Әсет пен Ырысжан айтысы — ақындар айтысының шоқтығы биік, аса көркем үлгілерінің бірі.
Айтыс 19-ғасырдың соңғы ширегінде өткен. Мұнда халық өмірінің ауыр жағдайы мен ел билеушілердің зорлық-зомбылығы жұмбақ — жауап түрінде әсерлі сипатталған. Жұмбақты бастан-аяқ Ырысжан айтады да, Әсет қолма-қол шешіп отырады. Алғашқы жұмбақ Ресей өкіметінің қазақ жеріндегі ел билеу тәртібін әшкерелеуге арналған. Патша билігі күн түсірмейтін алып бәйтерек сипатында алынып, ал оның ел ішіндегі әкімдері сол ағаштың бұтақтарын мекен еткен ірілі-ұсақты жыртқыш құстар түрінде беріледі. Қыз жұмбағындағы “иілген сегіз бұтақ” — сегіз сенат, ал “ағаштың жайылған жапырағы” — қағаз ақша, “жұмыртқа басып шайқайтын екі ителгі” — ояз бен оның көмекшісі, “Аз атаның баласы жалғыз қыран” — болыс, “сегіз лашын” — сегіз би, “үш жылда бір нәр тартатын отыз-қырық құзғын” — елубасылар, “ыңғайланған он қаршыға” — старшын, “жалғыз ителгі” — сот, “жапалақ” — жасауыл, “жүзден асқан күйкентай” онбасы, ал “қағып жеген тышқаны” — елден жеген тиын-тебен тұрғысында шешіліп түйінделеді. Бұдан кейінгі жұмбақтар адамның он екі мүшесін суреттеуге, жыл мезгілін, жаратылыс сипатын ашуға арналған.
Айтыс С. Сейфуллиннің “Қазақ әдебиеті нұсқаларында” (1931), “Айтыс” жинақтарында (1941), “Қазақ халқының ауыз әдебиеті” хрестоматиясында (1959), “Әсет” жинағында (1988) тағы басқа жарияланған. Қазақстан ғылым академиясының Қолжазба орталығында А. Әміров, Д. Ибраев, М. Жапақов, Қ. Нұрбаев, Б. Бейсебайұлы нұсқалары сақтаулы. Сондай-ақ айтыстың Б. Ақсақалов, С. Әбілдаев орындауындағы нұсқалары да бар. Айтысты М.Әуезов, С.Мұқанов, С.Ордалиев, М.Жармұхамедов зерттеген.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |