ДЕПУТАТТЫҚҚА 100 КҮН
Сайлаушылардың сенімін ақтап келеді
Құрманбай Марат Серікжанұлы Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болғанына 100 күн толу қарсаңында бұқаралық ақпарат өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында халық қалаулысы осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстары жайлы және алдағы күндерге жоспарланған істерінен хабардар етті. Марат Серікжанұлының депутаттыққа сайланған округі Шығыс Қазақстан облысындағы ең үлкен аумақты қамтиды. Нақты айтсақ, округ аумағына бұрынғы Абыралы, Жаңасемей аудандарының территориясымен қоса Курчатов қаласы да енген. Бұл аймақ тұрғындары Құрманбай Марат Серікжанұлын жақсы біледі, сайлаушылардың 82.5 пайызының сенімін білдіруі соның айғағы.
Марат Құрманбай бұған дейін де Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен аймақтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға байланысты «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорын құрып, көптеген жұмыстар атқарғандығы жұртқа жақсы мәлім. Атап айтар болсақ, 2009 жылы Семей ядролық сынақ полигонының тоқтатылғандығына байланысты Елбасының «Ұлы даламызға азапты қасірет әкелген уақиға ешуақытта қайталанбауы тиіс» деп, тасқа қашалып жазылған биіктігі 15 метр Семей ядролық сынақ полигонының құрбандарына арнап Қайнар ауылының кіреберісіне монумент тұрғызды. Келесі жылы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арнап «Ұлы Отан соғысына аттанған абыралылықтар» деген атпен 1500 ардагердің аты-жөндері қашалып жазылған тақтатас орнатты.
Ал өткен жылы Марат Серікжанұлының басшылығымен тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы тұсында Абыралы көтерілісінің 80 жылдығына орай Қайнар ауылының орталығынан «БАБАЛАР ЕРЛІГІ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ» деген атпен тағы да бір тарихи ескерткіштің бой көтергендігін айтқан жөн. Бұл – тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында атқарылған «20 жарқын істің» бірі. Биылғы жылы халық қалаулысы сол Абыралы көтерілісінен кейін болған 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың 80 жылдығына орай, сталиндік қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арнап ас беруді жоспарлап, баршаға да үндеу етіп отыр. Бұдан өзге де игі бастамалардың жаршысы болып жүрген халық қалаулысы бүгін де депутаттық мандат алғаннан кейін де біршама істің басын қайырып отыр. Яғни, депутаттыққа сайланар алдында халықпен кездесу барысында олардың мұң-мұқтажын тыңдап, айтқан талап -тілектерінің барлығын қағаз бетіне түсіріп, оның шешілу жолдарын кезең-кезеңге бөліп тиісті жұмыстар атқарып отырған жайы бар. Шығыс Қазақстан облыстық №20 сайлау округіндегі 24 ауылдық округтің барлығы Семей қаласының құрамына енген. Қаладан 300 шақырым қашықтыққа дейін созылып жатқан ауылдардың бүгінгі күнде шешімін таппай жүрген мәселелері де көптеп кездеседі. Олардың басты мәселесі күнделікті тұрмысқа қажетті таза ауыз су, жол, телефон байланысы мен сапалы медициналық қызмет түрлері және тағы да басқалар. Осындай өзекті жайларды облыс деңгейінде шешу үшін депутат арнайы өзіндік бағдарлама жасап, өзекті мәселелерді бірінші жолға қойып, оның аз уақытта шешілуі үшін тынымсыз еңбек етуде. Сонымен қатар, осы округтің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін республика көлемінде шағын қалаларды дамытуға байланысты жасалған бағдарламаға Курчатов қаласы да еніп отыр. Шағын қалалардың көпшілігіне тән мәселелер Курчатов қаласында да жетіп артылады. Олар, орталық жылу қазандығы мен су құбырларын күрделі жөндеуден өткізу, қаладағы ескі ғимараттарды қалыпқа келтіріп оларды қолданысқа беріп, әсіресе жастардың бос уақытын өткізетін орталықтарды ұйымдастыру. Мұндай жұмыстар арнайы бағдарламалар арқылы өз шешімін табатындығы күмәнсіз. Сонымен қатар ауылдық округтерді дамытуға байланысты құрылған «Тірек ауылдары» жобасына осы округтен үш бірдей ауылдың яғни, Қайнар, Знаменка және Новобаженова ауылдарының кіріп отырғандығы да көп жайды аңғартады. Ауылдық жердің дамуы үшін қанша көлемде болсын қаржат артық етпейді. Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы мен «Тірек ауылдары» жобасына кіріп отырған елді мекендердің болашағы бар, яғни олардың алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға халық қалаулысы ретінде өзіндік үлесін қосып қана қоймай, тиісті міндеттердің орындалу барысына жергілікті басшылықпен берлесе жұмыстар атқармақ.
Облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы қабылданған Заңға өзгерістер енгізуге байланысты құрылған комиссия құрамына Марат Серікжанұлы да еніп, комиссия құрамында Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында, Абай, Бесқарағай аудандарында және Абыралы өңіріндегі Қайнар ауылында болып жергілікті тұрғындарды толғандырып жүрген мәселелерді жинақтап ұсыныстар етіп енгізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты өзі сайланған округ бойынша бірқатар ауылдық округтерде кездесу өткізіп, халық қалаулысы ретінде 100 күн ішінде атқарған жұмыстары жайында есеп берді. Айталық, Знаменка ауылындағы кездесу барысында атқарылып жатқан жұмыстары жайлы толық баяндап, сайлауалдындағы халықпен жүздесу кезіндегі жүктелген талап-тілектердің 90 пайызының орындалғандығын жеткізді. Сондай-ақ, ауылдағы мектеп оқушыларына заман талабына сай әмбебап проектор тарту етті. Ауыл халқы мен мектеп ұжымы депутатқа дән ризашылығын білдіріп, кездесу соңынан мектеп ұжымы оқушылардың қатысуымен өз өнерлерін көрсетіп, концерттік бағдарлама ұйымдастырып естелікке фото суретке түсті.
Ұлы Жеңіс күні мерекесі қарсаңында округтегі бірден-бір ірі елді мекен Шульбинск кентіндегі Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен және тыл еңбеккерлерімен кездесіп құрмет көрсетілді. Бүгінгі күнде Шульбинск кентінде тек екі соғыс ардагері қалған екен, сол себептен олардың қатарына тыл еңбеккерлерін, Ұлы Отан соғысында қаза болған азаматтардың жолдастарын, Ауған соғысының ардагерлерін және тағы да басқа азаматтардың бастарын қосып дастархан жайып, сый-құрмет көрсетті.
Қорыта айтқанда атқарған істер аз емес, атқарылар істері баршылық. Халық қалаулысы ретінде бүгінгі күнге дейін жүзеге асырған істерін таразыласақ Марат Серікжанұлының болмысына лайықтап «Нар жолында жүк қалмас» деуге әбден болады.
Достарыңызбен бөлісу: |