Әок 413. (342) Қазақ тіліндегі коммуникативтік фразеологизмдердің МӘНМӘтіндік негізі



Дата09.06.2016
өлшемі102.4 Kb.
#125230
ӘОК 413. (342)
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ КОММУНИКАТИВТІК ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ МӘНМӘТІНДІК НЕГІЗІ
А.С. Әлібаева

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, Тараз қ.
Тіл-тілдегі сөйлем құрылымды фразеологизмдер мақал-мәтел және мақал-мәтел емес коммуникативтік фразеологизмдер болып екі үлкен жүйеге топтасады. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер өзінің дербестігі жағынан мәнмәтінде жеке хабар беруші сөйлем түрінде қолданылады. Мақал-мәтел фразеологизмдердің арасында дәстүрлі, классикалық сөйлем құрылымдыларымен қатар, грамматикалық жақтан ұйымдасуы тұрғысынан формальды түрде сөйлем ретінде танылатындары да бар. Синтаксистік тұрғыдан сөйлем ретінде танылатын тұлғалардан өзге, мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің қатарында грамматикалық жақтан аморфты құрылымдар да кездеседі. Олардың қатарына әр түрлі мақсатта қолданылатын, бір мүшесі кем тұлғалар жатады, мысалы: Тисе-терекке, тимесе- бұтаққа ; Адамына қарай сәлемі т.б.

Тұлғалану құрылымына қарамастан, мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің грамматикалық жақтан сөйлем түрінде қалыптасқандарының да, сөйлемнің қызметіне және құрылымына формальды түрде жауап беретіндерінің де атқаратын қызметі шындық болмыстың әйтеуір бір жағын хабарлау. Тілде дайын күйінде қолданылатын, өзіндік ішкі астарға құрылған семаникасымен сипатталатын құрылым ретінде ұйымдасқан мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің қызметі сөйлем ретінде танылады. Егер мақал-мәтелдік құрылым коммуникативтік қызметпен байланыспаса, ондай мақал-мәтелдің грамматикалық құрылымы мен синтаксистік формасы сөйлем анықтамасын формальды түрде атқарып тұр деген сөз. Мысалы, мақал-мәтелдердің эллипсистік қолданысы, олардың құрамында тұрлаулы мүшелердің түгел болмауы т.б. сияқты құрылымда қалыптасуы, олардың сөйлем анықтамасына формальды түрде жауап беретіндігін көрсетеді. Мақал-мәтелдер парадигмасының негізіне де грамматикалық категориялардың морфологиялық көрсеткіштері алынады, сондай-ақ, сөйлем ретінде, мақал-мәтелдердің синтаксистік формалары мен құрылымы олардың парадигмасы болып табылады. Өйткені, мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің синтаксистік парадигмасы әр түрлі сөйлем үлгілері бойынша ұйымдасады. Сөз шеберлері оларды өзгертпей де, өзгертіп те қолдана береді. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің арасында өзгертіп қолдануға икем тұратындары көбіне екі сөзден тұратын сөз тіркесі түріндегі үлгілері (сыныққа сылтау, сұлуынан жылуы т.б.), жай сөйлем түріндегі құрылымдылары (пәледен машайық қашыпты, суға кеткен мал қармайды т.б.). Мысалы : - Бүлінген елден бүлдіргі алма дегені қайсы ? Бөтен болса бір сәрі (М.Ә.). Жанталасып жүріп тапқан ақшаң, мұқтажыңның біріне жетсе, біріне жетпейді. Қысқа жіп күрмеуге келе ме ? (С.С.).

Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің мәнмәтінде қолданысындағы әр түрлі ерекшеліктер төмендегідей сипатта болып келеді. Мақал-мәтелдер ауыс мағынада я ішкі астармен қолданылғанымен, құрамындағы сөздері өздерінің негізгі лексикалық мағыналарынан айырылмайды. Осыған сүйеніп олардағы ішкі астарды ескермеуге болмайды. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер мәнмәтінде жеке қолданылғанда да олардың ішкі астары байқалып тұрады, ол семантикалық қасиет мәнмәтіндегі өзге сөйлемдердің семантикасымен байланысында өте-мөте анық аңғарылады. Сол себепті де мақал-мәтелдер тілде әр түрлі тәсілде қолданылады. Оларды тұлғалық өзгерістерге ұшыратпай, өз қалпында қолдану арқылы эмоционалды-экспрессивті мәнді білдіру жиі кездеседі. Мысалы: Уәде-сөз. Айтылды-кетті. Алтын көрсе періште жолдан таяр. Жомарттың да тайғаны ғой.Ендеше, өз қылғанын өзіне жасайын (С.См.). «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған (І.Е.). Мәнмәтін сөйлемдеріндегі мақалдарда жағымсыз қылық, іс-әрекет, мінез астармен жеткізіліп тұр, ой меңзеу арқылы берілген. Мақалдарда ұғымның өзі тікелей білдіріліп тұрғанымен, қолданыстағы бұл мақалдардың меңзеп тұрғаны-басқа сипат, мұнда ұғымнан гөрі кесек ой басым жатыр.

Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің мәнмәтіндегі басқа сөздермен, сөйлемдермен байланысының негізгісі – семантикалық байланыс. Кез келген мақал-мәтел мәнмәтінде жайдан-жай, тура мағынасында қолданылмайды. Мақал-мәтелдерді тура мағынасында, жалпы өмірлік тәжірибе қорытындысы түрінде қолданғанда да, олардың семантикасынан белгілі – бір астарды байқаймыз. Мысалы : «Қарға қарғаның көзін шұқымас деген міне осы екен», -деді ол ішінен (І.Е.). Сөйлемдегі фразеологизмнің ішкі астары әркімге –ақ аян және түсінікті. Ал, «Алтын балтаның да сабы ағаш» деген мақалды тура мағынада ешкім де қолданбайды, «қанша жарқырағанымен, асыл болғанымен, әйтеуір бір, кішігірім болса да, кемшілігі болады» деген мағынада қолданыла береді. Сол себепті мәнмәтінде мақал-мәтел фразеологизм басқа тұлғалармен алдымен өздерінің ішкі астарымен, мазмұнымен байланысқа түседі. Мақал-мәтелдердің ішкі астары олардың туынды мағынасы, яғни астарлы мағынасы болып табылады.

Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер мәнмәтінінде, біріншіден, өз семантикасы арқылы өзге тілдік тұлғалармен байланысқа түсетін болса, екіншіден, олар синтаксистік және морфологиялық жақтарынан болсын, өзгеріссіз қалпында мәнмәтін құрамына енгенде, басқа сөздермен, сөйлемдермен «де» етістігінің көмегімен байланысқа түседі. Мұндай қолданыстың негізі мақал-мәтелдердің ішкі астарын сақтау мақсаты болып табылады. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің қолданыс жүйесіндегі мұндай ерекшелікті фразеологиялық нормалардың бірі деп атауға да болады. Өйткені фразеологизмдер саласында мақал-мәтелдер ғана емес, номинативтік фразеологизмдер жүйесінде де оларды «де» етісгігі көмегімен мәнмәтінмен байланыстыру дағдысы бар. Мысалы: Биыл жығылған үстіне жұдырық деп, көктемде жаңа қылтанақтап келе жатқан бес жер егінімді тағы сол, жаңағы таптап, қара топырағын шығарып кетті (М.Ә.). Кеден кеден болды, кедергі неден болды деп, мына жеті ру Маман салмақты бізге салып отыр (М.Ә.). Бұл бекіністер салынып бітуі – қыл арқан аш тамақтан түсті дегенмен бірдей (І.Е.). Шықпаған шыбын жан дегендей өмір кешіп жатқан ауыл еңбеккерлерінің күні қазір тайған (ЖА).

Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдердің авторлық қолданыстарындағы өзгеріс шегі тым кең де, немесе аса тар да емес. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мақал-мәтелдер мәнмәтін құрамында «де» етістігінің өзгеріп-түрленіп келуі арқылы қолданылады: Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер (М.Ә.). Қасым қалың әскерін соңдарынан ертіп Отрарға аттанды. Бұдан екі тәулік бұрын Мұхамед-Шайбани тыңшылары арқылы Бұрындық ханның Отрарға аттанғалы жатқанын естіген. Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты дегендей, Яссыны аламын деп жүргенде өз бекінісімнен айрылып қалармын деп жедел жүріп Отрарға жетіп үлгерген (І.Е.). Бір көрген құқай емес. Ұра берсе құдай да өледі деп, ет үйреніп кеткен соң, «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп жүре береміз де (С.См.). Бұған Серғазы хан қалай қарайды? Ортақ өгізден оңаша бұзау артық демей ме? (І.Е.).

Қолданушы тарапынан кейбір өзгерістерге түсіп қолданылғанымен, мақал-мәтелдердің семантикалық қасиеті сақталады. Оралымның құрамындағы сыңарлардың бірінің морфологиялық көрсеткішінің өзгертіліп қолданылуы: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», Қоңырқұлжа да тұқымының ауызданған салтынан аса алмаған (І.Е.). Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі, осындай өжет ананың баулуында қанаттанған Ағыбай батыр болып өсті (І.Е.).Ол ол ма, «таз ашуын тырнадан алардың» кебін келтіріп, «күң» деп, «зәндемі жау» деп көзіне түссе көпіре жөнелетін (С.См.). Фразеологизмдердегі «іледі», «алады» сыңарларының морфологиялық жақтан өзгерістерге түсуі фразеологиялық нормадан аспаған, яғни фразеологизмдердің астарлы мағыналары сақталған.

Фразеологизмің құрамына басқа бір сөз қосып қолдану: Қашқан жауға қатын да ер, соңдарынан атылған оқ бұлардың да он шақтысын алып қалды (І.Е.). Жаңа өзің айттың ғой, Алтын, Алтай, Уақ, Тоқа ана жаққа кетті деп. Сынықтан бөтеннің бәрі жұғады ғой. Олардың үлгісімен өзгелер де киімін пішпесін қайдан білесіңдер? (І.Е.) Бізді тастап Әбілқайырға қосылып, қандай ел болмақсың? Одан да есің барда жөніңді тап ! (І.Е.). «Қашқан жауға қатын ер» фразеологизмінің құрамына «да», «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» фразеологизмінің «басқа» сөзінің «бөтен» сөзімен ауыстырылып, «ғой» сөзімен аяқталуынан фразеологиялық мағыналар өзгеріске түспеген.

Фразеологизм құрамындағы сөздердің орындарының ауыстырылып қолданылуы: Көп кешікпей Әбусейіт Әбділлахқа қарсы соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалды. Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылған тоқал ешкідей Самарқантты жаулап аламын деп жүріп, Бұқарынан айырылды (І.Е.). Фразеологизм – «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылыпты».

Коммуникативтік мақал-мәтел фразеологизмдер эллипсистік өзгеріспен де қолданылады : Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ, Қобыланды батыр. Сен қазір қыңырсың. Бірақ қырықтың аты қырық. Қандай қыңыр болса да түзетеді (І.Е.). Фразеологизмде «кісі» сөзі түсіріліп қолданылған. – Иә, әңгіме бұзау емізер… дегендей, енді бітім-келісімге кіріскен жөн болар…(І.Е.). Мақалдың «бұзау таяқ жегізер» бөлігі эллипсистік қолданыста түсірілген.

Фразеологизмдердің құрамында жасалған өзгерістердің көздеген мақсаты болады. Мысалы, Қылыш көтерген қылыштан өледі. «Біреуге ор қазба, өзің барып түсерсің» деген қазақ мақалын білесің бе? (С.См.) фразеологизмінің құрамына «барып» сөзінің қосылып қолданылуы айтатын ойды нақтылап, тәтпіштеп, жеріне жеткізу мақсатын көздеген. Мақалдың эмоцияльдық бояуы күшейген.

Коммуникативтік фразеологизмдердің авторлық қолданыстарын: біріншіден, өзгерістерге ұшыратпай, өз қалпында пайдалану; екіншіден, өзгерістермен қолдану; үшіншіден, тұлғасын өзгертпей өз игілігіне айналдырып қолдану деп жіктеуге болады. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер автор тарапынан ешбір өзгеріссіз, «де» етістігінің көмегінсіз, жеке сөйлем түрінде қолданыла береді. Мысалы: «Ал» дегенде – саққұлақ, «бер» дегенде – салпаңқұлақ бола қапсыз. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Талай бермей, орай береңіз,-деп Сартай ашына сөйледі (С.См.). Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары (І.Е.). Автор мақал-мәтелдің тұлғасын өзгертпей-ақ өз игілігіне айналдырып қолданады[1]: Арада өткен айлар саны бұл күнде есеп емес. Не болса да «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей. Базаралы жолдағы бар бейнетті басып озып, өктеп келіп жеткен еді (М.Ә.). Бірақ … «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірірнде хан болса да шындықты таңдауы бір ғанибет іс еді (І.Е.). Бір атым насыбайға бола көңілі қала қойғыш (Ә.К.). Өзгеріс жасалған фразеологизмдердің дәстүрлі үлгісі сақталады: - Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі… Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дейтіндерге… (І.Е.). Ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлаған тышқанның кебін киген Көшім хан, содан кейін қайта түзеле алмай, ақыры қаза тауып тынды (С.См.).Жалпыхалықтық мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер үлгісімен көркемсөз шеберлері өз тарапынан бейнелі оралымдар жасайды. Мысалы, Ілияс Есенберлиннің романдарынан мынандай авторлық туындыларды: Өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды. Көп тебінсе – жер сілкінеді. Ата-ананы таңдауға бомайды. Адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді.Жылан да ұрпағын сүйеді. Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ тұрады т.б.; Софы Сматаевтың «Елім-ай» романынан: Жіліктің майлы басына әркім-ақ құмар. Артық байлық-арам ас. Мықтымен алыспа, жүйрікпен жарыспа т.б. кездестіреміз.

Коммуникативтік фразеологизмдер қолданыс барысында туынды мағынада ұғынылады, олар негізінен астарлы мағынада қолданылады, затты, құбылысты, кісінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, интеллектісін бейнелей суреттейді.Мысалы: Адамның басы алланың добына айналып, Тәңірбергендердің тепкен жағына домалап жатқан жоқ па? (Ә.Н.). Күштінің көпке көрсетіп жатқан қиянатын автор бір коммуникатив фразеологизмнің ішкі мазмұнымен-ақ анық суреттеп берген. – Солай ма? Е, онда патша бағы қайта бастады десейші. Иә, иә, мың асқанға бір тосқан… (Ә.Н.). Фразеологизм кекесін мәнінде қолданылып, көрсеткен көп қиянаттың бір кезде алдынан шығатынын тұспалдап жеткізіп тұр. Қайдам, сорлы ата-ананың көңілі балада болғанда, баланың көңілі басқа жақта ма деп… (Ә.Н.). Фразеологизмнің өмір шындығын айтып тұрғанымен, мәнмәтіндегі оның мағынасы жасөспірім бозбаланың теңіне деген ынтызары топшыланып, астармен берілген. Фразеологизмнің өзінің бастапқы мағынасынан ауытқып, өзге құбылысты бейнелей суреттеп, туынды мағынада түсінілетінін аңғару қиын емес. Бұл коммуникативтік фразеологизмдерде тура және туынды мағыналар жарыса қолданылуы байқалғанымен, мәнмәтіндегі мағынасында міндетті түрде ішкі астар, яғни әйтеуір бір астарлы, туынды мағына ұғынылады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды»: Естіген өсегіне сонда-ақ сенген (І.Е.). Бұл мақал тура мағынасында шындық болмыстағы ақиқатты айтып тұрғанымен, мәнмәтіндегі, қолданыстағы мағынасы өсек-аяңның, дақпырттың негізсіз еместігін меңзейді. Құбылысты салыстыра суреттеудегі мақсат-ойды астарлы мағынада жеткізу. Мақалдағы дәлел мен қорытынды пікір астарлы мағынада қолданылады.

Мәнмәтіндегі коммуникативтік фразеологизмдердің тұлғалық өзгерістері оның жалпы мағынасына ешбір нұқсан келтірмейді, керісінше мақал-мәтелдің семантикасына, сәл болса да, қосымша мән үстейді, ол мән әрине, мақал-мәтелдің мағыналық жақтан дамуында ие болған ішкі астармен байланысты болады. Мысалы: Әрине, бар болса, мол болса – бір-ақ қарық қып тастар едім. Қысқа жіп күрмеуге келе ме. Азсынбасын (С.См.). Бұл фразеологизм мәнмәтінде риторикалық сұрақ түрінде қолданылып, өз жауабы өзінде айтылған. Жоқтық, кедейшілік қысқа жіптің күрмеуге келмейтін шындығымен салыстырыла бейнеленген де, оралымның туынды мағынасы дамыған. Қандай мақал я мәтел болмасын мәнмәтінде, қолданыста тура мағынасында ұғынылмайды, мақал-мәтелдердің мағынасы метафоралық мәнде түсініледі (Мысалы: Ұстазы қандай болса, шәкірті де сондай. Ағашына қарай мәуесі. Сабағы жаман дақылдың дәні де жаман т.б.).

Мақал-мәтелдің өзіндік мәнін жете түсіну үшін екі жақты табиғатымен қоса, оның үшінші жағын, яғни зат я құбылыспен байланысын білу қажет. Мақал-мәтелдердің жасалуында логикалық тұжырым басым болады да, сол тұрғыдан мәнмәтіннің құрылымдық бөлігі ретінде қолданылады. Ал заттық я құбылыстық деңгейде мақал-мәтелдердің материалдық шындықты білдіруі оның логикалық тұрғыдан ерекше қасиеттерінен көрінеді, яғни ішкі астары мәнмәтінде алдыңғы орынға шығады. Мысалы: Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі. Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі. Көп көрген білмейді, көп түйген біледі. Тілдік және логикалық құрылымы жағынан бұл мақалдар бір-біріне өте жақын. Соған қарамастан олар бір-бірінен тіпті өзге, бөлек, өйткені бір мәнмәтінде біреуі үйлесіп қолданылса, екіншісі я үшіншісі ол мәнмәтінде қолдануға икемсіз болады.Мақал-мәтелдердің тура мағынасымен байланыста туатын мәнмәтіндік мағына астарлы, экспрессивті-эмоциональды астарды ашады. Мақал-мәтелдерге тән басты қасиеттердің бірі – олардың, біріншіден, зат я құбылысты бейнелей суреттеуі, екіншіден, шындық өмірдегі құбылыстарды өмірлік тәжірибе тұрғысынан қорытып бейнелейтін мағынасы мәнмәтінде астарлы, туынды мағына жасауға негіз болатындығы, яғни көптеген мақал-мәтелдердің семантикалық табиғаты осындай.

Басқа тілдік тұлғалардың мән-мазмұны мен мағынасы сөйлемде, мәнмәтінде лексикалық және синтаксистік заңдылықтарға сәйкес тұлғаланып жан-жақты анықталатыны сияқты, фразеологизмдер де мәнмәтін құрамындағы сөйлемдермен, сөздермен семантикалық және грамматикалық байланысқа түсіп, өздерінің фразеологиялық қасиеттерін анықтайды. Коммуникативтік фразеологизмдерді сөйлем құрылымдас үлгілерде қалыптасқандығына қарап, жеке-жеке бөлшектерге талдауға болмайды. Синтаксистік еркін сөйлемдер мен коммуникативтік фразеологизмдердің айырмашылығы олардың парадигматикасынан да, синтагматикасынан да көрініп тұрады. Фразеологизмдер тұлғасы жағынан номинативтік (сөз тіркесі құрылымын) және коммуникативтік (предикативтік құрылымын) даму барысында сақтағанымен, семантикалық құрылымы өзгеріп, даму барысында жаңа сапаға, фразеологиялық сипатқа ие.



Әдебиеттер



  1. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы, «Ғылым», 1977. –712 б.

  2. Сатенова С. К. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты. – Алматы, КДА, 1997. –180 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет