«дала қОҢырауы»



Дата02.11.2022
өлшемі14.59 Kb.
#463840
Дала қоңырауы


«ДАЛА ҚОҢЫРАУЫ»
Алаш қайраткері, сүлей жырдың шайыры Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздыкі» деп бекер айтпаса керек. Ол рас адамзаттың ардақтысы ұстаздық ең ізгі мамандықтың бірі. Мамандықтың бәрі жақсы. Дегенмен, ізгіліктің шырақшысы, ұрпақ бойына білімнің дәнін себуші мұғалім мамандығы бәрінен қастерлі. Кешегі ғалым да, батыр да, егін салған диқан да, мал баққан шопан да, адам жанының инженері дәрігер де ұлағатты ұстаздан білім алды. Ендеше ұстаздық қастерлі мамандық демей немене? Әлбетте мұғалім туралы сөз қозғағанда алдымен, ұлт ұстазы – Ыбырай Алтынсарин еске оралады. Қараңғы қазақтың санасын оятып, балаларды білімге шақырған ұстаздың ұлағатты ісі ұлтың сүюден басталды. Оның балалардың көкірек көзін ояту үшін жазған құнды еңбектерінің мән-маңызы мен ғибратын айтып тауысу мүмкін емес.
Әкесінен жастай қалса да, сана саңылауы ерте оянды. Көзі ашық, көкірегі ояу Ыбырай Алтынсарин жастайынан оқу-білімге құштар болды. Бәлкім, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласуына атасы Балқожаның (авт.белгілі би және старшын болған Балқожа Жаңбыршин) ықпалы да болған шығар. 1850 жылы Орынборда ашылған қазақ-орыс мектебінде білім алып, шығыстанушы ғалым В.В.Григорьевпен етене байланыста болды. Оның бай кітапханасында уақытының көп бөлігін өткізген Ыбырай бабамыз білген үстіне біле түсті. Өкініштісі ол сол сәтте туған халқының білімі таяз, көкірек көзі ұйқыда екенін ұғынды. Қаймана қазақтың өнер-білімнен, оқу-ағарту ісінен кенде қалғанына күйінді. Қайткенде де олқылықтың орнын толтыру үшін туған жеріне оралып, жүрек түкпіріндегі арман-мақсатын жүзеге асыруға қадам жасады. Қазақ даласына білімнің алғашқы нәрін себу үшін алдымен мектеп салуды қолға алды. Әрине, бүгінгі ұрпақ сол кезде ұлт ұстазы көрген қиындықтың бірін де білмейді. Мектеп тұрғызу өз алдына, қазақ балалары үшін педагогиканың оқу-әдістемесі, оқу бағдарламасы, тіпті қазақ тілінде оқулықтың болмауы көп жайды ұғындырады емес пе? Десе де дала қоңырауы – Ыбырай Алтынсарин діттеген мақсатына жетпей қоймады.
1864 жылы Торғай қаласында тұңғыш қазақ мектебі ашылды. Күллі қазаққа ортақ қуаныш. Бұл орайда дарабоз ақын Ғафу Қайырбековтің поэмасына арқау болған Ыбырай еңбегі «Дала қоңырауы» іспеттес. Алаш жұртының ойы мен санасына қоңыраудай қозғау салған ұлт ұстазы талай қазақ баласын білімге жетеледі. Өзі үйретсем екен, өзгелер үйренсе екен деді. Сөйтіп, қазақ даласын білімге шақырды. Сондықтан ұлағатты ұстаздың өнегелі ісін, ұлтына, қазақ халқына қалдырған өсиеті мен бай мұрасын поэмасында тілге тиек еткен Ғафу Қайырбековтің «Дала қоңырауы» шығармасының тағылымы мен тәрбиелік мәні зор. Көрнекті ағартушының жанкешті еңбегін орамды ой, кестелі сөзбен көркем жеткізген ақынның өзі де Торғайда Ыбырай ашқан мектепте білім алғанын айтып өткен жөн. Ұстазға деген құрмет, кейінгі ұрпақтың ілтипаты ретінде:
«Жүз жыл бұрын дәл осындай дана адам,
Тұңғыш рет мектеп ашып даладан.
Осы отырған кластардың бөлмесін,
Әр кірпішін қамқор қолмен қалаған.
Сол данышпан сені әкелген ен шетке,
Ұлы мұра қалдырдым деп кетпек пе?
Қызығамын сенің тұңғыш үніңе,
Жалт қаратқан жалпақ елді мектепке», – деп жалынды әрі жүрекжарды толғауын бар қазақтың атынан арнағандай.
Ғафу Қайырбековтің алдында қоғам қайраткерлері, қаймана қазақтың маңдайына біткен марғасқа ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сынды ғалым-ұстаздар да осы білім ошағынан шыққанын бірі білсе, бірі білмес.
Педагогика саласында Ыбырай Алтынсариннің еңбегі бір мектеп ашумен шектеліп қалған жоқ. Өзі де жатпай-тұрмай оқу, ізденісте болды. Орыстың ағартушылық жүйесін зерттеп, озық үлгілерін тәжірибеге енгізді. Соның негізінде қазақ тілінде «Қазақ хрестоматиясы» мен тағы басқа еңбектері жарық көрді. 1879 жылы Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағайындалуы оның жаңа жетістіктерге қадам басуына ұйытқы болды. Жаңа мектептер, соның ішінде Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастырды. Жақсылықтың жаршысындай болған бұл мектеп тұлымшағы желбіреген, шолпысы сыңғырлаған талай қыздың өмірге, оқу-білімге құштарлығын оятты. Сондықтан ұлы ұстаздың ұлтына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ал «Дала қоңырауы» осы еңбектің негізінде туған тамаша туынды екені даусыз.
Ақмарал ЕСТАУЛЕТОВА,
студент.
КРОК-221 дв

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет