БҚАТУ-ға 50 жыл
14.01.2013 15:41 oraloniri Образование Орал өңірі
Еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына биыл 50 жыл толмақ. «Елу жылда ел жаңа» демекші, жарты ғасырда үлкен жетістіктерге жетіп, замана үрдісімен қатар көркейіп келе жатқан білім ордасының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту жоспарланып отыр.
Соған орай 9 қаңтар күні университетіміздің ғылыми кітапханасында 50 жылдыққа арналған іс-шаралардың ресми тұсаукесері өтті. Аталмыш шараға облыс әкімінің кеңесшісі, экономика ғылымдарының кандидаты, соғыс және еңбек ардагері, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының төрағасы Бисен Жұмағалиев және тыл ардагері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Әмірхан Қарасаев арнайы шақырылды.
Алғашқы сөз кезегін алған университет ректоры, профессор Қазыбай Бозымов университеттің даму тарихымен және осы мақсат жолында аянбай еңбек еткен ардагерлердің қызметтік жолымен таныстырды.
- Орал қаласында ауыл шаруашылығы институтының ашылуына себепкер болған қос ардагер ағамызды университетіміздің жарты ғасырлық мерейтойын тойлауға арналған іс-шаралардың тұсаукесеріне шақыруымыздың өзінде үлкен мән бар. Өйткені оқу ордамыздың қаламызда ашылып, өркен жаюы ғалым-ұстаздарымыздың ерен еңбегі деп білеміз. Ұзақ жылдар бойы аянбай еңбек етіп, университеттің бүгінгі таңдағы жетістігі мен жемісіне ұшан-теңіз үлес қосқан қос ардагер ағамыздың салған сара жолын жалғастыру – олардың ізіне ерген кейінгі толқынның парызы, - деді университет ректоры, профессор Қазыбай Бозымов.
Жиын барысында сөз алған соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев университет ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтап, оқу ордамыздың құрылу және қалыптасу жолына тоқталып өтті.
- Әлі есімде, осы университетті Оралдан ашу жөнінде ұсыныс жасалғанда еліміздің батыс облыстары таласты. Соның ішінде Ақтөбе қаласы өлке орталығы болғандықтан, сөзі өтімділеу болды. Дегенмен, жергілікті облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және Қазақ ССР-ның Министрлер кеңесі Орал өңірі байырғы өлке екенін, табиғаты мен экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға қолайлы және ғылыми ортасы дамығандығын ескере келе, педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етуге келеді деп шешім қабылдады. Сөйтіп, міне, батыл шешімнің нәтижесінде университетіміз Батыс өлкесі ғана емес, бүкіл әлемге танылған білім-ғылымның ордасына айналып, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Қазіргі кездегі университетіміздің қарқынды дамып, ғылыми-зерттеу, инновациялық бағыттағы жетістіктерін естіп, көріп қуанып отырамын. Болашақта бұдан да жақсы дамып, одан әрі өркендей беріңіздер, – деді Бисен ата.
Сонымен қатар бүкіл саналы ғұмырын маман даярлап, ұрпақ тәрбиелеуге арнаған Әмірхан Қарасаев сөз сөйлеп, білім ордасындағы еңбек жолы, қызметі жайында айтып өтті.
- Мен әрдайым білім ордамыздың әрбір жетістігіне қуанып отырамын. Университеттің бүгінгі жетістігі бұл бірлігі мықты ұжымның аянбай еңбек етуінің жемісі деп білемін. Қазіргі таңда университетіміз жайлы тек қана Қазақстан Республикасы ғана емес, бүкіл алыс-жақын шет елдер де біліп, тануда. Бұл – университетімізге және бізге берген үлкен баға, өзге елдердің бізбен санасуы, - деді Әмірхан Әтенұлы.
Шара барысында университет жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Әскерғали Шамғонов, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Сағындық Бисенов, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев сөз алып, қос ардагердің ұстаздық, азаматтық қадір-қасиеттерін ашып, университеттің тарихы жайында сыр шертті.
Кездесу соңында білім ордасының ректоры Қазыбай Қараұлы барша студенттердің және профессор-оқытушылар ұжымы атынан Бисен Жұмағалиев пен Әмірхан Қарасаевтың иықтарына шапан жауып, гүл шоқтарын ұсынып, қаржылай марапаттап, алғыс білдірді. Кеш соңынан дастарқан жайылып, қонақасы берілді.
Кездесуге жиналғандар университеттің ғылыми кітапханасы дайындаған ардагерлердің фотосуреттері мен еңбектерінің көрмесін қызыға тамашалады.
Мұратбек ЕРЖАҚЫПОВ,
Мейрамгүл СРАЛИЕВА, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қызметкерлері
Достарыңызбен бөлісу: |