Әож 371. 486 Қолжазба құқында Түсіпбаева Меруерт балғабайқызы



бет1/2
Дата23.02.2016
өлшемі271.5 Kb.
#3583
түріДиссертация
  1   2


ӘОЖ 371.486 Қолжазба құқында

Түсіпбаева Меруерт балғабайқызы


Ақын-жыраулар мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары

(XVІІІ-ХІХ ғғ.)

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы, этнопедагогика


Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның



авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2009

Жұмыс Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде орындалған.


Ғылыми жетекші: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Халитова І.Р.

Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы



Нұрғалиева Ә.Қ.
педагогика ғылымдарының

кандидаты Божиг Ж.

Жетекші ұйым: І. Жансүгіров атындағы Жетісу

мемлекеттік университеті

Диссертация 2009 жылы «___» ___________ сағ._____ Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін қорғау жөніндегі БД 14.50.05 диссертациялық Кеңесінің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас корпус, №1 кеңейтілген дәрісхана).
Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы «____»______________ таратылды.




Біріккен диссертациялық

Кеңестің ғалым хатшысы Н.Ә. Мыңжанов

Кіріспе
Зерттеудің көкейкестілігі. Қоғам дамып, үнемі жаңа сипатқа көшкен сайын адамдардың әр нәрсеге көзқарастары да өзгеріп отыратыны белгілі. Бұл көркемдік-эстетикалық талғам, құндылық, мұрат, адамдар арасындағы қарым-қатынас, махаббат, сүйіспеншілік, табиғатқа, адамдық қасиеттерге деген мәміленің де жаңғырып отыруына себеп болуда. Эстетика және оның адам өміріндегі маңызы мен психологиялық мәні, тәлім-тәрбиедегі алатын орны әрқашан ғалымдар арасында пікірталастар туғызып келген және үнемі мемлекетіміздің, оның басшысының назарында болып келеді.

Жастардың сұлулық тәрбиесіне қазақтың халық педагогикасында ерекше мән берілген. Ежелгі жазба ескерткіштерден («Күлтегін», «Тоныкөк», «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама») сөз өнерінің көркемдік сезім тәрбиесіндегі мәніне ерекше көңіл бөлінгенін көреміз. Сонымен қатар, қазақ топырағында туып-өскен Әл-Фараби, Махмұд Қашғари, Жүсіп Баласағұни, Ахмед Йүгнеки, Ахмед Яссауи, т.б. ғұлама ғалымдардың еңбектерінен де эстетикалық тәрбие идеяларын кездестіреміз. Олардың жалғасы ретінде ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда өмір сүрген қазақ ақын-жырауларының мұраларында эстетикалық тәрбие идеяларының болуы заңды құбылыс.

Кез келген өнер туындысы қазір адамдардың көркем сезімдерін оятуға емес, бизнес көзі ретінде сатылуына, кіріc әкелуіне қарай бағаланатын болып отыр. Осының өзі эстетикалық талғам мен құндылықтардың дағдарысқа ұшырауының басты себептерінің бірі. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары белгілі әлеуметтанушы П.А. Сорокин «Өнердің «абсолютті құндылықтар патшалығынан өндіріс тауарлары деңгейіне дейін төмендегенін, кофе, дәрі-дәрмек, бензин, сағыз және сол секілділердің жарнамаларының қосымшасына айналғанын» айтқан болатын. Осы іспетті көпшілік мәдениетпен қатар, жастар арасында өзінше субмәдениет пайда болып отырғанын да көріп отырмыз. Жастардың эстетикалық талғамы мен құндылықтары, ішкі жан дүниесі көп жағдайда көркем сезімге, жоғары эстетикалық санаға ұмтылмай, жеңіл-желпі көзқарастан: киім-бұйымға қызығу, мінез-құлық пен қарым-қатынастағы дөрекілік, сыртқы пішін-бейнесінен, жеңіл музыкаға қызығуынан, “селкілдеп” босқа уақыт өткізу сияқты өмір салтынан байқалады. Мұндай келеңсіздіктерді жастар арасында азайтып, дұрыс жолға салудың басты мекені – тәлім-тәрбие мекемелері және ондағы мақсатты ұйымдастырылған эстетикалық тәрбие жұмыстары. Бүгінгі күні эстетикалық тәрбие жастар өмірінің барлық салаларынан мықтап орын алуы тиіс. Олай болмаған күнде бұрыннан келе жатқан бар дәстүрімізден айрылып қалу, шетелдік ойсыз, пайдасыз, тіпті ұлттық сипатымыз бен адамзаттық болмысымызға қарсы көріністердің жетегінде кету қаупі бар. Бұл кең мағынада алғанда ұлттық қасиеттердің әлсіреп, күйреуіне, ал жеке тұлғалық тұрғыдан алғанда «мәңгүрттік», «ойсыздық» секілді дерттердің жастар арасында таралуына алып келеріне көз жеткізіп жүрміз.

Эстетиканың басты құралдарының бірі – әдебиет туындылары. Олар адамдарды жақсыға еліктетіп, кез келген істердің, құбылыстардың жақсы жағын көре білуге, оны байытып, дамытуға жұмылдырады. Қазіргі кезде орта, жоғары оқу орындарындағы және басқа да оқу-тәрбие мекемелеріндегі эстетикалық тәрбие балалар мен жастардың рухани әлемін байытудың басты әрі өте қуатты құралы болуы керек. Өйткені, біздің қоғамда бұрын болып көрмеген сипаттағы сана және сезім күресі орын алуда. Олар шетелдерден келіп жатқан, бір қарағанда «керемет», «ғажайып», «таңқаларлық» болып көрінетін, бірақ адамның бойындағы көркем сезімдер мен ізгі ниеттерді емес, керісінше, жыртқыштық, хайуандық жасырын күштерге қозғау салып оятатын, тіпті кейде еліктетіп әкететін «өнер туындыларына» көбірек еліктеуде. Себебі ол туындыларды қазіргі заманғы техника құралдары мен материалдарын пайдаланып, адамды тартып әкететін тәсілдерді қолданып, көргенде көз тойдыратын қанық бояулар, бет әлпеті сұлу, мүсінді артистердің өнерін пайдалану арқылы жасайды.

Эстетикалық тәрбие – шетелдерден келген идеологиялық «басқыншылық» пен өнердегі «жасандылық», жастар арасына дендеп еніп келе жатқан бағасыз талғам, көркемдікті тани алмайтын көзқарасқа қарсы сезім қауқарын күшейтіп, сана қуатын арттыруға бағытталуы тиіс. Осыған орай қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің міндеттері, ғалымдардың айтуынша, біріншіден, эстетикалық сана мен сезімін, эстетикалық қабылдауын ұйымдастыру арқылы тәрбиелеу; екіншіден, эстетикалық ұғымдар, түсініктер мен эстетикалық ойлауын және бағалауын қалыптастыру және, үшіншіден, эстетикалық іс-әрекетке бағыттау болуы тиіс.

Бұл ретте институт, университет, мектеп, тағы басқа да тәлім-тәрбие мекемелерінің басты міндеті – мәселенің күрделі де қиындығына қарамастан өткеннен келе жатқан эстетикалық құндылықтарды жас буындарға жеткізу, бойына сіңіру. Көзделген міндетті атқаруда жастардың қазіргі кездегі психо-этикалық, эстетикалық талғамдары мен ерекшеліктерін заман үрдістерін ескере отырып оқу үрдісінде және сабақтан тыс уақытта тәрбиелеуді жүзеге асыру мүмкіндігі кең қолданылмай келе жатқаны белгілі. Кейінгі кезде студент жастар мен мектеп оқушыларына эстетикалық тәрбие беру мәселесіне қатысты еңбектердің жетімсіздігі және олардың оқу-тәрбие мекемелерінде мүлде ескерілмей қалатыны да белгілі. Осы және басқа да студент жастарға эстетикалық тәрбие беру мәселелерін шешудің ұрымтал жолдарының бірі - оқу үрдісі мен сабақтан тыс жұмыстарда ақын-жазушылардың шығармаларындағы эстетикалық ой-пікірлерді тиімді пайдалану.

Осы орайда ХVІІІ-ХІХ ғасыр ақын-жырауларының шығармаларындағы эстетикалық ой-пікірлерді жастарға эстетикалық тәрбие беру мақсатында қолдану жолдарын ғылыми-педагогикалық тұрғыда зерттеуді ұйғардық.

Зерттеу жұмысымызда отанымыздағы ғылымның дамуына ерен үлес қосқан ғалым әрі ағартушылар Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, С.Сейфуллин, Қ.Жұмалиев, Қ.Жұбанов, С.Қирабаев, тағы басқалармен қатар, этникалық педагогиканың әр аспектілері бойынша зерттеу жүргізген белгілі педагог ғалымдар Т.Әлсатов, Қ. Бөлеев, Қ.Б.Жарықбаев, Е. Жұматаева, С. Қалиев, Ә.Қалыбекова, К.Ж. Қожахметова, К.Қ.Құнантаева, Н.Ә. Мыңжанов, Г.Меңлібекова, Ж.Ж. Наурызбай, Ә.Қ. Нұрғалиева, Ә. Табылдиев, т.б. еңбектеріндегі оқу-тәрбиеге қатысты пікірлерін негізге алдық.

Этнопедагогикалық мәселелерге қатысты кейінгі кездері көптеген зерттеулер жүргізілді. Олардың бірқатарында этнос субъектісін қалыптастыру, этномәдени білім беру мәселелері қарастырылады.

Эстетикалық тәрбие беру мәселелеріне қатысты С.Ш. Әбенбаев, З. Әбілова, М.Х. Балтабаев, Р.Қ. Дүйсенбінова, Ж. Зейнуллина, Т. Тәжібаев, Г.І.Төретаева, С.Ұзақбаева, І.Р.Халитова, Г.Шәймерденова және т.б. ғалымдардың іргелі еңбектері мен жекелеген мақалаларын айтуға болады. Осы және басқа да зерттеушілердің ұлттық тәлім-тәрбиені қарастырған еңбектерінен ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие туралы толыққанды пікірлерді аз кездестірдік. Ақын-жыраулар шығармаларының қуатты эстетикалық әлеуеті мен оның жастарды тәрбиелеуде пайдаланылмауы арасында; оқу-тәрбие үрдісінде ақын-жыраулар шығармаларын қолдану мүмкіндігінің болуы мен оның осы уақытқа дейін оқушылар мен студенттерге эстетикалық тәрбие беруде қолданылмауы арасындағы қайшылықтар зерттеу жұмысының тақырыбын “Ақын-жыраулар мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары (ХVІІІ-ХІХ ғғ.)деп белгілеуге мүмкіндік берді.



Зерттеу нысаны: Ақын-жыраулар мұраларындағы педагогикалық ойлар.

Зерттеу пәні: ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазақ ақын-жырауларының мұраларындағы эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлар.

Зерттеу мақсаты: ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазақ ақын-жырауларының мұраларындағы эстетикалық тәрбие идеяларын ғылыми-теориялық жағынан негіздеп, олардың бүгінгі оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудағы маңызын ашып көрсету.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егерде ақын-жыраулар мұралары арқылы эстетикалық тәрбие берудің ұтымды жүйесі жасалса, онда ХҮІІІ-ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармалары арқылы сабақ және сабақтан тыс жұмыстарда жастарға эстетикалық тәрбие беру нәтижелі және тиімді болады, өйткені бұл әдеби мұраларды эстетикалық мақсатта пайдалану арқылы жастардың эстетикалық көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеу міндеттері:

1) педагогика теориясы мен практикасындағы әдебиет арқылы эстетикалық тәрбие берудің мәні және оның тарихилық сипатын ашу;

2) ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары мен генезисін айқындау;

3) ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру ойларын талдау;

4) ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру туралы ойларды қазіргі тәрбие процесінде пайдаланудың мүмкіндіктерін анықтау.

Зерттеудің жетекші идеясыоқу-тәрбие үрдісінде ақын-жыраулар шығармалары арқылы эстетикалық тәрбие беруді педагогикалық, психологиялық, философиялық тұстарын қарастыру, соның негізінде эстетикалық тәрбие беруді жүзеге асыруға себепші болатын ғылыми-әдістемелік нұсқаулар даярлау олардың тәрбиелік әлеуетін толық пайдалануға жол ашады.

Зерттеудің әдіснамалық негіздері: философиялық және психологиялық-педагогикалық тұжырымдамалар; жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды олардың бірлігі мен өзара байланысында қарастыратын жалпының және жалқының қатынасы диалектикасы туралы қағидалар; адамды қоғамдық дамудың ең басты құндылығы ретінде қарастыратын аксиологиялық тұғыр; қазақ халық әдебиетін ұрпақтардың рухани сабақтастығының маңызды көзі және құралы ретінде қарастыратын мәдениеттанулық тұғыр.

Зерттеу көздері: ҚР Заңдары және тұжырымдамалар, оқу бағдарламалары мен оқытудың жаңа технологиясына қатысты материалдар, ақын-жыраулар шығармаларына қатысты педагогикалық, психологиялық және философиялық зерттеулер, классик педагогтардың эстетикалық тәрбие және білім беру жайлы ойлары.

Зерттеу кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2004-2005 ж.ж.) зерттеу мәселесі бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық әдебиеттер мен зерттеулерге педагогикалық-теориялық талдау жасалды; тақырыптың зерттелу дәрежесі, мақсат, міндеттері, болжамы, әдіснамасы, жетекші пікірі және басқа да ғылыми тетіктері анықталды; ақын-жыраулар мұраларындағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлердің эстетикалық тәрбиеге қатысты тұстары айқындалды.

Екінші кезеңде (2005-2007ж.ж.) Ақын-жыраулар мұраларына байланысты материалдарға, олардың шығармаларына әдеби-педагогикалық талдау жасалды.

Үшінші кезеңде (2007-2008 ж.ж.) жалпы зерттеу жұмысының нәтижелері жинақталып, зерделенді, ой елегінен өткізіліп, ғылыми-әдістемелік қорытынды жасалды, нақты нұсқаулар мен ұсыныстар дайындалды, диссертациялық зерттеу жұмысы рәсімделіп, әдеби даярлығы аяқталды.

Зерттеу әдістері: ғылыми-педагогикалық, теориялық әдебиеттерге талдау беру арқылы жіктеу, топтастыру, салыстыру; тарихи-педагогикалық сипаттама беру, әдеби-педагогикалық талдау, салыстыру, жинақтау, қорыту, т.б.

Зерттеу базасы: Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университеті.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

1) педагогика теориясы мен практикасындағы әдебиет арқылы эстетикалық тәрбие берудің мәні және оның тарихилық сипаты ашылды;

2) ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары мен генезисі айқындалды;

3) ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру ойлары әдеби-педагогикалық тұрғыда талданды;

4) ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру туралы ойларды қазіргі тәрбие процесінде пайдаланудың мүмкіндіктері анықталды.

Зерттеудің практикалық мәнділігі:

Зерттеу жұмысын жүргізу нәтижесінде:

а) мұғалімдерге, оқытушыларға арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларын тәрбие процесінде пайдалану» арнайы семинары;

ә) оқушылар мен студенттерге арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары» арнайы курсы;

б) «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар және олардың эстетикалық тәрбие туралы ойлары» монографиясы дайындалып, ұсынылды.

Зерттеу нәтижесінде қол жеткізген теориялық қорытындылар мен ұсыныстарды жастарға эстетикалық тәрбие беру жұмыстарында қолдануға болады.



Қорғауға ұсынылады:

1) педагогика теориясы мен практикасындағы әдебиет арқылы эстетикалық тәрбие берудің мәні және оның тарихилық сипаттамасы;

2) ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары мен генезисі;

3) ХVІІІ – ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие туралы ойларының әдеби-педагогикалық тұрғыдағы талдауы.

4) ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру туралы ойларды қазіргі тәрбие процесінде пайдаланудың мүмкіндіктері анықталды.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі зерттеу әдіснамасының қойылған проблемаға сәйкестігімен, зерттеу объектісінің, оның мазмұндық және процес-суалдық сипаттарының теориялық деңгейде жан-жақты қарастырылуымен, зерттеу объектісіне байланысты ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың талдануымен, оларды іс жүзінде қолдануға болатынымен қамтамасыз етілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және іс-тәжірибеге ендіру жалпы педагогика мен кәсіби білім беру мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасау (Алматы – 2007; 2008; Семей – 2008), ғылыми басылымдарда («Қазақстан мектебі» - 2005; 2006; 2007; «Қазақстанның ғылыми әлемі» - 2008) ғылыми мақалалар жариялау және «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар және олардың эстетикалық тәрбие туралы ойлары» атты монография шығару арқылы жүргізілді.

Диссертацияның құрылымы:

Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.



Кіріспеде зерттеудің көкейкестілігі, мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, зерттеу болжамы, зерттеу әдістері мен зерттеудің негізгі кезеңдері беріліп, диссертацияның практикалық мәні, ғылыми жаңалығы және қорғауға ұсынылған қағидалар баяндалды.

«ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар мұраларындағы эстетикалық тәрбие проблемасының теориялық негіздері» деп аталатын бірінші бөлімде педагогика теориясы мен практикасындағы әдебиет арқылы эстетикалық тәрбие берудің мәні және оның тарихилық сипаты көрсетіліп, ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары мен генезисі айқындалды.

«ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар мұраларындағы эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлардың мәні және оларды тәрбие процесінде қолдану» деп аталатын екінші бөлімде ХVІІІ ғасыр – ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген жыраулар мен ақындар шығармашылығындағы эстетикалық ойлар мен ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру ойларының көрінісі әдеби-педагогикалық тұрғыда талданып, ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие беру туралы ойларды қазіргі тәрбие процесінде пайдаланудың мүмкіндіктері айқындалды.

Қорытындысында жалпы тұжырымдар жасалып, ғылыми негізделген ұсыныстар берілген және бұл өзекті мәселенің болашақта зерттелу мүмкіндігі анықталған.
Негізгі бөлім
Бүгінгі күні қалыптасып отырған әлеуметтік-мәдени жағдайда қоғам өмірінің барлық саласында шығармашыл тұлғаның орын мен ролі ерекше мәнге ие болып отыр. Бұл ғасырлар тоғысында адамзат баласы жасаған техника мен технология жетістіктерін тиімді пайдалануда шығармашылық тұрғыдан келу қажеттігінен туындайды. Осыған байланысты педагогикалық процеске қойылатын талаптар өзгереді, себебі қазіргі әлеуметтік жағдайда жинақталған мәдени-тарихи мұраны игеру адамды дамытудың негізгі көзі болып табылады. Бұл дегеніміз – осы тәжірибені меңгеру барысында бұрыннан қалыптасқан оны көшіруден саналы түрде игеруге басымдық беру. Міне, нақ осы идея қазіргі білім беру жүйесі алдына қойылатын негізгі жұмыс принципіне айналып отыр, ол өз кезегінде білім беру және тәрбиелеу мақсатына, оның мазмұнына, әдістері мен ұйымдастыру формаларына өз әсерін тигізеді. Бұл жерде шығармашыл тұлға қалыптастырудың негізгі құралдарының бірі ретінде эстетикалық тәрбиеге ерекше маңыз беріледі. Ал эстетикалық тәрбие берудің бір жолы ретінде педагогикалық ойлар тарихындағы оның көрінісін саралау қажеттігі дау тудырмас мәселе.

Зерттеу жұмысының пәнін жан-жақты ашып көрсету үшін «эстетика», «эстетикалық тәрбие», «эстетикалық тәрбие беру» ұғымдарына тоқталып, олардың мәнін, әдіснамалық және тұжырымдық негіздері мен тарихилық сипатын ашу керек.

Энциклопедиялық сөздіктерде «эстетика» термині жан-жақты қарастырылып, оның адамның сезімдік қабылдауының көрінісі ретіндегі мәні терең ашылған. Жалпы «эстетика» термині ежелгі гректің «aijsgavnomas» - «сезу», «aijsghtikov» - «сезіммен қабылданатын» деген сөздерінен шығады. Оның негізгі мәні – нәтижесінде адам өзінің қоршаған ортаға қатынасын рухани-сезімдік дәрежеде сезінетін адамның болмысқа шығармашылық және сезімдік қатынасын меңгерудің тәжірибесін зерттейтін ғылым. «Эстетика» термині қазіргі ғылымда мәдениеттің эстетикалық құрамдас бөлігін көрсету үшін де қолданылады. Кейбір оқулықтарда (мысалы, Ю. Боревтің) қазіргі эстетиканың әлемдік көркем тәжірибені қорытатындығы айтылады. Ю.Б. Боревтің айтуынша, эстетика – жалпыадамзаттық құндылықтар мәні, олардың тууы, болмысы, оларды қабылдау және бағалау, сонымен қатар адамның кез келген іс-әрекеті процесінде дүниені эстетикалық қабылдаудың жалпы принциптері туралы философиялық ғылым болып табылады.

Эстетиканың басты категориялары болып эстетикалық, әсемдік, ұсқынсыздық, қасірет, сайқымазақтық табылады.

Эстетикалық тәжірибе адам баласына өте ерте замандардан тән болды, оның алғашқы көрінісі архаикалық адамның протоэстетикалық практикасынан көрінеді. Яғни олардың өз тұрмысын әрлендіру үшін жасаған, қазіргі кезде біз өнер саласына жатқызатын феномендер оның алғашқы көрінісі болып табылады. Кейінірек эстетикалық тәжірибе мен эстетикалық сана өнерде, күнделікті өмірде тығыз байланыста көрініс береді. Ертедегі Үндістанда, Қытайда, Грекияда мазмұнында эстетикалық мәселелер теориялық деңгейде көтерілген өнер туралы трактаттар мен философиялық мәтіндер пайда болды. Ғарыштың (космостың) хаостан пайда болу тұжырымдамасы («космос» сөзі ежелгі грек тілінде ғарыштан басқа «әшекей», «сұлулық», «тәртіп» деген мағыналарға ие), әсемдікті, үйлесімдікті, тәртіпті, ритмді, өнердегі ұқсастықты санадан өткізуге және сипаттауға ұмтылыс шын мәнінде эстетикалық сананың алғашқы рефлексиясы, эстетиканың ғылым ретінде пайда болуының алғашқы қадамы болып табылады. Яғни, эстетиканың ғылым ретіндегі қалыптасуы өз бастауын осы ежелгі дүниедегі идеялардан алады әрі қазіргі эстетиканың терминологиялық базасын ежелгі грек тілінің сөздері құрайды.

Тарихи тұрғыда эстетиканың орталық мәселесі ретінде екі проблема қойылды: а) әсемдік, әдемілік терминдері арқылы ашылатын эстетикалықтың өзі; ә) кең мағынасында өнер. Өнер және әсемдік философиясы ретіндегі эстетика – антикалық дәуірден бастау алатын классикалық эстетиканың дәстүрлі бейнесі. Ежелгі грек философтары (Платон, Аристотель, Плотин, т.б.) мен әртүрлі әнер теоретиктері еңбектерінде әдемілік мәселесі (оның үйлесімділік, тәртіп, ритм, симметрия т.б. құрылымдық принциптеріндегі) тиісінше онтологиялық сферада шешіліп, космологиямен байланысты қарастырылды.

Орта ғасырларда эстетика, эстетикалық қабылдау дінмен тығыз байланыста қарастырылса, жаңа заманда оған философиялық тұрғыда сыни баға беріледі.

Эстетикалықты қалыптастыру «эстетикалық тәжірибе», «эстетикалық сана», «эстетикалық құндылықтар мен идеялар» және «эстетикалық тәрбие» ұғымдарымен тығыз байланысты. Бұл жерде «тәжірибе» білім және тәрбие беру процесінен тыс жатады (негізінен сол арқылы қалыптастырылса да), өйткені «эстетикалық түсініктер» тек тәрбие процесінде ғана емес, сонымен қатар адамның күнделікті өмірінің барлық сфераларында қалыптасады.

Зерттеу барысында жалпы эстетикалық тәрбиеге, оны қалыптастыруға бағытталған жұмыстарда біртектіліктің жоқтығы байқалды. Бұл осы мәселенің көп жақты, көп қырлы екендігінің, күрделігінің бір мысалы. Мәселен, В.Н. Шацкая эстетикалық тәрбиенің алдына мынадай мақсат қояды: «Эстетикалық тәрбие оқушылардың өнер туындыларына белсенді эстетикалық қатынасын қалыптастыруға, қызмет етеді, сол сияқты өнерде, еңбекте, шығармашылықта әсемдікті жасауға қал-қадарынша қатысуға итермелейді». Бұл анықтамадан көрініп тұрғандай, автор эстетикалық тәрбиедегі маңызды орынды өнерге береді. Өнер – эстетикалық мәдениеттің маңызды, құрамдас бөлігі, дегенмен ол адам іс-әрекетінің бір ғана сферасын қамтиды. Эстетикалық тәрбиенің ауқымы одан да кең, ол өнермен қатар, тұрмыс, мінез-құлық, еңбек, қарым-қатынас эстетикасын да қамтиды. Эстетикалық тәрбие адамды тек қана өнер үшін емес, белсенді эстетикалық өмірлік іс-әрекет үшін дамытады.

Қазіргі педагогика ғылымында эстетикалық тәрбиенің алдына қойылатын мақсаттардың бірқатарын жеке бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, бұл әсемдікті сезінуді тәрбиелеудің мақсатты бағытталған процесі. Екіншіден, бұл өмірдегі және өнердегі әдемілікті көре және қабылдай білу, бағалай алу қабілеттерін қалыптастыру. Үшіншіден, эстетикалық тәрбиенің мақсаты – көркемдік талғамды қалыптастыру. Төртіншіден, өзіндік шығармашылыққа және әсемдікті өзі жасауға қабілеттілікті дамыту. Эстетикалық тәрбиенің мәнін өзінше түсіну оның мақсаттарын анықтаудың тұрғыларын таңдауға әсер етеді. Сондықтан эстетикалық тәрбиенің мақсаты мен міндеттерін анықтау ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Ең бастысы – тұлғаның іс-әрекетте жетістікке жетуіне мүмкіндік беретін қабілеттерін дамытып қана қоймай, эстетикалық құндылықтардың жасаушысы болуына, олардың және қоршаған ортаның әдемілігін сезіне білуге тәрбиелеу. Адамның болмыс пен өнерге эстетикалық қатынасын қалыптастырумен қатар эстетикалық тәрбие олардың жан-жақты дамуынан да әсер етеді. Ол адамның адамгершілігін қалыптастыруға жағдай жасайды, оның ойлауы мен қабылдауын, ұйымдастырылуын, тәртіптілігін, ерік-жігерін сомдайды.

Кез келген мақсат міндеттер арқылы ғана іске асатыны мәлім. Педагог-ғалымдардың басым бөлігі үш негізгі міндетті бөліп көрсетеді. Біріншіден, белгілі бір элементарлық эстетикалық білімдер мен іскерліктердің қорын жасау, оларсыз эстетикалық маңызды заттар мен құбылыстарға қызығушылық, ынта тумайды. Эстетикалық тәрбиенің екінші міндеті – алынған білімдер және эстетикалық қабылдау қабілетін дамыту негізінде адамға эстетикалық маңызды заттар мен құбылыстарды қабылдауға және бағалауға, олардан ләззат алуға мүмкіндік беретін оның әлеуметтік-психологиялық сапаларын қалыптастыру.

Эстетикалық тәрбиенің үшінші міндеті әр тәрбиеленушіде эстетикалық қабілеттердің қалыптастырылуымен тығыз байланысты. Ең бастысы – «тұлғаның индивидті белсенді жасаушыға, эстетикалық құндылықтарды құрушыға айналдыратын, оған дүниенің әдемілігінен ләззат алып қана қоймай, оны «әдемілік заңдарына» сәйкес өзгертуге мүмкіндік беретін қасиеттері, қажеттіліктері мен қабілеттерін тәрбиелеу, дамыту». Бұл міндеттің мәні – адамның әсемдікті сезініп қана қоймай, одан ләззат алып, бағалап қана қоймай, өзінің де өмірдегі, өнердегі әдемілікті жасауға қатысуында.

Біз жоғарыда атап өткен міндеттер эстетикалық тәрбиенің мәнін ашуға септігін тигізеді, дегенмен олар мәселеге педагогикалық тұрғыдан келуді ғана көрсетеді. Бұл жерде эстетикалық тәрбиенің психологиялық тұрғысын да естен шығармауға тиіспіз. Олардың мәні – эстетикалық тәрбие процесінде адамда эстетикалық сана қалыптастыруда. Эстетикалық сананы педагогтар мен психологтар эстетикалық тәрбиенің мәнін көрсететін және адамның эстетикалық мәдениетінің деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін бірқатар категорияларға бөледі.

Эстетикалық және көркемдік тәрбиелеу мақсаттарында оқушыларда әсемдікті сезінуді дамыту, көркемдік талғамдарды, әсемдік, әсіресе өз аймағының мәдениет, әдебиет пен көркемөнер туындыларын түсіну мен бағалай алу қабілетін қалыптастыру қажеттілігі туралы сөз болады. Бұл ұлттық мәдениет, бейнелеу өнері, музыка, әдебиет салаларындағы ең жоғары жетістіктерді негіз етіп алуды көздейді. Ал ол өз кезегінде рухани мұраны айрықша және жүйелі түрде қабылдауды, халық үшін ең жақсы, алдыңғы қатарлысын, жақын әрі маңыздысын сұрыптап алып, дамытуды, мәдени құндылықтар бетпердесі арқылы түкке тұрмайтын және жалған заттардың еніп кетуіне кедергі жасап, жат және қас нәрселерді алып тастап, жеңуді .қажет етеді. Міне, осы жерде біз тақырыбымызға өзек етіп алып отырған ақын-жыраулар поэзиясындағы эстетикалық тәрбие ойларының қызметі үлкен.

Адамдардың түрлі рухани қажеттіліктерін эстетикалық мәдениет, оның ішінде ұлттық өнер, әдебиет сияқты толыққанды қанағаттандыра алатын шығармашылық саласы жоқ.

Мектеп оқушыларына қазақ этнопедагогикасы, қазақтың декоративті-қолданбалы қолөнері негізінде эстетикалық тәрбие беру мәселесі туралы белгілі ғалым-педагогтар С. Ұзақбаеваның, А.А. Бейсенбаеваның, М. Балтабаевтың, К. Әмірғазиннің еңбектерінде сөз болды.

С. Ұзақбаеваның айтуынша эстетикалық тәрбиенің қалыптасып, дамуына қазақтың халық ауыз әдебиетіндегі поэтикалық және музыкалық шығармашылығы (мақал-мәтелдер, ертегі, аңыз-әңгімелер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, эпос, жыр, терме, айтыс, ән-күйлер) орасан үлкен рөл атқарды және бүгінгі күнге дейін атқарып та келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келген оның таңдамалы үлгілері өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудің таптырмас құралына айналды. Халықтың көркемдік шығармашылығының бұл түрлерінің ішінде XVIII-XIX ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармаларының да орны ерекше.

Қазақ ғалымдары ішінде әдебиет пәнінің балалар мен жасөспірімдердің эстетикалық тәрбиесіне әсерін жан-жақты қарастырған Ш. Әлібеков болды. Автор өз еңбегінде қазақ әдебиетінің үлгілері арқылы халықтың әсемдік, сұлулық жайындағы ойларын ашуға тырысқан. Халық мұрасы өзінің әсем сырымен, өмірлік тәжірибелік қазынасымен «қазіргі заман өнерімен үндесіп, оның сонылығын, эстетикалық бағалылығын айқындай түсуге көмектеседі» деп айтқан Ш. Әлібеков «қазақ фольклорының эстетикасын халық өнерінің алуан түрімен қатар алып зерттеу оның мазмұн байлығын, суреттеу тәсілінің молдығын, эстетикалық бағалылығын арттырады, халық шығармашылығының барлық саласы – поэзия, музыка, қол өнері, пластика, сәулет өнері сияқты түрлерінің көркемдік жолының бір екендігін, өзара тығыз байланыста өсіп қалыптасқандығын танытады» дейді.

Балалар мен жасөспірімдердің эстетикалық мәдениетін ұлттық өнер, әдебиет арқылы қалыптастыру білімдік көзқарастар қорын айтарлықтай молайтып, қазақ халқының өмір салтына, дәстүрлеріне және ежелгі тәжірибесіне деген қызығушылықтарды қалыптастырады. Ұлттық өнер, халық ауыз әдебиеті мазмұнында қоршаған болмыстың көркемдік бейнелерінің, әсіресе, бала үшін тартымды образдардың орасан зор көлемді материалдары бар. Ұлттық өнер, халық ауыз әдебиеті туындыларында баланы ең алдымен мазмұнды түсінудің жеңілдігі, сөз сипатының түрлілігі қызықтырады.

Оқыту процесі мазмұнына халық ауыз әдебиетін оқып-үйренуді енгізу және соның негізінде балалар мен жасөспірімдердің эстетикалық мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі күнгі ең маңызды ғылыми проблемалардың бірі болып табылады.

Жалпы, қазақ дүниетанымында ақын-жыраулар поэзиясының, оның идеологиялық мәнінің орны ерекше. Педагогикалық тұрғыдан алғанда ол өте бай тәлімдік материал қорын құрайды. Ал, философиялық тұрғыдан алғанда ақын-жыраулар поэзиясының мәнін Э. Гуссерль идеясында айтылған оймен жеткізуге болады: «Әр рухани бейне бір нәрсемен қатар өмір сүре және бір нәрсенің соңынан жүре отырып, әмбебап тарихи кеңістікте немесе тарихи уақыттың нақты бірлігінде өзінің ерекше орнын алады».

Ақын-жыраулардың шығармашылығын талдау олардың өз заманы үшін белгілі бір деңгейде рухани көсем ролін атқарғаны, өз руластарының моралдық бағдарына жауап бергені көрінеді.

Жыраулар поэзиясы әрекет еткен кеңістік өзінің барлық тәжірибесін сөз арқылы бейнелеуге тырысатын көшпенділердің эстетикалық ойлауының ерекше типіне негізделді. Негізінен жыраулар қалыптасқан этникалық қауымдастықты (қазақтардың) біріктіру идеясын қалыптастыру функциясын атқарды. Сонымен қатар жыраулар поэзиясының этикалық және эстетикалық құндылықтар мен символдар қалыптастырудағы ролі ерекше болды. Жыраулар өз шығармаларына рух аристократизмі мен даңқты өзек етті. Оның символдары ретінде бостандық, еркіндік, адамгершілік, батырлық, сөзге беріктік алынады.

Ақын-жыраулар шығармаларын бірнеше аспектіде қарастыруға болады. Өйткені жыраулар поэзиясының ауқымы дәстүрлі поэзия ауқымына қарағанда кеңірек болып келеді. Мәдени-философиялық аспектіде қазақ мәдениетіндегі гуманистік принциптердің қалыптасу мәселесінің жыраулар шығармашылығындағы көрінісі қарастырылады. Бұл жерде сонымен қатар мәдениеттегі даралық мәселесіне, оның ішінде мәдениеттің рухани дәстүрлеріндегі даралықтың және даралық сананың көрінісі мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

Жыраулар поэзиясының әлеуметтік-тарихи аспектіде қарастырылуы адам даралығының қалыптасуының әлеуметтік тұжырымдарын қарастырады. Бұл жерде индивидтің адамгершілігі, оның этикалық жауапкершілігі туралы сөз болады.

Жалпы, қазақ қауымында (басқа да түркі тілдес қауымдастықтардағы сияқты) жырау бейнесі ерекше құрметке ие болған, олардың дарынын «Тәңірдің сыйы» деп есептеп, қауым толығымен мойындаған. Сондықтан да жыраулардың ерекше белгісі – ымыраға көнбестігі, айтқан сөзі үшін жауапкершілігі, халықтың алдындағы ашықтығы болып табылады. Өз шығармаларында еркіндік, бостандық, теңдік идеяларын ұстана отырып, олар өз заманының тәрбие мақсатын анықтады.

Қазақ халқының өзіндік дүниетанымының, өмірлік принциптерінің қалыптасуына жыраулар поэзиясының әсері өте көп болды.

XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы қатынастар көптеген патриархалдық-рулық байланыстардан көрінеді. Төре тұқымы (Шыңғыс ханның ұрпақтары) ірі тайпалық одақтарға, жүздерге билік жүргізді, ал ру ішінен шыққан беделді адамдар, билер олардың кеңесшілері ролін атқарды. Олардың қолында сот билігі болды, негізінен билердің қарауына құн өндіру, барымталарды шешу, көші-қон жолдары мен орындарын анықтау, руаралық қақтығыстарды шешу мәселелері ұсынылды. Ауылдық қауымда патриархалдық-рулық қатынастар мен дәстүрлер сақталды. Олар мәдениетте де өзінің ерекше орнын алды. Сондықтан да қазақ қоғамында фольклордың, ауыз әдебиетінің орын ерекше болды.

XVIII ғасырда қазақ даласында болған адамдар, саяхатшылар сол кезеңде фольклормен қатар суырып салма ақындардың ауызша-ақындық дәстүрлерінің, өзіндік «ауызша әдебиеттің» болғандығын, оның кәсібилік деңгейге көтерілгенін атап көрсетті. Бұл әдебиеттің өкілдері жыраулар мен ақындар болып табылды.

Аталмыш кезеңдегі ақын-жыраулардың шығармаларының тақырыптары да әр алуан. Олардың қамтыған аумағы – саяси мәселелерден бастап (елшілік жіберу, әскери жорықтарға шығу, бейбіт келісімдер жасау, көршілермен дипломатиялық қатынас жасау, т.с.с.) күнделікті тұрмыста тәлім-тәрбиелік мәні бар мәселелерге дейін өз шығармаларына арқау етті. Сол сияқты жыраулар шығармаларының жанры өзіндік ерекшеліктерімен де көзге түседі – бұл негізінен тоғау түрінде болды. Толғаудың басқа фольклорлық жанрлардан ерекшелігі – онда әртүрлі мәселелерге ой жүгіртіп, талдаумен қатар, үлгі көрсету, өсиет айту орын алды.

Толғау тарихы жыраулық поэзияға тікелей қатысты. Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар, т.б. бейнелеу тәсіліне насихаттық, өсиеттік сарын, мәселені жан-жақты терең толғап айтатын ойшылдық әсіресе тән болған. Толғауда маңызды қоғамдық-әлеуметтік, саяси-философиялық тақырыптар, азаматтық әуендер кеңінен орын алады. Әрбір даму кезеңінде толғау мазмұны жағынан да, бейнелеу тәсілі жағынан да бірталай өзгеріп, жаңаша сипат алды.

Халықтың жадында көптеген толғаулар сақталып қалған. XVІІІ ғасырда шығармашылығы кеңінен танылған жыраулар қатарынан Бұқар, Тәтіқара, Үмбетей жырауларды көреміз. Бұл үш жырау да Абылай ханның қасында болып, кеңесшілік қызмет атқарған. Олардың толғауларының басым бөлігінің мазмұны «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі елді біріктіру саясатымен тығыз байланысты. Жорыққа шығар алдында олар өз толғаулары арқылы халықтың патриоттық сезімін оятып, өз ұрпағы, елі, жері үшін жауапкершіліктерін естеріне салу арқылы шабыттандырып, рухын көтеріп отырды.

Өзінің толғауларында эстетикалық талғамның жоғары деңгейін көрсете отырып Бұқар жырау эстетикалық тәрбие туралы құнды ойлар айтады. Бұқар жыраудың шығармаларын талдау арқылы олардағы эстетикалық ойлардың негізгі өзегі – үйлесімге ұмтылу, жақсылық пен жамандықтың арақатынасы, тұрмыс эстетикасы болып табылатыны көрінеді. Сонымен қатар жырау толғауларында трагедиялық сарын басым жатыр.

Өз шығармалары арқылы жырау жан сұлулығы мен тән сұлулығының гармониясына үндейді, әсемдікке ұмтылуға шақырады. Бейнелерді, кейіпкерлерді көркем сипаттау арқылы сөз өнерінің жоғары үлгісін көрсеткен Бұқар жыраудың шығармаларының эстетикалық-тәрбиелік маңызы осында.

Ақтамберді жырау шығармалары – эстетикалық ойлардың қайнар көзі деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, оның поэзиясы әсемдікті, әдемілікті, трагедиялық жағдайларды суреттеуге арналған. өз шығармалары арқылы өзі өмір сүріп отырған заманының эстетикалық идеалын көрсетуі және оған ұмтылуы Ақтамберді поэзиясының эстетикалық құндылығын толықтырады.

XVIII ғасырда өмір сүріп, өзінің артына үлкен поэтикалық мұра қалдырған ақын Тәтіқараның шығармаларының қазақ педагогикалық ойлар тарихындағы алатын орны ерекше. Өзінің өлеңдерінде ақын салыстырулар арқылы түрлі эстетикалық категорияларды көрсетіп, олардың мәніне үңілген. Жалпы алғанда Тәтіқара ақынның шығармаларында тек қана эстетикалық тәрбиеге ғана емес, сонымен қатар, патриоттық-отансүйгіштік, адамгершілік тәрбиеге қатысты ойлар бір-бірімен астасып, тұтас тәлім-тәрбиелік идеялар жүйесіне айналған.

Сөз болып отырған кезеңдегі жырдан дауыл тудырған саңлақ жыраудың тағы бірі – Үмбетей жырау. Үмбетейдің жыр-толғауларында эстетикалық ойлар өзі өмір сүріп отырған заманның тұрмыстық келбетінен туындап, сол кездің құндылықтарын сипаттау арқылы көрінеді. Мәселен, тұрмыс-тіршілігі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған қазақ қоғамында төрт түліктің орны ерекше болғандығы мәлім. Соған байланысты біз шығармашылығын талдап отырған жыраудың толғауларында төрт түлікке, олардың сынына байланысты жолдар көптеп кездеседі. Бұл бағыттардың ұрпақ үшін, оның эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы өлшеусіз.

Ұрпақтың эстетикалық тәрбиесі үшін маңызы зор өлеңдер Шал ақында көптеп кездеседі. «Дос болма майда тілді күлгенменен, сырты ғана жылтырап жүргенменен» - деп өсиет айтқан Шал ақын сыртқы сұлулық пен ішкі сұлулықтың арақатынасын ашып берді. Өлеңдерінде Шал ақынның ішкі дүниесі, оның эстетикалық қабылдау жүйесі анық көрініс береді. Ақынның түсінігінде өмірдегі үйлесім – артына ұрпақ қалдыру болып табылады. Шал ақынның шығармашылығын талдау барысында ондағы эстетикалық ойлардың қарым-қатынас, мінез-құлық, жақсылық пен жамандық, әсемдік пен ұсқынсыздық, асқақтық пен төмендік эстетикасына қатысты құрылғанын көреміз. Бұл ақынның алдындағылардан ерекшелігі – ол тек сипаттап қана қоймай, сонымен бірге үлгі алуға, жаманнан жиренуге, жақсыдан үйренуге шақырады, яғни тікелей эстетикалық тәрбие беруге бағытталған.

XVIII ғасырдың соңы – XIX ғасырдың басында өмір сүрген Қобылан Бәрібайұлының шығармашылығы – эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлардың көзі болып табылады. Қобылан Бәрібайұлының шығармаларындағы эстетикалық ойлар оның «әсемдік - ұсқынсыздық» ара қатынасын қарастырып, жастарға дәуренінде сүйкіміңнің барында өмірдің қызығын көруге шақырады.

Осы кезде өмір сүрген тағы бір ақын – Жанақ өз шығармаларында «...Шешен – шеңбер болғанда, би – таразы, ән – сәнің, күйші көркің, ақын - жорғаң» деп, көркем өнердің эстетикалық тәрбие жүйесінде алатын орнын көрсетеді. Эстетикалық категория ретінде өнердің және әдеміліктің орны Дулат Бабатайұлының шығармаларында да айқын көрсетіледі. Ақын өлеңдеріндегі эстетикалық ойлар туралы айтқанда, оның табиғат әсемдігін сипаттайтын жырларына тоқталмай кету мүмкін емес. Өзінің туған жері, жаз – жайлау, қыс – қыстауын, өсіп-өнген жерін оның барлық әсемдік сипатын, өзіндік әдемілігін ақын көркем тілмен жеткізе білген. Сонымен, Дулат Бабатайұлының шығармаларындағы эстетикалық тәрбиеге қатысты ойларды бірнеше бағытқа бөлуге болады: әсемдікке, ұсқынсыздыққа, қасіретке, көркемөнер құндылығына байланысты ойлары. Өз заманындағы эстетикалық дүниетанымды Дулат ақын шығармашылығы толығымен ашып бере алды және оның эстетикалық-тәрбиелік потенциалы өте зор деп айтуға болады. Себебі, ақын өз өлеңдері арқылы ұрпақты әсемдікті сезінуге, талғампаз болуға, ұсқынсыздықтан аулақ болуға шақырады және сол үшін өнердің күшін пайдаланады.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ақын Махамбет Өтемісұлының шығармашылығы қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Табиғатынан «бүлікшіл ақын» атанған Махамбет жырларында трагедиялық сарын басым. Біз мұны «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Толарсақтан саз кешіп», «Мұнар күн», «Қызғыш құс», т.б. өлеңдерінен аңғарамыз.

Махамбет Өтемісұлы шығармаларындағы эстетикалық ойларды талдау олардың үйлесім, трагедия, әсемдік, ұсқынсыздық, асқақтық, табиғат сұлулығы туралы ақын толғауларынан тұратынын көрсетті. Ақын өз шығармаларында көркем образдарды жасауда сипаттау, теңеу, суреттеу тәсілдерін қолданады.

Азаттық жыршысы болған Махамбет Өтемісұлы поэзиясының патриоттық тәрбиемен қатар, эстетикалық тәрбие үшін де маңызы зор.

Осындай жыр сүлейі – Махамбетті жоқтаушы, оның азаттық жырларының жалғастырушысы болған Шернияз Жарылғасұлының да жырларында тәлім-тәрбиелік мәселелер алдыңғы орында көрінеді. Оның өлеңдері көркемдік жағынан өскелең ұрпақты эстетикалық тәрбиелеуге үлес қоса алады. Оған мысал – ақынның өлеңдеріндегі табиғат сұлулығын, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, асқақтықты, қасіретті жырлаған жолдары.

Өз өлеңдері арқылы эстетикалық талғам қалыптастыруға үлес қосқан ақындардың бірі – Шөже Қаржаубайұлы. Оның «Бәйтікті мақтағаны» және «Бәйтікті жамандағаны» өлеңдерінде эстетиканың бір-біріне қарама-қарсы категориялары - әсемдік пен ұсқынсыздық, асқақтық пен төмендік бір адам мысалында қатар беріледі.

ХІХ ғасырда өмір сүріп, артына мол мұра қалдырған ақын – Орынбай өз өлеңдерінде тәрбиенің түрлі бағыттары бойынша тәлімдік ойлар айтқан. Оның ішінде эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлар да аз емес. Өз кейіпкерлерін суреттеуде эстетика категорияларын (әсемдік – ұсқынсыздық, асқақтық – төмендік, қасірет - әжуа) ұтымды қолдану арқылы ол ұрпақты «жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге» шақырады. Міне, осы айтқаны арқылы Орынбай ақын қазақ этнопедагогикасының тәлімдік ойлар тарихына өз атын жазып қалдырды.

Орынбайдың замана жайлы күңіренген ойларын одан әрі тереңдетіп, қазақ поэзиясында бір кездері «Зар заман» деген атпен белгілі болған ағымның негізін салған ақын Шортанбай Қанайұлының эстетикалық тәрбиеге қатысты ойларында қасірет сезімі басым жатыр. Өзінің осы аттас жырында ақын «Зар, зар заман, зар заман, Зарлап өткен тар заман» деп, заманының ағымына, тәрбиедегі теріс қылықтарға лағынат айтады. Тек қана лағынат айтып қоймай, оларды жан түршігерлік кейіпте, ұсқынсыз етіп суреттейді. Құр зарланып қана қоймай, Шортанбай осы жаманаттармен күресуге, асқақтыққа шақырады («Жүйрік пенен жорғаңды Өзің бір мініп жебеле. Жалаңаш барып жауға шап, Ажалдан бұрын өле ме!», «Қатын-бала қамы үшін Қарсы шап та, мылтық құш, Құр жабырқап жүдеме!»).

Осындай ой орамдары Шортанбай шығармашылығын тәрбие жұмысында, оның ішінде эстетикалық тәрбие беруде пайдалануға болатынын дәлелдейді.

Осы заман ақындары ішінде патриоттық сезімді қоздыратын орамды ойлары арқылы кеңінен белгілі болған ақындардың бірегейі – Сүйінбай Аронұлы. Сүйінбай өз поэзиясында асқақтықты, әсемдікті, үйлесімді жырлау арқылы ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруде өзіндік орын алған. Өз жырларының біразында ақын табиғаттағы үйлесімді жырлау арқылы эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлар айтады.

Әдебиет мұралары арқылы эстетикалық тәрбие беру мәселесі туралы сөз қозғалғанда бұл жердегі сал, серіліктің орнын айтпай кетуге болмайды. Өйткені, бұл ұғымдардың өздері эстетикалық талғамы әбден қалыптасқан, сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі тұлғаларға берілетін халық марапаты болып табылады. Сондықтан да біздің зерттеу жұмысымыз үшін Біржан салдың, Ақан серінің шығармашылығы мен жеке тұлғаларының үлгісі ерекше маңызды. Біржан сал шығармалары – тұнып тұрған эстетикалық тәрбие көзі болып табылады, себебі, ол негізінен әсемдікті, асқақтықты мақтан етіп, ұсқынсыздық пен жамандықты қасірет көріп, жырға қосқан. Оның шумақтары осыны дәлелдейді. Біржан сал өз шығармаларында эстетиканың әрбір категориясын қарастыру және жеке тұлғасының үлгісі арқылы эстетикалық тәрбие беру ісіне үлесін қосады, оның еңбектерін осы мақсатта қолдануға болады.

ХІХ ғасырда өмір сүрген Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармаларында жас ұрпақты тәрбиелеуге қатысты ойлар аз емес. Оның ішінде эстетикалық талғам қалыптастыруға, жақсы мен жаманның парқын білуге, әсемдік пен ұсқынсыздықтың ара-жігін ажыратуға бағытталған өсиет жолдар да жеткілікті. «Қызыл ала киініп, барын бойға жиынып, қыз-бозбала өседі» деген Майлықожа ақын өз шығармаларында әсемдікке баулуға, үйлесмге шақыруға аса мән береді.

Жоғарыда аталып кеткен «Зар заман» поэзиясының бір өкілі – Мұрат Мөңкеұлы. Өзінің кеңінен белгілі «Үш қиян» толғауында ол біздің зерттеуіміздің нысанына қатысты, яғни эстетикалық тәрбие беруге қатысты ойлар айтты. Бұл ойлар негізінен қасірет (трагедия) тақырыбынан туындайды. Сонымен қатар осы толғауында Мұрат Мөңкеұлы табиғаттың әсемдігін оның пайдалылығымен ұштастыра отырып суреттейді («Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған», «Жер реңкін қарасаң, Көдесінің түбі сайын бір жылқы», «ақтылы қойдың өрген жер», «қызығын жұртым көрген жер»).

Жоғарыда айтылғандардың барлығы Мұрат Мөңкеұлы поэзиясының бүгінгі күнгі эстетикалық, патриоттық тәрбие беруде өзіндік орын ала алатынын айқындайды.

ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясындағы шығармашылығының тәлім-тәрбиелік мәні зор ақын-ағартушы – Ыбырай Алтынсарин өзінің ағартушылық идеяларын іске асыруда өлең сөзінің құдіретін де жан-жақты пайдалана алды. Ыбырай шығармаларының мазмұны тәрбиенің әр бағытына сәйкес ойлардың өзегі болғанын ескерсек, эстетикалық тәрбие соның ішіндегі ең көп қарастырылғаны болып келеді. Біз мұны «Өнер-білім бар жұрттар», «Жаз», «Өзен», «Өсиет өлеңдер», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер», «Азған елдің хандары» өлеңдерінен анық байқаймыз. Өзіне дейінгі басқа ақындардан айырмашылығы – Алтынсарин өлеңдерінде эстетикалық тәрбиенің қандай болу қажеттігі туралы айтылып қана қоймай, оны беру жолдары да сөз болады, бұл оның білім-тәрбие беру ісімен тікелей байланысты болғандығымен түсіндіріледі.

Келесі бір қазақтың ақыны әрі композиторы – Жаяу Мұса Байжанұлы өзінің шығармаларында эстетикалық тәрбиеге, жалпы эстетиканың категорияларына байланысты түрлі ойлар айтқан. Оны атақты өлеңіндегі «Ақ сиса қызыл сиса, сиса, сиса, Жарасар қамзол сұлу белін қиса» деген жолдардан-ақ киім-кешек эстетикасына байланысты ойларды аңғарсақ, «Ұлытау» өлеңінде «Туған жерім Баянауыл, кейде тынық, кейде дауыл» деген жолынан табиғат эстетикасына байланысты ақын көзқарасын көреміз.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар ақындардың бірі – Құлтума Сармұратұлы. Өзінің өлеңдерінде эстетиканың түрлі категорияларын сипаттаумен қатар, олардың өз заманындағы көрінісін бере білген Құлтума ақын әсіресе жамандық пен жақсылық мәселесіне өзіндік тұрғыдан келеді.

Құлтума Сармұратұлының өлеңдерінің негізінде «бұл дүниеде ішіп-жеуден басқа да құндылықтардың бар екендігі, мал жинаудан гөрі рухани құндылықтарға көп көңіл бөлу керектігі» туралы философиялық ой сарын жатыр. Жалпы бұл ақынның қай өлеңінде болмасын, тәрбиеге қатысты мәселелер үлкен орын алып жатыр.

ХІХ ғасыр ақындары ішінде тәрбиенің түрлі бағыттары туралы кеңінен жырлаған ақындарының бірі – Қашаған Күржіманұлы. Адамның түрлі мінезін тілге тиек еткен Қашаған ақын әдеп, иба туралы айта отырып, адамдар арасындағы сыйластық, жарасымдық мәселелеріне тоқталады. Оның ойынша, қоғамдағы гармония қалыптасқан салт-дәстүрді сақтаудан туындайды. Қашаған Күржіманұлының шығармашылығында тәлім-тәрбиеге, оның ішінде эстетикалық тәрбиеге, атап айтсақ, эстетикалық талғам қалыптастыруға, үйлесімдік үлгісін жасауға, көркемөнердің эстетикалық тәрбиедегі орнын көрсетуге арналған ой орамдарының маңызды орын алатынына оның өлеңдерін талдау барысында көзіміз жетті. Ақынның бұл ойлары ұрпақ тәрбиесінде үлкен маңызға ие екендігі дау тудырмайды.

ХІХ ғасырда өзіндік өрнегімен қазақ әдебиетінде ерекше орын алатын ақындардың бірі – Базар жырау. Жыраулық өнердің дәстүрін ХІХ ғасырда жалғастырушы Базар жырау шығармаларынан эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлар көптеп кездеседі. Оның ер жігіттің, сұлу қыздың, жүйрік аттың, алмас қылыштың сипатын берген жыр шумақтары осының айғағы болып табылады. Жыраудың «Әлі де сенде арман жоқ» жырында осындай сипаттамалар көркем сөзбен, теңеулер арқылы беріледі. Жалпы Базар жырау шығармашылығындағы эстетикаға қатысты ойларды бірнеше бағытқа бөліп қарастыруға болады: кескін-келбетті суреттеу, тұрмыс эстетикасы және табиғат суреті. Өз жырлары арқылы жырау ұрпақты әсемдікті сезінуге, белгілі бір сипат үлгісіне (ару қыз, ер жігіт, әділ хан, тура би) еліктеуге шақырады.

Жастарға эстетикалық тәрбие беруде өз шығармашылығымен ғана емес, сонымен қатар талғампаз сырт келбетімен, іс-әрекетімен үлгі болған, сондықтан «сері» атанған ақын Ақан Қорамсаұлының орны өте үлкен. Өз өлеңдерінде, әндерінде эстетикалық категорияларды әрқашан жырлап өткен Ақанның шығармаларының тілі бай, осы категорияларды беруде түрлі теңеулерді көркем сөзбен орынды бере білген. Мәселен, «Торыны таң асырып мінген қандай» өлеңінде «үкілеп, әсемдеп», «ақша маңдай», «қалқажан», «ақ білек» сияқты сөздерді пайдалану арқылы жырдың нақышын келтіре түседі. Осы өлеңі арқылы біз ақынның эстетикалық талғамының жоғары деңгейде қалыптасқанын көре аламыз. Өзінің осындай қалыптасқан эстетикалық талғамын ғана көрсетіп қоймай, Ақан сері басқалардың да қандай болуы керектігі туралы айтады. Бұған оның «Жайықтың ақ түлкісі аралдағы», «Сүйген қалқа», «Көңіл сыры», «Айтамын замандасқа біраз кеңес», «Әйелдер сипаты», «Жігіт сипаты», «Қыз сипаты», т.б. өлеңдері мысал бола алады.

Махаббатқа толы ақын өлеңдеріндегі қыздың (арудың) эстетикалық сипатының бейнеленуіне тоқталайық. Ақан сері оны беруде өте бай теңеулер мен эпитеттер қорын пайдаланады. Мысалы, жоғарыда аталған «Көңіл сыры» өлеңіндегі «перизат, сүмбіл шаш, оймақ ауыз, меруерт тіс, асыл зат, алқызыл гүл, қарақат көз, жазық маңдай, хор» деген сөздер соны айғақтайды.

Міне, өзі де әсемдіктің символындай болған Ақан серінің шығармаларындағы эстетикалық тәрбиеге қатысты ой орамдары осындай. Жоғары атап кеткендей, ақынның өлеңдері әсемдікті, сұлулықты, әдемілікті жырлай отырып, соған жетуге шақырады, «Жай жату тек бүгінгі жанның қамы, Қаперсіз шөп жейтұғын малдың қамы» екенін айтады.

Өрнекті шумақтары арқылы эстетикалық талғам қалыптастыруға үлес қосатын ХІХ ғасыр ақындарының бірі – Шәңгерей ақын болып табылады. Мұның бір мысалы – «Жігіттің жақсы болса алған жары» өлеңінде көркем теңеулер арқылы арудың келбетін беруі, сол арқылы жігіттің мұратын көрсетуі. Шәңгерей ақынның шығармашылығын талдау ондағы ойлардың тәлім-тәрбиелік мәнінің зор екендігін көрсетеді.

Сұлулықты өзінің поэзиясының негізгі тақырыбына айналдырып, әсемдікті жырға қосқан ақын Мұсабек Байзақұлының шығармаларының эстетикалық тәрбие беру үшін маңызы жоғары. Адамның ғана емес, табиғаттың да әдемілігін жырлаған ақын өлеңдері эстетикалық категориялардың поэзиядағы көрінісіне айналған.

Келесі ақын – Ақтан Керейұлының айтар ойы да осыған жақын, өйткені ол да өз жырларында көркемдікті жырлады, жамандық пен жақсылықтың мәңгі күресін көрсетті. Эстетикалық тәрбие үшін әсіресе оның «Аққулар көркем көрінер» өлеңінің мәні ерекше. Ақтан ақынның шығармаларында жырланған көркемдік, үйлесім мәселесі эстетикалық тәрбие беруде маңызды орын алатыны сөзсіз.

Эстетикалық тәрбие беруде орын ерекше болатын ХІХ ғасыр ақыны – Кердері Әбубәкір. Оның:

Дүнияда айтпа өсекті,

Арамнан жұтпа кесекті.

Таза сақта, таза жүр

Киім, тәнің, төсекті.

Ақирет күні болғанда

Жеті мүшең сау болып,

Бересің сонда есепті.

Аузыңа салма арамды –деген өлең жолдары эстетикалық тәрбиеге тікелей қатысты жолдар болып табылады. Ол сонымен қоса қарым-қатынастағы сыйластықты сақтауға шақырады.

Қорыта келгенде, XVIII-ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие туралы ойлар молынан кездеседі.

Біз өз зерттеуімізде XVIII-ХІХ ғасырларда өмір сүріп, өз шығармаларын қалдырған жыраулар мен ақындардың эстетикалық тәрбие туралы ойларын қарастырып, әдеби-педагогикалық талдау жасадық. Әдеби-педагогикалық талдаудың негізіне осы ақын-жыраулар шығармашылығындағы эстетикалық тәрбиеге, яғни эстетикалық талғам қалыптастыруға, қарым-қатынас пен жүріс-тұрыста үйлесім қалыптасыруға үндейтін өлең-жырлардың мазмұнын эстетика категорияларына сәйкес жіктеп, талдау алынды. Талдау барысында мазмұны эстетикалық тәрбие беруге неғұрлым көрнекі ықпал ететін шығармалар іріктеліп алынды. Сондықтан осы кезеңде өмір сүрген ақын-жыраулардың барлығы қамтылған жоқ. Көріп отырғанымыздай, сөз болып отырған кезеңдегі жыраулар мен ақындардың шығармаларын талдаудағы басты критерий – олардың эстетикалық тәрбие берудегі әлеуеті. Жалпы оларды талдау барысында осы кезеңдегі ақындар мен жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбиенің өзіндік жүйесінің қалыптасқандығын көрсетті. Бұл жүйе олардың шығармаларында сөз болған эстетика категорияларының өзара байланысы ретінде көрінеді (1 сурет):

Суреттен көрініп тұрғандай, аталған кезеңдегі жыраулар мен ақындар өз шығармаларының өзегіне әсемдік пен ұсқынсыздық, мінез-құлықтағы және қарым-қатынастағы үйлесім, асқақтық пен төмендік, қасірет пен сайқымазақ сияқты эстетиканың категорияларын өзек етіп алған. Осы негізде бұл ақын-жыраулар адамның әдемілігін, мінез-құлқы мен басқалармен қарым-қатынасын, табиғат әсемдігін суреттейді. Сонымен қатар заманының теріс жақтарын аяусыз сынап, кері кетіп бара жатқанын, заман ағымының тәрбиеге кері әсерін көрсетеді. Еңбектері талданған ақындардың барлығы дерлігінің шығармашылығында табиғат әсемдігінің кездесуі – «ақын мен табиғат егіз» деген сөздің мәнін тереңдете түседі.

Сурет 1 – Ақын-жыраулар шығармаларындағы эстетикалық тәрбие жүйесінің көрінісі

ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың шығармаларының эстетикалық тәрбие берудегі әлеуетін талдай отырып, тарихи-педагогикалық зерттеулер логикасына сәйкес біз оларды тәрбие процесінде қолдану мүмкіндіктерін анықтадық. Бұл мүмкіндіктер біздің бірқатар әдістемелік ұсыныстарымызда өз көрінісін тапты.

Ең біріншіден, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларының талдау барысында анықталғандай, мол тәрбиелік мүмкіндіктерін ескере отырып, оларды оқу-тәрбие процесі барысында қолданудың тиімділігі көрінеді. Бұл ұсынысты жүзеге асыру үшін оқытушыларға арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларын тәрбие процесінде пайдалану» арнайы семинарын ұсынамыз (1-кесте).

Бұл бағдарламаны ең алдымен оны өткізуге тиіс мұғалімдер арасында олардың әдістемелік даярлығын жетілдіру үшін өткізу қажет деп ойлаймыз. Бағдарламаның былайша жүргізілуі мұғалімнің, оқытушының әдістемелік даярлығын жақсартып, оны курсты жүргізуге дайындап, курстың нәтижелі болуына мұрындық болады деген ойдамыз.
Кесте 1 – «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойларын тәрбие процесінде пайдалану» арнайы семинарының тақырыптық жоспары




Тақырып атауы

Қарастырылатын мәселелер

Сағат

1

Педагогика теориясы мен практикасындағы әдебиет арқылы эсте-тикалық тәрбие беру-дің мәні және оның тарихилық сипаты

  1. Эстетикалық тәрбие түсінігі

  2. Эстетикалық тәрбиенің мәні

  3. Өнер және әдебиет құндылықтары арқылы эстетикалық тәрбие берудің тарихилық сиптаы

1

2

ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығарма-ларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалып-тасуының алғышарт-тары мен генезисі

1. Қазақ әдебиетіндегі жыраулар мен ақындардың ролі, олардың шығармашылығының ерекшеліктері

2. ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының алғышарттары

3. ХVІІІ – ХІХ ғғ. ақын-жыраулар шығармаларында эстетикалық тәрбие беру туралы ойлардың қалыптасуының генезисі


1

3

ХVІІІ ғасыр – ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген жыраулар мен ақындар шығармашылығында-ғы эстетикалық ойлар

  1. Бұқар жырау Қалқаманұлы, Сарыұлы Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей жырау

  2. Шал ақын, Қ.Бәрібайұлы, Жанақ, Д.Бабатайұлы

  3. М.Өтемісұлы, Ш.Жарылғасұлы, Ш.Қаржаубайұлы

  4. Орынбай, Ш. Қанайұлы, С. Аронұлы, Біржан сал

  5. Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Мұрат Мөңкеұлы

2

4

ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармалар-ындағы эстетикалық тәрбие беру ойларының көрінісі

  1. Ы.Алтынсарин, Мұса Байжанұлы, Қ.Сармұратұлы

  2. Қашаған Күржіманұлы, Базар жырау

  3. Ақан Қорамсаұлы, Шәңгерей ақын

  4. М.Байзақұлы, А.Керейұлы, Кердері Әбубәкір

2

5

ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығармалары арқылы эстетикалық тәрбие беру жолдары

  1. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығарма-лары арқылы эстетикалық тәрбие беру әдістері

  2. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығарма-лары арқылы эстетикалық тәрбие беру құралдары

  3. ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы ақын-жыраулар шығарма-лары арқылы эстетикалық тәрбие беру формалары

2

БАРЛЫҒЫ




8

Аталған кезеңдегі ақын-жыраулардың эстетикалық тәрбие туралы ойларының тәрбиелік әлеуетін толыққанды пайдалану мақсатында орта және жоғары мектепте оқытылу үшін «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулардың мұраларындағы эстетикалық тәрбие ойлары» атты арнайы курсты ұсынамыз (2-кесте).

Ұсынылған арнайы семинар мен арнайы курсты оқу-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету үшін «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ақын-жыраулар және олардың эстетикалық тәрбие туралы ойлары» атты монография дайындап, баспадан шығардық. Оның мазмұнында аталып отырған кезеңдегі ақындар мен жыраулардың эстетикалық тәрбиеге қатысты ойлары жан-жақты талданды.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет