Файл: Абай жолы «Абай жолына» 70 жыл



Дата25.02.2016
өлшемі118 Kb.
#19090
Файл: Абай жолы

«Абай жолына» 70 жыл

Тұрсын Жұртбай, әуезовтанушы ғалым:
ЖЕТПІС ЖЫЛ ЖҰРТЫН СҮЙІНДІРГЕН СҰЛУ СӨЗ
Аға, биыл қазақ халқын әлемге танытқан «Абай жолы» роман эпопеясының жарыққа шыққанына 70 жыл толады екен. Мұхтар Әуезов бұл романды жазуға қалай келген еді?

– Абай туралы үлкен шығарма жазу Мұхтар Әузовтің қолына қалам ұстағаннан бергі аңсарлы арманы болған. Жазушы бұл тақырыпқа өте ұзақ дайындалып, әрі асқан идеялық сақтықпен келді. Бұл туынды сәтті шықса, бүкіл әлемдік әдебиеттің үлгісі болатынын жазушы іштей сезген. Сондықтан да бұл орайда көп ізденді. 1920 жылы қолға алып, 1926-1927 жылдар аралығында тікелей кірісіп, Абайдың екі томдық шығармалар жинағын құрастырды. Түрмеге қамалған жылдары тоқталып қалды. Тек Ілияс Жансүгіровтің «құрастырушы» деген қолғабысымен 1932-1933 жылдардың дүбарасында жарыққа шықты. Ондағы өмірбаян мен түсініктердің негізгі авторы Мұхтар Әуезов. Ол 1934 жылы ұлы ақынның еліне сапар шегіп, романға байланысты деректер жинастырды. Онда Абайдың көзін көрген көнекөз қарттармен тілдесіп, естеліктерін жазып алды. «Алаш ісі» бойынша әбден қуғын көрген жазушы «интернационалдық тақырыпты игермейсің», «өткен буржуазиялық тақырыпты қозғайсың» деген секілді жалалардан арылғысы келіп, әрі өзінің дайындығын сынап көрмекші болып 1936-1937 жылдар аралығында Пушкиннің 100 жылдығына арнап «Татьянаның қырдағы әні» атты әңгімесін жазды. Бұл әңгіме кейін «Абай жолы» роман эпопеясына аздаған өзгерістермен енді. Бүкіл қазақ зиялыларының басына қара бұлт үйірілген 1937-1938 жылдары М.Әуезовтің романға отыратындай жағдайы болған жоқ. Алаш азаматтарының мойнына салынған қылбұрау өзін де бос қоя бермейтінін сезген жазушы бұл кездері «қай күні алып кетеді екен» деген күдікпен, аяқасты болып қалуы мүмкін оқыс жағдайларға дайын жүрген болатын.

Қысым науқаны сәл бәсеңсіген шақта «Абай» трагедиясын жазуға кіріседі. Бұл Л.Соболевпен біріге отырып, Абай тақырыбына жасалған алғашқы сюжет желісі, болашақ романның жалпы қаңқасы болатын. Пьесамен жұмыс істеу барысында бастапқыда ойластырылған кейіпкерлер сұрыпталды, біраз оқиғалар мен желілер, қысқартылды, не көркем шындықпен «тұздықталды», қосымша көркем айғақтар, көркем дәлелдер, жанама желеулер қосылды. 1939 жылы батыл қолға алынған «Абай» романды 1940 жылы толықтай еңсеріліп, күзге қарай Семейге тағы да барып, көркем шығармадағы оқиғаларды Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың елегінен өткізіп, қажетті мұрахат құжаттарын Қайым Мұхамедхановтың септігімен қайтадан екшеп, жыл аяғында тәмәмдап, оның араб қарпіндегі нұсқасын қырық бірінші жылдың басында баспаға ұсынды. Редакторлығына, ұмытпасам, Ғабдол Сланов бекітілді. Алайда, сол арада Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де майданға қатысты патриоттық шығармаларды жариялау күн тәртібіне қойылады. Тарихи «Абай» романы көкейкестілігі аз туынды ретінде кейінге шегеріліп, бір жарым жылдай баспаның тартпасында жатып қалады. Сондай-ақ дәл сол тұста әріп ауысып, араб қарпінен латын қарпіне көшіру қажеттігі де туады. Бұл да өз кезегінде кітаптың жарыққа шығуына тікелей тосқауыл болды. Сөйтіп, жазушы өзінің «өзінің айырықша көңлі толған романынан» күдерін үзгендей болады...

Алайда, «Абай» романын шаң басып жатқан жерінен Бейсенбай Кенжебаев елеп, ескеріп, жарыққа шығарады. Осындай қысылтаяң кезеңде орайын тауып, кейінге ысырылған кітапты шығара салу көпшіліктің қолынан келе бермесі анық. Сондай-ақ ол кезде Орталық Комитеттің қырағы көзі қоғамда болып жатқан өзгерістерді қалт жібермей, қадағалап отырды ғой. «Көкейкестілігі аз роман» бұл кедергілерден қалай өтті?

– 1941 жылдың мамыр айында бүкіл қазақ әдебиетінің, сол арқылы мұқым қазақ жұртшылығының қуанышына орай баспаға Бейсенбай Кенжебаев бас редактор болып келеді. Келе сала жоспардағы шығармаларды қарайды. Бұлардың ішінде «Абай» романының біраз уақыт жатып қалғанын көреді. Бейсекең кітапты оқып шыққан соң романды ешкімге білдірместен жарыққа шығаруға бел буады. Егер де айтып істесе, патриоттық тақырыпқа қатысы жоқ деген желеумен тағы да кейінге ысырылып, тіпті оны ресми түрде шығармау туралы қаулы бекітіліп кетуі мүмкін еді. Мұны түсінген ол жаңадан қызметке орналасқан жас ақын Қуандық Шаңғытбаевқа романды жұртқа сездірмей оқып шығып, баспаға жіберуін тапсырады. Роман Қуандық Шаңғытбаевтың корректурасымен баспаға теріліп, 1942 жылдың шілде айында сүйінші данасы да келеді. Сол күні, яғни, 1942 жылдың 26 шілдесі күні «Социалистік Қазақстан» газетіне Б.Кенжебаев пен Қ.Шаңғытбаевтің мақаласы да шығады. Бейсекең ауруханада жатқан Мұхтарға жаңа шыққан кітап пен рецензияны апарып береді. Ауруханаға кіргізбегендіктен, кітапты біреуден беріп жібереді. Сонда екінші қабаттың балконына шыққан Мұхтар Әуезов: «Әй, Бейсенбай, сен мені өлтірмедің, тірілттің, мәңгілік қарыздармын саған. Бұл үлкен өмірлік олжа болды» деген сөздер айтып, қатты толқыған жазушы көзіне жас алған екен. Бұл расында қуанса қуанатындай, сүйінсе сүйінетіндей жайт еді. «Абай» романының тұсауы Бейсекең сынды қазақтың қайсар азаматының көмегімен жасырын жағдайда, тосыннан кесілген болатын. Кейін кітаптың авторлық алғашқы данасына: «Бейсенбайға! Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айырықша бағалаған жүрекпен сыйлаймын. Мұхтар. 31.ҮІІ. 42» деп жазып беріпті. Міне, «Абай» романы және кейіпкер Абай «халық ата, халық анаға» осылай жол тартқан.

Қуанышқа орай, туынды оқырман көңілінен шығып, романға қатысты жылы лебіздер сонау майдан шебінде жүрген жауынгерлерден келіп жатады. Солардың ішінде Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықов, Жекен Жұмаханов сынды жауынгер қаламгерлерлер де бар, Орталық Комитетке, Жазушылар одағына: «Абай» романын бізге көптеп жіберіңіздер, бұл біздің жігерімізді жаниды» деген мазмұндағы хаттарды жаудырады. Соның арқасында ғана Орталық Комитет жазушыға қарсы ілік таба алмайды. Алайда, Бейсекең ескерту алып, қызметінен босайды. Осы бір жайт Әуезовтің бақытын ашса, Бейсенбай Кенжебаевтың бағытын өзгертіп, ғылыми жұмыспен айналысуына себепші болды. Ол кісі қазақ университетінің филология факультетінің жанынан журналистика бөлімін ұйымдастырып, соған меңгеруші болады. Ол бөлім кейін фаукультетке айналып, біздің аңқамызды сусатқан қаламгерлердің қасиетті отауына айналды.

Бірақ жауынгерлерге ұнаған роман, сыншылардың көңілінен шыға қоймапты. «Өткен тарихты қозғайтын роман» деген сылтауға сүйенген сыншылар туындыны қатаң талқының астына алған екен.

– Роман туралы сын 1943 жылдың наурыз айында, атақты Ленинград қоршауы бұзылысымен лап ете қалады. Сол жылғы «Курскі доғасындағы» ұлы жеңістен кейін және кеңес одағының шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған сталиндік идеологтар енді ішкі жауды іздей бастады. Сасқан кезде дінсіз идеологтар естен айырылып «Грозныйдың, Едігенің, Абылайдың, Кенесары мен Наурызбайдың әруағын шақырғандары» есіне түсіп, төбе шаштары тік тұрды. Енді ол «әруақтар ұлтшыл әруақтар» ретінде әшкнереленіп, «Едіге» дастаны және татар ұлтшылдығы туралы Қаулы шықты. Бұл «жаудан жасырынып жүрген тылдағы егеуқұйрық» идеологтарға, оның ішінде Қазақстандағы «қырағы қырғи көздерге» үлкен ермек болды, олар мұны «екінші және ең қауіпті майдан» деп жариялады. Әуеліде «Социалистік Қазақстан» газетінде «Мен... Мен.. Мен!» деген Сәбит, Ғабит, Мұхтардың «менмендігін» басатын фельетон жарияланды. Одан «Едіге» туралы баяндама жасалды. Сонымен қатар «Абай» романы туралы арнайы талқы өткізілді. Жан-жақтан анталаған сыншылар: «бұл романның атын «Абай» емес, «Құнанбай» қою керек еді», «романның басты кейіпкері Абай емес, Құнанбай», «Құнанбай – қазақтың Иван Грозныйы», «романда феодализмді әспеттеу басым» деген секілді үлкен айыптар тағып, ұзын сонар баяндамалар жасады. Соның ішінде Құнанбай бейнесінің келесі кітаптағы даму бағыты, романдағы кедейлердің алдыңғы қатарға шығуы және таптық көзқарастары жөніндегі пікірталастар үдей түсті. Автор әуел баста өзі жоспарлаған алғашқы нұсқадағы оқиғалардың желісінен, драмалық қақтығыстардан, көркемдік шешімдерден бас тартуға мәжбүр болды. Соның салдарынан, негізгі қақтығыс әке мен баланың арасына, яғни, Абай мен Құнанбайдың арасына құрылады. Бұрын әкенің ығында жүрген Абай енді әкесі Құнанбайды ықтырып, өзі алдыңғы шепке шықты.

Бұл талқы жазушыны ғана емес, романдағы тұлғалы кейіпкерлерді де «ығыстырып» жіберген екен...

– Иә, бірінші кітапта жағымды бейнеде сипатталатын Ділдәнің орнын екінші кітапта Әйгерім басады. Сондай-ақ әуелде өз атымен берілген Шәкәрім есімі өзгертілді. Оның орнына биографиялық тарихы белгісіз, жазушының қиялынан туған Дәрмен атты дәнекер бейне пайда болды. Базаралы мен Абайдың тартыстары, Құнанбай мен Абай арасындағы сыйласымдық кері сипат алды. Базаралы мен Әйгерім жағымды образдардың қатарына қосылып, Бөжей және басқа да Құнанбай бастатқан тұтқалы кейіпкерлер жағымсыз жаққа ауыстырылды. Осындай үлкен өзгешеліктер енген екінші кітап 1947 жылы әу баста жазылған өзінің түпнұсқасынан үлкен айырмашылықпен жарыққа шықты.

Өзгеріске ұшыраған кейіпкерлерге толық тоқталып өтсеңіз...

– Мұхтар Әуезов романды жазу барысында өзі қаламаған көлеңкелі оқиғаларды күншуаққа шығарып, Абайдың өзіне қарама-қарсы майданда болған тартыс иелерін жағымды жан етіп суреттеді.

Біріншіден, Абай мен Базаралы өмірде дәл романдағыдай етжүрегі езілген дос болмаған адамдар. Бірақ Базаралының кітаптағыдай өте келбетті, бір елдің бетке ұстар, өжет адамы болғаны шындық. Базаралы негізінен өзінің басына түскен қиындықтарды өзінің өжет мінезінен тапқан. Ол Абайдың жас кезінен өзіне ыза сақтап, кектеніп өсетіндей қылықтарға барған адам. Өзгені былай қойғанда, Нұрғанымның үйінде апталап жатып алатын болған. Алқа-қотандасып отырған ауылдың бір жағында Оспан, бір жағында Абай, бір жағында Тәңірберген отыр. Құнанбайдың ересек балаларының көзінше осындай әрекетке барған Базаралыны Абай қалай жақсы көріп өседі? Сондай-ақ малдың арқасында өзінің үй-ішін, жақындарын асырап отырған Тәкежанның 800 жылқысын ұрлап, бір түннің ішінде қырып тастаған адамды «ұрлыққа тиым саламын» деп ант берген болыс Абай кешіре ала ма? Абай оны осы қылмысы үшін «оның қолына байлаған арқанды түйенің қомына ілдіріп» Семейге жаяу айдаған. Бір аттағанда бір жарым-екі метрді қамтитын, ілгерінді-кейінді жұлқып-тартып жүретін түйенің жүрісіне адам шыдап бола ма? Еркежанның әкесі өзінің құдалық бетін салып барып, Базаралының қолын байлаған арқанды «түйенің қомына емес, аттың құйрығына байлатқан». Бұл – өмірлік шындық. Базаралының жер аударылып кетуіне себепкер болған да болыс Абайдың өзі. Біреудің 800 жылқысын бір түннің ішінде барымталап әкетіп, сойып алу – ұрлықтың үлкені. Мұндай қылмысқа лайықты жаза қолданбаса Абай әділ болыс бола ма? Сондай-ақ Абай жігітекке әр жылқы басына 5 ірі-қарадан құн төлетткізген. М.Әуезов өзінің ертеректегі өмірлік шындыққа негізделген зерттеуінде: «Жігітектер сол тұралағаннан тұралап, қашан төңкеріс орнағанға дейін тізелерін көтере алмай жүрелеп кетті» – деп жазады.

Базаралы екінші рет түрмеден қашып келгенде, өзі де биліктен шеттеп, «ой түсе бастаған кезде» Абай оған сәлем бере барады. Әңгіме барысында Абай: «Иә, Базке, орысша үйрендің ба?» – деп сұрайды. Сонда Базаралы күліп отырып: «Әй, Абай, қарағым-ай! Адамға оқу қонбайын десе, қонбайды екен. Сенде жазық жоқ. Орысша үйренетін жерге жіберуіндей жіберіп-ақ жатырсың ғой. Бірақ сол оқуың маған қонбады» – деген екекн. Сонда Абай үндемей отырып қалыпты.

Екіншіден, Әмір мен Үмітей арасындағы махаббат – үлгі тұтатын махаббат емес. Бұл туыстар арасындағы көргенсіз махаббат. Әмір Құдайбердінің баласы, ал Үмітей Ысқақтың қызы. Яғни, екеуі де Құнанбайдың туған немересі. Бірақ Әуезов Абайдың образы жағымды шығуы үшін өзі жақсы білген Әмір мен Үмітей тағдырын да өзгеше сипатта берген. Егер, автор осы арада өмірлік шындықты жазған болса, бұл оқиғаның Абай бейнесіне қызметі шамалы болар еді. Әуезов мұнда да көркемдік шындықты шебер пайдаланған. Ол: «Менің көркем шығарма жазып отырғанымды оқырмандардың ескеруін сұраймын. Өйткені тарихи оқиғаға көркемдік көзқарас болады» – деп жазады. Сондай-ақ романдағы авторлық мәтінде жазушының емеуріні сезілмейді. Ол кітапта суреттелген көркемдік шындықты кейіпкерлердің ойы арқылы өрбіткен. Тарихи шындық пен көркем шындықты жарастырудағы шеберлік деп осыны айту керек.

Үшіншіден, бірінші кітапта басталып, екінші кітапта өзінің ілгері дамуын күтіп отырған Абай мен Ділдә арасындағы оқиға да басқа мазмұнда баяндалған. Талқы кезінде «кедейдің қызы жағымды образ болуы керек» деген принципті ұстанған қаламгерлер Мұхтарға: «Алшынбайдың қызы Ділдәдан жағымды образ шығарып басыңды дауға қалдырма. Әйгерім образын өзгерт» – деген Әлжаппар Әбішевтің пікіріне Әуезов кәдімгідей ашуланып, қатты қиналған. Бірақ бұлай етпесе, «Абай» романының жарық көрмейтінін біліп, Абайды еріксіз Әйгерімге ғашық еткен. Ал, өмірде Әйгерім мен Абайдың ортасындағы жарасым өте күрделі болған. Дегенмен, автор өмірлік шындықты сақтап, үшінші кітапта «Абай мен Әйгерімнің арасына бір салқындық кіріп еді» деп жазады. Бірақ Әйгерімге ән айтқызу арқылы сол жарасымды қайтадан орнына келтіргендей болады.

Төртіншіден, Абай мен Оразбай әуелде дос-жаран болған. Оспан Семей қаласына дау қуып келген Оразбайды күйменің артында салып, 200 шақырым жерге дейін қол-аяғын байлап апарып, азапқа салған уақытқа дейін олардың арасында ашық дүрдараздық болған емес. Тіпті, Абай сабалғанда Оразбай 40 ақботаның айыбын әкелген. Сонда Абай: «Оразбайдың ашуланса, ашуланатындай маған сақталып қалған ескі кегі мен ызасы, көрген әділетсіздігі бар еді. Сол бүгін судың бетіне шыққан ғой. Мәңгілік достық болса да, мәңгілік жаулық жоқ, кештім» – деп, татуласып, бесік құда болған. Абай бауырына басқан немере қызы Ақылияны Оразбайдың немересі Сәниязбекке атастырып, екеуі бесік құда болған. Ал Мұхтар Әуезов болса, 1917 жылы шілдеде өткен Ақылия мен Сәниязбектің тойына арнап «Еңлік – Кебек» пьесасын жазып, Айгерім мен Абайдың Кенже деген қызының киіз үйін қосанжарлап тігіп, сахналаған.

Абай қайтыс болғанда ағайынлһдарының біреуі шауып келіп, «Абай өліпті!» – деп Оразбайдан сүйінші сұрапты. Сонда қатты ашуланған Оразбай әлгіні қамшымен осып-осып жіберіп: «Ол қазақтың сөзін сөйлеген Абай емес пе еді? Мен онымен сөз таластырсам, артымда атым қалсын дедім ғой. Қазақтың Абайы өлгенде несіне қуанасың? Шын қасірет қазаққа енді туған екен ғой» – деп, 40 қара көк атты ақын қазасына бата есебінде байлаған деседі. Ал осындай ер мінезді Оразбайды көрместей жау етіп көрсетуге жазушыны көркемдік шындық жетелеп отыр.

Мұхтар Әуезовтің қаламгер ретіндегі шеберлігі осы тарихи, өмірлік, көркемдік шындықтың арасындағы үйлесімдікте жатыр деп ойлаймын. Көркем шығарма тарихи тұлғаның өмірбаяны емес, оның көзқарастарының жиынтығы. «Абай» романы арқылы: Абай – қазақтың ғана емес, исі адамзатқа ортақ ұлы гуманист ақын – деген ұғымды қалыптасты. Демек, жазушы өзінің авторлық идеясын толығымен орындап шыққан. Ол өмірлік және тарихи шындықты көркем шындыққа жығып бере отырып, ұлы ақынның бейнесін абсолюттік мінсіз кейіпкер деңгейіне көтере білді.

Романдағы жантүршігерлік сюжет – «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абай заманынан ілгеріректе болған екен. Жазушының бұл оқиғаны сол кезеңге сырғытуының сыры неде?

– М.Әуезов күнделігінде: «Абайдың бұл оқиғаны естуі мүмкін» – деп жазады. Ол «Қодар мен Қамқа» оқиғасының «тнңын» теріс айналдырып беру арқылы Абайдың кіршіксіз мінезін айқындай түскен. «Қодар мен Қамқа» оқиғасы Абай тұлғасы үшін қызмет етіп, оның бүкіл дүниежүзі сүйінетіндей жағымды, адамгершілік қасиетін беріп тұр емес пе? Бұл оқиға Абай өмір сүрген кезеңде болмағанымен, сол қоғамда болған. Атасы мен келінінің арасындағы зинаны тыю үшін Құнанбай дала заңына сүйене отырып, оларды қоғамнан аластау туралы үкім шығарады. Екеуін дарға асып, болашақта басына жастардың келуі мүмкін деп қауіптеніп, опасыз оқиғадан ескерткіш қалмау үшін денелерін қара жерге де бермей, өртеп жіберген. Бірақ романда Қодар жазықсыз кедей ретінде суреттеліп, күнәсіз жандарды Құнанбай жер үшін өлімге қиған болып, өмірлік шындық көркемдік шындыққа айналып кете береді.

Романға Құнанбайдың Шыңғыс Уәлихановпен таныстығы және есімін көпшілік біле бермейтін Айбөбек туралы дерек кіргізілмеген. Құнанбайға тікелей қатысы бар осы екі жан туралы айтып берсеңіз.

– «Абай жолы» роман эпопеясындағы кейіпкер Абай мен кейіпкер Құнанбайдың өмірі бір басқа да, тарихтағы Абай Құнанбайұлы мен Құнанбай Өскенбайұлының жеке өмірі бір басқа. Жалпы, «Абай жолында» тарихи, өмірлік шындық ретінде қабыспайтын бір жайт бар. Ол – әке мен бала арасындағы қақтығыс. Романды оқып отырып «егер, Құнанбай бөгет болмаса, Абай көксеген арманына жететін еді» – деп ойлайсың. Бірақ бұл өмірлік те, тарихи да шындық емес. Абай өзге балаларына қарағанда еркін өссе де, әкесі орнатқан тәртіпке бағынған. Олар бір-бірімен өштесіп өмір сүрмеген. Абай сынды адам Құнанбайдай әкеге қарсы шыға ма? Мұндай қылық біздің ұлттық қасиетімізде жоқ. Бірақ Әуезов әке мен бала арасындағы тартысқа саналы түрде барған. Өзінің «Абай жолын» ақтап алу туралы мақалаларында: «Мен өзімнің романымда әке мен бала арасындағы қақтығысты негізгі тартыс етіп алдым. Абай – жаңа заман, Құнанбай – ескі заман. Екі заман тартысын әке мен баланың тартысы арқылы суреттедім» – дейді. Бұл орайда жазушыны кінәлаудың реті жоқ. Өйткені, Кеңес үкіметінің ол тұстағы идеологиясы сондай еді.

Дала сұлтаны Құнанбай полковник Шыңғыс Уәлихановты жақсы білген деуге толық негіз бар. Олардың нақты қай уақытта бір-бірімен кездесіп, пікір алысқаны маған беймәлім. Бірақ, 1846 жылғы «Мұсақұл соғысынан» кейін және 1849 жылғы Шыңғыстың қолтығындағы «он бес қыстау» үшін болған шайқастан кейін Құнанбай жауапқа тартылады. Соған байланысты алты ай Омбыда мырзақамақта жатады. Тергеу ісі аяқталған соң оны Шыңғыс Уәлиханов кепілдікке алып, еліне дейін шығарып салған. Бұл жайт олардың араларында жай таныстық емес, жақсы түсіністіктің болғанын көрсетеді. Сондай-ақ осы кезде Шоқан Омбыдағы кадет корпусында оқып жүрді. Яғни, оның тергеу ісінде аудармашы ретінде жүруі мүмкін. Сонымен бірге Құнанбайдың Айғыздан туған ұлы Қалиолла Шоқанның інісі Махмұтпен Омбыдағы кадет корпусында бірге оқыған. Осы жайттарды ескере отырып, дала шонжарлары Құнанбай мен Шыңғыстың таныс болғандығын шындық деп білеміз. Бірақ Мұхтар Әуезов олардың таныстығын романға кіргізбеген. Өйткені бұл сюжет Құнанбай тұлғасына қызмет еткенімен, Абайға қызмет ете алмайды.

Құнанбай Омбыда мырзақамақта жүрген кезде қазақтың өзге де сұлтандары мен болыстарымен бір үйде мәмілелес болған. Алты айдан астам уақыт сол жерде тұрақтап қалатындықтарын білген олар ортақ пәтер жалдап тұрған. Айлап жатқандықтан, күтімдері келіспеген ақсақалдар араларындағы жасы кіші Құнанбайға әйел алып беруді жөн көрген. Сөйтіп, Құнанбай Омбының ортақоңдылау шаруа адамының Айбөбек атты қызымен некелеседі. Мырзақамақтан шыққан соң қиын кезде сүйеу болған әйелге Құнанбайдың көңілі ауып, өзімен бірге Шыңғысқа әкелген. Алайда, Құнанбайдың айналасындағылар оны дұрыс қабылдамаған. Айбөбек елге келген соң белгісіз жағдайда қайтыс болған. Артында жоқтаушысы жоқ болғандықтан, бұл іс жабулы қалған. Бұл оқиға – Құнанбай өміріндегі үлкен трагедия. Күндестіктің құрбаны болған Айбөбектен кейін ол Нұрғанымға үйленген. Ал Нұрғанымнан туған ұл баласы 4-5 жасқа келген шағында қазанда қайнап жатқан құртқа түсіп өлген екен. Бұл өлімге де күдік айтушылар бар. Жалпы, күндестік деген жазылмаған дерт қой.

Аға, өмірлік шындық пен көркемдік шындықтың ара жігін ашып, талдап бердіңіз. Бірақ біздер мектеп қабырғасында жүргенде бұл романды Абайдың тікелей өмірбаяны деп ұқтық. Біздің санамызда Құнанбай – «жалғыз көзді жауыз», Тәкежан – «қаскүнем» кейпінде қалып қойды.

– Біз өзіміздің көркемдік талғамымызды өсіруіміз керек. Өкінішке қарай «Абай жолы» эпопеясының сюжетіне, ондағы авторлық баяндаулар мен суреттеулерге құрылған оқиғаға көпшілік қауым, тіпті әдебиеттанушылардың біразы Абайдың жеке өмірбаяны ретінде қарайды. Бұл мүлдем қате пікір. Егер жазушы туындыға қызықты сәттерді қоспай, кейіпкерінің нақты өмірлік деректерін ғана қосып роман жазса, бұл кәдімгі етекбасты баяндау болып шығар еді. Көркем шығарманың өз заңдылығы бар. Қандай шығарма болмасын автордың идеясына бағынады. Ал М.Әуезовтің осы романды жазудағы басты идеясы – Абайдың өлеңдеріне негізделген көркем өмірбаянын көркем суреттей отырып, оның поэзиясын дүниежүзіне паш ету. Абайдың ұлылығы арқылы қазақтың тарихы мен өмірін көрсету. Барлық тарихи және көркем шындық осы идеяға қызмет еткен.

Абайдың әке алдында үш міні болған екен. Әділ әрі парасатты Абайдың бойындағы міні қандай еді?

– Абайдың бойынан байқалған үш мінді Құнанбайдың айтқаны рас. Ол романда да берілген. Бірақ олардың айтылуының мәнісі романдағыдай емес.

«Жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды» – деген сөзді өзі (Құнанбай) қажылыққа кеткенде, тым еркінсіп, қызыққа беріліп, қайын жұртының рұқсатынсыз Әйгерімді тоқалдыққа алғанына байланысты айтқан. Бұл – ел арасын атыс-шабысқа әкеле жаздаған үлкен дауға ұласуға аз қалған оқыс оқиға болған. Құнанбайдың бұл сөздерінің астарында: «Мен Мекеге кеткенде арттағы елге ие бола алмадың, бүліктің басында өзің тұрдың» – деген емеурін жатыр.

Екінші міні – мұсылмандық діни қозғалысқа байланысты. Құнанбай қажылықтан қайтпауға бекініп, екі жылдай Меккеде тұрақтап қалған. Тек орыс-түрік соғысының басталуына байланысты Ресей империясында тұратын азаматтар елдеріне қайтарылады. Көрсетілген мерзімді бұзғаны үшін Ресей консулы Құнанбайға 60 сом айып салып, еріксіз елге қайтарған. Қажылықтан қайтқан жолда Құнанбай мұсылман елдерін ағылшын, испан, орыстардың отарлап жатқанын, олардың дінді қорлаған түрлі бейбастақтықтарын (мысалы, олар Бейбарыстың мешітін атқораға айналдырған) көреді. Ауылға келгенде, найзалы мылтығы шошаңдаған солдаттарды, үйір-үйір жылқыны, ұрандасқан топты көреді. Сөйтсе, түріктерге қарсы түсел боп, түрікті жау деп жариялап, Ресейдің әскеріне көмек ретінде жылқы, ақша жиып жатыр екен. Мұның басты себебі, соғыс тұсында бүкіл түркі тілдес елдер түріктерді қолдап, түркі бірлігі қозғалысы пайда болған. Соны көзі көріп келген Құнанбай ауылына келгенде мына малды қуып жүрген орысты, бүкіл ауылға тараған түріктерге қарсы үндеу қағазды, оны оқып беріп, ұйымдастырып жүрген болыс Абайдың осыған жол беріп отырғанына ренжіген әке: «Сенде қан жоқ. Бұлардың ислам жұртын қалай қорлап отырғанын білмейсің. Түбінде дін бірлігі болмай, мұсылман оңбайды. Ал діннің қазіргі тірегі ешкімге бағынбай отырған түріктер», деп мін таққан. Үндеу қағазды көпшілікке оқыттырмаған. Абай содан қайтып Ресейдің мұндай іс-шарасына араласпаған.

Үшінші, «тым орысшылсың» деп таққан кінәсі де сол дін мен түрікшілдікке қарсы үндеу таратып, жылу жиып жүргеніне байланысты тура сол тұста айтылған. Құнанбай өзінің ұлын «орыстың бодандық саясатына болысып отырсың. Тым орысшылсың» дейді. Ал автор кітапта бұл сөздердің жалпы сарынын сақтай отырып, «шындықты сәл бояп» жеткізеді. Бірақ Құнанбай айтқан уәж – уәж күйінде жеткен.

Романда сипатталғандай Шөже мен Біржан ақындардың Тобықты елінде болғаны рас па?

– Көркем шығармада тарихи тұлғаларға қатысты өмірлік деректер өте көп. Алшынбай мен Құнанбайдың алдында Шөже мен Балта ақынның айтысқаны рас. Бірақ бұл оқиғаның дәл қай кезде болғаны белгісіз. Олардың бір рет емес, бірнеше рет бас қосқаны туралы ауызекі әңгімелер сақталған..Жазушы сол кездесулерді Абайдың қалыңдық айттыра барған кезіне орайластыра суреттейді. Шөже мен Балта Құнанбайдың аға сұлтан болып тұрған кезінде, яғни, 1849-1850 жылдары беттескені өмірлік шындық. Бірақ ол кезде Абай төрт-бес жаста. Демек, бұл арада жазушы жинақтаушы көркемдік тәсілге сүйенген. Ал Біржан ақынның Абай ауылына келуі нақты дерекпен дәлелденбеген. Өйткені кейбір өмірлік жайттарды Біржан мен Абайдың өмірімен салыстыра қарастырсаң, көптеген қайшылықтарға тап боласың. Романда Абай ауылына келген Біржанның Жетісуға қарай бет алғандығы айтылған. Яғни, ақын Сарамен айтысуға келе жатыр. Егер де Біржан Сарамен айтысқан жылы Абай ауылына соққан болса, бұл оқиғаның романда суреттелгеніндей 1886-1891 жылдар арасында өтуі мүмкін емес. Өйткені Сара бұл кезде балиғатқа толмаған (бұл туралы әр түрлі дерек көздері бар екені және олардың бір тоқтамға келмегені өз алдына бөлек әңгіме). Ал өзге деректерге сүйеніп, 1890 жылдары қонақ болған десек, бұл Абайға жасалған қиянат. Өйткені дәл осы жылдары Оспан, одан соң Әбіш қайтыс болған. Яғни, Абайдың бұл кездері сауық құрып, әндетіп, жырлатып жүруі мүмкін емес. Сондықтан да бұл желіні Әуезовтің көркем шындығы деп есептеймін.



Жалпы, шығарма үш кітаппен аяқталуы тиіс еді. Бірақ 1949-1953 жылдар арасында біржақты сындар пайда болды. КПСС Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.Поликарпов: «Егерде бәрі де «Абай» романында суреттелгендей болса, онда қазақтар коммунизмнен баяғыда өтіп кетіпті, оларға Кеңес өкіметін орнатып керегі жоқ көрінеді»,– деген сын айтты. Мұндай сындардың басында КПСС орталық комитетінің Суслов бастатқан хатшылары, «Правданың» Қазақсьтандағы меншікті тілшісі Черниченко және қазақтан шыққан С.Бәйішев, С.Нұрышев секілді белсенділер тұр еді. Бұл сындар М.Әуезовті шырғалаңға түсіріп, 1951-1953 жылдары романға еш қатысы жоқ «Қара шығын» секілді тарауды енгізді. Соның нәтижесінде кітап төрт томға созылып, романға 1954 жылы 18 ақпан күні нүкте қойылды. Сондай-ақ осы жылдары талай жылғы сергелдеңге де нүкте қойылған еді. Сөйтіп 20 жылға созылған ізденіс қазақ рухнаияты үшін табысты аяқталды. Биыл алғашқы кітабының баспадан шыққанына 70 жыл толып отырған «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ руханиятын әлемдік деңгейге көтерген ұлы шығарма. Жетелі ұрпақ жетпіс жыл жұртын сүйіндірген сұлу сөздің роман-эпопеяның жетпіс жылдығын ғана емес, жеті жүз жылдығын да салтанатпен атап өтетініне кәміл сенемін.

Сұхбаттасқан Сабина Зәкіржанқызы

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет