Жазушы повестерінің проблематикасы және образдар жүйесі.
Т.Әбдікұлы творчествосынан қаралатын ендігі бір саласы повестер. Т.Әбдікұлы алғашқы әңгімелерінен – ақ танытқан талант қырларын повестерінде одан әрі дамытып аша түскен стилін қалыптастырған Төленнің қаламынан туған повестердің қазақ әдебиеті үшін маңызы өте зор.
С. Асылбекұлының зерттеулеріне сүйенсек, ғалымның Т.Әбдікұлы тұстарының жазған шығармаларының тақырыптарын шартты түрде болса да, төрт салаға бөліп қарастырғанын көреміз. 1) ауыл, 2)қала, 3)тарих, 4) шет ел тақырыбы. Осы тақырыптардың ішінде алғашқы және әсіресе, соңғы салада өндіре жазып, сонысымен де қазақ әдебиетіне соны бір мазмұн, ерекше түр жаңалығын ендірген шығармаларына ерекше тоқталамыз. Олай болса, бірінші сөз, ауыл өмірі жайлы.
С. Асылбекұлы «Біріншіден, олардың барлығы дерлік қазақтың байтақ даласының түкпіріндегі ауылдарынан шыққын кешегі қыр балалары еді. Сондықтан олар бұл өмірді, осы қоғамдық ортаның тіршілігін басқа тақырыптарға қарағанда жетік білетін. Қазақтың басым көпшілігі әлі де болса ауылдарда , немесе тіршілігі , өмір сүру салты, әлеуметтік жіктелуі жағынан ауылдардан пәлендей айырмашылығы жоқ шағын қалаларда, кенттерде тұратын.
Екіншіден, ауыл туған халқымыздың әдеп – ғұрпының, өмір сүру салты мен ұлттық психологияның, ана тілі мен халықтық төл философия сының бастауы, алтын бесігі, осы қадір – қасиеттердің бәрін қоймаған бұзбай ғасырдан ғасырларға сақтап келген алып рухани қомасы секілді еді» деп негізгі себептерін атап көрсетеді.
Шынында да ұлттық көркем әдебиеттің осыншама құнды қазынасына қызықпау, ынтықпау мүмкін емес еді, әсіресе қатары жылдан жылға
сиреп бара жатқан, енді бір он – жиырма жылдан соң мүлде жер бетінде қалмауы мүмкін абзал қарттарының образдарын бір – бірімен таласа айрықша сүйіспеншілікпен айтып та, ақ қағазға түсіріп жатты. Себебі, егер ауылды қазақ халқының ұлттық қадір – қасиеттерінің баға жетпес қоймасы десек, күннен – күнге , жылдан – жылға қатарлары сиреп бара жатқан қазақ қарттарының алдыңғы қатарлы өкілдері сол қадір -
қасиеттердің мәйегі.
Атап өтетін болсақ, Д. Исабековтың «Дерменесіндегі» Тоқсанбай, « Сүйекшідегі» Тұңғыш, « Тіршіліктегі» Қыжымкүл, Ж. Түйменбаевтің « Ауыл шетіндегі үй» Омарғали т.б. секілді қарттар.
Т. Әбдіқұлының « Әкесі» мен «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» атты повестерінде негізгі көтерген проблемасы осы болатын. Мәселен, « Әкедегі» Сейсен, « Қыз Бәтіш пен Ерсейіттегі» Қожабектер адамгершілік пен имандықтың ғана емес күннен – күнге, жылдан – жылға деформацияға ұшырап, қоғамдық белсенді өмірден шеттетіліп, өндіріс орындары мен үлкен қалаларда мүлдем қолданудан қалып бара жатқан ана тіліміздің де әлі көзі бітелмеген мөлдір қайнарлары еді.
Т. Әбдіқұлының « Әкесі» кезінде оқырман жұртшылықтың ыстық ықыласына бөлегнен көркем туындысы. Мұнда да алғашқы әңгімелерінде көтерілген мәселелер тереңінен ашылады. Мәселен, жоғарыда сөз еткен «Қонақтар» әңгімесінің желісі осы әңгімесінде кейіпкердің жан толқыныстары арқылы ашады. Автордың « Қонақтарындағы» Сапабекке қарағанда Сайлаудың көп ілгерілеген. Кейіпкерді өткен күндерге, шырғаланды өмір жолдарына қиял көзімен қарату жазушының негізгі баяндау амалы болған.
Бас кейіпкер Сайлаудың, әкесі Сейсенді соңғы, ақырет сапарына шығарып салар сәттегі жан тебіренісі, әке өмірінің өткеніне ой көзімен қарап, сол арқылы өзегін өртеген ащы шындықты мойындауы, сізді де талай ойға жетелейді. Лирикалық шегініс арқылы берілген Сейсеннің өмірінің бел – белестерінде талай өмірдің ащы шындығы жатыр.
«Өмірде бір шалқып көрмеген әкемді көкірегіндегі бүкіл шер-шерменімен құлан таза айықтырып жіберетіндей бір қуантсам деген арман менің де көңілімнен кетпейтін. «Алдағы жазда», «алдағы күзде», «алдағы жылмен», мінекей енді өмірдің саналы сәтінің үстінде отырмыз. Өмірінде не ата – анаға, не дос – жаранға көңілдегі жақсылығыңды жасай алмай, бүкіл уақытынды өткізіп алу қандай өкініш.
Өмірдің мағынасын ылғи алыстан іздейміз. Әлде – бір ұлы оқиғаны, ұлы әрекетті алыстан бастағымыз келеді. Дәл жанымыздағы негізге мақсатқа уақытымыз жоқ. Оған алдаға жаз, алдағы күз немесе алдағы жыл бар деп тебіренетін кейіпкермен бірге сіздің де көзіңізге жас үйіріледі. Әлдеқайда бір ұмыт қалған сағыныш пен мұң сезіміңізге әсер етіп, өзегіңізді өкініш өртейді. Жаныңда отырып әкесіне қатысты өткен күндерін есіне алып, ұят пен өкініштен азап шеккен, тіпті мойнындағы қарызын өтемек түгілі, әкесіне қиянат жасағандай сезінетін.
«Құдай – ау, айдаладағы біреудің жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарасың, ал өзіңді дүниеге әкелген, сен үшін отқа да, суға түскен әкеңе ешқандай жақсылық жасай алммау не деген қылмыс!» деген Сайлаудың рухани күйзелісі нанымды беріледі.
Негізінен алғанда бас қаһарман жаман адам емес. Өзіндік алға қойған мақсаты, сол мақсатқа жетуге деген табандылығы да жоқ емес. Ата – салты мен әдет – ғұрып нормаларын да жақсы біледі. Ғылым кандидаты деген атағы бар. Жан – жақты білім алған интелигенция өкілі. Осы орайда айта кететін болсақ, белгілі ғалым С. Қирабаевтың мына бір пікірді айта кетсек. Ғалым:
« Т. Әбдіков «Әке» повесінде біздің қоғамымыздың өсу, есею жолының қиыншылықтарын жеке адам тағдырлары арқылы көрсеткен. Жармағамбеттің бес баласының төртеуі Азамат соғысынан бастап, жаңа қоғам үшін күрестің әр дәуірінде белсенді көрініп барып, мерт болып отырады. Бұл – күрес қиыншылығын тағдыр тартысы арқылы бейнелеуге, күрестің философиялық маңызы мен сырын суреттеуге ұмтылудан туған үлгі. Шегініспен берілетін «Әке» әңгімесі арқылы автор сол дәуірлер шындығын, адамдар еңбегін еске түсіреді. Повесте балажан әке – шеше мінезі де тәп – тәуір суреттеледі. Шығарма оқушыларына әке – шеше қарызы туралы ой да салады» дейді.
Оқиға желісіне қайта оралсақ. Жазушы үлкен ауқымдағы оқиғаларды әсірелеп, әспеттемей – ақ бір сарынмен жеткізі білген. Шындығында бұл шығармадағы әрбір оқиға бір – бір тақырып, бірнеше повестің сюжетіне жүк болғандай.
Кейіпкерлері де соншалық көп емес. Қайсы бір кейіпкердің жан дүниесіне, тіпті анда – санда бір көрінер образдардың характерлеріне дейін өз бітім болмысымен ерекшеленіп тұр. Жазушының оқиға желісін баяндауда ретроспекция (шегініс) әдісін шебер пайдаланғанын көреміз.
Осы бір тәсілдің өзі жазушының көркемдік стилі деп аталатын қасиеттерді анықтайтын көп компонеттердің біріне айналғандай. Төленнің бұл тәсілге үйренгені сондай, тіпті оны жиі, әрі сәтімен қолданатыны байқалады.
Белгілі ғалым Т. Есенбеков « Оқиға барысында өткенге қайта оралудың қажеті болады. Оны әдебиеттануда ретроспекция (шегініс) деп атайды. Ол баяндауды үнемі және шымыр ете алады, сол себепті творчествалық ізденісте жиі қолданылады ( оқиғаның тарихы, кейіпкерлер естелігі, түсі, ойлары, автордың өткен оқиғаларға оралуы).
Ретордация ( бәсеңдету) – көркем уақыттың ағымын баяулату. Табиғатты тамсана суреттеу, кейіпкер ойы мен қиялының шартараптарын кезіп өту уақытты тоқтата тұру үшін пайдаланылады» дейді.
Ендеше, осы екі тәсілді де Т. Әбдікұлының повестерінде шығарманың сюжеттік желісін ширатар компоненттердің бірі ретінде шебер пайдаланатынын байқау қиын емес. Бұл әдіс – тәсілдің тағы бір мысалы ретінде жазушының «Оралу» атты повесін атауға болады. Шығарманың осылай аталуының өзінде үлкен астар жатыр. Балалық шағын сағына, есіне алмайтын адам жоқ та шығар. Ерекше бір мұңлы – сағынышпен, құштарлықпен есіне алатын осы бір балалықтың базарында біздің ес – біліп, қыз – жігіт атанып ғашық болған сезімдеріміздің іздері сайрап жатыр. Ал, қулық – сұмдық , өтірік айту сияқты жағымсыз қасиеттер жүре – келе, қоғамдық ортаның әсерінен пайда болатын мінездер. Оған отбасының атқаратын қызметі де, қосар үлесі де аз емес. Енднше таза адами пендешіліктерін ой көзінен өткізіп, өмірінің соншалықты мән – мағынасыз өтіп келе жатқанына енді ғана көзі жеткендей болған Әбдікерімнің психологиялық жан толқыныстары сөз етіледі.
«Кей түндері әйеліміз екеуміз төсекте жатып, ұзақ сырласатынбыз. Мен оның құлағына бунақ – бунақ мұңды дауыспен жастайымнан жетім өскенімді жыр қылып айтатынмын. Ендігі бүкіл ғұмырымды өзгелердің бақытына, елімнің даңқына арнайтынымды, керек десең, бұл үшін қара басымның бақытын да құрбан ете алатынымды айтатынмын. « Мен сені өзгелердей рахатқа бөлеп, қызық көрсете алмауым да мүмкін, - дейтінмін оған. - Өйткені менің барлық күнім мен түнім тек еңбекпен, азапты ауыр еңбекпен өтуі тиісті. Мен жанұямның немесе бір басымның қамын ешқашан ойламаймын. Ал сен мені шын сүйсең, осының бәріне шыдайсың», - дейтінмін. Әйелім маған ол кезде керемет сенуші еді. Қараңғы түнде менің мойнымнан құшақтап, бәріне де ризамын, бәріне де даярмын дегендей үнсіз жылып алатынмын» деп ағынан жарылған Әбдікерімнің адал көңіліне иланасыз. Әрине, одан Қозы әйелінен Баян шықпады. Оның себебі кейіпкердің өзі айтқандай тек әйелінің дүние құмарлығында ғана жатыр ма?
« Бүкіл ақыл – ойыңды , ерік – қабілетіңді, рахат – қызығыңды өзіңді қоршаған қауым ырқыңды билеп кеткен шағыңды сенің еншіңе бір ғана зат – жүрегіңде бақилыққа ұйып қалаған жастық сүйіспеншілік ғана қалады. Сен оны қанша жыл қатыгездікпен ұмытсаң да, өзіңді одан да гөрі маңыздырық, мәндірік бір іске лайықтымын деп тапсаң да, басқа жерден байыз таппай, өз ошағына қайта оралған бейбақтай түбі бір оралатыны хақ, бірақ ол қай кезде болады, мақсатына жете алмай шаршаған кезіңде ме , елде тіпті өлер шағында ма, оны кім білсін...» деген психо – физиологиялық ой – толғамдары шынында да бір сәт кейіпкермен бірге толғануға мәжбүр етеді.
Қазіргі қазақ прозасындағы психологизм мәселелерін терең зерттеп жүрген көрнекті ғалым, ф.ғ.д. Майтанов:
«Қазіргі қазақ әдебиетінде, әсіресе лирикалық прозада кездесетін бір мәнде белгі – қаһарманның туған жер , ұшқан ұя туралы аса ықыласты көңіл – күйін бейнелейді, сюжеттік жүйеде кейіпкердің елге келу эпизодтары мен ой әлеміндегі бұрынғы көріністердің қабаттас орналасуы, кешегі күн мен бүгінгі таңның саластырмалы сипат алуы. Бұл сәтті адамның рухани өміріне бастау – бұлақ болған әлеуметтік – ұждандық өлшемдерге нормалармен баға беруі, болашақ адамгершілік ізденістеріне күнәсіз балалық шақтағы жарқын мұраттар сәулесінен нұр алуы десе де болады. Кейіпкер іштей ар, парыз, мақсат талқысына түседі. Содан тазарып, алдағы күндердегі тіршілік күресіне жаңа қуат, соны ынтамен аттанады» дей келіп, «Балалық шақтан санада жатталған таныс ауыл көріністері «Оралуда» кейіпкер жан дүниесінің қабылдауы арқылы тіршілік қамы үстіндегі қарбаластарымен, күнделікті дағды – машығымен баяулық пен біршама баяндылық танытатын типтік детальдар ретінде бейнеленеді. Белгісіз сағыныш, мұң мұнарымен орнаған жігіт сезіміндегі психологиялық дәлдік, кейіпкердің өзіне - өзі сұрау қойып, жауап алатын сыршыл табиғатына тән биязы үннен жарасымды бірлік табады» деп шығарма сюжеті мен кейіпкер характерін психологиялық тұрғыдан талдауға жасаған көркемдік ізденістеріне терең үңіледі.
Жазушының аталған шығармасымен бірге туындылардың қатарында С. Мұратбековтың « Басында Үшқараның», Қ. Ысқақовтың «Ананың ақ сүті», Ә. Сараевтың «Тырналар жоғары ұшқан жыл» т.б. атты әңгіме, повестерді атауға болады. Осылардың ішінде Төленнің жоғарыда аталған шығармасымен өзектес көтерген мәселелері жағынан ұқсас шығарманың бірі деп Қ. Ысқақовтың « Ананың ақ сүті» әңгімесін атауға болады. Екі шығармадағы бас кейіпкерлердің жетімдік тағдырлары, таңдаған мамандықтары да ортақ. Екеуінде де лирикалық қаһарманның жан тебіреністері сюжеттік желіге арқау болады. Алайда, Асқарға қарағанда Т. Әбдіқұлының кейіпкері Әбдікерім ой – толқыныстары арқылы туған жер келбеті, соғыс қасіреті, адал махаббат күйлері кеңінен суреттелген.
Т. Әбдіқұлының суреткерлік стилін, іргелі ізденістерін танытар, көркемдік сапасы кемел туындысы « Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повесі. Аталған повестің желісі бойынша « Өтелмеген парыз» атты көркем суретті фильм де түсірді. Шығарманың мазмұны Ә. Кекілбайұлының сөзімен айтқанда: «Арзымсыз заманға еріп, ақ ниетті әке мен ақ пейіл аруларға опық жегізген опасыз ұл» қақында.
Қазақ ұғымында қара шаңырақтың, сол қара шаңыраққа ие боп қалар қара баланың орны ерекше. Егер ол бір атадан қалған жалғыз болса, онда оған деген ынта –ықылас , сүйіспеншілік тіптен бөлек. Олай болса, сол баланың мезгілсіз қазасы қай шаңыраққа да оңай тимес еді. Осы тұрғыдан келгенде, жалғыз жарығынан айрылған Қожабек қарияның қайғысы тым ауыр. Мұны түсінуге болады. Ал, сол қайғының үстіне бақилыққа аттанған ұлдың бұл дүниеде жасаған қиянаты қосылса, оған кімді кінәлауға болады. Жалғыз ұлынан айрылып шер көкірек болған шарменде шалды ма, жоқ әлде бұл жалғанның баршы қызығын ойнап – күлу деп білетін, көк етектіні көлденең жібермейтін сол тірлігіне арнаудың орнына оны өзінше серілік көріп, талай арудың көз жасына қалған Болатты ма? Батпандап кірер арудың мысқылдап шығарын ескерсек, бұл арудың мысқылдап шықпақ түгілі батпандап кіріп, асқынғаны сонша, тіпті оны елемейтін де болдық. Етіміздің өліп кеткені сондай, тастанды бала тағдыры, баласынан безінген көкек аналардың сұйық жүрісі, жезөкшелік, адам өлтіріп, қыз зорлау тағысын – тағыларға көзімізді жұмып қарайтын күйге жеттік.
Шығарманың сюжеті өте шымыр құрылған. Махаббат атты мәңгілік тақырыпты « Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» деп атап, екі жастың адал да, ақ махаббатына құрылған аңыздың желісі символы ретінде алуы шығарманың маңызын арттыра түскен. Бұл орайда М. Әуезов, Ш. Айтматов шығармаларында пайдаланылған аңыздың желілерді жіпке түзбей – ақ, кейінгі толқын Ә. Кекілбайұлының « Аңыздың ақыры», О. Бөкейдің « Қар қызы» сияқты роман – повестерін атасақ та болады. Оқиға желісін салған жерден Болаттың жұмбақтау өлімінен басталуында да үлкен философиялық астар жатыр. Әрине адал да, ақ өлім бұйырмаған Болаттың мезгілсіз қаза болуының сыры кейін де, әке монологында ашылғандай көрінеді. Ендеше, осы бір өмірлік шындық, Қожабек қарияның аузынан өзегіңді өртер ащы запыран болып төгіледі.
« - Жарығым – ау , - деді дауысы тарғылданып, - жатырмысың, жарық дүниеге келгендне көрген жалғызым – ау. Таянышым – ау!
Қожакеңнің көңіліне жиналған әлде бір реніш запырандай жүрегін қыжылдатап, соның бәрін ақтарып, әлде кімге шағынғысы келді. Есіне қайтыс болған белгісіз немересі мен сол немеренің анасы, жарым көңіл Сәуле түскенде ащы уайым өзегін өртеді.
-
Мұ не қылғаның жарығым – ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені мен, жарығым – ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат жарығым – ау. Соны неге түсінбедің.
-
Қожакең сақалына сорғалаған жасын сезбей, құлыптасты сипай берді. – Қалайша түсінбедің құлыным – ау ! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін... – Қожакең көріскен адамдай құлыптасты құшақтап алды. – Құлыным – ау , - деді кемсендеп, - қара тырнағыңнан садаға кетейін, құлыным – ау... »
Ия, көрік десең көркі, білім десең білімі бар, ел сыйлаған азамат. Бір сөзбен айтқанда бәрі бар. Сонда не жетпеді? Бұл Қожакеңнің миы жететін, анығы миына кіретін дүние емес. Бірақ бір түйені бұл дүниеде ешкім де, ештеңе де өзімен бірге ала кетпейді екен.
Кейіпкерлері де шығарма сюжетіне орай табиғи қалыптарын да ұлттық нақышпен дараланады. Мысалы :
«Тышқанбай келе чемоданға жармасып:
-
Мен сізді ана жұк беріп жатқан жерден іздеп жүрсем... – деп құрақ ұшып жүр.
-
Әликісәләм, - деді әлден соң Қожакең есін жиып. Тышқанбайда баяғы бала кезіндегі қаңғалақ мінезінен өзгермеген екен.
-
Самолеттен қашан түстіңіз? – дейді апалақтап. - Ә, иә, айтпақшы осы екен ғой... е, тәйірі... менде не ес бар, - деп күнкілдеп, өзінен - өзі мәз болады.
-
О, хұдауанда, аумаған әкесі, - деді Қожакең күбірлеп.
-
Марқұм үнемі үстіп дабырлап жүруші еді. »
Немесе:
«- Айналайын, мен ішпеймін ғой, қайтесің соны, - деді Қожакең. Тышқанбай оған көңіл аудармай, әлденеге асып – сасып, бөтелкенің тығынын тартып қалғанда қаңылтыр тығын қолын кесіп кетті.
-
Ойбай, Гуля, марля, - деді саусағын ұстай алып.
Қожакең Тышқанбайдың қаңғалақтығына қарап, оның әкесін есіне алып отыр. Жарықтық ұшып – қонып, көрінген жерде көзін ала жаздап, жайдақ шанадан аударылып, жүз адам сау жүргенде ортасында жалғыз өзі аттан құлап, ыңғай бірденеге ұрынып жүретін. Бірақ кісіге арамдығы жоқ, ақ көңіл еді» деп есіне алады жаңғалақ әке мен Тышқанбай характерлері қандай жарасымды берілген.
Мәселен, 1970 – 1980 жылдардың көркем әдебиет сынында шығарманың басты геройлары кімдері болғаны дұрыс деген мәселелер жан – жақты сөз болды. Әрине, ғаламдар мен сыншыларымыздың бұл тұрғыдағы пікір, ұстанымдары бірыңғай бола қойған жоқ. Десек те олардың көпшілігі елдің негізгі авангардттық саяси күші – комунистер мен комсомол мүшелері болғаны жөн, өйткені біздің қоғамымыздың ең озық моральдық түрі адамгершілік сипаттары осы топтарына жататын адамдардың бойынан ұшырасады.
Алайда нақ сол қоғамда өмір сүру, солқоғамда тәрбиеленген жазушыларымыздың бәрі бірдей дәл осы қағидаларды ұстанған жоқ. Олар өз шығармаларының басты кейіпкерлерін негізінен қара халықтың қарапайым өкілдерінің арасынан тапты. Мәселен М. Мағауиннің Айгүлі («Қара қыз»), С. Мұратбековтың Аяны мен Садығы, Есікбайы мен Бапай шалы («Жусан иісі») , Ә. Кекілбайұлының Енсебі («Шыңырау») мен қара кемпірі («Құс қанаты»), Д. Исабековтың Киеваны мен Қыжымкүлі («Тіршілік»), Т. Әбдікұлының Сейсені мен Сайлауы («Әке»), және «Қыз Бәтіш пен Ерсейіттегі» Болаты мен Қожабекі, Жарасбайы мен Валясы, Сәулесі мен Гүлсімі т.б. кейіпкерлері сол кездегі қоғамның жоғарғы сатысына жататын адамдар емес – ті.
С. Асылбекұлы: « Біріншіден, өздеріде күні кеше қоғамның ең төменгі әлеуметтік иерархиясынан, жетім – жесір ортадан шыққан бұл авторлар осы жандардың көзіндегі мұң мен үмітті қаршадайынан оқып өсті. Сондықтан да олардың күнделікті қам – қаракетін әлеуметтік, психологиялық жай – күйі бес саусақтарын дай жете білді, екіншіден, олар көркем әдебиет қара халықтың мұң – мұқтажын жоқтаушы, сондықтан да сол мұң – мұқтажды халықтың қалың ортасында жүрген қарапайым қоғам мүшелерінен артық ешкім білмейді деп түсінді» .
Осы айтқан пікіріне сүйенсек, көркем әдебиетті халық өміріне жақындата түсу ниеті оларды тек ауыл өмірін суреттейтін шығармаларында ғана кездеспейді. Мысалы, әйгілі хандар мен ханшалар, мәртебелі сұлтандар өмірінен, яғни тарихи тақырыпта жазылған шығармаларында да айқын аңғарылады. Мысалы Ә. Кекілбайұлының «Аңыздың ақырындағы» Ақсақ Темірі мен «Ханшадария хикаясындағы» Шыңғыс ханы, Қ. Мұқанбетқалиевтің «Ежелгі дұшпанындағы» Баймағанбет сұлтанын атауға болады.
Ал Т. Әбдікұлының тарихи тақырыпта жазылған шығармасынан «Өліара» романын атауға болады. Әзірге жазушының роман жанрындағы жалғыз шығармасы. Әзірге біреу дегеніміз бен бірегей туынды екенін дәлелдеп жатуды да артық көріп отырмыз.
Кейіпкер жан – дүниесіне психологиялық тұрғыда үңілу, образ психикасандағы арпалыстар мен жан толқыныстары, әсіресе, Т. Әбдікұлының шетел тақырыбында жазылған « Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты шығармаларында тереңдеп, жан – жақты ашылған.
С. Асылбекұлы « Егер ауыл мен қала, тарих тақырыптарына арналған шығармалар 1970 – 1980 жылдардағы қазақ повестерінде молынан ұшырасатын болса, бұл жанрдың шетел өміріне арналған үлгілері тек Т. Әбдіковтың шығармашылық өмірбаянынан ғана табылады. Бұның басты себебі осы тақырыпқа қалам тартудың қиындығында жатса керек» дейді. Ендеше Т. Әбдікұлының бізге таныс елдердің өмірінен жазған повестерінен шығармашылық шабыт көздері мен материалды қайдан алды деген сұраққа: « Біздіңше Т. Әбдіков бұл соқпаққа сол кездері орыс, ішінара қазақ тілдерінде жарық көрген шетелдік беллитристикалық әдебиеттер мен тарихи кітаптарды зерделеп оқу мен тоқу және сол шығармалардағы қоғамдық - әлеуметтік шындықтарды бойына шым – шымдап сіңіру арқылы келді» дейді.
Белгілі ғалым ф.ғ.д. Б. Майтанов « Т. Әбдікұлының «Ақиқат» повесінде психологиялық талдау принциптері Ә. Кекілбайұлының «Аңыздың ақыры» романымен салыстырады. Ғалым:
«Жазушы жаңа шығармасында қазіргі дәуірде моральдық – рухани нормаларды аяққа салған капиталистік системадағы жеке адамның трагедиялық халін нанымды сюжет пен ішкі әлеміндегі тартыс сарындарын суреттеу нәтижесінде күрделі тағдыр көріністерін жасау арқылы көрсетеді.
Повесть кейіпкері ерекше дарын - телепаттық қасиетке ие Роберт өз кәсіп – тіршілігінің жеру сезімі адам талантының дұрыс бағыт таппауынан деген ұғымнан бүкіл әлеуметтік өмірдегі қыруар әділетсіздіктерге көз жеткізу дәрежесіне дейін өседі. Қаһарман санасындағы күрт өзгерістің дүние танымдық жаңалыққа ұласуы осы құбылыс ақиқатқа, ал ақиқат ащы трагедияға айналғанын автор нанымды бейнелейді. Роберт өлімі ақиқатты тану үстіндегі белгілі бір сенім, көзқарастың желісі ретінде түсіндіріледі. Шығарманың композициялық жинақылығына сай идеялық айқындық пен қаһарман жан – дүниесін ашудағы негізгі тәсілі – Роберт ойлары мен тебіреністерін оқиғалық желінен ұштастыру болған. Жоғарыдағы Алмас хан сияқты Роберт те ... бүкіл дүниені күштілер басқарады. Оларға не істейміз десе де рұқсат. Бүкіл әділетсіздік атаулының қайнар бұлағы дәл осы күштілердің зорлығы емес пе?» деген тұжырым қояды. Бұл тұста айырмашылық мол. Бірі – билік басындағы әміршіл, бірі – қабілет – дарынына қарамастан қарапайым көптің қатарындағы пенде. Ұяты да, ортасы да, заманы да бөлек қаһармандар уақытпен шектелмей, мезгіл заңына бағынбайтын әрқашан толық сырын жария қылудан қашатын абсолютті ақиқат туралы толғанатын сияқты» (16,100) дейді.
Ал Г. Пірәлиева «Ақиқат» повесін Т. Әбдікұлының үздік шығармаларының бірі ретінде атап өтеді. Алайда туындының жанрлық анықтамсына, яғни повестке фантастика деп айдар тағылуы көңілге күдік туратындығын айтады. « Себебі, көріпкелдік қасиеті бар телепат Роберттің кез – келген адамның ішкі сырын, өзге түгілі өзіне де айта алмайтын арамза пиғылдарын және қай жерде, қандай қылмыстың әрекеттер жасалып, олар кімнің қанды қолымен жүзеге асырылып жатқандығын үйде отырып – ақ болжап білуі фантастикаға жата ма? » дей (3,77) келіп, оның солай аталуы тек жамылғы ғана екенін, ал шын мәнінде өмірдің нақ өзінен ойып алған шындық еді деді.
Тағы бір жазушы Қ. Құманқалиұлының бір пікіріне сүйенсек:
«Жазушының араку тайпасынан шыққан «медицинаға» тұтас бір дәуір әкелген данышпан доктор Эдуард Бэйкер мен әйгілі көріпкел, жындыханада жатып, ғылыми тәжірибе жасауға зорлықпен белгіленген Роберт сияқты шетелдік кейіпкерлердің шығарма желісіне арқау болуы бекер ме? Өз ортамыздан лайықта оқиға, сюжет таппаған соң алынған деуге ауыз бармайды. Бұл екі повесть біздің елде өмір шындығының өңін айналдырып, социалистік реализм қалпына салып қана жазадан қашқақтаудан туған туындылар. Жазушының ақиқатты айту үшін тапқан тәсілі. Бұл повестердегі оқиға өз елімізде – қазақ жерінде болды десе жарық көруі мүмкін болмайтын. «Капиталитік дүниені әшкерелеуге арналған» деген желеумен елеусіз шығып кеткен бұл туындылар тура шындықты - өз ортамыздағы шындықты айтуға арналғандығын енді ашық айтуымызға болар» (18).
Характер мәселесінен келетін болсақ. «Шеберлікпен шыңдалған шындықтың шынайы шығармада Роберттің қанша шырылдаса да ешкімнің көзін жеткізе алмауынан, өзінің тоқтаусыз ағытылған ой тасқынынан, кейіпкер санасындағы , оның жан – дүниесіндегі өздіксіз жүріп жатқан ойлау сезімі арқылы енеді.
Қаламгер мұнда кейіпкер бейнесін саналы ойдың тасқынын санасыздық, ессіздік ағынына айналдыру арқылы аша түседі»(3,77).
Мәселен:
« - Тарихта қалуда ешқандай мән жоқ, - деді Роберт бөтелкеге әлдеқалай үрейлене қарап. - Өйткені тарихта ең қажетсіз заттар дәріптеледі. – Кенет: - Құндыз... – деді ол бас – аяғы белгісіз профессор Робертке шошына қарады.
-
Құндыздың даңқын шығарған оның түгі болғанмен, - деді Роберт әлі де бөтелкеден көзін алмай, - сол түктер құндыздың өзі үшін қымбат зат емес. Ол тіпті өзіне аса мәнді болып есептелмейтін заттың қалайша даңқын шығарып жүргеніне таң қалған болар еді. Тарих та сол ...
-
Тіпті қайағы бір, - деді сөзін жалғап – мағынасыз, жақсы –ақ мақсаттармен салынған әуре пирамидалар тарихта қалды, ал ең маңызды зат осыны салған адамдардың ауыр азабы, қайғы – қасіреті, көз жасы қалмады. Тарихшылар тарихи оқиғаларға адамдақ қасиет, әділет тұрғысынан келудің орнына оқиғаның сыртқы нәтижесі мен хронологиялық есбін шығарудан басқаны білмейді» деген Роберт топшыларын немесе оның жындыханадағы серіктесі священикпен болған диалогында былай дейді:
«Роберт қарсы дау күтіп, үндемей қалды. Бірақ священик жұмған аузын ашпай әлі отыр.
Адамдарды сүйіп те бақыт таба алмайсыз, - деді Роберт әлден уақытта. Өйткені бір адамды шын сүйсеңіз, өз қайғыңның үстіне әлгі адамның бүкіл азабы келіп қосылады. Өйткені оның басына түскен қиыншылықты бөліспей тұра алмайсыз. Үш адамды сүйсеңіз, үш адамның азабы, ал жүз, одан да көп адамды сүйсеңіз, тіпті бүкіл адамзатты сүйсеңіз, бүкіл жер бетінің қайғысы бір сенің басыңа келіп орнайды. Ендеше жан – тәнімен сүю қауіпті.
Роберт үндемей қалды.
-
Сенім керек, сенім, - деді священник осы кезде әндете сөйлеп. Ізгілік жеңсін десеңіз, соның бар екеніне сену керке, әйтпесе қиянат жеңуі мүмкін. – Ізгілік ешқашанда жеңе алмайды. – Роберт тағы да айқайлап тұра келді. – Кісіге қиянат қылудың мың түрі бар, - Роберт саусақтарын бүгіп, қиянаттың қаншалықты екенін санай бастады. – Алдау, арбау, зорлау, сату, ату, тонау, тағы сондай – сондайлар ... Ал қиянат қылмаудың бір - ақ түрі бар. – Роберт бір – ақ саусағын бүкті. – Ол – қиянат қылмау. Ендеше ізгілік жолы жіңішке, ізгілік әлсіз...»(4,125-130).
Ғалым Г. Піралиева: «Кейіпкердің ішкі ойы осылай арнасынан асып – төгіліп жатады, әлгінде өзі айтқандай өзінің өміріне, мына тіршілікке қанағаттанбай арпалысады, жан азабына түседі. Ал әдеби шығармада қолданылатын « қанағатсыздық» сөзі, ұғымы монолог түрінде беріліп, кейіпкердің ішкі ойлау, толғау процесі тудыратын көркемдік компонент. Адамзатты не тіршілікте, не шығармашылықта тыныштық бермей үнемі арпалыс пен азапқа салып қоятын қанағатсыздық сезімі сөз өнерінде, әдебиеттануда да үздіксіз ойлау процесі оқиғаға жанды қозғалыс, динамика, өмір беретін ең қажетті шеберлік тәсіл десе болады. Сондай – ақ мұнда ағыл – тегіл ой, сезім ағымы құрамында қарастырылатын «сенсорлық» әсер де сәтті қолданылған» (3,78) деп , кейіпкер характерін ашуда сезімді күйлермен монолог, ой ағымы сияқты психологиялық әдіс – тәсілдерді жоғарыда келтірілген мысалда қолданлғанын атап өтеді.
Ал өз ортасының тірлігіне таяныш болар ештеңе таппаған Роберт « Ең үлкен бақытсыздық – бақыт атаулының болмайтынын сезіну» - деп бұл өмірден түңілу, күңірену сарынына түседі. Ең соңғы үміті - әйклінің адалдығына қылау түскенін көрген кейіпкер өлімге саналы түрде бас тігеді. Өз ортасына, қоғам өмірінің қайшылықтарына төзбеген Роьерт өмірінің соңы міне осылай трагедиямен бітеді. Бас кейіпкер характері жөнінде көрнекті ғалым Б. Майтанов « Роберт характері повесте қаһарманның өз пікірлері арасындағы кереғар диалогтар немесе оның аурухана бас дәрігерімен, «қырынан қарағанда сұп – сұлу» священикпен айтыс – дауы үстіндегі көзқарас, дүниетаным қайшылықтарын көрсету арқылы ашылған» дейді (16,101-102).
«Содан әлгі адам жолаушыға жер астындағы алтын күмбезді патша сарайына әкеліп кіргізеді де: «Қалаған шарабың мен тамағыңды іщ, сұлу кәнизәктармен ойна, серуен құр, барлық есікке кіріп алтын сарайды тамашала. Тек мынау тұрған бір есікті ғана ашуға болмайды. Оны ашсаң бақытсыз боласың», - дейтін (4,122) анасының аузынан айтылатын осы бір шығыстық желіге құрылған ертегі шығарма финалының көркемдік шешіліміне де кілт ретінде пайдаланылған.
«Тіршілікке деген үміті сөніп, қажып талған Роберт өзін - өзі өлтірер алдында бала кезінде анасы айтатын осынау бір ертегіні есіне алады. Сонда, ашуға болмайтын есік ақиқат болғаны ғой. Роберт ол есікті ашысымен қоғам шеңберінен аттап өтті. Әрине, алдамшы, жалған ортада ол жеңілуге тиіс. Сондықтан да кейіпкердің қайғылы қазасы повесте тек психологиялық себептермен емес, әлеуметтік алғышарттармен де дәлелденген. Ал жоғарыдағы үзіндінің екі дүркін қайталануы шығармаға композициялық тұтастық берумен бірге, идеялық салмақ, көркемдік құрал ретінде де үлкен роль атқарады. Жазушы капиталистік қоғамда рухани азғындықты, адамдардың машинаға айналуын бәрін ақша мен ептілік билейтін жүйелі логикалық дәлелдер арқылы сенімді әшкерелей білген.» (16,102).
«Алайда бұл тек капиталистік қоғамнның ғана кескін – кейпі ме еді. Роберт сияқты ой азабын кешіп, қоғамның тар шеңберіндегі қайғы маңдайына сыймай кеткен біздің қоғамымызда аз ба еді. Жазушы өзге топырақтағы тартыс – талас, бөтен жұрттың стихиясы бейтаныс характерлер табиғатына бойлай отырып, алынған объектіні зерттеу нәтижесінде саяси - әлеуметтік, психологиялық мәні бар дүниелерге құлаш ұрғандай. Неге екені қайдам, кешегі халық қаһарманы Б. Момышұлы, вальс королі атанған Ш. Қалдаяқов т.б. сияқты қазақтың бір туар перзенттерін біз осы аталған жандарға ұқсатқандаймыз. Біздің бұл ойымызды жазушы Қ. Құрманғалиұлының мына бір пікірін айтумызға болады: «Көріпкел Роберт тағдыры да күнделікті өмірде кездесетін, ақылдан азап шеккен өз өмірімізде бар адамдар келбеті. Оны да Төлен әдейі өзге елге көшіріп, өзегін өртеген ащы шындықтың тұмшалаған шымылдығын ашып, ақиқатты айытуға ұмтылған. Қырағы саясатшыларды осылайша сырт айналып өтіп кетіп, қалың оқырманға ой салған» (18).
Т. Әбдікұлын үлкен эстет, биік интелектуалды суреткер екенін танытатын психо – философиялық туындысы «Тозақ оттары жымыңдайды» атты повесі.
Белгілі сыншы С. Әшімбаевтің «Ендігі бір ескеретін нәрсе психологиялық талдау шығармадағы лиризмді пара – пар деп, бір – біріне балап бағалауы болмайды. Біз көбінде психологиялық лиризм деген терминге үйірміз, шындығында бұл атауда дәлдік жете бермейді. Лиризм деген сөз адам жанындағы бір сәттегі көңіл – күйді білдірсе керек. Ал адам жаны қашанда осылай болып тұрмайтындығы белгілі. Психологиялық талдау арқылы адамға тән барша сезімдер ашылады, онда лиризм де, драма да, трагедия да аралас – құралас айтылады. Шығармадағы лиризм деп оқиғаны, іс - әрекетті, сезім күйін жазушының баяндауы мен скреттеуіндегі стилистикалық нәзіктік, ырғақтылық, эмоциялық айтылса керек. Яғни лиризм шығарманың техникалық орындалуы мен жазылу жарастығын білдіреді»,(19,41) деген пікір айтқан.
Ғалым Б. Майтанов «Қазақ прозасында шетел тақырыбына қалам тартып, әлемдік цивилизация, қоғамдық прогресс сипаттарын, ғылыми- техникалық революцияның адам санасына әсерін интелектуалдық биіктен топшылай білетін жазушылардың бірі – Т. Әбдіков творчествасында дүниетаным, білім тереңдігі мен көркемдік шеберлік өрнектері жарасымды бірлік табатынына автордың «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі де дәлел еді» десе(16,100).
С. Асылбеков «Бір кездері өзі де соғыстан кейінгі қазақ ауылының жоқ – жітік тіршілігі мен меторполияның қарамағындағы бодан жұртқа көрсеткен кейбір жосықсыз әләмжітіктерін көкірегіне түйіп өскен естияр қыр баласы американдық үндістер өмірінің аянышты тағдырлары мен өз жұртының басындағы халдерден біраз ұқсастықтарды көрді. Сондықтанда үндістер өмірінен жазылған шетелдік авторлардың шығармалары оның осы бағыттағы шығармашылық ізденістерінің шоғын қозғап, оны қазақ әдебиеті үшін көтерілмеген тың болып келген жаңа өрістерге қарай жетелеген. Т. Әбдіков сол ізденіс жолында араку тайпасы мен қазақ жұртының арасына абсолюттік теңдік белгісін қоюға болмайтынын ұқса да, олардың тіршілігі мен тағдырынан шынайы көркем шығармаға азық болардай көптеген параллелдерді тапты» дейді.
Қалай болғанда да, Т. Әбдікұлының біз күнде көріп жүрсек те байқай бермейтін шындықты ашатыны анық. Реті келгенде айта кететін мәселе, бүгін сол америкалық үндістердің бір кездегі түркі тайпаларының шашырап кеткен бір бұтағы екені ғылыми дәлелденген шындыққа айналып отыр. Оны зерттеу сонау XIX ғасырдың өзінде қолға алына бастаған. Т. Әбдікұлының қазақ халқының тілінен, дінінен, ата – баба салт – дәстүрлері, айрылып бара жатқан қасіретін көрсенкені анық.
«Соңғы сапардан жинаған материалымды жинақтап отырып, мен жақында мынадай бір пікірге келдім. Жалпы болашақ атаулы бәрімізге бірдей және бірдей қажет десек те, жеке адамдардың тілек – мақсаты, мұң – мұқтажы бір – біріне ұқсамайды. Айталық біреу – аш, екіншісі – жалаңаш, үшіншісі – ауру. Аш адамға тамақ керек, жалаңашқа – киім, ал ауруға тек дәрі керек. Олардың қажеттері шатастырып үлестіруге болмайды. Халықта да сол сияқты... Біреудің мұқтажы біреуге игілік болып жарымайды. Әлгі өзіміз баспа беттерінде цивилизацияның туы етіп, адамзат мүддесі деп даунығып жүргеніміз үстемдік құрып отырған төрт – бес ұлы халықтың ғана мұқтажы тәрізді.
-
Болмаса мемлекеттер өмірінің негізгі жүгінері - экономика емес, мораль болатын кезі жетті емес пе? Айтыңызшы».
Немесе,
« - Мен сол арада дәрігер жігіттің көмегімен Мату – Гроссу штатындағы бірнеше тайпаның мекенін араладым. Индеецтер отанын қазір «Жасыл тозақ» деп атайды. Бірақ Амазонканы тозаққа айналдырған улы жыландар мен ауру тарататын масалар емес түпсіз құрдым баппақтар мен ажал көлдері де емес, адам жегіш балықтар мен каймандар да емес... «кәдімгі цивилизация мен мәдениет апармақ болған « ақ ниетті» ақ адамдар»(4,148-149) дейді. Бұл жерде де Төленнің биік адамгершілік мұраты бой көтереді.
Сөзімізді көрнекті жазушы Ә. Кекілбайұлының сөзімен қорытындыласақ: «Арғы түбі әлгіндей пендеаралық кикілжіңдерден өрбитін өштестік өртінің тұтас бір ұлттар мен халықтардың көзін тұздай қып құртатын қорқынышты індеттерге ұласатындығы «Ақиқат» пен «Тозақ оттары жымыңдайды» хикаяттарында үлкен философиялық түйінге ие болды. Нақты адам тағдыры, нақты кісілік мінез – қылық арқылы ашылған бұндай шындық сырт көзге мұхиттың ар жағында болып жатқан сияқты қылып бейнеленгенмен, өзімнің күнде көріп, күнде сезіп жүргендерінді еріксіз есіңе түретіндей қылып шебер шешідеген дүниелер еді. Бұл – сонау 70 – 80 жылдар үшін тек суреткерлік тереңдік қана емес, үлкен азаматтық ерлік те еді».
Олай болса Т. Әбдікұлының азаматтық ары, адамгершілік мұраты, елжандылық ерліктері мұнымен шектелмейді екен. Оған осы соңғы жылдарды егерінде жазылған «Парасат майданы» повесі дәлел. Алғаш рет «Таңшолпан» журналында жарияланған бұл шығармаға халықаралық «Ф. Кафка» атындағы алтын жұлдыз берілді. Өзінің «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» атты повестерінде көтерген әлеуметтік – потологиялық мәселелер ең алғаш осы Ф. Кафка туындыларынан бастау алған.
Ендігі бір назар аударатын нәрсе Т.Әбдікұлының шығармаларының өн бойындағы алтын арқаудың бір үзілмейтіндігі. Қайсы бір шығармасын алмаңыз ондағы көтерілген негізгі бір мәселенің түйіні келесі бір туындысында тереңдей ашылып, автордың позициясымен шебер идеялық бірлік табады. Бұл орайда барлық шығармаларына тән негізгі қасиет деп шығарма шырайын кіргізетін шындықтың кеіпкер характері мен психологиясының даму эволюуиясы автордың жан – дүниесімен сабақтасып, идеялық бірлік табуы дер едік. Оның сыры жазушы Ә.Кекілбайұлы айтқандай «пәлен деген елді, пәлен деген заманды, пәлен деген қоғамды, пәлен деген адамды тебірентетін айрықша ен – таңба салынған еншілі шындықты емес, әмбені тебіренте алатын әлеуметтік мәні зор ортақ шындықты іздепті. Оны да өзгелердің басынан емес, өзінің көкірегінен іздепті».
Әңгімелерінің бірі «Қонақтардағы» «өзін мазалаған ұлт тағдыры кейінгі «Әке», «Оралу» сияқты туындыларында тереңдеп ашылады. Ал әлемдік өркениет атты тажалдық сиқын, адамзатқа тигізер алапатын суреттейтін «Ақиқат», «Тозақ оттары жымыңдайды» повестері мен дәрігер жігіттің бұдан былай адамның өз құрбаны өзі дегенді меңзейтін «Оң қол» әңгімесінің желісі «Парасат майданы» повесіне ұласқан. Мұнда автор идеясының жоғарғы философиялық деңгейіне ( кондициясына) жеткен жері. «Парасат майданы» повесі. Осы шығарма адам тағдырын жан дүниенің екіге жарылу құбылысы арқылы бейнелей отырып, мәдениетті іздеп жүріп, өркениетке адасып кеткен. Адамзат тағдыры кһөрсетіп берді. Ия, адамзат өиірінде парасаттың майданы басталды! Бұл майданды туғызған сол адамзат жасаған, бүгін де дүн-дүниені сілкіндіре күркіреп келе жатқан өркениет екен. Яғни о бастан адам баласы «Бәрі өзге адам үшін!» деп , соның игілігі үшін деп жасаған «құндылықтары» өзіне қазылған көр болып отыр.
Осы бір алжасу, адасудан құтылудың жолы бар екен. Ол – адамның бойындағы тәңірі берген адамгершілік, кісілік қасиеттерден туындайды екен. Әлгі цивилизация жасаған бауыр да, бүйрегі де темір болып кеткен адамзаттың парасаты осының бәріне қарсы шығып парасат майданының да адамгершілік деп аталатын ұлы қасиет жеңіске жетсе ғана әлем шытынамай, аман қалады екен.
Міне, бұл – «Парасат майданы» повесінің философиялық пайымдауы. Кешегі «айт дегенді айтсам арым төгіліп, айтпа дегенді айтсам басың кететін» заманда (Ә. Кекілбаев) ебін тауып шындықты жазушыдан оқырман да осыны күткен еді. Десек те кейде осышығармалардың авторы адамзатты апаттан құтқарам деп өз басын құрбандыққа шалған жандай көрінеді. (20).
«Оң қолда» суреттелген дәрігер жігіттің атынан айтылса, мұнда ол ауру кейіпкердің күнделігіне ауысқан.
«Оң қолда» мәселе сырт көз бақылаушының үрейі арқылы зерделенсе, мұнда сол тауқыметті өз басынан өткеріп жатқан пенденің өз түйсік, өз сезімі арқылы зерделеніпті. Дүниені ақылға сыйымды қалыпта ұстап тұрған қанағат екен. Қанағат шекарасынан бір адым аттап шықсаң болды бәрі де шытырманданып шыға келеді екен. Биліктеггі қанағатсыздықтың өзіңді шектен асқан озбырға айналдырмай қоймайды екен. Дүниедегі бақытсыздықтың көбі басқалардың қиянатынан гөрі өз басыңның қанағатсыздығынан өрбиді екен. Соның бәрі бір кездегі әлдебіреудің бәріне үстем тұрам деген әсіреңкі дәмесінен туындаса керек. Қашан қалай басталып кеткені белгісіз сол бір апатты енді қалай тоқтатуға болады? Ол өзі тоқтай ма? Оны тоқтатамыз деп жүріп, жаңа бір алапатты тығынын ағытып жіберіп дүниені қаралай қара суға алдырып жүрмейміз бе?»
Жоғарыда айтып өткеніміздей шындығында Т. Әбдіковтың адамзаттық гуманизмді ту етіп көтерген идеяларының биік шыңы «Парасат майданы» повесі.
Т. Әбдікұлы талант. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Оған шығармаларын талдау барысында көз жеткіздік. Ендеше оның қаламынан туған «Оң қол» , «Ақиқат», «Әке», «Оралу», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы» т.б. Бұл қатарда әсіресе, «Оралу», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» повестерінің орны ерекше. Шығарма мазмұнының тереңдігін, көтерген әлеуметтік жерін айтпағанда, шығарма аяғындағы аяқталмай қалған драмалық түйіндер оқырман қауымды шет қалдырмай өздерімен бірге ойланып – толғануға шақырады.
Достарыңызбен бөлісу: |