Сценарий тақырыбы: Тәуелсіздік тұғырым
Сценарий барысы: «Тойбастар» күйі. (хабарланбайды)
Мақсаты: Тәуелсіздік туралы терең мағлұмат беру. Ата - бабамыздың тәуелсіздік жолындағы ерлігін үлгі етіп, өз Отанын сүюге, еліне, халқына қызмет етуге тәрбиелеу. Еліміздің тәуелсіздігін атап өту қарсаңында ел тарихына шолу жасау. Тәуелсіз еліміздің жетістіктерімен таныстырып, білгендерін тереңдету. Көрнекілігі: шарлар, нақыл сөздер.
1-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар! Бүгінгі Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік тұғырым» атты мерекелік кешімізге қош келдіңіздер!
Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркенниетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 32 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш Нұрсұлтан Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқшанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
2-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік — ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан — жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан — Гүлстан!
Біздің орта мектебіміздің көркемөнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасын қабыл алыңыздар.
1-жүргізуші:
Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің
Ән «Қазақ елі осындай»
Орындайтын 9 — сынып оқушысы: Аманбай Елдана, Таңат Ұлнұр
2-жүргізуші:
Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Алимхожин Ильяс Шинасилұлына беріледі.
1-жүргізуші:
Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған,
— деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз-өзінен жүрегім ән салады.
6 сыныптың орындауында ән «Туған ел!»
«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүниежүзіне танылды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе-тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы-құт, жері-дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
________________________________
.
Желтоқсан – заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан – Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтары кете барды
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып
1-жүргізуші:
Барлық ұлттың басын қосты бұл достық
Ұлы достық
Нұрлы достық
Күн достық
Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты
Биші қыздар биімен де үн қосты
9 сынып орындауында «Қазақ» биі
2-жүргізуші:
Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным – бақ-дәулетім,
Болашағым, өнер-білім, өркенім.
Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба жарқыра
Тарихымызда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата баба рухына.
Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
_________________________________
(Барша бала артында шығып тұрады, қолдарында шар мен жалауша)
2-жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына
Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғырым" атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.
Қазақ елім!
Туды жастық дәуірің.
Алғандайсың жұлдызыңның жарығын.
Тәуелсіздік құтты болсын, қымбаттым,
Туған күнің құтты болсын, алыбым!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын деп тілейік, ағайын.
Келесі кездескенше сау саламатта болыңыздар!
Достарыңызбен бөлісу: |