№3 Дәріс 3 апта Сана, рух және тіл Жоспар: 1. Сананың шығу тегі мен мәні: негізгі концепциялар Сана құрылымы, феномендері 2. Сананың гносеологиялық, онтологиялық мәселелері Болмыстың екінші таңғажайып түрі – ол сана, рух, жалпы алғанда, адамның психикасы. Гносеологиялық (танымдық) тұрғыдан қарағанда, сана – Дүниені бейнелеудің ең биік, тек адамға ғана тән идеалдық формасы. Оны біз болашақ “танымға” арналған тарауда көлемді түрде талдаймыз. Сана – материя емес, оны қолға ұстап сындырып, я болмаса, ауызға салып дәмін байқап, мұрынға жақындатып иісін анықтауға т.с.с. болмайды. Болмыстық тұрғыдан кең түрде қарағанда, сана – адамның ішкі жан-дүниесі, адам белсенділігінің психикалық деңгейі. Ал оны нақтылай келсек, ол, әрине, адамның ой толғаулары. Бірақ, ол онымен бітпейді. Ойлау, рационалдық таным – сананың өзегі болғанмен, оған адамның сезім толқындары да кіреді: адам қуанады, ренжиді, ашуланады, шаттанады, сүйеді, жек көреді т.с.с. Егер де біз кең түрде адамның психикасын алатын болсақ, оған санамен қатар бейсаналық та кіреді. З.Фрейдтің уақытында ашқан бұл жаңалығының қазіргі өмірдегі маңызы өте зор. Сонымен қатар, санаға тең емес адамның ырқы да (воля) бар. Кейбір жағдайларда адам санаға сыймайтын, оған қарсы нәрселерді жасауы мүмкін. Ф.Ницше уақытында айтқандай “нағыз адам” толқынмен бірге емес, оған қарсы жүзиді. Адам Дүниені саналы түрде бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар, өз ішкі жан-дүниесіне сараптау жасайды – міне, осы сәтте оның рухы оянады. Рух категориясы біздің жақында өткен тарихымызда дінмен байланыстырылып, ал “кеңес тоталитаризмі” соңғыға қарсы болғаннан кейін, философиялық әдебиетте өте аз қолданды. Негізінен алғанда, рухқа ғылымдағы жетістіктер, қоғамдық сана формалары жатқызылды. Тек бүгінгі таңда ғана бұл категорияның маңызы өсуде. Жалпы алғанда, рух дегеніміз – адамның өзіндік сана-сезімі, өз-өзіне “сырттай қарап” баға беруі, өз өмірінің мән-мағнасы мен қатар, жалпы Дүние жөнінде ойлауы-толғауы, тебіренісі жатады. Бұл тек дамыған адамға ғана тән нәрсе. Қайсыбір жануарды алсақ, ол өз-өзін бұлдыр сезінеді, өзін жағалай ортадан бөлек алып, оған қарсы қойып қарай алмайды. Оған қабілетті – адам ғана.
Жеке адамның рухымен қатар, белгілі бір халықтың рухы жөнінде де айтуға болады. Мысалы, қазақ халқының руханияты, демек, оның өзіне тән дүниесезімі, құндылықтары. Оны әдебиетте “объективті рух” деген категория арқылы береді.
Сонымен қатар, рухтың жетістіктері ғылыми, көркем шығармалар арқылы өмір сүруі мүмкін. Оны “объективизацияланған рух” дейміз. Мысалы, қайсыбір ұлы суретшінің туындысын қабылдағанда, біздің рухани өміріміз үлкен тебіреністе болып, сан-алуан сезімдер мен ойлар жан-дүниемізге келеді. Әрбір адам өзінің рухани болмысына байланысты “Венера” мүсініне әр-түрлі қарайды. Біреуі оны “құдіретті теңдесі жоқ әсемдік” ретінде қабылдаса, тайыз надан адам оған “нәпсілік” тұрғыдан қарауы мүмкін. Симфония, я болмаса, басқа саз формаларын қабылдағанда да соған ұқсас тебіреністе боламыз, т.с.с.
Сонымен қатар, адамның өзіндік санасының өзі тілмен берілген – тілсіз ойлау тіпті мүмкін емес. Тіл мен сана – күміс ақшаның оңы мен астары сияқты – бір-бірінсіз өмір сүре алмайды.
Бүгінгі таңда жер бетінде 2000-ға жуық ұлттық тілдер бар, бірақ, адамзат ой өрісі бірегей, сондықтан да халықтар арасында түсіністік пайда болады. Оның негізгі себебі – ой арқылы Дүниенің заңдылықтарының бейнеленуі. Адамзатты жағалай қоршаған орта бір болғаннан кейін, ойлау формалары да бір.
Өз тәуелсіздігін алған Қазақ елінде қазіргі уақытта ана тілімізді дамытуға көп көңіл бөлінуде. Соның бір кішкентай айғағы ретінде осы оқулықты алсақ та болғаны. Ана тілі – зор рухани байлық. М.Хайдеггер айтқандай “тіл – болмыстың үйі”. Ал оның әріптесі Г.Гадамерге келер болсақ, ол “тіл дегеніміз алдын-ала түсіндірілген Дүние”,- деген терең ой тастаған екен. Олай болса, тек ана тілін терең игеру арқылы ғана адам өз ұлтына тән дүниесезім мен қабылдау, көзқарасты өз бойында қалыптастыра алады.
Сонымен қатар, тіл де, басқа әлеуметтік құбылыстар сияқты, үне бойы өзгерісте, дамуда. Тілді тазарту, тарихи ұмыт қалған сөздерді өмірге қайта еңгізу, жаңа сөздерді тудыру – бұлардың бәрі де керек нәрселер. Бұл жағынан алып қарағанда біршама жұмыстардың беті қайтарылған тәрізді.
Кілтті сөздер: сана, жан, ақыл, рух, тіл, ұлт Бақылау сұрақтары: 1. Сананың гносеологиялық моделдері
2. Жаңа заман философиясындағы тума идеялар концепциясы және cogito статусы.
3. Неміс классикалық философиясындағы ақылдың транценденталдық негіздері.
4. Шәкәрім рух туралы.
5. Рух және адамның рухани қызметінің табиғаты.
5. Тәндік және руханилық.
6. Сананы онтологиялық мәселе ретінде түсіну.
Пайдаланған әдебиеттер: Энтони Джон Патрик Кенни. Батыс Философияның Жаңа тарихы. 1 том. Антика философиясы, 2018
Энтони Джон Патрик. Батыс Философиясының Жаңа тарихы. 2 том. Орта ғасыр философиясы, 2018
Касабек А., Аликенова К. Қазіргі заманғы ғылым философиясы, Талдыкорган.- 2016
Н.Ә. Назарбаев Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. «Казахстанская правда», 13 сәуір 2017ж.