« Қазіргі заман әдебиеті» пәні бойынша
Қазіргі қазақ романдарындағы мифопоэтикалық пішіндер
1. Мифопоэтикалық пішін және әдебиет
2. Дәстүр сабақтастығы: прозадағы мифтік шығармашылық
3. Қазіргі қазақ романдарындағы мифологизм
Кеңес дәуірі заманында мифопоэтизм, миф теориялары негізінен екі арнада – біріншісінде, діни аспектідегі этнографтар миф проблемасы поэтикалық «дән» ретінде жанама түрде қаралса, екіншісінде әдебиет дамуындағы және поэзия тарихындағы миф рөлі тікелей қарастырлады.
Миф теориясын зерттеуде аса құнды еңбектердің бірі – Е.М.Мелетинский еңбегі. Ғалым мифология мен әдебиеттің эстетикалық қарым-қатынасына сараптама жасай отырып, оны зерттеуде басты ғылыми мектеп ретінде мыналарды атап көрсетеді: А.И.Веселовскийдің тарихи мектебі, В.М.Жирмунскийдің әдебиетті салыстырмалы-типологиялық зерттеуі, О.М.Фрейденбергтің семантикалық үйлесімділік теориясы, М.Бахтиннің құрылымдық-морфологиялық бағыттағы зерттеулері, Д.С.Лихачевтің тарихи-генетикалық поэтикасы, К.леви-Стростың құрылымдық поэтикасы, д.Ж.Фрезердің ритуалдық мектебі.
Ғалымдардың зерттеу еңбектерінде мифті фольклордың әдебиеттің және жалпы көркем шығармашылықтың негізі деп қарастырады. Бұл турасында Е.М.Мелетинский, М.М.Бахтин, О.Фрейденберг, А.Н.Веселовский, М.Әуезов, б.Кенжебаев,З.Қабдолов, Ш.елеукенов, Е.Тұрсынов, С.Қасқабасов, Р.Бердібаев, З.Бейсенғали т.с.с. зерттеуші-ғалымдар көркем прозаның генетикалық бастаулары миф деп біледі. Сондықтан да мифопоэтикалық пішінді әдеби процестің бөлінбейтін бөлшегі деп қарастыруға әбден болады.
Р.Вейман мифті әдебиеттің бастауы және көне формасы тұрғысынан қарастырып,ол әдеби жанрдың бәрінде кездеседі деген пікір емес, әлеуметтік қызметі жағынан ерекшеленеді және ертегі әлеуметтік өмір мен оның институттарынан дамиды. Ғалым ертегілерді зерттегенде оларды салт-дәстүр мен миф белгілі жағдайда ойлау жемісі. Атақты философ ғалым А.Золатарев дуалистік мифологияға терең талдау жасай отырып, көптеген ертегілерді дуалистік мифтен шыққан деген қорытындыға келеді.
Мифологиялық ойлаудың шығармашылық процеске әсері ғалымдардың байырғы шығармашылық процеске, мифопоэтика феноменіне қызығушылығын тудырды. Мифтер алғашқы танымдық форма деп танылуымен қатар, бүгіндері оның қиял байлығы мен ой шеберлігі де таң қалдырмай қоймайды. Мифтің көмегімен зерттеуші ғалымдар әдеби тектер мен әдеби процестің заңдылықтарын ғана түсіндіріп қоймай, жеке әдеби шығармалардың ерекшеліктерін тануға ұмтылуда.
Ғылыми зерттеу еңбектер романның тууын фольклорлық тамырлардан іздейді. М.Әуезов өзінің әдеби-сын мақалаларында жиырмасыншы жылдардағы қазақ прозасының бастаулары қазақ халқының тұрмыс-салт ертегілерінде, сондықтан да көркем прозаны қарастырғанда бұл ғылыми мәселе ретінде кеңінен қарастырлуы қажет десе, профессор Ш.Елеукенов фольклор мен әдебиеттің бір-біріне әсерін дәстүрлі құбылыс дей келе, әдебиет романдық ауқымға шыға келе де өзінің бұрынғы баспалдақтарын, соның ішінде ертегілік-аллегориялық пішіндерін тастаған жоқ деп мифті роман жанрының тамырлық жүйесі ретінде атап көрсетеді. Қазақ әдебиеті мен көне әдебиет тарихын зерттеген ғалым Б.Кенжебаев еңбегінде «Қисса-сұл-әнбияны» тек діни кітап ретінде емес, ертедегі жазба әдебиет нұсқасы, көркем шығарма ретінде қарастырады. Жинақта берілген қиссаларды көлемі, мазмұны, стилі жағынан талдай келіп, қиссаны романның бастамасы, мәселен, «Жүсіп Зылиқаны» «нағыз роман» деп бағалайды. Қазақ әдебиетінің өзіне тән жанрлық формаларын топтап, жіктеген көрнекті әдебиет зерттеушісі А.Байтұрсынов ойынша, мифтер табиғатта болып жататын өзгерістердің әрқайсысының істеуші иесі бар деп білген алғашқы адам баласының табиғат ісін танымаған күйде шығарған ертегілері, ертегі сияқты әңгімелері. Табиғаттағы зат атаулының иесі болады деген көне мифтерді ғалым-фольклорист С.Қасқабасов алғашқы қауымда пайда болған рух-иелік мифтерге жатқызады.
Көне наным сенімдерге негізделген ауыз әдебиетінің кейбір жанрлары мифтік наным-сенім аясында пайда болды. Қазақ ауыз әдебиетіндегі наным-сенімдерге байланысты туған «құрт шақыру», «жан шақыру», «дерт шақыру» басы сарыны, бәдік, арбау-байлау өлеңдері, тыб, үшікіру, қағу, дем салу көрінеді. Бұл өлеңдер белгілі бір іс-әрекетке құрылып, ғұрыпты, рәсімді, жораны өткеру үстінде ғана айтылады. Бұндай өлеңдерді көрнекті ғалым Б.Путилов белгілі бір ритуалмен байланыстырады. Фрай да өзінің зерттеу еңбегінде әдебиеттегі драма жанрының шығуын ритуалмен байланыстырады. Фрайда өзінің зерттеу еңбегінде әдебиеттегі драма жанрының шығуын ритуалмен байланыстырады. Мифті халықтық ойынмен, салт-дәстүрмен байланыстыру миф поэтикасын зерттеген Е.М.Мелетинский еңбегінде қарастырылды. Ғалым «карнавалшылдықты» қатаң регламентация мен тотальдық шеңберде белгілі «демалыс» ретінде қызмет атқарғандығын айтады. М.М.Бахтиннің Рабле романы туралы айтқан пікірі миф поэтикасын зерттеуде маңызы зор. Ол романның туу мен дамуын халықтың күлдіргі шығармашылығымен байланыстырады. Рабле шығармашылығының жұмбақтық кілті генетикалық жағынан «халықтың күлкі өнерінде». Карнавалдық әлемде утопиялық еркіндік, теңдік атмосферасы жасалады. М.мбахтин Рабле шығармашылығының фольклорлық-ритуалды мифологиялық тамырларын «карнавалшылдылық мәдениетке» талдау жасай отырып көрсетті. Карнавалдық белгілер А.Белый(«Петербург»), Т.Манн («иосиф және оның бауырлары»), Г.Хессе («Дала қасқыры»), Дж.Джоис («Уллис») т.б. шығармаларында кездеседі. Мәселен, театрдың пайда болуына ерте уақыттағы аңшылық тпен аңшылық ойын-сауықтары, халық мерекелері мен салт-жоралары негіз болған. Ойын-сауықтар белгілі бір діни наным-сенімге қатысы орындалып отырған. Ойын-сауық белгілі бір діни наным-сенімге қатысты орындалып отырған. Ойын-сауық әрекетінің діни-салттық негізден бірте-бірте арылып бөлінуі әдеби драмалардың тууына әкелді. Ежелгі греция топырағында туған Эсил, Софокл, Еврипид трагедияларында мифологиялық сюжетке құрылған аңыз құдайлары мен қаһармандарының образы жасалды. А.Н.Веселовский поэтикалық тектердің шығуын қарастырғанда, жанрлық формаға көңіл бөліп, әрбір поэтикалық тек әдет-ғұрып өлеңдерінен пайда болып, одан ары қарай дамыды дейді. Мифологиялық сана қабатында дүниеге келген алғашқы әдет-ғұрып өлеңдері кейіннен эпостық жырлардың туындауына жол салды. Грек әдебиетіндегі құдіретті күштердің қақтығысын суреттейтін «Одиссей» мен «Иллиада» батырлық жырларының негізі – мифология. Сол сияқты қазақ әдебиетіндегі ең ескі дәуірде шыққан эпостық жырдың бүгінгі күнге жеткен «Ер Төстік», «Төлеген батыр», «Сұр Мерген», «Қара мерген», «хан бодай», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Дотан» т.с.с. жырлар бертінде ертегіге айналған. Ғалым Ә.Марғұлан «Ер Төстік» жыры мен ескі грек әдебиетіндегі «Иллиада», «Одиссей» жырына салыстырмалы талдау жасап, «Ер Төстік» жыры сияқты мифтер ескі шумерлерде, гректерде көп болған және «Ер Төстікте» «бір жағынан фантазия күшті болса, екінші жағынан кәрі заманның мифі» - дейді. Түркі ру-тайпалардың батырлық жырларын құрайтын – «Күлтегің», «Тоныкөк» ескерткіштері, «Оғыз-наме», «қорқыт ата кітабы», «Алпамыс» жырларында мифологиялық сюжет басым. Сондықтан да «қазақ романының тамырлық жүйесі – қазақ батырлық эпосынан» бастау алары сөзсіз. Профессор З.Қ.Бисенғали «Айман-Шолпан» лиро-эпостық жырынан романдық жанр қырының толық көрінісі бар дей келе, Көтібар бейнесін Дон Кихоттық мінез-құлықтық белгілерімен жақындықты салыстырады.
Көркем әдебиетте ежелгі түсініктердің көрінісі беруі, қазіргі авторлардың мифологиялық құрылымдарға жүрген салуы бір нәрсені анық байқатады: қоғамдық сананың ең бірінші ойлау формасы болып табылатын мифологиялық ойлау әрбір адамның санасында сақталып қалған. Нәтижесінде ол (миф) көркем шығарманың құрылымына еніп, трансфармацияланады. Көркем өнерге айналады. Мифтің трансфармацияға ұшырауынан пайда болған мифопоэтикалық форма миф пен әдебиетті байланыстырушы қызметке ие. Мифопоэтикалық форма – индивидуалды сана жемісі. Мифопоэтикалық форма архаикалық формаға еліктеу емес, ол жеке авторлық шығармашылық жұмыс түрі болып табылады. Миф, мифопоэтика саласында жұмыс істеген шетел ғалымдары ішінен Н.Фрай, М.Элиаде, Дж.Кэмпбелл,М.Бодкин, Г.Слокховер сияқты ғалымдарды атауға болады. Мифопоэтикамен айналысатын арнайы бағыттардың көп жылғы ізденістерінің нәтижесінде аса қат жинақ еңбектер жарық көрді. Қазіргі зерттеушілер жұмыстарынан «миф», «мифопоэтика», «мифопоэтикалық» сөздерінің жиі кездесуі көркем әдебиетте мифтік шығармашылыққа деген қызығушылықтың артуын көрсетеді.
Мифология көптеген уақыт бойы дәстүрлі көркемдік ойлау жүйесінде дайын көркем форма ретінде қызмет атқарып келді. Қазақ прозасының бастаулары өзінің даму барысында халықтың ежелгі мәдениетімен суысындап, дәстүрлі халық эстетикасы мен фольклор поэтиаксымен байланысын үзбеді. Жазушылардың жеке шығармашылық ұстаханасындағы көркемдік-идеялық ізденістерге архаикалық мәдениет материалдары бастама болды. Архаикалық әлемдегі адамның шынайы және көркем ойлау жүйесі болып табылатын миф бүгінгі өркениеттің даму сатысында да қайталанбас мазмұнға ие. Адамзаттың мәдени байлық көзі бола отырып ол келесі ғасыр әбебиеті мен өнеріне ықпал етті. Көптеген миф сюжеттері поэзиялық, прозалық, драмалық шығармаларға арқау болды. Адамзат тәжірибесінің «түйіні» болып табылатын ондағы мазмұн байлығы әр түрлі бағытта қалам сілтеген қаламгерлерді қызықтырады және қызықтыра бермек.
2. Қазақ көркем прозасының қалыптасу процесі ХХ ғасыр басына келеді. С.Сейфуллин «Айша», «Жер қазғандар», повестері, «Тар жол, тайғақ кешу» романы, Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнекейдің жазығы» повесі мен әңгімелері, М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» повесі мен әңгімелері, М.О.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Қаралы сұлу» т.б. әңгімелері мен «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қилы заман» повестері және т.б. көркем туындылар қазақ прозасының даму сатысын көрсетеді. Қазақ әдебиеті классиктері шығармаларының көтерген мәселелері әлеуметтік өмірді, оның қайшылықтары мен эволюциялық даму жолдарын, кейіпкерлердің саяси өресі мен психологиялық сипаты тұрғысынан суреттеу жағынан да сол тарихи уақыт эстетикасымен, социалистік реализм талаптарымен ұштасып жатады. Қаламгерлерге адам жанының эволюциясын ревалюциямен байланыстыра бейнелеу жаттанды үрдіске айналды. «Социалистік реализм» талабы қатаң сақаталынды. Ұлттық тамырлардан ажыратылған көркем ойлау мен көркем шығарма социалистік реализмнің эстетикалық ойлау типі негізінде совет адамының революция әсерінен жеке тұлға ретінде дамуын жалаң суреттеумен шектелу мен ұран сөздермен дәріптеуге көңіл бөлушілік басым болды.
С.Мұқановтың «Сұлушаш» романы халықтық дастан негізінде жазылған туынды. Роман құрылымындағы мифопоэтикалық пішін кейіпкердің көңіл-күйін сипаттауда, жан диалектикасын көрсетуде көркемдік шешім тапқан. Кейіпкерлердің көңіл-күйіне сай желдің «серік боп «ілесуі», қара қурайлардың «жол болсын» айтуы, күннің «күлімдеуі», желдің «күбірлеуі», жапырақтардың «дірілдеуі», қурайлардың «басын июі», жас талдардың «шашын жаюы», желдің «дем алмай ішін тартуы», Шолпанның «күлімсіреп батуы», жынды толқынның жынданып «сылқ-сылқ күлуі» сияқты табиғат құбылыстарын жансыз етіп, жанды сана-сезім иесі түрінде бейнелеу мен суреттерге мифтік мазмұн дарытады.
С.Мұқановтың «Ботагөз» романында романның бас кейіпкері шахтада жалғыз қалған Ботагөз бойын билеген қорқыныш сезімін бейнелеуде мифтік желі пайдаланады. Мұндағы мифтік желі шығармаға ешқандай философиялық астар, мағынаға тереңдік беру сияқты күрделі ойларға жетектемейді, оны автор көздемеген де, тек мифтің экспессивтік қызметін ғана пайдаланады.
Қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғ.Мұстафиннің «Шығанақ»романындағы басты кейіпкер Шығанақ бейнесінен шартты түрде – мифтік образ деп қарастыруға болады. Ол күріш өсіруден республика бойынша рекорд жасайды, «Социалистік Еңбек Ері» атанады. Шығанақ – ел қамын жеген, қайрат пен жігерге толы адам бейнесі. Бұл жағынан келгенде ол Асан Қайғы, Қорқыт, грек мифологиясындағы Прометейдің бүгінгі қоғамдық шындыққа жанасқан бейнесі.
Ғ.Мүсіреповтың «Ер Қаптағай», «Жеңілген Есрафил», «Өмір жорығы», «Қыран жыры», «ана жыры», «Жапон новеллалары» әңгімелері-қазақ әдебиетінде мифопоэтикалық ойлау дәстүрі қатарына жататын, осы дәстүрді жалғастырған шығармалар.
М.Әуезовтың «Қорғансыздың күні» атты повесі қазақ прозасында алғаш мифопоэтикалық форманы негіз етіп пайдаланған туындылардың бірі. Повестегі оқиға аңыздық Күшікбай сюжетінен өрбиді. Арқалық тауының бір кезеңі Күшікбай атымен аталады. Арқалық даласының жалаңаш, көзге көңілсіз табиғаты, күні түні айықпайтын боран сыры жалаңаш, көзге көңілсіз табиғаты, күні түні айықпайтын боран сыры Күшікбай аңызымен ашылады. Шығарманың экспозициясы түгелдей Күшікбай аңызына арналады. Күшікбай туралы аңыздың мифтік сипаты оның өткен мен бүгінгіні байланыстырушы қызметінен көрінеді.
3. Қазіргі әдеби процесс, оның көркемдік ойлау жүйесі өткенге табан тіремей, көркем-философиялық тамырлардан нәр алмай өсіп-өнбек емес. Ұлттық ойлау ерекшелігінің арналарын пайдалану – ұлттық көркем спецификаны түсінуге мүмкіндік береді. Мифтер көркем ойлауда әдебиеттің әр жанрында кеңінен қолданып, оның символикалық және аллегориялық мағынасын арттыруда. Өнер туындыларындағы «мифологизм» көркемдік тәсіл және көркемдік дүниетаным ретінде қабылдана бастады. Осынау өзгеше құбылыс туралы әдебиеттану ғылымында көп айтылып, келелі әңгімелердің көрігін басқандай көрінгенімен, бұл мәселе жан-жақты зерттеліп біткен жоқ. Әдебиеттегі мифологизм мәселесі, миф поэтикасы төңірегіндегі сұхбат көбіне шетел әдебиеті мысалдары негізінде қарастырлып жүр. Ұлттық әдебиетте ондай қат еңбектер жоқтың қасы. Қазақ әдебиетіндегі мифтік шығармашылық, оның мәні мен табиғатын тану мәселесі зерттешісін күтіп жатыр.
Мифопоэтикалық форма – қаламгердің интелектуалдық ой-қиялының қуат-күшіне бағындырылған, көркемдік мүддеге қызмет ететін эстетикалық құрал. Көркем әдебиетте бұл форма бірде жазушының табиғи талантының нәтижесінде қолданылса, екіншілерінде шектеулі шекара түрінде, яғни, материалды сұрыптау мен жинақтауға қатысатын, белгілі бір жүйеге келтіретін сипатта пайдаланылса, үшіншілерін – мифтің романтикалық пафосы, экспрессифтік тіл көркемдігі, эмоционалдық және эстетикалық әсері т.б. қызықтырса керек. Бірақ қазіргі әдебиетте мифті меңгере қолдану басым. Бастапқы мифтік схемалардың шектеусіз мүмкіншіліктері қаламгерлердің творчестволық интеллектуалының нәтижесінде бүгінгі өмір шындығына жақындастырылып, философиялық тереңдік дарытуда саналы түрде жетілдіруде.
Мифтік ойлау ұлттық әдебиетіміздің бастауында тұрған А. Құнанбаев, С. Сейфуллин, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, қазіргі қазақ әдебиетіндегі майталман сөз зергерлері С.Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, М. Әуезов, І. Есенберлин, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, С. Жүнісов, Ә. Нүрпейісов, Т. Әлімқұлов, М. Сқақбаев, с. Санбаев, Д. Досжан, Ә. Тарази, Ә. Әлімжанов, Бақытжан Момышұлы, Р. Мұқанова, Р. Сейсенбаев, Т. Нұрмағамбетов, Дидар Амантай, А. Жақсылықов, Т. Әсімқұлов шығармаларында ең өнімді тәсілге айналғанын айту парыз.
Қазақ ұлттық прозасының, соның ішінде роман құрылымына мифопоэтикалық пішіндерді кіріктіруде әр түрлі тәсілдерін игеруде, жаңа сапалық қасиеттерге қол жеткізуде олар батыс пен шығыстың озық әдебиет үлгілері жетістіктеріне сүйенген. Ол жетістіктер мифтік шығармашылықтар өз шығармаларында әдеби тәсіл етіп пайдаланған сөз зергерлері Т. Манн («Доктор Фауст»), дж. Джойс («Уллис»), Э.Т.А. Гофман («Золотой горошок »), Габриель Маркес («Жүз жылдық жалғыздық»), Ф. Кафка («Құбылушылық») т.б үздік туындыларынан танып сезінеміз. Әдебиет әр уақытта қозғалыста, идеялық және эстетикалық жағынан даму процесін бастан кешеді. Ол сөз өнері үшін, соның ішінде роман жанры үшін де жаңа тың форма іздеу, суреткерлік мәдениетті өсіру қажеттіліг заңдылығынан туындайтын құбылыс. Көркем шығармадағы жаңа ізденістің жоқтығы, бірқалыптылық пен догмалық принциптерге сүйену руханият дүниесінің өміршеңсіздігене әкеп соғады. Міне, осы жағынан келгенде мифопоэтикалық форма жазушыларды тірелген тұйықтан шығарып, көркем әдебиеттің жаңа сапалық қасиеттерге ие болуына, тың әдеби әдістердің өмірге келуіне ықпал етті.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымында шығарма құрылымындағы мифопоэтикалық пішін мәселесі бүгінгі таңда аса қажет етіп отырған зерттеу объектілерінің бірі. Көркем шығармадағы аңыздар мен мифтердің поэтикалық құрылым арнасында атқаратын қызметі туралы М.О.Әуезов, Ә.Марғұлан, З.Қабдолов, Б.Кенжебаев, З.Ахметов, М.Жолдасбеков, Т.Кәкішұлы, М.Базарбаев, Р.Бердібаев т.б еңбектерінде қарастырлады. Әсіресе, фольклорист-ғалым С.Қасқабасов еңбегі қазақ әдебиеттану ғылымында миф жанры туралы алғаш жүйелі түрде сөз қозғайды, сондықтан біз үшін бұл зерттеу еңбек өте бағалы.
Зерттеу жұмысымызда миф поэтикасын қарастырған шетел ғалымдардың іргелі зерттеу жұмыстарын басшылыққа алдық. Атап айтқанда, Е.М.Мелетинский, М.М. Бахтин, Ю.Лотман, О.Фрейденберг, В.Н.Веселовский, В.Пропп, В.Н.Топоров т.б. ғалымдардың еңбектеріне сүйенеміз. Сондай-ақ зерттеу объектісі ретінде алынып отырған тақырыпқа қатысы бар орыс зерттеушілерінің диссертациялық жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.
Қазіргі қазақ әдебиетінде мифтік шығармашылыққа жазылған еңбектерінен М.Қадыралинова, А.Ісмақов, А.Мәуленов, Ж.Аймұхамбетова, Ж.Дүйсенбаеваның кандидаттық диссертациялары мен А.Қыраубаева, А.Жақсылықов, Б.Жетпісбаеваның докторлық диссертация жұмыстарын атауға болады. Бұл зерттеулер қазақ әдебиетіндегі мифтік шығармашылықтың, оның ішінде роман құрылымындағы мифопоэтикалық форманың зерттелу деңгейі әлі де болса жете қарастырылмағандығын, толық қамтылмағандығын көрсетеді.
Қазақ әдебиетіндегі мифологизм процесі Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов және тағы басқа қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларынан сүбелі сыбағасын иемденген. ХХ ғасыр басында мифтік шығармашылықты биік өнер өресіне көтеру, миф – аңыздарды шығарма тінінде үлкен шығармашылық пен ХХ ғасыр басындағы мифтік шығармашылық арасында үлкен айырмашылық бар. Бұл әдеби процесске тән құбылыс. Кеңес дәуірі кезеңіндегі идеологиялық ойлау, дауырықпа саясат әсерінен ұлттық рухани байлық белгілі себептермен кіре алмаған. Бұл кезең шығармаларына, бұл уақыт өкілдеріне тән сипат соцалистік ойлау типі негізінде адамның революция әсеріне жеке тұлға ретінде дамуына, соны дәріптеуіне көңіл бөлушілік басым болды. Бүгінгі қоғамдағы ғылыми-техникалық прогресс әдебиетке де ықпал етті. Қоғам дерті болған нашақорлық, адамгершілік ізгі қасиеттерден қол үзу, психологиялық нашар климат, ұлттық мәңгүрлік, ауру атмосфера т.б. толып жатқан келеңсіз көріністер көркемдік мүддеге қызмет ететін мифопоэтикалық пішінді творчестволықпен меңгеру арқылы философиялық сипатқа ие болады. Сондай философиялық сипатқа ие болған роман қатарына жазушы Әкім Таразидің «Жаза» романын жатқызамыз. Әкім Таразидің «Жаза» романының баяндау стилі әлем әдебиетіндегі модернистік түрінде жазылған. Роман ауқымы 62 беттен әзер асады. Бірақ көтеретін мәселелері бүгінгі технократиялық заман жетістігінің адамзатқа тигізетін зардаптары, әлем жұртшылығын қинаған адамгершілік, гуманизм идеяларын насихаттайды. Або қанша жан салып соғысқа қатысқанымен, Отан алдындағы перзенттік борыш, ондағы ел қорғау жолында көрсеткен ерліктер т.с.с мәселелер көтерілмейді, мұндағы басты мәселе ауған соғысын суреттеу, оның зардаптарын беру арқылы адамзат трагедиясын көрсету. Романның басты кейіпкері Або нөиері бірінші мөлтек айданының нөмері екінші балабақшасының күзетшісі. Бірақ бұл жұмыс Абоның сыртқы кейіпінің көрінісі, оның ішіне үңілсеңіз «момақан» Або дүлей күш «аюға» айналып шыға келеді. Роман психологиялық тартысқа құрылған. Або ақыл-есінде кемістік бар, жүйкесі тозған, психикалық ауруға ұшыраған адам. Кейіпкерлерді қоршаған кеңістік те – ауру, дімкәс ортаны бейнелейді. Або айналада болып жатқан хаусқа қарсы,өзін дүниені ретке келтіруші иемін деп санайды. Өзінің жасаған қылмыстарын «Ұлы Мақсат» деп таниды. Романда автор қаоғамдағы қарама-қайшылықтарды емес, оның адам санасындағы кризисті жағдайын, трагедиялық дүниетанымын суреттейді. Қоғамның жақсаруына сенбестік оған адамзат алдында белгілі бір жауаптылық жүктейді. Сондықтан да Або сол қоршаған ортадан жырақталып, өмір туралы өз философиясын құрып, азып тозған заманды ретке келтіру үстінде көрінетін табиғаты тосын да жат кейіпкер. Бүгінгі ұлттық әдебиетімізде өмір шындығының еш боямасыз суреттері Або сияқты рухани жағынан шаршаған замандас бейнесі арқылы көрінеді.
Жазушы Р.Сейсенбаевтың «Өлілер құмды кезіп жүр» («Мертвые бродят в песках»,қазақшалап берген – Ғ.А.) романы модернистік ағымдағы мифопоэтикалық пішінді қолданудың жаңа үлгісі. Романда адамзат зұлымдығынан көк теңіздің бүгінгі экологиялық апатты аймаққа айналуы суреттеледі. Кезінде көк майса шөбі жайқалып, теңіз суынің шуылы алыстан естіліп тұратын елді аймақ ендігі жерде құмды өлкенің тұтқынына айналды. Табиғаттың көркемдігі Қараой ауылы адамдарының жанына да көркемдік сыйлаған. Табиғатқа тән сұлулық, пәктік сол өлке адамдарының бойына егілген қасиет. Бұл қасиеттің қайнар көзі – көк теңіз. Олар ешқашан да байлыққа ұмтылмаған, қарапайым өмірді ұстанған жандар. Еңбекқорлықты, бір-біріне деген адамшылдық қасиетті, жүректің ашықтығын жоғары қойып, қасиет тұтқан. Бірақ адам қолымен, адам санасымен жасалған ғылыми-техникалық жетістіктер, өркениет адамның табиғат бірлігінен ажырап, оған қарама-қайшылықты іс-әрекетке баруы – трагедияға алып келеді. Көк теңіздің жер бетінен жоғалуына себеп болады. Қараойдай жер ұжмағы тозаққа, құмға айналады. Ауыл тұрғындары көше бастайды. Бақытты заман теңіз суымен бірге құмға сіңгендей болады. Ролланның «Өлілер құмды кезіп жүр» романы өз халқының, туған жерінің тағдырын шығармаға арқау етеді. Романды туған жер туралы философиялық толғау десе де болады. Суреттелетін географиялық орта – Балқаш, Зайсан, Сырдария аймақтары. Шығармаға арқау болған ауыл адамдары – Нұрдәулет, ақыл-естен айрылған Қызбала тағдырлары өмір үшін күрескен адам рухының мықтылығын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |