Б А Л Қ А Ш
Балхаш көлі
Координаталары: 46°32′27″ с. е. 74°52′44″ ш. ұ.
Орналасуы: Қазақстан
Теңіз деңгейінен 340 м-де жатыр
Ұзындығы: 605 км
Ені: 9-дан 74 км дейін
Ауданы: 16,4 мың. км²
Көлемі: 112 км³
Жағасының ұзындығы: 2 385[1] км
Ең терең жері: 26 м
Орташа тереңдігі: 5,8 м
Мөлдірлігі: 1-5,5 м
Тоғандарының ауданы: 413 000 км²
Құйатын өзендері: Ілі, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз
Ағатын өзендер: жоқ
Қазақстан картасындағы Балқаш көлі
Балқаш көлі – Қазақстандағы ең ірі көлдердің бірі. БАЛҚАШ — Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы көл. Аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі 3-орында. Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегінде, Балқаш-Алакөл ойысында, теңіз деңгейінен 340 м биіктікте жатыр. Ауданы құбылмалы: 17 — 22 мың км2, ұзындығы 600 км- ден астам,ені шығыс бөлігінде 9 — 19 км, батыс бөлігінде: 74 км-ге жетеді. Суының көл шамамен 100—110 км3, Су жиналатын алабы 500 мың км2-ге жуық, Орташа тереңдігі 5,8 м. ең терең жері 26 м. Балқаштың батыс бөлігіне Іле (жер бетімен келетін судың 78,2%-ін береді), шығыс бөлігіне Қаратал (15,1%), Лепсі (5,4%), Ақсу (0,43%) өзендері құяды. Солтүстіктен ағатын Аягөз, Бақанас, Тоқырауын, Жәмші,Мойынты т.б. өзендер әдетте көлге жетпей сарқылады. Көлдің солтүстік жағалауы Сарыарқаның ұсақ шоқылы тау сілемдерімен ұштасып жатқандықтан, биік жарқабақ болып келеді және көптеген жыра-жылғамен тілімделген, жыра-жылғамен тілімделген, ал оңтүстік жағалауы – суы біртіндеп тартылған кезде жиналған шөгінділерден пайда болған құмды ойпат. Көлдің көптеген шығанақ, қойнаулары бар, аралдары аз, үлкендері: Басарал,Тасарал.
Балқаш көлінің ойысы ірі-ірі бірнеше арнадан тұрады. Көлдің ең терең жері Шығыс Балқаштың орталығы – Бөрлітөбе маңы. Балқаштың батыс бөлігінің ең терең жері Бертіс шығанағы, ал шығысында Қоржын аралы маңында. Көлдің батыс және солтүстік жағалаулары биік, тік жырлауытты, судың бетінен 20-30 метр жоғары тұр. Жағалаудағы төбелердің аралығында және көлдің тайыз жерлерінде қиыршық үйме тастар кездеседі. Жағалауы тілімденбеген. Тек қана Мыңарал аймағындағы жағалаулар тілімденген, бұл жерде көптеген шығанақтар, мүйістер, су үсті және су асты аралдары бар.
Балқаш көлінде көптеген ірі-ірі шығанақтар, түбектер бар. Шығанақтардың ішіндегі ең ірілері – Алакөл, Қарақамыс, Бертіс, Қашқан теңіз, Сарышаған, Балықты көл, Қарашаған және басқалары. Ал көлемі жағынан ірі түбектер Қоржын түбек, Қарағаш, Бертіс, Байғабыл, Шауқар, Кеңтүбек, Сары есік, т.б. Сары есік түбегі Балқаш көлін Батыс және Шығысқа бөліп жатыр, ол Ұзын арал бұғазы арқылы түйіседі.
Балқаштың оңтүстігінде Іле өзенінің құяр сағасында Үшарал архипелагы жатыр. Оған Бесарал, Ортаарал, Аяқарал т.б. шағын аралдар кіреді.
Көлдің солтүстік жағалауына аласа бұтақты долана, ал оңтүстігінде жыңғыл, жантақ, теріскен, ішіара тораңғы өседі. Іле мен Лепсі өзендерінің төменгі жағында жиде және тал өседі. Ескі Бақанас ауданында үлкен аумақты сексеуіл тоғайы алып жатыр.
Балқашқа құятын өзендерді оңтүстік және солтүстік өзендері деп екіге бөлуге болады. Көлдің солтүстігінде өзендер сирек кездеседі, көлге оңтүстіктен – Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі құяды. Су балансының негізін осы өзендер құрайды.
Солтүстігінен Аякөз, Бақанас, Тоқырау және Мойынты өзендері құяды, бірақ көбінесе су мөлшерінің аздығынан көлге жетпей, жерге сіңіп кетеді.
Балқаш көлі толқынды. Көлдің шығыс бөлігінде толқынның биіктігі 3-3.5 метр болады, батыс бөлігінде 25 метрден аспайды. Біріншісі, көлдің батыс бөлігіндегі ағыны.
Бұл ағын Іле өзенінің Балқаш көлін құяр сағасынан бастап батысқа қарай ағады, сонан кейін Мыңарал ауданында ол солтүстікке бұрылып, көлдің батыс, солтүстік-батыс және солтүстік жағалауларын бойлай Ұзынарал шығанағына жетеді. Бұл жерде су ағыны Сарыесік түбегіне келіп тіреледі де оңтүстікке, сосын оңтүстік-шығысқа қарай бұрылады, одан әрі ағын бірте-бірте бәсеңдеп, Батыс Балқаштың шығыс жағалауына келіп тоқтайды. Екіншісі – жел әсерінен болатын ағындар.
Балқаш көлінің суы Іленің құйған жерінде 0.2-0.4 метрге, ал шығысында 10-12 метрге дейін мөлдір. Жазға қарағанда қыста анағұрлым мөлдір болады. Көл суы оңтүстік-батыс жағында ылайлы сарғыш, шығысқа қарай көк-жасыл түске енеді. Көл суының температурасы батысында 9.9 градус, шығысында 8.5 градус болады, ал қыс айларында керісінше. Судың ең жоғары температурасы шілде айында батысында 23.8 градус, ал шығысында 20.1 градусқа жетеді.
Балқаштың батыс бөлігі қараша айының екінші жартысында, ал шығысы желтоқсан айының аяғында қатады.
Табиғаты. Балқаш өңірі - әрі жылы, әрі күн сәулесі көп түсетін табиғаты жағынан Қазақстандағы тартымды жерлердің бірі. Шөлді болып келетін қуаң дала Балқаш көлінен нәр алады. Бұл аймақ өзінің әсем көрінісімен, ерекше өсімдіктер және жануарлар дүниесімен белгілі.
ХХ ғасырдың 50-жылдарына дейін бұл жерде хайуанаттар қожасы жолбарыс болған. Өтуге болмайтын шытырман тоғайдың арасынан жабайы шошқаны да кездестіруге болады. Іле өзенінің атырауын секемшіл елік, сайғақ пен қарақүйрық, түлкі мен борсық мекендейді.
Балқаш өңірін әр түрлі құстар мекендейді. Көлдің шеткері түпкірлерінде қызғылт және бұйра бірқазан құстар ұя салып бакландармен бірге үлкен сап түзеп көлде жүзіп жүреді.
Бұл аймақтың өсімдіктері әсіресе елсіз даладағы шабындықтар мен батпақты жерлердегі өсімдіктер өзара үйлесімдік тауып далаға ерекше нәр беріп тұрады. Олар: сексеуіл, жыңғыл, жусан, қарандыз, мия, түйетікен және сасыр. Сонымен қатар талды ормандары тораңғы және жыңғылды шағын тоғайлармен ұштасып жатады. Сулы жерлердің бәрінде де қамыс, жөке, құрақтар өседі. Осы ну тоғайлы, қоғалы жерлер көптеген сүтқоректілердің, құстардың, балықтардың тіршілік алаңы сияқты. Балқаш өңірінде сасыр, жусандар мен араласа өскен қызғалдақ пен бәйшешекте даланы ерекше сәнге бөлеп тұрады. Осы көріністерге асқақтықпен 1000 метрлік биіктіктен қарап Бектауата тау алабы созылып жатыр.
Балқаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан батыс пен шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетіндігінде. Батыс бассейні бұрын суы көп болған Іліден толығатындықтан су тұщы болады да, шығыс бөлігі – ащы. Қазір көлге Іле, Қаратал және Лепсі өзендері құяды. Кей жылдары қатты тасыса Аягөз өзенінің суы жетеді. Бұл көл төрт облысты – Алматы, Қарағанды, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарын тоғыстырып тұр. Батысында ең сусыз және тіршілік иелері аз кездесетін Бетпақдала жерімен шектеседі.
Балқаштың табиғаты өте таңғаларлық және оның қарама-қайшылықтары да өте көп. Климаты – күрт континентальды. Жазғы және көктемгі, күзгі маусымдарда ағып құйылған су түгелге жуық буланып кетеді де, көлдің деңгейі 12 текше километрден 200 текше километрге дейін ауытқып отырады.
Іле – Балқаш бассейнің биологиялық тіршіліктің түр-түрін, бағалы балықтарды өсіру сияқты балық шаруашылығы тұрғысынан алып қарағанда да маңызды су қоймаларының бірі болып табылады. Ихтиофаунаға жататындар ішінде сазан, Амур балығы, шабақ балық, каяз балығы, шұбаржон балық, ақбалық, ақмарқа, табан, жайын және басқаларын атауға болады. Көлден жыл сайын 8-10 мың тонна балық ауланады. Балқаш ақбалығы мен оның алабұғасы Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Аралда өліп қалған шабақ балықтар мен Арал каязы тек осында ғана сақталған. Оңтүстік Балқаш жағасындағы қамыс тоғай арасында, өзен жағалауларында жыл сайын мыңдағын түрлі құстар мекендейді. Солардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына жазылған жиырмадан астам құс түрі бар. Бұл жерде қабандар мен ондатралар, киіктер көптеп саналады.
Көлдің солтүстік жағалауында отандық өндірістің алыбы, әлемдік кәсіпорынның алдыңғыларының бірі – "Балқашмыс" АҚ орын тепкен. Көлдің оңтүстік жағалауын құнарлы жайлымдар мен егістік алқаптар алып жатыр.
Балқаш көлі демалыс пен саяхат үшін аса бірегей орын. Мұнда жыл сайын еліміздің әр түкпірінен мыңдаған адам келіп демалады.
Балқаш аңызы және атауы.. Ертеректе Балқаш бойының тұрғындары көлді Ақ теңіз және Жұмбақ көл деп екі түрлі атап келген.
Ақ теңіз деп көлдің батыс жағалауын мекендеген жұрт атаған. Оған себеп: негізгі өзендер Іле, Ақсу, Көксу, тентек және толып жатқан жер асты сулар көлге батыс жағынан құяды да, ондағы көл суының жартысы тұщы болып келді және сырт көрінісі мөлдір ақ түсті болды. Ал, көлдің оңтүстік-шығысын мекендеген ел “Жұмбақ көл” деп ат қойған. Бұл тұстан көлге Лепсі, Аягөз өзендері құяды, ал жер асты сулары бұл жағынан көлге қосылмайды. Көлдің қазіргі атауына байланысты халық ішінде бұрыннан айтылып келе жатқан аңыз бар.
Бұдан көп ғасырлар бұрын көлдің батыс жағалауында мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей сұлу, ақылы асқан, келбеті жарасқан қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл аймағы еркелетіп, оны Балқияжан, Балқаш деп атап жүріп ақырында Балқаш деп атап кетіпті.
Күндердің күнінде осы Балқаш айдай толып, алмадай пісіп, кемеліне келіп бой жетіпті. Осы шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай құдалық қамына кірісіп “қамдана берсін, келінімді биыл күзде түсірем” деп қыздың әкесіне сәлем жолдапты. Бесік құдасынан хабар келген әке қам жасай бастайды. Ал айттырып қойған күйеудің тілі сақау, есерлеу жігіт екен. Балқашқа бұл хабар төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы кірмей, сарғайып, сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын-туған “бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді”, “Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды” деп жұбатысады. Күнде ойын, күнде думан жасап көңілін бөлмек болады. Қайғы-қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды. Жадыраған жаз өтіп, қоңыр күз келе жатады. Қыз елден безіп қаңғырып өлсе де есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңіл қосып жүрген осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, еті тірі Ерден деген жігітке Балқаш жолығады.
- “Қайтсең де мені мына пәледен құтқар, өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпеймін, өлсең көріңе бірге түсейін”- деп асылып отырып алады. Паналар жері, бетке ұстар елі жоқ жігіт не істерін білмей қатты қысылады. Ақыры, қыздың зарынан қабырғасы сөгілген, бір жағынан жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнді қызды атпен алып қашады. Барар бағыты бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның аржағына, Ұлы жүз еліне өтіп кетпек болады.
Екі жас түн жамылып, тау бөктерлеп, жапан түз сусыз шөлді кезіп өтеді. Қамыстың құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар слққан үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап, мұздың қатуын күтеді. Ауыл бұлардың қайда кетіп, қайда қонғанын білмей елден – елге кісі шаптырып, сұрау салып, сабылысуда болады.
Ерден күндіс аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа асыр салып, ойнаған шабақтарға қарап, бір ғана соны ермек етеді. Елін сағынып, болашағын ойлап зар қағады:
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында,
Өмірдің өлім менен арасында.
Шабақтай мына жүрген тайраңдаған
Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?
Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астымен кетсем зытып,
Қолында дұшпанымның пенде болмай.
Қор етіп көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге?
Күндер өтіп, күн салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастайды. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып-ұшуда. Өстіп жүргенде бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қостан жүгіре шыққан Ерден екі аттың жанында жарғалы тұрған қабанды көреді. Жігіт мұны көре сала қос жанында жатқан сойылды ала жүгіреді. Аттарды құтқармақ болып жанталдасып жүрген Ерденді қарыстай ауызымен түйреп өтеді. Сол мезетте осқырынған арқандаулы аттар байлауын үзіп қашады. Қабан солардың соңынан ктеді.
Бағанадан бері безек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш жүгіріп келіп, қызыл қанға боялып жатқан Ерденге бас салады. Сүйемелдеп қосқа кіргізіп жарасына қараса қабан шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп, жарасына басады. Күл себеді.
Ал босанған сәйгүліктер сол кеткеннен елге барып тіреледі....
...Бұл күндері жарасы денесіне жайылып өне бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерденнің әлі азая бастайды. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болады. Жалаң түзде жан жолдасынан айырылып, қыс Балқаш ботадай боздап, жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, есін жиғаннан кейін, қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді арулап көмеді. Жас қабірді құшақтап жылаған Балқаш енді өзіне ор қазады. Содан кейін дүниемен қоштасу үшін жартастың басына көтеріледі.
“Айрылдым айдалада Ерденімнен
Соңынан қолын ұстап ергенімнен.
Болған сон тағдыр солай шара бар ма?
Көп еді көрмегенім көргенімнен
Қош-сау бол, елім-жұртым, ата-ана,
Айдын көл, туған өлке жалпақ дала
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана.
Аққу, қаз қабіріме келе кетші,
Ғаріптің не болғанын көре кетші,
Тәнімдлі қарға-құзғын шұқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші” - деп өмірмен қоштасады.
Осы мезетте иек ортадан бір топ атты сау ете қалады. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, қайын жұртын таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін Балқаш жар соғып, көбік шашып жатқан көлге секіреді. Қаңқылдаған қаз, сұңқылдаған қу көлді айнала ұшіып, адамзаттың аруы Балқашты жоқтасты.
Содан бері көл борйын жайлай қонған ел көлді Балқаш атап кеткен деседі.
Бектауата тау массиві
Қызғылт гранитті құздары, саялы көктерек тоғайлары, шалғындық шөптері мол Солтүстік Балқаш өңірінің оазисі – Бектауата туристерді қызықтырады, еліктіреді. Мың метрден астам биіктікке бой созып жатқан Бектауата шыңын ашық күндері жүздеген шақырымнан көруге болады, сондықтанда оның Балқаш өңірінің маягы деп аталуы да тегін емес.
Бектауата тауы көлемі жағынан онша үлкен емес (4000 га) алайда оның қойнауын шатқалды келеді, мұнда әр алуан құбылыстағы шыңдар мен жартастар көп орналасқан. Бұл таудың атына байланысты Әулие Атабек туралы аңыз бар.
Бектауата тау сілемінде үңірлердің пайда болуы табиғи құбылыс, өйткені желдің, жамбырдың әсерінен тау жыныстары әр түрлі өзгерістерге ұшырап отырады.
Бұл үңгірлерге күн сәулесі терең бойлап түседі, сондықтанда мамандар бұл таудағы үңгірлерді "қоладан жасалған" немесе "хрустальды погреб" деп атайды. Әсемдігі жағынан сирек кездесетін осы көріністер және үңгірге кіретін жол тіктеме жартасты, гранитті құздардың арасында.
Бектауата жерінің қуаңдығына қарамастан әр түрлі өсімдіктерге бай. Оқымысты-ботаниктер 500 га жерде 300 түрлі шабындық және далалық өсімдіктердің өсетінін анықтаған және оның ішінде 50 түрлісі дәрілік өсімдіктер: шимұрын, тобылғы, долана, ырғай, қарақат т.б. Бұл жерде сирек кездесетін Кесслер таспашөбі сақталған, "Бектауата тиіні" деп аталатын өсімдік Қызыл кітапқа енгізілген. Табиғаттың құбылысына таң қалатын тағы бір жағдай мұнда жалаң таста арша өседі. Бұл ағаштың ерекшелігі сонда – ол айлап жаңбырсыз күндер болсада тас қуысынан ылғалды бойына тартады.
Бұл жерде сирек кездесетін тырбиған көртышқан кездеседі, арқар бар. Кең даланың көгалды жерлері көптеген құстарға бай: кептер, алабұлбұл, сарғалдақ, сандуғаш, шақшақай, сарыторғай. Әрине осы табиғи байлықтарды қорғау керек, сақтау керек.
Бектауата тау қойнауында көгілдір тау хрустальдары (су тас) және сирек кездесетін минерал-кварцтық түрлері кездеседі. Табиғат құбылысынан өзгеріске ұшыраған тау жыныстары ғажайып формаларға айналып, қазір әр түрлі атауларға ие болған: "Саңырауқұлақ", "Сандық", "Тасбақа", "Үш тіс" және "Сарықұлжа".
Балқаш қаласының тарихы
Тарих көшіне ілескен Балқаш қаласы сонау Кеңес өкіметінің қарқынды бесжылдықтарының бастауында құрылып, ірі өндіріс орталықтарының біріне айналды. Балқаш өңірін игеру 1928 жылы инженер, геолог И.П.Русаковтың басшылығымен Қоңырат тауларындағы геологиялық-барлау қызметінен басталды. Дәл осы тыңғылықты зерттеудің нәтижесінде Қоңыраттағы мыс қорының өте мол екенін анықтап.екінші бесжылдық жоспарда жедел түрде Балқаш өңірінде мыс алыбын салу белгіленді. Кеңес Одағының барлық жерінен: жұмысшылар, шаруалар,комсомолдар мен коммунистердің қатарынан еріктілер және осы өңірдегі ата-бабаларымыз - көшпенді қазақтар тұтас ауыл болып Балқаш құрылысына ағыла бастады. Құрылыс жұмыстары қазақтың түрен тимеген ту даласында, қатал табиғаттың аясында өндіріс орталықтары мен темір жолдан жырақта іске асты. Жүкті алғашқыда ат-түйемен тасыды. Тағы бір жылы Балқаш көлі арқылы Бөрлі-Төбе айлағынан Бертіс шығанағына жүк тасымалданды. 1935 жылы Балқаш-Қарағанды теміржолы уақытша пайдалануға беріліп, жылу электр орталықтарының құрылысы басталды.1935 жылы мыс алыбының негізгі цехтарымен өндіріс объектілерін салуда үлкен бетбұрыс кезеңге аяқ басты. Осы алып құрылысты тезірек салып бітіру ынтасы құрылысшылардың да өз батырларын туғызды. Қазақтар, орыс, белорус, украин, татар, армян және басқа ұлт өкілдері тізе қосып еңбек етті. 1938 жылы 24 қарашада алғашқы Балқаштың қара мысы алынды. Ал қаланың негізгі құрылысы 1934 жылы басталған болатын. 1937-1938 жылдары құрылыс майданындағы ең бір екпінді, қарқынды істер атқарылған кезең болды. Атап өтер болсақ, Қоңырат руднигінің құрылысы, “Ударник” кинотеатры, Балқаш ТЭЦ-і қатар салынып жатты. Ұлы Отан соғысының қарсаңында ашылған Гүлшат пен Шығыс Қоңыраттағы мырыш пен молибден кеніштері қорғаныс өнімдерін жабдықтауда өте маңызды қадам еді. 1941 жылы Москва түбінен көшіріп әкелінген Кольчугино түсті металлдар заводы комбинат құрамына кірді.“Темірді қызған кезінде соқ ” демекші комбинатты алғаш жоспарлауда қаланы жасылдандыру идеясы да іске асып, 1935 жылы СССР ғылым Академиясының көшпелі сессиясы Балқашта өтті, нәтижесінде Тораңғалықта ботаникалық бақтың орыны белгіленді. Өсімдіктерді климатқа бейімдеу, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл қадам қаланы тек қана жасылдандыру ғана емес, онда бау-бақша өсіру дәстүрінің де негізін салды. 1958 жылғы комбинатты ірі көшенді қайта жабдықтауға дейін де, оның құрамына 25 цех болды. Кейбір цехтардың қуаты жеке - дара заводтарға пара-пар болатын. 1971 жылы Саяқ кеніші қатарға қосылды. 1985 жылы ерекше құрылым сұйық ваннада балқыту(ПВЖ) қондырғысы пайдалануға берді. Бұл құрылыс жоғары өнімділігімен, отын үнемдеумен және басқа да қасиеттерімен ерекшеленеді. Екінші сұйық ваннада балқыту құрылысының аяқталуы мен 1999 жылғы Ванюков пешінің қайта жабдықталуы өндірістің өнімділігін арттыра түсті. Қазіргі уақытта БТКК –да таңдаулы мыс балқыту комплексі жұмыс істеп тұр. Заман талабына сай өндірісте енді шикізат алумен қатар дайын өнім шығару қолға алына бастады. 1986 жылы тұңғыш мыс сымдары алынса, 1997 жылы I-ші алтын құймасы мен байытылған күміс алынды. 1997 жылы 7 ақпанда Балқашмыс мүліктік базасының негізінде “Қазақмыс” корпорациясының структуралық құрамында-Балқаш тау-кен комбинаты құрылды. 2003 жылы мырыш заводы іске қосылып қазыналы Балқаш керегесін кеңге жая түсті.Міне, енді ару Балқаштың жағысында мыс алыбы мен қатар қазақтың сұлу қаласы Балқаш қаласы гүлденіп, түрлене түсті.Тарихқа үңілсек 1938 жылы 2 сәуірде КСРО Министрлер кеңесінің шешімімен “Прибалхашстрой” құрылысшылар кенті Балқаш қаласы статусына ие болды. 1976 жылы СССР Министрлер Кеңесінің шешімімен Балқаш қаласына ерекше архитектуралық құрылысы мен үлгілі құрылымы үшін мемлекеттік сыйлығы табыс етілді. Жыл өткен сайын қаланың көлемі кеңейіп, халық саны өсе түсті. 1987 жылы сәуірде Балқаш еңбеккерлерінің экономикалық-мәдени жетістіктері мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы неміс басқыншыларына қарсы күрестегі ерен ерліктері үшін Халықтар достығы орденімен наградталды.
Балқаш балықшыларының жеке сала болып қалыптасуы 1930 жылдан бастау алады. Көреген бабамыз Қараменде би айтып кеткендей “ойында балығы, қырында киігі” ұрпаққа азық болған қасиетті Балқаш өңірі тек қана өз еліміз емес Одақ көлеміне, шет елге өзінің балығымен де атағы шықты.
Қаланың тарихы, қайталанбас көркем келбеті еліміз қылқалам шеберлері туындыларының негізгі тақырыптарының біріне айналды. Солардың ішінде көрнекті ресейлік суретші Юрий Антонович Зайцевтің еңбектеріне тоқталуға болады. Оның 50 –ге тарта шығармасы Балқашқа арналған еді. “Балхашский мотив”, “Девушка из Бурлю-Тюбе”, “Гавань в Бухте Бертыс” және басқа шығармалары күллі халыққа танымал болды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Балқаштың соғыс және еңбек ардагерлерінің ерлік істері ұрпақ жадында мәңгілік сақтаулы. З. Асфандяров, П. Миллер, В. Хоружая, О. Щермаков, Н. Подсадниктер “Кеңес Одағының батыры”, ал П. Калмыков пен В. Спицындер жауынгерлік “Даңқ” орденінің толық кавалерлері атағына ие болып, қаламыздың атағын елімізден тысқа да әйгілі етті. Ұлы Отан соғысы майданы негізгі ошақтарының бірі Сталинград, Ленинград қалаларын басқыншылардан қорғауда да балқаштық жауынгерлер ерліктерімен танылды. Рейхстаг күмбезіне алғашқылардың бірі болып жеңіс туын қадаған Р.Қошқарбаев “Халық қахарманы” болып даңққа бөленді. Берлинге жеңіс туын тіккен батыр жауынгерлер қатарында В.Громов, Н.Кулжанов, К.Григорьянц, К.Меньшов, Ж.Ақбергенов сынды жерлестеріміздің есімдері де мақтанышпен аталады. Фин соғысының ардагері В. Громов, артилерист Н. Құлжанов, атты әскер жауынгері К. Григорьянц, партизан К. Меньшов, танкист Ж. Ақбергенов тәрізді балқаштықтар жеңіс күнін Берлинде қарсы алды.
Еңбек майданында да мыңдаған қала еңбеккерлері оның ішінде, әсірісе, әйелдер ерен ерлік үлгілерін көрсетті. Соғыс жылдарында тек қана мыс заводында 2875 әйел еңбек етті. Постникова, Кузнецова, Гуриналар шағылыстыру пештеріне кен тиеушілер, Шираймова, Козловалар паровоз машинистері болып еңбек етті. Көптеген әйелдер өндіріс, қала әкімшілігінің басшылығы қызметтерін атқарды. Олардың ішінде А.С. Пирибинус қалалық атқару комитетінің төрайымы, Е. Иванова қала комсомолдарының жетекшісі, Климова, Стародубцевалар комбинаттың жетекші цехтарында ауысым шеберлері болып жұмыс істеді. Нақ осы сұрапыл соғыс жылдарында Социалистік Еңбек Ерлері Н.Г. Чекушина, Ж. Бейсов, Ленин орденінің иегерлері Л. Бакланчикова, Н. Бушуева, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Б. Смағұловтардың комбинаттағы еңбек жолдары басталған еді. Ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да төзе отырып Балқаштық еңбек майдангерлері басқыншыларға қарсы соғысқа елеулі үлес қосты. 80 жастағы қарт ақын Шашубай өзінің найзағайдай күркіреген өлеңдермен елге, жауынгерлерге рух беріп жігерлендіре түсті.
Бүгінде сол алдыңғы толқынның ерлік істері, бейбіт күндері кейінгі толқын ұрпақтарының ерен еңбектерінде жалғасын табуда. Аталанта олимпиадасының жеңімпазы, Баркер кубогінің иегері, боксшы В.Жиров Балқаш қаласының атын әлемге тағы бір қырынан танытты. Ұшқыш–космонавт В.Ланчаков, күміс көмей опера әншісі Э.Епонешникова, ҚазКСР-і еңбек сіңірген әртісі, шертпе күйдің шебері М.Хамзин және басқа өнер тарландары біздің мәңгі мақтаныштарымыз. “Өткендерін еске алған өскендіктің белгісі,өткендерін ұмытқан өшкендіктің белгісі” дегендей Балқаш қаласының тарихын, өз жерлестерінің атақ пен ерлікке толы өмірін ұрпақ санасында жауғыртып отыру біздер үшін қасиетті парыз.
Достарыңызбен бөлісу: |