БӨЖ 2.
Отандық және шетелдік инклюзивті білім беру тарихына аналитикалық талдау жасау
Инклюзивті білім берудің мақсаты: даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге білім беру. Яғни адамның жынысына, дініне, шығу тегіне қарамастан тең құқылы жеке тұлға ретінде білім беру жүйесі болып табылады. Инклюзивті білім беру – мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып-үйретудің бір формасы.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «...мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз»- деп мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп, олардың оқып-білім алуына, еңбек етуіне мүмкіндік туғызу керек екендігіне баса назар аударды.
Ерекше білім беруге қажеттіліктері бар білім алушыларды жалпы білім беруге қосу нысандары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы №499 қаулысымен бекітілген «Жалпы білім беру ұйымдары (бастауыш, негізгі орта және жалпы орта) қызметінiң үлгілік қағидаларында» баяндалған. Құжаттың мазмұнында арнайы және инклюзивті білім беру барлық оқушылардың білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беру ұсынымдарын ескере отырып әзірленген арнайы және жалпы білім беретін оқу бағдарламалар арқылы жүзеге асырылатыны айқын көрсетілген. Бастауыш мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің қорытындысына сәйкес ҚР Білім және ғалым Министрінің 2015 жылғы 18 маусымдағы № 393 бұйрығымен бекітілген арнайы оқу бағдарламалары бойынша оқып келеді. «Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерінде» білім беруге ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларға мына санаттағы балалар жататыны белгіленген:
- мүмкіндіктері шектеулі балалар;
- мигранттардың, оралмандардың, босқындардың, саны аз ұлттар отбасыларынан шыққан балалар;
- қоғамда әлеуметтік бейімделуде қиындықтары бар балалар (жетім балалар, виктимді балалар, девиантты мінез-құлықты балалар, әлеуметтікэкономикалық және әлеуметтік-психологиялық деңгейі төмен отбасынан шыққан балалар).
Бұл санаттағы балалар - өмірде түрлі қиын жағдайларға душар болған, қиындықтарға тап болған балалар екені белгілі. Осыны ескере отырып, мүмкіндігі шектеулі балалардың қоғамға ерте бастан кіріктірілуі, олардың болашақта толыққанды қоғам мүшесі болуына мүмкіндік жасалуда.
Инклюзивті білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылдан бастау алады, ал 90 жылға қарай АҚШ пен Еуропа өздерінің білім беру саясатына осы бағдарламаны толық енгізді.
Көптеген мамандардың пікірлері бойынша, Италия қалған дүние жүзіне инклюзивті білім берудің зертханасына айналды. Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, осы елдегі арнайы мектептер мен сыныптардың оқушыларының көпшілік бөлігі, жалпы білім беру жүйесіне интеграцияланды. 1971 жылы Италияда ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беретін мектепте оқыту құқығы туралы бірінші Заң пайда болады.
Достарыңызбен бөлісу: |