Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының Бас Хатшысына бес сұрақ Ханс-Хорст Конколевскимен сұхбат



Дата07.07.2016
өлшемі107 Kb.
#183010

Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының

Бас Хатшысына бес сұрақ

Ханс-Хорст Конколевскимен сұхбат
1-с. Конколевски мырза, Сіз 2005 жылдан бастап Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының (ХӘҚҚ) Бас хатшысысыз. ХӘҚҚ негізгі мақсаттары мен міндеттері және ағымдағы басымдықтары туралы айтып берсеңіз

БХ: ХӘҚҚ – әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерімен шұғылданатын, ұлттық әкімшіліктер мен агенттіктерді біріктіретін халықаралық жетекші ұйым. 1927 жылы құрылған, ертеден келе жатқан халықаралық ұйымдардың бірі бола отырып, қазіргі уақытта оның құрамында әлемнің 159 елінен 340 аса қатысушы бар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі; Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бар.

Біздің негізгі мақсатымыз – әлеуметтік әділеттілік негізінде халықтың тұрмыс тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамыту мақсатында барлық елдердегі әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіру және дамыту. Бұл барлық өңірлердегі әлеуметтік қамсыздандырудың аясын кеңейтуді қолдауға және одан әрі дамытуға бағытталған біздің жалпы жұмысымыздың негізі. Біз ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға қызмет ететін, тиімді және қолданыста болатын әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қабылдау үшін әкімшілендіру саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибелерді қолдануға назар аударамыз.

Біздің Қауымдастық «Қарқынды Әлеуметтік Қамсыздандыру» деп аталатын жаһандық деңгейдегі жаңа концепцияны әзірлеп, жүзеге асыруда. Бұған әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік қатерлердің алдын алуды көтермелейтін, әлеуметтік төлем алушылардың құқықтарының сақталуын қолдайтын, және әлемдегі барлық елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын қол жетімді және тұрақты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың белсенді және инновациялық тәсілдері кіреді.

Әлеуметтік қамсыздандырудың қарқынды бағдарламаларының табысты қызмет жасауы әкімшілендіруді дұрыс жүргізуге байланысты болатындықтан, біз таяуда әлеуметтік қамсыздандырудың әкімшілері үшін халықаралық танылған бірқатар кәсіби басшылықты жасап жарияладық.


2-С. Конколевски мырза, бүгінгі күнгі әлеуметтік қамсыздандыру дегеніміз не?

БХ: Адамзат тарихының барлық кезеңінде адамдарды әлеуметтік қорғау басты мәселелердің бірі болып келеді. Отбасылық көмектен қоғамдық ынтымақтастыққа дейін жалғасқан мұндай эволюция адамзаттың осындай жетістіктерге жетуі үшін аз еңбектенбегенін көрсетеді. Бүгінде, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі заманауи қоғамның ажырамас бөлігі болып отыр.

Кәсіби тілмен айтқанда әлеуметтік қамсыздандыру – адамдардың күтпеген оқиғаларға (әлеуметтік қатерлерден) асыраушысынан айырылуы, еңбекке қабілетсіздігі, өндірістік жарақаттар, мүгедектік, кәрілік немесе жұмыссыздыққа ұшыраған жағдайына нақты бір табыс деңгейіне кепілдік беретін, заңмен белгіленген әлеуметтік қорғау бағдарламасы. Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыруға ананы, балалы отбасыларды қорғау және медициналық қызмет көрсету де кіреді.

Егер кең ауқымды түрде айтатын болсақ, ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандыруды қоғамның мүшесі ретіндегі адамның негізге алынатын құқығы және БҰҰ «Адам құқығы жөніндегі жалпыға бірдей декларациясының» 22-бабымен бекітілген өткен ғасырдағы әлемдік әлеуметтік жетістіктердің бірі деп есептейді.

Тәжірибе жүзінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің түрлері мен міндеттері әлем бойынша біршама өзгеріп тұрады, және тарихи, экономикалық және мәдени контекске, сонымен қатар әрбір елдің саяси таңдауына байланысты болады. Соған қарамастан, әлеуметтік қамсыздандыру барлық өңірлерде де даму үстінде және адамдар әрбір мемлекеттің құрылымы мен ресурстарына сәйкес ұлттық әлеуметтік қорғау жүйесінен қолдау алады.
3-С. Бас хатшы мырза, бүгінгі күнгі әлеуметтік қамсыздандырудың рөлі қандай және оның алдында қандай мәселелер тұр?

БХ: Табыс алуға кепілдіктермен қоса, қазіргі заманғы әлеуметтік қамсыздандыру адамдардың денсаулығын қорғауды, қатерлердің алдын-алуды инвестициялайды, жұмысқа тұруға және адамдардың мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі.

Сонымен қатар, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі экономиканың негізгі бір бөлігін де білдіреді: мысалы, ЭЫДҰ мемлекеттерінде мемлекеттік әлеуметтік шығындар орта есеппен ЖІӨ 22 пайызын құрайды және бұл сан одан әрі артуда. Бірақ, біз әлеуметтік қамсыздандыруды тек шығын деп қарастырмауымыз керек, керісінше әлеуметтік қорғауға жұмсалатын бұл шығындар адам капиталы мен елдің дамуына инвестиция болып есептеледі, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы мен экономикалық дамудың басты факторлары болып табылады.

ХӘҚҚ әлеуметтік қамсыздандырумен тығыз байланыста жұмыс істеу экономикалық өсімнің катализаторы ғана емес, сонымен бірге қазіргі заманғы қоғамдағы көптеген салаларға қатысты инновацияның көзі болып табылатын озық тәжірибелерді де жинақтады.

Әрине, әлеуметтік қамсыздандыру жеке дара жұмыс істей алмайды. Ол сыртқы факторларға байланысты болады, сондықтан олар негізінен жаһандық экономикалық және әлеуметтік тенденцияларға байланысты мәселелермен үнемі түйісіп отырады.

Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен тығыз байланыстағы еңбек нарығы өзгеріп отырады. Кейбір өңірлерде кейінгі жылдары формальды емес секторда жұмыс жасайтын халықтың үлесінің артуы байқалуда. Көптеген елдер үшін әсіресе, экономикалық және қаржылық дағдарысқа байланысты жастар жұмыссыздығы басты мәселе болып отыр. Бұл жағдай болашақта одан әрі ушығуы мүмкін.

Келесі мәселе денсаулық сақтау саласындағы жаңа мәселелерге байланысты. Халықтың өмір сүру салтының өзгеруіне байланысты қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты жұқпалы емес аурулардың артуынан денсаулық сақтау жүйесі мен мүгедектерді қамтамасыз ету жүйелеріне талаптар артуда.

Барлық өңірлерге қатысты аса маңызды сыртқы проблемалар халықтың қартаюы, туудың төмендеуі және отбасы құрамының өзгеруі сияқты ұзақ мерзімді демографиялық тенденцияларға да байланысты болуы мүмкін. Өмір сүру ұзақтығының жақсаруы мен медициналық қызмет көрсетуді жақсартудың тығыз байланысы зейнетақы мен жәрдемақыны тұрақты қаржыландыруға қатысты күрделі мәселелерді қозғайды.

Әлеуметтік қамсыздандыруға әсер ететін, оның ішінде дауыл, су басу, цунами сияқты табиғат апаттарына және техногендік апаттардан туындайтын басқа да мәселелер бар.

Мысалы, бес миллионға жуық адамның тағдырына, оның ішінде Беларусь, Ресей және Украина елдеріне әсер еткен, медициналық, экологиялық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді туындатқан 1986 жылғы Чернобыль апаты. Нәтижесінде, бұл елдерде заңды түрде қосымша әлеуметтік және зейнеттік қолдау бағдарламалары пайда болды. Бұл бағдарламалардың негізгі әкімшілері әлеуметтік қамсыздандыру органдары болып табылады. Қазақстан да кеңес кезіндегі ядролық сынақтардан зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау көрсететінін мен білемін.

Қаржылық-экономикалық дағдарыс әлемдегі барлық адамдар мен халық үшін бұрын болып көрмеген қиыншылықтар туғызды, әлеуметтік қамсыздандыруға көптеген ауыртпашылықтар әкелді. Бұл жағдай әлеуметтік қамсыздандыру әкімшілігінен азаматтарға жеңілдіктер мен қызметтер көрсетуде үнемі дамуды, басқаруды жақсарту мен жаңартуды, және ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану мен басқару тәсілдерін жаңғыртуды талап етеді.
4-С: Бас Хатшы мырза, Қазақстанда да өзінің әлеуметтік қорғау жүйесі құрылуда. Біздің еліміздегі әлеуметтік қамсыздандыруды Сіз қалай бағалайсыз және қандай халықаралық тәжірибелерді бізде қолданған дұрыс деп ойлайсыз?

БХ: Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін, осыдан 23 жыл бұрын ТМД елдерінің ұлттық әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйелері реформаның қиын кезеңдерін басынан өткерді. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде құрамына әлеуметтік қамсыздандырудың жеке шоттарымен міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен барлық халықты әлеуметтік қорғау шаралары кіретін бірегей моделі бар өңірлік көшбасшыға айналды. Мұндай тәжірибені ХӘҚҚ көптеген мүше-елдерінің де алғаны дұрыс деп ойлаймын.

Егер сіздердегі жүйенің қалыптасуына келетін болсақ, онда ең алдымен біз 1998 жылы енгізілген жеке басқарудағы жинақтаушы зейнетақы жүйесін еске аламыз. Көптеген сарапшылардың пікірінше, мұндай реформа мемлекет барлығына жауап берген кеңестік патерналистік модельден, адам бірқатар әлеуметтік тәуекелдерге жеке өзі міндетті және толықтай жауапты болатын жүйеге бірден өтуді білдірді. Соған қарамастан, бірнеше жылдан кейін, халықты әлеуметтік қамсыздандыруды қаржылық нарықтың талқысына салып қоюға болмайтыны түсінікті болды.

Нәтижесінде, осыдан он жыл бұрын халықтың аса әлсіз тобының әлеуметтік қорғалуына кепілдікті арттыру мақсатында мүгедектікті, асыраушысынан айырылуын, жұмыссыздықты және аналықты қорғайтын Қазақстанның Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры құрылды.

Менің есімде, әлеуметтік қамсыздандыруда мемлекеттің рөлі арттырылатын, міндетті әлеуметтік сақтандырудың енгізілуіне байланысты 2004 жылы осы маңызды реформаны ХӘҚҚ қолдаған болатын. ХӘҚҚ мүше ұйымдар, әсіресе Латын Америкасы осы және басқа да тәжірибелерді зерттей келе өздерінің ұлттық бағдарламаларында ынтымақтастық принципін нығайта бастады.

Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан Үкіметін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының құрылғанына 10 жыл толуымен, Қордың Президенті Құрманов Алмас Мұхаметкәрімұлын біздің Қауымдастықтың басшы органы болып табылатын ХӘҚҚ Бюро мүшесі болып сайлануымен құттықтаймын.

Сонымен қатар сіздердің елдегі зерттеулер мен жетілдірілулер де қазіргі заманғы әлеуметтік қамсыздандыруға өз пайдасын тигізді.

Жоғарыда атап өткенімдей ХӘҚҚ қарқынды әлеуметтік қамсыздандыру концепциясы маңызды компоненттері алдын алу және сақтандыру тәсілдері болып табылатын, проактивті тәсілге негізделеді. Және де әсіресе, сіздің ел денсаулықты сақтау үшін алдын алу шараларын бағалайтын халықаралық алаң болып отыр. Мұны мен денсаулық сақтау саласындағы барлық адамдардың денсаулығын қорғау бағдарламасын дамытуға және нығайтуға үндейтін 1978 жылғы Бүкіләлемдік Денсаулық Сақтау Ұйымының Алматы декларациясына сүйеніп айтып отырмын. Декларация аурудың алдын алу принципіне негізделген алғашқы денсаулық сақтаудың маңыздылығын нақтылайтын бірінші халықаралық міндеттеме болды. Мен бұл принципті әлеуметтік қамсыздандырудың барлық саласында да маңызды деп есептеймін.

Қазақстан үшін әлеуметтік қорғау жүйесін одан әрі нығайтуға қатысты менің кеңесіме келетін болсақ, мен сіздерге өзара көмек қоғамдарының халықаралық тәжірибелеріне назар аударғандарыңыз жөн дер едім. Бұл бағдарламалар еңбек-мигранттары, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, үй және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері сияқты халықтың қиын топтарын қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде өзара көмек қоғамы әсіресе, Батыс Еуропа елдерінде табысты қызмет жасауда, сонымен қатар Азия, Африка және Латын Америкасы елдерінде ең алдымен, денсаулықты сақтаудың қосымша бағдарламасын ұсынудың қарқынды құралы ретінде қолданылуда.

Мен сонымен қатар білім беру бағдарламалары арқылы ерте жастан әлеуметтік қамсыздандыру мәдениетін қалыптастыруды ынталандыруға көңіл бөлуге назар аударуды ұсынар едім. Бұл әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне тұрақтылық беретін еңбек қызметі кезінде жауапкершілікті ынталандырудың және салауатты өмір салтын қалыптастырудың тиімді тәсілі. Кейбір алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерді Уругвайдан және Канададан алуға болады.


5-с. Бас хатшы мырза, 2013 жылдың аяғында ХӘҚҚ Катарда Доха қаласында Әлеуметтік қамсыздандырудың Бүкіләлемдік (ӘҚБФ) үшінші Форумын өткізді. Осы ірі шараның әлемдік қауымдастыққа қандай басты «жолдауы» болды?

БХ: ӘҚБФ әлеуметтік қамсыздандыру үшін және ХӘҚҚ үшін де ерекше оқиға болды, және осы Форумдағы екі негізгі қорытындыны атап өткім келеді.

Форумның басты және әсерлі сәті ол әлеуметтік қамсыздандырудағы басқару стандарттарын арттыру бойынша ХӘҚҚ Орталығын ашу – жұмыс өнімділігі мен қызмет көрсету сапасын арттыруға жағдай жасау бойынша бірқатар қосымша қызметтермен бірге кәсіби стандарттарды ұсыну біздің ірі стратегиялық бастамамыз болды.

Форумда тиімді әлеуметтік қамсыздандыру үшін негіз ретінде сапалы әкімшілендірудің маңыздылығы аталды және ХӘҚҚ барлық елдердегі әлеуметтік қамсыздандыруды жетілдіруді және дамытуды ұсынатын кәсіби мамандар қауымдастығы екенін тағы да дәлелдеді.

Сонымен қатар Форум барлық адамдарды теңбе-тең әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету қажеттігі туралы және алдын алу, мадақтау және ынталандыру негізінде әлеуметтік қамсыздандыру туралы артып келе жатқан саяси келісім жағдайында әлеуметтік қорғаудың түрлері мен міндеттерін қозғайтын «парадигмалар қозғалысы» да болды. Сондай-ақ Форум әлеуметтік қамсыздандырудың елдің экономикасына ауыртпашылық емес, керісінше адам капиталын инвестициялау болып табылатынан атап өтті. Форумға қатысушылар барлық адамдар үшін тиісінше әлеуметтік қамсыздандыру жасамай заманауи қоғам құру мүмкін еместігін тағы да дәлелдеді.

Әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламаларында өзгерістер болуы да мүмкін. Көптеген елдерде экономикалық дағдарыс әлеуметтік қорғау түрлерінің қысқаруына және қайта құрылуына әкеліп соқтыруда, тұтастай алғанда тарихта әлеуметтік қамсыздандырудың кең ауқымды қанат жаюы байқалады. Миллиондаған адамдар, Бразилияда, Қытайда, Оңтүстік Африкада және Индияда және тағы да басқа экономикасы дамушы елдерде зейнетақыға, денсаулық сақтауға және әлеуметтік қамсыздандырудың басқа да базалық түрлеріне қол жеткізуде.



Форум осы күрделі де ауыспалы жағдайды көрсетті, бірақ мен сіздермен бөліскелі отырған басты жолдау – бұл нақты оптимизмнің жолдауы, бүгінде әлеуметтік қамсыздандырудың әкімшілері халыққа, қоғамға және экономикаға сіңірген өз еңбектерінің нәтижесін көріп қана қоймай, оларға әсер ете алатындықтарын да көрсетті. Бізге қазіргі және болашақ ұрпақ үшін әлеуметтік қамсыздандыруды дамытуға және жетілдіруға ұмтылу қажет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет