«байқОҢЫР» Ғарыш айлағының халықаралық ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘртебесі



Дата04.07.2016
өлшемі86.64 Kb.
#178588
«БАЙҚОҢЫР» ҒАРЫШ АЙЛАҒЫНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘРТЕБЕСІ
Машимбаева Г.А.

з.ғ.к.,әл- Фараби атындағы ҚазҰУ,Халықаралық қатынастар факультеті,халықаралық құқық кафедрасыныңдоценті

Нупбаева А.

әл- Фараби атындағы ҚазҰУ,Халықаралық қатынастар факультеті,



Халықаралық құқық кафедрасы,2 курс магистранты
Халықаралық құқық теориясында жалға берілетін территорияларды ерекше құқықтық режимдегі территориялар ретінде қарастырады. Бабурин С.Н. ерекше құқықтық режимдер территорияларының төмендегідей түрлерін айрықшалайды:

- ерекше заңдар қолданылатын территориялар;

- төтенше жағдай территориялары;

- әскери жағдайдағы территориялар;

- орталық биліктің тікелей басқаратын территориялары;

- жабық әкімшілік территориялар;

- тасымалдау және бейбіт өту территориялары;

- концессиялар және жалға берілген территориялар [1, 111].

Байқоңыр кешені осы жіктемелердің ішіндегі жалға берілген территориялар тобына жатады.

Заң ғылымында халықаралық жалға берілген территориялар түсінігі ретінде, бір мемлекеттің екінші мемлекетке келісім негізінде, өз территорияларының бөлігін немесе осы территорияларда орналасқан қандай да бір объектілері мен құрылыстарын, белгілі бір мерзімге, белгілі бір мақсатта және келісілген шарттар негізінде беруі қарастырылады [2, 286].

Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы қарым қатынас екі ел үшін де маңызды стратегиялық бағыт ретінде қарастырылады. Осы қарым қатынастың ішіндегі маңызды жақтарына Байқоңыр ғарыш айлағы бойынша мәселелер кешенін жатқызуға болады.

Кеңес Одағының күйреуі нәтижесінде 1991 жылы «Байқоңыр» кешені бойынша Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы арасында, халықаралық құқықтық түрде ғарыш айлағының құқықтық мәртебесіне қатысты құжаттар қабылдана бастады. 1991 жылғы 31 тамыз – Қазақ КСР Президентiнiң Жарлығымен «Байқоңыр» ғарыш айлағы Қазақстанның территориясындағы мүлiктiк кешен ретiнде оның меншiгi болып жарияланды.

1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шарттың 25 бабында екі ел өзара тиімді негізде «Байқоңыр» ғарыш айлағының ғылыми-техникалық әлеуетін арттырып, оны пайдалану тәртібін жеке келісіммен реттейтіндігі айтылған [3, 2].

Шартта айтылған келісімнің алғашқысы ретінде 1992 жылдың 25 мамырындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану тәртібі туралы Қазақстан республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Келісімді қарастыруға болады.

1992 жылғы Келісімнің 2 бабында Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілері оның меншігіне кіреді және Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы «Байқоңыр» ғарыш айлағының мүліктерін пайдалану және меншіктену құқығын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Стратегиялық Күштеріне береді деп бекітілген [3, 6].

Бастапқы кезеңде «Байқоңыр» ғарыш айлағының құқықтық мәртебесі әскери объект ретінде айқындалып, ол ТМД мүше мемлекеттердің бірлесіп пайдалануына берілген болатын. Кейінгі жылдары ғана, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында мемлекетаралық келісімге қол жеткізіп, Байқоңыр ғарыш айлағының құқықтық мәртебесін анықтаудың келесі кезеңдерінде ғарыш айлағы Қазақстан Республикасының меншігі ретінде қарастырыла бастады.

1992 жылғы Келісімде Байқоңыр қаласының әкімшілігінің құқықтық мәртебесі, ғарыш айлағының объектілерін пайдалану тәртібі қарастырылмаған. Сонымен қатар, Ресей тарапынан кешенді пайдаланудың құқықтық негіздері, кешен қызметкерлерінің құқықтық мәртебесі, ғарыш айлағы территориясында орналасқан РФ әскери құрылымдарының құқықтық мәртебесі және Байқоңыр қаласының (бұрынғы Ленинск) тұрғындарының құқықтық мәртебесі Келісімде қарастырылмады.

Осы мәселелерді шешу мақсатында екі ел арасында 1994 жылғы 28 наурызда ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі қағидаттары мен шарттары туралы Келісім жасалды. Ол бойынша «Байқоңыр» кешені – Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Ленинск қаласының, олардың қозғалмалы және қозғалмайтын мүліктері, сынау, технологиялық, ғылыми, өндірістік-техникалық, әлеуметтік және қамтамасыз ету объектілері. [4] болып табылады.

Бұрынғы Ленинск қаласы болып аталған 1995 жылы өзгертілген Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесі «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесi және ондағы атқарушы өкiмет органдарын құрудың тәртiбi мен олардың мәртебесi туралы Келісім» бойынша, «Байқоңыр қаласы жалға алу жағдайында жұмыс iстейтiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiгi болып табылады» [5].

Келісім шарттарынан көріп отырғанымыздай ғарыш айлағымен қатар, барлық инфрақұрылымдарымен бірге қала да жалға берілген.

Тараптар, «Байқоңыр» кешенінің аумағында Ресей Федерациясының әскери қызметшілеріне, жай қызметші адамдарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты Ресей Федерациясының заңдары қолданылады және оның құзыретті органдары әрекет етеді деп уағдаласқан.

1994 жылғы Келісім негізінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалдау туралы Шартқа қол қойылып, негізгі түсініктер мен терминдердің мағынасы анықталған.

Шарттың 6 бабының 6.9 тармағы бойынша Ленинск қаласы әкімшілігінің әкімін - Ресей Тарапының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Ресей Федерациясының Президенті бірлесіп тағайындайды. Шарттың қолданыстағы кезінде Ленинск қалалық Әкімшілігі әкімінің үсынысы бойынша Жалға алушы Ленинск қалалық әкімшілігін құрады деп берілген [6].

Шарттың 6 бабының 6.12 тармағы бойынша «Байқоңыр» кешенінің аумағында Ресей Федерациясының әскери қызметшілеріне, жай қызметші адамдарына және олардың отбасы мүшелеріне қатысты Ресей Федерациясының заңдары қолданылады және оның құзыретті органдары әрекет ететіндігі ерекшеленіп, Ғарыш айлағының қызметшілері мен олардың отбасы мүшелеріне қатысты «Байқоңыр» кешенінің маңынан тыс олардың міндетті әскери қызметін атқаруға байланысты жасалынған әскери қылмыстар мен заңды бұзушылық, заңға қайшы Ресей Федерациясы және оның азаматтарына қарсы әрекет жасаған жағдайда Ресей Федерациясы юрисдикциясын жүзеге асырылады. Басқа жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдары қолданылады деп айқындалған [6].

1994 жылы қол қойылған үкіметаралық келісім бойынша Ресей мемлекеті Байқоңыр ғарыш айлағын 20 жылға жылына 115 млн долл төлеммен жалға алды. Аталмыш құжатқа сәйкес, екі ел арасында ғарыш саласындағы әріптестікті тереңдетіп, Байқоңырдағы ғарыштық бағдарламаға Қазақстанның қатысуын тереңдету, оның инфрақұрылымдарын жаңғырту, экологиялық қауіпсіздік мәселесіне жете көңіл бөлу мәселелері де назардан тыс қалмаған.

2004 жылғы келісім бойынша «Байқоңыр» кешенін Ресей Федерацияының жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды [7]. Келісім бойынша жалға беру құнына өзгертулер енгізілмегенімен, келісімнің ережелері бойынша, Ресей мемлекеті Қазақтан Республикасымен Байқоңырда жүзеге асырылатын бірлескен жобалардан түскен табыстарымен бөлісу қажеттігі қарастырылды.

Бұл мәселе төңірегінде Қасымжомарт Тоқаев: «Бұрынғы келісімдерде Қазақстан жағына ресейлік коммерциялық ұшырылымдардан түскен табыс көздерін беру қарастырылмаған. Ресей осы табыс көздерінен жыл айын 1 млрд долларға дейін алады. Астана, жалға беру ақысынан бөлек ғарыш айлағында жасалатын қызметтер үшін 30 млн долл ғана алады және бұл әрине жеткіліксіз» деп мәлімдеген болатын [8]

Сонымен қатар 2004 жылы келісімге қол қою барысында жалға беру мерзімін ұзартуды қай мерзімнен бастау қажеттігі төңірегінде бірқатар қайшылықтар да орын алған. Қазақстан Республикасы тарапынан 1994 жылдан бастап жалға беру мерзімін санау қажеттілігі туралы ұсыныстар көтерілсе, Ресей жағы 2004 жылдан бастап санау қажеттігін алға тартқан еді.

2004 жылғы Келісімге қол қою барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағында жоғары деңгейдегi экологиялық қауiпсiз, екі ел арасындағы ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенiн құру туралы үкiметаралық келiсiмге де қол қойылды.

2014 жылы Қазақстан Республикасы ғарыш агенттігінің төрағасы Т. Мұсабаев, РФ Федералды ғарыштық агенттігінің (Роскосмос) жетекшісі О. Остапенкомен кездесуі барысында, 2014-2016 ж арналған «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша Жол картасындағы келісімдерді іске асыру бойынша мәселелерді, оның ішінде «KazSat-3» байланыс және хабар тарату спутнигін ұшыру, «Бәйтерек» ҒЗК-ны құру жобаны жүзеге асыру, «Днепр» бағдарламасының алдағы іске асуы, ХҒС-қа қазақстандық ғарышкердің ұшу мүмкіндігін талқылаған еді . [9].

Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты екі ел қарым қатынасы тұрақты түрде дамып келе жатқандығына қарамастан, мәселе төңірегінде бірқатар қиыншылықтар да кездескен. Атап айтқанда жалға беру құнына өзгерістер енгізу мәселесі, Байқоңыр қаласының құқықтық мәртебесіне қатысты ұстанымдар алшақтығы, экологиялық мәселелер төңірегіндегі қайшылықтар.

Ресейде салынып жатқан «Восточный» ғарыш айлағына қатысты мәселе төңірегінде қазіргі таңда, ресейліктердің Байқоңырдан бас тартуы мүмкін деген пікірлер де баспасөз берттерінде орын беріп отыр.

Екі ел арасындағы «Байқоңыр» кешені мәселесіне қатысты Т. Мұсабаев: «Біздің ел ғарыштық державаға айналуға ұмтылып отыр. Қазір біз ракеталарды Ресеймен бірлесіп ұшыратын боламыз және болашақта да осы жобаларды бірлесіп атқаруды жоспарлаймыз. Қазақстан Ресейдің Байқоңырдан кетуін қаламайды» деп жауап берген еді [10].

Отандық мамандардың пікірінше, егер де Ресей Байқоңыр айлағынан кететін болса, Қазақстан қазіргі таңда өз бетінше ғарыштық бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ деп санайды. Бұл мәселеге отандық ғарыш саласының мамандарының жеткіліксіздігі де арқау болып отыр.

Дегенмен, шетел ғалымдарының пікірі бойынша егер де Ресей Байқоңыр кешенінен кеткен жағдайда АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Жапония, Қытай мемлекеттері бұл мәселе төңірегінде Қазақстан Рсепубликасымен әріптестік жасауға ұмтылып отыр деп мәлімдейді [11]

Қазақстан республикасында қазіргі таңда ғарыш саласын дамытып ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта зерттеу және пайдалану саласындағы әлемдік көшбасшылармен халықарлық ынтымақтастық орнатылған. Ғарышты бейбіт мақсатта зерттеп, пайдалану жөнінде 4 үкіметаралық және 8 салааралық келісімдерге қол жеткізіп, Ресей Федерациясымен, Біріккен Араб Әмірліктерінің перспективалық ғылым және технология институтымен, Сауд Арабиясы Корольдігі Әбдел Әзиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашығымен, Жапония мемлекетімен ынтымақтастық жөніндегі келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды [12].

Сонымен мақаланы қорытындылай келе, «Байқоңыр» ғарыш айлағының халықаралық-құқықтық мәртебесін анықтау бойынша екі ел арасындағы бірқатар қиыншылықтарға қарамастан, әріптестікті жемісті түрде дамып келе жатқандығын байқаймыз.

Қазақстан Республикасы өзінің оы мәселе төңірегіндегі ұстанымдарын маңызды құжаттарды қабылдау арқылы анықтап, өз мүдделерін қорғайтын іс – шаралар кешені арқылы ғарыш айлағын отандық ғарыш бағдарламасының құрамдас бөлігіне айналдыра алды. Атап айтқанда:

1. Байқоңыр қаласы территориясында сот, прокуратура, ҚР ІІМ өкілдігі, Қазақстан Республикасы Президентінің арнайы өкілі сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының болуы.

2. 2006 жылы Ресей құқық қорғау органдарының юрисдикциясы шеңберінен Байқоңыр қаласында тұраты Қазақстан Республикаының азаматтарын шығару.

3.70 пайызы Қазақстан азаматтары тұратын Байқоңыр қаласыныңтіршілік әрекетін қаржыландыру мен оның инфрақұрылымын ұстау Ресей Федерациясының мемлекеттік бюджетінің қаражаты есебінен жүзеге асырылуы.
Әдебиет:

1. Бабурин.C.Н. Территория государства: Теоретико-правовыепроблемы: диссертация... доктора юридических наук: 12.00.01 Москва, 1998. – 297 с.

2. Тихомирова Л.В., Тихомиров М.Ю. Юридическая энциклопедия. Издание 5-е, дополненное и переработанное/Под ред. М.ЮТихомирова. – М.: 2006. –. 484 с.

3. Договор о дружбе, сотрудничестве и взаимной помощи между Российской Федерацией и Республикой Казахстан от 25 мая 1992 г. Комплекс «Байконур»: Сб.нормативных актов и документов/ под. ред. А.Ф.Мезенцева. - М.: Изд-во МНЭПУ, 2005. –320 с.

4. Соглашение между Российской Федерацией и Республикой Казахстан обосновных принципах и условиях использования космодрома «Байконур» от 28 марта 1994 г.//http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=1002868

5. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімді бекіту туралы Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсан N 329-I Заңы// http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z980000329_

6. Соглашение между Российской Федерацией и Республикой Казахстан обосновных принципах и условиях использования космодрома «Байконур» от 28 марта 1994 г.// http://online.zakon.kz/Document/?doc_id=1002868

7.Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісім// http://normativ.kz/word/75381

8. Д. Литовкин., Н. Ратиани. Сколько стоит Байконур // http://izvestia.ru/news/285491

9. www.strategy2050.kz

10. Т. Мусабаев «Мы бы хотели, чтобы Россия осталась на Байконуре навсегда» // http://izvestia.ru/news/563496

11. John CK Daly. Kazakhstan's Space Launching Cosmodrome Under Pressure by Russia//http://www.silkroadreporters.com/2014/09/10/kazakhstans-space-launching-cosmodrome-pressure-russia/



12 Ғарышқа ұмтылу – табысқа ұмтылу // Егемен Қазақстан 26 қыркүйек 2012 ж

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет