М. Естемиров
«КазГЮУ Университеті» АҚ
PhD бағдарламасы бойынша ізденуші
Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құқықтық мәртебесі
Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі құрамындағы тіркеу қызметі Комитетінің мәліметі бойынша 2007 жылдың 30 қаңтарына дейін республика аумағында 3891 акционерлік қоғам, 830 еншілес ұйым, әртүрлі нысандағы (сенім, толық, шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар) 187 542 серіктестік тіркелген1. Сондай-ақ, олардың басым бөлігінің Жауапкершілігі шектеулі серіктестік (бұдан әріде-ЖШС) нысанында екендігі сөзсіз2. Мұндай жағдай тек қана біздің республикада ғана емес, сонымен бірге ТМД құрамына енетін басқа да мемлекеттерде қалыптасуда. Мысалы, ресейлік зерттеуші Л. Новоселова төмендегідей байлам жасайды: «Общество3 с ограниченной ответственностью – самая распространенная на сегодняшний день организационно-правовая форма юридического лица, в которой создано более 50 процентов существующих в России юридических лиц»4. Ал, С. Могилевский өзінің ғылыми еңбегінде келесідей қызықты статистикалық деректерді келтіреді: «.. учитывая, что в конце 2008 года число юридических лиц составило 4 674 900, эти изменения5 затронут деятельность более чем двух миллионов обществ с ограниченной ответственностью. Поэтому крайне важно представлять весь объем новелл законодательства, понимать и правильно применять их»6.
Арнайы әдебиеттерде ЖШС-тің әлемдік тәжірибеде кеңінен таралған корпорациялардың бір түрі екендігі және алғашқы құрылу кезеңі ХІХ ғасырға жататыны жөнінде пікірлер келтірілген. Сонымен бірге, ЖШС жөніндегі алғашқы заңның 1890 жылы Алманияда қабылданғаны туралы да деректер ұсынылады7.
Сондай-ақ, әлем елдерінің көпшілігінде коммерциялық ұйымдарды - тұлғалар бірлестігі және капитал бірлестігі деп бөліп қарастырудың үрдіске айналғаны, ал, отандық заң шығарушының коммерциялық ұйымдарды жіктеудің аталған негізін назардан тыс қалдырғаны және мұның теріс салдарының ЖШС-не ықпал ететіндігі жөнінде ойлар білдірілген: «В нашей стране форма ТОО, являясь наиболее популярной, используется как для корпорации, так и для партнерств. При этом участники ТОО не ведут бизнес товарищества персонально и наравне с другими участниками, как это присуще объединениям лиц, а лишь избирают орган управления товарищества, как в корпорациях, который и управляет деятельностью ТОО. Вместе с тем у мелких участников ТОО нет достаточных прав по контролю деятельности органов товарищества и крупных участников, аналогичных правам миноритарных акционеров акционерных обществ. В результате ТОО не является идеальной формой ни для партнерств (объединения лиц) в силу отсутствия элементов, присущих партнерству, ни для корпорации (объединения капиталов) в силу бесправности своих мелких участников»8.
Заң шығарушы, Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 77-бабының 1-тармағында және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-I Заңының (бұдан әріде - «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңы) 2-бабының 1-тармағында ЖШС-ке мынадай анықтама береді: «Бір немесе бірнеше адам құрған, жарғылық капиталы құрылтай құжаттарымен белгіленген мөлшерде үлеске бөлінген серіктестік жауапкершілігі шектеулі серіктестік деп танылады; жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Осы ережеден өзгеше жағдайлар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінде және заң актілерінде көзделуі мүмкін».
Енді, отандық заңнамада берілген осы анықтаманы саралап өтсек. Мұндағы бірден назар аудартатын мәселе ол Азаматтық кодекстің де, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» ҚР заңының да мемлекеттік мәтіндеріндегі ЖШС анықтамасында жіберілген олқылық. Өйткені, онда «бір немесе бірнеше адам құрған» деген сөздер келтірілген. Бұл анықтамадан ЖШС-тің құрылтайшылары тек жеке тұлғалар ғана бола алады екен деген қате пікір туындауы мүмкін. Ал, «Шаруашылық серіктестіктері туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 мамырдағы №2255 заңының 3-бабының 4-тармағында азаматтар мен заңды тұлғалардың ЖШС-нің қатысушысы бола алатындығы бекітілген.
Сондай-ақ, Азаматтық кодекстің 77-бабының 2-тармағында және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 10-бабының 1-тармағында келесідей мазмұндағы ережелер бекітілген: «Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестіктің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігі бола алмайды». Яғни, бұл ережеден өзге заңды тұлғалардың ЖШС-тің құрылтайшылары бола алатындығы туралы қорытынды шығаруға болады. Солай бола тұрғанымен, жоғарыда көрсетілген норманың мазмұнында тағы да «адам» сөзі қолданылып, қате жіберілгеніне назар аударған жөн. Сондықтанда, ЖШС анықтамасы мен ҚР АК 77-бабының 2-тармағы және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 10-бабының 1-тармағындағы «адамдар» сөзі, тұлғалар не құрылтайшылар сөзімен алмастырылғаны жөн9. Сонымен бірге, осы ретте «серіктестік» сөзінің мағынасындағы үйлеспеушілікке назар аударған отандық зерттеушілердің келесідей пікіріне де қосылуға болады: «ТОО – это, товарищество учрежденное одним или несколькими лицами. Товарищество с ограниченной ответственностью на современном этапе в Казахстане и в развитых зарубежных правопорядках является формой «компании одного лица». Поэтому п.1 ст.2 Закона прямо допускает такую возможность, что расходится с грамматическим пониманием «товарищества», которое предполагает объединение нескольких лиц»10.
Келесі кезекте ЖШС-тің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестігінің болуына тыйым салатын аталған нормаға кеңірек тоқталсақ. Жалпы, әдебиеттерде заңнамаға бұл норманың енгізілуінің мәні былай түсіндірілген: «запрет на единоличное участие в ТОО другой «компании одного лица» имеет целью предотвратить исключение ответственности его учредителя, которое могло бы противоречить положению п.3 ст.44 ГК»11. Дегенмен, ұсынылған бұл түсініктеме қаншалықты негізді? Өйткені, мұнда ҚР АК 44-бабының 3-тармағына болатын қайшылықтың алдын алу көзделген болса, онда неліктен толық серіктестік қатысушысына қойылатын талапты12 ЖШС қатысушысына да қоймасқа. Жалпы, жалғыз қатысушы өзіне тиесілі үлесті ЖШС-ке сату арқылы серіктестіктен шығуға құқылы ма? Бұл сауалға жауапты осы мәселе төңірегінде қалам тартқан зерттеушілер пікірлеріне шолу жасаудан бастасақ.
М. Тихомировтың еңбегінде мынадай мазмұндағы пікірлер кездеседі: «Право выхода из общества является безусловным правом участника общества с ограниченной ответственностью, которое не должно встречать никаких препятствий при его осуществлении. Однако произвольное использование данного права могло бы поставить и само общество и, тем более его кредиторов в крайне затруднительное положение, т.к. при выходе участника общество обязано выплатить ему его долю в уставном капитале и часть чистых активов, соответствующих этой доле»13. Осы мәселеге қатысты Л. Новоселова өзінің еңбегінде В. Залесскидің мына бір сөзін келтіреді: «Учитывая, что выход из общества опредеялется Законом как безусловное право, на практике нередко возникли ситуации, когда в обществе одного лица этот единственный участник хотел реализовать свое право на выход или когда все участники общества одновременно заявляли о своем выходе из общества. ...Такое общество не смогло бы ни функционировать, ни даже самоликвидироваться. Допущение выхода единственного участника означало бы возможность фактической ликвидации общества с обходом установленной ст.64 ГК РФ очередности удовлетворения требований»14.
Отандық заңнамада бұл мәселеге қатысты келесідей нормалар бекітілген. «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 11-бабының 1-тармағы 5)-тармақшасын сәйкес қатысушы өз үлесін өткізу арқылы серіктестікке қатысуын тоқтатуға құқылы. Осы заңның 28-бабының 2-тармағында кез келген негіз бойынша үлеске деген құқықтан айрылу қатысушының жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен шығуына әкеліп соғады. Сонымен, отандық заңнамаға сәйкес ЖШС қатысушысының өз үлесін өткізу арқылы ғана серіктестіктен шыға алатындығын көреміз. Сондай-ақ, «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 28-бабының 2-тармағындағы ережелер ЖШС қатысушысына өз үлесін серіктестікке сатуына мүмкіндік береді. Демек, жалғыз қатысушының өзіне тиесілі үлесін ЖШС сату арқылы серіктестіктен шығауына ешбір кедергі жоқ деуге болады. Сондықтанда, ЖШС-гі жалғыз қатысушының шығауына тыйым салатын нормалардың отандық заңнамада бекітілуі тиіс.
А.Г. Диденко мен Е.В. Нестерова ЖШС-тің қызмет етуі барысында ҚР АК 77-бабының 2-тармағы және «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» заңның 10-бабының 1-тармағында тыйым салынған жағдай туындай қалған ретте болатын сұрақтар отандық заңнамада қарастырылмағандығын атап көрсетеді15. Мысалы, жоғарыда аталған авторлар мына схеманы ұсынады: «А» ЖШС-і екі құрылтайшымен құрылған: азамат «Б» мен бір қатысушыдан тұратын «В» шаруашылық серіктестігі. Егер, азамат «Б», Жауапкершілігі Шектеулі Серіктестігінен шығатын болса, онда «А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалғыз қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын «В» шаруашылық серіктестігі болады. Мұндай жағдайда ҚР Азаматтық кодексінің 42-бабының 6-тармағына сәйкес «А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қайта тіркелуі тиіс. Ал, тіркеуші орган қайта тіркеуді жүзеге асырмауы тиіс. Өйткені, жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қатысушысы ретінде бір адамнан тұратын басқа шаруашылық серіктестіктің болуына жол берілмейді. Бұл жерде түсінікті. Ал, енді бұл мысалды күрделендіре түссек. Мысалы, «А» ЖШС-ін 2 адамнан тұратын «Б» ЖШС-гі құрса және белгілі-бір уақыттан кейін «Б» ЖШС-інің екі қатысушысының бірі серіктестіктен шығатын болса, онда жоғарыдағы тыйым салынған схема туындайтынын көреміз. Яғни, «А» ЖШС-інің қатысушысы ретінде 1 адамнан тұратын «Б» ЖШС-гі болып тұр. Бұл ретте «А» ЖШС-гіне ҚР АК 42-бабының 6-тармағында бекітілген қайта тіркеуге қатысты ережелер қолданылмайды. Өйткені, өзгеріс «А» ЖШС-нің емес, оның қатысушысы «Б» ЖШС-інің құрамында орын алуда. Сондықтанда, қайта тіркеуден «Б» ЖШС-гі өтуі шарт. Осы орайда, А.Г. Диденко мен Е.В. Нестерованың келесідей мазмұндағы ұсынысын қолдауға болады деп пайымдаймыз: «..Такой пробел в законодательстве способен вызвать серьезные проблемы в правоприменительной практике. Поэтому необходимо включить в ГК и Закон о ТОО норму, согласно которой суд вправе принять решение о принудительной ликвидации хозяйственного товарищества в случае нарушения п.1 ст.10 Закона о ТОО, если в течение установленного Законом срока указанное нарушение не будет устранено (путем приема в ТОО нового участника, добровольной ликвидации, реорганизации и т.д.)».
Келесі бір көкейтесті өзекті мәселе ретінде, ЖШС қатысушысының өз үлесін иелігінен айыру мәселесіне тоқталсақ. ҚР АК 80-бабының 2-тармағына сәйкес ЖШС-ке қатысушылар үшінші тұлғалар алдында үлесті немесе оның бір бөлігін сатып алуға артықшылық құқығы болады. Осындай мазмұндағы ережелер «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» ҚР Заңының 31-бабында да бекітілген. Қандай ретте үлесті сатып алуға деген өзге қатысушылардың артықшылық құқығы бұзылған болып саналады? Бұл сұрақтың жауабын заң шығарушы «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» ҚР Заңының 31- бабының 6-тармағында ұсынады: «Үлес хабарламада көрсетілген бағадан неғұрлым төмен баға бойынша иеліктен айырылып, үшінші жаққа берілсе, үлесті сатып алу-сату туралы шарт жарамсыз деп танылуы мүмкін». Отандық заңнаманың бұл ережесі басты көңілді тек бағаға бөліп, өзге жағдайларды назардан қалдыруда. Отандық зерттеушілердің пікірінше бұл заңда кеткен олқы тұстардың бірі болып табылады16.
Сондай-ақ, ЖШС туралы заңның 31 бабының мазмұнынан қатысушылардың үлесті сатып алуға артықшылық құқығы тек үлес ақылы негізде иеліктен айрылған реттерде ғана қолданылатындығын айқындаймыз, яғни сатып алу сату және айырбас шарттары жасалған жағдайда ғана артықшылық құқық туындамақ. Ал, үлес кез келген ақысыз мәміле (мысалы, сыйға тарту) бойынша иеліктен шығарылған реттерде қандай болмақ? Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі №2 «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңнаманы қолданудың кейбір сұрақтары жөніндегі» нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес ақысыз мәмілелерге (сыйға тарту, өсиет) қатысты ЖШС қатысушыларында артықшылық құқығы болмайды. Заңның осы бір тұсында құқықтық норманы айналып өту соқпағы жатқан секілді.
Жалпы, ЖШС-тің жарғылық капиталындағы үлесті сатудың қолданыстағы тәжірибесіне қатысты С.И. Климкин келесідей сыни пікір білдіреді: «...предложенный механизм отчуждения доли принципиально отличается от традиционной схемы заключения договора, где принято выделять его стадии: оферта – акцепт или новая оферта – акцепт. В случае же продажи доли в уставном капитале ТОО продавец доли не вступает в непосредственные отношения с потенциальным покупателем (покупателями) доли. Более того, участники сделки лишены возможности обсуждать условия предстоящей сделки, и продавец остается саязанным «навсегда» изначально сделанным предложением о цене доли»17.
Келесі бір мәселеге қатысты осы тақырыпты зерттеушілердің арасында пікір қайшылығының барлығы байқалады. Мысалы, С.И. Климкин өзінің ұстанымын былай білдіреді: «Однако наиболее серьезная проблема связана с размером приборетаемой доли. Как указывалось выше, покупатель (покупатели) имеет право приобрести не всю предложенную долю, а лишь ее часть. Очевидно, что данное обстоятельство способно серьезно нарушать интересы продавца. ... Возможно моделирование и иных ситуаций, когда, например, совокупная величина поступивших от участников предложений не превышает размера предлагаемой доли. В этом случае оставшаяся (невыкупленная) часть доли может быть отчуждена третьему лицу. Хотя вполне вероятно, что этот «обрубок» доли так и не найдет своего покупателя»18. Ал, С. Могилевский бұл сұраққа қатысты өз ұстанымын былай жеткізеді: «Интересной новеллой Закона об ООО является допущение того, что уставом общества может быть предусмотрена возможность для участников общества или общества воспользоваться преимущественным правом покупки не всей доли или не всей части доли в уставном капитале общества, предлагаемых для продажи.... Необычность приведенного положения состоит в том, что и предшествующее регулирование этого вопроса, и судебная практика исходили из невозможности реализации преимущественного права участниками общества или обществом не всей доли, предлагаемой для продажи третьему лицу»19. Л. Новоселова үлестің толықтай және бөлшектеп сатылуын қолдайтындығын былайша жеткізеді: «…согласно Закону об ООО в прежней редакции при реализации примущественного права участник мог им воспользоваться, только согласившись приобрести всю долю (все часть доли), предлагаемую для продажи. Данное положение создавало значительные затруднения, поскольку не позволяло во многих случаях участникам, имеющим право приобрести часть доли, воспрепятствовать ее передаче третьему лицу. Кроме того, данное положение всупало в противоречие с положением Закона о пропорциональном приобретении отчуждаемой доли оставшимся участниками»20.
Осы сипаттағы пікірлер қайшылығы корпоративтік нормаларды қолданудың сот тәжірибесінде де орын алуда21. Қорытындылай келгенде, ЖШС қатысты заңнама ережелерінің әлі де жетілдіруді талап ететін тұстарының жеткілікті екендігін айқындаймыз.
1 Қараңыз: У№Сулейменова «Безхозяйные акции: признание? Юридические последствия» // Юрист. №12, 2009. 65 парақ.
2 Мысалы, 2000 ж. 01 қаңтарынан 29 желтоқсанына дейінгі аралықта Алматы қаласы әділет Басқармасында 7024 шаруашылық серіктестік тіркеуден өтсе, оның 7021 ЖШС нысанында құрылған. Қараңыз: С.И.Климкин «Хозяйственные товарищества по законодательству Республики Казахстан». Алматы 2002. 3 парақ.
3 Ресейлік заң шығарушы «серіктестік» сөзінің орнына, «қоғам» сөзін қолданған.
4 Қараңыз: Новоселова Л. Новые положения законодательства об ООО: причины изменений и последствия // Хозяйство и право, 2009, №3, 3 парақ.
5 Бұл жерде Ресейдегі жауапкершілігі шектеулі қоғамға қатысты 2009 жылдың 01 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген өзгертулер жөнінде сөз болуда.
6 Қараңыз: Могилевский С. Новеллы законодательства об обществах с ограниченной ответственностью // Хозяйство и право, 2009, №9, Приложение к ежемесячному юридическому журналу. 3 парақ.
7 Қараңыз: Комментарий к Федеральному закону «Об обществах с ограниченной ответственностью». Под ред. М.Ю. Тихомирова. М., 2008. 15 парақ
8 Қараңыз: «Казус предопределяет бизнес» А.Бикебаев // «Параграф» Ақпараттық құқықтық жүйесі.
9 Мұндай қателіктер Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мемлекеттік тілдегі мәтінінде жиі кездеседі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 407-бабының 2-тармағында «сатушы» сөзі , «сатып алушы» деп берілген. Бұл мәселе жөнінде кеңірек деректерді қараңыз: «Шалағай аударма шатыстырып жүр». // «Заң» газеті. 2009 ж. 1 мамыр.
10 Қараңыз: Басин Ю.Г., Колупаев И.А. Товарищество с ограниченной ответственностью // Субъекты гражданского права / Отв. ред. М.К. Сүлейменов. Алматы НИИ частного права Каз ГЮУ, 2004. 264-265 парақтар.
11 Гражданский кодекс Республики Казахстан (Общая часть). Комментарий. // Отв. ред. М.К. Сулейменов. Ю.Г. Басин. «Параграф» Ақпараттық құқықтық жүйесі.
12 Қараңыз: «Шаруашылық серіктестіктері туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 мамырдағы №2255 Заңының 3-бабының 2-тармағына сәйкес жеке тұлға бір ғана толық серіктестіктің қатысушысы бола алады.
13 Қараңыз: Комментарий к Федеральному закону «Об обществах с ограниченной ответственностью». Под ред. М.Ю. Тихомирова. М., 2008. 15 парақ
14 Қараңыз: Комментарий к Федеральному закону «Об обществах с ограниченной ответственностью» (постатейный) / Под ред. В.В. Залесского, М., 1998. 97-98 Хозяйство и право, 2009, №3, 3 парақтар.
15 Диденко А.Г., Нестерова Е.В. «Порядок и последствия выбытия участника из хозяйственного товарищества» // Гражданское законодательство: Статьи, комментарии, практика. Том ІІ. Алматы 2008. Гл. ред.: Диденко А.Г. 237-парақ.
16 Қараңыз: С.И.Климкин «Хозяйственные товарищества по законодательству Республики Казахстан». Алматы 2002. 48 парақ.
17 Қараңыз: С.И. Климкин «Вопросы преимущественной покупки доли в уставном капитале ТОО» // «Юрист» №12, 2009. 24 парақ.
18 Қараңыз: С.И. Климкин «Вопросы преимущественной покупки доли в уставном капитале ТОО» // «Юрист» №12, 2009. 24-25 парақтар.
19 Қараңыз: Могилевский С. Новеллы законодательства об обществах с ограниченной ответственностью // Хозяйство и право, 2009, №9, Приложение к ежемесячному юридическому журналу. 32-33 парақтар.
20 Новоселова Л. Новые положения законодательства об ООО: причины изменений и последствия // Хозяйство и право, 2009, №3, 15 парақ.
21 Қараңыз: А.Сапарова «Разночтение единой нормы» // Юридическая газета. 2009 г. 25 сентябрь.
Достарыңызбен бөлісу: |