Есенгүл КӘПҚызы, «Мінбер kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы



Дата14.06.2016
өлшемі41.5 Kb.
#136048

«Азаматтық журналистиканы дамыту керек»




26.08.2010 07:59

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, «Мінбер.kz» ұлттық интернет газетінің Бас редакторы:

  «Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі мен сөз бостандығы демократияның басты нышандарының бірі» деп есептейтін елдер ақпаратты – «демократияның негізгі валютасы» санайды. Америкалық заңгер Ральф Нейдер айтқан, бұл қағидаға батыс елдері еш уақытта күмән келтірген де емес. Ал, бізде бәрі керісінше, мәселен, жақында ғана мемлекеттік биліктегі шенеуніктер тарапынан «БАҚ туралы» заңның журналист этикасы» деген тарауына толықтырулар мен өзгертулер енгізу керек. Журналистер қазір шенеуніктің жұмысын көрсетуден гөрі, оның қызметтегі өзін-өзі ұстауы, жеке басына қатысты мәліметтерге көп басымдық беріп кетті. Мұны тоқтату керек» деген қатал ұсыныс айтылды. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген алаш зиялыларының қағидасын ұстануды арман ететін қазіргі БАҚ өкілдері бұл мәселеде, бірақ, үнсіз қала алмады. Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бастаған журналистер: «БАҚ өкілдері ақпаратты халыққа жеткізуші ғана. Мемлекеттік шенеунік бұндай ұсыныстар тастау арқылы өзінің қимыл-әрекетін халықтан жасырғысы келеді. Журналист жазатыны, айтатыны бар болғаннан кейін жазады, шенеуніктің қызметте өзін-өзі қалай ұс­тай­тынын да ел білгісі келеді», – деді. Қазір кез келген нәрсе – aқпарат, ол әрі – мәлімет, әрі – тауар және өзі құдіретті қару да. Сондықтан, болар бәлкім, кез кел­ген шенеуніктің БАҚ туралы заңға өзгерістер мен толықтыруларды енгізгісі келіп тұратыны. Бәлкім, сон­дықтан да болар, атақты Наполеонның «төрт жүз мылтықтан емес, төрт газеттен қорқамынының» кебін киетін шенеуніктердің де сауысқандай сақтық танытып отырғандығы.


Біз әңгімеге тартқан «Мінбер.kz» ұлттық интернет газетінің редакторы Есенгүл Кәпқызының да бұл мәселедегі айтар уәжі жетерлік екен.

– Есенгүл, біздің қазіргі қолда­ныстағы «БАҚ туралы» заңға өзге­рістер мен толықтырулар керек пе?


– Мен біраз еңбектерді қарап шық­тым. Журналистің этикасына байланысты әлемдік журналистиканың өзіндік төрт түрлі басшылыққа алатын мәселелері бар екен. Онда адамның жеке басына тиіспеу, шындықты айту, біреуді қорқытып, үркітпеу, өзінің құқығын асыра пайдаланбау деген мәселелер. Бұл енді кез келген журналистің қаперінде жүретін мәселе деп ойлаймын. Бұл ұстаным біз­дің заңда да бар. Оның сыртында бізде журналистердің жұмысын реттейтін көптеген заңдар бар, «БАҚ туралы» за­ңы­мыз бар, ҚР Конституциясы бар, ең бірінші кезекте тұратын. Тағы сол сияқ­ты «Тілдер туралы» заң бар, оның сыртында Қылмыстық кодексіміз бар, Азаматтық кодексіміз тағы бар. Осы кодекстердің кей­бірінде журналистерге қатысты нақ­ты әңгімелер айтылады. Мысалы, Қыл­мыстық кодексте жалған жала жабу, егер ол жала сотпен немесе басқа орындармен дәлелденетін болса, онда ол журналистке қылмыстық немесе азаматтық кодекс бойынша жаза тағайындалады. Демек, журналистердің іс-шараларын бақылап, реттейтін тыйымдар көп. Оған қосымша, енді журналистің этикасы жайлы тағы бір Кодекс шықса, білмеймін, онда журналистер қалай жұмыс жасайтынын. Журналистер қазіргі аздаған еркіндігінен айырылса, онда оны журналист деп атаудың да керегі жоқ шығар.
– Сіз болашақ журналистерге осы этика мәселесінен дәріс оқиды екенсіз. Ендеше, айтыңызшы, бұл мәселеде журналист қалай болу ке­рек?
– Жалпы, журналистік этика дегеніміз не? Ол Қазақстан Республикасының заң­дарын сақтау, шектен аспау, халықаралық нормаларды білу, бағалау. Тұлғаның же­ке басының құпиясына тиіспеу. Бі­реу­ді қорламау. Бізде оның сыртында Президенттің жеке басына тиіспеу, оны жария қорламау, депутаттың ар-намысына нұқсан келтірмеу, үкімет адамының ар-намысына тиіспеу. Айта берсек, мұн­дай тізім кете береді. Осы тізімнің арқа­сында біздегі журналистердің еркін аттауына мүмкіндік болмай қалды. Кейде өзім күлемін: «Бұрын заңды білмеген кезде, заңдық актілерді көп қарамаған кезде еркін жазушы едім. Қазір жағдайым қиын болып қалды. Әрбір жазған нәр­се­ме шұқшиып қарап: «мынау ана ко­декс­ке сай келмей қалса қайтемін?» – де­ген қор­қыныштар туындап отырады. Аяғың кәдімгідей тұсалып қалады. Біз­де бір қызығы, анау болмайды, мынау болмайды деген тыйымдар бар да, ҚР заң, заңна­малық актілерінде «мынадай жағдайда мына адамның ар-намысы қорланады» деген бап жоқ. Соған байланысты ар-намысын әркім өзі бағалайды. Оның сыр­тындағы моральдық шығынды да әркім өзі қояды.
 Бір кездерде «Жас алаш» газетінде қатты шу болды. Газетке шыққан ше­неу­ніктер әр журналисті бір сотқа сүй­реп қиын болған. Бұндай қара бұлт әлі де көптеген жур­налистер­дің басын­да бар. Осындай жағдайда отырып, ен­ді жур­налистік этикаға байланыс­ты заң қабыл­дайтын болса, қазақ жур­на­лис­тері­нің күні қараң болады.
– Енді не істеу керек?
– Не істеу керек дегенде бізге, ең алдымен, тәуелсіз газеттер керек, қоғамдық арна керек. Қоғамдық арна мәселесі та­лайдан бері айтылып келеді. Бізге қо­ғамдық басылымдар керек. Солардың өмірге келуіне, ең болмаса, алғышарттар жасасақ деп армандаймын. Қоғамдық баспасөздің құрылтайшысы – халық. Ол халықтың салығынан жиналған ақша­ға жарық көреді. Оның акционерлері болады, олар жаңағы жиналған ақшаның қайда кеткенін қадағалап отыра­ды. Ол жердегі басылым ешкімнің сойылын соқ­пайды, халыққа керек деген ақ­па­рат­ты ғана беріп отырады. Ол басы­лым­ның төрінен оппозиция да орын ала алады, билік өкілі де, басқа бейтарап адамдар да сөз алады. Ол жердегі журналистің міндеті төрелік айту емес, керек ақпаратты халыққа беру. Жан-жақты ақпаратты жұрт алдына жайып салу. Оқырман содан өзіне керегін іріктеп алады. Қоғамдық телеарнаны дамыту керек. Сонда ғана біздің ақпаратымызда батылдық пайда болады.
– «БАҚ туралы» қолданыстағы заң­ның 18-бабында мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлға ақ­па­рат беруден негізсіз бас тартқан жағ­дайда журналистің бірден сотқа жүгі­нуі қарастырылған. Алайда, біздің журналистер осы құқығын пайдалана бермейді. Бұндай немқұрайлық неден деп ойлайсыз?
– 90 жылдармен салыстырған кезде журналистика бірталай алға ілгерледі, дамыды. Формалық тұрғыдан. Бізде мем­лекеттік құпия деп саналатын ақпа­рат­тар бар. Олар берілмейді. Басқа ақпа­рат­тарды құзырлы органдар сұрау салынған он күннің ішінде беру керек. Егер он күннің ішінде еш жауап ала алмаса, журналист сотқа шағымдана алады. Біз осы құқығымызды дұрыс пайдалана алмай келеміз. Осылайша, өзіміздің заңымызды өзгелерге жығып береміз. Журналистке керек емес заңды басқалар не қылсын? Сұрақ жібереміз, жауап болмаса, «ой, қойшы, жауап болмады» дейміз. Тіпті, не үшін болмағанын телефонмен хабарласып, талап ете де алмаймыз. Міне, біз, ең алдымен, өзіміздің пәрменділігімізді жүр­гізгіміз келсе, өз құқығымызды өзіміз біліп, өзіміз іске асыруымыз керек. Менің ойымша, журналистиканы төртінші билік деген де дұрыс емес.
– Сіз шетелдік мамандардың да журналистикаға қатысты дәріс­те­рі­не көп қатысасыз. Ол дәрістерден не үйрендіңіз, нені көңілге тоқы­ды­ңыз?
– Әлемдік тәжірибеде бүкіл журна­лис­тер биліктен жоғары тұрады. Америка­дағы, Германиядағы журналис­тер­дің жұ­мыс істеу тәсілі, әдісі мүлдем бөлек. Олар біз сияқты бір ақпаратты бүкіл БАҚ-та бірдей сипатта беріп шықпайды. Көп ақпаратты интернеттен ала саламыз. Оқиғаның арасында жүру жоқ. Сол мәселені бізге көбірек ойлау керек. Пресс-конференцияларды көп жаға­лай­мыз. Американдық дәріс оқыған бір проф­ес­сордың: «Журналистке пресс-­кон­фе­ренцияға барудың керегі жоқ. Пресс-кон­ферен­ция – біреудің ішкі есе­бі. Сендер ақ­парат­ты одан да халық­тың арасынан іздеңдер. Кез келген адам ақпаратты асүйде ғана айтады. Жур­налистің міндеті сол ақпаратты ана асүйден алып шығу», – дегені бар-ды. Гер­маниялық мамандардан дәріс алған кезде, олар біздің «сендерде мемлекетке тәуелді басылымдар бар ма?» – дегенімізге күлді. Оларға біздің бұл сауалымыз сондай күлкілі естілсе керек. Өйткені, не­міс басылымдары ешқандай билікке тәуелсіз.
– Журналистика мұндай өлі­ара шақтан қашан және қалай шығады?
– Азаматтық журналистиканы дамыту керек. Азаматтық журналистика дегені­-міз – қазір батыста да жаңа термин болып еніп келе жатыр. Бізде де. Құдайға шүкір, қанша жерден тыйым мен бақылаулар көп болса да бізде интернет даму үстінде. Сол интернет арқылы азаматтардың белсенділігін арттыру, блоктар ашу бүгін қолға алатын мәселе. Оған екінің бірінің журналист болуы шарт емес, өз қоғамындағы мәселеге қатысты әркім ойларын ашық беріп отырса, азаматтық журналистика дамиды. Бүгінгідей тыйымы көп заманда халыққа анық ақпаратты жеткізу үшін азаматтық журналистиканың дамығаны ауадай қажет. Интернетте азаматтық жур­налистиканы дамыту, сол арқылы қо­ғам­ға үн қосу әр азаматтың міндеті. Нью-Йоркте, тағы басқа да жерлерде азамат­тық журналистиканың арқасында талай былықтың әшкерленген кездері болған.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Шолпан Қараева,
«Заң газеті»
 


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет