Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің аға оқытушысы
Наралиева Рахила Турсыновна,
Алматы қаласы
Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру
Тәуелсіз еліміздің негізгі тірегі – білімді де білікті ұрпақ, кәсіби дайындығы жоғары маман десек, қазіргі уақытта күн тәртібінде тұрған келелі мәселе білім беру, ғылымды дамыту болып табылады. Өркениеттің өзегі білім, ғылым, тәрбие екендігіне ешкімнің таласы жоқ. Қазакстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Елдің ертеңі – өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азамматтар тәрбиелеу, бүгінгі ұрпаққа сапалы білім мен саналы білім беру әрбір мұғалімнің алдында үлкен жауапкершілікті жүктейді», – деп кезекті халыққа Жолдауында мемлекетіміздің тәуелсіздігін тұрақты, еліміздің болашағы мен бақытын баянды ету барысында ұстаз еңбегінің ерен екендігін және мұғалімнің міндеті зор, келер ұрпақ бойына ізгіліктің дәнін себетін де сол өскіннің көгеріп, отан сүйгіш азамат болып өсуіне үлкен ықпал ететін ұлағатты парыз екендігін нақты атай келе, оқу-ағарту саласында «Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қонымды: 1. білім беру мемкемелерін оңтайландыру; 2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту; 3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру» [1,37] қажеттілігін айқындап берді. Ал халқымыздың көрнекті ұлы, ұлы ұстаз А.Байтұрсынұлы: «Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы. Яғни мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Өркендеу үшін керегі – білім ордасы болса, оның жаны мұғалім, ұстаз екені баршаға мәлім», – деді. Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті топ-30 елдің қатарынан енуді үлкен мақсат етіп қойды. Бұл өз кезегінде педагогтердің мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу мына біздің, ұстаздардың, қолымызда. Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады.
Қазіргі таңда мұғалімдердің кәсіби даярлығының теориялық негіздерін ашып көрсететін маңызды зерттеулер жетерлік. О.А. Абдуллина, Ю.П. Азаров, А.Н. Алексюк, Н.Д. Хмель, А.И. Щербаков және т.б. еңбегінде болашақ мұғалімдерді даярлау мәселесі қарастырылып, кәсіби қабілетін анықтау бойынша жұмыстар жүйеленген. К.С. Оспанов, С.І. Әбілдина, К.А. Сарбасова және т.б зерттеулерінде жоғары оқу орнында маман даярлауға аса мән беріліп, жас педагог тұлғасын қалыптастыру мәселесі өз шешімін тапқан. Ұлы ағартушы Ы. Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені жақсы мұғалім – мектептің жүрегі» - деген сөзі бар.
Оқытушының кәсіби іс-әрекетінің табысты болуы, олардың еңбек ұжымы мен қоғам өміріне қаншалықты тез араласып кетуі мен өз кәсіби қызметтерін қаншалықты нәтижелі орындай алуына байланысты болып жатады. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, жетілдіруге және кәсіби шыңдауға бағытталған рөлі атап көрсетілген. Олар:
-
педагогикалық дағдыларды жетілдіру;
-
оқу жоспарында және пәндерді оқыту әдістемесінде тұрақты инновацияға талпыну;
- жоғары білім беретін мекемелердің элементі ретінде педагогикалық кадрлардың кәсіби деңгейінің өсуін қадағалау;
С.Л. Рубинштейн «Оқып-үйрену мақсатындағы оқу әрекеті, яғни, белгілі әрекетті орындаудың тәсілін игеру мен белгілі бір нәтиже алу мақсатындағы іскерлік әрекет – бұл психологиялық тұрғыдан алғанда әр түрлі әрекеттер».
Кәсіби педагогикалық іс-әрекеттегі танымдық әрекеттер, өзінің кәсіби шеберлігіне талдау жасауында, әдістемелеп және психологиялық-педагогикалық әдебиеттермен қарулануында тәлімгер ұстаздардың тәжірибесін қолдануында жүзеге асады. Оқытушы өз жұмысын атқару барысында әдістеменің талаптарына сай сабақтың барлық түрлерін, типтерін жоспарлайды және сабақтан тыс қоғамдық жұмыстар да оның іс-әрекетінің құрылымына кіреді.
Маманның кәсіби іс-әрекетке табысты бейімделуінің үлгісі:
1. Мотивациялық өлшемдер:
-
Өзінің кәсіби іс-әрекетіне деген қызығуы. Өзінің кәсіби шеберлігін дамыта алуы.
Көрсеткіштер:
- таным және кәсіптік қызығудың болуы;
– үздіксіз білім көтерудің жеке және қоғамдық маңыздылығын игеруі.
2. Бейімділік өлшемдер:
- бейімділік жағдайына бағдарлай алуы;
- микроорта өзгерістеріне сай іс – әрекетін өзгертуі.
Көрсеткіштер:
-
студент мәртебесінен мұғалім мәртебесіне ауысу ерекшелігін сезіну;
-
бейімділік іс – әрекетіне тән қиыншылықтарды жеңе алуы.
4. Танымдық өлшемдер:
-
әлеуметтік кәсіби қоршаған ортаны жедел тани алуы;
-
өзін кәсіби жүзеге асырудың нәтижесі әдіс – тәсілдерін пайдалануы.
Көрсеткіштер:
-жеке адамның базалық, мәдениет, кәсіптік білімін тәжірибеде қолдана алуы;
-әлеуметтік қоршаған ортаны және жаңа талаптар біліп тануы.
5. Кәсіби педагогикалық өлшемдер:
- өзінің кәсіби іс–әрекетінің мақсаты мен міндетін анықтай алуы;
- педагогикалық кәсіби қарым – қатынастың үрдісті жүзеге асыруы.
Көрсеткіштер:
-өз пәнін кәсіби жете білуі;
-оқыту тәрбиесі – психологиялық, педагогикалық негіздерін білуі;
-педагогикалық үрдісті жоспарлап, жүзеге асыра білуі болып табылады.
Мотивациялық бөлігі таным мен кәсіптік қызығуын, педагогикалық іс-әрекетке эмоцияналды жағымды нұсқаудың болуын, кәсіби шеберлігін ұштауға талпынысын көрсетеді.
Бейімділік бөлігі танымдық іс-қимылдың жүзеге асуын педагогикалық қарым-қатынасты орната алу іскерлігі мен дағдыларын сипаттайды.
Танымдық бөлігі педагогикалық үрдістің негізгі сипаттамасын білуі мен кәсіби біліктілігін тәжірибеде қолдана алуын айғақтайды. Іс-әрекеттік немесе кәсіби-педагогикалық үрдісті жоспарлап жүзеге асыра білуін, өзінің және оқушылардың іс-әрекеттеріне талдау жасай алуын танытады.
Оқытушы қандай болуы керек?
Біріншіден, оқытушы жеке көзқарасы бар және соны қорғай білетін жігерлі тұлға және маман ұстаз болуы қажет. Зерттеушілік, ойшылдық қасиеті бар оқытушы жалтақ болмайды.
Екіншіден, оқытушы педагогикалық, психологиялық білімін жетілдіріп үйренумен қатар, сол білімін күнделікті ісіне шебер пайдалана білуі қажет. Ғаламдану үдерісіне сай тыңдаушының кез келген сұрағына жауап бере алуы керек. Көп білуі үшін көп оқу керек. Сонымен қатар қазіргі заманауи қажеттілік – «ғаламтор» жүйесін жақсы меңгеруі де өте қажет.
Үшіншіден, стандартты оқулықтарды пайдалану оқытушының білім берудегі жетекші рөлін жойды. Енді білім негіздерін өз бетінше оқып үйренуіне тыңдаушыны баулу міндеті тұр.
Төртіншіден, оқытушының ұйымдастырушылық, құрылымдық, бейімділік, сараптамалық қабілеттермен қатар өз бойындағы педагогикалық жағдаяттарды, құбылыстарды талдай білуі, солардың пайда болу себеп-салдарын анықтай білуі шарт. [2, 3-9]
Бесіншіден, оқытушының адамгершілік, саяси-идеялық ұстанымы жұмысында көрініс тауып, ол ұстанымды тыңдаушы тәрбиесіне негіз етіп алуы шарт. Қысқасы, тыңдаушы ықпал ету объектісі емес, ынтымақтаса қызмет ететін тұлғаға айналуы керек. Әрбір оқытушы ұлттық құндылықтарды меңгеріп өз ісінде инновациялық әдістерді пайдалануы тиіс.
Оқытушының сан-салалы, алуан-қырлы, ізденіс-толғанысы, білім деңгейі, әдістемелік, ұстаздық біліктілігі, шеберлігі сабақтан көрініс табады. Сабақты жаңаша ұйымдастырып, өзіндік тың ізденістерге талпынған ұстаздың ұтары анық. Сабақ өту барысында ұстаз ерекшелігі – оқу материалдарымен және білім алушылармен жұмыс жүргізуінде. Осыдан оның жұмысының екі бағыты айқындалады: І. Оқытушы оқу материалдарын терең меңгеруге және өзі сабақ беретін пәнді негізді түрде білуге, сонымен қатар ол материалдарды өткенде тыңдаушыларға нақтырақ түсінік беру жолдарын қарастыру; ІІ. Оқытушы білім алушылардың психологиясы мен қабілеттіліктерін білуі тиіс, сабақтан тыс уақыттағы тыңдаушыларды оқыту мен тәрбиелеуге және олардың дұрыс дамуына қажетті педагогикалық, әдістемелік, сонымен қатар арнайы білімдердің, іскерлік пен дағдылардың және оқыту мен тәрбие берудің мақсаты мен міндеттеріне сүйенуі қажет.
Жоғары оқу орындарында оқыту мен тәрбие беру үдерістерін бір-бірімен байланыстыра отырып, білім алушылардың бойында ғылыми дүниетанымын, адамгершілік, саяси саналарын, еңбек сүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру – әрбір оқытушының міндеті.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам. Алматы, 2012,37-б.;
2. Коккозова М.Б., Наралиева Р., Амирова М.Ж., Масимбаева А.Ә.
Педагогтің танымы мен тағылымы. ҚазҰУ, 2015, 3-9бб.
Достарыңызбен бөлісу: |