Бұлан ауылдық кітапхана шежіресі
Оқырман саны: 515
Кітап берілімі: 10276 дана.
Кітап қоры: 10965 дана.
Сіздер бұл шахын басылымнан Сырым ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Бұлан ауыл кітапханасының тарихымен таныс боласыздар.
Бұлан ауылы ауданнан 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұлан әкімшілік округінің орталығы. Бұлан ауылы 1969 жылы құрылған. Тұрғындар саны округте ауылшаруашылығымен айналысатын бір ЖШС және 10 шаруа қожалығы бар. Биылғы жылы «Бұлан» ЖШС 3400 гектар жерге егін салды. Шаруа қожалықтары да 10500 ц мал азығын дайындап, өз қажеттерінен артылғанын жеке тұрғындарда сатып, азаматтардың малын, мал азығымен қамтылуына өз үлестерін қосты.
Қазіргі таңда білім саласында жүргізіліп жатқан реформаның басты мақсаты ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын дүниетанымы жоғары, жан-жақты қалыптасқан жеке тұлға даярлау болса, осы мақсат жолында қажырлықпен еңбек етіп жақсы көрсеткіштерге ие болып отырған үлгілі мектептердің бірі - жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешені. Мектепте 26 мұғалім, 3 тәрбиеші қызмет етеді. Оның 76 пайызы - жоғары білімді педагогтар.
Мұғалімдер өз пәндері бойынша білім жетілдіру курстарынан өтіп, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді өз сабақтарына енгізу арқылы, жақсы көрсеткіштерге жетуде. Жоғарғы көрсеткіштерге жету нәтижесінде мектеп түлектері грант иегері атанып, жоғарғы оқу орындарына түсуде.
Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында «Балабақша жүйесін қалпына келтіру және толыққанды мектепке дейінгі білім беруді қалыптастыру керек» деген игі бастамасын орындау мақсатында 2006 жылдың соңында 20 орындық балабақша пайдалануға берілді.
Ауылдағы ғылым-білім мен танымның ордасы, мәдениет пен әдеби мұраның қара шаңырағы – Бұлан ауыл кітапханасы. Кітапхана 1969 жылы 3000 дай дана кітап қорымен ашылды. Кітапхана меңгерушісі болып Иманғалиева Камила Иманғалиқызы 1969-1974 жылдары жұмыс жасады.
Иманғалиева Камила Иманғалиқызы 1950 жылы Сырым ауданы Бұлан жерінде дүниеге келген. 1957 жылы мектепке барып 1967 жылы аяқтап, Ақтөбе қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің кітапханашы бөлімін бітіріп, алғашқы еңбек жолын Бұлан ауыл кітапханасынан бастады. Әркез сабырлы, үлкен адамгершілік иесі, рухани дүниесі, таным білігі мол Камила Иманғалиқызы жастарға, кітапхана оқырмандарына бағыт-бағдар сілтейтін тәжірибелі кітапханашы болды. Кітапхана клубтың бір бөлмесінде орналасты. Оқырмандар саны 70-80-дей болады. Сол уақыттағы тұрақты оқырмандар: Досалиев М, Шабдушев А, Куткужин О, Қожиев Я, т.б. болды. Мал шаруашылығындағы еңбек еткен малшыларға, шопандарға үнемі көшпелі кітапхана жұмысы ұйымдастырылып отырды. Көшпелі кітапхананың оқырмандары: Абуов Ғ, Утешов Ж, Акмуханов К, Жумағалиев Н сынды оқырмандар кітапханамен тығыз байланыста болды.
Камила Иманғалиқызы шығармашылық ізденісте оқырмандармен байланысып, кітапханада түрлі тәрбиелік шаралар жүргізіліп отырды. 1975-1977 жылдары кітапхана меңгерушісі болып Алматы қыздар педагогикалық институтының «Кітапхана және библиография» бөлімін бітірген Сапиева Мадина қызмет атқарды. 1975-1977 жылдары кітапханада 6-7 мыңдай кітап қоры болды. Кітап қорына жылына 1000-ға жуық жаңа әдебиеттер қосылып отырды.
1978-1985 жылға дейін кітапханашылық қызметті Мухамбетжанова Алтын атқарды. Сол жылы жаңа клуб салынып, кітапхана клубтың бір залына көшірілді. Кітапханашылық мамандығы болмағанымен Алтын Хамитқызы, талапты өз оқырмандарымен тамаша тіл табыса білетін
беделге ие, оқырмандардың әр-түрлі тобына арналған үнемі көпшілік шаралар ұйымдастырады, сұранысқа сай қызмет көрсетіп, оларды кітапханаға тарту ісін ойдағыдай жолға қоя білді.
Кітапханадағы кітап қоры 15000-ға жуық.
Оқырман саны 800-дей, кітап берілімі 1000–дай болды. Кітапханаға келушілер саны жылына 5000-ға жетіп отырды. Жаңа әдебиеттердің келу саны
500 болды. Өткізілген көпшілік шаралар саны 35. Көшпелі кітапхана жұмысын үгіт бригадасымен бірлесе отырып, диқаншыларға, малшыларға, т.б. пунктерге жылына 200-дей кітап, 600-ге жуық мерзімдік басылымдар таратып отырды.
Кітапханашы - көп салалы еңбек адамы дегендей, Хамитқызы Алтын еңбек еткен жылдары әр түрлі саладағы әдебиеттерді оқырмандарға ұсынып, қызықты кештер, кездесулер, (ауыл мамандарымен) конференциялар ұйымдастырып, кітапхананы әдеби кештер өткізетін орталыққа айналдырды.
Білім ордасы - мектеп ұжымының тәрбие жұмысының жетекшісі Кульбаева Г.З. бірлесе отырып, «Көгілдір шырағдан» атты үлкен көлемде мамандық таңдау кешін ұйымдастырды. Кешке совхоздың барлық мамандары шақырылды. Жастар ұйымымен бірігіп «Әскер қатарына барасыз» сазды кеш, «Сен мәдениеттілікті қалай түсінесің?» диспут,
«Біздің ауыл» пікірталас кештері оқырмандардың қолдауымен өте қызықты өтіп, көптің көңілінен шықты. Осындай әсерлі шаралардың нәтижесінде оқырмандардың кітапханаға келу саны жыл сайын көбейді.
«Жақсы кітап оқу жақсы адаммен сырласқансмен бірдей», деп орыс жазушысы Л.Н.Толстой айтқандай, кітапхананың тұрақты оқырмандары Таженов Қ бір жылда 41 кітап, Құтқожин О – 46, Басигарин Б - 38, Исимова С - 48, Исимова Т - 36 кітап алып оқыды.
1985-1986 жылдары кітапхана меңгерушісі болып, Орал қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің «кітапханатану» бөлімін бітірген жас маман Тұралбекова М, 1986-1987 жылдары Тұралбекова В қызмет атқарды.
1987-1988 жылдарда Бұлдырты орта мектебінің түлегі Балпейісова Гүлзира Муханбетжанқызы қызмет істеді. Кітап қорында 12000-ге жуық кітап болды. Оқырмандар саны - 750. Көшпелі кітапхана жұмысы уақытылы қызмет жасады. №1, №2 бригадаға 160 кітап, 120 мерзімдік басылымдар апарылып отырды. Кітапханада үнемі мектеп, балабақша, мәдениет үйімен бірлесе түрлі тәрбиелік маңызы бар көпшілік шаралар жүргізіліп отырды. Бір жылдай уақыт ішінде Гүлзира өзінің ақжарқын мінезімен оқырмандарына зерттеу жұмыстарын жүргізе отырып, кітапхананы оқырмандардың сүйікті орнына айналдыра білді.
1989 жылдан бастап күні бүгінге дейін кітапхана меңгерушісі болып Аманбаева Асия Сағатқызы атқарып келеді. Асия Сағатқызы 1968 жылы Бұлдырты ауылында дүниеге келген. 1976 жылы бірінші сыныпқа қабылданып, 1986 жылы Бұлдырты орта мектебін аяқтап, 1987 жылы Жезқазған қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің кітапханатану бөліміне оқуға түсіп, 1989 жылы бітіріп, содан бері Бұлан ауылындағы кітапханада еңбек етіп келеді. Өз мамандығын көтеру мақсатында 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Кітапханатану және библиография» мамандығына оқуға түсті, 2007 жылы бітіріп шықты.
2005 жылы облыс орталығында «Ауыл кітапханаларындағы балалармен жұмыстың жаңа бағыттары» атты аймақтық-республикалық семинарға қатысып келді. Онда өткізілген «Кітапханаға қоғамның сенімі» атты дөңгелек үстелге және «Қазіргі кітапханашы қандай болу керек?» тақырыбындағы пікіралмасуға қатысты.
2006 жылы Бөкейордада өткен «Кітапхана және оқырман: қазіргі кездегі қарым-қатынас негіздері» атты зерделі кеңеске қатынасып, озық іс-тәжірибе ретінде «Отбасы және кітапхана» мүдделестер клубының жұмысын көрсетті. Сол жылы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының 135 жылдығына арналған облыс кітапханашыларының форумына қатынасып «Кітапхана ауылдағы ақпараттық және мәдени орталық» деген тақырыпта баяндама жасады, облыстық мәдениет басқармасының Мақтау грамотасымен марапатталып, заттай сыйлыққа ие болды.
1989–1990 жылдары кітапхана қорында 9544 дана кітап болды. Оқырмандар саны - 800, кітаптың берілуі 12000-нан асып отырды.
1991-92 жылы кітап қоры 10233 данаға жетті. Жылына кітапхана қорына 689 дана жаңа әдебиет қосылды. Мерзімді басылым саны 22 болды.
Кітапханаға оқырмандар жиі келіп қажетті әдебиеттерін, материалдарын жазғызып алып, газет-журналдарды оқу залында отырып керегінше пайдаланды. Оқырмандарға қызмет көрсетудің жаңаша түрлері қолданыла бастады. Тұрақты оқырмандармен (Зинегабденов Р, Нургалиева Г, Султангалиев Б, Куткужин Ө, Муханбеткалиева Ж, Жанесова Г, Ташенов Қ, Габдушев М т.б.) байланысып, әр ғасырда өмір сүрген ғалымдар еңбегімен және жазушылардың шығармаларымен танысуына ықпал жасап «Оқырман бинефисін», «Менің алғашқы кітабым» тағы басқа шаралар ұйымдастырылып отырылды.
Ұйымдастырылған шаралардың ішіндегі қызықты да әсерлі өткен шара З.Жакеновтың «Көшпелі алтын» кітабы бойынша өткізілген оқырмандар конференциясы мен «Бұл жерде менің туған өлкем» атты пікірталас кешін айтуға болады. Конференцияның нәтижесінде «Көшпелі алтын» кітабы 140 рет оқылды.
Сол жылы кітапхана бұрынғы әкімшілік ғимаратына көшірілді.
1993-94 жылдары кітапханадағы кітап қоры 10264 дана болды, оқырмандар саны 850-ге жуық, кітап берілімі 10000-дай болды. Бірақ көпшілік жұмыстар өткізуге мүмкіндік болмады, себебі орналасқан жері өте тар болды. Дегенмен де ауыл тұрғындарын рухани байлықсыз қалдыруға болмайды, әсіресе кітапхана арқылы оқырмандардың ішкі жан-дүниесі мен мәдени рухы, адамгершілік қасиеті, эстетикалық талғамы, өмірге деген көзқарасы, сана–сезімі қалыптасады. Бұл бағытта кітапхана мектеп ұжымымен, мәдениет қызметкерлерімен тығыз байланыста болып, жас ұрпақты кітап оқуға баулуда үлкен үлес қосты.
1995-96 жылдары кітап қорының саны 10531 болды, 750-ден аса оқырманы, жыл сайын 10000-дай кітап беріліп, келушілер саны 3000-нан асты. 20 атаулы мерзімді басылымдарды жаздырып алдырды.
«Кітап – білім кілті» демекші кітапхананың атқаратың жұмысы үлкен, солардың ішінде балалардың шығармашылық жұмыс істеуіне көп ықпалын тигізеді.
Бала - біздің болашағымыз десек, олардың өз өмірлерін қызықты да баянды өткізулері біздің қолымызда. Сондықтан да кітапханада балалар кітабы күніне «Білім кілті - кітапта» тақырыбында апталық өткізіліп, «Балаларға базарлық» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ал Халықаралық балаларды қорғау күніне де түрлі ойындар, сурет байқауы ұйымдастырылды.
Оқырман балалардың ақпараттық мәдени білімділік сұранысын қанағаттандыру бағытында «Ертекші» клубы ұйымдастырылды. Кітапхана ішінде балаларға арналған «Балалар қалашығы» ашылды. Селолық әкім Қ.Зинуллин, мәдениет үйі қызметкерлері диқаншыларға «автопоезд сапарда» деген атпен еңбек адамдарының көңіл-күйін көтеруге ат салысты. Осы сапарға кітапхана жанынан ұйымдастырылған «Ертекші» әуесқойлар клубының мүшелері Абай Құнанбаевтың 150 жылдық тойы қарсаңында өлендерін, нақыл сөздерін жатқа айтып, «Шықбермес Шығайбай» (халық ауыз әдебиеті), «Зеректік» (А. Құнанбаев), «Түлкі», «Аю мен қойшы» ертегілерін сахналық көрініске айналдырып, диханшы қауымның көңіл-күйін көтеруге олардың рухани мәдени демалуына өз үлестерін қосты. Әсіресе клуб мүшелері Сәрсенбаева Л, Бактыгазиева Л, Меңдіғалиева Н, Сатаева Т, Тастаева М орындаған ролдері өте сәтті шықты.
Ұлттық тәрбие бағытында тарихымызды, өнерімізді насихаттау бағытында тақырыптарға арналған мәдени көпшілік жұмыстары тоқсан сайын өткізіліп тұрды.
Қадыр Мырзалиевтің 60 жасқа толу мерейтойына арналған «Қадыр лирикасының сыңғыры бөлек, сыры терең» поэзия кеші, Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» ауызша журнал, жыр алыбы Ж.Жабаевтың 150 жылдығына «Асқақ үнді, алып ақын» атты апталық ұйымдастырылды.
1997-98 жылдары кітапхана қорының жаңа әдебиеттермен толығуы өте төмен болды. Нарық заманының қиыншылықтарына кезіктік. Дегенмен уақыттың талап-тілегіне сай көпшілікті ақпараттық қажеттіліктермен өз дәрежесінде қамтамасыз ету үшін кітапханашы оқырмандар сұраныстарын жазып алып, сол бойынша қажет кітаптардың барын аудан орталығындағы кітапханадан әкеліп беріп отыруды жұмыс дағдысына енгізді. Сонымен бірге ауылдық округ әкімшілігі көмектеріне сүйене отырып, мәдени көпшілік шара түрлерін де ұйымдастырып отырды.
1997 жыл «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланғаны баршамызға мәлім. Осыған орай Ш. Мұртазаның «Тамұқ» кітабының тұсау кесері өткізілді. Қазақтың жазықсыз жапа шеккен аяулы азаматы, белгілі қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың түрмедегі соңғы күндерінен, мәдениет үйінің режиссері Өтешова Г. ұйымдастыруымен сахнада ықшамдалған шағын қойылым көрсетілді.
ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен заманымыздың заңғар жазушысы М.О.Әуезовтың туғанына 100 жыл толуына «Дәуірдің дара тұлғасы» атты әдеби кеш өткізілді.
«Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламаға сай әр түрлі шаралар белгіленіп, мектеп ұжымымен бірлесіп табиғатты аялау, Отанды сүю, салауатты өмір салтын қалыптастыру, халқымыздың өнері мен мәдениетін, тарихын, дінін, тілін қастерлеуге бағытталған әр түрлі тақырыптарда көпшілік шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылды.
«Қазақстан – 2030 және менің арманым» атты ертенгілік, жастар арасында «Қазақстан-2030 стратегиясын жүзеге асыру жастардың еншісінде» атты дөңгелек үстел өткізілді.
1999 жылы аты әлемге әйгілі мәшһүр ғалым, Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сатпаевтың туған күні аталып өтті.
2000 жылы кітапхана қорында 9596 дана кітап болды. Жыл ішінде кітап қорына 54 жаңа әдебиет қосылды.
Елбасы «2000 жылы - мәдениетті қолдау жылы» деп жариялаған болатын. Бұл, яғни кітапхана қызметкерлерінің алда тұрған міндеттерін арттыратын мәні зор қолдау болды.
Мәдениетті қолдау жылында «Кітапханаға кітап сыйлайық» акциясы өткізілді. Ауыл тұрғындары бұл істі ұйымшылдықпен қолдап, өздерінің жеке кітапханаларынан Бұлан ауыл кітапханасының кітап қорына 63 дана кітап сыйлады. Атап айтсақ, кітапхананың жанашыр белсенді оқырмандары Мұратов Р, Жалекенова А, Нургалиева Г, Куткужаева Қ, Жубангалиева А, Куткужина А т.б. кітап сыйлады.
Кітапханада көптеген тақырыптық кештер, еске алу кештері, әдеби- музыкалық шаралар ұйымдастырылып отырды. Соның бірі композитор Ш. Қалдаяқовтың туғанына 70 жыл толуына мәдениет үйі қызметкерлерімен бірігіп өткізген «Менің Қазақстаным» атты музыкалық кеш. Бұл кеште (бұрынғы бас мал дәрігері Ш. Мурадимов) Алматы қаласында студент кезінде Шәмшімен болған кездесулерін қызғылықты әңгімелеп берді.
«Әр адамның ең жақын досы, өмір досы кітап болуға тиіс»-деп М. Әуезов айтқандай, оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсетумен қатар жұмыстың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізе отырып, көптеген мәдени шаралар өткізу арқылы кітап қоры да оқырмандарға насихатталып отырды.
ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін атақты ақын жазушыларымыздың шығармаларын топтап «Өнегелі өмір, өшпес мұра» тақырыбында кітап көрмесі шығарылды.
Оқырманды зерттеу, оқырмандар талабымен санасу - кітапхана жұмысының негізі бағыттарының бірі. Оқырмандарды зерттеу барысында
«Мен бір жылда не оқыдым?» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді. Оқырмандар өздерінің оқыған кітаптары мен пайдаланған библиографиялық құралдары туралы пікірлерін айтты.
2001 -2002 жылдары кітап қорына 389 кітап
қосылып, кітап қоры 10048-ге жетті, оқырман-
дар саны – 650, кітап берілімі - 10000.
Стационардан тыс 58 оқырманға жылына 167
басылым пайдалануға берілді.
Кітапханада жас ұрпаққа тәуелсіз қазақ мемлекетінің 10 жыл ішінде алған асулары, бағындырған шыңдары туралы кеңінен мәлімет беретін игі іс-шаралар көптеп атқарылды. Соның бірі оқушылар және мұғалімдермен бірлесе өткізілген «Тәуелсіздік даңғылы» тарихи–танымдық кеші. Қазақ поэзиясының Хантәңірі болған М. Мақатаевтың 70 жасқа толуына арналған «Мұқағали мәңгілік жыр» поэзия кеші ұйымдастырылды. Жалпы жыл бойы кездесулер, тарихи кештер, ауызша журнал, әңгіме сағаттары, ертеңгіліктер сынды көпшілік шаралар ұйымдастыру толастамайды.
Сырым бабаның 260 жылдық мерейтойына, денсаулық сақтау жылына бір жылға іс-шаралар жұмысы жоспарланып, сол жоспар бойынша жұмыстар атқарылды.
Елімізде нашақорлықпен есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2001-2005 жылға арналған стратегиясы жарияланғаны бәрімізге белгілі. Стратегия мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыру және маскүнемдік пен нашақорлықтың алдын-алу шараларын жүзеге асыру мақсатында «Нашақорлық - ХХІ ғасыр дерті» атты ток-шоу ұйымдастырылды.
2003-2005 жылдары кітапхана қоры 10682 дана әдебиетке жетті. Осы жылдарда кітапхана қорына 634 жаңа әдебиет қосылды. Жаңа әдебиеттердің келуі пайдаланушылардың кітапханаға келуінің санының артуына септігін тигізді. Жылына келушілер саны 3500-ге жетіп отырды. Оқырман саны - 650.
Жыл өткен сайын кітапхананың материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. 2003 жылы кітапхана жеңіл жөндеуден өткізілген әкімшілік ғимаратының бір бөлмесіне орналастырылды. Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі оқу залы мен абонементтен тұрады.
Оқу залы Абонемент
Кітапханада жылына 200-ден астам әр түрлі мазмұндағы анықтамалар беріліп отырады. 9 мерзімді басылымдар жаздырып алады, барлығы да ана тілімізде. Сонымен қатар кітапхананы эстетикалық көркемдеуде ауыл әкімшілігі 4 үстел, 5 орындық және 5 терезе жапқыш, 4 люстра берді. Техникалық құралдардан аудандық кітапхана компьютер берді. Кітап қорының көп даналығы қуанарлық болғанымен, уақтылы есеп жұмысы жүргізілсе де, әдебиеттердің көбі мазмұны жағынан ескірген. Осы бар мүмкіншіліктерді пайдалана отырып, кітапхана дәстүрлі мәдени шаралар өткізуде жұмыстың жаңа әдістері мен түрлерін кеңінен қолдана бастады.
Елбасының «2003-2005 жылдары - Ауыл жылдары» деп жариялауына орай ауыл энциклопедиясы жасақталды. «Киелі ата мекенім», «Ауылдың абзал аналары» кездесу кеші», «Ауыл - ел айнасы» кітап көрмесіне шолу сияқты шаралар ұйымдастырылды.
-
Жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толу мерейтойына «Махамбет алмас жырлы ақын, айбалталы батыр» әдеби сазды кеші
-
Орал қаласының 390 жылдығына «Орал - сүйікті қалам» сұрақ жауап кеші
-
Тың және тыңайған жерлерді игерудің 50 жылдығына «Тыңдағы бүкіл халықтың ерлігі»
-
А.Бақтыгерееваның 60 жас мерейтойына «Өмірді өрнектеген өлеңменен» ауызшы журнал
-
Жерлес ақын Қ.Мырза Әлінің 70 жасқа толуына арналып «Сырым елінің жыр жұлдызы» әдеби кеш
-
Ж.Молдағалиевтің 85ж ылдығына «Жұбан елі - жыр әлемі» әдеби кеш
-
Ұлы Жеңістің 60ылдығына «Елге ұран, ұрпаққа үлгі ардагер» кездесу кеші
-
Жұмақаева Г.Т. «Ғажайып тұлға» кітабының тұсау кесері ұйымдастырылды.
Мемлекетімізде ұлттық маңызы бар бірқатар бағдарламалар болса, солардың бірегейі - «Мәдени мұра» бағдарламасы. Осы орайда кітапханада 2004-2006 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын оқырмандар арасына кенінен насихаттау арнайы жұмыс жоспары бойынша ұйымдастырылды.
«Мәдени мұра – асыл қазынамыз» кітап көрмесі, «Мәдени мұра - рухани жаңғырудың негізі» тақырыптық папкасы жасақталып, «Халық мұрасының жарасымды жалғасы» атты ауызша журнал ұйымдастырылды.
Ұрпақтарымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеуде, олардың рухани жан дүниесін, дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытуда кітапханалардың алатын орны ерекше. Қай қоғамда болмасын кітапхана білімді тереңдетудегі қайнар бұлақтың көзі болған. Көктемде еккен тал шыбықтың тамыры тереңге жайылып, бой алып өсуі үшін жылдар бойы табиғаттың да, аралдардың да көмегі қажет-ақ.
Біздің балғын оқырмандарымыз да осы тал шыбықтай. Жас жеткіншектердің рухани байлығын, жалпы қабілетін, ой-өрісін дамыту, кітап оқуға тарту мақсаты - кітапхана алдындағы мақсаттарының бірі болып, бала тәрбиелеп отырған жанұямен байланыс жасауда «Ананың әлдиі» және отбасы және кітапхана клубтары ұйымдастырылды. «Ананың әлдиі» клубының мүшелері болып мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Бекжан Альберт, Қабекен Жұпарқан, Сарсенбаева Нарқыз, Габсаликова Г, Ерболатқызы Махаббат, Басібек Ақжібек болды. Анасымен бірге үнемі кітапханамен тығыз байланыс жасап «Кітап – біздің досымыз» атты ертеңгілікке қатынасып, ертегі кейіпкерлерімен таныстырылды.
Клуб мүшесі Бекжан Альберт «Кітап - біздің досымыз» ертеңгілігіне қатынасып, өзіне ұнаған «Дәуіт пен қарылғаш» ертегісі туралы өз ойын оқырман балаларға жеткізе білді. Сонымен бірге Бәсібек Ақжібек тілдер мерекесіне арналған «Сүйемін туған тілді - анам тілін» байқауына қатынасып, 2-ші орынды иеленді.
«Отбасы және кітапхана» атты мүделестер клубының мақсаты, ауыл тұргындарын отбасымен кітап оқуға насихаттау, кітап және кітапхана жөніндегі түсініктерін кеңейту болып табылады. Отбасымен оқитын жанұялар қатарынан Ермеков Б, Нұгманов О, Кажмуратов Н, Шакиров Б, Бегимов Т, Таженов А отбасыларын атауға болады. Клуб мүшелерінің ұйымдастыруымен «Жанұя тәрбиесі әдепте», «Отбасы және ана тілі» сайысы, «Білімді ұрпақ Қазақстанның болашағы» сұрақ жауап кеші,
«Сіздің балаңыз қай бағытта оқиды» дөңгелек үстел т.б шаралар ұйымдастырылды. «Кітап - білім кілті» демекші, кітапхананың атқаратын жұмысы үлкен, солардың ішінде балалардың шығармашылық жұмыс істеуіне көп ықпалын тигізеді.
2006-2007жылдары кітап қоры 10900-ге өсті. Халық санының азаюына орай, кітапхана оқырмандарының саны да азайып, кітапхана 500 оқырманға қызмет көрсетіп отыр. Кітап берілімі 10100, келушілер саны -3000-дай.
Оқырмандардың күнделікті ақпараттық сұраныстарын қанағаттандыруда мерзімді басылымдардың рөлі ерекше. Соңғы жылдарда 15 атаулы мерзімді басылымдар алуға қол жеткізді. 15-де қазақ тіліндегі басылымдар.
Абонементте әдебиеттер сала бойынша орналасқан. Оқырмандар көптеген жаңалықтарға, қажетті, қызықты кітаптарға кенеледі, сонымен қатар сирек
кездесетін бағалы кітаптар жиналған, мәселен оқымысты ғалымдардың еңбектері, Қазақстан Республикасы туралы анықтама баспалары т.б. әдебиеттерді пайдаланады.
Келген жаңа әдебиеттермен таныстыру, өлкеміздің атақты ақын-жазушыларының шығармалары бойынша кештер өткізу дәстүрге айналған. Жазғы мектеп демалысы кезінде абонемент айтарлықтай жұмыс ауқымын қамтиды. Демалыс лагеріне жылжымалы кітапханалық қызмет көрсетіледі. Жылына 50-60 оқырманға 250-300 басылым пайдалануға беріледі.
Оқырмандарға жарнамалық қызмет арқылы кітапхананың негізгі жұмыстарын, бөлімдерін, кітапхананы пайдалану ережесін, кітапханада өтетін көпшілік шараны оқырманға жаңа қырынан көрсетіп кітапхана жұмысын насихаттауда қазіргі дизайндық үлгіде безендірілген «Оқырман назарына» жэне «Балалар бұрышы» атты жарнамалық беттер шығарылды.
Кітапхана жұмысының негізгі бағыты - кітаптарды насихаттау, оқырмандардың ой-өрісін, талап-тілегін, өзінің алдына қойған мақсатымен ұштастыра отырып көпшілік шаралардың тиімді түрлерін ұйымдастыру. Кітапханаға оқушы балалар, әр түрлі сала мамандары, зейнеткерлер, кәсіпкерлер және т.б оқырмандар тобы өздерінің сұраныстарын қанағаттандыру үшін келеді. Кітап қорын насихаттау жас ұрпақтың дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру, оқырмандарды кітапханаға тарту, олардың сұраныстарын қанағаттандыру кітапхананың негізгі мақсаты болғандықтан көпшілік шаралар осы бағыттарда жүргізілді. Жұмыстың жаңа формалары мен әдістерін іздестіріп әдеби мерекелер, байқаулар, викториналық ойындар, театрландырылған көрністер, дебат, ток-шоу т.б жұмыс формалары жиі қолданылды
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауын оқырмандар арасында насихаттау, жолдаудың маңыздылығын, басым бағыттары мен міндеттерін айқындау бағытында да көптеген шаралар өткізіледі.
Кітапханада халықтың саяси, экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыру қажет екендігін көрсететін «Елбасы Жолдауы - елдің қолдауы» кітап көрмесі шығарылып, «Жолдау жол сілтейді» атты тақырыптық папка жасақталды.
2006 жыл Қазақстанда Пушкин жылы болып жарияланды.
Абай мен Пушкин адамзатқа ортақ тұлғалар. Олардың өлеңдері ең алдымен жастарға өсиет-өнеге. Жастар тобымен «Абай мен Пушкин жырлары - поэзияның биік шыңы» атты поэзия кеші ұйымдастырылса, оқырман балалармен «Пушкин ертегілерін ашайық» балалар апталығы өткізілді.
Тәуелсіздігіміздің 15 жылдығына Қазақстан тарихын білесің бе?» сұрақ-жауап кеші, желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына мектеп ұжымымен бірлесіп «Желтоқсан - тәуелсіздігінің ұлы рухы» атты кездесу кеші өткізілді. Желтоқсан оқиғасының куәгері Жәлекенова Г. Қ. кештің қонағы ретінде қатысты.
Қазіргі таңда экология күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселе.
Адамзатты табиғат апаттарынан, адамдар қолымен жасалған жасанды апаттардан құтқарып, араша түсу болашақ жас ұрпақ үшін де өзекті болып қалары анық. Осы ретте жас ұрпақ бойында адамзаттың аялы бесігі – табиғатқа деген сүйіспеншілікт ояту мақсатында «Алтын табиғат аясында» атты дебат ұйымдастырылды. Кітапхананы пайдаланушылардың сұраныстарын қанағаттандырумен қатар, мұндай іс-шаралар өткізу кітапхана қабырғасында толастамайды.
2007 жылы өткізілген басты шаралардың бірі - Сырым Датұлының 260 жылдығына арналған «Батыр өмірі – ел тарихы» атты тарихи кеші.
Балалар кітабы күніне арналған «Сүйікті кітабын қорғау» атты эстафеталық ойын.
«Бір ел – бір кітап» аясында ұйымдастырылған Абай оқуларына арналған «Абайды білеміз бе?» тест ойыны, «Ғалым болмай немене» әдеби кеші.Мектеп кітапханашысымен бірлесе Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасына 10 жыл толуына арналған «Арман керек адамға» атты дөңгелек үстел оздырылды.
Осындай ұйымдастырылған іс-шаралар оқырмандардың белгілі бір тобына ықпал етіп, олардың білімін, рухани байлығын арттырып, ой-өрісін байытып, әдебиетпен қауышуына өзіндік әсерін тигізіп отырады. Сондай-ақ, кітап қоры да жылдан жылға қажетті әдебиеттермен, анықтамалар, сөздіктер, энциклопедиялар, түрлі көркем әдебиеттермен толығуда. Оқырмандар арасында мезгіл-мезгіл кітапхана, кітап қоры жөнінде сауалнамалық сұрақтар арқылы талдаулар жасалып отырады. Кітап – біздің рухани байлығымыз. Білімін толықтырып, әлем әдебиеттерімен танысып, кітап нәрімен сусындағысы келген оқырмандар кітапханаға келеді. Бұлан ауыл кітапханасынан қол үзбей, үнемі байланысып, түрлі шараларға атсалысып жүрген үздік оқырмандарымызды мақтанышпен атауға болады. Олар: Сұлтанғалиев Б.А., Габдушев М., Қуатов М., Нұрғалиева К., Ермекова Ж., Ермекова У., Болат Т., Батырғали Т., Шәріп А., Молдашев А., Мұхтарова А., Зағыпаров А., Нугманова Г., Мылқан Б., Молдашева В., Мүтиев А. т.б. Кітапхана – адамның білім көкжиегін кеңейтеді десек, ал Ж.Баласағұнның сөзімен айтқанда «Білім – адам баласының ортақ қазынасы». Сондықтан кітапханаға келіп әдеби көркем шығармаларды, түрлі газет-журналдарды оқыған адамның мерейі өсіп, рухани азық алып, дөңгеленген дүниеден хабардар болады.
Кітапхана – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Жалпы кітапхана адамдардың басын қосу, білім беру мүмкіндігі бар бірден-бір парасатты орын.
Г. Дәуітқызы жырлағандай:
Кітапхана ғасырларды жалғайды,
Төзім үлкен ғалымдардың талайы.
Ғұлама да, данышпан да кемеңгер
Дана ойлы парасаттың сарайы.
Бұлан ауылдық кітапханасы компьютермен жабдықталған.
Кітапхананың жарнамалық бұрышы
Достарыңызбен бөлісу: |