ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ МЕРЕКЕ
КӨКТЕМ КЕЛДІ, ҚАРСЫ АЛАЙЫҚ НАУРЫЗДЫ!
1. Жүргізуші:
Наурыз - қазақ халқының жаңа жылы. Парыс тілінде нау- жаңа, роз- күн деген сөз. Бұл екі сөз қосылып «Жаңа күн» яғни «Жаңа жыл» деген ұғымды білдіреді.
Наурыздың 22 күні Наурыз мейрамы (жаңа жыл) екенін қазақстанда жасаушы халықтардың бәрі біледі. Наурыз туралы көптен бері, жыл сайын газеттерде жазылып келеді. Бұл мейрам – дін мейрамы емес, ұлт мейрамы. Тегінде Наурыз ұлт мейрамы болғандығының үстіне оның тарихи маңызының тереңдігі бар. Ызғарлы қыстың кетіп, жан иесі өмір қуатын туғызған жыл, жаздың келетіндігіне барлық жаратылыспен қатар қазақ елі де қуанатын. «Қыс бойы өлімнің есігін күзетіп, үңгірде жатқан кәрі құйрық, мертік-шортықтар да қыбырлап дүниеде бар екендіктерін білгізе бастайтын, аурулар сауығамын деп, аттар тойынамын деп, жалаңаштар киімсіз де күн көремін» дегендей жұрттың бәріне үміт, жылы шырай сезіне бастап, «бәріміз де табиғаттың бергеніне ортақпыз» дегендей сағынышты көрісулері, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алатын.
2. Жүргізуші:
Бар табиғат еміреніп, жан-жануар түлеп, жапан дала жаңғыра бастағанда олармен бірге жасарып, бірге қуанған адамзат баласы да ұлыстың ұлы күнін ақ жарқын мерекеге айналдырған, оны барша ағайын-туыс, алыс-жақын, дос-жаран – айналаның бәрі құшақ жая қарсы алып, төс түйістіріп, қол қусырып, аман-түгел алысып, мәз-майрам болысқан.
Наурыз күнінің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір-бірімен кездескенде:
- Жасың құтты болсын!
Өмір жасың ұзақ болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Пәле-жала жерге енсін?! –
деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс түйістіреді; ал әйелдер болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс қағыстыру – «өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман-сау болсын!» дегенді білдіреді.
1. Жүргізуші:
Рәсім бойынша, жылына бір-ақ рет, жыл басында:
Наурыз жырында:
«Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өрістен.
Ұлыс күні кәрі-жас
Жамырасып көріскен.
Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар», -
деп айтылмақшы.
2. Жүргізуші:
Наурыз қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мәселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бәрін салыстырғанда Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дәлелді. Неге десеңіз, наурыздың ескіше 9-да, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды.
1. Жүргізуші:
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысты зерделі ел жыл басы наурызды қараңғының – жарыққа, ызғардың – жылыға, қараның – аққа, сордың – баққа, кесірдің – киеге, жоқтың – барға ауысатын талайлы табалдырығы деп таныған.
Бұл күні қытымыр қыстан аман шыққан ауыл-қыстақ тұрғындары өздерінің бастарынан өткен жақсылы-жаманды оқиғаларды ортаға салысып, барға берекет, жоққа салауат айтысқан.
2. Жүргізуші:
Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша наурыздың 21-і түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып бейне. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен.
Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6-да атқан кезде біздің өңірімізге бұл сәт түнгі сағат 3-ке тұспа-тұс келеді. Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды наурыздың 22-сі күні қарсы алады.
1. Жүргізуші:
Қазақ халқы уақыт есептеуде бағзы заманнан бері байырғы дәстүрге айналған он екі жылдық мүшелдік күнтізбегін қолданған. Осы мүшел жылының басын күн мен түннің көктемдегі теңелуінен бастап, осы күнді «ұлыс» күні немесе «наурыз» деп атаған. Мүшел жылы осы наурыздан (22 наурыз) бастап ауысып отырады.
Дүние ойлап тұрсам шолақ екен
Көрінде кінәліні қосқан екен
Айтамын сұрағына оның жауап
Бірінші жылға кірген тышқан екен
Қонғаны адамыңның қиыр екен
Құлындай ойнар жылың биыл екен
Білгің кеп отырған соң мен айтайын
Екінші жылға кірген сиыр екен
2. Жүргізуші:
Қонғаны ауылымның қалың қамыс
Бұл ара былтырғыдан биыл алыс
Айтамын сен білмесең, мен анығын
Үшінші жылға кірген болар барыс
Қамшының сары сабы бояма екен
Жалғанда қызыққа адам тоя ма екен
Несіне білгеніме бәлденейін
Төртінші жылға кірген қоян екен
Үйрендік білмегенді осы жолы
Тағы да үйренеміз аман болсақ!
1. Жүргізуші:
Наурыз мейрамын әр ұлт әр түрлі қарсы алады.
Салт-дәстүр әр ұлттың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттың құрылымына сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, қазірге дейін сақталып келген.
«Шашу» - қуаныш айғағы ретінде жасалатын өте сұлу да, салтанатты дәстүр. (шашуды тек әйелдер ғана шашады).
«Бата» - ақ тілек белгісі. «Батамен ел көгереді» деген мақал бар. Бата кез келген жерде айтыла беретін қасиетті рухани ұғым. Оның ең жақсысын «Ақ бата» деп атайды.
«Сүйінші» - қуанышты хабар жеткізуші адам «сүйінші - сүйінші» - деп келеді Сүйінші сұрап келген адамға силық ұсынады. Ол шын қуаныш белгісі.
2. Жүргізуші:
Қазақ халқының тұрмыс – тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден тойланып келе жатқан мейрамның бірі – Наурыз. Яғни күн мен түннің теңеліп, қар еріп, көк шыға бастайтын көктем айы. Сондықтан наурыз күнін ертедегі адамдар жаңа жылдың басы – Ұлыстың ұлы күні деп есептеп, жақсы тілек, зор қуанышпен қарсы алған. Жұрт ел аралап, үйлерге кірген, наурыз көже ішіп, жастар ән шырқап, палуан күресіп, ойын-сауықпен өткізген.
1. Жүргізуші:
Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы –Наурыз көже. Наурыз көже жеті түрлі дәмді астың құрамынан жасалады. Бидай, тары, күріш, жүгері, арпа, сұлы, сүр ет, қойдың басы, сүт, құрт, бидай, сәбіз, пияздан қазан толы көже пісіріледі. Осы тағамдармен ғана шектеліп қалады деуге болмайды. Әр отбасы «барымен базар» жасайтынын да есте ұстаған абзал. Оның ішіне соғымнан қалған кәделі мүше (жамбас, жалпақ, ұзын омыртқалар, жал, жая, қазы, қарта), әсіресе бас аман болсын деп, кәрілікке жеткізсін деп сақтаған кәрі жілік қосылады. Бұл үлкендердің алдына тартылады. Басты ауыл қариясына тартқан. Жастар жағы «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя ішеді. Бұның мәні – Жаңа Жылда тойымшылдық, молшылық, мәнді де дәмді, татымды өмір болсын деген ырымды, тілекті паш ету.
2. Жүргізуші:
Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы болады» деп қуанған. Наурыз айында жауған қар басқа қарларға қарағанда ерекше аппақ, үлпілдек болады да, «ақша қар» деп аталады. Осыған орай тілімізде мінезі балдай, сұлу қызға айтылатын «Наурыздың ақша қарындай» деген теңеу бар. Ұлыс күні туған сәбилерге Наурызбай, Наурызбек, Мейрам, Мейрамгүл, Кіріс т.б. аттар қойылып, оларға бір жас қосылады.
Әдетте, Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлыс күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Тас атқанға – ас ат» деген секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.
1. Жүргізуші:
Көже ішіліп болған соң төрде отырған ауыл қариясы қолын жайып:
«Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күніне сақтап жүрген сүр батам!» -
деп үй иесіне батасын береді.
Наурыз көжені тоя ішу «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды. Әдетте Наурыз күнгі қасиетті дәмнен алыс сапарға жүрген адамдарға, қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.
І –оқушы:
Наурыз тойы
Келді ғой Жаңа жылым – Наурыз айы,
Қатысар бас бәйгеге құлын-тайы.
Жасалар Наурыз көже – басты тағам,
Қосылар көжеге құрт пен майы.
Жеріміз ұлан-байтақ, таулы, сайлы,
Сол даладан шуақ тарар жанға жайлы
Мекендеген барлық ұлтты бауыр еткен,
Халқымыз әр қашанда қонақжайлы.
ІІ-оқушы
Берілер тойбастарға түрлі пұлың,
Ұмытпас дәстүріңді қыз бен ұлың.
Ерікті елімізге тілейтінім –
Қазақстан – құтты болсын Жаңа Жылың!
Сағындырған Наурызым көктем келді
Көпірінен сүрінбей өткелдегі
Бүрін жарса булығып өсімдіктер
Аңдар төлдей бастады бөктердегі
ІІІ-оқушы Нәр беріп бәрімізге нұрын шашып
Наурыз келді заңғарынан таудың асып
Жанымыз жадырасын шуағыңда
Құт кірсін қадамыңмен келген басып!
Қырларда қызғалдақтар дірілдеген
Қуаныш келе берсін күлімдеген
Сіздерді шын жүректен құттықтаймыз
Келе жатқан жыл басы – Наурызбенен!
-
Жүргізуші:
Соңғы жылдары қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшырап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдырған еді. Енді, шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып күлісіп, жанның бәрі дүниеге жаңа келгендей мәз-мейрам болады. Қуанышты күнің жаңа жылың құтты болсын!
Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы наурыз, қош келдің!
Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып, Наурыз тойын тойлатып Ұлыстың ұлы күні келді, тойларыңыз құтты болсын! Ақ мол болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |