Әож 821. 512. 122 Ж. Аймауытовтың «АҚбілек» романыдағы есімшеліредің Қолданысы



Дата03.07.2016
өлшемі41 Kb.
#174323
ӘОЖ 821.512.122

Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ «АҚБІЛЕК» РОМАНЫДАҒЫ ЕСІМШЕЛІРЕДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ

магистр-оқытушы Қалтайқызы Гүлзира

Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романы – бір ғана қазақ қызының күрделі тағдыры негізінде әлеуметтік төңкерістер тұсындағы қазақ ауылының өзгеру процесін суреттеген алғашқы қазақ романдарының бірі. Романда ескі ортадағы жікшіл тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының төңкерістен кейінгі жаңа сипатты заманның мүмкіндігіне сай өз құқығы үшін күресу жолы баяндалады. Шығарманың бас кейіпкері Ақбілек өшіккен адамдардың кесірінен ақ әскерлерінің қолына тұтқынға түсіп, неше қилы қорлық көреді. Елінде де алуан түрлі қиындыққа жолығады. Кейін төңкерістен соң қалаға кетіп, оқу оқып, өз бақытын табады. Жалпы шығарма мазмұны оқырманға түсінікті. Көркем тілмен жазылып, шебер баяндалған. «Ақбілек» романын оқу арқылы сол кезеңді сезінгендей күй кешесің. Романдағы кейіпкерлердің бейнесі, мінезі, тұлғасы жақсы суреттелген. Романда жазушының бермекші болған ойы айқын байқалады. Роман тілі жағынан ұғымды. Ақбілектің басынан өтетін осы оқиғалар арқылы Жүсіпбек сол бір қилы- қыстау кезеңдегі қазақ ауылдарындағы өмір шындығын, адамдардың қилы – қилы тағдырын кең бейнелейді. Роман кейіпкерлері заман өзгерістерімен ілеседі, қоғамдағы өз орындарын іздейді. Түптің түбінде дегендеріне жетеді.

Жүсіпбек Аймауытов адам өмірінің жасанды схемаларын емес, шын романын, бүкіл байланыстарын қарастырып, көрсете білетін суреткердің бірі. Шығармаға зорлап, жетелеп әкелетін кейіпкер «Ақбілек» романында жоқ есебі, қай-қай қаһарман да өзіне тиісті шыншыл ортада табиғи іс-әрекеті үстінде көрінеді. Әрі оқуға қызық, әрі ақиқат адам тарихы көз алдымыздан өтеді. Бұл жазушының Европа әдебиетінің ең жақсы үлгілерімен үйренгендігін сипаттайды. Өзгелер бір ауыз сөзбен аттап кетіп отыратын кей тұстан, жазушы көптеген сырлар, шындар табады. Жеке детальдарды орнатуға немесе елден ерек оқшау, романның кілтін өмірдің тұтас, толық көріністерін беруден табушылық – Ж.Аймауытов өзгешелігі.

Әңгімелеудің тамаша шебері – Ж.Аймауытов кейіпкер атынан айтылатын, не өзі баяндайтын тарихтарды қамшының өріміндей сіңістіріп, өрбітіп әкете береді.

Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы әдебиеттану ғылымында сан қырынан зерттеліп келеді. Алайда қазақ тіл білімінде зерттелу барысы көзге түсе бермейді. Сондықтан біз, зерттеу жұмысына романдағы есімшелердің қолданылу дейгейін нысанаға алдық. Алдымен етістіктің ерекше тұлғалық түрі есімше туралы қысқаша тоқтала кетейік.

Есімше де етістіктің есімдерге ұқсас түрі. Есімшенің мағынасы мен қызметінде, қолданысында есім сөздердің ерекшелігі мол болуына байланысты есімшені етістіктен алып, сын есімге қосу тәжірибесі де болған. Оған орыс тіл білімінде А.М.Пешковский мысалға келтіреді, соңғы кездегі ғалымдардың ішінен есімшені жеке сөз табы санаушылар да (А.Н.Тихонов) болған. Бұлар, әрине, есімшенің ерекшелігінен туған пікірлер.

Қазақ тіл білімінде есімшенің ерекшеліктері көрсетіліп жүргенімен, ол үнемі етістік құрамында қаралып келеді. Бірақ есімше де етістіктің де, есім сөздердің де қасиеті бары қазақ тіл білімінде танылған. Есімше қимыл, әрекет түрінде қолданылып, заттың сапасы, қасиеті, белгісі ретінде ұғынылады. Мысалы, оқыған адам, білген кісі, тозбайтын тон, жарқыраған күн, келетін кісі, айтар сөз, шығар күн т.б. осы сияқты заттың түрлі белгісі ретінде қолдану – есімшенің негізгі қызметі. Алайда, есімше заттың белгісі ретінде қолданылады да, заттың қимылға қатысты белгісін білдіреді, жоғарыдағы оқыған дегенді оқығандығы адамның белгісі ретінде қызмет атқарып тұр. Басқаша айтқанда , ол қимыл заттың белгісі болған. Осындай заттың белгісі қызметінде де қимыл мәнін сақтауына байланысты қазақ тілінде есімше үнемі етістік құрамында сақталып келеді.

Романдағы есімшелердің қолданылуына келер болсақ, есімшенің жұрнақтары шебер қолданылған. Есімшенің жұрнақтары романдағы ойды тиянақтап, жинақылық мәнде қолданылған. Сөйлем соңында, арасында есімшенің жұрнақтары көптеп кездеседі. Романнан есімшелердің барлық түрлерін көруге болады. Зерттеу жұмысы барысында романда есімшелердің қолданылу аясы кең түрде қамтылған байқауға болады. Зерттеулерден түйген ойым, «Ақбілек» романы есімшелерге өте бай екендігімен ерекшеленеді. Айта кетер болсам, романда есімшенің -ған, -ген, -қан, -кен формасы, - атын, -етін, -йтын, -йтін формасы, - ар, -ер, -р формасы, -мақ, - мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек формалары қолданылған. Романда көп кездесетін ең өнімді жұрнақтарға -ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтары жатады. Жұрнақтың бұл түрі есімшенің басқа жұрнақтарына қарағанда, өте көп кездеседі. Бұл жұрнақ роман ішінде 2833 рет қолданысқа түседі. Сөзіміздің шынайылығын нақты шығармадағы мына мысалмен дәлелдесек, -ған, -ген, -қан, -кен жұрнақтарының ең өнімді жұрнақ екеніне, жиі қолданылғанына көзіміз жетеді. «Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза ақ тақия, қолында шәңгіші асасы, асасының өн бойы шығыршық, тепшік, сылдырмақ, ұқшы қозы жауырын, мойнында хұсыр тасбысы, танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншігі сидиған, саусақтары сыпсиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжу етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын Іскендір екен кәдімгі». Келтірілген мысалдан есімшенің бұл формасы жиі қолданылғанын байқау қиын емес. Жұрнақтың бұл түрі басқа түрлеріне қарағанда жиі қолданылған. Есімшенің - атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнағы да жиі қолданылған жұрнақтардың бірі. Роман ішінде - атын, -етін, -йтын, -йтін жұрнағы 2073 рет қолданылған. Қолданылуы жағынан жұрнақтың бұл түрі -ған, -ген, -қан, -кен жұрнағына қарағанда азырақ екенін анықтадым. Мысал ретінде төмендегі сөйлемді алайық: «Және біздің Бозінген еркектермен дойбы, карта, асық ойнайтын, насыбай ататын, қонаққа өлең айтқызбай жібермейтін, қызып кетсе, өзі де айтып салатын, бозбала келсе, екі езуі жиылмайтын сері кісі ғой». Жұрнақтың қолданылуы жиі болмаса да, роман ішінен кезіктіре аламыз. Есімшенің - ар, -ер, -р; -мақ, - мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнақтары роман ішінде аздап кездеседі, яғни қолданылуы сирек.

- ар, -ер, -р жұрнағы 1503 рет, -мақ, - мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнағы 1117 рет роман ішінде қолданысқа түскен. Ең аз қолданылған- -мақ, - мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек жұрнағы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі /морфология/, Алматы ,1974ж.

2. Исаев С. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты,

Алматы, 1998ж.

3. Оразов М. Етістік, Алматы, 2001ж.

4 .Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары,

Алматы, 1975ж.



  1. Майтанов Б. Ақбілек – психолог роман. Жұлдыз №10 1992ж.

  2. Ысқақов Д. Ақбілек әлемі. Жұлдыз №8 1990ж.

  3. Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы, 1989ж.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет