Халық қалаулылары әкімдердің есебін тыңдап қайтты



Дата11.06.2016
өлшемі44.94 Kb.
#128831
Халық қалаулылары әкімдердің есебін тыңдап қайтты

Бұрынғы Семей сынақ полигонының дәл іргесіндегі Абыралы өңіріне қолдау қажет. Сан жылдар бойы атом аждаһасының зардабын тартқан ауыл халқы бүгінде қолайлы өмір сүруге қажет талай дүниеден қағылып отыр. Шалғай елді мекендер қалаға тозығы жеткен жолмен қатынап, таза ауыз судан таршылық көруде. Медицина мәселесі де мәз емес. Өңір тұрғындары көкейде күйік боп жүрген сан сауалдарын ауыл әкімдерінің халық алдындағы есебі барысында облыстық мәслихат депутаты Құрманбай Марат Серікжанұлымен бірге өңірден сайланған қалалық мәслихат депутаты Тастекеев Бейсенғазы Мәлікұлы және Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінң басшысы Берік Көпбаевтардың алдында көтерді.

Халық қалаулылары осы Абыралы өңіріндегі Алғабас және Қараөлең ауылдық округтерінің халқымен бетпе-бет жүздесіп ауыл болашағы жайлы сөз етті.

Алғабас ауылдық округінің қайта сайланған әкімі Шегебей Несіпбаевтың айтуынша ауыл халқы тұрақты, ауылдан үй алуға кезекте тұрғандардың саны көп, мектепте білім алып отырған балалардың да саны жылдан-жылға артуда. Бірақта, 1989 жылы ірге тасы қаланған Быхин атындағы жалпы білім беретін орта мектеп 300 оқушыға арналып ірге тасы қаланғаннан бергі уақыт аралығында ғимаратқа ешқандай жөндеу жұмыстары жасалынбаған көрінеді.

Бүгінгі күнде екі ауысыммен 197 оқушы білім алып отырған осы білім ордасының үшінші қабаты толықтай тоқтатылып, жабылып қойылған. Өйткені, жаңбырлы күні төбесінен су ақса, қыстың аязды күндері қар түсіп, мектептің ішін оданда суытып жіберетін көрінеді. Үшінші қабат жабық тұрған күннің өзінде мектептің іші қыс айларында 12-13 градустан жоғарламайды. Өйткені, қазандықтың мектептен 183 метр қашықтықта орналасқаны тағы бар. Жылу ашық жатқан құбырмен білім ошағына келгенше салқындап қалса, оның үстіне мектептің есік-терезелерінің барлығы ескі.

Алғабас ауылына қосылған электр желісіде әлсіз, 35 к.вт – пен ғана келіп тарауда. Электр желілеріне күш түскен уақытта жалпы ауылда жарық өшсе, мектеп ғимаратына беріліп отырған жылу мен жарық тоқтап қалады. Сондықтан, мектептің өзіне жарық өшкен уақытта тоқ беретін жеке генератор міндетті түрде қажет болып отыр - дейді ауыл әкімі. Өйткені, Абай ауданына қарайтын жарықты реттеу орталығы қызметкерлерінің жарықты қалыпқа келтірулері үшін апталап күндер өтеді. Ол уақыт аралығында мектепке және әкімдік ғимаратына жылу беріп отырған қазандық қатып қалып біршама әуреге салады.

Алғабас ауылындағы халық ауылда клуб үйі ашылса дейді. Ауылда түрлі деңгейде іс-шаралар өткізетін өнерпаздарымыз бар бірақ, арнайы орынның жоқтығы жанға батып отырған көрінеді.

Бұл ауылда көтеріліп отырғын мәселелердің барлығымен қанық екендігін айтқан облыс мәслихатының депутаты Марат Құрманбай өткен облыстық сессияда арнайы осы ауылдың басты мәселелері жайлы сөз қозғағандығын жеткізді.

- Бұл ауылдың тұрақтылығы, жылдан-жылға халық санының өсуі қуантарлық жағдай. Халықтың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысып отырғандықтан болар, ауыл тұрақты, мектеп балаларының саны да жақсы. Мен осы өңірден депутат болып сайланғандықтан аймақтың басты мәселелерін халықтың атынан атқарушы билік алдында көтеріп, олардың жақын аралықта, сапалы жасалуын талап ету менің халық қалаулысы ретінде міндетім деп айтсам болады. Соңғы өткізілген облыстық мәслихат сессиясында мен осы ауылды нағыз «Тірек» бағдарламасына кіргізетін ауыл екендігін айттым және Быхин атындағы жалпы білім беретін орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтеріп, Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы А.Нұрғазиев мырзаға арнайы хат қалдырдым. Онда осы аталған мектептің бос қалған үшінші қабатын іске қосып, мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мектеп жанынан жеке қазандық салу мәселелерін және мектеп басшылығының сұрауы бойынша жарық өшкен уақытта электр қуатын беретін генератор алуға қаражат қарастырып беруін сұраған болатынмын. Енді бүгінгі және алда көтерілген мәселелер барысында мықтылап жұмыстар атқаратын боламыз. Ол үшін ауыл әкімі осындай өзекті мәселелерді біздердің, халық қалаулыларының алдында көтеріп, бірлесе жұмыстар атқарар болса алынбайтын қамал жоқ деп білемін – деді Марат Серікжанұлы.

Бұрынғы Абыралы ауданының орталығы болған Қайнар елді-мекенінде яғни, Қараөлең ауылдық округіне жаңадан сайланған ауыл әкімі Сағынғали Қапақовтың халық алдындағы есебін тыңдау барысында және қосымша туындаған мәселелер бойынша да алдағы күндері тиісті жұмыстар атқарылатындығын жеткізді.

Қаладан 300 шақырым қашықтықта жатса да, қала маңындағы ауылдар болып есептелетін бұл елді-мекендердің қаламен арадағы жолының сапасының өте төмендігі көпшілігімізге аян. Ауыл әкімі есебін тыңдауға келген ауыл тұрғындарының сұрайтыны да осы қаламен арадағы жол мәселесі және таза ауыз су басты назарда екендігін айтуда.

Ал, Марат Серікжанұлының айтуынша;

- Автомобиль жолдары комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық департаменті басшысының хабарлауынша, 2014 жылы «Семей-Қайнар» тасжолының 120 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат жасалып, алдағы жылы жөндеу жұмыстары Қайнар ауылынан басталатын болды. Бұл жұмыстар үшін, яғни жолдың бастапқы уақытта 30 шақырымын жөндеуге республикалық бюджеттен 255,0 млн. теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, жол бойында қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және жолдың техникалық деңгейін қалыпты ұстауы бойынша да жұмыстар жалғаса береді. Ойық-шұңқырларды жөндеу және жол бойы су шайған жол жиектерін қалпына келтіруге, күтіп ұстау жұмыстары тарапынан 30-40 млн. теңге және «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамының ағымдағы жөндеу бойынша берген тапсырыстары орындалса қосымша 50-60 млн. теңге бөлінеді. Біздің ұсынысымыз, Семей-Қайнар тасжолының 120 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жасалған жобалық-сметалық құжат негізінде жолдың 30 шақырымын емес, 60 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жасауды сұрап отырмыз. Онымен қоса, тасжолды жөндеу жұмыстары сапалы, әрі аз уақытта жасалуы үшін, үш немесе одан да көп мердігер мамандарға арнайы келесімдер арқылы берілсе дейміз.

Қайнар ауылындағы С.Бегалин атындағы орта мектептің білім беру сапасының да төмендеп кеткендігін жергілікті ата-аналар комитеті айтып отыр. Өйткені, соңғы 3-4 жылда мектепте білім алып отырған балалардың оқу үлгерімдері мен тәртібі төмендеп кеткендіктен, ауыл тұрғындарының көпшілігі балаларын Семей қаласынан оқытып отыр. Ауылда жылдан өткен сайын оқушы саны да азайып барады, мұның барлығы мектеп басшылығының дұрыс жұмыс жасамағандығынан дейді ата-аналар.



Сол себептен, халық қалаулыларынан осы мәселеге де көңіл бөліп, мектеп басшысының өз жұмысын нақты әрі, дұрыс атқаруын талап етуді сұрады.

Қалалық мәслихаттың депутаты Бейсенғазы Мәлікұлының айтуынша бүгінгі және алдағы уақыттарда көтерілген түрлі мәселелер бойынша тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Әсіресе, таза ауыз су және тасжолды жөндеу жұмыстарын басты назарда ұстайтындығын жеткізді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет