Бақылау іс-шараларының негізгі нәтижелері есеп комитетінің 2012 жылғы 1-жартыжылдықтағы жұмысы



Дата24.02.2016
өлшемі317.53 Kb.
#16398


Бақылау іс-шараларының негізгі нәтижелері есеп комитетінің 2012 жылғы 1-жартыжылдықтағы жұмысы
2012 жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген 21 бақылау іс-шарасының аясында 174 объекті тексеріліп, 676,9 млрд.теңге бақылаумен қамтылды.

Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 89,7 млрд.теңгені, оның ішінде бюджет қаражатын жұмсауда – 44,8 млрд.теңгені, бюджетке түсетін түсімдердің атқарылуында – 32,1 млрд.теңгені, мемлекет активтерін пайдалануда – 3,6 млрд.теңгені, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы сақтамауда – 9,2 млрд.теңгені құрады.

Қалпына келтіруге жататын жалпы 43,3 млрд.теңгенің 12,4 млрд.теңгесі қалпына келтірілген.

Есепті кезеңде Үкіметке, мемлекеттік органдарға және бақылау объектілеріне жалпы саны 185 болатын нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөнінде ұсынымдар, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды және жұмыста орын алған кемшіліктерді жою бойынша тапсырмалар жіберілді.

Құқық қорғау органдарына іс жүргізу шараларын қолдану үшін 19 бақылау материалы жіберіліп, оның 2-уі бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тартылды, қалғандары тергеу алды тексеруде жатыр.

Ағымдағы жылдың мамыр-шілде айларында 7 бақылау іс-шарасы жүргізіліп, Қазақстан Республикасы бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 18,7 млрд.теңгеге бұзушылықтары анықталды (3-кестені қараңыз).


3-кесте

2012 жылғы мамыр-шілде айларында анықталған бұзушылықтар бойынша деректер



млрд. теңге

Анықталған бұзушылықтар, барлығы, соның ішінде:

18,7

бюджет шығыстары бойынша

12,7

мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде

2,5

мемлекет активтерін пайдалану кезінде

3,5


Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы, балық шаруашылығы комитеттеріне (бұдан әрі – тиісінше, Орман шаруашылығы комитеті және Балық шаруашылығы комитеті) бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылаудың қорытындысында жалпы 174,0 млн.теңгенің бұзықшылықтары анықталды.

Орман шаруашылығы комитеті Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінің қарызы мен Ғаламдық экологиялық қордың гранты және республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру есебінен жалпы құны 9 368,1 млн.теңгенің «Ормандарды сақтау және республика аумағының орманды жерлерін көбейту» жобасын іске асыру барысында күтіліп отырған нәтижелерге қол жеткізілмеген.

Мәселен, жобаны 2006-2011 жылдар аралығында іске асыру жоспарланғанымен, отырғызу материалдарының қажетті мөлшерінің болмауына байланысты кешірек мерзімге, нақтырақ айтқанда, 2007 жылдан 2013 жылға дейінгі жеті жылдық мерзімге ауыстырылды. Бұл ретте штатты ұстауға және жобаны басқарушы қызметкерлерді оқытуға, орман аумағын тазартуға жұмсалатын шығыстарды ұлғайтудың есебінен ормандарды отырғызу алаңы екі есеге, яғни, 120 мың гектардан 58,2 мың гектарға азайтылған. Сонымен қатар, қарағай тұқымдарын өсіруге арналған көшеттіктерді қайта жаңартуға арналған шығыстар алынып тасталып, жекелеген объектілердің құрылыс көлемі азайтылды.

Орман шаруашылығы комитетінің Экология агенттігімен (БАӘ) және өзге де жоғары мәртебелі тұлғаларымен жасасқан келісімдерінің негізінде жек дуадақтың, ителгінің және жануарлар әлемінің басқа да сирек және құрып кету қаупі төнген түрлерінің популяцияларын басқару және сақтап қалу аясында нақты шараларды жүзеге асыру үшін 2004-2011 жылдар аралығында РМҚК-нің шотына қаржылай көмек түрінде жалпы 2 412,9 млн.теңге мөлшерінде қаражат түскен. Аталған қаражаттың игерілуін реттейтін тетік болмағандықтан, оларды пайдалануды «Охотзоопром» ПО» РМКК дербес жүзеге асырған. Атап айтқанда, 39 автокөлік құралы, 1 МИ-2 тікұшағы, 5 қар шанасы және т.б. сатып алынған. Сонымен бірге, алынған қаржы жалақы төлеуге, ғылыми зерттеулер жүргізуге, кордондардың құрылысына жұмсалған.

Орман шаруашылығы комитетінде, сондай-ақ оған ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерде, 2011 жылғы 1 қаңтарға, жалпы 3,9 млн.теңгенің негізсіз дебиторлық және кредиторлық берешек фактілері орын алған.

2009 жылы «Жасыл Аймақ» РМК «Астана қаласының қала маңы аймағы шегінде қорғау екпелері мен ландшафты-рекреациялық екпелерді отырғызу – бірінше кезек» жобалау сметалық құжаттамасын әзірлеуге 8,5 млн.теңге жұмсап, ол қажетсіз болып қалған.

Орман шаруашылығы комитетінің 2004 жылғы 3 желтоқсандағы №258 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шараларды жүргізу ережесін бұза отырып, 2010 жылы жобасы болмаса да, Астана-Шортанды автомагистралі бойында қорғау екпелері мен ландшафты-рекреациялық екпелерді отырғызу іс-шаралары 22,5 млн.теңгеге орындалған.

Тексерілген кезең ішінде «Қазавиабаза» РМҚК-нің аумақтық әділет органдарында іс жүзінде тіркелмеген жеті филиалын ұстау үшін 949,5 млн.теңге жұмсалған. Бұл ретте ұшқыш-бақылаушы куәлігінің бірыңғай нысанасы белгіленбеген, осындай куәліктерді беретін уәкілетті орган айқындалмаған, орманды авиация арқылы қорғауды регламенттейтін нормативтік құқықтық акті жасалмаған.

«Ертіс Орманы» МОТР ММ 2011 жылдың маусым айынан бері 0,053 га жер учаскісімен бірге жалпы құны 26,0 млн.теңгеге сатып алынған әкімшілік ғимаратын (жалпы көлемі 820,4 шаршы метр) мақсаты бойынша пайдаланбай отыр. Бұл ретте, жобалау сметалық құжаттамаға сәйкес, күрделі жөндеу жүргізу үшін 34,7 млн.теңге қажет.

Табиғи ортадан бекіре балық түрлерін алу, оларды сатып алу, олардың уылдырықтарын қайта өндеу және экспорттау үшін «Жайық балық» КМК-нің республикалық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен сатып алған құны 3,5 млрд.теңгенің негізгі құралдарын одан әрі пайдалану мәселесі Балық шаруашылығы комитеті мен Атырау облысының жергілікті атқарушы органдары тарапынан шешілмеген. Балық саласының даму мәселелерін регламенттейтін бағдарламалық құжат әзірленбеген. Балық шаруашылығы комитеті мен жергілікті атқарушы органдар арасында тауарлы балық шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша өзара іс-қимылдар тиімсіз ұйымдастырылған.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне балық саласын дамытуды және балық ресурстарын молайтуды көздейтін, Балық шаруашылығы комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың өзара байланысқан іс-қимылдарының жүйелі саясатын айқындайтын ұзақ мерзімді перспективаға арналған бағдарламалық құжат қабылдау мәселесін қарау жөнінде ұсыныс берілді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне:

- мемлекеттік қорық аймақтарындағы және табиғи қорықтардағы жануарлар әлемінің сирек және құрып кету қаупі төнген түрлерінің популяцияларын басқару және сақтау үшін қайырымдылық, демеушілік және өзге де көмек түрінде түскен ақшалай қаражаттың атаулылық және нысаналы сипатын, сондай-ақ тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ете отырып, пайдалану тетігін әзірлеу;

Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігімен бірлесіп, орманды қорғау жөніндегі авиациялық жұмыстарды жүргізу тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасында бақылаушы ұшқыштарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі талаптарды регламенттейтін құжат әзірлеу тапсырылды.


Қазақстан Республикасының Ұлттық ғарыш агенттігіне (бұдан әрі - Агенттік) жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылаудың барысында Қазақстан Республикасы бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы сомасы 5 590,4 млн.теңгеге бұзушылықтары анықталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 қазандағы №1125 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының ғарыш қызметін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламада, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар) 4 бағытында көрініс тапқан 6 инвестициялық жобаны іске асыру жолымен Қазақстан Республикасында толыққанды ғарыш саласын құру қарастырылған.

Инвестициялық жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 53 715,9 млн.теңге қаражат бөлінген. Бұл ретте Агенттік екі стратегиялық бағыт бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелердің көрсеткіштеріне толық көлемде қол жеткізбеген.

Мәселен, стратегиялық жоспардың «Нысаналы ғарыш жүйелерін, технологияларды құру және оларды пайдалану» деген бірінші бағыты бойынша «KazSat-2» жер серігін ұшыру қамтамасыз етілмеген. 2011 жылы байланыстың штаттық пайдалануын және «KazSat-2» жер серігінің хабар таратуын қолдауды қамтамасыз етуге бөлінген 178,5 млн.теңгенің 152,7 млн.теңгесі игерілмеген. Бұл ретте, бақылау жүргізілген кезде «KazSаt-2» геостационарлық жер серігінің жүктемесі оның жалпы жобалық қуатының 35%-ын құрады.

Стратегиялық жоспардың «Байқоңыр» кешенін дамыту, ғарыш аппараттарын шығару» деген екінші бағытын іске асыру үшін 2011 жылы бөлінген 3 587,6 млн.теңге қаражат толық көлемінде игерілмеген. Сондай-ақ 1 885,5 млн.теңге сомасындағы қалдық «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның шотында резерв түрінде есепте тұр.

2012 жылғы 1 қаңтарға, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ-ның (бұдан әрі – «РҒБО» АҚ) есеп айырысу шотында орбитада жоғалып кеткен «KazSat-1» ғарыш аппараты үшін сақтандыру компанияларынан сақтандыру төлемі ретінде 2010 жылы түскен 5 140,5 млн.теңге қаражат жатқан.

Агенттік Қазақстан Республикасының 2008 жылғы Бюджет кодексінің 97-бабының 6-тармағын бұза отырып, 2011 жылдың соңында мердігер «РҒБО» АҚ-ға іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлемі үшін 25,8 млн.теңге аударған. Бақылау жүргізілген кезде орындалмаған жұмыс көлемі 15,6 млн.теңгені құрады.

Бақылау барысында Алматы қаласындағы ғарыш аппараттарын және байланыс мониторингі жүйесін басқарудың резервтік жер үсті кешенін салу объектісінде «РҒБО» АҚ мердігер «Көңіл-Жол Лизинг» ЖШС-ға 54,3 млн.теңге мөлшерінде ақы төлеп қойған жабдықтардың болмай шыққаны, орындалмаған жұмыстарға 32,5 млн.теңге мөлшерінде ақы төленгені, негізгі шартқа жасалған қосымша келісімдер бір нөмірмен, бірақ әр түрлі орындау мерзімімен қол қойылғаны анықталды.

Директорлар кеңесінің 2008 жылғы 23 шілдедегі №4 шешімімен бекітілген «Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі республикалық орталығы» АҚ-ның қызметкерлеріне еңбекақы төлеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету шарттары туралы ереженің 21-тармағы бұзыла отырып, 2010 жылдың қорытындысы бойынша теріс қаржылық нәтижемен аяқтағанына қарамастан, «РҒБО» АҚ-ның қызметкерлеріне жалпы сомасы 149,6 млн.теңге мөлшерінде, соның ішінде Президентке – 11,7 млн.теңге, вице-президентке –10,6 млн.теңге сыйлықақы мен үстемақы төленген.

Техникалық жоба бойынша оң қорытындысы және жер учаскесіне құқық белгілеуші құжаттары болмағанымен, 2005-2008 жылдары «Бәйтерек» БК» АҚ «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін 200-ші алаңда салуға 626,4 млн.теңге жұмсаған. Қазіргі уақытта жобаны қаржыландыру тоқтатылып, «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін 250 және 250А алаңдарына орналастыру туралы шешім қабылданды. Сөйтіп, 200-ші алаңдағы жұмыстарға бөлінген бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.

Сонымен қатар, жерді қосалқы жалға алу және 250-ші алаңда «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін салу мәселесі шешілмегендіктен, жобалау жұмыстарын орындау мерзімі кейінге шегерілген. Бұл, «Бәйтерек» БК» АҚ-ның 2 122,3 млн.теңге мөлшерінде дебиторлық берешегінің туындауына алып келген. Осы ретте, «Бәйтерек» БК» АҚ 2006-2011 жылдар аралығында 250-ші алаңда ТЭН-нің мемлекеттік сараптамасы болмаса да, жалпы сомасы 6 816,4 млн.теңге көлемінде шығыстар жұмсаған.

«Бәйтерек» БК» АҚ мен «Микос» ЖШҚ (Ресей) арасында 2010 жылы жалпы сомасы 4 978,8 млн.теңгеге жасалған 2 шарт бойынша жұмыстар орындалмаған, осы шарттарға сәйкес жалпы 1 178,3 млн.теңгеге аванстық төлемдер жүргізілген. Бұл ретте шарттар «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы Заңының 68-бабының 3-тармағы бұзыла отырып жасалған, яғни ірі мәміле Директорлар кеңесімен келісілмеген. Бақылау кезінде белгілі болғандай, «Бәйтерек» ҒЗК кешені жобасын әзірлеу жүргізілмеген.

«Бәйтерек» БК» АҚ Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 190-бабын бұза отырып, «Бәйтерек» ҒЗК құру» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін сүйемелдеу бойынша көрсеткен консультациялық қызметтері үшін ақы ретінде «Adal Solutions» ЖШС-ға 12,9 млн.теңге бюджеттік кредит төлеу арқылы аталған қаржыны мақсаты бойынша пайдаланылмауына жол берген.

«Бәйтерек» БК» АҚ-да «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы Заңының 6 және 7-баптары бұзыла отырып, синтетикалық есепке алу деректері мен талдау деректері бір-біріне сай келмейді, олардың арасындағы айырма 74,7 млн.теңгені құрады, бухгалтерлік жазбалар растаушы құжаттарсыз жүзеге асырылуда.

«Қазақстан Ғapыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі – «ҚҒС» ҰҚ») АҚ 2010 жылы қаржы-экономикалық негіздемесі болмаса да, «Қазақстан Республикасының жерін қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін құру» жобасын 2 785,8 млн.теңгеге қаржыландырған. 2006-2009 жылдары жобаны іске асыруға да осылайша 12 451,5 млн.теңге бөлінген. Бұған қоса, 2006-2007 жылдары Байқоңыр қаласында тұрғын үйді қайта жаңартуға бөлінген 1 031,9 млн.теңге және 2010 жылғы наурызда Республикалық бюджеттік комиссияның шешімі бойынша осы жобаны іске асыруға қайта бөлінген қаражат та игерілмей қалды.

Қазақстан Республикасының дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің жер үсті инфрақұрылымын жасау жобасы іске асырылмай отыр, осы жобаға 2008-2011 жылдары 2 767,5 млн.теңге бөлінген. Қаржыландыру басталған уақыттан бері жоба бойынша жұмыстар жүргізілмеген, қаржының 644,5 млн.теңгесі болатын бір бөлігі әкімшілік шығыстарға пайдаланылған, қалған 2 122,9 млн.теңгесі акционерлік қоғамның шоттарында жатыр.

«Мәскеу жылу техникасы институты» ФГУМ алдындағы 9,9 млн.теңге кредиторлық берешекті өтеуге қатысты 2005 жылдан бері шаралар қабылданбаған.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті:

- Қазақстан Республикасының ғарыш қызметін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру бойынша жұмыстардың тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанына Қазақстан Республикасы Үкіметінің;

- 2005 жылғы 22 қарашадағы №6 БРК 003К кредиттік шартының іске асырылу барысына мониторингінің тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанына Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің назарын аударды.

Қазақстан Республикасының Үкіметіне «Байқоңыр» ғарыш айлағының 250-ші алаңында «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін салу үшін жерді жалға алу мәселесін қарастыру, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігіне бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою, лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау жөнінде ұсыныс берілді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын (бұдан әрі – ІІМ стратегиялық жоспары) іске асырудың, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – ҚР ІІМ) 2010-2011 жылдары бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылау барысында жалпы сомасы 1 924,8 млн.теңгенің, соның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнама бойынша 450,6 млн. теңгенің бұзушылықтары, сондай-ақ 241,5 млн.теңгеге сатып алынған жабдықтардың тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен ҚР ІІМ арасындағы нысаналы индикаторларға және ҚР ІІМ-ның стратегиялық жоспарының көрсеткіштеріне қол жеткізу жөніндегі меморандумның талаптары орындалмаған. ҚР ІІМ-ның бюджеттік бағдарламалары стратегиялық жоспарының стратегиялық бағыттарымен, мақсаттарымен және міндеттерімен өзара байланыспаған.

ҚР ІІМ-ның стратегиялық жоспарының сапалық көрсеткіштері – мемлекеттік қызметтер көрсетудің сәйкестігі дәрежесін, тиімділік көрсеткіштері бюджет қаражатының бекітілген көлемін пайдалана отырып, тікелей нәтижеге қол жеткізуді көрсетпейді. ҚР ІІМ-ның стратегиялық жоспарының іс-шаралары бірін-бірі қайталайды. Оларды іске асыру барысында ІІМ-ның орталық аппаратында да, аумақтық бөлімшелерінде де тікелей нәтиженің нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.

ҚР ІІМ-ның шығыстарын жоспарлау кезінде ішкі резервтер, тауарлар қалдығы ескерілмейді. Ақмола облысының, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттерінде (бұдан әрі – ІІД) құны 155,7 млн.теңге тұратын жабдықтар пайдаланылмай тұр. Аумақтық бөлімшелерде 2007 жылдан бері жалпы сомасы 6,5 млн.теңгенің 2 716 жиынтық нөмір белгісі сақталып келеді. ҚР ІІМ-ның орталық аппараты бойынша бос орындар саны 2011 жылы 2 есеге өсіп, штат санының 20%-ын құрады. Бұл ретте 747,8 млн.теңге немесе еңбекақы төлеуге арналған қаражаттың 60%-ы ынталандырушы сипаттағы төлемдерге жұмсалған.

ҚР ІІМ-ның Бәрімбек Бейсенов атындағы академиясы (Қарағанды қаласы) тыңдаушыларды оқыту жөніндегі тиімділіктің көрсеткіштеріне қол жеткізбеген.

Астана қаласының ІІД автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттарын сақтамайды, тіркеу-сынақ қабылдау пунктін ұтымды орналастыру және оның жұмысын ұйымдастыру бойынша міндеттерді шешуді қамтамасыз етпеген. Аумақтық органдар мемлекеттік нөмір белгілеріне арналған шығыстарды жоспарлау кезінде 118,2 млн.теңгенің асырып көрсетілуіне жол берген.

ҚР ІІМ-ның Автокөліктерге қызмет көрсету басқармасы жоспарлау кезінде жалпы сомасы 11,5 млн.теңгенің 129,3 мың литр жанар-жағармай қалдықтарын ескермеген.

«Ақпараттық-өндірістік орталық» РМК ҚР ІІМ-ның стратегиялық жоспарында қарастырылған жекебасты куәландыратын құжаттарды шығару жөніндегі көрсеткіштерге қол жеткізбеген. 2012 жылы шығарылып жатқан құжаттардың өзіндік құнының есебі 640,0 млн. теңгеге асырып көрсетілген. Өнімнің өзіндік құнын асырып көрсетудің есебінен 2011 жылы 82,7 млн.теңге мөлшерінде табыс алынған.

ҚР ІІМ қызметтік және жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру жоспарларын орындамаған. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттерінде 2011 жылы оқ ату жаттығуларын жүргізуге жұмсалған оқ-дәрі шығыстары тиістілік нормативтерінің 46%-ын құрады. 2010-2011 жылдары ҚР ІІМ-ның орталық аппараты бойынша шығыстар оқ-дәрілердің жалпы санының 1,3 %-ын құрады.

Мемлекет активтерін басқару тиімсіз ұйымдастырылған. «Северная» әскери және арнайы жабдықтау базасында (бұдан әрі – «Северная» базасы) 20,6 мың шаршы метр қойма үй-жайларының 18,4 мың шаршы метрі немесе оның жалпы алаңының 90%-ы пайдаланылмай бос тұр, ал осы базаны ұстауға 2010-2011 жылдары 87,1 млн.теңге жұмсалған. Құны 0,9 млн.теңге тұратын көлік құралдары бүлінген күйінде сақталып келеді.

Объектілерді салу бюджет және өзге де заңнама талаптарын бұза отырып жүргізілуде. Мердігер «Еңбек-Көкшетау» РМК «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңның 68-бабын бұза отырып, Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын салу бойынша 156,3 млн.теңгенің жұмыстарын уәкілетті органның рұқсатынсыз жүзеге асырған. Аталған Заңның 64-бабының 4-тармағы бұзыла отырып, Алматы қаласының Түркісіб аудандық ішкі істер бөлімін салу жөніндегі конкурстық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтпеген, 2011 жылы авторлық қадағалау ұйымдастырылмаған. Құрылыс қызметі туралы заңнаманы бұзушылықтар жалпы 28,9 млн.теңгені құрады.

ҚР ІІМ-ның ақпараттық жүйелері толық дәрежесінде жұмыс істемейді. «Бақылау» автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі (бұдан әрі – «Бақылау» жүйесі) аттестациялық зерттеп тексеруден өтпеген. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің базасына деректерді экспорттау функциясы іске асырылмаған, мемлекеттік тілде интерфейс жасалмаған. 1682 ұтқыр терминалдың тек 1431-і, 521 бортты компьютердің 363-і ғана жұмыс істеп тұр. Терминалдар мен бортты компьютерлер ҚР ІІМ-ның деректер базасына қосылмаған.

Астана қаласының ІІД-ның Жедел басқару орталығына құны 407,8 млн.теңге тұратын ТЕТРА радиобайланысы жиынтығының 266,8 млн.теңгелік жабдықтары берілген. Құны 140,9 млн.теңге тұратын қалған жабдықтар ҚР ІІМ-ның балансында есепте тұр. Бұл ретте ҚР ІІМ үй-жайларды жалға алу және радиобайланысты төлеу бойынша шығыстарды республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізуде.

ҚР ІІМ-ның академиялары (Қарағанды, Алматы қалалары) «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР-ның 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 9-бабының 6-тармағын бұза отырып, оқудан шығарылған тыңдаушылардан 20,8 млн.теңге берешекті өндіріп алу бойынша шара қабылдамаған.

Есеп комитеті ҚР ІІМ-ның стратегиялық жоспарының Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің нормаларына, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасы көрсеткіштерінің стратегиялық бағыттарға, мақсаттар мен міндеттерге сәйкес еместігіне, сондай-ақ 2011 жылға жоспарланған нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің орындалмағандығына Қазақстан Республикасының Үкіметінің назарын аударып, оған стратегиялық жоспарлау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге құқық қорғау органдары қызметінің ерекшелігін ескеретін өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарау жөнінде ұсыныс берді.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне бұзушылықтарды жою, ішкі істер органдарының мемлекеттік қызметтерінің сапасы мен тиімділігі көрсеткіштерін қайта қарау; Ақмола облысының әкіміне мердігер «Еңбек-Көкшетау» РМК-ден «Ақмола облысының Ақмол ауылында Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын салу» объектісі бойынша 2011 жылы шарттық міндеттемелерін орындамағаны үшін 18,3 млн.теңге мөлшеріндегі тұрақсыздық айыбын республикалық бюджет кірісіне өндіріп алу, Алматы қаласының әкіміне Түркісіб аудандық ішкі істер бөлімінің ғимаратын салу кезінде қолданыстағы заңнама талаптарын бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.


Өңірлер бөлінісінде
Қарағанды облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатын, соның ішінде нысаналы трансферттерді, кредиттерді, индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға арналған бюджеттік инвестицияларды пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігін, республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясымен бірлескен бақылаудың қорытындысы бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 1705,0 млн.теңгеге бұзушылықтары анықталғанын көрсетеді.

2010-2011 жылдары республикалық бюджеттен бөлінген 75 950,1 млн.теңге нысаналы трансферттер мен кредиттердің 2 587,0 млн.теңгесі игерілмей қалған.

Облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде тұрғызылып жатқан 13 объектіні салу аяқталмаған. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының шеңберінде 1,8 млрд.теңгеге жалпы алаңы 31,4 мың шаршы метрлік салынған, қайта жаңартылған және сатып алынған 43 тұрғын үйге ешкім қоныстанбаған. Құрылысы 2010 жылы басталған 12 сумен жабдықтау объектісі аяқталмай қалған. Бұл ретте 2011 жылы 11 объекті бойынша жобалау сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп, сметалық құны 1 420,1 млн.теңгеге қымбаттаған.

Бұқар жырау ауданы Дубовка ауылындағы құны 1,1 млрд.теңге болатын су құбыры желілері санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты, мақсаты бойынша пайдаланылмауда. Теміртау қаласындағы АБВ және Соцгородок кварталдарындағы құны 135,8 млн.теңгенің ескі жоба бойынша 2011 жылы салынған су құбыры желілері қаланың орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылмаған, тұтынушылардың үйлеріне дейін тартылмаған.

Құрылыс-монтаж жұмыстарының ақы төленген көлемдерін орындамауға қатысты көптеген фактілер анықталды. Атап айтқанда, кредиттік тұрғын үй құрылысы кезінде (Шахтерлар даңғылы, 36/1-үй) 1 256,3 млн.теңгенің, №45 және №47 тұрғын үйлерді салу кезінде 44,1 млн.теңгенің, құрылыс инфрақұрылымын салу кезінде (Шахтерлер даңғылы, 35-үй) 1,2 млн.теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары орындалмаған.

«Қарағанды қаласындағы ЖЭО-3-тің №2 күл үйіндісі бөгетін кеңейту» объектісі бойынша жалпы 8,8 млн.теңгенің жұмыстары орындалмаған. 2011 жылы 1,5 млрд.теңге бюджет қаражаты жұмсалғанымен, объект 5 айдан астам уақыт бойы пайдалануға берілмеген. 2012 жылғы 1 сәуірге, мердігер «POWER ENERGY» ЖШС-ға есептелген тұрақсыздық айыппұлы жалпы 228,4 млн.теңгені құрады.

Мердігер «ЮТЭКС» ЖШС-ның 9-шағынаудан, Ермеков көшесіндегі №5 блоктағы (нөлдік цикл) тұрғын үйді салу барысында орындамаған жұмыстарының көлемі 596,1 мың теңгені құрауда. Сонымен қатар, «ЮТЭКС» ЖШС-дан 25,3 млн.теңгенің шарт талаптарын уақтылы орындамағаны үшін тұрақсыздық айыппұлы алынбаған.

Пайдалануға беру барысында 134 жұмыс атауы бойынша 12,0 млн.теңгенің бірқатар ақаулар мен кемшіліктерінің анықталуына, жекелеген медициналық жабдықтарды толық жеткізбеуіне және қоспауына байланысты, Қарағанды облыстық қан орталығының объектісі жергілікті атқарушы органдардың балансына қабылданбаған.

2011 жылғы 31 желтоқсанға Қарағанды облысы бойынша республикалық бюджетке 33,4 млрд.теңге салық төлемдері асыра төленген, бұл 2011 жылғы республикалық бюджеттің салық түсімдерінің 17,6 %-ын құрайды. Бұл ретте, салық бересісін қысқарту бойынша қабылданған шараларға қарамастан, облыстың салық төлеушілерінің республикалық бюджет алдындағы берешегі өсуде. Мәселен, 2012 жылғы 1 қаңтарға, облыс бойынша салық бересісі 11,4 млрд.теңгені құрады, бұл 2011 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, 3,8 млрд.теңгеге немесе 51,0 пайызға жоғары. Тәуекелдерді басқару жүйесінің нашар пайдаланылуына байланысты, 2010 жылы салықтық тексерулердің жалпы санының 49,7 %-ы нөлдік қосымша есептеулермен аяқталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 12 наурыздағы № 293 қаулысымен бекітілген Халықаралық іскерлік операциялары мәмілелер мониторингіне жататын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тізбесінде коксты көмірдің болмауы жер қойнауын пайдаланушыларға салық органдары тарапынан мониторинг пен бақылаудың жүргізілмеуіне мүмкіндік береді, бұл экспорттық түсімге салық салуды қысқартуға алып келеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 қарашадағы №1249 қаулысымен бекітілген Кеден одағы шеңберінде салық салынатын импорт мөлшерін түзету қағидасының 4-тармағында белгіленген автокөлік құралдарының құнын түзетуге арналған ақпарат дереккөзін салық органдары өз жұмысында қолданбауда, бұл жайт, аталған тетіктің тиімділігінің төмендеуіне әкеп соғуда.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның филиалы «Балқаштүстімет» өндірістің филиалы жалға алған жер учаскелерінің мәртебесі дұрыс белгіленбеуіне және санитарлық-қорғау аймақтарының жеке және заңды тұлғалар жалға алатын жер учаскелері бойынша сәйкестендіру құжаттарына енгізілмеуіне байланысты, жергілікті бюджетке жыл сайын 405,9 млн.теңге мөлшерінде есеп айырысу сомасындағы жалдау ақысы мен жер салығы түспеуде.

Қарағанды облысы бойынша салық органдары «Темір Металл трейд» ЖШС-ға қайта тексеру жүргізген кезде ҚҚС-ны негізсіз есепке алған және 1,3 млн.теңгеге азайтқан.

Бақылау барысында жеке кәсіпорындардың жалған кәсіпорындармен жалпы 36,7 млн.теңгеге өзара есеп айырысу жүргізгені, жалған кәсіпорындармен жасалған өзара есеп айырысуды банкротқа ұшыраған кәсіпорындармен ауыстырғаны анықталды.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға арналған нысаналы трансферттер түрінде бөлінген республикалық бюджет қаражатының атаулылығы мен нысаналы сипатын қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанына Қарағанды облысы әкімінің назарын аударып, оған анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Республикасы Үкіметіне: 2009 жылғы 12 наурыздағы № 293 қаулымен бекітілген Халықаралық іскерлік операциялары мәмілелер мониторингіне жататын тауарлар (жұмыстар, қызметтер) тізбесіне коксты көмірді енгізу; жер қойнауын пайдаланушылардың қол қойылған меморандумдар мен келісімшарттар бөлінісінде өңірлерді әлеуметтік дамытуға арналған аударымдары бойынша бірыңғай республикалық ақпараттық дерекқор қалыптастыру мәселелерін қарау жөнінде ұсыныс берілді.



Батыс Қазақстан облысының тексеру комиссиясымен бірлесіп жүргізілген бақылау іс-шарасының барысында бюджет заңнамасының жалпы 3 510,8 млн.теңгеге, соның ішінде есептелген кедендік төлемдер мен баждар бойынша 12,2 млн.теңгеге бұзушылықтар анықталды.

Жергілікті бюджеттің 2011 жылғы кіріс бөлігінің жоспары 3,08 млрд.теңгеге орындалмаған. Жоспар бойынша 42,45 млрд.теңге қарастырылғанымен, іс жүзінде 39,37 млрд.теңге (92,7%) түскен.

Әкімдік Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялауға және күрделі жөндеуге, кадрлар даярлауға және қайта даярлауға бағытталған жалпы 2 337,2 млн.теңге республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері бойынша келісімдерде көзделген міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етпеген.

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 44-бабы бұза отырып, 2011 жылы бөлінген 20,53 млрд.теңге нысаналы трансферттердің 1,52 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі орындалмағандықтан, атаулылық және нысаналы сипат принципін бұзушылықпен жұмсалған, бұл жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде кредиторлық берешектің пайда болуына алып келді.

Облысқа төтенше жағдайлар зардаптарын жоюға бөлінген бюджет қаражатының атаулылық және нысаналы сипаты принципін бұзушылық кездеседі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен объектілерді салуға және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бөлінген қаражатты толығымен игеру бөлігіндегі түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген.

Мәселен, құрылыс жөніндегі уәкілетті органның оң қорытындысы болмаса да, 318,2 млн.теңге бөлінген. Бұл ретте 133,5 млн.теңге мөлшеріндегі пайдаланылмаған қаражат жылдың соңында республикалық бюджетке қайтарылмаған, қаржы жергілікті бюджет шығыстарына жұмсалып кеткен.

«Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» МҚКК қаржы-экономикалық негіздемеде жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың есебінен қарастырылған 275,0 млн.теңгенің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етпеген. Сондай-ақ 18 көп пәтерлі тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары қарастырылғанымен, тек 8 үйде ғана жөндеу жұмыстары аяқталған.

Жолдардың пайдалану-техникалық жай-күйінің төмендеп бара жатқандығы байқалады. Мәселен, облыстық маңызы бар «Ақсай-Шыңғырлау» автомобиль жолының 51-86 км, сондай-ақ «Чапаев-Жаңақала-Сайқын» автомобиль жолының 76-113 км учаскелерінде күрделі жөндеу жұмыстары 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқандығына қарамастан, аталған бірде-бір учаске бақылау кезінде пайдалануға берілмеген. Бұл орайда, мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша, жоғарыда көрсетілген жұмыстардың ұзақтығы 8 айдан аспайды, яғни жобалардың мерзімінде аяқталмауы олардың түзетілуіне және қымбаттауына алып келеді.

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 44-бабын бұза отырып, Батыс Қазақстан облысына тасқын су зардаптарын жою мақсатында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бөлінген 1 172,2 млн.теңге нысаналы трансферттердің есебінен Қаратөбе, Жаңақала және Бөрлі аудандарында төтенше жағдайлар болмаса да, мұндағы автомобиль жолдарына 183,7 млн.теңгеге жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.

2011 жылы жалпы 1 926,9 млн.теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстары облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының рұқсатынсыз басталған. Денсаулық сақтау объектілерін салу бойынша 291,8 млн.теңгеге шарттар жасасу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың нормалары қолданылмаған.

Орал қаласында жалпы 18,2 млн.теңгеге көп пәтерлі алты тұрғын үйдің құрылысы техникалық қадағалаусыз жүзеге асырылған.

Жалпы ұзындығы 111,148 км, құны 1 032,2 млн. теңге тұратын «Ақсай қаласын және Бөрлі ауданының оңтүстік бөлігіндегі елді мекендерді «Ақсай» газ бөлу станциясынан газбен жабдықтау» объектісінің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілмеген, тұтынушыларға жылына 60 587 текше метр көлемінде табиғи газ беру жөніндегі міндет орындалмаған.

ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің «Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының қазақстандық филиалында және мердігерлік ұйымдарда 2004-2006 жылдарды қамтыған бақылауы барысында жалпы 46,74 млрд.теңге мөлшерінде қосымша салық есептелген. Алайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен мақұлданған Реттеу туралы келісімге сәйкес, өндіріп алынатын қосымша есептелген соманың мөлшері 95,16 млн. АҚШ долларына азайтылған. 2012 жылғы 1 маусымға, өндіріп алынуға жататын сома республикалық бюджет кірісіне түспеген. Осыған қарамастан, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті «Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.» филиалына 2009 жыл үшін 20,43 млрд.теңге мөлшерінде қосымша құн салығын қайтарған.

Батыс Қазақстан облысы бойынша салық комитеті 33 салық төлеушіні белгіленген мерзімде салық органдарына салық есептілігін ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпаған.

Жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерді ескере отырып, Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасы аясында облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялауға және күрделі жөндеуге, кадрлар даярлауға және қайта даярлауға бағытталған нысаналы трансферттер жөніндегі келісімдер шеңберінде қабылданған міндеттемелер бойынша тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге тиісті шаралардың қабылданбағанына Батыс Қазақстан облысы әкімінің назарын аударды.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитетіне «Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясы мен оның мердігерлік ұйымдары бойынша салық салынатын табысты және бөлінетін кірістердің үлесін есептеудің негізділігі мен анықтығына тексеру жүргізу жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.


Квазимемлекеттік сектор субъектілері бөлінісінде
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ға (бұдан әрі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ға (бұдан әрі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ) Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбырын салу жөніндегі жобаны (бұдан әрі – Жоба) іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылау барысында жалпы 2,4 млрд.теңгеге қаржылық бұзушылықтардың орын алғандығы, сондай-ақ жалпы 1,2 млрд. теңгеге мемлекет активтерінің тиімсіз пайдаланылғандығы анықталды.

Жобаны іске асыру үшін 2010-2011 жылдары республикалық бюджеттен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 61,6 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, осындай мақсатта 2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан (бұдан әрі – Ұлттық қор) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға 23,3 млрд.теңге мөлшерінде заем бөлінген, кейіннен соның 12,1 млрд.теңгесі республикалық бюджет қаражаты есебінен өтелген.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ алынған қаражатты 2011 жылдың бас кезінде «ҚазТрансГаз» АҚ-ға берген. «ҚазТрансГаз» АҚ-ның есеп айырысу шоттарында 72,8 млрд.теңге 9 ай бойы жатқан, бұл ретте 21 млн.теңге мөлшерінде профильдік емес кіріс алынған.

2011 жылғы қаңтарда Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны – «Бейнеу-Шымкент газ құбыры» ЖШС (бұдан әрі – «БШГ» ЖШС) құрылды. «ҚазТрансГаз» АҚ 2011 жылғы ақпанда «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын қалыптастыруға 290,0 млн.теңге, қыркүйекте жарғылық капиталды ұлғайтуға 70,5 млрд.теңге бағыттаған, бұл бастапқы жоспарланған сомадан 290,0 млн.теңгеге артық.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Ұлттық қордан жобаны іске асыруға берілген 11 млрд. АҚШ доллары мөлшеріндегі заем қалдығына қызмет көрсетуде, бұл ретте «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын қалыптастыру кезіндегі бағамдық айырманың есебінен қалыптасқан 1,9 млрд.теңге бір жылдан астам уақыт бойы «ҚазТрансГаз» АҚ-ның есеп айырысу шоттарында қозғалыссыз жатыр.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің (бұдан әрі – ЭМРМ) тапсырысы бойынша құрамына «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ мен «КАТЭК» ЖШС кіретін Жобалаушы компаниялар консорциумы құны 2,0 млрд.теңге болатын «Жоба» кезеңінің жобалау сметалық құжаттамасын әзірледі.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның жарғылық капиталын төлеу үшін «Бейнеу-Шымкент» газ құбырын салу» жобасы» жобалау құжаттамасын беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 30 маусымдағы № 666 қаулысына сәйкес, ЭМРМ 2010 жылғы 23 желтоқсандағы қабылдау-өткізу актісімен аталған жобалау құжаттамасын мемлекеттік актив түрінде берді, ал «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ баланстық құны 2 000,0 млн.теңге, бағалау құны 2 162,7 млн.теңге болатын Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салу жөніндегі ЖСҚ-ны қабылдап алды.

Осы ретте, 2012 жылғы 1 маусымға, ЖСҚ «ҚазТрансГаз» АҚ-да жатыр, «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталына берілмеген, сонымен «2007 жылғы 18 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы Заңының нормалары, атап айтқанда, Қазақстан тарапы «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын 500 млн. АҚШ доллары мөлшерінде қалыптастырады деген норма орындалмаған.

«ҚазТрансГаз» АҚ-дан «БШГ» ЖШС-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға арналған 70,8 млрд.теңге мөлшеріндегі қаражат немесе қарастырылған қаржының 97,4 %-ы 2011 жылғы қыркүйекте келіп түсті.

Жобаны аяқтаудың мерзімі бірнеше мәрте өзгертілді. Мәселен, Бозой-Шымкент тармағы құрылысының 1-ші кезегін іске асырудың басталу мерзімі 2011 жылдан 2012 жылға, Бейнеу-Бозой тармағының 2-ші кезегі 2014 жылға ауыстырылған, сөйтіп, техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау сметалық құжаттама түзетілді. Нәтижесінде Жобаның құны 112,3 млрд.теңгеге (347,8 млрд. теңгеден 460,1 млрд.теңгеге дейін), соның ішінде 95,9 млрд.теңгесі құбыр өнімдеріне бағаның көтерілуіне байланысты қымбаттады.

Уәкілетті органдар – Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстан-Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің орындалуын үйлестіру мен бақылауды, жобаның тәуекелдерін бағалау мен мониторингілеуді тиісті дәрежеде қамтамасыз етпеген.

«БШГ» ЖШС-ның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау ұйымдастырылмаған, бұл әкімшілік шығыстардың өсуіне және бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келді. 2011 жылы және 2012 жылдың 4 айы ішінде «БШГ» ЖШС-ның шеккен шығындары 1,3 млрд.теңгені құрады.

Өз қызметін шығынмен аяқтағанына және жобаны іске асырудың басталу мерзімі кейінге шегерілгеніне қарамастан, «БШГ» ЖШС-ның қызметкерлеріне 2011 жылдың және 2012 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша жалпы 289,4 млн.теңге мөлшерінде сыйлықақы төленген.

Тиістілік нормативтері болмаса да, «БШГ» ЖШС-ның қарамағында жалпы 22 қызметтік машина, соның ішінде 11 дана «Toyota Lаnd Cruiser» автомашинасы, бизнес класты машиналарға жататын 5 дана “Skoda Superb» автомашинасы бар. Қызметтік автомобильдерді ұстауға және оларға қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстар тексерілген кезең ішінде 86,5 млн.теңгені құрады.

«БШГ» ЖШС бөгде ұйымдармен бірқатар шарттар жасасқан, олар көп жағдайда «БШГ» ЖШС-ның негізгі департаменттерінің жұмыстарын қайталап отыратын шетелдік мамандарды жұмысқа тартқан.

Қытай Халық Республикасынан және Ресей Федерациясынан сатып алынған желілік құбырлар алты айдан астам уақыт бойы ашық алаңдарда сақталуда, күннің көзінде және жауын-шашынның астында жатыр, бұл олардың оқшаулаушы қабатының сапасының нашарлауына, басқа да қатерлердің туындауына әкелуі мүмкін. Жобаны іске асырудың басталу мерзімі кейінге шегерілгендіктен, қазіргі уақытта мердігер айқындалмаған. Жеткізілген құбырлар бухгалтерлік есеп бойынша кіріске жатқызылмаған, өйткені шарттың талаптары бойынша құбырларды қабылдау өнім жеткізушінің, тапсырыс берушінің, үшінші тарап инспекциясының, сондай-ақ мердігердің қатысуымен жүзеге асырылуы тиіс.

Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелерінің (1.02-01-2007) 2.4-тармағын және шарттың 314-тармағын бұза отырып, жобалаушы «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ-ға жұмысқа қажетті бастапқы деректер берілмеген. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында газ құбырын салуға жер учаскелерін беру туралы шешімдер қабылданбаған.

«БШГ» ЖШС «Имперави» ЖШС-мен газ құбырын салудың 1-кезеңін іске асыру барысында жер пайдаланушылар мен жер учаскелері иелерінің уақытша пайдаланған және жалпы пайдаланған кездегі залалдарын өтеуге шарт жасасқан, алайда бақылау кезінде 759 шарттың 607-сіне екіжақты тәртіппен қол қойылмаған болып шықты.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті «2007 жылғы 18 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының тиісті дәрежеде орындалмағандығына, Жоба құнының қымбаттауына және оны іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келген Жобаны іске асырудың басталу мерзімінің сақталмағандығына Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарын аударып, оған жоғарыда көрсетілген Заңның, оны іске асыру үшін қабылданған өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын тиісінше орындауды, сондай-ақ «Бейнеу-Бозой-Шымкент газ құбырын салу» жобасын іске асыру кезінде бюджет қаражатын тиімді жұмсауды қамтамасыз етпеген тұлғаларға тәртіптік сипаттағы шара қолдану жөнінде ұсыныс берді.

Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігіне: бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жөніндегі жобаны іске асыруға бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау; сатып алынған желілік құбырлардың сапасына сараптама жүргізу және олардың техникалық талаптарға сәйкестігін бағалау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру; «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасын іске асыру барысында қызметтер көрсету, тауарлар сатып алу және құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау кезіндегі қазақстандық мазмұнды ұлғайту жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.



Есеп комитеті «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» және «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамдарына бөлінген республикалық бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін 2009-2011 жылдары мақсатты пайдалану мәніне аталған акционерлік қоғамдардың қызметіне тексеру жүргізді.

Бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы 1572,0 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың 1738,7 млн.теңгеге бұзушылықтары, сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жүргізуге және практикалық іске асыруға бөлінген қаражаттың 1570,9 млн.теңгесі тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.



2011 жылға дейін Холдингтің қызметі сандық және сапалық жұмыс көрсеткіштерін дамыту мен айқындау стратегиясынсыз жүзеге асырылып келгенін атап өткен жөн. Бұл ретте 2011 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы көлеміне және жобаларды басқарудың негіздерін меңгерген ғалымдар санына шаққандағы мемлекеттік емес қаржыландырудың үлесін жыл сайын 10%-ға өсіру жөніндегі көрсеткіштер орындалмаған.

Холдингтің еншілес және бағынысты ұйымдары оның тікелей қатысуынсыз 8,4 млрд.теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген.

«Ғылым қоры» АҚ-ның инвестициялық жобаларды өндіріске енгізу жөніндегі саясатына жауап бермейтін жобаларды инвестициялауының, қаражатты жобалардан тыс мақсаттарға пайдалануының, жобаларды іске асыру мерзімдерін сақтамауының фактілері анықталып отыр. Кейбір жағдайда түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген, жобаларды іске асыру тоқтатылған. Гранттар мен займдарды алушылардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге қатысты бірыңғай тәсілдер айқындалмаған.

«Астана инвент групп» ЖШС «Жылу электр станцияларының қазандықтарында көмір аэроқоспаларын өртеуге арналған құрылғы» жобасын іске асырудың түпкілікті нәтижесіне қол жеткізбеген, сондай-ақ 50,5 млн.теңгенің тауар-материалдық құндылықтары негізсіз есептен шығарылған және көрсетілмеген.

«Ғылым қоры» АҚ «Centras Financial» ЖШС-мен бірге консорциумға 514,7 млн.теңге мөлшерінде салым салған тұста, «Centras Financial» ЖШС 205,4 млн.теңгеге бағаланған зияткерлік меншіктің тіркелмеген құқықтары түрінде салым жасаған. Бұл ретте «Centras Financial» ЖШС консорциумдық келісімнің талаптарын орындамаған, пайызсыз займ қаражатын, яғни 25,7 млн.теңгені өтеу кестесіне сәйкес қайтармаған.

Жобаларды іске асыру барысында инновациялық технологиялар парктерінің және технопарктердің алаңдары пайдаланылмаған, нәтижесінде гранттар мен займдар түрінде алынған қаражаттың елеулі бөлігін орындаушылар жабдықтар мен материалдар сатып алуға пайдаланған.

Есеп комитетінің «Қаржы орталығы» АҚ-да жүргізген бақылау нәтижелері бойынша бұрын берген тапсырмалары берілген мемлекеттік кредиттер шығыстарын индексациялау бойынша шешімдер қабылдау, қайтыс болған қарыз алушылардың кредиттерін өтеу тетігін айқындау, жоғары оқу орындарымен өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеру бөлігінде орындалмаған. Бұрынғы жылдары жалпы 11,6 млрд.теңге мөлшерінде берілген мемлекеттік кредиттерді өтеу бойынша жұмыстар тиімсіз жүргізілуде.

ҚР Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – БҒМ) «Қаржы орталығы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға нақты қажеттілік болмаса да, республикалық бюджеттің 1850,0 млн.теңгесін студенттердің екінші деңгейдегі банктерден оқуға кредит алуы үшін кепілдіктер беруге бөлген. Нәтижесінде 1 011,0 млн.теңге алаңы белгіленген нормативтерден асып кеткен офистік ғимарат сатып алуға және оны жаңартуға пайдаланылған.

«Қаржы орталығы» АҚ пайдаланбайтын алаңдарын БҒМ-ға қызметтер көрсететін және жалға алу бойынша шығыстарын республикалық бюджет қаражаты есебінен төлеуге ұсынатын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жалға беруде. Бұл ретте «Қаржы орталығы» АҚ үй-жайларды жалға беруден жалпы 83,6 млн.теңге табыс тапқан.

ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 26 шілдедегі № 633 қаулысымен «Қаржы орталығы» АҚ акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер төлеуден босатылған тұста, 2010-2011 жылдары ол бейінді емес қызметтен 180,7 млн.теңге мөлшерінде таза табыс тапқан, соның 50%-ын немесе 90,3 млн.теңгесін өз иелігінде қалдырған.

Есеп комитеті бақылаудың нәтижелері бойынша «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ-ның өзінің еншілес және бағынысты ұйымдарын жеткілікті дәрежеде тиімді басқармағанына, «Қаржы орталығы» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 1 850,0 млн. теңге бюджет қаражатының қажеттілік болмаса да бөлінгеніне БҒМ-ның назарын аударды.

БҒМ-ға 2012 жылғы 1 қарашаға дейін қарыз алушылардың алған мемлекеттік білім беру кредиттерін және банктерге берілген кепілдіктерді қайтаруына кепілдік беретін қорғау тетігін жоғары оқу орындарымен бірлесіп белгілеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп, 2012 жылғы 1 қазанға дейін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды іске асыруға бөлінетін бюджет қаражатын оңтайлы пайдалану мақсатында инновациялық технологиялар парктерінің және технопарктердің инфрақұрылымын пайдалану мәселесін пысықтау ұсынылды.






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет