Дәулетбеков Амантай



Дата21.06.2016
өлшемі40.5 Kb.
#151991
Дәулетбеков Амантай

1974 жылы мен жол-жөнекей Белгород қаласында болдым. Белгород жері тарихқа қиян-кескі соғыстардың өтуімен енген болатын. Қалада көркемөнердің түпкі ойына негіз болған 1943 жылғы 12 шілде күні Прохоровка түбінде болған танкілер соғысы жайлы тарихи оқиға алынған «Күрек соғысы» (Белгород бағыты) атты музей- диарама соғылған. Майлы бояумен салынған суретке қарап тұрып мен осы жерде 1943-жылы қайтыс болған өз жерлесім - Амантай Дәулетбековті есіме алдым. Музей - диараманың екінші қабатында, жауынгерлік даңқ залында фотосуреттер, хаттар, экспонаттар жиналған. Совет жауынгерлерінің батырлығы мен ерлігін көрсететін суреттердің ішінен мен Кеңес Одағының Батыры Амантай Дәулетбековтің фотосуретін көрдім. Амантай Дәулетбеков деген кім ? Халық үшін ол қандай ерлік жасады ?

.... Әкесі Амантайдың есінде жоқ. Ол бала бірге толмай жатып қайтыс болады. Шешесі басқа біреуге тұрмысқа шығып, 12 жылдан кейін ол да қайтыс болады. Өгей әке баланы асырағысы келмейді. Бөтен адамдар оны балалар үйіне тапсырады. Бірақ қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы «Майтөбе» совхозында тұратын туысқандары баланы естен шығармайды. Амантай он жеті жасқа аяқ басқанда әкесінің ағасы Қозыбай Сыздықов оны Жамбыл балалар үйінен тауып алып, өзінің ауылына алып кетеді. Шәке апа да өз жиенін туған баласындай қарсы алады, көп ұзамай Амантан оны шеше деп атап кетеді. Амантай оқуға өте зерек болады. Жеті жылдықтан кейін көрші селода Қарабастауда жұмыс істейтін мал шаруашылық бригадирлері мектебіне баруға шешім қабылдайды.

- Сонымен, сен дұрыс шешім қабылдадың,- деп қолдау көрсетеді Шәке мен Қозыбай. Біздің жанұя - мал бағушылар әулеті.

Бригадирлер мектебін үздік бітірген жас жігіт Майтөбеге оралды. Бұл жерде оны комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлап, ферманың бригадирі етіп тағайындайды. Ол жұмысқа бел шешіп кіріседі, барлық уақыты мен білімін арнайды. Жас бригадир малшылардың көңілінен шығып, олар оны адалдығы мен табандылығы үшін жақсы көріп кетеді. Көп ұзамай, ең үздік жас маман ретінде Алматыдағы зоотехниктер курсына жіберіледі. Бұл 1939 жылы еді.

Амантай ол жақтан жаңа әсермен, білімнің жаңа қорымен оралады. Тағы да жүмыс, тағы да сүйікті іс. Ол өз оқуын ауыл жастары мектебінде жалғастырады, институтқа түсуді армандайды.

... 1941 жылдың жазы. Амантай біріншілердің қатарында шақыру пунктіне келеді. Военком шаршаңқы жүзін көтеріп Дәулетбековке қарайды.

- Сіздің мамандығыңыз?

- Зоотехник,- деп жауап береді ол.

- Зоотехник, ия әскери мамандық емес. Сіз соғыста кім болғанды қалар едіңіз?

Амантай бір минутқа ойланып қалды.

- Артиллерист,- деп шешеді ол.

Военком қолдап бас изейді.

- Жақсы. Артиллеристер мектебіне жібереміз. Ертең толық дайындықпен келіңіз.

Қысқа дайындықтан өткен Амантай гитлершілерге қарсы Оңтүстік-Батыс, Сталинград, Дон және Орталық шайқастарға қатысады. Ол соғыстың алғашқы кезеңдеріндегі шегінудің ащы дәмі мен жеңістің қуанышының тәттілігін де сезеді. Күн сайынғы жаумен бетпе-бет шайқаста оның әскери мінезі қалыптасады. Жауынгерлік шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі молаяды.

1942 жылдың 30 ақпанында Амантай "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен марапатталды. Ал 1943 жылдың 25 қаңтарында «Қызыл Жұлдыз» орденін тақты.

1943 жылдың жазында «1943 жылдың 5-шілдесі мен 23 тамызы аралығы» Орталық Ресейде Ұлы Отан соғысының ең ірі шайқастарының бірі-Курск шайқасы болады. Өзінің өшпес ерлігін 1180-танкілерді жойғыш артиллериялық полкының гвардий аға сержанты Амантай Дәулетбеков 1943 жылдың 9 шілдесінде Поныри теміржол ауданында 253,5 биіктігін алу кезінде жасайды. Қиян-кескі ұрыс жүріп жатқан. Ызалы жау өзінің он төртінші шабуылын бастады. Дәулетбековтің зеңбірегін фашист танкілері мен жаяу әскерлері қоршап алды. Амантай фашист қоршауын бұзып шығуға шешім қабылдайды. Аз ғана совет жауынгерлеріне қарсы гитлершілдер 18 танк (оның 13-і АТ-VІ) мен 14 өзі жүретін зеңбірек көмегіне сүйенген жаяу әскер батальонын жібереді. Қиян-кескі соғыс 2 сағатқа созылады. Жаужүрек артиллеристер 10 танк, 17 өзі жүретін зеңбірек, ротаға жуық жаяу әскерлерін жояды. Қатуланған жау ашу кернеп, Дәулетбековтің бөлімшесін жоқ қылуға шешім қабылдайды. Тіке атқылаудан зеңбірек істен шығады. Теңдессіз шайқаста ержүрек командир төрт фашисті өлтіреді, бірақ оқ оның өзін де аямайды. Командованиенің келтірген жазбасындағы деректері бойынша аға сержанттың зеңбірегі жаудың 29 танк, 13 өзі жүретін зеңбірегін істен шығарып, 150 жаяу әскер мен 40 автоматшыларды жойған. Батырдың өлмес жауынгерлік есебі осындай. Шайқастан кейін Дәулетбековтің зеңбірегі бесінші батареяның көздеушісі гвардия аға сержанты Л.В. Рябовқа берілді. Оралдық Рябов қазақтан шыққан Батырдың жауынгерлік есебін толықтырып, соғысты Рейхстах қабырғасында аяқтайды. Зеңбірек "Қазақ халқының даңқты ұлы А. Дәулетбековті ұмытпау үшін" деген мамориалдық жазумен музейлік экспонат ретінде әскери- тарихи музейге мәңгілік сақталуға берілген.

2 танк армиясының танк әскерінің гвардий генерал-лейтенанты Богданов пен армияның Әскери Кеңесі мүшесі танк әскерінің генерал-майоры Латышевтің ұсынысымен көрсеткен ерлігі мен жаужүректілігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президуымының Қаулысымен 1943 жылдың 24 желтоқсанында марқұм аға сержант Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. "Майтөбе" совхозының бір бұрышында қарапайым стенд тұр. Әйнектің астында, рамкада қара торы жас жігіттің суреті, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президуымының Грамотасы, мектептегі табельдері, Амантай Дәулетбековтің соғыстағы жеке заттары. Бұл - Батырдың жауынгерлік ерлік бұрышы. Қазіргі кезде оның селосында Амантай атындағы мектеп бар, мектептің алдына оның мрамордан жасалған бюсті қойылған.



Мақала кітаптан алынған.

Достанбаев Т.Ш. Жамбылдық жарық жұлдыздар (Жамбылдық Кеңес Одағының батырлары) [Мәтін]: әдістемелік құрал / Т.Ш. Достанбаев. – Тараз: «Тараз университеті» баспасы, 2007.-76б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет