Тұңғыш қазақ елшісі, дипломат - Нәзір Төреқұлов
«Н.Төреқұлов қазақтан шыққан тұңғыш дипломат - қайталанбас тұлға. Қазақта Н.Төреқұлұлынан асқан білімді ғұлама жоқ». Б. Кенжебаев
Еліміз егемендік алып, оң-солымызды түгендей бастаған заманда Алаш зиялыларының тарихы зерттеле бастады, алайда халық жауы атанған кейбір мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімі әлі де болса насихатталынбай отыр. Солардың бірі алаш азаматы, қоғам қайраткері, публицист, елші - Н. Төреқұлов еді.
Н .Төреқұлов 1892 ж Түркістан өңіріндегі Қандоз ауылында дүниге келген. Тегі – Қоңыраттың Маңғытайы. Ал, туған жеріне келетін болсақ, бұл мәселеде айтыс- тартыс көп-ақ. Кейбір деректерде оны Қоқанда туған дейді. Сондықтан оны өзбектер өзбек деп жүр. Н.Төреқұлұлының Шәріп Баймырзаұлына " Мен өзбек емеспін ,ұлтым қазақ Түркістанда дүниеге келіп, Қоқанда өскенмін, яғни өзбекке сіңіскен қазақпын"- деп айтқан көрінеді. Міне осы сөзі Нәзір атамыздың қазақ екенінің дәлелі еді. Алайда атамыздың балалық шағы, ат жалын тартып мінгеннен кейінгі кеңес жұмысына араласқан жері Қоқан қаласы екені рас. Алайда, бұл атамыз Қоқан қаласында дүниеге келді дегенді әсте білдірмейді. Әкесі- Төреқұл, анасы- Гүлчехра Рустамқызы Ташкент төңірегіндегі қара тәжіктің қызы екен. Анасы аса діндар адам болған көрінеді. Нәзірдің Әбдіқадыр атты інісі, Фатима атты қарындасы болған. Әйелі Мәриям Ниғматуллина, жастай қайтыс болған Фарух атты ұлы, Әнел атты қызы болған. Әкесі Төреқұлдың Қоқанға барып тұрақтап қалуының себебі патша тәртібі бойынша жылына әр ауылдан екі баладан жинап, оқуға алып кететін. Орысқа қызмет етуге тиісті оларды үкімет өз қамқорлығына алатын. Төреқұл осылай Қоқанда қалып қойған еді.
Нәзір Қоқан мектеп-медресінде 1900-1903 ж.ж. оқыған, одан кейін приходская школында 2 жыл оқыды. 1905 ж. Қоқан училишесіне түседі. Мұнда оқу ақылы, сапалы, өңшең Қоқандағы байлардың, банкирлердің балалары оқитын болған. Класта небәрі 8 оқушы оқыған. Нәзірден басқа бірде-бір мұсылман баласы жоқ екен. Нәзір училишені бітірген соң Мәскеуге тіке тартып, 1914 ж ақылы негізде институтта оқиды. Жастайынан білімге құмартқан Нәзір 1916 ж 25 шілдедегі патша жарлығынан кейін оқудан қол үзіп, майдан тылындағы жұмысқа аттанады. Онда да тыныш жүре алмай түркістандық жерлестерінің басын біріктіріп "Еркін дала" ұйымын құрды. 1917 ж. қазан төңкерісінен кейін Қоқанға қайтып келіп 1918 жылы большевиктер қатарына өтеді. Онда " Халық газетін" ұйымдастырады. 1921 ж "Қызыл байрақ" журналында "Ислам және комунизм" атты мақаласы жарияланып, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға берген. Түркістан орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіге, Құрбан айттың 3 күнін демалыс күні деп жариялау туралы қаулыға қол қойды. 1922-1928 жылдары «Күншығыс халықтары орталық баспасында» бас редактор қызметін атқарды. Халық даналығы дерлік түркі халықтары мақал- мәтелдері, жұмбақтарын кітап етіп басқызды. Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Өзбек Абдолла Аблани, башқұрт Вильданов секілді түркі халықтарының ардақтыларын шығармашылық іске тартты. Міне, осындай білімді зиялыларды кітап шығару ісіне қатыстыру арқылы Н. Төреқұлұлы Шығыс баспасының жұмысын жандандырып жіберді, ұлт тілдерінде жазатын қаншама жазушы, ғалымдардың елге танылуына жәрдемдесті. Нәзірдің бұл әрекеті кеңес үкіметінің басшыларына ұнаған жоқ. Алашордашыларды қамқорлығына алып, қолдау көрсеткені үшін ұлтшыл атанды. Сондай- ақ, Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің қаулысы бойынша Маңғыстау түбегінің елімізге берілуі Н. Төреқұлұлының жемісті еңбегінің нәтижесі.
Мәскеуде КСРО орталық атқару комитеті жанындағы орталық баспа басқармасының төрағасы қызметіне кіргеннен кейін Лениннің қабылдауында болып, автономия алған халықтардың тілін мемлекеттік тілге айналдыру мәселесін көтерді. Қазіргі таңда Елбасымыз латын әліпбиіне көшу жайлы айтқаны сияқты, Нәзірде сол мәселені сол кезде- ақ қозғаған. Араб әліпбиін латын әліпбиіне көшуді жақтады. Кейбір адамдар орыс әліпбиін алсақ болмай ма деген сұраққа: орыс әліпбиінің майданы тар, орыс әліпбиін бұлғар секілді елдерден басқа елдер онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең мұнымен кеңірек майданға шығамыз- деп латынға көшудің артықшылығын айтты. Көп талқылаудан кейін 1940 жылдарға дейін латын әліпбиіне көшкені белгілі. Ірі лауазымдық қызметтер атқара жүріп, саяси ғана емес, мәдени шаралар бойынша да оң шешімдер қабылдаған. Адамзаттық құндылықтарды игеруді, қадір тұтуды өз ұлтының дәстүрімен ұштастырған. Н. Төреқұлұлының оқу- ағарту саласындағы атқарған жұмыстары, айтқан сөздері, жазған мақалалары бүгінгі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді. Кезінде ол елді сауаттандыруға баса назар аударып, бірінші кезекте жергілікті ұлттық мамандарды даярлауға ерекше мән берген еді. 1925ж. өткен 1-ші Бүкілодақтық мұғалімдер съезінде жасаған «Ұлт мәселесі және мектеп» атты баяндамасында ұлттық мектептерді дамыту жолдарын көрсетіп берді.
Н.Төқреқұлов өмірінің соңғы жылдарында, яғни 1932-1936ж.ж Сауд Арабиясына КСРО атынан елші ретінде жіберіліп, бұл қызметті абыроймен атқарды.
1932 ж маусымда Сауд Арабиясының корольінің мұрагері Фейсал әл-Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастырды.
1936 ж 3- қаңтарда Таяу шығысқа қызығушылығы төмендеген КСРО Нәзірді жұмысынан босатады. Париж, Берлин арқылы Мәскеуге қайтып келген Нәзір бос жүргенше деп тіл мен жазу институтына жұмысқа кіреді. Ал 1937ж. 15 шілдесінде айыпты деп танылып, 17-шілдеде қамауға алынады.
Т. Рысқұловпен байланысты болды, әрі КСРО ны құлатуға Түркияға қызмет атқарды деген айыппен 1937 жылдың 3- қарашасында ату жазасына кесілді. Нәзірдің жазықсыз қуғын- сүргінге ұшырап, атылуы Сауд- Арабия елінің корольдігіне қатты әсер етеді, король Абдул Азиз аль- Сауд Н. Төреқұлұлын өзінің бауыры деп санаған. Осы хабардан кейін екі елдің арасындағы дипломатиялық қызмет 20 ғасырдың 90-шы жылдарына дейін үзіліп қалғаны рас. Ол байланыс тек еліміздің тәуелсіздік алғанынан кейін ғана жалғасты.
1958 ж. 28 қаңтарда КСРО жоғарғы сотының шешімімен ақталды . Бүгінде Алматы, Шымкент ,Қызылорда қалаларында Н.Төреқұлов атындағы көшелер бар. Түркістан қаласын да Төреқұлов атындағы музей жұмыс істейді. Нәзірдің музейі бірнеше жылдан бергі көпшіліктің тілегіне орай, Түркістан қаласының әкімі Әли Бектаевтың қолдауымен әрі көмегімен құрылып, 2006 жылы қараша айында ашылды. Музейдің ашылу салтанатына алыс-жақын шетелден ғылым, мәдениет қайраткерлері, соның ішінде Н.Төрекұлұлы елшілікте болған Сауд Арабиясынан мемлекет қайраткерлері келіп қатысты. Музейдің ашылу салтанатының лентасын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров, сенат депутаты Қуаныш Атахановтар қиды. Екі облыстың әкімдері музейдің "Құрметті кісілер" кітабіне қолтаңбаларын түсірді.Бірақ, Н.Төреқұлов есімі көп атала бермейді. Сондықтан, менің ойымша Қазақстан тарихы кітабына енгізу қажет. Ол кісі жайлы көптеген кітаптар мен кино түсіру керек. Яғни, кеңінен насихаттауды қолға алуымыз керек деген пікірдемін.
Н.Төреқұлов қазақтан шыққан тұңғыш дипломат - қайталанбас тұлға. Қазақта Н.Төреқұлұлынан асқан білімді ғұлама жоқ, осы күнге дейін шыққан да жоқ деп профессор Б.Кенжебаев 60 жылдары айтып кеткен екен.
Достарыңызбен бөлісу: |