Азаттық қозғалыс идеологиясының қалыптасуы мен ұлт зиялыларының қызметі
1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алады. Ол отарлауға және империалистік саясатқа қарсы болған бас көтеру еді.
Қазақ даласында қарулы көтеріліске айналған стихиялық бас көтерулер біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Торғай мен Жетісуда оның танылған жетекшілері А.Иманов, Ә.Жанкелдин, Т.Бокин, Б.Әшекеев, Ө.Саурықов басшылық еткен ірі ошақтары пайда болды. Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы мен көтеріліске көзқарас бірдей болған жоқ. Ауылдың феодалдық-байшыл билеуші тобы мен жергілікті әкімшіліктің белгілі бөлігі патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге асырушылар болды. Ал қазақ интеллигенциясының радикалды батыл іс-қимылға бейім өкілдері Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Т.Рысқұлов, Ә.Жангелин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жүнісов және т.б. халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты. «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зиялылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар қантөгіске ұшырауы мүмкін деп санады. Осынау алмағайып кезеңде «Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады.
Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс дүйім қазақ жұртын дүр сілкіндірген ұлы оқиға болды. Қазақ халықының ата-бабадан келе жатқан жауынгерлік рухының әлі жоғары екенін танытты. Қолына өз заманының қару-жарағын берсең қандай жаумен де шайқаса алатынын көрсетті. Халықымыз отаршылдыққа қарсы азаттық жолындағы күрестің үлкен мектебінен өтті.
Достарыңызбен бөлісу: |