ӘБДЕНОВ АЙДЫН ЖАҚСАНҰЛЫ
Батыс Қазақстандағы мұнай тасымалы құбырларының
қалыптасуы: тарих және бүгін (1920-2001 жж.)
07.00.02 – Отан тарихы (Қазақстан Республикасының тарихы)
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты Отан тарихы және тарихи пәндер кафедрасында орындалды
Ғылыми жетекшісі тарих ғылымдарының докторы,
профессор Сұлтанғалиева Г.С.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Нұрсұлтанова Л.Н.
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Капышев А.К.
Жетекші ұйым: Еуразиялық гуманитарлық институты
Диссертация 2010 жылдың «20» желтоқсанында сағат 17.00-де Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас ғимарат, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы) жанындағы БД 14.50.12 Біріккен диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Диссертациямен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2010 жылғы «__» ________________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы, профессор Т.Ә. Әлімбаев
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Даму шежіресі тым әріден басталатын қазақ мұнай өнеркәсібінің бай тарихы бар. Қазақ жеріндегі «қара алтынның» өнеркәсіптік өндірілуін жаһанға жария еткен Қарашүңгілдегі бастапқы мұнай бұрқағы атқылағалы бері міне, 110 жыл өтті. Қазақстанның жері көмірсутекті ресурстарға өте бай. Бүгінгі күні біздің жеріміздің астындағы мұнай-газ қоры 40 миллиард баррельді немесе 5,3 миллиард тоннаны құрайды. Бұл тек барланып, нақтыланған қорымыз, ал әлі де жеріміздің астында мұнай мен газдың нақтыланбаған қоры қаншама!
Егеменді Қазақстан үшін мұнай экономикамыздың қалыпты түрде дамудағы ең негізгі мүмкіншіліктерінің бірі болып қалыптасып, қазіргі кезде халықаралық маңызға ие болуда. ХХІ ғасырда Қазақстан көмірсутек шикізаты қорына аса бай бір топ мемлекеттердің қатарынан көрінуге мүдделі. Мемлекетіміз өзінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып әлемнің дамыған елу елінің қатарына қосылу үшін маңызды стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыруға талпыныс жасап отыр, әрине бұл тұста құбыр көлігінің рөлі де ерекше. Қазақстан магистралды мұнай құбырларын салу арқылы - Ресей, Қытай, Орталық Азия, Еуропа, Араб елдерімен байланыстарын күшейтуді көздейді. Каспий Құбыржелілік Консорциумы, Батыс Қазақстан – Қытай құбыр жолы соның бірден-бір дәлелі. Батыс Қазақстанның мұнай құбыр көлігі жүйесінің сапалы әрі жоғары деңгейде болуы жалпы республиканың әлемдегі беделін нығайтпақ. Сондықтан мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуын кезеңдерге бөліп зерттеу өте маңызды.
Қазақстан Республикасының қазіргі мұнай тасымалдайтын құбырларының ұзындығы шамамен 7 мың шақырымды құрайды. Олар 70 млн. тонна мұнайды жөнелтеді.
Мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуы Қазақстан тарихында көптеген мәселелермен байланысты: кеңестік және тәуелсіз мемлекетіміздің труба құбыр көлігінің дамуында ұстанған саясаты мен еліміздің мұнай өнімдерін тұтынатын өндірістік орталықтарымен байланысы, алғашқы мұнайшы маман кадрларын дайындау мәселесімен де ерекше. Өз кезегінде, мұнай құбыры көлігі еліміздің отын-энергетикалық кешенінің басты бағыты және Қазақстан экономикасының дамуы мен тұрақтылығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Тақырыптың өзектілігі сол, мұнай құбырлары жүйесін басқарудағы ерекшеліктерді айқындап, олардың қазіргі билікпен байланыстылығын көрсетуінде. Сонымен қатар, бүгінге дейін Қазақстандағы мұнай құбырларының қалыптасуы мен дамуын зерттеу қазақстандық немесе шетелдік тарихнамада жүйелі түрде қарастырылмады. Бұл әрине ғылыми еңбектің салмағын арттыра түседі.
Қазіргі кезде Батыс Қазақстан аймағы біршама басымдылықтарға ие, негізгі артықшылығы оның оңтайлы географиялық орналасуы. Бұрынғы Кеңестік Одақтың басқа да мұнайлы аудандары мысалы: Баку, Грозный және Майкоп шеткі аймақтарында орналасса, ал Орал-Ембі ауданы сол одақтың нақ ортасында болып, бұл өндірілген өнім Еуропа мен Азия елдерін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарды. Бұл әрине, елде үстемдік еткен коммунистік партияның аймақтарды индустрияландыру бағытындағы саясатымен байланысты еді.
Республикада құбырлық тасымал жүйесі ХХ ғ. 60-шы жылдарының ортасынан бастап Каспий маңы ойпаты, қазыналы Маңғыстау түбегі кен орындарының игерілуіне байланысты күшті қарқынмен дами түсті, жаңадан бірнеше кәсіпшіліктер құрылды. Ұзындығы 1500 шақырым болатын әлемдегі ең көлемді «ыстық» Өзен-Құлсары-Атырау-Самара магистралды мұнай құбыры іске қосылды, бұл жобаның құрылысы үздік деп танылып, уақытында мемлекеттік сыйлыққа да ие болды. Өзен кен орнынан бастау алған байлығымыз, әлемдегі ең ірі «Дружба» мұнай құбыры арқылы халықаралық аренаға шығарылады, онымен жыл сайын өндірілген миллион тонна Маңғыстау «қара алтыны» бүгінге дейін сыртқа шығарылуда. Мұнайды қабылдау, тасымалдау және өнімді халық шаруашылығы мен экспортқа шығаруды қамтамасыз ету үшін 1969 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен Оңтүстік магистралды мұнай өнімі құбырлары басқармасы (Оңт. ММӨҚБ) құрылады.
Бүгінде Қазақстан мұнай арқылы кіретін қаржыны пайдаланып, өзінің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейін жаңа сапалық арнаға көшіріп, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің бірі ретінде тарихи аренаға шығуы қажет. Ол үшін Қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар, оның ішінде өнерксәіп саласындағы отын-энергетика ресурстарының рөлі зор.
1997 жылдың 25 сәуірінде «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясы құрылады. 2015 жылы біздің Республикада жылына 150-170 млн. тонна мұнай өндіріледі деп жобалануда. Бұл қазіргі көрсеткіштен 3-4 есе көп болмақ. Біз бүгінде мұнайды өндіріп қана қоймай, оны тасымалдауына ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанда өндіріліп жатқан мұнайдың шамамен 80% тасымалдау «ҚазТрансОйл» АҚ еншісінде.
Мұнай бар жерде үлкен саясат, экономикалық даму бар. Елбасымыз «Біздің мұнай шығаратын бағыттарымыз көбірек болуы керек» дей отырып, ең негізгілерінің ішінде – көршілеріміз Қытай мен Ресей екенін атап өтеді.
Қазір Қазақстанда әлемдегі ең ірі Теңіз, Қарашығанақ, Құмкөл, Өзен, Жетібай, тағы басқа да мұнай-газ кеніштері игерілу үстінде. Таяудағы жылдарда Каспий теңізінің қайраңындағы Қашаған кен орнында жаңа қарқынмен мұнайды өндіру жұмыстары басталмақ, оған жаһандық әлемге танымал шетелдік мұнай-газ корпорациялары тартылуда. Осының бәрі тәуелсіз Қазақстанды әлемді энергия ресурстарымен қамтуда басты рөл атқарады және «қара алтын» жеткізуші жеткеші елдер қатарына қосады. Ал Каспий қайраңындағы байлығы мол кеніштерді игеру мен халықаралық экспорттық бағыттарды дамыту біздің әлемдегі беделіміз бен абыройымызды асқақтата түспек.
Міне, осындай зор мүмкіншілігі бар Қазақстанның батыс өңіріндегі мұнай тасымалы құбырларының 1920-2001 жж. қалыптасуы мен дамуын тарихи деректерге сүйеніп зерттеу жүргізу бүгінгі күннің талабы болмақ.
Зерттеу жұмысының нысаны. Батыс Қазақстандағы алғашқы мұнай тасымалы құбырлары басқармаларының қалыптасуы мен даму ерекшеліктері болып табылады.
Зерттеу жұмысының пәні. Батыс Қазақстан аймағындағы 1920-2001 жж. мұнай тасымалы құбырларының қалыптасуы мен дамуы және еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайына ықпалы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Батыс Қазақстанның жер қойнауы мұнай қорына өте бай екені ертеден-ақ белгілі болған. Жалпы мұнайды игеру, осы салада жеткен жетістіктер мен қиыншылықтар туралы бірнеше бағытта жан-жақты талдау жасалынып, зерттелген еңбектер жарық көрді.
Орал-Ембі мұнай кәсіпшіліктері тарихын зерттеу ХІХ ғасырда-ақ басталған деуімізге болады. Өйткені нақ осы ғасырда қазақ мұнайы туралы хабарлар Ресей үкіметіне жетіп, олардың заңды қызығушылығын туғызды. Мұнайлы өлкені зерттеп, оның қойнауында «қара алтынның» молдығын анықтауда қазақ даласын шарлаған тау-кен инженерлері, саяхатшылар, геологтар мол үлес қосты [1].
Біздің зерттеу нысанымыз болып отырған мәселенің тарихнамасын 2 кезеңге бөліп қарастыруға болады: І кезең - Батыс Қазақстандағы мұнай тасымалы құбырларының қалыптасуына байланысты кеңестік дәуірдегі тарихнамалық кезеңі 1920-1991 жж. қамтиды. ІІ – кезең 1991 жылғы Тәуелсіздік алғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі отандық тарихқа жаңаша көзқарастың қалыптасуымен байланысты.
Кеңес Үкіметінің алғашқы жылдарында Орал-Ембі ауданын зерттеуге осы мұнайлы өңірмен жақсы таныс ғалымдар Ц.Л. Фридман, Н.А. Толстоногов, С. Богдановский [2] Қазақстан мұнай өнеркәсібі тарихын 1899 жылғы Қара Шұңғылдан бастап 1925-1928 жылдарға дейінгі мәселелерін тұңғыш рет нақты зерттеп, таныстырды. Олардың еңбектері бұған дейінгі зерттеулерден өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы, Н.А. Толстоноговтың еңбегінде, автор мұнайлы өңірдің тарихи дамуын біршама сипаттай отырып, техникалық жағынан жетілдірілген суреттермен көркемдеген, сонымен қатар ауданның орналасу картасын жасаған. Бұған қоса, 20-ға жуық салыстырмалы кестелер беріліп, онда 1911-1930 жж. мұнай өндірудің мәселелері қарастырылады [3].
Орал-Ембі ауданынан мұнай өндіру мәселесі 1935 жылдың қараша айында өткен КСРО ғылым Академиясының арнайы сессиясында талқыға түсті және оның материалдары кейін «Большая Эмба» деген атпен екі томдық жинақ болып жарыққа шықты [4]. Бірінші томда Орал-Ембі мұнайының қорлары жайында мәліметтер бар.
Азамат соғысы мен шетелдік интервенция жылдарындағы аталған саланың тарихи-экономикалық аспектілерін танып-білуде С.Ө. Өтебаев пен К.Е. Темірғалиев жазбалары қарастырылды. Бірінші бесжылдықтағы Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің дамуы жайлы жаңа туындыларда – Г. Чулановтың, Н. Кейікбаевтың, С.М. Лисичкиннің еңбектерінде көрініс тапқан. Бұл зерттеушілер, бұрынғы КСРО-ның мұнай өнеркәсібінің мүмкіншілігін сипаттай келе, Қазақстанның мұнайлы кен алқаптарына аса көңіл бөлмеген, тек жалпылама шолулармен шектелген [5].
Ұлы Отан соғысының кезеңіндегі Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің даму мәселелері М.Қ. Қозыбаевтың, П.Р. Буркаткиннің, А.Д. және Л.А. Будковтардың туындыларында ерекше орын алды. Сұрапыл соғыс жағдайындағы Қазақстанның мұнай саласындағы өзгерістер, Гурьев айлағы құрылысының тарихы және мұнай өнімі құбырлары мен трубақұбыр көлігі кешені құрылысы жайлы Е.Н. Иманқұловтың, К.Е. Темірғалиевтың, Л.Е. Файннің ғылыми мақалаларында көрініс тапты [6].
Атап өтсек, ХХ ғасырдың 20-50-шы жылдардағы еңбектерде тек кенді өндіру саласына көп көңіл бөлінді, ал тубақұбыр көлігінің қалыптасуын зерттеу мәселелері назардан тыс қалды.
ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап Батыс Қазақстанның мұнайгаз өнеркәсібінің даму тарихын, әсіресе Орал-Ембі мұнайлы бассейнінің мүмкіншілігін білуде Т. Шәукенбаев, Е.И. Сауткин, С. Нейштадт, В.И. Кольцов, К. Кетебаев, К.Симаков, Е.Д. Шашин және тағы басқа қазақстандық ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады [7]. Жұмыстардың ішінде ерекше маңызға К.Е. Темірғалиевтің еңбегі ие [8]. Оның еңбегі алғаш рет жарты ғасырлық (1920-1950 жж.) мұнай өнеркәсібінің даму тарихын сипаттайтын бірден-бір қолтаңба болып саналады. Ал Т. Елеуов, А.С. Елагин, К.Н. Нұрпейісов, З.А. Алдамжаров еңбектерінде Кеңес үкіметінің халық шаруашылығы бойынша Қазақстанда жүргізілген алғашқы іс-шаралары баяндалған. Әсіресе, өлкедегі кәсіпорындарды мемлекет меншігіне айналдыру саясатының тарихы қажетті статистикалық есептермен көркемделген [9].
Кеңес Үкіметі соғыстан кейін Орал-Ембі аймағын қалыпқа келтіру үшін ең алдымен мұнайшы инженерлерге зәру болды. Сол үшін «еңбек мобилизациясын» жариялады, мұнайшылардың алғашқы толқыны қалыптаса бастады. Осыған байланысты қазақ мұнайшыларының ерен еңбектері туралы А. Нүсіпбеков, Ғ.Н. Нығметов, М.Х. Асылбеков, Т. Қожамқұлов, С. Шәріпов тағы басқалар өз шығармаларын арнады [10].
1980 жылдардағы еліміз бен шетелдердегі мұнай тасымалы құбырларының жай-күйіне арналған Б.Е. Щербиннің, А.Б. Беккуловтың, П.А. Шевченконың бірқатар еңбектері жарық көрді [11].
ХХ ғасырдың 60-80-ші жылдары мұнай кенорындарын игеруге зор қызығушылықтар арта түсіп мұнай өнеркәсібінің дамуына жағдай жасалынды, көліктік инфрақұрылымның құрылуына бастама болды. Осы аралықтарда мұнай құбырлары құрылымы бір бағытта дамыды. Қазақстандағы барлық труба құбырлары өзара байланыспады. Бұл әрине кеңес билігінің Қазақстанды тек шикізат базасына айналдыру саясатының айқын көрінісі еді, тіпті мұнай өңдеу зауыттары да елімізден тыс жерде салынды.
1991 жылдардан бастап республикада қарастырып отырған мәселенің оңы мен солын айқындайтын зерттеулер жарық көре бастады. Қазақстандық тарихнамада еліміздің мұнайшыларының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, өмір сүру деңгейі және мәдени-тұрмыстық мәселелері Ж.М. Асылбеков, М.Е. Шайфутдинов, М.У. Есалиева, Н.А. Абдуллаев және тағы басқа тарихшылар еңбектерінде қарастырылды [12]. Нарықтық экономиканың қалыптасуы кезеңінде мұнайгаз өнеркәсібі тарихын зерттеп білуге қызығушылықтар арта түсті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мұнай кәсіпшілігін зерттеу одан да зор қарқынмен жүргізіле бастады. Қазақстан Республикасының мұнай өнеркәсібіне шетелдік қаражатты енгізуді онтайландыру, «қара алтынды» алыс және жақын шетелдерге құбырлармен тасымалдау мәселесіне экономикалық тұрғыдан бағаланған Е.С. Карибжанов, К.Г. Рахметова, М.Т. Чердабаев, Т.Х. Тілеуов, В.В. Белоусов, Г.А. Омарова [13] туындылары болды.
Қазақстан мұнай кәсіпшіліктерінің игерілуі мен 1940 жылдарға дейінгі даму тарихы ой елегінен өткізілініп, оның кешегі Ресей империясы мен Кеңес заманындағы жағдайлары талданған Ә.Қ. Мұхтаровтың диссертациясы, кейін автордың монографиясы [14] болса, Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен соғыс жылдарындағы республикамыздың мұнай өнеркәсібінің тарихына байланысты оның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі жөнінде зерттелінген Қ.С. Мұхитовтың [15], Л.Н. Нұрсұлтанованың [16] туындыларының маңызы өте зор. Бұл жұмыстар көптеген тарихи процестерді жаңаша бағалауда ниет еткен бірден-бір еңбектер болып табылады.
Нарықтық экономикадағы мұнайгаз кешеніне қатысты мәселелер Н.К. Надиров, А. Атшыбаев туындыларында насихатталған [17]. Көптеген зерттеушілерді қызықтыратын мұнай қорына бай Каспий аймағы. Ол туралы М.Т. Лаумулин еңбегі, А.К. Нұршаның кандидаттық диссертация ізденісінің негізгі объектісі болды [18]. Ақтөбе мұнайының кешегісі мен бүгіні туралы деректер жинап, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметін зерттеуге көп көңіл бөлген тарихшы Г.І. Көбенова кандидаттық диссертациясын қорғаса, соның жалғасы ретінде автордың Ақтөбе облысының мұнайгаз кешенінің дамуына арналып толық көлемде зерттелген монографиясы жарық көрді [19]. Ал Батыс Қазақстан өңірінің материалдары негізінде Л.С. Серікованың 1985-2000 жылдар шеңберіндегі Қазақстан мұнайгаз кешенінің дамуына жазылған диссертациясы қорғалды [20].
ХХ ғасырдың соңы ХХІ ғасырдың басында Қазақстан мол көмірсутек қоры бар алпауыт мемлекеттер қатарына еніп, әлемдік энергетикалық сауданың қалыптасуы мен жағдайына өзіндік ықпал ете бастады. Қазақстандық супер-алпауыттар Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарының байлығы, Каспийден бастау алатын ірі мұнай тасымалдау бағыттарының келешектегі мүмкіншіліктері, Атырау-Самара, Каспий Құбыржелілік Консорциумы (КҚК) құбырларының салыну барысы, оларға белсене ат салысқан шетелдік ірі мұнайгаз корпорациялар мен басқа елдердің ұстанымдарына кең көлемде сараптама жүргізіліп, саяси тұрғыда жазылған А. Абишевтің, В.А. Гусейновтың [21] еңбектерін атап өтуге болады.
Дегенмен де, отандық тарихнамада мұнай құбырлары жүйесінің қалыптасуы мен дамуын зерттеуге көңіл бөлінбеді, тек мұнай өнеркәсібінің тарихын танып білуге аса мән берілді. Еліміздегі мұнай өнеркәсібі мен мұнай құбырлары жүйесі ортақ бір басқарманың құзырында болмады, олар бөлек сала күйінде қалды, бұл жұмыстың салмағын арттырды. Тарихнамада мұнай құбырларының қалыптасу тарихы жүйелі зерттелмеді, тек техникалық тұрғыда насихатталды.
Сонымен біз зерттеп отырған ғылыми жұмыстың өзектілігін, маңыздылығын одан әрі білу үшін тек тарихи тұрғыда жазылған еңбектерді қолданумен шектелмедік, саяси-экономикалық, ғылыми-техникалық бағытта жазылған еңбектерді пайдалануға да тура келді. Әйтсе де, бұл тақырыптың толық мазмұнын, хронологиялық ауқымын ашуға негізделіп ғылыми бағытта жазылған еңбектер азшылық. Сондықтан, жұмыстың өзектілігі, ғылыми құндылығы, тәжірибелік маңызын ескере отырып жазған осы еңбек біздің ғылымға қосқан жаңа талпыныстардың бірі болмақ.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті. Қазақстан мұнай өнеркәсібінің әсіресе, Батыс Қазақстан аймағындағы мұнай тасымалының 1920-2001 жылдар аралығындағы қалыптасуы мен дамуын зерттеп, оған әсер еткен обьективті және субъективті факторларды анықтау, ұлттық мұнайшы мамандардың қалыптасуын және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін көрсету. Осындай мақсаттарға жету үшін мынадай нақтылы міндеттер алға қойылды:
- Батыс Қазақстандағы мұнай тасымалдау басқармаларының қалыптасуы, маңыздылығы мен даму барысын талдау;
- Кеңес үкіметі мен Тәуелсіз Қазақстан тұсындағы мұнай құбырлары басқармаларының рөлін, басқару ерекшеліктерін анықтау;
- құбыр көлігі, оны пайдалану мен ғылыми-техникалық дамуын кезең-кезеңмен қарастырып, зерттеу;
- ұлттық мұнайшы, инженер-техник мамандардың қалыптасу жолын және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесіне көңіл бөлу;
- Қазақстан Республикасының мұнайды экспорттаудағы бағдарламалары, инвестициялар тарту, мұнай құбырларының жаңа тиімді бағыттарын анықтаудағы жұмыстарымен танысу;
- «ҚазТрансОйл» Ұлттық мұнай тасымалдау компаниясының қызметі, болашақтағы перспективалы жобаларын кеңінен қарастыру.
Зерттеудің деректік негізін бірнеше топтарға бөлуге болады: 1) Заңдық актілер мен нормативтік қаулылар, 2) Іс қағаз құжаттары, 3) Статистикалық санақ деректері, 4) Мерзімді баспасөз материалдары, 5) Естелік жазбалар құрайды. Зерттеу жұмысын жүргізу барысында ҚР (Алматы: ҚР ОММ, ҚР ПМ), РФ (Мәскеу: РМЭМ) және Атырау (Ат.ОММ), Маңғыстау (МОММ), Ақтөбе (АОММ) облыстық мұрағат қорларының құжаттары ғылыми айналымға алынды.
1. Заңдық актілер мен нормативтік қаулылар. Алғашқы заңдық актілер негізін РМЭМ КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігінің №70-ші қордың, «құпия құжаттар» деп белгі соғылған 2959-істегі «Өзен-Құлсары-Куйбышев» мұнай құбырын Одақтық мемлекеттік сыйлыққа ұсыну туралы қаулысы алынды. Ол кезеңде Қазақстан мұнай кәсіпшілігі Одақ көлемінде мемлекеттік маңыздылығы болғандықтан тікелей Мәскеудің бақылауында болатын. Аталған мұрағат қоры зерттеу жұмысымызға байланысты тың деректер бере алды. Олар кәсіпшіліктер мен мұнай құбырлары басқармаларының бұйрықтары, қаулылары мен шешімдері.
Осы мұрағаттағы №4372 – қордан КСРО Министрлер Кеңесінің мемлекеттік жоспарлау комитетінің құжаттарының деректік негізін жұмыста пайдалану біз үшін өте құнды болды. Онда Қазақ КСР Маңғышлақ түбегінің өндірістік кәсіпорындарына көліктік қызмет көрсету туралы шешімдері берілген. Магистралды трубақұбырларды іске қосуда темір жол қай уақытта болса да маңызды рөл атқарған. Мысалы, осы темір жолдар арқылы жылына бір млн. тоннадан астам мұнай сыртқа шығарылып отырылған. Сол себепті Өзен мен Жетібай кенорындарынан өнімді тасымалдау үшін Ақтау-Ералиев-Жетібай-Өзен бағытындағы темір жол желісін салудың тиімділігі көрсетілген. Ал, №5746 – шы қорда «Ембі-Саратов» құбырын салу басқармасы» қорының құжаттарында Ембі мұнайлы ауданынан Саратовқа дейін құбыр салу төңірегінде көтерілген қаулылары жиі кездеседі. №7298 – қорынан КСРО ауыр өнеркәсібі халық комитетінің құжаттары, №8729 – қорда Мұнайды өндіру мен мұнай өнімдерін тасымалдаудың Бас басқармасының құжаттарында басқа да мұнайға қатысты қаулы, шешімдер жинақталған. Бұл қаулылардан өңірдегі мұнай саласын дамытуға байланысты Орталық биліктің өктемдік күшін жиі пайдаланғанын оңай байқауға болады.
Сонымен бірге Ат.ОММ-ның №146 – шы қорынан КСРО Мұнай өнеркәсібі Министрлігінің «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің 1920-1990 жж. құжаттары; №289 – қордан, «Главтранснефть» бірлестігіне мұнай жеткізу мен Батыс Қазақстан магистралды мұнай құбырлары басқармасына (1936-1980 жж.) арнап шығарылған қаулылары жөніндегі құжаттары және 1999 жылы жарық көрген «Қазақстан Республикасының мұнай заңы» жинағы, жұмысымыздың деректік негізін байыта түсті. Онда Елбасымыздың «Мұнай туралы», «Жер туралы», «Пайдалы қазбалар мен оларды пайдалану туралы» бұйрықтары мен нұсқаулары да бар.
2. Іс қағаз құжаттары ҚР ОММ-ның №206 КСРО ауыр өнеркәсібі министрлігі Қазақ КСР ауылшаруашылық комитеті қорындағы екінші бесжылдықтағы Қазақстанның ауылшаруашылығын дамытуға арналған арнаулы мәжіліс отырыстардың хаттамалары, қабылданған шешім, қаулылар, бұйрықтар мен нұсқаулары зерделенді. №823 – шы қордан «Доссор-Ракуша» мұнай құбырымен өнімді тасымалдаудың нәтижелеріне арналған есептері пайдаланылды. Ал №962 – шы қорда Қазақ АКСР мемлекеттік жоспарлау комитетінің хаттамалары, стенограммалары және Қазақстандағы мұнай кәсіпшіліктерінің игерілу тарихына, қазақ мұнайшы мамандарының қалыптасуына, Кеңестік замандағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық мәселелеріне қатысты құнды құжаттар сақталған.
Сонымен қатар іс қағаздарға байланысты Ат.ОММ-ның №130 – қорынан ҚР Мұнай және Газ Министрлігі «Оңтүстікмұнайқұбыры» өндірістік бірлестігінің Балықшы мұнай құбырлары басқармасының (1971-1979 жж.) құжаттары, №1092 – қордан Гурьев облыстық комитеті Халықтық бақылауының (1963-1990 жж.) мұнай саласына, құбыр көлігіне қатысы бар деректер; МОММ-ғы №322 – қордан алынған КСРО мұнай өнеркәсібі министрлігі «Мангышлакнефть» өндірістік бірлестігінің материалдары; АОММ-ғы №13 – қордан Ақтөбе облыстық коммунистік партиясы құжаттары, №1535 – қордан «Актюбнефтеразведка» трестінің геологиялық-іздеу бөлімшесінің материалдары, №1622 – қордан Ембі мұнай өнеркәсібінің Солтүстік аудандары басқармасының құжаттары және т.б. облыстық Мемлекеттік мұрағаттарындағы қорлардың деректері (оның ішіндегі хаттамалары, әкімшілік құжаттардағы шешім-қаулылары, бұйрықтары мен нұсқаулары) зерделенді. Мұрағат деректерінің ішінде Ақтөбе облысының мұнай саласын – барлау, іздеу, өндіру және өңдеу жұмыстарына қатысты көптеген құжаттар қарастырылды. Ол кен орындарын тездетіп іске қосуға арналған ұсыныстар мен хаттар біздің зерттеуімізде өте зор рөл атқарды.
Деректердің басым бөлігін әр облыстық партия, кеңес ұйымдарының шешімдері, отырыс құжаттарының хаттамасы, табиғи кен орындар мен шикізатты тасымалдауға арналып салынған арналардың даму барысы туралы деректер құрады. Жұмысты орындау барысынды КСРО Министрлер Кеңесінің бұйрықтары, әр мекемелермен хат-хабар алмасу, түрлі ғылыми институттардан келген ұсыныс, тапсырыс хаттарымен де танысып, ғылыми айналысқа енгізілді. Каспий-Орск, Өзен-Гурьев-Куйбышев, Қаламқас – Қаражанбас – Шевченко, Өзен-Жетібай-Шевченко т. б. мұнай құбырларына қатысты Үкіметтің арнайы қабылдаған бағдарламалары мен тапсырыстарынан, бұл магистралды құбырлардың қоғамға қаншалықты маңызды екендігін байқауға болады. Осы жинақталған деректер сұрыпталынып, алға қойған міндеттерді шешуде пайдаланылды.
3. Статистикалық санақ деректері, шолулар мен құжаттар жинағы сияқты жарияланған материалдар есепке алынды. Оған: Мәскеудегі В.И. Ленин атындағы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Алматы қаласында орналасқан Ұлттық кітапханасы мен Ақтөбе, Атырау, Ақтау және басқа да облыстық кітапханаларының сирек кездесетін және құнды әдебиеттер бөлімінде жинақталған мұнай саласына байланысты кәсіпорындардың есептері мен әртүрлі статистикалық мәліметтері кірді. Зерттеу жұмысында статистикалық көрсеткіштердің әр жылдық жинақтары пайдаланылды. Мысалы, «КСРО-ның халық шаруашылығы», «Қазақстанның халық шаруашылығы», «КСРО мұнай-газ өнеркәсібінің есептері», «ҚР ішкі экономикалық қызметі» және басқа да жинақтарды қосуға болады. Оларға салыстырмалы талдаулар жасалды.
Және де ҚР ПМ-нің №708 – қорындағы (1937-1991 жж.) мұнайлы батыс өңірдің кен орындары (Прорва, Қараарна, Боранкөл, Мартыши т.б.), ірілі-ұсақты мұнай құбырлары жөнінде, мәселен, Мақат-Нармұнданақ, Мақат-Доссор, Байшонас-Қарсақ, Қаратон-Қосшағыл құбырларының техникалық жай және жалпы мұнайшылар жөнінде маңызды статистикалық мәліметтер алынды.
4. Мерзімді баспасөз материалдары біздің зерттеу жұмысымыздың мәселелерін жүйелі түрде қарастыруға зор мүмкіндіктер берді. Бұл топтағы дерек көздеріне бұрынғы Одақ пен тәуелсіз Қазақстанның баспасөз материалдары жатады. Одақ көлемінде: «Мұнай ісі», «Мұнай шаруашылығы», «Мұнай», «КСРО мұнай өнеркәсібі», «Мұнай-газ» журналдары жарық көрді. Одақ кезіндегі және көк байрағымызды желбіреткен жылдарынан бастап құнды деректер қатарына енген «Социалистік Қазақстан», «Коммунизм жолы», «Маңғыстау», «Егемен Қазақстан», «Алтын Орда» және т.б. басылымдар мұнай туралы маңызды ақпараттар береді. Олардан әр айлық, тоқсандық, жарты жылдық, жылдық қорытынды есептер, халық шаруашылығындағы және осы саладағы өнеркәсіптің жұмыстары, озат еңбекшілер жайлы мәліметтер алуға болады.
5. Деректердің келесі тобына партия және мемлекет қайраткерлерінің баяндамалары, мұнай шаруашылығы мамандарының естеліктері және мемуарлық еңбектері енді. Аталған деректер белгілі кезеңнің өзгерістерін, халықтың қарапайым өмір-тіршілігін жан-жақты қарастыруға негіз болды. Мысалы, Маңғыстау ОММ (№154, №173, №174, №175, №179, №186) қорлары өте көп деректерді береді. Бұл деректерден Оңтүстік магистралды мұнай құбырлары басқармасының қызметі, құрылымы туралы және осы мұнай кәсібі саласына бүкіл ғұмырларын арнаған, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына тікелей ат салысқан, еңбектері ұшан-теңіз мұнайшылар жайлы көптеген құнды мәліметтер алынды.
6. Жұмыста энциклопедиялар өлке мен қалалар, кәсіпорындар тарихына қатысты анықтамалық әдебиеттер де енді. Мысалы көптеген құжаттар мен зерттеулердің басын біріктірген өңірдің саяси, мәдени және экономикалық тарихына байланысты екі томдық, 2005 жылы «Мұнайшы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жарық көрген «Қазақстанның мұнай энциклопедиясы» бізге біршама мағлұматтар берді.
Достарыңызбен бөлісу: |