Е. дробязко: 12 маусым мен 26 маусым



бет2/3
Дата18.06.2016
өлшемі0.66 Mb.
#145499
1   2   3

Е.ДРОБЯЗКО: - С.Эдель 1997 жылы шақыру алып, тұрақты тұруға Германияға кетіп қалған болатын. Бірақ Қарағандыда оның қызы және әкесінің зираты қалғандықтан, ол Қазақстанға жиі келіп тұрады. 1999 жылы Эдель Солодовников деген біреуден подшипниктерді сатуға алған, куәгерлердің көзінше таяу уақытта төлем жасайтыны туралы қолхат қалдырған. Подшипниктерге құжаттар мен сертификаттарды Солодовников кейінірек қайтаруға уәде еткен. Сату кезінде подшипниктердің заңсыз екендігі анықталған, ал Эдельдің оларды қайтып алу жөніндегі өтінішін орындаудан Солодовников бас тартқан. 2006 жылғы 21 маусымда Қарағанды қалалық сотының судьясы Р.Нұрмагамбетов Солодовниковтың қолхатына сәйкес Эдельдің қарызды төлеуі туралы қаулы шығарған. 2006 жылғы қазанда Эдель жасалған мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа арыз жазған. Алайда, судья С.Үкібасова арызға мәміле туралы қолхат қоса тіркелмеді дегенді желеу етіп «арыз қозғалыссыз қалдырылсын» деп анықтама шығарған, ал қолхат іс материалдарында болған ғой. 2011 жылғы мамырда нақ сол судья С.Үкібасова Эдельдің Қазақстан аумағынан шығуына тыйым салған. 2012 жылы ол шекарадан өткен, ал 2013 жылғы қаңтарда Германияға анасын жерлеуге баруы қажет болғанда, оны шығармаған. Эдель облыстық сотқа жүгінген, онда шағымдану мерзімінің күші жойылған. Осыған орай Эдель: «Менің ісім неге нақ сол судья С.Үкібасованың қарауына барады. Сонда судьялар істерді өздері таңдап ала бере ме?» деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Эдель мырза!

Республика соттарында істерді электронды бөлу енгізілген, сондықтан бұл жағдайда адам факторы жоқ, ал судьяларды мамандандыру – бұл енді басқа әңгіме өзегі. Судьялардың істерді өздерінің мамандануына сәйкес қарайтыны белгілі, бұл олардың осындай санаттағы істерді заңнама тұрғысынан да, сол сияқты істердің өзін де егжей-тегжейлі зерделеуіне мүмкіндік береді. Айталық, Сіз меңзеп отырғандай, Сіздің ісіңіздің тағы да сол бір судьяның қарауына келіп түсуі осындай санаттағы істерге маманданған басқа судьяның нақ сол кезеңде қандай да бір себептермен болмай қалуына немесе оның жүктемесінің айтарлықтай көп болуына байланысты болған сыңайлы.


Е.ДРОБЯЗКО: - Ақтөбеден Қ.Әджібаев сұрайды: «Сіз АІЖК-нің жобасында үкімнің күшін жоюға немесе өзгертуге апелляциялық және қадағалау сатысы үшін бір, ал кассациялық саты үшін басқа негіздер көзделгеніне қалай қарайсыз? Менің ойымша, сот үкімінің (қаулысының) күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер оларды барлық сатыларда қайта қарау кезінде бірдей болуға тиіс. АІЖК-де сот үкімінің (қаулысының) күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер барлық сатылар үшін бірдей болуын реттейтін жеке тараудың қарастырылғаны дұрыс болар еді деп ойлаймын».
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Әджібаев мырза!

ҚІЖК-нің жаңа редакциядағы жобасында, сот сатыларында қылмыстық істерді қараудың сатылылығы көзделеді. Және де келесі жоғары тұрған сатыға жүгінуге шағымдар, наразылықтар төменгі тұрған сот сатысында қаралғаннан кейін ғана жол беріледі. Мұндай заңнамалық шешім тараптардың барлық сот сатыларында істің қаралуына қатысуына және сотта тыңдалуына мүмкіндік береді.

Қазақстандық қылмыстық іс жүргізу заңнамасы, көптеген басқа да елдердегі сияқты тиісті сот сатыларында қараудың алуан түрлі нысандарын көздейді. Осыған байланысты апелляциялық сатыда іс нақты факті және құқық бойынша қаралады және бұл саты іс жүргізу қағидаларын сақтай отырып, істің нақты мән-жайларын, сол сияқты сот ісін жүргізуді жүзеге асыру кезінде заң талаптарының сақталуын да зерттейді, тексереді және бағалайды.

Кассациялық саты қазірдің өзінде заңды күшіне енген және осыған байланысты преюдиция күші бар сот актісінің заңдылығын тексеруге арналады. Және бұл істі кассациялық тәртіппен қарау кезінде үкімнің күшін жою немес оны өзгерту негіздерін тарылтуды қажет ететін мән-жай болып табылады. Заңды күшіне енген үкімдерді қайта қараудың заңда көзделген осы үш негізі оларды сотқа дейінгі сатыларда да, сол сияқты бірінші және апелляциялық сатыда іс жүргізу кезінде де іс бойынша іс жүргізу барысында құқықтық нормаларды сақтау тұрғысынан тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Материалдық және іс жүргізу құқықтары бұзылуының болмауы сот шешімін оны әділеттілік ұстанымы тұрғысынан бағалауға елеулі әсер етеді, ал олардың жиынтығы сот актісінің заңдылығы туралы тұжырымды қалыптастырады. Және керісінше.

Сіз ұсынып отырғандай, апелляциялық және кассациялық сатыларда сот актілерін қайта қарау негіздерін біріздендіру аталған сатылардың бірін-бірі қайталауына және соның салдары сияқты олардың біреуін таратуға әкеп соғар еді, бұл сөз жоқ, ең алдымен сот ісін жүргізуге қатысушылардың шағымдануын елеулі түрде азайтатын еді.

Алайда, Сіздің біліп отырғаныңыздай, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешімді заңгерлер қабылдайды.


Е.ДРОБЯЗКО: - Қ.Әджібаев тағы да сұрайды: «ҚІЖК-нің 458-бабының 3-бөлігінің нормалары баршаның заң мен сот алдында бірдей болуы бастауларында сот төрелігін іске асыру принциптеріне сәйкес келе ме (АІЖК-нің 21-бабы)? Оның басқа сұрағы меншіктің конституциялық құүқықтарына және мүлікті тәркілеуді қолдану кезінде оны шектеулерге қатысты: ҚІЖК жобасының 15-тарауының нормалары Конституция мен қылмыстық заңнама нормаларына сәйкес келе ме?»
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Әджібаев мырза!

Заң шығарушы Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасының қаулыларын қайта қарау негіздері ретінде Сіздің жүгінуіңізде көрсетілген, ерекше деп танылған жағдайларды ғана қарастырған. Бұл жалпы қағида бойынша заңды күшіне енген, жоғары сот сатыларында қаралған сот актілерінің олардың преюдициясына қарай одан әрі шексіз қайта қарау нысаны бола алмайтынына байланысты болып отыр. Демек, бұл заңнамалық шешім баршаның заң алдында бірдей болу принципін бұзатын сияқты болып түсіндірілмеуі тиіс.

Заң шығарушының мұндай көзқарасы басқа да бірқатар мәселелерді регламентациялау, мысалы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың заңмен белгіленген шеңберіне қатысты кейбір ережелерді қолдану ерекшеліктері жағдайларында байқалуы мүмкін (айыпталатын кәмелетке толмағандарға барлық жағдайларда, ал ересектерге – ерекше жағдайларда қорғаушы беріледі; жәбірленушінің сотталушымен бітімгершілікке келуінің орын алуы істердің барлық санаттары бойынша мүмкін емес; алқабилердің қатысуымен сот ісін қарау құқығы айыпталушылардың қатаң белгілі бір топтарына ғана тиесілі және т.с.с.). Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау арқылы неғұрлым салмақты және әлеуметтік маңызды мәселелер шешудің ерекше жағдайлары бірқатар шет елдер заңнамасында да байқалады.

Ал, өз құқықтарын қорғау үшін тараптардың өз ұстанымдары мен талаптарының негізділігін дәлелдеуіне және төрт сот сатысындағы істі қарауға қатысуына мүмкіндік береді, бұл оларға тиесілі іс жүргізу құқықтарын іске асыру үшін жеткілікті болып табылады.

Құрметті Әджібаев мырза, ҚІЖК-нің жаңа редакциясының дайындауға Сіздің енжар қарамағаныңызды мейлінше мақұлдап қабылдаймын. Өйткені қылмыстық істер бойынша іс жүргізу көздеген мақсатқа қол жеткізілетіндей және іс жүргізуге қатысушы адамдардың құқықтары да бұзылмайтындай болып жүргізілуге тиіс қой.

Сіз меншікке конституциялық құқыққа және мүлікті тәркілеуді қолдану кезіндегі шектеулерге қатысты өте маңызды мәселені қозғап отырсыз. Сіздің мүлікті тәркілеу сот қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныған, тек қылмыстық заңда көзделген жағдайларда ғана сот үкімі бойынша қолданылуы мүмкін қылмыстық жазаның бір түрі деген пікіріңіз дұрыс көрінеді. Осыған орай, ҚІЖК жобасына сот үкім шығарғанға дейін мүлікті тәркілеуге мүмкіндік беретін норманы енгізуді Жоғарғы Сот қолдамайды. Жоғарғы Соттың бұл ұстанымы аталған тарауға баламалы нұсқа енгізе отырып, дайындаушылар назарына жеткізілді.

Жоғарғы Сот сотталушылардың және өзге де адамдардың жасырған мүлкін іздеп табу жөніндегі іс жүргізуді тек мүлікті тәркілеу туралы үкім заңды күшіне енгеннен кейін және сот тағайындаған осы жазаны іске асыру мақсатында ғана жүзеге асыруды ұсынады. Біз ұсынған нұсқа бойынша мұндай іс жүргізу жасырылған қарулар мен қылмыс заттарын, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған, сот үкімі бойынша тәркілеуге жататын, алдын ала тергеу барысында анықталмаған құндылықтарды іздестіру қажет болған жағдайда да жүргізілуі мүмкін.

Бұл жаңалықтың Конституцияға сәйкес келетіні туралы мәселеге қатысты айтар болсақ, Жоғарғы Сот мұндай қорытынды беруге құқылы емес, өйткені бұл Конституциялық Кеңестің ерекше құзыретіне жатады. Соттар осындай күдіктер туындаған жағдайда бар болғаны іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуға және тиісті ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті.


Е.ДРОБЯЗКО: - Келесі екі хат Қостанай колониясынан келіпті. Біріншісінде сотталушы В.В.Боровик сұрайды: «Соттардың сотталғандар жазасын орындауға байланысты мәселерді шешу жұмыстарының сапасын жақсарту жөнінде реформа жасау жоспарланып отыр ма? Алдағы уақытта процеске қатысушы тараптар теңдігі жағдайында заңның барлық талаптарын сақтай отырып, сот құрамының құқық нормаларының бұзылуын болдырмау үшін менің алдын ала қандай іс жүргізу әрекеттерін қолдануым керек? менің қоныс колонияға ауыстырылу құқығым сақталған ба? Егер сақталған болса, менің қандай іс жүргізу әрекеттерін қолдануым қажет?

Екінші хатта А.П.Талалаев деген біреу жазаны өтеуден шартты түрде-мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарау кезінде кімнің пікірі ескеріледі».
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Виктор Владимирович!

Сіздің өтінішіңізден қоныс колонияға ауыстырудан бас тарту туралы сот қаулыларымен Сіздің келіспейтініңіз байқалады.

ҚІЖК-нің 457-бабына сәйкес (01.07.2012 жылдан бастап қолданыстағы редакциясында) үкімді орындауға байланысты мәселелерді шешу кезінде шығарылған сот қаулыларына апелляциялық және кассациялық тәртіппен шағым берілуі, наразылық келтірілуі мүмкін. Сіз дауланып отырған сот актісіне заңда белгіленген тәртіппен тиісті облыстық соттың кассациялық сатысына шағымдануға құқылысыз. Кассациялық шағымда Сіздің ойыңызша материалды қарау кезінде жол берілген барлық бұзушылықтар, оның ішінде қорғану құқығының бұзылғаны туралы да көрсетілгені жөн.

А.П. Талалаевтың өтінішіне қатысты айтар болсақ, ол заңдылығы мен негізділігі сот ісін жүргізу тәртібімен тексерілетін сот актілерін қозғайды.

ҚІЖК-нің 455-бабының 6-1-тармағына сәйкес жазаны өтеуден шартты түрде-мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қарау кезінде жәбірленушінің немесе оның өкілінің пікірі ескеріледі. Іс жүргізу заңының бұл талабы Жоғарғы Соттың 2007 жылғы 25 желтоқсандағы №10 нормативтік қаулысымен де сәйкес келеді, онда шартты түрде-мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қараудың жәбірленуші тараптың және оның өкілінің қатысуымен өткізілетіні түсіндіріледі.
Е.ДРОБЯЗКО: - «Қылмыстық іс бойынша мүліктің заңды иесінің оған қатысты емес мүлкінің тәркіленбеуі үшін не негіз бола алады немесе ҚК-нің 209-бабының 1-бөлігіндегі мұндай санкциялар сол немесе өзге де үкім шығарғаны үшін нәпақаны бағалаудың басы артық дәлелі ме?», - деп сұрайды Т.Манашов.

Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Т.Манашов!

Сіздің өтінішіңіз автомобильді шет елден әкелу кезіндегі міндетті кедендік төлемдерді төлемеу актілерін қозғайды. Экономикалық контрабанданың осы тақылетті фактілері ҚК-нің 209-бабының 1-бөлігінде қамтылады. Заңнама талаптарына сәйкес экономикалық контрабанда нысаны болып табылатын автомобиль міндетті түрде тәркілеуге жатады. ҚК-нің 209-бабы 1-бөлігінің мүлікті тәркілеу түріндегі санкциясы контрабанда заттарына емес, сотталған адамның өзге мүлкіне қолданылады.

Заң бойынша автомобиль иесі өзінің мүлкімен өзге адам жасаған әрекетке жауап бере алмайды. Алайда, егер бұл мүлік контрабанда заты болып табылса, нақ сол сәтте бүлікке кімнің иелік ететініне қарамастан тәркілеу көзделген. Бұл ретте мүліктің адал ниетті иеленушісі экономикалық контрабанда үшін сотталған адамнан азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен материалдық шығынды өзіне өндіріп беру туралы мәселені қоя алады.

ҚК-нің 209-бабының 1-бөлігінде көрсетілген мүлікке тәркілеуді жазалаудың қосымша шарасы ретінде тағайындау туралы шешімді қабылдау кезінде сот ҚК-нің 52-бабының талаптарын басшылыққа алады.


Е.ДРОБЯЗКО: - Бектас Әбдіханұлы, судьялыққа кандидаттардан сұрақтар бар. Ринат Кәрім мен Галина К.: «Құжаттарды қайда жіберу керек: Жоғары Сот Кеңесіне ме немесе Жоғарғы Сотқа ма? Судьялыққа құжаттарды тапсыру кезінде қандай да бір алымдар, баждар бар ма? Аудандық сот судьяларының бос қызмет орындарына келесі конкурс қашан жарияланады? Нақты қай мерзімге дейін мен конкурсқа құжаттарды ЖСК-ға беруге құқылымын?» - деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Ринат пен Галина!

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясында біліктілік емтихандарын тапсыру үшін құжаттарды қабылдау Құжаттар тізбесі регламентінің 14-тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Құжаттарды тапсыру кезінде бюджетке қандай да бір лицензияланған алымдар мен мемлекеттік баждар алу талап етілмейді. Құжаттар Комиссияға мына мекенжай бойынша қолма-қол немесе тапсырыс хатпен жіберіледі: 010000, Астана қаласы, Д.Қонаев көшесі, Жоғарғы Сот ғимараты, «Е» блогы, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Біліктілік комиссиясы, Анықтамалар үшін телефон: (8-7172) 74-79-21.

Кезекті конкурстардың жарияланғаны туралы Сіз «Заң газеті және «Юридическая газета» басылымдарынан біле аласыз. «ҚР Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заңның 14-бабының 4-тармағына сәйкес жергілікті және басқа да соттар судьяларының бос қызмет орындарына конкурс жариялау туралы хабарландырулар Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде таралатын мерзімді баспа басылымдарында конкурқа дейін бір ай мерзімде жарияланады.

Сіз конкурсқа қатысуға және оған құжаттарды тапсыру үшін біліктілік емтиханын тапсыруға құқылысыз.


Е.ДРОБЯЗКО: - Дархан Тоқибетов, өз хатында атап өткеніндей, судьяның бос қызмет орнына біліктілік емтиханын тапсырып, резервке алыныпты. Тағылымдамадан өткені туралы тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгініпті. Дархан мемкәсіпорын қызметкері болып табылады. Ол: «Қандай адамдар өндірістен қол үзбей тағылымдамадан өте алады? Мен жұмыс орнымнан кетпей тағылымдамадан өте аламын ба?»,- деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Дархан!

Президенттің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығымен бекітілген «Судьялыққа кандидаттардың тағылымдамадан өтуі туралы ережеге» сәйкес тағылымдамадан өту тағылымдамадан өтуші кандидаттың негізгі жұмыс орнын қалдыруына әкеп соқпайды.

Егер Сіз облыстық сот төрағасының өкімімен тағылымдамадан өтуге жіберілетін болсаңыз, одан өтудің шарттары мен тәртібі Облыстық сот кеңсесінің басшысымен және тағылымдамадан өтуші кандидат ретінде Сізбен жасалатын тағылымдамадан өту туралы келісіммен айқындалатын болады. Бұл орайда, қойылатын шарттардың бірі тағылымдамадан өтудің облыстық соттың тағылымдамашы-судьясының үйлестірушісімен келісілген кестеге сәйкес өткізілуі болып табылады.
Е.ДРОБЯЗКО: - Андрей Шмидт былай деп сұрайды: «Аса ауыр және ауыр қылмыс жасағандары үшін, атап айтқанда, 311-баптың 5-бөлігі бойынша сотталғандардың қоныс колонияларға ауыстырылуына байланысты мәселелер шешілетін бола ма? Осындай баптар бойынша сотталғандар әлеуметтік қауіпті адамдар емес қой және олар менің ойымша жеке адамдарға қарсы, бүкіл өркениетті елдерде ауыр және аса ауыр деп танылатын, мейлінше ауыр қылмыс жасағандармен бірге ұсталады. Ізгілендіру шеңберінде осындай баптар бойынша сотталғандарды түрмеде ұстау мерзімін азайту көзделген бе? Менің анам мемлекетке ешқандай нұқсан келтірген жоқ, көптеген ауыр науқастармен ауырады. Бірақ оны босату туралы мәселе әлі күнге шешілмей келеді, ол түрмеде отыр. Бұл жағдайда «тәрбиелеу» процесі туралы қандай әңгіме болуы мүмкін?».
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Андрей!

Таза адами тұрғыдан мен Сізді түсінемін: Сіздің сөзіңізге қарағанда анаңыз, көптеген науқастары бар мосқал әйел сотталды. Бірақ қылмыс жасалды, ал заң алдында бәрі бірдей. ҚК-нің 10-бабының 5-бөлігіне сәйкес ҚК-нің 311-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыс аса ауыр қылмыстар санатына жатады. ҚАК-нің 73-бабының 3-тармағына сәйкес аса ауыр қылмысы үшін сотталғандар жалпы және қатаң режимдегі түзеу колонияларынан қоныс колонияларына ауыстыруға жатпайды. ҚК-нің 70-бабы бойынша сотталушы аса ауыр қылмыс үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейін ғана шартты түрде-мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл мәселе ҚІЖК-нің 453 және 454-баптарына сәйкес сотталушының жазаны өтеу жеріндегі аудандық және оған теңестірілген соттардың үкімін орындау тәртібімен шешіледі.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, атап айтқанда, ҚК-нің 311-бабының 5-бөлігі бойынша баламалы жазаларды қолдану мәселесі бойынша қазіргі уақытта аталған баптың осы бөлігінде санкциямен тек бас бостандығынан айыру көзделген.
Е.ДРОБЯЗКО: - Бәлкім, Екатерина Колпакованың мына қойған сұрақтары осыған дейінгі сұрақтармен үндес сияқты. «Өтінемін, айтып түсіндіріңізші, 176 және 177-баптар экономикалық қаржылық қылмыстарды дискриминализациялау туралы жобаға неге кірмей қалды? Олар ақшалай қаражаттармен тікелей байланысты ғой. Бас бухгалтер, егер ол кәсіпорынмен материалдық жауапкершілік туралы қандай да бір шарт жасаспаса, материалдық жауапты адам болып табыла ма? Егер бас бухгалтер кәсіпорында бір мезгілде кассир болса, бірақ қосымша еңбек шарты жасалмаса және бухгалтер өзіне ешқандай материалдық жауапкершілік алмаса, мүлік оған сеніп тапсырылған бола ала ма?»
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Екатерина!

Президент Қазақстан халқына 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғыру – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында қаржы-экономикалық құқық бұзушылықтарды дискриминализациялау туралы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау үшін Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, экономикалық қызмет саласындағы қылмыстарды дискриминализациялауды көздейтін заң жобасын әзірлеу жөнінде бірқатар жұмыстар атқарды. Осы жұмыс аясында аталған санаттағы қылмыстар санкциясына бас бостандығынан айыруға баламалы жазалау түрлерін енгізу, бас бостандығынан айыру түріндегі жазалаудың жоғары шегін төмендету, қылмыстардың жекелеген түрлерін материалдық құрамы бар қылмыстарға ауыстыру, әкімшілік юрисдикцияны енгізу мәселелері және басқалары талқыланды. Заңнаманы жетілдіру жөніндегі бұл жұмыс жалғастырылатын болады және осы орайда мен азаматтардың белсенді ұстанымы заң шығарушылар үшін елеулі маңызды болады деп ойлаймын.

Қолданыстағы қылмыстық заңнамаға сәйкес адам Сіз көрсеткен санаттағы қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылған жағдайда, қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік деңгейі, кінәлінің жеке басы, жауапкершілік пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін және басқа да бірқатар мән-жайлар ескеріле отырып, оған бап санкциялары шегінде жаза тағайындалуы мүмкін. Жаза тағайындау шараларының дәлелдері әр жағдайда жеке-дара болып келеді. Бұл ретте кінәлі адамның келтірілген шығынды өтеуі сотта ескеріледі және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындау туралы мәселені талқылауға негіз болады.

Бас бухгалтердің әрі кассирдің міндеттерін атқаратын адамның материалдық жауапкершілігі туралы мәселеге қатысты айтар болсақ, Сіздің еңбек заңнамасы нормаларына жүгінгеніңіз жөн. Мәселен, АК-нің 168-бабында қызметкерге берілген мүлік пен басқа да құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалатын тұлғалар тізбесі көрсетілген. Толық материалдық жауапкершілік туралы үлгі шарт ұжымдық шартты немесе жұмыс берушінің актісін бекітеді.

Бухгалтердің нақтылы қызметі материалдық құндылықтары бар жұмысты орындауды қамтиды. Тиісінше оның функционалдық міндеттері солар үшін белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті көздеуі мүмкін. Мұндай дау туған жағдайда, Сіз келтіріп отырған мән-жайлар бойынша бағаны қылмыстық ізге түсу органдары мен сот береді.
Е.ДРОБЯЗКО: - Аида Сугурова «ҚК-нің 327 және 364-баптары жалпы режимге 2 жылға бас бостандығынан айыруға сотталғандарға рақымшылық жасауға жата ма?» - деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Сугурова ханым!

Амнистия грекше «рақымшылық» деген сөз. Өзгеше айтқанда, мемлекет заң шығарып, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға рақымшылық жасайды. Әрине, адамдар осындай ізгілікті қадамға мұқтаж, өйткені біздің мемлекетіміз қылмыстық саясат саласында жазалаумен қатар рақымшылық жасауды да қарастырады.

Рақымшылық туралы заңды Парламент қабылдайды. Осы заңды белгілі бір адамдарға қолдануды анықтау оның өкілеттігіне жатады.

Әдетте, рақымшылық туралы заңда осы заң қолданылатын адамдар тізбесі көрсетіледі. Әдетте өздерін дұрыс ұстаған, ауырлығы орташа, шамалы немесе орташа қылмыс жасаған адамдар, сондай-ақ әйелдер, кәмелетке толмағандар, мүгедектер, қарттар, асырауында балалары бар адамдар және т.б. бұрын осындай заңдарда адамдар көрсетілетін.

Жоғарғы Сотта Парламенттің рақымшылық туралы заңды қабылдайтыны туралы еш мәлімет жоқ.

Қылмыстық жауапкершілікті жалпы ізгілендіру туралы. ҚК жобасында бұл мәселе жөнінде бірқатар ережелер бар. Атап айтқанда, адамның және азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті қорғау, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғам үшін қауіпті қол сұғушылықтан қорғау, адамзаттың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау, қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу қарастырылған. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін қылмыстық жауапкершілік негіздері белгіленіп, қандай әрекеттердің жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қауіпті, яғни қылмыстар немесе қылмыстық теріс қылықтар екені айқындалған. Осыған орай тиісті жазалар мен жасалған әрекеттер үшін қылмыстық-ықпал ету шаралары белгіленген. Ізгілендіру мәселесі жөніндегі ҚК жобасында ізгілік пен әділдікті орнықтыру туралы айтылып, қылмыстық жазалар тағайындау мен жазадан босату негіздері көзделген.


Е.ДРОБЯЗКО: - Атырау адвокаттар алқасының адвокаты Н.К.Жолболов бірнеше сұрақ қойыпты, олар қысқаша төмендегідей:

1. Ақтау үкімдерінің белгілі бір көлемі анықтау, алдын ала тергеу органдарының заңсыз әрекеттерін қысқартуға әкеп соғып, қадағалау органының жұмысын жақсартады деп есептемейсіз бе?

2. Істерді қарау мерзімін сақтамағаны үшін неге судьялар сынға ілінеді, сонда сот жүйесі үшін істі мерзімінде қарау адам тағдырынан маңызды болғаны ма?

3. Сіздіңше бір сотта судья болып тек әйелдердің жұмыс істегені дұрыс па (мысалы, әйелдер еркектердің зорлау кезіндегі жай-күйіне лайықты баға бере алмайды ғой), тиісті статистика бар ма және кадр саясаты осы мән-жайлар ескеріле отырып жүргізіле ме?

4. Судьяның сот жүйесінде 3-4 жыл бойы жұмыс істеуін заң жүзінде бекітетін уақыт келген жоқ па?

5. «Соттардың парақорлық үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» Жоғарғы Соттың 1995 жылғы 22 желтоқсандағы № 9 нормативтік қаулысының 19-тармағы азаматтарды құқық қорғау органдарына жүгінуден гөрі пара беруге ынталандырады деп есептемейсіз бе?

6. Соттар көбінесе меншікке қарсы қылмыстар туралы істерді қарайды. ҚК-нің 6-тарауы баптарының көпшілігі мүлікті тәркілеуді қарастырады. Ал тоналған адамдар не істейді, оның қолды болған мүлкін кім өтейді? Соттар мемлекеттің мүддесін қанағаттандырады да жәбірленушінің мүддесін естен шығарады. Егер сот оның бүкіл мүлкін мемлекет пайдасы үшін тәркілеп тастаса сотталған жәбірленушінің мүлкін қалай өтейді?

7. Жоғарғы Сот жаңа ҚІЖК-нің жобасын әзірлеуге белсене қатысуға тиіс емес деп ойлайсыз ба? Осы мәселемен прокуратураның айналысуы, қазақ ертегісінде айтылғандай, «қойды қасқырға баққызу» болып шығып, соңы жайсыз салдарға әкеп соқпай ма?

8. 2007 жылы мемлекет бір қолымен сот төрелігін жүргізуді халыққа беріп, екі судьямен бірге алқабиді кеңесу бөлмесіне кіргізіп, екінші қолымен осы құқықты алып қойды. Сіз алқабилер сотының үкіміне шағым беру рәсімін қайта қарап, тек бір рет Сот Кеңесіне шағымдану және наразылық келтіру мүмкіндігін беру қажет деп есептемейсіз бе?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Н.К. Жолболов мырза!

Мен Сіздің сұрақтарыңызды мұқият зерделедім және осы сұрақтар құқық қолдану практикасында заңнаманы дамытуда маңызды деп есептеймін.

1. Соттардың заңды ақтау үкімдерін шығаруы қылмыстық ізге түсу органдарының қызметіне оң ықпал етеді деген пікірмен келісемін. Олар тиісті қорытынды шығарып, жұмыстағы кемшіліктерді жоюлары қажет.

Соттардың шамалы ақтау үкімдерін шығару себептері туралы. Көп жағдайда сотқа жарамды әрі нанымды дәлелдемелер ұсынылады. Олар сотталушылардың кінәсі туралы тұжырым жасау үшін жеткілікті. Кейбір істер бойынша бұл сақтала бермейді. Мұндай жағдайда сот жойылмаған күмәнді заңға сәйкес сотталушының пайдасына қарастыруға және оны тағылып отырған айыптан ақтап алуға тиіс.

Үкім шығару судья үшін оңай жұмыс емес, ал ақтау үкімін шығару тіпті күрделі мәселе. Судьялыққа кандидаттар үшін мол тәжірибенің болуы, жоғары кәсіби шеберлік жөнінде қазіргі таңда қойылып отырған талап сот төрелігінің заңдылығын нығайтуға, соның ішінде ақтау үкімін шығару жөнінде заңдылықты нығайтуға көмектеседі деп есептеймін.

2. Судьялардың іс жүргізушілік мерзімдерді сақтауға ұмтылуы олар шығаратын сот актілерінің сапасына әсер етпеуі керек. Бірқатар елдерде заңнама соттарда істерді қараудың нақтылы мерзімдерін белгілемейді, мұндай мерзімдерді судья әр іс бойынша ақылға қонымды мөлшерде өзі белгілейді. ҚІЖК мерзімдерді қарастырғанымен судьялар үшін қолайсыздық туғызбайды. Заңнама нақтылы істерді қарау кезінде істерді қарау мерзімін ұзартуды көздейді. Ал, Сіз айтып отырған жағдайда сараптама жүргізу кезінде іс бойынша іс жүргізу тоқтатыла тұрады.

3. Судьяның еркек немесе әйел болуының сот төрелігін сапалы жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қатысы жоқ. Конституция белгілі бір санаттағы істерді қарау үшін судьяларды жынысына қарай іріктеуге тыйым салады. Бұл қағиданы бұзуға болмайды. Бір сотта судьялардың кілең әйелдер болуы тұрақты кездесіп отыратын жағдай емес. Өйткені судьялар үнемі алмастырылып тұрады.

4. Судьялардың ауыстырылмауы–судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің маңызды принципі, сондықтан бұдан бас тартуға болмайды. Ал ұзақ уақыт бойы жұмыс істесе де нәтижелі жұмысымен көріне алмайтын жекелеген судьялардың жұмысына мониторинг жүргізіледі әрі оның қорытындысы Сот жюриіне шығарылады. Сот жюриі олардың атқарып отырған қызметтеріне сәйкес еместігі туралы шешім шығарады. Мұның соңы судьялық қызметтен босатуға әкеп соғады. Осылай болды да.

5. Парақорлық туралы мәселенің қойылуы дұрыс. Заң пара беруді де, пара алуды да қылмыстық әрекет деп таниды. Пара беруші өзінің мәселесін шешіп беретін адамды сатып алғысы келеді. Ал, ол мұны істемеуге тиіс. Егер ол құқығы бұзылса, оны пара беру арқылы емес, заң бойынша қалпына келтіруге тиіс. Екі жақ та қылмыстық жазалауға әкеп соғатын әрекет жасайтындықтан заң алдында жауап беруі керек. Заң бойынша, кей жағдайларды қоспағанда, параны мемлекет кірісіне алу дұрыс. Параны берушілер болмаса алушылар да болмайды.

6. Жәбірленушіге келтірілген залалды өтеу прблемасының орын алып отырғаны рас. Мүлік мемлекет кірісіне алынғанның өзінде де алдымен мүлік жәбірленушінің пайдасына өндіріледі. Содан кейін барып мүлік мемлекет кірісіне алынады. Қылмыстан зардап шеккендер үшін бірақ бұл жеткіліксіз.

ҚІЖК-нің жаңа редакциясының жобасында жәбірленуші шеккен зиянды мамандандырылған қор арқылы өтеу қарастырылуда. Жаңа ҚІЖК қолданысқа енгізілген кезде осы қор құрылуға тиіс.

7. ҚІЖК-нің жобасы әлі аяқталған жоқ. Жоғарғы Сот жобаны негізгі әзірлеуші болып табылатын Бас прокуратураға ұсыныстарын күн сайын жіберіп отырады. Олардың көпшілігі қабылданды, кейбіреулері мемлекеттік органдармен келісілуде.

8. Алқабилердің қатысуымен сот ісін жүргізуге келер болсақ біздің үлгіміз шетелдік үлгіге ұқсамайды. Қалай болғанда да сот ісін жүргізудің осы нысанын уақыт өзі қажет етіп отыр. Өйткені алқабилердің қатысуымен қаралатын істер саны жыл сайын көбейе түсуде. Осындай істер бойынша үкімдер тек Жоғарғы Сотта тексерілуге тиіс деген пікіріңізбен келіспеймін. Сотталушы неге осындай істер бойынша сот үкімдерін бірнеше сот сатыларында даулауға тиіс емес? Оның үстіне, заң бойынша сот сатыларында мұндай үкімдер тек құқық мәселелері бойынша ғана тексеріледі. ҚІЖК-де көрсетілген материалдық және іс жүргізушілік заңдардың нормалары бұзылғанда ғана ерекше жағдайларда олардың күшін жоюға және өзгертуге жол беріледі.

Е.ДРОБЯЗКО: - Ақтөре Ернұр ҚІЖК-нің 140-бабына сәйкес, салықтар мен төлемдер бойынша берешекті заңды және жеке тұлғалардан өндіру туралы сот бұйрықтарын шығару туралы сұрайды. «Біз сот бұйрығын шығару туралы материалдарды жіберу кезінде беретін сомаларын міндетті түрде көрсетуіміз керек пе, ал өсімпұлдар сомасын бірге көрсетуге бола ма? Заңды күшіне енген сот бұйрықтарын жеке сот орындаушыларына беруге құқылымыз ба?» - деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Салық дауларын реттеу тәртібі Салық кодексінің, сондай-ақ «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» Жоғарғы Соттың 2013 жылғы 27 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысымен регламенттелген. Осыған байланысты сот бұйрығын шығару туралы арызбен сотқа жүгінген кезде Сіз осы нормаларды және АІЖК-ні басшылыққа алыңыз.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңның 138-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке сот орындаушылары мемлекеттен өндіріп алу туралы құжаттарды қоспағанда осы Заңмен көзделген барлық құжаттарды орындауға қабылдауға құқылы.

Сонымен қатар, Жоғарғы Сот нақтылы істі қарау кезінде заңмен көзделген іс жүргізушілік нысандарда құқықтық ұстанымын білдіруі мүмкін. Сіз нақтылы іс бойынша сот актілерімен келіспесеңіз АІЖК-де белгіленген тәртіппен даулай аласыз.
Е.ДРОБЯЗКО: - Дәурен Габдульмулинов «Сот сарапшысының қылмыстық немесе азаматтық іске қатысуы үшін басқа елді мекенге, қалаға, облысқа баруына байланысты сот шығындары қандай көздер арқылы өтеледі және шығындарды өтеу тетіктері қалай?» - деп сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Габдульмулинов мырза!

Мұндай шығындарды өтеу тетіктері ҚІЖК-нің 21-22-тарауларында регламенттелген.

ҚІЖК-нің 173-бабына сәйкес, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде тиісті жұмысты орындағаны үшін:

1) егер жұмыс қызметтік тапсырма тәртібімен орындалса – жұмыс орны бойынша жалақы;

2) егер орындалған жұмыс оның лауазымдық міндеттеріне жатпаса және жұмыстан тыс уақытта орындалса - Үкімет белгілеген ставка мөлшерінде республикалық бюджет қаражатының есебінен сыйақы;

3) егер осы тараппен жасалған шарт бойынша орындалса – тараппен жасалған шартта белгіленген мөлшерде сыйақы алады.

2. Осы баптың 1-бөлігінің 2-тармағында көөзделген жағдайда сыйақы төлеу қылмыстық процесті жүргізуші органның сарапшы шотты ұсынғаннан кейін шығарған қаулысының негізінде жүргізіледі.

Осы ретте ҚІЖК-нің 175-бабының 7-тармағына сәйкес, іс жүргізу шығындары сот сараптамасы органдарында сараптама жүргізу кезінде жұмсалған сомалардан құралады.

Сарапшының басқа елді мекенге, қалаға, облысқа шақыртылуына байланысты сот шығындарын өтеуге келетін болсақ, бұл мәселе АІЖК-нің 8-тарауында қарастырылған. АІЖК-нің 108-бабының 1 және 8-бөлігіне сәйкес, куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органы жүргізген сараптамаға ақыны тиісті өтініш берген тарап төлейді. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты оларға келтірілген жол ақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға, сондай-ақ оларға тиесілі химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған басқа да шығын материалдарының құны, сонымен бірге олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны және машиналық уақытты тұтынғаны үшін төлеген ақысы өтеледі. Бір немесе екі тарап шығындарды төлеуден босатылған жағдайда сарапшылар мен мамандарға тиесілі сомаларды төлеу республикалық бюджеттің есебінен жүргізіледі.

Егер сот шығындарын өтеу мәселесіне байланысты сот акітілерімен келіспеген жағдайда Сіз заңмен белгіленген тәртіппен шағымдана аласыз.


Е.ДРОБЯЗКО: - Б. Иембергенов Семейден «сарапшылардың НПВ нысанында сараптама жүргізуге жұмсаған шығындары өтелуге жата ма?» деп сұрайды?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Игембергенов!

АІЖК-нің 108-бабының 1-бөлігіне сәйкес, куәларға, сарапшыларға, мамандарға сомаларды, сондай-ақ сот сараптамасы органы жүргізген сараптамаға ақыны тиісті өтініш берген тарап төлейді. Куәларға, сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға сотқа келуге байланысты оларға келтірілген жол ақысы, бөлме жалдау жөніндегі шығындар өтеледі және іссапарға жіберілген адамдар үшін белгіленген мөлшерде тәулікақы төленеді. Сарапшы мен маманға, сондай-ақ оларға тиесілі химиялық реактивтер мен тапсырылған жұмысты орындау кезінде олар жұмсаған басқа да шығын материалдарының құны, сонымен бірге олардың жұмысты орындау үшін құрал-жабдықтарды, коммуналдық қызметтерді пайдаланғаны және машиналық уақытты тұтынғаны үшін төлеген ақысы өтеледі. Бұған қоса, АІЖК-нің 108-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сарапшылар мен мамандар, егер бұл жұмыс олардың қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, соттың тапсырмасы бойынша өздері орындаған жұмыс үшін сыйақы алады. Сыйақының мөлшерін тараптармен келісім бойынша сот анықтайды.


Е.ДРОБЯЗКО: - Иембергеновтен тағы бір сұрақ: «Сарапшы жүргізілген сараптама үшін ақы төленбеген жағдайда азаматтық іс материалын кері қайтарып алуға құқылы ма»?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - АІЖК-нің 21-бабының 2-тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот шешімдері, ұйғарымдары, қаулылары мен бұйрықтары, сондай-ақ соттар мен судьялардың заңды өкімдері, талаптары, тапсырмалары, шақырулары мен басқа да жолданыстары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, басқа да заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс. Сондықтан, АІЖК-нің осы нормасын ескере отырып, сарапшы сараптама жүргізу үшін ақы төленбесе де сараптама жүргізбей азаматтық іс материалдарын кері қайтаруға құқылы емес. Өйткені сараптама жүргізу шығындарын сот істі мәні бойынша қарап, сарапшыға өндіріп беруі мүмкін.
Е.ДРОБЯЗКО: - Александр Каплан бірнеше сұрақ қойды:

Судьялар жүктемесінің сот статистикасы неге орташа арифметикалық есепті ескереді?

Заңды тұлғаның банкроттығы туралы арыз беру кезінде әлеуетті банкрот кредиторы борышкердің қаржы-шаруашылық жағдайын растайтын құжаттарды: салық декларациясын, бухгалтерлік есептерді, әділет органдарынан, банктерден, салық мекемелерінен анықтамаларды және т.б. жинауға тиіс пе? Бұл соттың жұмысы емес пе?

Әкімшілік іс бойынша қаулы дайындалғаннан кейін уәкілетті орган әкімшілік сотта іс қозғайды. Осы сот шығарған ұйғарымға прокурордың наразылық келтіргенінен басқа ешқандай шағым берілмейді. Судьяны жауапкершілікке тарту тәртібі қалай?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Александр!

СО БААТЖ-дағы ведомстволық есеп бойынша судьялардың жүктемесі қаралған істердің жалпы саны мен судьялар саны ескеріле отырып шығарылады. Осы ретте әр өңірлердегі соттар судьяларының жүктемелері жеке анықталады. Осы орайда белгілі бір кезеңде сот төрелігін жүзеге асыру назарға алынады.

Судьялардың штат санын оңтайландыру бағытында Жоғарғы Сот сот қызметін жетілдіру мақсатында кешенді шаралар қабылдауда. Өткен жылы Жоғарғы Сот судьялардың ғылыми негізделген нормативтерін анықтау үшін осы салаға маманданған тәуелсіз зерттеу ұйымын тартты. Осы ұйым әзірлеген судьялардың жүктеме нормативтері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісілді және Жоғарғы Сот Төрағасының 2013 жылғы 4 наурыздағы № 55 өкімімен бекітілді.

Зерттеу әдістемесі аудандық және оған теңестірілген соттар судьяларының жүктемелерін есептеудің қолданыстағы әдістемесінен ерекшеленеді және судьялардың есепті кезеңдегі жұмысының қорытындылары бойынша судьялардың саны мен олардың жүктемелерін айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар судьялардың іс жүргізушілік қызметті жүзеге асыруға, қоғамдық жұмысқа, біліктілікті арттыруға, сот шешімдерін орындауға арнап жұмсаған уақытын анықтауға қол жетті. Нормативтерді есептеу кезінде істердің күрделілігіне, қылмыстар құрамына, айыпталушылар мен сұралатын куәлар санына, істегі томдардың санына қарай түзету коэффициенттері қолданылады.

Жоғарғы Сот статистикалық мәліметтер мен судьялар штаты санының негізінде судьялардың штат санын бекітілген нормативтік жүктемелер бойынша қарау жөнінде ЖСК-ге ұсыныстар енгізді.

Екінші мәселе бойынша. Кредитор арызды АІЖК-нің 4-кіші бөлімінде белгіленген қағидалар бойынша және «Банкроттық туралы» Заңға сәйкес сотқа береді. Арызға қоса берілген құжаттарды қарау тәртібі «Банкроттық туралы» Заңның 22-бабымен регламенттелген.

Үшінші сұрақ бойынша айтарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың тәртібі мен негіздері ӘҚБтК-нің 40-тарауында көрсетілген. ӘҚБтК-нің 672-бабының 1-бөлігінде жоғары тұрған соттың қайта қарауына жататын, заңды күшіне енген сот актілерінің тізбесі берілген.

Жоғарғы Сот нақтылы істерді қарау кезінде заңмен көзделген іс жүргізушілік нысанда өз пікірін айтуы мүмкін. Нақтылы іс бойынша сот актілерімен келіспеген жағдайда Сіз оларды АІЖК-де белгіленген тәртіппен даулай аласыз.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы №132-II Конституциялық заңының 39-бабына сәйкес, судья сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн, судья әдебiне қайшы келетiн терiс қылық жасағаны үшiн, еңбек тәртiбiн өрескел бұзғаны үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкін. Сот актiсiнiң күшiн жою немесе өзгерту, егер бұл орайда заңды өрескел бұзуға жол берiлмеген және ол туралы жоғары тұрған сот орнының сот актiсiнде көрсетiлмеген болса, өздiгiнен судьялардың жауаптылығына әкеп соқпайды.

Материалдар мен арыздарды қарау тәртібі Судьялар одағы филиалдарының Судья әдебі жөніндегі комиссиялары туралы ережемен регламенттелген. Осы Ереже Судьялар одағы Орталық кеңесінің 2010 жылғы 5 ақпандағы № 7 қаулысымен және Президенттің 2012 жылғы 18 мамырдағы № 329 Жарлығымен бекітілген Сот жюриі туралы ережемен бекітілген.


Е.ДРОБЯЗКО: - Алекс Маралбаев республика судьялар корпусының құрамына кіретін болуы керек немесе оны судьялар қызметі толғандыратын болар. Ол «Сот ісін жүргізу жеңілдетіле ме? Судьяларды кеңестерге шақыру қашан тоқтайды? Судьяларды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету жөнінде не істеліп жатыр?» деп сұрақ қойды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Алекс Маралбаев!

Мемлекет Басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Жоғарғы Сот «Сот төрелігін одан әрі жетілдіру, төрешілдік рәсімдерді азайту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеуде.

Судьялардың бітпейтін кеңестерге қатысуы туралы мәселеге келетін болсақ, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен судьяларға соттан тыс және заңда көрсетілмеген міндеттерді жүктеуге тыйым салынған, сондықтан жергілікті соттарда жұмысты ұйымдастыруға байланысты жиналыстарға қатыспайды. Кеңестерге негізінен судьялар мен алқа төрағалары қатысады. Оларға аталған Конституциялық заңмен сот төрелігін жүзеге асырудан тыс ұйымдық-құқықтық міндеттер жүктелген.

Биыл республика судьяларының VI съезі өтеді. Онда судьяларды зейнетақымен қамтамасыз ету, олардың кепілдіктері туралы мәселелер және оларды шешудің жолдары талқыланатын болады.


Е.ДРОБЯЗКО: - «Қылмыстық және азаматтық сот процестеріне қатысу кезінде Институт сарапшыларына қызметтік куәлік ұсынылады, алайда, сот тергеуі кезінде сот сарапшының жеке басын, отбасылық мәліметтерін, тұрған жерін анықтайды. Осының өзі қауіпсіздік шарасын сақтамау болып табылмай ма? Сарапшы сот отырысында өзінің жеке басына қатысты мәліметтерді жарияламауға құқылы ма?». Осы сұраққа Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының өкілдері қол қойыпты.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - АІЖК-нің 181-бабының 2-тармағына сәйкес, төрағалық етуші келген адамдардың жеке басын анықтайды, сондай-ақ лауазымды адамдар мен өкілдердің өкілеттіктерін тексереді.

Сонымен қатар, аталған әрекеттер Сіздің АІЖК-нің 92-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқықтарды іске асыруыңызға кедергі келтірмейді. Онда сарапшы сараптама нысанасына қатысты іс материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінішті мәлімдеуге; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот отырысына қатысуға және оларға қатысушы адамдарға сараптама нысанасына қатысты сұрақтар қоюға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеттері мен айғақтарының толық және дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаларға енгізілуге тиісті ескертпелер жасауға; сот сараптамасын тағайындаған соттың келісімі бойынша сот-сараптамалық зерттеу барысында анықталған, азаматтық іс үшін маңызы бар, сараптама тағайындау туралы ұйғарымда қамтылған мәселелердің шегінен тыс мән-жайлар бойынша өз құзыреті шегінде қорытынды беруге; ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақтар беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; аудармашыдан бас тартуды мәлімдеуге; сараптама жүргізу кезінде соттың және іс жүргізуге қатысушы өзге де адамдардың өзінің құқықтарына нұқсан келтіретін шешімдері мен әрекеттеріне шағым жасауға; сараптама жүргізу кезінде шеккен шығыстарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің лауазымдық міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмысы үшін сыйақы алуға құқылы екендігі көрсетілген.

ҚІЖК-нің 82-бабының 1-бөлігіне сәйкес, айғақ беру үшiн куә ретiнде iс үшiн маңызы бар қандай да болсын мән-жай өзіне белгiлi болуы мүмкiн кез келген адам шақырылуы және одан жауап алынуы мүмкiн.

Осы ретте ҚІЖК-нің 82-бабының 2-бөлігінде куә ретінде жауап алуға жатпайтын адамдардың түпкілікті тізбесі көрсетілген.

Осы тізбеге сарапшы жатпайды. Сондықтан сот дәлелдемелерді жинау қажет болған жағдайда (ҚІЖК-нің 125-бабы) сарапшыны куә ретінде тартып, одан ҚІЖК-нің 82-83-баптары бойынша (мысалы, сарапшының қорытындысында көрсетілмеген, бірақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлар бойынша) жауап алуға құқылы.

ҚІЖК-нің 98-бабына сәйкес, сарапшы осы бапта көрсетілген басқа да адамдар сияқты мемлекеттiң қорғауында болады.

Қорғауға алынуға жататын адамдарды өлтіремін деп қорқыту, күш қолдану, мүлкін жою немесе зақымдау жөнінде көрінеу қауіп төнсе не өзге де құқыққа қайшы әрекет жасалуы мүмкін болса, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде заңмен көзделген мемлекеттік қорғау, соның ішінде қорғалатын адам туралы мәліметтерге шек қою шараларын іске асырады.

«Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңның 3-бабына сәйкес, сарапшы оның жеке басының мәліметтерін жарияламау жөнінде сотқа өтінім бере алады.


Е.ДРОБЯЗКО: - «Менің салық органдарында жұмыс істегеніме 22 жылдан асты, - деп жазады Күлшара Жабағинова, - салықтық тексеру, заң қызметі мәселелерімен айналыстым. Талай жылдан бері мамандандырылған салық соттарын құру туралы айтылып келе жатыр. Осындай соттарды құрудың келешегі қалай»?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Күлшара! Салық соттарын құру 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында қарастырылған. Бұл мәселе осы Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде шешілетін болады.
Е.ДРОБЯЗКО: - «Сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмдерi туралы» Заңмен 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық төлеушінің тіркеу нөмірінің жойылуына және Қазақстан аумағында өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырушылар үшін жеке сәйкестендіру нөмірімен ауыстырылуына байланысты АІЖК-ге тиісті түзету енгізіле ме? Негізінен республика соттары мүлікті иелену мерзімінің ескіруі туралы талаптарды жеті жылдық мерзімді қолданып, негізінен әуре – сарсаңға салмай қарауда. Бірақ, Павлодар облысы, атап айтқанда, Екібастұз қалалық сотының судьялары жеті жылдық иелену мерзіміне негізделген талаптарды Жоғарғы Соттың 2006 жылғы 20 сәуірдегі № 3 «Меншік иесімен тасталған тұрғын үйге құқық жөніндегі дауларды соттардың қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 10-11-тармақтарына сүйеніп көбінесе қарамай әуре-сарсаңға салуда. Бейбіт Владимирович Бейбутов осындай сұрақ қойып отыр.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Құрметті Бейбіт Владимирович!

Сіздің бірінші сұрағыңызға жауап бере отырып, үстіміздегі жылы АІЖК-нің нормаларын өзгертуге қатысты заң жобасы әзірленіп жатқанын айтқым келеді. Жеке сәйкестендіру нөміріне қатысты тиісті өзгерістер осы заң жобасында қарастырылатын болады.

Шынында да АК-нің 240-бабына 2011 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, жылжымайтын мүлік үшін иелену мерзімі он бес жылдан жеті жылға төмендетілді. Осыған байланысты соттар азаматтық іс жүргізу нормаларын басшылыққа алуға тиіс деп есептеймін. Сонымен бірге, соттар істерді қарау кезінде нормативтік құқықтық актілердің сатысын да ескеруге тиіс.

Екібастұз қалалық соты судьяларының осы нормаларды қолдануына интернет-конференция кезінде баға беру мүмкін емес. Өйткені бұл мәселе тек нақтылы сот актісіне шағым беру кезінде шешілуі мүмкін. Бұл мәселені, сондай-ақ облыс соттарының тұрғын үй дауларын қарау мәселесін мен Павлодар облыстық сотына тапсырамын.


Е.ДРОБЯЗКО: - Конференцияның тағы бір қатысушысы Мария ЖШС-ны АҚ-ға қосу мүмкіндігін түсіндіруді және қайта ұймдастырылған заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық нысанының әртүрлі болу себебіне байланысты тіркеуден бас тартуды даулаудың сотта қаралған-қаралмағанын сұрайды.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің құқықтық жағдайы АК-мен қатар Жоғарғы Соттың 2008 жылғы 10 шілдедегі № 2 «Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысында, «Шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңда, сондай-ақ «Шаруашылық серктестіктері туралы» Заңның жалпы ережесінің 1-бөлімінде айқындалған.

Сіздің сұрағыңыздан нақтылы азаматтық іске байланысты мәселелер байқалады. Сондықтан Жоғарғы Соттың құқықтық ұстанымы нақтылы істі қадағалау тәртібімен қарау кезінде заңмен көзделген іс жүргізушілік нысандарда білдірілетіндіктен, Сіз іс бойынша сот актілерімен келіспеген жағдайда, оларға АІЖК-де белгіленген тәртіппен шағым келтіре аласыз.

ЖШС-ны АҚ-ға біріктіру мүмкіндігіне қатысты мына жайтты атап өткім келеді, яғни Конституцияның 13-бабына сәйкес Сіздің сот қорғауына құқығыңыз бар, алайда, мұндай құқықты іске асыру жөнінде Сізге құқықтық көмекті заң кеңесінен алған жөн. Істерді қараудың сот практикасын Сіз «ҚР Жоғарғы Соты бюллетені» кезеңдік баспа журналынан зерделей аласыз.
Е.ДРОБЯЗКО: - Айман Токтарова мынадай сұрақ қояды: «Талап арыз берген кезде екі сату-сатып алу шартын жасалған деп тануды сұрайды, бірақ сонымен қатар мемлекеттік бажды толық төлемейді. Осындай жағдайларда судья талап арызда қабылдап, сот ісін жүргізуді бастай алады ма? Заң бойынша қалай және қандай жағдайларда мәміле жасалған деп есептеледі? Егер жеке тұлғалар арасында нотариальды куәландырылған сату-сатып алу шарты болмаса, сатып алушының «яки» деген сөзінен, расында тұрып жатыр, бірақ жылжымайтын мүлікті қашан, кіммен және кімнен алғанын білмейтіні және көрмегені туралы көршілердің куәлік беруінен, судья осы көрсетулерді негізге алып, шешім шығара алады ма?

Сот ісін жүргізу тілі талапкердің хабарынсыз (талап арыз орыс тілінде берілген), жауапкердің қарсы арызына негізделіп, судьяның ұйғаруы бойынша екі іс біріктіріліп, шешім қазақ тілінде шығарылған. Бұл талапкердің Конституциялық құқығын бұзу болып табылады ма?

Талапкер – науқас адам, сот отырысында оған жала жабылды және оның қадір-қасиетін кемсітетін сөздер айтылды, судья отырыстың хаттамасы жүргізіліп жатқанын және барлығы жазылып жатқаны туралы жауапкер тарабына ескерту жасады, алайда танысу кезінде бұл сөздер жазылмаған. Талапкер сот отырысы залында жауапкердің шынымен заңсыз қорлағанын қалай дәлелдей алады?»
Б.БЕКНАЗАРОВ: - АІЖК-нің 101-бабына сәйкес мемлекеттік баж төлеудің тәртібі мен мөлшері Салық кодексімен белгіленеді.

Мемлекеттік баждың мөлшері дұрыс төленбеген жағдайда, судья АІЖК-нің 155-бабының талаптарына сәйкес арызды қозғалыссыз қалдыру туралы ұйғарым шығарып, бұл туралы талап арызды берген тұлғаға хабарлайды және оған кемшіліктерді түзету үшін мерзім береді. Егер талап қоюшы судьяның нұсқауларына сәйкес және ол белгілеген мерзімде ұйғарымда аталған талаптарды орындаса, талап арыз оны сотқа алғашқы тапсырған күні берілген болып есептеледі. Олай болмаған жағдайда арыз берілмеген болып есептеледі және судьяның ұйғарымымен оған қоса тіркелген барлық құжаттармен бірге талап қоюшыға қайтарылады.

Сіздің өтінішіңіздің мазмұнынан өзіңіз қатысушысы болып табылатын нақты азаматтық іске байланысты сұрақтар байқалады. Нақты іс бойынша сот актілерімен келіспейтін жағдаймен байланысты, Сіз АІЖК-де белгіленген тәртіпте, оларға шағым келтіруге құқылысыз, өйткені Жоғарғы Соттың құқықтық ұстанымы қадағалау тәртібінде нақты істі қарау кезінде заңда көзделген процессуалдық нысанда айтылуы мүмкін. Сізге сотта процессуалдық құқықтарыңызды қорғау үшін заң көмегін заң кеңесінен алған жөн, өйткені бұл мәселе соттың құзыретіне жатпайды.

Қазақстанда сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап арыз (арыз) берілген тілге қарай сот ұйғарымымен белгіленеді. Белгілі бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жөнді білмейтін іске қатысушы адамдарға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі. Сот құжаттары іске қатысушы адамдарға олардың ана тіліне немесе олар білетін басқа тілге аударылып беріледі.

АІЖК-нің 258 және 259-баптарына сәйкес, іске қатысушы адамдар немесе олардың өкілдері сот отырысының хаттамасы дайындалған және оған қол қойылған күннен бастап бес күн ішінде онымен танысуға, хаттамада жіберілген қателіктерді немесе жасалған іс-әрекеттердің және олардың нәтижелерін тіркеудің (көрсетудің) толық еместігін көрсете отырып, бес күн ішінде оған жазбаша түрде ескертпелер беруге құқылы. Хаттамаға жасалған ескертпелерді оған қол қойған төрағалық етуші қарайды, ол ескертпелермен келіскен жағдайда олардың дұрыстығын куәландырады.

Төрағалық етуші берілген ескертпелермен келіспеген жағдайда олар істі қарауға қатысқан адамдарға хабарлана отырып, сот отырысында қаралады. Істі қарауға қатысқан адамдардың келмеуі хаттамаға ескертпелерді қарау үшін кедергі болып табылмайды. Ескертпелерді қарау нәтижесінде төрағалық етуші олардың дұрыстығын куәландыру туралы не олардың толық немесе ішінара қабылданбауы туралы ұйғарым шығарады. Соттың ұйғарымы шағымдануға және наразылық білдіруге жатпайды, бірақ ұйғарымға қарсылық апелляциялық шағымға немесе наразылыққа енгізілуі мүмкін. Барлық ескертпелер іске тіркеледі. Хаттамаға жасалған ескертпелер олардың берілген күнінен бастап бес күн ішінде қаралуға тиіс. Іс бойынша төрағалық етуші әлдебір объективті себептермен хаттамаға жасалған ескертпелерді қарай алмаған жағдайда, олар іс материалдарына тіркеледі.

Қорлағаны үшін жауапқа тартуға көмек көрсетуге қатысты, Конституцияның 13-бабына сәйкес, Сіз сот арқылы қорғалуға құқығыңыз бар. Алайда, мұндай құқықтарыңызды іске асыру жөнінде нақты заң көмегін Сізге заң кеңесінен алған жөн.

Жауапкер тарапынан қорлау туралы шынайы дәлелдемелер болған кезде, Сіз бұзылған құқыңызды қорғау үшін сотқа жүгіне аласыз. АІЖК-нің 257-бабы 3-бөлігінің тәртібінде сот ісін жүргізуде аудио-бейнежазу жүйесі қолданылған жағдайда, сот отырысын тіркеп жазудың қосымша материалдары сот отырысының хаттамасына тіркеледі және іс материалдарымен бірге сақталады. Сіз олармен заңда белгіленген тәртіпте танысуға құқылысыз. Аталған материалдар мен сот отырысының хаттамасы Сіз көрсеткен мәліметтер болған жағдайда, қаралып отырған жайтқа құқықтың бұзылуына бір дәлел бола алады.

Сонымен қатар, Сізге мұндай құқықтарды іске асыру жөнінде нақты заң көмегін заң кеңесінен алған жөн. Іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес сот отырысының хаттамасына ескерту жасауға құқылысыз.

Е.ДРОБЯЗКО: - «Жергілікті билік органдарының пайдасына соттар заңды бұзуға жол береді деп есептейсіз бе, яғни «мемлекеттік қажеттілік» үшін, атап айтқанда мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімін мәжбүрлеп алу» - деп сұрайды Лилия Сұлтан, сот практикасынан нақты мысал келтіре отырып...

Бектас Әбдіханұлы, осы конференцияның өткізілетіні туралы алдын ала анонс ақпаратында біз нақты істер мен сот актілері туралы сұрақтар қабылданбайтынын айтқан болатынбыз, мұндай хаттар аз болмағанын атап өту керек...

Б.БЕКНАЗАРОВ: - Интернет-конференцияның шегі мұндай хаттарды қарауға мүмкіндік бермейді. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 25-бабына сәйкес, судьялар сот төрелiгiн жүзеге асыруы кезiнде тәуелсiз және Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңға ғана бағынады. Ешкiмнiң сот төрелiгiн жүзеге асыру iсiне араласуға құқығы жоқ. Мұндай сұрақтар заңнама талаптарын ескере отырып жан-жақты ойластырылуы тиіс.

Лилия Сұлтанның мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімін мәжбүрлеп алу туралы сұрағына қатысты, Жоғарғы Соттың құқықтық ұстанымы қадағалау тәртібінде нақты істі қарау кезінде заңда көзделген процессуалдық нысанда айтылуы мүмкін екенін атап өту керек.


Е.ДРОБЯЗКО: - Бектас Әбдіханұлы, «Жетім балалар мен «Мирекл» балалар үйінің түлектерін әлеуметтік бейімдеу орталығы» АҚ-ы ұйымының мүшесі Рауф Сабитов мүгедек Сергей Ватаваның екі жыл бойы Сіздің қабылдауыңызға кіре алмағанын жеткізді. Жазылу кезінде Жоғарғы Соттың қаулысы бар екендігін бір-ақ білген...
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Азаматтарды, заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау сот төрелігін жүзеге асыру кезінде судьялар жол берген процессуалдық заң бұзушылықтарды белгілі бір деңгейде көруге, сот қызметінің жағымды сәттерін анықтауға жәрдем беретініне сенімдімін. Сонымен, 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша менің жеке қабылдауымда 82 (2012 жылы – 70) азамат болды.

Осыған орай, бүгінгі күні Жоғарғы Сот 60-тан астам өтінішті қарады, оның ішінде 4 ұсыным бойынша шағым келтіріліп отырған сот актілерінің күшін жоюға қаулы етілді. Ағымдағы жылдың 6 айында менің блогыма тікелей түскен азаматтардың 300-ден астам электрондық өтініші қаралды. Аталған цифрларды ескере отырып, түскен өтініштерді қарауды реттеу мақсатында, біз Азаматтарды қабылдауды ұйымдастырудың ережесін әзірледік.

С.Ватаваның жағдайына қатысты, мынаны түсіндіргім келеді, ол жазылған сот актілерімен өзінің келіспейтінін білдіру үшін менің қабылдауыма жазылғысы келген. С.Ватава сот актілеріне шағым келтіру құқығын, соның ішінде Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасында да, бірнеше рет жүзеге асырған. Сөйтіп, белгілі болғандай, Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасының қаулысы түпкілікті болып табылады және заң нормаларында сот актілерін қайта қарау бойынша қадағалау өндірісін қозғау туралы қадағалау ұсынымын беру және қабылдауға қайта өтініш беруге мүмкіндік беретін ереже көзделмеген.
Е.ДРОБЯЗКО: - Заңгер Мейрам Али мынадай сұрақ қояды: Азаматтық сот ісін жүргізуде «апелляция институты» не үшін жұмыс істейді? Мен бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда сот ісін жүргізуге бірнеше рет қатысқан адам болғандықтан, бастамашы бола отырып, қазір осының бәрі «бос формальдылық», босқа кеткен уақыт пен жүйке, кезекті соттардың табалдырығын тоздыру екеніне сенімдімін. Кассациялық шағым бергеннен кейін және даулы фактілердің бұрмаланғанына және талапкер жағынан заңсыз талап қойылғанына сөзсіз дәлелдер ұсынылғаннан кейін, кассациялық алқа іс бойынша барлық мән-жайды және ұсынылған дәлелдемелерді түпкілікті зерделеп, жаңа шешім шығарды. Кассациялық алқа бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар материалдық және процессуалдық нормалардың елеулі бұзылуына жол бергенін көрсетіп қаулы етті.
Б.БЕКНАЗАРОВ: - АІЖК-нің 40-тарауында апелляциялық шағым келтіру, сот актілеріне наразылық көзделген. АІЖК-нің 345-бабының 1-тармағына сәйкес, істi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде сот бiрiншi сатыдағы сот шешiмiнiң заңдылығы мен негiздiлiгiн толық көлемiнде тексередi. Сонымен бірге, апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгеріссіз, ал шағымды немесе наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруға, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуге, бірінші сатыдағы соттың шешімін бұзуға және жаңа шешім шығаруға, шешімді толық немесе ішінара бұзуға және іс бойынша өндірісті қысқартуға немесе арызды қараусыз қалдыруға құқылы.

Сот актілеріне шағым келтірудің ұқсас практикасы әкімшілік істер бойынша да қалыптасқан, онда жоғары тұрған соттың судьясы мына: қаулыны өзгеріссіз, ал шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыру туралы; қаулыны өзгерту туралы; қаулыны бұзу және іс бойынша жаңа қаулы шығару туралы; егер шағымды, наразылықты қарау кезінде қаулыны шығаруға құзіреті жоқ судья, орган (лауазымды тұлға) шығарғаны анықталса, қаулыны бұзу және істі бағыныстылығы бойынша қарауға жолдау туралы шешімдердің бірін шығарады.

Сонымен қатар, Сіз өз өтінішіңізде азаматтық іс бойынша апелляциялық сатыдағы сот актілерімен келіспеушілік білдіргеніңіз байқалады, яғни Сіз заңда белгіленген тәртіпте жоғары тұрған сатыға оларға шағым келтіруге құқылысыз.

«Апелляция институтын» «бос формальдылық» деп атауға болмайды. Өйткені бірінші сатыдағы соттың шығарған шешіміне іске қатысушы адамдар, олармен келіспеген жағдайда, мүдделері қозғалған, іске қатысуға тартылмаған адамдар да, шағым келтіруі мүмкін. Апелляциялық сатыдағы сот отырысының барысында бiрiншi сатыдағы сот актісінің заңдылығы мен негiздiлiгi тексеріледi. Сот шешімін бұзу немесе өзгерту үшін азаматтық процессуалдық заңнамада көзделген негіздер болған жағдайда тиісті қаулы шығарылады.

Төменгі тұрған соттарда жаңадан қарауға істерді қайтару туралы апелляциялық сатыдағы негізсіз шешімдердің мүмкіндігін заңнамалық шектеудің қажеттілігі туралы Мемлекет Басшысы қойған мәселе бүгінде шешілгенін атап өткен жөн. Қазақстан судьяларының V съезінде айтылған, Президент тапсырмаларын орындау мақсатында нақты шаралар қабылдануда. 2012 жылғы ақпанда істерді қараудың апелляциялық, кассациялық және қадағалау тәртібі жетілдірілген заң қабылданды. Оның нормалары 2012 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Апелляциялық саты соттарында істерді бірінші сатыдағы соттарда жаңадан қарауға жолдау мүмкіндігі жойылды. Аудандық, қалалық соттардың сот актілері міндетті түрде кассациялық өндірісте қаралғаннан кейін ғана Жоғарғы Соттың қадағалаушы сот алқасында қайта қаралуы мүмкін. Алайда, заңның бұл талаптары бірінші сатыдағы соттың өндірісіне 2012 жылғы 1 шілдеден кейін қабылданған азаматтық істерге шағым келтіру кезінде қолданылады.
Е.ДРОБЯЗКО: - Бектас Әбдіханұлы! Менің ойымша, келесі сұрақтарды біріктіруге болады...

Э.Митченкова артықшылықты акционерлердің акцияларын қайтарып алу туралы талабымен сотқа арыздың қалай берілетіні жөнінде кеңес беруді сұрайды, Н.Матвеева, өтіп жатқан көлікпен зақым келтірілген балконын, қалпына кім келтіреді деп сұрайды, ал А.Ризаева, тұрғын үйге қызмет көрсететін компанияның (ЖЭК), менімен келісім шарты болмай, ортақ мүлікке қызмет көрсетулері үшін мені жарна төлеуге мәжбүрлеуге құқығы бар ма деп сұрайды?
Б.БЕКНАЗАРОВ: - Дұрысы осы барлық сұрақтардың жауаптары бірдей болады. Конституцияның 13-бабына сәйкес Э.Митченкованың да, Н.Матвееваның да, А.Ризаеваның да сот қорғауына құқықтары бар. Олар арызды ресімдеу бойынша, нақты құқықтық жәрдемді, заң кеңесін алулары тиіс. Олардың қалыптасқан дау бойынша, шығарылған сот актілерімен келіспеушіліктері болған жағдайда, олар заңда белгіленген тәртіпте шағым келтіруге құқылы.
Е.ДРОБЯЗКО: - Бектас Әбдіханұлы! Ғаламтор-конференциясының поштасына, екі алғыс келіп түсті. Оларды оқып беруге рұқсат етіңіз.

Біріншісінде Тұрсыновтар отбасы Астана қаласының Есіл аудандық сотына алғыс білдіреді. Олардың арасындағы азаматтық даудың егжей-тегжейі мынадай. Астана тұрғындары - ерлі-зайыпты Тұрсыновтар - «Тальго» пойызының, «Астана-Алматы» бағытына екі билет сатып алады, ал кетуден 4 күн бұрын олар (билеттерді) жоғалтып алыпты. Оларды қалпына келтіру туралы өтініштерін, билеттер сатып алынған Астана вокзалының билет кассасында, «Жолаушылар тасымалдары» АҚ-ның вокзал бастығы қабылдамаған. Ерлі-зайыптылар жауапты бір айдан соң «пойызы жүріп кеткенде» ғана алған. «Судья әділеттік және ақылға қонымдылық өлшеміне сүйене отырып шешім қабылдады, және біздің құқықтарымызды қалпына келтірді - деп өз хатында Тұрсыновтар жазған. Екіншісінде, Ақтөбе облысының Алға балалар үйі, жыл сайын балалар үйіне қолдау және көмек көрсететін Ақтөбе облыстық сотына алғысын білдіреді. Мүмкін оларға қайшы: «Шынымен де Сіздерге тек қана мақтаулы және қуанышты хабар жіберіліп тұрады ма? Судьялардың әрекеттері немесе әрекетсіздіктеріне, азаматтар мен заңды тұлғалардың білдіретін шағымдары мен жан айғайлары қайда?» - деп Р.Төлегенов сұрақ қояды.


Б.БЕКНАЗАРОВ: - Менің поштама үнемі біздің мемлекеттің азаматтарынан және азаматтары емес тұлғалардан алғыс хаттары түсіп жатады. Әрбірінде – тағдыр баяны, басынан кешкендерінен жанның күюі, және республика соттарында істің әділетті шешілгені үшін шексіз алғыс сөздері бар. Олардың кейбіреулері Жоғарғы Соттың ғаламтор-ресурсында орнатылған.

Бірақ Жоғарғы Сотқа тек алғыстар ғана түседі деп жорамалдау, адасушылық болады. Сонымен қатар, судьялардың іс-әрекетіне қатысты шағымдарда түседі. Егер статистикаға жүгінсек, онда, мүмкін 2012 жылы республика бойынша судьялардың әрекеттеріне шағым жасау 24 %, ал 2013 жылғы 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 21 % азайғанын айтып ескерту керек болар.

Бізге олардың атына, соның ішінде әрекеттеріне, шағымдар түсетін судьяларды мүлде ақтап тұрғаным жоқ. Мұндай шағымдар 2000 жылғы 25 желтоқсандағы № 132-II «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заңға сәйкес қаралады. Сондай-ақ Төлегенов мырза, Сізді жүргізілген тексерудің қорытындысы бойынша судья тарапынан жасалған заң бұзушылық анықталған жағдайда, ешбір шағым назардан тыс қалмайды. Әрбір өтініш жете тексеріледі және заң бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жазасын тартатынына сендіремін.
Е.ДРОБЯЗКО: - Жеке кәсіпкер С.Қанағатов осындай сұрақтарды қойды: Азаматтық істер неліктен қайтадан қаралмайды? Судьяның бас тарту жөнінде берілген өтініштерді елемеуге құқығы бар ма? Және де, ешқандай шара қолданбаған жағдайда не істеу қажет? Егер сот мәжілісінде судья өзін әдепсіз (қорлап, кемсітіп, «еркін» сөз сөйлеуіне ерік беріп) ұстаған жағдайда, не істеу қажет? Егер адвокат жалдауға ақшалай қаражат болмаса, кім көмектесе алады?



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет