Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында: – Біліктілікті арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы ара қатынасын қамтитын болады, – деп нақты айтылған. Біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеруі болып табылады. Педагогтердің біліктілігін арттыру – оқыту және оқыту сапасын арттыру үшін жаңа білім алуға, сондай-ақ бұрын алған кәсіби білімдерін, біліктерін, дағдылары мен құзыреттерін қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны.
Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің сапасы. Ал осы сапаға қол жеткізу үшін біліктілікті жетілдіру үдерісін бүгінгі күн талабына сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында “Назарбаев Зияткерлік мектептері” ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты, “Бөбек” Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру, сауықтыру орталығы, «Түзеу педагогикасы» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, “Атамекен” ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан өткізіліп жатқан көптеген қысқа және ұзақ мерзімді курстар, ДББҰ бағдарламасына негізделген деңгейлік курстар, орта білім мазмұнын жаңарту аясында ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстары педагогтардың кәсіби даярлығын арттырып, өз ісін жоспарлай алуына, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көріп, баланың әрекетін ұйымдастыра алу шеберлігін шыңдауындағы маңызы өте зор.
Әрине әртүрлі жетістіктердің бәрінің негізі білім жетілдіру курстарының педагогтарға тигізген әсері екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Білім беру саласының әрбір мұғалімі білімін жетілдірумен бірге оны практикада қолдануда жетістікке жетуге мүдделі. Бұл орайда, әсіресе білімді дамыту оқу-әдістемелік орталықтарындағы әдіскерлердің білім берудегі функционалдылықты жүзеге асырудағы әдістемелік көмектері мен әдістемелік қолдауларының ролі ерекше. Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің: – Шәкірті білімді болуы үшін мұғалімнің өзі білімді болуы керек, – деген тұжырымы оқу-әдістемелік орталығының басты назарында.
Білім жетілдіру курстарын мектептегі практикалық әрекеттер мен зерттеу саласының арасындағы алтын көпір деуге де болады. Сондықтан оқулықтардағы олқылықтардың кейбір жетілдіру сипаттары да курстарда талқылануда. Мектеп педагогтарынан алынған кері байланыстар нәтижесінде оқулықтар сапасы да біртіндеп қажеттіліктерге сай болып келеді. Бұл да өткізілген курстардың екі жаққа да пайдалы тұстары барын аңдатады. Білім беру ісі үнемі ізденістермен дамиды. Қандай қоғамдық-экономикалық формация болмасын оның өзіндік талабы, талғамы болады. Ал білім беру саласы сол талап пен қажеттіліктерге сай ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісін жүзеге асыратыны анық.
Қазіргі егеменді еліміздің ертеңі білімді де бәсекеге қабілетті ұрпақтардың қолында. Олай болса, уақыт талабына, замана талғамына сай ұрпақ тәрбиелеуде білікті де білімді, құзыретті, жауапкершілігі мол ұстаздар ғана жүзеге асыра алады.
Достарыңызбен бөлісу: |