Наурыздың 21-23-і күндері Астана қаласындағы Назарбаев университетінде қазақ блогшылары «Blogcamp-2012» құрылтайында бас қоспақ. Құрылтай арқалаған жүк жеңіл емес. Қазақтілді блогшылардың интернет контенттегі мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі жиі айтылып жүр. Ал, БАҚ-тағы қазақ блогшыларының рөлі қандай?
Жалпы, «блог» ұғымын қазақ баласы қаншалықты жете меңгерген? Бастапқыда батыс елдерінде блог онлайн-күнделік, яғни, интернет-күнделік ретінде дамыған екен. Кез келген адам өз өмірінің қызықты және қайғылы сәттерімен бөлісіп отыру үшін, болмаса күнделікті өмірін баяндап отыру үшін блог жүргізуді қолға алатын болған. Бірақ, біреудің күнделікті өмірі оқырманның қызығушылығын туғыза қоймасы анық. Міне, сондықтан, блогшы өзінің жеке қызығушылығына сәйкес белгілі бір салаға бет бұра бастады. Осы салаға байланысты оқырман аудиториясы да қалыптасты. Ауылдағы ауызсу тапшылығын немесе жетім қыздың еміне қаражат керек екенін және т.с.с проблемаларды блогқа жариялау және нәтижеге қол жеткізу арқылы блоггерлердің қоғамдағы орны көріне бастады.
Соңғы жылдары «блог жүргізуден» қазақ баласы да қалыс қалып жатқан жоқ. Қазақ тілін қолдану аясындағы «әттеген-айлар» интернет контенттегі тіл мәселесіне де көлеңке түсірді. Интернет алаңында ресми тілдің бағы да, бабы да алда. Мәселен, 2010 жылы Қазнет каталогында тіркелген 6997 сайттың 617-сі ғана қазақ тілінде болған. Ал, қазақ блогшылары осы интернет майданда ана тіліміздің туын көтеріп жүрген белсенді топ. Жалпы, блог еркін ойдың алаңы болғандықтан оның азаматтық қоғамды қалыптастырудағы ықпалы зор. Әрине, біздің блогшылар батыстағыдай дамудың барлық баспалдақтарынан өтіп қойды деуге ерте. Интернетте азаматтық қоғамның, азаматтық ойдың қалыптасуы қарқын алып келеді. Өз оқырманын тапқан белгілі бір қоғамдық-саяси мәселеге үн қосуды мақсат ететін блог платформалар да қалыптасты. Асхат Еркімбайдың, Өркен Кенжебектің жеке блогтары тұрақты оқырманын тапты. Одан бөлек, блог алаңында түрлі қызықты және пайдалы кеңестерімен бөлісетін, азаматтық көзқарасын айқын білдіретін жастар және бар. Блогшылар арасында тіл дамыту, дін мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл тәуелсіз ой алаңы болғандықтан тақырып таңдау еркі авторда. Блог авторларының соңғы уақыттағы белсенділігі олардың БАҚ-тағы орнын көрсетіп келеді. Олар да ақпараттандырушы, қоғамның танымдық көкжиегін кеңейтуші қызметін атқаруға атсалысуда.
Қазақстан технологияны насихаттау бойынша 134 елдің арасынан 68-орыннан көрінді. Бұл жаңа медианың дамуында еліміз көшпен бірге деген сөз. Алайда, қазақтілді контенттің дамуындағы кедергілер әлі жойылған жоқ. Демек, қазақ блогшыларының қазақ интернет кеңістігіндегі орны әлі де жоғарылай түспек.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі:
«Блогтың азаматтық журналистиканы қалыптастырудағы рөлі зор»
– Қазақстандық блогшылар белгілі бір қоғамдық күш ретінде қалыптасты. Оның дәлелі ретінде екі құрылтайды атап айтуға болады. Wordpress.com тұғырнамасында былтыр 500-ге жуық блог тіркелген болатын. Сипаттары сан алуан. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелер көтеріліп жатты. Бірақ, негізінен, еркін жазбалардың жиынтығы болғандықтан әркім өзінің қоғамдық-саяси мәселедегі пікірін білдіре алатын еді. Өкінішке қарай, бұл блог тұғырнама жабылып қалды. Қазір оны ашуға мүмкіндік жоқ. Қазір бізде «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жанынан kaz.jur еркін блог жүйесі ашылды. Соның өзінде 300-ге тарта блог тіркеліп отыр. Біріншіден, бұл жерде цензура жоқ. Екіншіден, редакторы да өзі, авторы да өзі. Сондықтан, сапалық тұрғыдан, кәсіби журналистік тұрғыдан кейбір журналистік талаптарға жауап бермей жатуы мүмкін. Бірақ, блог жүргізіп жүрген, блог құрылтайды ұйымдастырып жүргендердің көбі – журналистер. Олар өздері қызмет етіп жүрген газет немесе өзге де БАҚ-та айта алмаған ойларын жеке блогында жеткізіп жүр. Интернеттің негізгі оқырманы жастар болғандықтан азаматтық журналистиканы қалыптастырудағы рөлі зор. Сол арқылы азаматтық белсенділікті күшейтеміз. Блогшылар мен журналистер арасында өзара бірлестік пен әріптестік әлі толығымен қалыптаспаған. Әрқайсысы бір төбе. Қазақ блогшылары өткір мәселелерді көтеру арқылы қазақ интернетінің, қазақ интернет журналистикасының дамуына үлесін қосып келеді. Біздің мақсат саяси мәселені ушықтыру немесе дау тудыру емес, оқырманның интернет сауатын ашу, танымдық бағытта қызмет ету болып табылады.
Мәншүк АХМЕТОВА, блоггер:
«Бізде сілтеме жасау мәдениеті жетіспейді»
– Қазір қазақтілді интернет контентін толтыруда блогшылардың үлесі үлкен. Бүгінде газет, теледидарлардан блогшылар ұсынған дүниені пайдалану үрдісі пайда болды. Ең жаманы, оны ешбір сілтемесіз пайдаланатындықтарында. Wordpress.com блог тұғырнамасы жабылып қалған соң оның орнын kazjur.kz, kerekinfo.kz еркін блог жүйелері толтыруда. Былтырдан бастап қазақ блогшылары құрылтай өткізді, жаңа сайттардың тұсаукесері болды. Олар БАҚ-пен қатар елді ақпараттандыру ісінде белсенділік танытуда.
Гүлназ СЕМБИЕВА
|