ЭССЕ « Мамандығым – мақтанышым»
Әр адам жай ғана өмір сүрмей, өз өмірінің құндылығын сезінгісі келеді. Өз өмірін шынайы мағынаға толтыратын кәсіпті тапқысы келеді. Ондай кәсіп, әрине оның дұрыс таңдалған мамандығы. Мамандық таңдау – адам өміріндегі өте маңызды қадам. Мамандығын сәтті таңдаған адам ғана өмірінің мәнді, қадамының дұрыс жасалғанын сезіне алады. Таңдалған әрбір мамандыққа әр адам әр түрлі жолмен келеді. Біреуі бала кезден мұғалім болып ойын ойнап, қазіргі кезде сол балалық арман-тілегінің жүзеге асқандығын айтса, енді бірі ата-анасының қалауы бойынша осы мамандықты таңдап келгендерін айтады.
Менің мұғалім мамандығын таңдауымның себебі, кіші мектеп жасынан бастап, мектеп табалдырығын аттаған сәттен интернатта тұрып, сол кездегі бастауыш сынып оқушыларына қолдау көрсетіп, көмек жасайтын тәрбиеші-мұғалімдердің аз болғандығынан болды.
Жылдар өтіп жатты, ендігі мен жоғары сынып оқушысы болдым. Сол кезден бастап, кіші мектеп жасындағы оқушыларға сабақтарынан келгенде үй тапсырмасын орындатып, оқытып көмек көрсететінмін. Балалар барлығы каникулға кетіп, каникул аяқталысымен интернатқа оралған кезімде, өзім көмек көрсетіп, оқытып жүрген бастауыш сынып оқушылары жүгіріп келіп, мені қатты сағынғандарын айтып, демалыстарында болған қызықты оқиғаларымен бөлісетін.
Ендігі менің де 11 сыныпты аяқтайтын уақытым келді. Бір үйдің баласындай болып кеткен балаларға деген қимастық сезім де бар.
Мамандық таңдауда мен ойланбастан Павлодар педагогикалық колледжіне құжаттарымды тапсырдым. Оқуға бірден түстім. Қуанышымда шек жоқ. Бірнеше жылдан соң мұғалім болатынымды сезінгенде өзімді ең бақытты жанмын деген ой түйдім.
Алғаш еңбек жолымды бастаған сәттен бастап, ең алғашқы шәкірттерімді қабылдап, жұмысты бастаған сәттерімнің өзі орасан зор қызыққа толы. Күнделікті үзіліс уақытындағы жүгіріс, балалардың сыныпқа кіріп, мұғалім не айтады, нені үйретеді деп қараған көздерінен байқаған білімге деген құмарлықтары менің мұғалімдік жолымдағы күнделікті ізденіс үстінде жүруім керектігін білдірді.
Қызығы мен шыжығы қатар жүретін бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып жүргеніме 21 жыл болды. Осы жылдар ішінде қаншама оқушыларымның жеңісінің куәсі болып, олардың жеткен жеңісіне бірге қуанып, бірге шаттанып жүрген кездерім менің мамандық таңдауымда қателеспегенімнің айқын дәлелі.
Бірде оқушымның атасы «Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы.Осы дағдыны игере білген мұғалім ғана - ең білікті мұғалім» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай ШҚО, Аякөз қаласындағы Көпсалалы мектеп – гимназияның бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет істейтін Динара Секенқызына арналып айтылған сияқты» деп қос параққа жазған зейнеткер Ұстаз атаның «Ұстазға Ұлағат» деп аталған жазбасын оқығанымда менің қуанышымда шек болмады. Менің шабытыма шабыт қосқан осындай ата-аналардың арқасында мен аянбай еңбек етемін.
Балаға жақсы тәрбие, жақсы білім беру мұғалімнің қолында. Бұлақ көрсең, көзін аш демекші баланың бойындағы дарындылық қасиетін көріп, дамытатын мұғалім. Мен жай ғана мұғалім емеспін. Мен – ең алғашқы, ең бірінші мұғаліммін. Мектеп табалдырығын енді аттаған оқушының өміріне бірінші болып араласатын, оның отбасына алғаш болып араласып кететін мұғаліммін. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын!
«Бақыт» деген не?
«Бақыт» деген сөздің өзі көп факторлардан тұрады. Соның бірі мен үшін – дұрыс таңдалған кәсіп. Иа, мен бақыттымын. Себебі, мен сүйікті ісіммен шұғылданамын. Мен үнемі ізденіс үстінде жүремін.Оқушыларымның оқуға деген құштарлықтарын көргенімде мен бақыттымын. Өз еңбегімнің керемет нәтижесін көргенімде мен бақыттымын.
Бастауыш сынып мұғалімі: Нурбекова Динара Секеновна
Достарыңызбен бөлісу: |