Есірткі ауруларынан емделу курсын аяқтамаған есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімнен бұрын шартты түрде босату туралы шешімдерді шығарудың негізділігі туралы сот практикасын
ҚОРЫТУ
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылдың 1 жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарының 6-шы тармағына сәйкес есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешімдерді шығарудың негізділігі туралы сот практикасы қорытылды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша 2005 жылы есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған 969 адам жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған, 2004 жылдың есептік кезеңінде мерзімінен бұрын шартты түрде 773 адам босатылған.
2003-2005 жылдары есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы мәліметтер облыстар көлемінде мынадай түрде болып көрінеді:
Аймақтар
|
2003 жыл
|
2004 жыл
|
2005 жыл
|
Қазақстан Республикасы
|
773
|
971
|
969
|
Астана қаласы
|
10
|
14
|
35
|
Ақтөбе облысы
|
55
|
53
|
54
|
Алматы қаласы
|
212
|
344
|
237
|
Алматы облысы
|
46
|
60
|
76
|
Шығыс Қазақстан облысы
|
73
|
101
|
103
|
Атырау облысы
|
12
|
18
|
27
|
Жамбыл облысы
|
80
|
73
|
83
|
Қарағанды облысы
|
89
|
75
|
89
|
Қызылорда облысы
|
6
|
16
|
24
|
Қостанай облысы
|
25
|
27
|
41
|
Маңғыстау облысы
|
13
|
15
|
11
|
Павлодар облысы
|
12
|
28
|
24
|
Солтүстік Қазақстан облысы
|
21
|
30
|
37
|
Батыс Қазақстан облысы
|
17
|
17
|
18
|
Ақмола облысы
|
29
|
39
|
37
|
Оңтүстік Қазақстан облысы
|
73
|
61
|
73
|
ҚР ҚК-нің 70-бабының 3-бөлігіне сәйкес, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату сотталған адам:
- кішігірім және орташа ауырлықтағы қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен бірін;
- ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде жартысын;
- аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жазаның кемінде төрттен үшін;
- бұрын жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамға, егер мерзімінен бұрын шартты түрде босату ҚК-нің 70-бабының 7-бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойылған болса, тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
ҚК-нің 84-бабына сәйкес, жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату кәмелетке толмаған жаста қылмыс жасап бас бостандығынан айыруға немесе түзету жұмыстарына сотталған адамдарға:
- кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмысы үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде төрттен бірін;
- ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жазаның кемінде үштен бірін;
- адам өміріне қол сұғумен ұштаспаған аса ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жаза мерзімінің кемінде жартысын;
- адам өміріне қол сұғумен ұштасқан аса ауыр қылмысы үшін сот тағайындаған жазаның кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
Барлық зерделенген істер бойынша заңның көрсетілген талаптары сақталған.
Сотталған адам заңмен белгіленген жазаның мерзімін өтегеннен кейін ғана мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуға ұсынылады.
1. Түзеу мекемелерінің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсыныстарын сот өндірісіне қабылдау мен қарау және сотталушының заңмен белгіленген жазаның мерзімін өтеуі.
Осы санаттағы ұсыныстарды қараған кезде соттардың қызметінде жиналған материалдар толық болмағандығымен, оларды тиісті зерделенбегендігімен байланысты бірқатар кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталды, осы орайда, сот отырысында осы кемшіліктерді толықтыруға ешқандай шаралар қолданбағаны істерді жан-жақты қарауға кедергі болғандығын атап өту керек.
Бұған қарамастан, соттар аталған істерді өздерінің өндірісіне қабылдап, кедергі келтіретін кемшіліктерді жоймай қарап, сотталған адамдарды жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 20 "Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы" нормативтік қаулысының 4 тармағына сай, ҚР ҚАК-нің 169-бабының 3-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін: жаза өтелген кездегі мерзім ішінде сотталушының жеке басын, оның тәртібін, еңбек пен оқуға көзқарасын сипаттайтын және оның түзелуін дәлелдейтін мәліметтер, сондай-ақ заңмен белгіленген жаза мерзімінің бөлігін өтегені туралы мәліметтер көрсетілмесе, соттар мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсыныстарды өз өндірісіне қабылдауға құқылы емес.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыдағы көрсетілген қаулысының талаптарына сәйкес, егер ұсынылған материалдардың ішінде оларды қарау үшін жеткілікті мәліметтер болмаса, және сот отырысы барысында олардың орнын толтыру мүмкін болмаған жағдайда, судья материалды тыңдауға дайындау барысында оларды тиісінше ресімдеу үшін хат арқылы қайтарады, ал егер мұндай жағдай сот отырысы кезінде анықталса, материалдар қайтарылып отырған негіздерді көрсете отырып қаулы шығарады.
Бұл жағдай, соттардың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы осы санаттағы істер бойынша ұсынылатын материалдардың толықтығына тиісті талап қоймай, немқұрайлы қарайтынын байқатты.
Мысалы, сотталған К. 2003 жылғы 21-ші наурыздағы Петропавл қалалық сотының қаулысымен мерзімінен бұрын шартты түрде жазадан босатылған. Іс материалдарында не үкімнің көшірмесі, не оның үзіндісі жоқ.
Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының А-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы іс материалдарында ЛА-155/8 Мекемесі арнайы бөлімінің бастығы дайындап, куәландырған А-ны ҚК-нің 259-бабының 4-бөлігі бойынша соттау туралы үкім мен Ақмола облысы Атбасар аудандық сотының оның әрекеттерін ҚР ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігіне қайта дәрежелеу туралы қаулысынан үзінділер тігілген. Соттың жеке істі зерделегені мен құжаттардың растығына көз жеткізгені туралы мәліметтер хаттамада көрсетілмеген.
ҚР ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігінің "а, в" тармақтары бойынша сотталушы Ю-ды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсынысында, ИЧ-167/1 мекемесінің әкімшілік комиссиясы хаттамасының көшірмесі мен мінездемесінде осы құжаттардың жасалған күні көрсетілмеген, осы жағдай мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы құжаттардың қайтарылуына негіз болуы мүмкін еді. Сот оларды тиісінше ресімдеу үшін қайтарудың орнына, осы кемшіліктерге қарамастан материалдарды өндіріске негізсіз қабылдаған (Оңтүстік Қазақстан облысының Еңбекші аудандық соты).
ҚР ҚК-нің 70-бабының 3-бөлігінің "в" тармағына сәйкес, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату сотталған адам аса ауыр қылмысы үшін тағайындалған жаза мерзімінің кемінде төрттен үшін, сондай-ақ бұрын жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған адамға, егер мерзімінен бұрын шартты түрде босату осы баптың 7-бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойылған болса, тағайындалған жаза мерзімінің кемінде үштен екісін нақты өтегеннен кейін қолданылуы мүмкін.
ШҚО Зырянов аудандық сотының үкімімен А-ға ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы, ҚР ҚК-нің 60-бабының негізінде бұрынғы үкім бойынша өтелмеген жаза ішінара қосылып түпкілікті өтеуге 1 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған, ол осы жазаның 2/3 бөлігін өтегендіктен 2004 жылғы 27 тамыздағы Ақмола облысы Атбасар аудандық сотының қаулысымен мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. Сондай-ақ, ҚР ҚК-нің 88-бабы 1-бөлігінің "г" тармағына сәйкес, А-ға нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған, А-ның толық емделу курсын өтуіне байланысты 2004 жылғы 16 сәуірдегі соттың қаулысымен өтеу жазасы қысқартылған. А-ға қатысты үкімді зерделеу оның бұрын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғанын және жазаның қалған өтелмеген бөлігінің барысында қасақана қылмыс жасап, жазасын өтегені анықталды, мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы ҚР ҚК-нің 70-бабының 7-бөлігімен көзделген негіздер бойынша жойылған.
Осындай жағдайларда, сот, А-ға қатысты ұсынысты қараған кезде, ҚР ҚК-нің 70-бабы 3-бөлігінің "в" тармағының талаптарын басшылыққа алып, А-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босату үшін сот өзінің қаулысында қателесіп көрсеткен үштен екі емес бір жыл 3 айды құрайтын оның жаза мерзімінің төрттен үшін нақты өтеуін ескеруге тиісті еді. Осы баптың талаптары бұзылып, М-ға қатысты ұсыныс қаралған, ол бұрын мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған, ал ҚР ҚК-нің 70-бабының 7-бөлігіндегі негіздер бойынша оған қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату жойылған. Соттың М-ға қатысты тағайындалған нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тоқтатылғандығын, М. заңмен көзделген жаза мерзімін өтеп шыққандығын көрсетіп, оны мерзімінен бұрын шартты түрде босатуы негізді, бірақ ол жаза мерзімінің үштен екісін нақты өтегендігін қаулыда қате көрсеткен, себебі, сол кезде М. соңғы үкім бойынша тағайындалған жаза мерзімінің төрттен үшін нақты өтегенін көрсету қажет еді.
Осы санаттағы істерді қарауға қатысатын прокурорлар да ұсынылған материалдардың толықтығына тиісті талап қоймайды.
2. Бас бостандығынан айыру орындарда сотталушыға мәжбүрлеп емделуді тағайындау бөлігіндегі үкімдерді орындау.
Кейбір соттар ұсынылған материалдарда оған сот үкімімен тағайындалған нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу курсын сотталушының өткендігін растайтын мәліметтердің жоқтығына назар аудармай, сотталушының талап етілетін жаза мерзімінің нақты өтегендігін ғана есепке алып, оны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсынысты қанағаттандырады.
Осы орайда не мекеме әкімшілігінің ұсынысында, не соттың қаулысында мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға ұсынылған сотталушылардың мәжбүрлеп емделуіне қатысты ешқандай мәліметтер мүлдем көрсетілмеген.
Сондықтан бір қатар материалдар бойынша, мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өзіне қатысты ұсыныс енгізілген сотталушының емделу курсын аяқтағандығы туралы мәліметтерді шынайы анықтауға мүмкіндік болмай отыр.
Сонымен қатар, соттар қажетті сот құжаттамасын (актілерді, қорытындыларды алдыртып), дәрігерлерді, сондай-ақ сотталғандарды сұрастыру арқылы мәжбүрлеп емдеудің жағдайлары мен мерзімдерін, олардың одан әрі емделуді немесе емделу курсын аяқтауды қажет ететінін белгілеп, режимді бұзудың фактілерін және т.б. анықтауға мүмкіндік болған.
2003 жылғы 6 қазандағы Көкшетау қалалық сотының үкімімен М. ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігімен 3 жыл бас бостандығынан айырып, ҚК-нің 88-бабы 1-бөлігінің "г" тармағы және 95-бабының 1-бөлігінің негізінде оған жазаны өтеу орнында нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған. 2005 жылғы 25 сәуірдегі Степногорск қалалық сотының қаулысымен М. тағайындалған жазаның заңмен талап етілетін мерзімінің жартысын өтегендіктен мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған. Бірақ не мекеме әкімшілігінің ұсынысында не соттың көрсетілген қаулысында М-ның нашақорлықтан емделу курсын өткені мен аяқтағаны туралы көрсетілмеген. Сот отырысының хаттамасына сәйкес, сот осы мәселені сот отырысында анықтамаған және үкім осы бөлігінде орындалмай қалған.
Осыған сәйкес, 2001 жылғы 26 шілдедегі Алматы қаласы Алатау сот учаскесінің үкімімен Ф. ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен 4 жыл 4 айға бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚР ҚК-нің 88-бабының негізінде оған нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған. Сот 2005 жылғы 5 сәуірдегі ИЧ-167/2 мекеме әкімшілігінің сотталушыны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсынысын қараған кезде Ф-ның нашақорлықтан емделу курсын өткені туралы мәліметтерді талап етпеген және мәжбүрлеп емделу туралы үкімді орындау бөлігінде қандай да болмасын заңды шешім қабылдамаған (ОҚО Еңбекші аудандық соты).
Г. 2001 жылғы 18 сәуірдегі Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотының үкімімен ҚК-нің 259-бабы 3-бөлігінің "а, в" тармақтарымен 8 жыл бас бостандығынан айыруға сотталған. ҚК-нің 88-бабының негізінде оған нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған. 2004 жылғы 3 наурыздағы Семей қаласы № 2 сотының қаулысымен одан әрі жазаны өтеу үшін Г. колония-қонысқа ауыстырылған. 2004 жылғы 29 қыркүйектегі Алматы қаласы Жетысу аудандық сотының қаулысымен Г., мерзімінің жартысын өтегендіктен, яғни жаза мерзімінің аяқталуына 3 жыл 9 ай 20 күн қалған кезде шартты түрде мерзімінен бұрын жазаны өтеуден босатылды. Мекеме әкімшілігінің ұсынысы мен соттың қаулысында Г-ның нашақорлықтан емделу фактісі мүлдем көрсетілмеген.
Қызылорда облысы Шиелі аудандық соты ҚР ҚК-нің 262-бабының 2-бөлігімен сотталған Д-ны мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан. Сот Мекеменің ұсынысын қараған кезде сотталушының нашақорлықтан емделу фактісін назардан тыс қалдырған, ал материалдарға сотталушының денсаулығы туралы анықтама ғана тіркелген.
Мысалы, 2005 жылғы 26 қыркүйектегі Солтүстік Қазақстан облысы Есіл аудандық сотының қаулысымен Ш. жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған, ал 2004 жылғы 26 мамырдағы Ақтау қалалық сотының үкімімен оған ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен, нашақорлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған. Сот жазаны өтеу кезінде сотталушының нашақорлықтан емделу курсынан өтегенін анықтамаған, өйткені іс материалдарында оның осындай емделу курсынан өткені туралы мәліметтер жоқ, Ш-ның денсаулығы жақсы екені туралы анықтама ғана бар.
Қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық атқару заңдарымен, сондай-ақ нормативтік қаулылармен есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсыныстарды қанағаттандырудан бас тартуға негіздер көзделмеген.
Сонымен қатар, ҚР ҚК-нің 70-бабының 2-бөлігінде сот мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдана отырып, сотталған адамға ҚР ҚК-нің 45-бабының 1-бөлігінде көзделген міндеттерді жүктеу мүмкін, ол бұларды жазаның өтелмей қалған бөлігі ішінде орындауға тиіс, оның ішінде нашақорлықтан емделу курсын өту де көрсетілген.
ҚР ҚІЖК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, заңды күшіне енген соттың үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәріне бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында сөзсіз орындалуға жатады.
Осыған байланысты, сотталған адамдарды нашақорлықтан, алкоголизмнен немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емделу бөлігінде үкімдерді орындау, егер сотталушы жазаны бас бостандығынан айыру орындарында өтіп жатса, түзеу мекемелер әкімшіліктерінің, не егер сотталушы бас бостандығынан іс жүзінде айыруымен байланысты емес жазаны өтіп жатса, қылмыстық-атқару инспекциясының міндеті болып табылады (ҚР ҚАК-нің 16-бабы).
ҚР ҚК-нің 95-бабының 4-бөлігіне сәйкес, жазаны орындауға қосылған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолдануын тоқтатуды жазаны орындаушы органның ұсынуы бойынша психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы негізінде сот жүргізеді.
Жоғарыда көрсетілген заң нормасы талаптарынан, егер осы мәселе бойынша психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысына негізделген соттың қаулысы бар болса, сотталушыларға сот үкімдері бойынша нашақорлықтан, алкоголизмнен немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емделу қолданылған барлық істер бойынша мәжбүрлеп емделуді тоқтатуға болатындығы көрінеді.
Осыған байланысты, соттар, сотталған адамдарды жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босату кезінде олардың мәжбүрлеп емделудің толық курсын өткенін тексеруге тиісті. ҚР ҚК-нің 95-бабының 4-бөлігіне сәйкес шығарылған соттың қаулысы осыны растауға тиіс.
3. Мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы материалдарды қараған кезде қылмыстық іс жүргізу заңдарының талаптарын сақталмауы.
Соттар есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы материалдарды үстірт, тіпті формалдық түрде қарайды.
Үстірт көзқарасты мына жағдай растайды: судьялар сотталған адамның, мекеме өкілінің тегін, соттың құрамы туралы мәліметтерді енгізетін алдын ала дайындалған қаулы мәтінінің бланкілерін пайдаланған. Сондықтан, бұл соттардың барлық қаулылары дәлелді емес деген ойды тудырады, өйткені оларда мекемелер әкімшіліктерінің мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсыныстарды енгізудің негізділігі туралы тұжырымдары жоқ.
2001 жылғы 13 желтоқсандағы Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 7-тармағының талаптарына сәйкес, сот шешімі қаулы ретінде шығарылады, ол дәлелді болуы және соттың ұсынысты қарау нәтижесінде жасаған тұжырымдарының жан-жақты негіздемесі қамтылуы тиіс.
Мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы мәселелерін қараған кезде қылмыстық процесті жеңілдетіп, үстірт қарауға, қаулы мәтіні алдын-ала дайындалған бланкілерді қолдануға, бір сот отырысында көп материал қарауға жол берілмейді.
Сот отырысының хаттамасында сот отырысының барысы, соттың және процеске қатысушылардың барлық әрекеттері, ұсыныс жөнінде адамдардың түсініктемелері, прокурор мен қорғаушының пікірлері көрсетілуі тиіс.
Бірақ қатысатын адамдардың - мекеме өкілінің, сотталушының түсініктемелері, прокурордың пікірі қысқаша, көбінесе "ұсынысты қолдаймын" деген бір сөз тіркесі жазылады.
Соттардың қаулыларда жазаның өтелмей қалған бөлігін көрсетпей мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдану практикасына мүлдем жол берілмейді.
Нормативтік қаулының 15-бабына сәйкес, мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулының қарар бөлігінде сотталушының мерзімінен бұрын шартты түрде өтеуден босатылатын жазаның нақты күнтізбелік мерзімін және міндетті түрде сотталушының мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғаны туралы көрсету қажет.
Әйткенмен, судьялар көбінесе қаулының қарар бөлігінде Астана қаласы ҚІІБ 166/1 ЕЦ Мекеме әкімшілігінің ұсынысы қанағаттандырылатынын нақты күнтізбелік мерзімін көрсетпей, өтелмеген жаза бойынша сотталушы мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға жататынын көрсетумен шектелген.
Осының мысалы ретінде Ү., Ч., Ф., А-ларды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы қаулыларды (Астана қаласының Алматы аудандық соты) келтіруге болады.
4. Қылмыстық заңның нормаларына дұрыс түсінік бермеу.
Зерделеу республиканың кейбір аудандық соттары қылмыстық заңның нормаларына дұрыс түсінік бермеуінің салдарынан үкімдерді заңсыз қайта қарап, соттың тағайындаған жазасын төмендетіп, ал кейін заңмен белгіленген мерзімінің аяқталған кезінде сотталушыларды одан әрі жазаны өтеуден босатқандығын көрсетті.
"Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2002 жылғы 12 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңын соттардың қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2005 жылғы 28 қазандағы № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысында жазылған түсіндірулеріне сәйкес, сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау кезінде сот үкімін жасалған қылмысты дәрежелеу, дәлелдемелерге баға беру, қылмыстық процесте азаматтық талапты шешу бөлігінде және Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 453-бабымен көзделмеген басқа да мәселелер бойынша қайта қарауға құқылы емес.
Заңмен, ҚР ҚК-нің 58-бабының үшінші бөлігіне қылмыстар жиынтығы бойынша қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен жаза тағайындаудың қосымша ережесі енгізілді. Осыған байланысты, егер Заң қолданысқа енгізілгенге дейін, адам ең болмағанда бір ауыр немесе ерекше ауыр қылмысты қамтитын қылмыстар жиынтығы бойынша сотталса және оған жаза, жазаларды ішінара немесе толық қосу жолымен тағайындалса, онда сот қатаңдығы жеңілірек жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру ережесін үкімді орындау тәртібімен қолдануға және сотталғанның жазасын кемітуге құқылы емес.
Зерделеу, соттар заңның осы талаптарын орындамай, басқа аудандық, кейде облыстық соттардың үкімдерін заңсыз тексеріп, жазаны төмендетіп есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды жазадан заңсыз мерзімінен бұрын шартты түрде босатқанын көрсетті.
Осылайша, 2002 жылғы 14 мамырда Алматы облысы Іле аудандық соты Т-ны ҚР ҚК-нің 259-бабы 3-бөлігінің "в" тармағымен 8 жыл бас бостандығынан айырып, жазасын түзеу колониясының қатаң режимінде өтеуге соттаған. 2002 жылғы 3 желтоқсандағы Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының № 2 сотының қаулысымен Т-ның әрекеттері ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігіне қайта дәрежеленіп, бас бостандығынан айыру жазасы 7 жылға дейін төмендетілген. Осыдан кейін 2003 жылғы 12 маусымда ҚК-нің 59-бабының 2-бөлігіндегі өзгеріске байланысты (ҚР 2002.12.21. № 363-II Заңымен 59-бапқа өзгеріс енгізілді) Семей қаласының № 2 соты оған заңды негіздер болмаса да Алматы облысы Іле аудандық сотының үкімін жаңадан қайта қарап, сотталушының жазасын 4 жыл бас бостандығынан айыруға дейін төмендеткен, содан кейін осы жылдың желтоқсанында сотталушы Алматы облысына колония-қонысқа ауыстырылып, 2004 жылғы 6 шілдедегі Қарасай аудандық сотының қаулысының негізінде Т. 2 жыл 2 ай 1 күнге жазаны одан әрі өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған.
Мұндай жағдайда, Т-ға тағайындалған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын ол барлығы 2 жыл 4 айда өтеп шыққан.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс аудандық соты 2002 жылғы 9 қаңтарда К-ны ҚР ҚК-нің 259-бабы 3-бөлігінің "в" тармағымен 7 жыл бас бостандығынан айыруға соттаған. ҚК-нің 70-бабына сәйкес, ол 2005 жылдың сәуірінде тағайындалған жазаның жартысын өтегеннен кейін мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін еді. 2002 жылғы 25 желтоқсандағы Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының қаулысымен ҚК-нің 5-бабы қолданылып үкім өзгертілген, сотталушының әрекеттері ҚК-нің 259-бабының 3-бөлігінен ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігіне қайта дәрежеленіп, жаза мерзімі 3 жыл бас бостандығынан айыруға дейін төмендетілген. Осыдан кейін 2003 жылғы 3 маусымдағы қаулының негізінде К. 1 жыл 4 ай 21 күнге мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған.
1999 жылғы 22 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық соты Д-ны ҚР ҚК-нің 259-бабы 4-бөлігінің "б" тармағымен 7 жыл бас бостандығынан айыруға соттаған. 2003 жылғы 30 қаңтардағы Алматы облысы Іле аудандық сотының қаулысымен 2002 жылғы 31 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңының негізінде Д-ның әрекеттері ҚР ҚК-нің 259-бабы 3-бөлігінің "в" тармағына қайта дәрежеленген. Тағайындалған жазаның жартысын өтегеннен кейін 2003 жылдың наурызында жазаны одан әрі өтеуден босатылған. ҚР ҚК-нің 70-бабы 2-бөлігінің "в" тармағының талаптарына сәйкес, ҚР ҚК-нің 259-бабы 4-бөлігінің "б" тармағымен сотталған бола тұра, Д. тағайындалған жаза мерзімінің үштен екісін өтегеннен кейін, 2003 жылдың наурызында ғана мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы мүмкін еді.
Д., Т., И., А-ның істері бойынша жоғарыдағыға ұқсас жағдай орын алған.
2003 жылғы 4 маусымдағы Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының қаулысымен З-ны ҚР ҚК-нің 259-бабының 2-бөлігімен, 250-бабының 1-бөлігімен қылмыстар жиынтығы бойынша соттау бөлігінде Жамбыл облысы Мерке аудандық сотының үкімі өзгертілген. ҚР ҚК-нің 58-бабындағы өзгерістердің негізінде жазаларды сіңіру қағидасын заңсыз пайдаланып, Жамбыл облысының Мерке аудандық соты белгілеген қосу қағидасының орнына сот ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес жазаны 3 жыл 6 айдан 3 жыл бас бостандығынан айыруға дейін төмендеткен. Осыдан кейін, судья К. 2003 жылғы 19 тамыздағы қаулысымен З-ны одан әрі жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босатқан.
Л., С., Б., М., А-ға (Қапшағай қалалық сот) және К-қа (Қарасай аудандық сот) қатысты істер бойынша жоғарыдағыға ұқсас жағдай орын алған.
Мұндай жағдайда, аудандық соттар үкімдерді қайта қарау жөніндегі қылмыстық-іс жүргізу заңының талаптарын бұзып, өздерінің өкілеттігін асыра пайдаланып, басқа аудандық соттардың заңды күшіне енген үкімдерін өзгерткен, осының нәтижесінде, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды одан әрі жазаны өтеуден заңсыз мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға әкеп соққан.
Қорытындылар мен ұсыныстары:
Соттар жазадан мерзімінен бұрын шартты түрде босату тәртібін реттейтін Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу заңдарының талаптарын негізінен сақтайды.
Сонымен қатар, соттар Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстері мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысы талаптарын бұзуға жол берген жағдайлар да кездеседі.
Есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шешімдерді шығарудың негізділігі туралы сот практикасын зерделеу, есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарға мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде, соттардың заңдарды әртүрлі қолданатыны анықталды.
Біздің ойымызша, сот есірткі аурулардан емделу курсын аяқтағанға дейін мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдануы мүмкін немесе есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарға мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолданған кезде, емделу курсын тоқтатуы немесе емделу орнын ауыстыруы мүмкін (тұрғылықты орны бойынша), осы жағдай заң бойынша түзеу мекемелер әкімшіліктерінің ұсыныстарын қанағаттандырудан бас тартуға негіз бола алмайды.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 20 "Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы" нормативтік қаулысының 10-тармағына сәйкес, соттар жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыруды қолдану мүмкіндігі туралы мәселені шешкен кезде, әр сотталушыға жеке көзқараспен қараулары тиіс.
Осыған байланысты, соттар сотталушының заңмен белгіленген жаза мерзімінің бөлігін өтеген-өтемегенін анықтап, сотталушының жалпы жазаны өтеу мерзімі ішіндегі тәртібін жан-жақты зерттеуі тиіс.
Егер сотталушы заңмен талап етілетін жаза мерзімінің бөлігін өтеп шықса, қоғамының ережелері, мораль нормаларын орындаса, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеу режимінің барлық талаптарын сақтаса, тапсырылған жұмысты орындаса, мекемеде өткізілетін шараларға, отрядты абаттандыруына белсенді қатысса және т.б., яғни өзінің түзелуін үлгілі тәртібімен дәлелдеп, сонымен қатар, есірткі аурудан қажетті емделуден өтсе, осындай жағдайларда, мекеменің оны мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы ұсынысын қанағаттандырудан бас тартуға негіздер жоқ деп санаймыз.
Сот практикасында көбінесе бас бостандығынан айырудың қысқа мерзімге сотталған адамға нашақорлықтан, алкоголизмнен немесе уытқұмарлықтан мәжбүрлеп емделу тағайындалған фактілер кездеседі, осыған байланысты, сол уақытта мәжбүрлеп емделуден нәтижеге қол жеткізілмейді.
Осындай жағдайларда, біздің ойымызша, іс материалдарында жазаның өтелмеген мерзімінің кезеңінде тұрғылықты жері бойынша емделу курсын одан әрі жалғастыру қажеттілігі туралы медициналық қорытынды болуға тиіс.
ҚР ҚК-нің 70-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот мерзімінен бұрын шартты түрде босатуды қолдана отырып, сотталған адамға ҚР ҚК-нің 45-бабының 1-бөлігінде көзделген міндеттерді жүктеуі мүмкін, ол бұларды жазаның өтелмей қалған бөлігі ішінде орындауға тиіс.
Бірақ зерттелген материалдардан соттардың практикада заңның осы нормасын қолданбайтындығы көрінеді.
Зерделеу, соттардың есірткі аурулардан емделу курсын аяқтамаған, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар үшін сотталған адамдарды мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы материалдарды көбінесе формальдық түрде қарайтынын көрсетті. Көп жағдайларда соттар дәлелді қаулылар шығармайды.
Кемшіліктерді жою мақсатында:
1. Жүргізілген қорытудың нәтижелері қылмыстық істер жөніндегі алқаның кеңейтілген отырысында талқылансын;
2. Қорыту талқылау және жұмыста пайдалану үшін облыстық соттардың назарына жеткізілсін;
3. Осы қорытудың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Жазаны өтеуден мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы" 2001 жылғы желтоқсандағы № 20 нормативтік қаулысына толықтырулар енгізу туралы жоба дайындалсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының
қылмыстық істер жөніндегі алқасы
Достарыңызбен бөлісу: |