https://damu.kz/poleznaya-informatsiya/bizness-plany/ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТТЕРІН АРТТЫРУДА ТРЕНИНГ ЖАТТЫҒУЛАРЫН ҚОЛДАНУ
Қазіргі әлемдік ауқымды қайта құрулар, жедел ақпараттандыру, білім саласындағы өзгерістер адамзат қоғамы алдында білім сапасын арттыру қажеттілігін туындататыны анық. Оқу үрдісінің тиімділігін арттыруда жаңа технологияларды қолдану орын алған.
Бұл оқушының логикалық, шығармашылық потенциалын арттыру, жас ұрпақты жаңа қоғам жағдайына өмір сүруіне дайындау мақсатымен ұштасып жатыр. Қазіргі кезде білім беруді ақпараттандыру процесі жүргізілуде. Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдалану кеңейтіліп келеді. Жаңа заман талабы жеке тұлғаны дамыту мен танымдық ауқымын кеңейту деңгейінде әртүрлі технологияларды және әдістерді қолдануды қажет етеді. Сондықтан бастауыш сыныпта ақпараттық технологияны қолдану арқылы оқушылардың ойлау қабілеттерін арттыру үшін қолданылатын тренингттік жаттығулардың да орны ерекше деп ойлаймын. Себебі, мектепке жаңа келген бүлдіршін қабілеттерін арттыру, білімге қызығушылығын шығармашыл деңгейге көтеру, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту-бастауыш сынып мұғалімдерінің атқаратын жұмыстарының бірі. Өйткені, бастауыш сатыдағы кезең - оқушы іс-әрекетінің қалыптасуының өте ыңғайлы кезеңі. В. Давыдовтың «Бастауыш сынып оқушысының психологиялық даму» еңбегінде: «Оқыту үрдісіндегі оқушылардың логикалық ойлау қабілетін қалыптастыру өзіндік мақсат емес, ол – белсенді тұлғаны тәрбиелеу құралдарының бірі» делінген.
Демек, бастауыш сынып оқушыларының логикалық ойлау қабілеттерін арттыруда тренингтік жаттығуларды қолдану мақсаты оқушылардың қисынды ойлауын дамытумен қатар, оларды белсенділікке тәрбиелеу, өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландыру, сондай-ақ оқушыларды икемділік пен шеберлікке баулуды көздемек.
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуда логикалық тапсырмалар мен жаттығулар орындатудың маңызы зор.
Логикалық тапсырмалар мен жаттығулар арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үш негізгі бағытта іске асырылады: 1.1.Қызығушылығын арттыру;
2.2.Ойлау және қабылдау қабілетін дамыту;
3.3.Шығармашылық ізденісін дамыту.
Оқушының логикалық ойлауы ой әрекетінде, білімді меңгеру, тіл үйрену үстінде дамиды. Оқушылардың ақыл-ой белсенділігін өрістету олардың тұлға ретінде жетілуінің маңызды саласы болып табылады. Сондықтан оқушылардың шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында ойлау операцияларын жүзеге асыру тәсілдеріне үйрету қажет. Оқушылардың ойлауын дамыту ойлау операцияларын меңгеруіне байланысты. Ендеше, оқушыларға тапсырмалар бергенде таңдауға, жинақтауға, салыстыруға, топтауға арналған тапсырмалар логикалық ойлауын дамытатындай болуы керек.
Мысалы, сөздік-логикалық ойлаудың дамуына мынандай жаттығулар көмектеседі:
«Артығын анықта» әдістемесі. Баланың маңызды бөліктерді бөліп көрсету, жалпылай білу дағдысын көрсетеді. Бұл әдістемені қазақ тілі, дүниетану сабақтарында бекіту, қайталау кезеңдерінде қолдануға болады. Тапсырманы сурет не заттай немесе жазбаша түрде ұсынуға болады. Атап айтсақ,
«Сөз таптарын» өткенде
Балық, қоян, қызыл, тас (Жауабы: қызыл- сын есім. Өйткені, балық, қоян, тас-зат есім)
Бұл тапсырманы анаграмма түрінде де қолдануға болады. Мысалы,
Амал (алма)
Ларұмт (алмұрт)
Арна (анар)
Рабқзы (қарбыз)
Ойлаудың талдау және жинақтау операцияларын дамыту үшін «Жинақтау» әдістемесі тиімді. Ұсынылған сөздерді жалпылайтын сөз немесе сөз тіркесін атау:1.Қазан, қараша-
2.Сазан, шортан-
3.Жаз, күз-
4.Емен, қайың-
5.Қияр, қызанақ-
6.Құмырсқа, қоңыз-
7.Шкаф, диван-
8.Ағаш, гүл-
9.Балта, балға-
10.Қасқыр, түлкі-
Сонымен қатар ойлау әрекетін датытатын тәсілдерді ойын түрінде қолдануға болады. Мысалы,
«Керісінше айт» ойыны. Бұл ойында қарама-қарсы мағыналы сөздерді өткенде пайдалану тиімді. Мысалы, толық- жіңішке, қара-ақ, ыстық-суық, бос-толы, т.б.
«Ұқсастық пен айырмашылық». Оқушыларға әртүрлі заттар мен ұғымдарды салыстыру ұсынылады. Бастауыш сынып оқушыларына өздеріне таныс заттар: сүт пен су, сиыр мен жылқы, ұшақ пен поезд (сурет түрінде ұсынуға болады). Ересек балаларға тапсырманы күрделі түрде: таң мен кеш, табандылық пен қыңырлық т.б. Дұрыс жауаптар, қателіктер, ұқсастық пен айырмашылық ара қатынасы, басым белгілер т.б айқындалады.
«Басқа қырынан таны». Белгілі бір заттың басқа қырын ашу. Мысалы, сіріңке тек жанып, жарқырап қана қоймай, пішіні мен салмағы жағынан кішірейеді. Оқушыларға қарапайым заттардың: полиэтилен қақпақ, пенопласт т.б ерекше қасиеттерін ашу, анықтау ұсынылады. Ерекше жауаптар ескеріледі және ұсынымдарды талдауға да, пікірталас ұйымдастыруға да болады.
«Ұқсастықтар іздеу». Белгілі бір зат немесе құбылыс айтылады, мысалы, «тікұшақ». Әртүрлі нақты белгілер бойынша тікұшаққа ұқсас заттарды жазу.Ұқсас заттарды қасиетіне қарай топтап жазуға да болады. Мысалы, «құс», «көбелек» (ұшады, қонады), «автобус», «поезд» (көлік) т.б. Бұл тапсырма заттардың қасиеттерін анықтау, оларды белгілер бойынша жіктеуге арналған.
«Заттың қолдану тәсілдері». Жақсы танымал бір сөз беріледі, мыс: «кітап». Заттың қалыптан тыс неғұрлым көп қолдану аясын айту керек. Кітапты оқиды, бір нәрсенің астына қоюға болады, қажетті қағаздарды көзден таса зат ретінде жасыру мақсатында қолдануға болады т.с.с. сондай-ақ, тіс щеткасы, тоқыма сымы т.б ұсынуға болады. Бірақ заттарды адамгершіліксіз, жыртқыштық жолмен қолдану тәсілдерін айтуға тыйым салынады.
«Заттардың қасиеті». Жүргізуші: «бұл доп «апельсин». Қазір біздер допты бір-бірімізге лақтырып, оның қандай апельсин екендеген атаймыз» Аталған сапаларды қайталауға болмайды.
«Сөйлем құра». Өзара байланыспайтын 3 сөз алынады. Мыс, «көл», «қарындаш», «аю». Осы сөздерден сөйлем құрау қажет. Жауап қарапайым (Аю көлге қарындашын түсіріп алды) немесе күрделі (Бала қолына қарындаш алып, көлде шомылып жатқан аю суретін салды) болуы мүмкін. Соңынан ұнаған жауаптар талданады. Шығармашылықпен жазылған сөйлемдер мадақталады.
«Артық сөзді тап». Кез келген 3 сөз беріледі. Мыс, «ит», «қызан», «күн». Белгілері арқылы ұқсастықтары бар 2 сөз қалдырылады да, артық сөзді алып тастау керек. Қалған екі сөздің өзара ұқсастықтарын алынып салынған сөзден айырмашылығын неғұрлым көбірек атау керек. Мыс, «ит» сөзі артық, «қызан», «күн» сөздері қалдырылады, өйткені олар: дөңгелек, қызғылт, адамдарға қуат береді. Қалыптан тыс нақты шешімдер қабылданады (бұлт, мақта, дән) т.б.
Осы сияқты әртүрлі жаттығуларды мұғалім ретін тауып оқу үрдісінде қолдана білсе, оқыту түрленеді, оның тиімділігі артады, оқушылардың ақыл-ойы жетіле түседі. Оқушыларға тапсырманы біртіндеп күрделендіре түссе, сонда логикалық ойлау қабілеттері қалыптаса бастайды.
Осындай психологиялық тәсілдерді қолдана отырып, тренингтік жаттығулар орындату барысында оқушылардың пәнге қызығушылығы артады, ой-өрісі дамиды, шығармашылық пен дарындылық пайда болады. Қорыта айтсам, оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың ойлау процестерін дамыту үшін жоғарыда ұсынылған тренингтік жаттығуларды ұйымдастыру қажет. Сондай-ақ, тренингтік жаттығулар оқушы білімінің деңгейін көтеріп қана қоймай, бір-бірімен жақындастырып, достыққа, адамгершілікке, еңбекке тәрбиелейді; жүйелі ойлап сөйлеуге, сөздік қорын молайтуға, қиялын ұштауға жетелейді.