нөкішұлы сияқты азаттық армиясының жауынгерлерінің жазбаларын бірінші жинаққа топтастырып беру арқылы Шығыс Түркістанның тарихы туралы әр қырынан білдірілген пайымдаулардан барынша мағлұмат беру көзделді. Әрине, мұның ішінде Бұрхан Шаһиди марқұмның саясатқа ықтап:
«Уақыттық (уақытша –Т.Ж.) үкіметтің өзін «Шығыс Түркістан Халық Республикасы уақыттық үкіметі» деп атағаны адамды алаңдатады. «Шығыс Түркістан» деген ат ХІХ ғасырда дүниедегі белді елдердің Орта Азия аймағында отаршылдық, шапқыншылық әрекет жүргізуіне байланысты пайда болған болатын. Сол кезде батыстағы отаршылдар Орта Азияны және Шынжаң аймағын сыпыра «Түркістан» деп атады. Сондай-ақ Зарапшан өзенін шекара етіп, оның батысындағы аймақты – Батыс Түркістан, шығысындағы аймақтарды – Шығыс Түркістан деп атаған. Сөйтіп, бұл атауға тіл мен жағрапиялық тұтастық ұғымы берілді. Кейін келе имперализм шапқыншылары мұнымен Қытайдың бірлігін бұзды. 1933 жылы оңтүстік Шыңжаңда бір мезет «Шығыс Түркістан Ислам Республикасының» жарыққа шығуы осының нақты мысалы бола алады. Енді, міне, Іле төңкерісшілері де «Шығыс Түркістан» деген желеуді көтеріп шығуы маған жағдай бәлкім күрделі болар дегенді аңғартты»,– деген пікірімен келісу қиын.
Өйткені жердің жаратылысына қарай қойылған – Таяу шығыс, Шығыс Еуропа, Батыс Еуропа, Орталық жазық деген жағырафиялық атаулар қандай қоғамдық құрылыста болсын өзінің атын жоймайтыны анық. Сол сияқты Шығыс Түркістан, Орта Түркістан, Батыс Түркістан, Солтүстік Түркістан деген атау да баршаға ортақ тарихи-жағырафиялық ұғым болып табылады. Бұдан саяси астар іздеу ойлы ғылымның өрісі емес. Өкініштісі, Түркістанға қаратылған мұндай өктем де астарлы көзқарас тарихи заңдылыққа айналып бара жатыр.
Осы орайда Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи шежіресі болып табылатын «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісіндегі ірі істер (оқиғалар)» (Халық баспасы, Үрімжі, 1995), атты қытай тарихшылары он жылға жуық жинақтап, тоғыз рет талқылаудан өткізіп барып жариялаған құнды басылым үш томдықтың екінші кітабына енгізіліп отыр. Бұл жинақта ұлт-азаттық қозғалысының әр күні шежіре ретінде хатталып, баға беріліп, жинақтала баяндалған. Сондықтан да олардың деректану тұрғысынан алғандағы маңызын ешкім де жоққа шығара алмаса керек.
Бұл жинақтың қытай тілінен қазақ тіліне аударылып, араб әліпбиімен жарық көрген нұсқасын крилл қарпіне түсіру барысында жауапты сарашы көптеген және күтпеген қиындықтарға тар болды. Әрине, бұл қозғалыс туралы көзқарастардың қиылыспауы түсінікті.Алайда жинақ таза деректерді жылнамалық тәсілмен нақты деректі негіз еткендіктен де, бұл жағынан айтарлықтай түйткіл туған жоқ. Дегенмен де қазақ оқырмандарының бүгінгі танымы мен тілдік ұғымына ыңғайлап, барынша түсінікті болуы үшін көзқарастық тұрғыдан емес, таза әдеби, тілдік өңдеу тұрғысында амалсыз қаламымыз батқан төмендегі жайларды ескерте кеткім келеді.
Мұның басты себебі аудармашылардың стильдік селкеулігінде емес, қытай иероглифінің күрделілігі мен ойлау, жазу, баяндау дәстүрінің еркешелігіне байланысты туған мәжбүрлі тәржімә тәсіліне тікелей қатысты.Соның ішінде, саяси теңеулер мен тұрақты сөз тіркестерінің, астарлы емеуіріндердің, терминдер мен атаулардың қазақстандық оқырмандарға түсініксіз, кейде мүлдем түсініксіз, кейде мазмұнының бұлдыр жеткізілген тұстары едәуір қиыншылықтар тудырды. Мазмұны түсінікті, бірақ нақты ұғымы бұлдыр ауыр «амандықты қорғау мекемесі», «көз алдынан өткізді», «халықтан, армиядан хал сұрады», «амалиятта», «назария», «назарииятта», «уақыттық үкімет», «орынынан қалдырылды», «жөткеді», «септесті» деген сияқты т.б саяси терминнен алшақ сөздерді – қазақстанды оқырмандар бірден – «қауіпсіздік мекемесі», «танысты», «кездесті», «күнделікті өмірде», «теория», «идеологияда», «уақытша үкімет», «орынынан босатты», «жіберді», «көмектесті» – деп тура түсінуі екіталай. Мұндай ұғымдар мен сөз тіркестері ықтиятты түрде ауыстырылды. Сондай-ақ «банды», «қарақшы» деген сөздер де байсалды саяси жылнамаға жарасым бермес, оның үстіне оқиғадан бейхабар оқырманның: «Бұл қайдағы банды?», – деп тіксінуі де мүмкін деген оймен қырналды. Қытай тілінен бейхабар қарапайым қазақ оқырмандары қытай есімдері мен жер аттары қатарласып қолданылғанда, олардың жады бұл сөздерді ажыратып, жатық қабылдауы үшін адам аттары бөліп-бөліп (мысалы – Пин дэ хуай), ал жер аттары қосылып (мыс: Гуаньжоу) жазылды. Адам аттары да орыс тіліндегі транскрипция бойынша емес (мыс: Чан кай-шы, Мао цзе-дунь, Ли шао-ци емес) қытайша дыбысталуы бойынша (мыс: Жяң жие шы, Мао зы дұң, Ли шау чи) деп жазылды. Тағы бір қиыншылық еуропалық аттардың бұрмаланып таңбалануы (мыс: Иепсейев – Евсеев, Моготнов – Могутнов т.б.). Бұл адамдардың аттары барынша салыстырылып түзетілді, алайда жаңсақтықтардың кетуі мүмкін екенін ескерте кетеміз. Доклад, территория, устав, линия, район, жора (бюро) – деген орыс сөздері кейде ауыспалы мағынасында қолданылған. Мысалы, район сөзі – автономиялық республика (Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы), әскери аймақ (әскери район), ауыл, кеңшар (мыс: Шыңжаң ұйғыр автономиялы районы Іле қазақ автономия облысының Шәуешек аймағына қарасты Шағантоғай районы) орынында ауысып пайдаланылған. Сол сияқты әскери құрылымдардың атаулары да шартты түрде: луи – дивизия, биңтуан – еңбекшілер армиясы, отряд – жасақ деп бір жүйеге келтірілді. Ал саяси, мемлекеттік, әскери және партиялық мекемелердің өте күрделі түзімнен тұратын құрмалас тіркестері амалсыз сол қалпынша қалдырылды. Ұғымды жеңілдетіп, олардың жікарасын ашу үшін грамматикалық, емілелік ережені бұза отырып, қос нүкте, үтірлі нүкте, сызықша, тырнақша қойылды. Кей тұстарда құрмалас сөйлемдер хабарлас сөйлемдерге еріксіз ауыстырылды. Мұның барлығына тәржімәшілер де, оқырмандар да түсіністікпен қарайды деп үміттенеміз.
Ал осы басылыммен сыңарлас «Шыңжаңның үш аймақ төңкерісі тарихы» (Ұлттар баспасы, Бейжің, 2000) атты жинақты да алдағы уақытта оқырмандар назарына ұсынуұаперімізде бар. Сонымен қатар, Оспан мен Қалибектің іс-әрекеті халықаралық қауымдастық тарапынан әр қилы бағаланып келеді. Олар: бір қауым жұрт үшін – халық батыры, екінші саптағылар үшін – күрестің түпкілікті мүддесінен бас тартқандар, ал үшінші жақ үшін – ұлттық тұлға. Осы жинақты дайындау барысында Оспан Исламұлының жеке тұлғасы мен саяси ұстанымына, ол бастаған екінші лектегі қарулы көтерілістің мақсаты мен қимылына жіп таға алмай қалған тұстарымыз да болды. Тарихи деректері дәйектелмеген, гоминдаңмен бірігіп құру көзделген «Қытай ислам республикасының» жөн-жобасы мен жосығы қаншалықты тарихи шындыққа жақын әрі америкалықтар қаншалықты қуатты мөлшерде қолдағанымен,оның жүзеге асу мүмкіндігі мен келешегі қандай болар еді – деген сұрауға жауап беру, әрине, арнайы тақырыптың аясы. Ал бұл оқиғалардың мән-жайы Халифа Алтайдың, Дәлелхан Жаналтайдың, Хасен Өралтайдың жуырда басылған жинақтарында және осы топтамының үшінші кітабындағы Фатхан Сүгірбаевтің «Алтай арпалыстары» мен Доқас Қожайдың «Офицер күнделігі» атты тағы да басқа әфсаналарда баяндалатындықтан да, бұл арада артық пікір қозғап жатпаймыз. Ал баянөлгейлік көрнекті демократ қаламгер Сұраған Рахметұлының. «Шығыс Түркістан және Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысы (Оспан батыр)» мақаласы жылнамалық жинақта қамтылмаған тың деректерімен құнды. Бұл мақаладан Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы – жалпықазақтық Біртұтас алаш идеясының аясында жүзеге асқанын дәлелдейді. Алдағы уақытта ретіне қарай Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық козғалысына арналған дастандардың жинағы құрастырылып, баспаға ұсынылу жайы ойластырылуда.
3.
Cөз соңында тізгін қағып айтарымыз, егерде біз өзіміздің ұлттық тұтастығымызды дүние қауымдастығы алдында дәлелдеп, мойындатқымыз келсе, онда бұл мәселе ерекше назарға ілінуі тиіс. Бұл мәселеге тұсауы енді ғана кесілген талантты да батыл, көзқарақты тарихшы Бүркіт Аяған басқарған Президенттік Мемлекет тарихы институты ерекше ықылас білдіреді деп сенеміз.
Бұл ретте: Ғылым және Мәдениет министрліктері бас қоса отырып ауқымды Жоба жасаса – деген ұсыныс білдіреміз. Және бұл шара – мемлекеттігіміздің идеялогиялық саясатын тұтастандырып, іргесін бекіте түсуге негіз қалауға септігін тигізеді деп толық сеніммен айта аламыз. Осы орайда мынадай ұйымдастыру шаралары назарда ұсталғаны лазым сияқты:
Бірінші, «Біртұтас алаш идесы» деген терминді қалыптастырып, «Біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы және Шығыс Түркістан» атты халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырып, оған тек қана қазақ ғалымдарын ғана емес, осы тақырыпты қузаған қытайдың, орыстың, американың, немістің, түріктің, ағылшынның, француздың, монғолдың, тай-бэйдің ұлттық ғалымдары мен Шығыс Түркістанның тағдырын шешкен әскери-дипломатиялық келісімдерге қатысқан мекемелердің өкілдерін қатыстыра отырып келелі кеңес өткізіп, істің бағыт-бағдарын ашып алса, дұрыс болар еді.
Екінші, осынау тағдырлы ұлт-азаттық қозғалысы туралы шығарылған дастандардың, қоштасулар мен жоқтаулардың, аңсарлы хаттардың, күнделіктердің, жолжазбалардың, естеліктердің, зерттеулердің, деректі құжаттардың басын қосып, көп томдық етіп жарияласа, руханиятымызға қосылған үлкен үлес болар еді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің тарихи беттерін түгендейтін құнды да, тағдырлы басылымға айналары сөзсіз. Мұндай қолжазба мұралар мен мұрағаттық деректердің біразы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы бар. Ал олардың ұзын санының өзі жүзден асып жығылады екен. Әлі қолға түспегені қаншама.
Үшінші, Шығыс Түркістандағы, Монғолиядағы ұлт-азаттық қозғалысының құрбандарына бұл елдерде ескерткіш қойылмайтыны анық. Сондықтан да осы азаткерлердің тағдырына тікелей қатысты және олардың алғашқы әскерлері жасақталған (бұл құпия емес) шекаралық аудандарға (Жаркентте, Достық та, Мақаншыда, Майқапшағайда) ескерткіш орнатса орынды болар еді. Соның ішінде, Алаш әскерінің ең соңғы шешуші шайқасы өткен, Отыншы Әлжанов сияқты ту ұстаушы азаматты тірідей өртеген Мақаншыдағы бұрынғы «қызыл партизан Мамонтов» атындағы саябақ өте қолайлы жер болар еді деп ойлаймын.
Бұл да біздің біртұтас Алаш идеясына, біртұтас ұлт-азаттық көтерілісінің құрбандарына, тәуесіздігіміздің тарихына деген ұлттық тағзым болары сөзсіз.
Құрастырылып отырғын бұл жинақ та соның бір орайы болмақ.
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Достарыңызбен бөлісу: |