Білікті ұстаз, білімді шәкірт.
Мен Аманова Альмира Жанболатовна 2021 жылдың 1-қыркүйегінен бастап Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова атындағы Ақтөбе Жоғары Медициналық колледжінің студенті атандым. Менің сол кезде үлкен арманым орындалды, өйткені әкем дәрігер болғандықтан ба, мектеп кезінен медицина саласына қатты қызығатынмын. Әрине, адам өміріне араша түсетін медицина мамандығын таңдау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ақ халатты абзал жан адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез-келген жағдайдағы науқастан жиіркенбейтін, қаннан қорықпайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек
Қазіргі уақытта «Мейіргер ісі қолданбалы бакалавр» факультетінің 2-курс студентімін. Бастапқыда өте қиын болғандығын жасырмаймын, алайда күндер өткен сайын мен өзімнің жаңа бір деңгейге көтерілгенімді түсіне бастадым. Ақтөбе Жоғары Медициналық колледжін таңдауымның дұрыстығына көзім жетті. Осы орайда ерекше атап айтқым келетін тағы да бір ойым бар – болашақ медицина қызметкерлеріне білім беретін ұстаздар қауымы мен колледж әкімшілігі ерекше мақтауға лайық деп санаймын. Себебі, студенттің медицина қызметкері болып қалыптасуында бұл кісілердің еңбегі зор.
Адам бойында білім нәрін себетін, адамгершілік дәнін егетін басты тұлға – ұстаз. Білімді, тәртіпті, тәрбиелі, инабатты, жана таза, рухы биік, Отаншыл адамды, тұлғаны қалыптастырып, баптайтын адам – ұстаз. Ұстаз әрқашанда өзін қоғам талабына сай үздіксіз тәрбиелеп отыратын, адамдармен, әсіресе, студенттермен қарым-қатынасқа тез түсе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар, өз пәнін жетік білетін, таланты мен тәжірибесі тоғысқан, өзінің қоғамындағы саяси өмірге белсенді араласып, өз елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі негізінде студенттерге үлгі болуы керек. Дәл солай біздің колледждің оқытушылары студенттерге бойындағы білімді беруге, сіңіруге, студенттердің зейінін арттырып, оларды жігерлендіруден талмайды. Жалпы, медицина саласы - өте қызық. Оқытушылар әр сабағымызды қызықты етіп өткізеді, мысалы: интерактивті тақталарды пайдаланып тақтаға сурет салу, неше түрлі ойындар өткізу, әртүрлі муляждарды пайдаланып толыққанды түсіндіру, арнайы медицина құралдарымен жабдықталған кабинеттерде сабақ өткізу, т.с.с. Сабақтар осындай әдістермен және мұғалімнің ынтасымен, студенттің сабаққа деген назарымен өтсе өте қызықты өтеді.
«Оқу орнының атақ-даңқы шәкірттерінің санымен емес, жақсы атағымен шығады» деп бекер айтылмаса керек. Ал, оның жақсы атағының шығуы, содан түлеген ұстаздардың өте сапалы білімінен, кәсіби шеберлігінен анық көрінеді. Сондықтан, колледж оқытушыларына алғысым шексіз!