Несін жасырайын, бұл басылымның жеке жарияланым көретіндей, орайы ойда ғана бар, күрмеуі қиын, мүмкіндігі де шектеулі ғайыптың еншісіне тиесілі дүние еді



Дата17.06.2016
өлшемі114.21 Kb.
#142800
АВТОРЛЫҚ БАСЫЛЫМҒА АҢҒАРТПА (соңғы қараған нұсқа)

Несін жасырайын, бұл басылымның жеке жарияланым көретіндей, орайы ойда ғана бар, күрмеуі қиын, мүмкіндігі де шектеулі ғайыптың еншісіне тиесілі дүние еді. Жинақталуы мен жазылуы жиырма бес жылға жуық созылған «Ұраным – Алаш!..» атты үш томдық түрме әфсанасы аяқталған соң, сөрелер мен тартпадағы мұрағаттан алынған қат-қат, бума-бума жазбаларды көргенде «ортан теректің» сұғына мүйіз боп қатқан сүйел шаншып, сұқ саусақ пен шынтақ сүйек қақсап қоя берді. Оның жөні де бар еді. Жұлын мен жүйкенің шүйделенгені мен шүйкеленгенін есепке алмасақ, сол жазбаларды көшірген кездегі ауыр салмақ та соларға түскен болатын. Енді соншама еңбектің өзі де «мұрағаттың мұраларының» кебін құшып, шаң басқан сөреде тозаң қауып жата беретін сияқты көрінді. Қайран еңбек! Деген шарасыз ой меңдеді.

Бұрын оларды жариялауға болмайтын. Түрмедегі көрсетінділердің екіұшты ойға қалдыратыны анық еді. Алайда, «Ұраным – Алашта!..» олардың әр жолына түсінік беріліп, әдібі жазылып, әдебі орынына қойылған соң бір түрлі сенім ұялап, солардың басын қосып, дәлелге алынған деректерді іріктей саралап, санатқа қоссам деген ой қылт ете қалды. Соңынан нақты идеяға айнала бастады. Алаш идеясын жеріне жете санасына сіңірген тарихшы М.Қойгелдиевпен бірлесе отырып, үш томдық ортақ басылым дайындасам деген оймен екеуара уағдаластық та жасастық. Алайда жиналған деректер мен түрме көрсетінділерін тағы да бір сарадан өткізгенде, бұл мұрағат көшірмелерінің дені менің өзімнің көзқарасыма қарай Біртұтас алаш идеясының ұйытқысының мәйегі ретінде іріктеліп жинақталған, алпыс жасқа келгенше қырық жыл бойы тірнектеген зиятты меншіктерім екен.

Сонымен қатар, сондай сәттерде: өзімнің Қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы тергеу ісімен аса қатерлі әрі тәуекелді сексен жетінші – сексен сезінші жылдары танысқан адам екенім, сол орайға байланысты жүйке мен жұлынның шүйкеленулері, әр түрлі психологиялық қысымдар мен қақпақылдар (интригалар), құпия кездесулер мен аңдысулар, сенген адамдардың секем алып, керісінше, қауіптенген, көмек күтпеген адамдардың септескені ойға оралды. Кейінгі жылдары сол бір шыбын жанды шүперекке түйген тәуекелдерді елемей, маған менсінбей қарап, осының барлығын өздері жүзеге асырғандай мардымсып, сыртымнан кіжіне сөйлеп жүрген «көсе көсемдер» еске түсті.

Осындай бір шарасыз сәттерде, сол буырқанысты булығудың бәрі еш кеткен еңбек сияқты көрініп, ішімнен Міржақып дегдардың:

Кешегі қара күндерде,

Жұлдызсыз, Айсыз түндерде,

Жол таба алмай сенделіп,

Адасып алаш жүргенде,

Бұл күнгі көп көсемдер,

Сұраймын сонда қайда едің?!, –

деген налалы назын қайталап, өзіме-өзім іштей:

Енді бүгін кім жаман,

Данышпан емес, кім надан,

Қамқор емес, кім жауыз,

Жомарт емес, кім сараң,

Көсем емес, кім жалтақ?

Шешен емес жоқ адам,

Бәрі білгіш, бәрі де ер,

Жеткізді Алла Тағалам, –

деп құмыға сұрақ қоюмен тынып жүрген мезеттерді де бастан кештім.

Сондайда, 1987-1991 жылдар аралығындағы тәуекелге толы күндер көз алдыма оралады. Оның жай-жапсары, сол кездегі Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан жазылып алынған бұл құжаттар мен деректердің жинақталу барысы «Ұраным – Алаш!..» атты үштағаннан тұратын әфсанада толық айтылғандықтан да, сол жайды қайталап келтірумен шектелемін.

Менің алаш мұраларымен таныс екенімнен мағлұмдар Олжас Сүлейменов 1987 жылы қаңтар айында Жазушылар одағының жанынан Құқық комиссиясын құрып, мені төрағалыққа бекітті. Сосын желтоқсан оқиғасына қатысты деректерді жиып, хабардар етіп отыруды тапсырды. 1988 жылы қаңтар айында мені сол кездегі жоғары соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке жіберіп: «Міне, күні туды олардың. Ұстазыңның (профессор Хайыржан Бекхожиннің) үмітін ақтайтын кез келді. Алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сен солардың тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол»,– деп еді.

Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген жоғары соттың төрағасы: «Біздің ұлтымызға жанымыз ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – саған сенемін. «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғары соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысып отыр. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер»,– деді. Қазыхан екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы мен менің әйелім Әмина Сейітқызының кластас екенін білген соң: «Ендеше күнде таңертең сағат оннан бастап келіп менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады»,– деді.

Сөйтіп, бұл дәптердегі алғашқы көшірмелер Жоғары Соттың кеңсесінде түсіп еді. 1988 жылы көкек айында «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығы ақталып, О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат жолданды. Сол кезде Өзбекәлі Жәнібеков хатшы болып келе қалды да, 4-қарашада бас прокурордың ресми қарсылығы жасалып, академик Ж.Әбділдин бастатқан үкімет комиссиясы құрылып, іс қайырымен аяқталды. Сөйтіп, әулие Хайрекеңнің – алаш ардагерлерінің алдындағы, менің ұстазым Хайыржан Бекхожиннің алдындағы парызым өтеліп, ұлт көсемдері ақталды.

Кейін Қауіпсіздік комитетінің төрағасының орынбасары С.Қ.Әбдірахмановтың рұқсатымен 1988-1992 жылдары аралығында және 1997 жылы комитеттің архивімен барынша еркін отырып танысуға мүмкіндік алдым. Сөйтіп, бұл деректер алғашында Қауіпсіздік Комитетінің Алматыдағы ғимаратының жанындағы жер үйде, содан кейін бас кеңесенің солтүстік қанатындағы 2-қабаттағы 14-бөлмеде жазылды. Қауіпсіздік Комитетінің полковнигі Қараби Мұхаметқалиев пен Шыңғыс Салықбаев сынды азаматтар бізге барынша еркіндік беріп еді.

Сонымен, ой сәулесі түссе – шығардағы жолын таппай қоймайды. Ақыры тәуекелге бел будым. Тақырып пен дерек біреу болғанымен де жазушы мен тарихшының таным таразысы, көзқарас қиығы, деректі қамтуы мен оған берілген түсініктері қатарласа, қапталдаса бермейді. Сонымен қатар, «Ұраным – Алашта!..» барынша қазымырлана баяндалып, тәптіштеле түсіндірілсе де, одан қанағат таппаған, емеуірінмен жеткізілген шын сөзге тиянақ етпеген, тіпті, сондай бір тоңмойындықпен алаш ақиқатын мойындағысы келмегендер: «Тұрсын – жазушы. Тарихта жұмысы болмасын. Оны біз білеміз. Тарихи көзқарасты біз қалыптастырамыз» – дескендер де қылтитып бас көтере бастады. Тіпті белгілі бір тарихи тұлғалар мен саяси оқиғаларға теріс баға беріп, олардың орындарын ауыстырып бағалап жүргендер де нышан танытты. Жүсіпбек мәртқасқа айтқандай, «еңбегіміз салауат»! Дегенмен де, осындай бір қанағатсыздық пен алаң осы жинақты құрастыруға алып келді.

Толассыз ой толғанысы барысында бұл үш томдыққа тек алаш ақиықтарының түрме тарихын қамтитын құжаттар мен деректерді, оларды тордың ар жағынан шығарған арыздар мен сыпсымаларды, мәліметтер мен мағлұматтарды, ресми түрде жеткізген не жазып берген қызмет бабындағы хаттарды, көрсетінділер мен тыңшылардың «доносын», самодержавие мен кеңестік жандармереяның ілеспелері мен тілшелерін, тұтқындау кезінде тәркіленген не түрмеде жазылған хаттарды, түрлі айғақтарды ғана ірктеп беруге ден қойдық. Алаш қайраткерлерінің күрес қарымы мен рухани ұстанымы, көзқарастарының қалыптасу жолы туралы деректерді біріктіре әрі кіріктіре қамту мүмкін емес еді. Сөйтіп, бұл бағыттағы дерекнамаларды «Біртұтас алаш идеясы» атты тұжырымдамалық еңбектің еншісіне қалдырдық.

Осы ретте, түрме әфсаналарын дербес қарастырып шыққанда, сырт көз оқырманға сұрақ-жауаптағы көптеген күбірткілі жайлардың түсініксіз болып қалатыны аңғарылды. Сондықтан да, жинақтың алдына екі бөлім қосуға тура келді.

Ондағы мақсат, біріншіден, ертеңгі күндердің еншісін қаперге ала отырып, қазақ зиялыларының тарихи көзқарастарының даму деңгейі мен ұлттық мүдде тұрғысындағы күрес жолын көрсету үшін «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің ақталу барысынан хабардар ететін деректерді кіріспе ретінде беруді ұйғардық. Өйткені, мұның өзі ұлттың рухани санасының ояну жолынан мағлұмат береді. Түбі жүзеге асырылмай қоймайтын ақиқат боғанымен де, тәуелсіздіктің қарсаңындағы халықтық сананың көңіл-күйін аңғартатын және сол тәуелсіз санаға ұмтылған қозғалысқа кімдердің ұшқын түсіргенін аңғартатын болмашы, кездейсоқ себептердің бір ұшығын ұстата кеткен де асылық болмас деп шештік.

Сонымен қатар, 1986-1991 жылдардың аралығындағы өте күрделі, қарама-қайшылыққа толы, қатпарлы, әр түрлі мемлекеттік, азаматтық, пендешілік ұстанымдар араласқан жағдайлардың кейбірінің тігісін жатқыза кету мақсаты да көзделді. Мысалы, желтоқсан оқиғасына қатысты сот үрімін жүргізген Жоғары соттың төрағасы Т.Айтмұхаметов пен Қ.Кенжебаев сол кездегі үкімнің барлығына қол қойды. Олар қоймаса, бәрібір басқа бір Жоғарғы соттың мүшесі қояр еді. Ал бұл екі азамат, соның ішінде марқұм Қ.Кенжебаев, сондай пәрменге еріксіз мойынсына отырып, желтоқсан оқиғасына қатысты сотталғандар туралы, олардың қай түрмеге жіберілгені жөнінде мәліметтерді бізге құпия жеткізіп отырды. Соның нәтижесінде сотталғандар жіберілген түрменің бастығына Қазақстан Жазушылар одағының жанындағы праволық комиссияның ұйымдастыруымен Жазушылар одағының бірінші хатшысы О.Сүлейменовтің атынан: олардың саяси тұтқын екенін ескеріп, бұл адамдарды кәнігі қылмыскерлермен қатар отырғызбауды өтінген хаттар жолданды. Әрине, ол хат Қ.Рысқұлбековке араша түсе алмағанымен, өзге адамдардың тағдырына желеу бола алды. Кейін сол Қ.Рысқұлбековпен бірге сотталғандардың ісін қайта қарап, оларды ақтауға тікелей белсене араласқан адам Қ.Кенжебаевтің өзі болды. Орталық партия комитетінде Колбиннің ұйымдастыру істері жөніндегі кеңесшісі С.Қасымов та сондай ұлтжандылық көрсетті. Тіпті, Қауіпсіздік комитетінің қоғамдық байланыс басқармасының полковниктері Қ.Мұхамбетқалиев пен Ш.Салықбаев та біздің мұрағаттағы тергеу істерімен еркін танысуымызға барынша іштарта қарады. Соның нәтижесінде ғана ол мұрағатта әр кезде – үш ай, екі ай, бір жарым ай, он бес күн қатарынан отыруға мүскіндік туды. Сол үшін де оларға ілтипат білдіремін.

Алаш қайраткерлерін ақтауда, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметі туралы партиялық және қоғамдық көзқарастарды өзгертуге Қ.Кенжебаев дайындаған «Сот анықтамасының» ықпалы аса зор болды. Ол анықтаманы құпия түрде бізге беріп, алаш ардагерлерінің ұрпақтары атынан хат ұйымдастырға кеңес еткен де сол азамат еді. Жазушылар одағының жанындағы праволық комиссияның мүшелерінің еңбегі де ұшан теңіз. Мұның барлығы көпке аян емес екені түсінікті. Дегенмен де сол шындықтарды құжат арқылы еске түсіре кетуді өзіміздің парызымыз деп санадық.

Екіншіден, белгілі бір тарихи оқиғалардан мағлұмат берілмесе (мысалы, 1921-1922 жылғы бір миллионға жуық қазақтың өліміне себепкер болған ашаршылық туралы мұрағат құжаттары), қандай ашаршылық жөнінде айтылып отырғанын оқырман сезіне алмайтыны анық. Сондай-ақ «Қоянды құзырхатының» мәтінімен таныс емес адамдар алаш идеясының мәйегі қақында бимағлұм қалуы мүмкін. Бұл деректер қамтылмаса, тергеу ісі тек қылмыстық қана сыпат алатындай сыңай береді екен әрі оқырманды алдын-ала дайындау қажеттігі де мәжбүр етті.

Үшіншіден, мұндай шағымды да шетін құжаттарды басылым арқылы жариялаудың өзіндік талаптары да қолға алған істің қауырт біту қарқынын кібіртіктете берді. Тергеудегі көрсетінділердің іріктеліп алынуы және оған тиісті тұстарда түсінік берілуі – жинақты авторлық басылым ретінде ұсыну қажеттігін мойындатты. Сонымен қатар, осы деректерді табуға, архивтегі істерді көшіруге, жинастыруға, саралауға алаш идеясы үшін алғаусыз көмек көрсеткен Б.Байғалиев, А.Игенбаев, А.Ижанов, М.Хасанаев, З.Тамшыбай, Б.Нәсенов, Қ.Сәдуақасов сияқты мұрағатшылар мен К.Нұрпейісов сияқты академик ғалымдардың есімін атап өту де парыз. Соншама деректерді жинастырып, басылымға дайындау барысында «Алашорданың» батыс бөлімінің тарихын зерттеген Дәметкен Сүлейменованың, шартты түрде «Алашорданың оңтүстік бөлімі» деп аталған бағыттағы сүбелі зерттеулердің иесі Хазіретәлі Тұрсұнның еңбектерін үш томдыққа енгізу арқылы өзіміздің діттеген мақсатымызға жетуге мүмкіндік алдық деп есептейміз. Солардың септестігі арқасында «Алашорда» үкіметі мен алаш қайраткерлерінің тергеудегі сұрақ-жауаптарының астары мүмкіндігінше ашылды деп ойлаймын.

«Алаш қозғалысы» деген атпен басылым көріп отырған үш томдықтың бірінші кітабына, алаш қайраткерлерін ақтау барысындағы құжаттар, алаш идеясының қалыптасуы жолынан мағлұмат беретін құжаттар, тергеудегі басты айып ретінде тағылған тарихи оқиғалар жөніндегі мұрағат деректері, 1928-1929 жылдары бірінші топпен ұсталған адамдардың түрмедегі тергеушіге берген сұрақ-жауаптары берілді. Екінші кітапқа, 1930 жылғы екінші топпен ұсталған қайраткерлердің сұрақ-жауаптары, тұтқындау кезінде тәркіленген құжаттар мен хаттары, түрме бастықтарының кімнің қай лагерьге жіберілгені туралы ілеспе хаттары, түрмедегі тұтқындардың өзара жазысқан тілшелері, олардың туыстары мен әйелдерінің хаттары, үйіне жолданған жеделхаттар, айыптау анықтамалары, ашық хаттары енгізілді. Ал үшінші кітап тұтастай Түркістандағы тергеу істеріне арналды. Сол тақырыппен сабақтас кеңестік жазалау саясатының арандатулары мен қитұрқы қастандығын әшкерелейтін 1937-1938 жылғы сот процесінің хаттамалары да берілді. Бұл ретте жігерлі де өжет, табанды ұлт жанкүйері Б.Нәсенов ағамызға айтар алғысымыз ерекше.

Ал ғылыми аппарат тұрғысынан келсек, түрлі селеуліктердің ұшығы байқалуы табиғи деп ойлаймын. Оның барлық жауапкершілігін авторлық басылымның иесі ретінде өз мойнымызға аламыз. Дегенмен де, қауіпсіздік комитетіндегі құжаттардың бақылау астында, қатты қадағалау үстінде, шектеулі адами және техникалық мүмкіндік жағдайында көшірілгенін, әр көрсетінді мен дәптерді жеке-жеке жасырын алып шығуға тура келгенін есте ұстауларыңызды өтінемін. Соның ішінде кейбір дәптерлер қапыда жоғалып кеткендіктен де, олардың сақталып қалған аудармаларын кәдеге жаратқанымызды ескертіп, көпшіліктен ғафу өтінеміз. Таспаға жазылған мәтінді тарқатуда да селкеуліктердің кеткені анық. Ондай тұстарға тиісті жерде түсініктер мен ескертулер беріліп отырды.

Сонымен, қалай дегенмен де, мақсатымыз – дұрыс, ниетіміз – түзу, ойлағанымыз – алаш қамы екеніне сендіре отырып, ашық пейілмен аңғартпамызды аяқтаймыз. Алла әр игі ісімізге жар болсын! Жарлығы әлей болсын.
Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ
6 қараша, 2011 жыл, Астана.

Бұл басылым – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналады

АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫ

(Құжаттар, тергеу жауаптары, ілеспе іс қағаздары, тәркіленген хат тар)

Бірінші кітап.

Професор Т.Қ.Жұртбайдың авторлық басылымы

АЛМАТЫ


ЕЛ – ШЕЖІРЕ

2011


ББК

А

Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігі



Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әлеуметтік маңызды әдебиет түрлерін шығару» бағдарламасы

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөліміндегі профессор Т.Қ.Жұртбайдың қолжазба қоры бойынша дайындалып, университеттің ғылыми Кеңесінде бекітілген.

Жоба жетекшісі және жалпы редакциясын басқарған Қазақстан Педагогика Ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т. Қ. Жұртбай

Пікір білдіргенден:

С.С.Қирабаев, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Қ.Алпысбаев филология ғылымдарының докторы, професор.

Р.Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, профессор.

А.Ә.Рамазанова, филология ғылымдарының докторы, професор.

Басылымның ғылыми редакторлары – тарих ғылымдарының докторы Д.Махат, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ф.Кәріпжанова

Жинақты құрастыруға қатысқандар: Б.Ф.Кәріпжанова, Д.Махат, Қ.Қамзина.

Ғылыми аппараттарын жасаған тарих ғылымдарының докторы Д.Махат.

Қолжазбаны компьютерге теріп, баспаға дайындаған Қ.Камзина, А.Сатыбалдиева.

АННОТАЦИЯ



«Алаш қозғалысы» атты үш томдықтың бірінші томына жазушы, ғалым Т.Қ.Жұртбайдың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, З.Уалиди, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, М.Есполов, Ғ.Болғамбаев, Ғ.Бірімжанов қатарлы 41 алаш қайраткерлерінің үстінен 1927-1932 және 1937-1938 жылдары жүргізілген 14 томдық тергеу ісіндегі оларды қамауға негіз етіп алынған тарихи құжаттар, сұрақ-жауаптар мен көрсетінділер, тергеу барысындағы ілеспелер, тәркіленген хаттар мен құжаттар жинақтала енгізілді. Авторлық басылым болғандықтан да әр қилы бопсалаулардың ырқы байқалатын түрмедегі сұрақ-жауаптар мен көрсетінділердің тек алаш қозғалысына қатысты тұстары ғана іріктеліп алынған.

Бұл еңбекте басылымның ғылыми, тарихи негізін сақтау үшін құжаттар мен материалдар архив қорларында қай тілде сақталса, сол тілде берілді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет