Жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзген кезде жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғауға қойылатын негiзгi талаптар:
Жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында мыналар жүргiзiледi:
- жер қойнауының мемлекеттiк мониторингi;
- жер қойнауына мемлекеттiк сараптама;
- геологиялық ақпаратты мемлекеттiк сақтау;
- пайдалы қазбалар қорының мемлекеттiк балансын жасау;
- мыналарға:
а) пайдалы қазбалар кен орындары мен көрiнiс - белгiлерiне;
ә) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көметiн және қалдық суларды ағызатын орындарға;
б) техногендiк минералдық түзiлiмдерге мемлекеттiк кадастрлар жасау.
Жер қойнауының мемлекеттiк Мониторингi жер қойнауының мемлекеттiк қорын тиiмдi пайдалануды қамтамасыз ету, олардың өзгеруiн уақытылы анықтау және бағалау, келеңсiз процестердiң зардаптарының алдын алу және жою үшiн жер қойнауының жай-күйiн бақылау жүйесi болып табылады. Оның тәртібі 27.01.1997 жылғы «ҚР-ғы жер қойнауының мемлекеттік мониторингі туралы ережені бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысымен анықталады. Жер қойнауын ұтымды және кешендi пайдалануға жағдайлар жасау, жер қойнауын пайдалануға төлемдердi, жер қойнауын пайдалануға берiлетiн жер қойнауы учаскелерiнiң шекараларын анықтау мақсатында пайдалы қазбалардың, барланған кен орындарының қоры мемлекеттiк сараптауға жатады. Өндiруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығына ие мердiгер Өндiрудi пайдалы қазбалардың қорына мемлекеттiк сараптама жүргiзiлгеннен кейiн ғана бастауға құқылы. Мемлекеттiк сараптаманың барланған пайдалы қазбалардың қорын игерудiң тиiмдiлiгi жайындағы қорытындылары оларды мемлекеттiк есепке қоюға негiз болып табылады. Оның тәртібі 18.10.1996 жылғы №1288 «ҚР-ның жер қойнауын мемлекеттік сараптау туралы ережесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысымен реттеледі.
Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылаудың мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасының жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізген кезде жер қойнауының ластануын болғызбау және жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялардың қоршаған ортаға зиянды әсерiн азайту бөлiгiнде сақталуын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады. Оның тәртібі 18.10.1996 жылғы №1284 «Қазақстан Республикасының жер қойнауын қорғауды мемлекеттік бақылау туралы ережені бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулысымен реттеледі. Жер қойнауын қорғауды мемлекеттiк бақылау: 1) жер қойнауын қорғаудың мемлекеттiк мониторингін; 2) жер қойнауын қорғау саласына жататын лицензиялық-келiсiм-шарттық талаптардың сақталуын бақылауды; 3) жер қойнауына зиянды заттарды, радиоактивтiк қалдықтарды көмудi және қалдық суларды ағызуды бақылауды; 4) жер қойнауының кен орны мен қоршаған ортаның бүлiнуiне әкеп соғатын ластанудан, су басудан, өрттен және техногендiк процестерден сақталуын бақылауды; 5) жер қойнауын пайдалану объектiлерiнiң консервациялануын және жойылуын бақылауды; 6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезiнде авариялар мен өзге де қауіптi жағдайларды болғызбау жөнiндегi iс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтиды. Жер қойнауын зерттеудi және пайдалануды мемлекеттiк бақылау мiндетi жер қойнауын пайдаланушылардың кен орындарын iздестiру және бағалау, өндiру кезiнде минералды шикiзатты ұтымды және кешендi пайдалану, өндiруге байланысты емес жерасты құрылыстарын салу және пайдалану үшiн геологиялық зерттеу және жер қойнауы учаскелерiн бағалау кезiнде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасын сақтауын бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |