Дәріс № _____
Тақырыбы: Жеңіл атлетиканың Қазақстанда дамуы
Жоспары:
ҚР Жеңіл атлетиканың шығу тарихы
ХХ ғасырдың ең жүйрік қос қазағы
Қазақстандық жеңіл атлетшілердің жетістігі
Спорт ханшайымы жеңіл атлетика – спорттың ең көп тараған түрі. Оған әр түрлі қашықтықта жүгіру мен жүру, ұзындық пен биіктікке секіру, спорттық снарядтарды лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыстар енеді. Жеңіл атлетикалық жарыстар ашық және жабық (манеж) алаңдарда өтетін жеке, командалық және эстафеталық жарыстар болып бөлінеді [1].
Жеңіл атлетиканың тарихы ежелгі дүние дәуіріндегі халықтардың іс әрекетінен басталады. Мәліметтерге сүйенсек, жеңіл атлетикадан жарыс біздің эрамызға дейінгі 776 жылы өткізілген. Бұл туралы Ежелгі Грек олимпиада ойындары туралы жазбаларда анық жазылған. Сол замандарда жарыс тек ұзын-сонар алаңда жүгіру жарысымен шектелген. Бұрынғы атлеттердің жетістігі жүгіру шапшаңдығымен өлшенген. Бізге алғашқы олимпиадалық чемпиондардың Ежелгі Грекиядан шыққаны белгілі [1].
ҚР Жеңіл атлетиканың шығу тарихы
Қазақстанның ауыр жағдайды басынан өткергеніне қарамастан ең алғаш жеңіл атлетика үйірмесі 1918 жылы Семей қаласында құрылған. Үйірме жетекшісі Алексей Огородников болды. Семей спорт үйірмесінің әр спортшысында арнайы билеттері болған. Жеңіл атлетикамен тек қана ер азаматтар айналысқан. Алғашында спорттық құрал-жабдықтар мен спорт алаңдарының жоқтығынан жеңіл атлетиканы спортқа теңемеген, ол тек қана ойын-сауық, көңіл көтеру ретінде болды [2;4].
Қазақстандағы ең алғашқы спорттық құрылым 1925 жылы Семей қаласында Киров стадионы салынды, 1929 ж. Алматыда Динамо стадионы, 1935-1936 жылдары Спартак, Локомотив стадиондары салынған. 20 ғасырдың басында жеңіл атлетикадан ең мықты Семейдің спортшылары болды [2;5].
Қазіргі елордамыз Астана қаласында жеңіл атлетиканың дамуы 1947-1948 жж. соғыстан кейінгі жылдары басталды. Осы жылдары «Динамо», «Локомотив», «Искра», «Пищевик», «Спартак» және т.б. жаңадан әртүрлі спорттық қоғамдарда жеңіл атлетика спорты пайда бола бастады. Әрине, қалада ол жылдары жақсы стадион жүгіру жолымен, көрермендік тамашалау орындарымен болмады, бірақ 1950 жылы Қ. Мұнайтпасов атындағы стадионда жүгіру жолы, жеңіл атлетикалық секторлар, диск лақтыратын, ядро итеретін, ұзындыққа және биіктікке секіретін шұңқырлар орнатылды[2;5].
Целиноградта жеңіл атлетикадан арнайы мектеп ашылады, стадионда жүгіріс жолын салып және «Автомобилистте» спорт зал ашылды және жеңіл атлетик манежімен бірге салынды. 2009 жылы стадионға яғни «Достық Спорткомбинатына» жеңіл атлетика спортын дамытуға берілді.
Қазақстанда алғашқы ресми жеңіл атлетикалық жарыс Бүкілқазақстандық І-інші спартакиада 1928 жылы Петропавл қаласында өтті. Республикада жеңіл атлетикадан тұңғыш рет КСРО-ның спорт шебері атағын Ш.Бекбаев алды (1943 жылы).
Қазақстанның жеңіл атлеттері Олимпиада ойындарында, дүние-жүзілік чемпионаттар мен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерді көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер атанды.
Жеңіл атлетика — бүгінгі таңда тек біздің елде ғана емес, дүние жүзінде кең таралған спорт түрі. Жеңіл атлетиканың негізгі жаттығулары — тегіс жерде жүгіру, жүру, кедергілермен жүгіру, ұзындыққа және биіктікке секіру, лақтыру, жеңіл атлетикалық көпсайыс [3;40].
Жүгіру - қысқа, орташа және ұзақ қашықтық болып үшке бөлінеді.
Қысқа қашықтыққа - 100, 200, 400 м және 110 м кедергілі қашықтық жатады.
Орташа қашықтыққа - 800,1000, 1500, 2000, 3000 м жүгіру және 3000 м кедергілі қашықтыққа жүгіру жатады.
Ұзақ қашықтыққа — 5000, 10000, 20000, 42 шақырым 192 м марафондық қашықтық және 50 шақырым кросс (дала жарысы) жатады.
Жүру — 20 шақырым спорттық жүріс.
Лақтыру — диск, найза, граната, балға, доп және ядро.
Секіру — орында тұрып және жүгіріп келіп ұзындыққа секіру, биіктікке және сырықпен секіру, үш аттап секіру.
Жеңіл атлетикалық көпсайыс — көпсайыс құрамына жеңіл атлетиканың жаттығуынан 10 жаттығуға дейін кіреді. Олар — жүгіру, секіру, лақтыру және кедергілерден өту [3;40].
Достарыңызбен бөлісу: |