Сәдірмекова Жұлдызай Сыздыққызы, Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жаңатұрмыс ауылы, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 30 жыл! Осыдан ширек ғасыр бұрын сан жылдар бойы бабалар аңсаған азаттықтың таңы атты. Найзасын тек жауға тіреген, ұлы даланы ат тұяғымен дүбірлеткен ұлан байтақ өлке бір кездері алып Империяның құрсағында қалған еді. Бірақ тәуелсіздікке жетсем, азат болсам деген арман бір сәткеде сөнген жоқ. Осылайша үмітін сөндірмеген тәубешіл қазақ азаттыққа жетті. Міне, соңғы 30 жылдан бері еліміз бабаларымыздың орындалған ұлы арманында өмір сүріп келеді.
Тәуелсіздік деген қасиетті ұғым - тек қазақтарға ғана емес, қазақ жерін мекендеген, оған кіндік қаны тамып, бірге қайнап бітіскен, туған топырағым деп егілген басқа ұлт пен ұлыстардың да игілігі.
«Тәуелсіздік»… Осынау тарихқа тұнған ұлы сөзді естігенде «Мен қазақпын» деген әрбір жанның жүрегінде үлкен сезім орнайды. Себебі, сонау алмағайып кезеңдерде қазақ халқы үшін қымбатқа түскен, ғасырлар бойы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы болған осы тәуелсіздік еді. Біз бұл кезеңді көрмесек те, қазақтың таңғажайып тарихын, деректерін оқу арқылы білеміз. Бұл қол жетпес бақытқа жету жолында Алаш ардақтыларының басын бәйгеге тіккені, әсіресе 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайсар аға-апаларымыздың ұмытылмас ерліктері көз алдымызға елестейді.
Жер бетіндегі қарапайым тірі жандарға зер салсақ та, олардың өз бетімен ешкімге бағынышсыз тіршілік етіп жатқанын байқаймыз, тіпті көк байрағымыздың символы болған қыран құс та аспанда еркін самғағысы келеді емес пе! «Тәуелсіздік күні - өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн»[1,26] деп елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айта кеткендей, осы ұлан-ғайыр Алтай мен Атырау аралығын жайлаған атырапты, ақ білектің күшімен келген тәуелсіздікті сақтап қалу - біздің Отанымыздың алдындағы ең басты парызымыз. Сондықтан біздер егемендіктің көк байрағын құлатпай ұстауымыз керек. Жер бетінде тауқыметті көп көрген халықтың бірі- қазақ халқы. Иә, орысқа бодан болған үш ғасырдың ішінде тарихымыз, ар- ожданымыз табанға тапталды. Қолдан жасалған аштыққа душар болдық, зұлматтың құрығына түстік. Өзгенің тарихын өзімізге теліп оқыдық. Қазақтың: «Қаратаудың басынан көш келеді» деп зарлағаны, Қазтуған жыраудың: «Қайран да менің Еділім»[2,34] деп қабырғасы сөгілгені; үш жүздің басын қоса алмай, көшіп- қонған жұртын орнықтырып ел ете алмай Абылайдың қайғы жұтқаны; Бұқар жыраудың жер тіреп күңіренгені; «Еділді келіп алғаны- етекке қолды салғаны, Жайықты келіп алғаны жағаға қолды салғаны, Әдіра қалғыр, Үш Қиян» деп Мұрат ақынның күйзелгені; «Бас-басына би болған өңкей қиқым, мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?»[3,55] - деп Абайатамыздың қабырғасы қайысқаны бізге тарихымыздан белгілі емес пе? Ата- бабаларымыздың аңсап кеткен арманы шындыққа айналды. Көгімізде Туымыз желбіреп, Әнұранымыз асқақтады, Тіліміз өз мәртебесін алды. Бір сөзбен айтсақ тәуелсіздігімізді алдық, ешкімге жалтақтамайтын егеменді ел болдық. Әрине, көп уақыт өте қойған жоқ, не бары жиырма бес жыл. Осы азғантай ғана уақытта бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет- Тәуелсіз Қазақстан елі көш түзеді. Ұлы көштің бастаушысы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Арғы-бергі заманда осындай ұлан - ғайыр мемлекет орнатып, халқының көңіліндегісін тауып, көкейіндегісін істеген Назарбаевтай кісіні Ұлы даланың тарихы білген емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр»[4, 19], - деген еді. Халқымызға ғасырлар бойғы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін бұл күн – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін қастерлі мереке. Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Қалың қазақ, алты алаш туған күн, мерейтой. «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 30 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді, дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді» - деп, елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, егемен Қазақстанды қазіргі таңда бүкіл әлем танып отыр. Азаттық аңсаған елдің түпкі мақсатының орындалып, бүгінгі Қазақстан Республикасы өз мемлекеттілігін бұдан 30 жыл бұрын жариялаған болатын. Бұл мереке күнтізбеде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына байланысты тұрақты түрде аталып өтіледі.
Бізді бұл күнге дейін жеткізген ұмытылмас оқиғалар – ел қорғау соғыстары, ұлт-азаттық көтерілістері, қандай ауыртпалықты да көтере білген, жасымайтын асқақ жігерлі рухы, қайтпайтын табандылығы – өшпес өнеге, өлмес мұра ретінде сақталуға тиіс. Бұл еркіндік сүйгіш, патриоттық дәстүр 16-желтоқсан оқиғаларына дейін жалғасты. Осылайша бұл тәуелсіздік күнінің оңайлықпен келмегенін білеміз. Елбасымыз өткен дәуірдегі қаһармандық оқиғалардың тізбегін таяудағы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына арнаған сөзінде: «Ұлы далада бірінен соң бірі толас таппай жүріп жатқан 200-ге тарта көтерілістер эстафетасы, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің бастау көздері»[1,39] деп бағалаған болатын. Елдің біртұтастығы мен тыныштығын сақтауға бар өмірін сарп еткен хан-сұлтандары мен батырларын тарихқа өлшеусіз үлес қосқан ірі тұлғалар ретінде ардақтап, олардың өлмес рухын ұлт мақтанышы ретінде күні бүгінге дейін жеткізді. Бұл қасиетті шежіре – бүгінгі буын арқылы келер ұрпақтың бойына жастайынан сіңірілетін баға жетпес игілік. Осы өнегені, елжандылық, отансүйгіштік дәстүрді жастардың бойына дарыту, патриоттық рухта тәрбиелеу – бүгінгі таңда әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы болып табылады.
Сондықтан бұл күн жас мемлекетіміз үшін – біртұтас елдіктің, ынтымақтастық пен татулықтың, сонымен қатар өткенге деген тағзымды салауат пен болашаққа деген сенімді үміттің мерекесі болып табылады. Еліміздің ұлы тарихына, ата-баба рухына, аға ұрпақтардың қаһармандық өмір жолына құрметпен басымызды иіп, Отанымыз – Қазақстанға деген құрметтеу сезімін әкелетін бүгінгідей мереке күні алға қарай тағы да берік сеніммен қарап, болашақтың тыныш өмірінің негізін қалау үшін қазір де бұл бағыттағы іс-әрекетті жалғастыру керек. Қоғамдық өмір сабақтары мен Отанымыздың мүддесі қазіргі таңда патриоттық дәстүрге сай келетін жаңа талаптарды қойып отыр.
Туған Отанымыз жер жүзілік қауымдастықтың терезесі тең мүшесі ретінде демократиялық өрениетті даму жолына түсті. Үш ғасырға созылған ата-бабамыздың арманының жүзеге асқаны, оған өзімнің куәгер болғаным – мен үшін шексіз қуаныш. Мен өз халқымның ешкімге нақақ қиянат жасамағанын мақтан етемін, ал, қиянат жасамағанға Алланың көзі түзу. Біздің қолымызда қанның емес, тердің иісі бар. Демек, біз – жасампаз халықпыз.
30 жыл ішінде еліміздің жастығына қарамастан, қиыншылықтарға, әлемдік дағдарыстарына бой бермей, керісінше көп деген жетістіктерге жеттік, тәуелсіздігімізді әлемге мойындаттық. Нақты тоқтала кетсек, 1991 жылы ҚР президентінің жарлығымен Семей полигоны жабылып, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болды. Осы қадам арқылы еліміз әлемді бибітшілікке, татуластыққа және түсінішілік қарымқатынаста өмір сүруге шақырады. Сонымен қатар, экономикалық-әлеуметтік, саяси, қауіпсіздік мәселелерінде, оның ішінде жаһандық өңірлік проблемаларға қатысты өз алдына дербес шешім қабылдай алатын, өз ұстанымын паш ете алатын егемен мемлекет бола алатынымызды барлық қырынан айқындап, мойындаттық. Халықаралық бастамалармен бірге, әлемдік деңгейдегі іс шараларды, дүниелік, адамзаттық маңызды форумдарды да жоғары деңгейде ұйымдастыратын жұрт екенімізді таныттық. Ал, түптеп келгенде, бұның барлығы дербестіктің, Тәуелсіздігіміздің арқасы.
Тәуелсіздік - ата-бабамыздың аңсаған арманы еді. Еліне бостандық алып беру үшін, аталарымыз қан майданда жанын құрбан етіп, аянбай шайқасты. Соның бәрі ұрпағының азат, тәуелсіз өмір сүруі үшін еді. Міне, бүгінде біз - азатпыз, азат елдің ұрпағымыз. Ашық аспан астында өмір сүріп, Отаныңның ауасын құшырлана жұтып, суынан ішу, кең даласының төсінде еркін-ойнап күлудің өзі қандай бақыт! Әркімге жалтақтамай, өз жеріңнің иесі өзің болып, өз заңыңмен өмір сүру бақыты қазақтың басынан кетпесе дер едім. Елбасының арқасында еліміз тыныш болғандықтан, соғыс деген сұмдықтан аманбыз. Оны тек фильмдерден ғана көріп жүрміз. Сондағы соғыстың көріністерін, адамдардың қиналғанын, өзге елдің боданында жүргенін көргенде, еліміздегі тыныштықты, аспанымыздың ашық, бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымызды қадірлей, бағалай түсемін. Лайым солай болса екен деп тілеймін де! Тәуелсіздік - баға жетпес байлық. Оған еш шүбә жоқ. Осындай бейбіт, еркін елде өмір сүріп жатқанымыз үшін біз бақыттымыз!
Қасиетті Отан ұғымы – қандай кезде де, қандай қиындық пен қуанышта да, тіпті отаршылдықтың тар қапасында тұншығып жатқанда да, ел басына күн туған аласапыран шақтарда да, және бүгінгідей тәуелсіздіктің бейбіт те шуақты күндерінде де - әрқашан да бәрінен де биік тұрады.
Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын-қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қауымдастығына қосылды. Отанымыз Қазақстанымыз туралы айтарымыз да мақтанарымыз да көп-ақ! Ендігі жеңіс те ерлік те біздің қолда. Дербес болуға бағыт алған егемен еліміз – Қазақстанды көркейтетін, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар, яғни, біз жұмыла еңбек етуіміз қажет. XXI ғасырда қазақтың қасіреті аз болғай, қуанышы көп болғай! Таяудағы жүз жылдық, әрідегі мың жылдықтарда қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін хақ тағала баянды еткей!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіздік белестері» - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2003., 336 б.