2. Қазіргі кезеңде жаратылыстануды оқыту әдістемесін дамыту. Заманауи бағдарламалар мен оқулықтардың авторлары.
Осы кезеңде жаратылыстануды оқыту әдістемесін дамытуға және А.Я.Герд (1841-1888) елеулі үлес қосты. А.Я.Герд жаратылыстану оқушыларға дұрыс дүниетаным, оларда белгілі бір көзқарас қалыптастыруы тиіс деп санады. Ол 1877 жылы жаратылыстанудың мектептік курсын құру жоспарын жариялады. Осы жоспар бойынша 2-және 3-класта табиғаттың органикалық емес әлемін оқып үйрену ұсынылды. Мұнда тау жыныстарының, топырақтың, минералдардың қасиеттері сияқты түсініктер, әртүрлі тау жыныстарының шығу тегі, жанартау, жер сілкіну ұғымдары, пайдалы қазбаны пайдалану т.с.с. материалдар кірді.
А.Я.Гердтің пікірінше, бастауыш мектепте жекелеген жаратылыс ғылымын оқып білуге орын жоқ, табиғатты зерттеп, танып білуге кешенді тұрғыдан келу қажет, яғни біріккен пән түрін енгізу керек дегенді насихаттайды. Оның «Құдірет әлемі» оқулығы мен «Заттық сабақтар» деп аталатын әдістемелік құралдары көп жылдар бойы өлі табиғат курсын оқып-үйренуде мұғалімнің негізгі әдістемелік көмекші құралы болып келді. Өзінің әдістемелік еңбектерінде А.Я.Герд бірқатар идеялар ұсынады. Айталық;
1. Практикалық сабақтар мен экскурсияларда баланың өзіндік белсенді әрекетін тудыра білу;
2. Мектептің тірі табиғатпен байланысын кеңейту;
3. Табиғатты танып білу үшін тікелей зерттеу жүргізу;
4. Бастауыш кластарда табиғатты зерттеуге кешенді тұрғыдан келу;
5. Оқушылардың эволюциялық көзқарасын қалыптастыру.
А.Я.Гердтің осы сияқты көптеген идеялары мектеп практикасында көп жылдардан соң, яғни тек біздің уақытта кең қолдау тапты.
«Жаратылыстану» пәнінің мақсаты-бастауыш сынып оқушыларын әрі қарай жаратылыстану ғылымы пәндерін (биология, химия, физика) меңгеруге дайындау, күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғатта) көрген, бақылаған құбылыстары мен үдерістерді түсіндіру, сипаттау үшін алған білімдерін пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру.
«Жаратылыстану» пәні оқушылардың ғылыми-зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған. Оқулық «Мен-зерттеушімін», «Өсімдіктер», «Жануарлар», «Адам», «Күш пен қозғалыс», «Жер және ғарыш», «Табиғат физикасы», «Жарық» және «Дыбыс» сияқты оқу бөлімдерін қамтиды. Әр жаңа тақырыпты толық меңгеру үшін оқулықтың бас кейіпкерлеріНегеш пен Эврика көмектеседі. Негеш пен Эврика оқушыларды ғылым әлеміне бағыттап, болжам жасауға, тәжірибе немесе зерттеу жүргізуге, табиғи құбылыстарды ашуға ынталандырады. Сондай-ақ әр тарау бойынша тапсырмалар жабық тест арқылы нақтыланып, тексеріледі. «Мен- зерттеушімін» тақырыбын өткен кезде оқушылар әртүрлі бөлме өсімдіктерін зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал өсімдік бөліктерімен танысқанда тұқым қалай өнетініне шағын тәжірибе жасау арқылы көз жеткізді. Ол үшін пластикалық стакан, мақта, бірнеше тұқым керек. Стаканның түбіне мақта салып, ол ылғалданатындай аздап су құйылды. Сосын мақтаның үстіне тұқымдарды қойып, бетін ауа өтетіндей тесіктері бар қақпақпен жауып, жылы жерге қойдық. Бірнеше күн бойы ол тұқымның өнуін бақылап, қорытынды жасады. Өсімдіктерге күтім жасауды сыныптағы бөлме өсімдіктеріне жасау арқылы дағдыға айналдырды. «Ғарыш» тақырыбында ғарыш кемесінің орнына шарларды ұшыру арқылы тәжірибе жасады. «Күш пен қозғалыс» бөлімінде қозғалыс траекториясы деген не? Деген сұрақққа жауап беру үшін тағы да тәжірибе жасау арқылы қол жеткіздік. Тәжірибе жасау үшін құм салынған табақша, ойыншық машиналар және металл шарлар қажет. Табақты сәл қисайта орналастырып, «төбешіктен» машинаны итеріп жібереді. Машинаның ізінен қалған сызықты салады. Одан кейін металл шарды «төбешіктен» төмен қарай жібереміз. Оның да ізінен қалған сызықты саламыз. Тәжірибені бірнеше рет қайталап жасағаннан кейін сызықтарды салыстырды. Траектория дененің қозғалыста болған кезінде жүріп өткен жолы. Машинаның түзу траекториямен, ал шар әртүрлі траекториямен қозғалатынын айтып қорытынды жасады. Сабақтарда әртүрлі рольдік-сюжетті ойындарды ойнау арқылы да тәжірибе жасауға болады.
Бұл пәннің артықшылығы: бала тапсырманы өздігінен ізденіп орындауына және дұрыс тұжырым жасауына бағыттайды, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады.
«Жаратылыстану» оқу пәнін оқыту және мақсаттарын іске асыру кезінде экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне, денсаулық сақтайтын технологияларына, зілзалалардың қауіп-қатерін азайту мен қауіпсіз ортаны құру мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс.
«Жаратылыстану» оқу пәнін оқыту барысында әр тоқсанда жиынтық бағалау рәсімдерінің нақты саны қарастырылған.
Оқу пәні білім алушылардың адамның табиғи және әлеуметтік ортасы туралы білім жүйесі, табиғат пен қоғамның өзара байланысы мен өзара тәуелділігі туралы жалпы адамзаттық құндылықтар тұрғысындағы түсініктерін қалыптастыруға бағытталған.
«Жаратылыстану» пәнін оқыту кезінде бастауыш мектеп білім алушылары биология, экология, география бойынша қарапайым ұғымдармен танысады.
Достарыңызбен бөлісу: |