Егемен Қазақстан.- 2012.- №769-770.- 23 қараша
Еділқызы Л.
Этикалық қағидаттарды сақтау –
қоғам алдындағы жаупкершілік
Астанадағы Қазақ аграрлық университетінде осы оқу орнының студенттерінің қатысуымен флеш-моб өтті. Бұл іс-шара биыл алғаш рет 1 желтоқсанда атап өтілетін Тұңғыш Президент күні қарсаңында және «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің 5 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Жиынға тәуелсіз мемлекет тарихында тұңғыш рет қабылданған «Қазақстан Республикасы журналисінің Этикалық кодексі» өзек болды.
Іс-шараға Қазақ аграрлық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Кенжеболат Жолдыбай, қоғамдық бірлестіктің вице-президенттері Бибігүл Жексенбай мен Шолпан Сыздықова, сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен белді журналистері қатысты.
Сөз бостандығы мен ой-пікірін ашық білдіру журналистің ажырамас құқығы десек, екінші жағынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жүктелетін негізгі жауапкершілік – халықты объективті ақпаратпен қамтамасыз етудегі өз миссиясы мен рөлін қалтқысыз сезіну, адами құндылықтар мен моральдық-этикалық қағидаттарды сана иіріміне мықтап бекіту екендігі даусыз.
Қазақстанның журналистері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің моральдық-этикалық қағидаттары мен кәсіби қызметінің нормаларын қалыптастыратын Қазақстан Республикасы журналисі Этикалық кодексінің қабылдануы – осындай бір ізгілікті ойлардың нәтижесі десек, артық айтқандық болмас.
Бұл күнгі басқосуды ашқан А.Күрішбаев осындай іс-шараның маңызына тоқталып, студенттер мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арасындағы әріптестік байланысты орнатудың қажеттілігі жөнінде баяндап берді. Оқу ордасы ректорының сөзін К.Жолдыбай да қуаттай түсті. «Мұндай басқосулар сендерге де, бізге де қажет. Көп нәрсеге ойландыратын, тағылымды істерге жетелейтін бұл шаралардың екінші жағынан тәрбиелік те мәні бар», деді бұл орайда К.Жолдыбай. Осылай дей келе, ол «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің 5 жыл ішінде атқарған қызметінің нәтижесіне тоқталды. «Қоғам, мемлекет жақсы өмір сүру үшін азаматтық қоғам ашық болуы керек. Ашық азаматтық қоғам болуы үшін онда сөз бостандығы, ақпаратқа қолжетімділік деген болуы керек. Біз, осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Жалпы, сөздің құдіретін түсіну, түйсіну, ұғыну ең басты мәселе десек, сол сөздің төңірегінде биыл үлкен бір жақсы шешім қабылданды. Сол шешімді қабылдауға Журналистер одағымен бірлесе отырып, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі атсалысты. Яғни, тұңғыш рет тәуелсіз Қазақстан тарихында «Қазақстан Республикасы этикалық кодексі қабылданды. Бұл үлкен жеңіс деп есептеймін», деді қоғамдық бірлестік президенті.
Кездесу барысында аталған шараны өткізуге Қазақстанды жуырда өзінің әріптесі ретінде қатарына қабылдаған, бас офисі АҚШ-та, ал өкілдіктері Лондон мен Брюссель қалаларында орналасқан Халықаралық медиалық этика орталығы мүдделілік танытып отырғаны атап өтілді. «Флеш-моб қорытындысы бойынша дайындалатын ақпараттардың барлығы осы орталыққа жіберіледі және оның көмегімен Интернет арқылы Еуразия және Америка елдеріне таратылатын болады», деді бұл жайында жиынға қатысушылар.
Басқосу соңында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен әріптестік байланыс орната отырып, шеберлік сағаттарын және өзге де әдістемелік тұрғыдағы шараларды өткізу үшін «Жас түлек» шығармашылық бірлестігі мен «Бас редакторлар клубы» ҚБ арасында меморандумға қол қойылды.
Достарыңызбен бөлісу: |