ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 (5Каз)
Ә13
Момбек Әбдіәкімұлы
Ә13 Сүлеймен қарақшы – Алматы: «Дария Дамыту Орталығы»
, 2021. – 552 бет.
ISBN 978-601-06-8104-0
Кiтаптағы басты кейiпкер - Сүлеймен өмiрде нақты болған
адам. Ол халық ұғымындағы сүйкiмсiз
атау - қарақшы деген
лақапты өз атына әлдебiр себептермен iлiктiрiп алғаны болмаса,
оның барлық iс-қимылдары, ой-әрекеттерi – ел мен жұрттың
жоғын жоқтаудан,
кедейге жақ, сараңға өш, зорлықшыға қас,
басбұзарға қарсы күресуден тұрады. Өмiр бойы жан тыныштығын
таппаған ол, 1917 жылы үкiмет басына келген қызылдармен де,
олармен шайқасқан тау басшыларымен де алысқа түскен. Өзiн
Құдайдан басқаның бәрiнен азатпын деп ұғынған Сүлеймен
ғұмыры өте күрделi болған. Қолдарыңыздағы кiтап сол күрделi
ғұмырды қызықты һәм тартымды тiлмен баян етедi.
Кітап барша оқырманға арналады.
ӘОЖ 821.512.122
КБЖ 84 (5Каз)
ISBN 978-601-06-8104-0
© «Дария Дамыту Орталығы», 2021
© Момбек Әбдіәкімұлы, 2021
БIРIНШI БӨЛIМ
I
Кезiнде үш жүзге төбе би болған Төленiң бес әйелiнен он екi
ұл, сегiз қыз туылыпты. Он екi
ұлдың сегiзiнен ұрпақ қалып,
бесеуi ертерек ахиреттiк болған екен. Сол он екiнiң ең кенжесi —
Қожамжарға Төленiң қара шаңырағы тиюмен қатар, бақ-дәулетi
де ауғанға ұқсайды. Себебi Қожамжардан тараған ұрпақтар
шетiнен датқа, би-болыс, бай-бақуатты болып, Майлықожа ақын
айтқандай: “Желiсi — бүлкүл, шабысы — ұзақ, атаққа — бай,
даңқы — зор, Жаныстың “қаракөк әулетi” деген атты ертеден-ақ
иеленiптi. Қожамжардың бiрiншi әйелiнен — Дербiсәлi, Мұратәлi,
Сүгiрәлi, Дауылбай туылып, соңғысы Дауылбайдан — Олжабай,
Құлжабай, Кенжебай атты үш ұл дүниеге келген. Құлжабайдың
үшiншi ұрпағы Мәменнен — 1898-шi, доңыз жылының ат
тұяғы қарға батпайтын шыңылтыр аязды,
өкпек дауыл соққан
боранды қаңтарының бiр күнiнде бiздiң басты кейiпкерiмiз —
дәу Сүлеймен туылыпты. Бұдан бұрын төрт ұл туып, төртеуiн
де шақалақ кезiнде Құдай қолына өткiзген Жұмакүл кемпiрдiң
бойына Сүлеймен бiткен кезде, аюдың жүрегiне жерiк болып, елдi
әбiгерге бiр түсiрiптi. Әбiгерге түсiргенi сол ғой, тау аңшылары
атып әкелген төрт аюдың жүрегiн жесе де, Жұмакүлдiң жерiгi бiр
басылмай, одан бетер қинала түсiптi. Мезгiл маусымның түскен
шағы болса керек. Бiр күнi Мәмен ауылының үстiнен ақ есекке
мiнiп өтiп бара жатқан бiр диуана шал, киiз үйдiң артына жүрелей
отыра қалып, зорлана құсқан Жұмакүлдi көрiп: “Әй, қызым,
“қара жердiң төсiне көк майсаның сүтi аққан шақта жерiк болған
әйелден баланың не батыры туылады, не дарыны туылады” деген
бар едi. Осы екеуiнiң бiрiне жерiксiң-ау, сен. Не жегiң келiп жүр?
Айтшы, қалқам”, — дейдi. Сонда Жұмакүл: “Ұйқыдан жаңа
оянып, көк шырша мен көк аршаның дәмi қанына әлi сiңбеген
аюдың шикi жүрегi болса, көңiлiм бiр жайланып қалар едi-ау,
ата. Өткенде жеген төрт аюдың жүрегi құмарымды баспай жүр”,
4
Сүлеймен қарақшы
— дейдi. “Ә, онда саған қысқы
ұйқыдан ұрғашыларынан кеш
оянатын марғау еркек аюдың жүрегi керек екен де. Күйеуiңе
айт. Дәл қазiр сонау Қырыққыздың үстiндегi қырғыз асуындағы
шатқалда еркек аюлар жаңа ғана үңгiрден шығып, көкке ендi бас
қойды. Денелерiне көктiң дәмi әлi сiңбеген солардың бiрiн атып
алсын. Құдай қаласа, содан кейiн аюдай айбатты бiр ұл туарсың”,
— деп жөнiне кете барыпты…
Мұны естiген Мәмен дереу Қырыққызға жол тартып, сол жерде
аңшылар жалдап, бiр еркек аюды аттырып алады да, жүрегiн
ауылына алып келедi. Қаны тамған келтектей жүректi көргенде
Жұмакүл ай-шайға қарамай, апыл-ғұпыл шайнамай жұта салады.
Содан бiр күн өтпей-ақ жанын қинаған жерiк сап басылыпты.
Жұмакүл аю жүрегiне бекерге жерiк болмапты. Арада жетi
ай өткенде бес күн бойы толғатып, дене-тұрқы үш-төрт
жасар
баланың пошымындай бiр ұлды туады. Жұрт оған ырым қылып,
“Сүлеймен” деп ат қояды. Сүлеймен тоғызға келгенде әкесi —
Мәмен, он бiрге келгенде шешесi — Жұмакүл қайтыс болады.
Жастайынан тұлдыр жетiм қалған ол, ағайын теперiшiн көрiп
өседi. Дегенмен Құдай берген күш пен жүректiлiгiнiң арқасында
тағдырға мойымай, өз нанын өзi тауып жеуге ертеден-ақ
талпынып өседi. Он
бес жасқа келгенде, өзiнен бес-алты жас
үлкен жiгiттердi жығып, ел арасында “балуан” атанады.
Бiрде Сүлеймен түп нағашысы Көбек ұры екеуi Қоңыр-бөрiк
қыстағынан келе жатса, Бадам өзенiнiң
шығыс жақ бетiндегi
Бiркөлiк жазығын жайлап отырған Қосағаш ауылының оншақты
жiгiттерi үйiрлi жылқы iшiнен бiр асау құнанды ұстай алмай,
әлектенiп жатқанын көредi. Кiлең жүйрiк мiнген жiгiттер әлгi
асауға қанша құрық салса да, құнан бой бермей, құрықшыларды
ат-матымен сүйреп, жығып тастап жүр екен.
— Жиен-ау, он жiгiттiң бiр құнанға әлi келмегендерi көрер
көзге
ұяттығы былай тұрсын, осылардың еркекпiз деп атқа
мiнгендерiнiң өзi намыс емес пе. Қане, жебiр тайды тырп
еткiзбей ұстап берiп, аналарға күшiңдi көрсетшi, — дедi Көбек
Сүлейменге.
— Қуалап жүргендерi жас мал болса да сүйегi iрi, дәу екен.
Жә, нағашы, жүрiңiзшi көрейiк, оның қаншалықты мықты екенiн.