Халықтың ықыласы – алған сыйы немесе «Қазақтың Пришвині» атанған қаламгер туралы ой-толғам



Дата09.06.2016
өлшемі152.28 Kb.
#124237
Халықтың ықыласы – алған сыйы... немесе «Қазақтың Пришвині» атанған қаламгер туралы ой-толғам
Қаламгерлікті жұрттың назарын аударатын жылтырағым, уақытша алданыш қылатын ермегім деп емес, ғұмырлық қарекетім, тағдырым деп санайтын дарынды жандардың біріне даңқ ерте келсе, енді біріне мезгілінде серіктесіп, ал үшіншісіне тым кештетіп жетеді. Өнерді фәнилік алданыш қып, атағы шыққанға масаттанғандар үшін мезгіл өте даңқ дегені дақпырт болып шығып жататыны да белгілі. Қалай десек те, өнердің қаншалықты өміршең екендігіне, даңқтың қаншалықты баянды екендігіне қатал сыншы – Уақыт. Бүгін біз мерейтойын атап өткелі отырған Әуезхан аға кезінде шырайлы шығармалары үшін әділ бағасын алып отырса да, өзіне шақ абырой-атақтан кенде болмаса да, аз күнгі даңқ пен дақпыртқа қызықпай, даңғазасыз және дабырасыз-ақ мазмұнды тірлік кешкен жан.

Бұл ретте мен оны сексеннен асқан шағында жәндіктануда ашқан жаңалығы айдай әлемге белгілі болып, журналис­тер интервью алуға келгенде бас тартып, қояр да қоймаған соң жаңбырша жауған сұрақтарға жауап беріп отырып: “Лувр архитектурасына қарағанда ұлудың қабыршағы әлде қайда мазмұнға бай!”– деп дүйім жұртты таңғалдырған француздың энтомолог ғалымы Жан Анри Фабрға ұқсатамын. Тұла бойы тұнған сабырдың бір үлгісіндей болған Әукең үшін де дүниеде алдындағы ала қағазынан, сол “Алланың мың да бір атымен” аталған жыр-параққа, сыр-параққа араб һарпімен түскен ирек-ирек жазулардан мазмұнды ештеңе жоқ. Әукең үшін Арқа өңірінен сұлу жер жоқ, күй өнерінен асқан өнер жоқ, саяткерліктен озық салт жоқ. Сондықтан да қаламгер Көшімов шығармашылығының үш діңгегі – КҮЙТАНУ, САЯТТАНУ, ТАҒДЫРТАНУ. Жазушы өз оқыр­мандарына күй арқылы халқымыздың шежіресін, саят арқылы атамекеніміздің табиғатын, тағдыр арқылы адамды таныс­тыруға ден қояды.


Бар айыбы – еңбегін бұлдауды, өзін-өзі насихаттауды білмегенімен, шығар­машылық жұмысына қатаң талап қойып, ақыл-санасы мен жүрегінен туған дүниені бағбандай ұзақ баптап, шикілі-пісілі қал­пында емес, әбден пісіп жетілген күйінде ұсына білді. Ақын, әрі жазушы Әуезхан Көшімовтің саналы өмірінің аттай жарты ғасыры өлең-жырға, толғау-дастанға, әң­гіме-хикаяға арналған. Жүгірген аң, ұшқан құстың тілін білген сахара табиғатының жыр­шысы, халқымыздың күй секілді киелі де асыл өнерінің білгірі жазған шығармалар өз оқырмандарын тауып үлгерген.

Әукеңнің өмірбаяны қысқа да нұсқа. Болашақ жазушы 1911 жылы желтоқсан айы­ның 15-ші жұлдызы күні Жезқазған облысы Шет ауданының №3 аулында дүниеге келді. Әкесі Көшім – Меккеге барып қажы болған адам. Бүркіт ұстап, тазы жүгірткен де жан. Ит жүгіртіп, құс салуға, ат жаратып, аң аулауға әуестік жас Әуезханға сол кісіден дарыған десе де болады. Оның үстіне Арқа өңірі қашаннан аңшы, бүркітші, домбырашы, күйші елі ғой. Әуезхан да бала жастан саяткерлік пен құсбегілікке, күй өнеріне ден қойды.


Әкесі де, шешесі де өмірден ерте қайт­қан Әуезхан жетімдікті, жалғызілікті бастан молынан кешіп, тағдырдың тауқыметін бір адамдай көріп өседі. Көшпелі жұртты оты­рықшылыққа күштеп көндіріп, есі шыққан елді кәмпескемен, коллективтендірумен бө­ріктірген 1928-1929 жылдары “Меккеге барған қажының баласы” деп көп жылдар бойы соңына шырақ алып түскен қуғын-сүргінге қарамай, өнер-білімге талпынған жас Ташкенттегі қазақ мектебінде, одан соң алғаш ашылған бетте Қазақ мемлекеттік университетінде оқыды. Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сияқты қазақтың озық зиялыларынан дәріс алды. Бір-екі жылдан соң бұл оқу орнын жауып тастайды да, кейін соның негізінде Абай атындағы Қазақ педагогика институты құрылады. Осында жүргенде ол қазақ зиялыларының маңдайалдыларының бірі – ақын, публицист Міржақып Дулатовтың немере інісі Зұл­қарнаймен дос-жар болады.

Отызыншы жылдардың басында Алматы облыстық әскери комиссарының кө­мекшісі болып бір жыл істеді, одан соң өл­келік әскери округінің “Қызыл әскер” газетіне ауысты. Сол жылдары Ахмет Байтұрсынов, Санжар Аспандияров сияқты қазақтың ілкі зиялыларының алдынан өтіп, өзіне үлгі-өнеге тұтты. Сауабы мен зауалы көп оты­зыншы жылдардың ортасынан бері қарай өлең жазуды машық ете бастаған Әуез­хан Көшімов 1940 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. Жиырмасын­шы жылдардағы зоба­лаңнан кейін елдің есін жиғызбай сұрапыл соғыс жүріп жат­қан 1942-1945 жылдары Қарағанды облыстық радио комитетінде бас редактор, 1945-1946 жылдары рес­публикалық радиокомитетте бас редак­тор, 1946-1955 жылдары Қазақстан Жазу­шылар одағының Қарағанды облы­сын­дағы өкілі, 1956-1958 жылдары Алматы об­лыстық радиокомитетінде бас редактор қызметтерін атқарды. Содан кейін бірыңғай шығармашылық жұмысқа көшті.


Осы жылдар легінің ішінде мына бір-екі жыл Әукең есінде мәңгі ұмытылмастай болып айрықша сақталыпты. Әукең Қара­ғандыда ақындар айтысын алғашқы ұйым­дастырушылардың бірі ретінде лайықты аталды. Ол былай болған еді. Соғыстың беті қайтқан кезде, яки 1943 жылы сөз зер­гері Ғабит Мүсіреповтің Қарағандыға келіп, “Оянған өлке” романын жазып жүрген кезітін.

– Облыстық партия комитетінің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Әмір Қанапинге барсам, – деп, еске алды қарт қаламгер 1991 жылы, – Ғабит, әдебиетші-журналист Алдажар Теміржанов отыр. Алдажар жергілікті ақындар Қайып Айнабеков пен Ілияс Манкин жазған екеуара айтысының мәтінін оқыды. Ғабең екеу­мізге ілтипат білдіре қарап: “Жап-жақсы екен. Екеуің де ақынсыңдар, жазыңдар, қо­сыңдар”. Жазушы ағамыздың айтқанын екі етпедік. Айтысты үстінен өңдеп жаздық, жетпей жатқан жерлеріне қостық. Айтыс­ты “Киров” шахтасында өткіздік. Қайып әндетіп айтты, Ілияс мәнерлеп оқып айтты. Айтыскер ақынның бірі №18 шахтаның, екіншісі №20 шахтаның атынан шығып сөз сайысына түсті. Бұдан кейін екі трестің, Қарағанды – Балқаш қалаларының айтысын ұйымдастырдық. Ақыры бұл 1944 жылғы қаңтар айында Алматыда өткен өлкелік айтысқа ұласты. Үш жұп болып, 6 облыстың айтыскерлері суырып салма ақындық өнерін астана жұртшылығының назарына ұсынды. Өте қызық болып өткен Қарағанды мен Семей қалаларының айтысын көпшілікпен бірге Қаныш Сәтбаев, Күләш Бәйсейітова, Жүсіпбек Елебеков тамашалады. Біздің жігіттер елді қыран-топан күлкіге батырған сөз тапқырлығымен басым түсті.

Қаршадайынан өлең-жырларға қанық Әуезхан әуелде қысқа-қайырым өлең шы­ға­рып, бастапқы кезде ондай уақ-түйек дүниелерін пысықтық жасап, тасқа бас­тыруға асыға қоймаған, тіпті оны ескермеген де. Қалай дегенмен де ол кезде бұқпантай жас ақындардың ішінен тәуір дегендерін іріктеп алып, батылы жетіп, жүрегі дауалап баспасөз бетінде ұсынған тырнақалды туындысы – 1935 жылы өлкелік әскери газетінде жарияланған “Құлагер” атты поэмасы. Бір ғажабы, тағдыры қызық бұл туынды жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіров­тің “Құлагер” поэмасынан бір жыл бұрын жарық көрген. Қарт қаламгер аталмыш дүниесі латын әрпімен терілген газет қиынды­сын көрсетті. Поэманың бұрышында Әукеңнің сол уақыттан бергі досы, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың “Жақсы. “Құлагер” деген атын өзгертсе деймін. Қасым” деп көкшіл сиямен жазған қолтаңбасы бар. Де­генмен Әукең бұған келіспеген. Содан қырық алты жыл өткен соң, 1981 жылы желтоқсанның 9, 10, 11-і күндері “Орталық Қазақстан” газетіне қайта бастырды. “Ақан серінің Құлагері жайында тұңғыш жария­ланған көлемді жыр-дастан менікі болса керек… Оқиға желісі мен жазылу мәнері жағынан ешкім дау айта алмайды”, деп сеніммен жазды.

Міне, сол поэмадан үзінді оқып көрейік:

– “Тұлғасы Құлагердің сондай керім,

Салпиған саптаяқтай астыңғы ерін.

Ой желке, бөрі кеуде, бұлан тірсек,

Көргенде көз тояды жақпар жонын.


Жалаңбас, құлан жалдас, құлжа құлақ,

Кетпендей төңкерілген құйма тұяқ.

Найзаның желегіндей кекілі бар,

Кердеңдеп жиын көрсе, басқан алшақ.

Қызу жоқ Құлагерде жүргенде жай,

Бәйге деп топты жара шыққанда айқай.

Жасаурап бота көзі – айда – деген, –

Неғұрлым болса жақсы жерім шалғай.

Жалпы елге Құлагердің сыры мәлім,

Жүрмейді айдағанға жайып жалын.

Жеткенше қайтар жерге керенаулап,

Артында шоқып келген қолдың қалың.

Дегенде – ал, қайтыңдар түйдек-түйдек,

Жүйріктер құйындатса желдей гулеп.

Құлагер құла түзде қалып қойған,

Үстіне мінген бала ұрған шулеп.

Тау асып, белді басып салған сайын,

Тер шашып, еті қызып алған сайын,

Құлагер еркін сермеп самғай түскен,

Беліне қанат байлап алғандайын.

Күн ыстық өр бәйгіде таңдай қатқан,

Сауырын сонда ғана көбік жапқан.

Құлагер қарақшыны көрген шақта,

Сағымдай сырғып өткен алдыңғы

аттан!”


Екі ақынға да дөп келген ортақ оқиға мен тақырыпты жеткізуге Әуезхан Көшімовтің өз концепциясы (тұжырымдамасы) бар. Қалай дегенмен де, Әукең өзінің шығармашылық қолтаңбасына сай Құлагерге кәнігі атбегі көзімен қарайды. Ал әлеуметтік астарына әріптес ағасындай сонша тереңдеп бар­майды. Меніңше, бұл даусыз жақсы шығарма жыр дүлдүлі Ілияс жазған поэма-симфонияның увертюрасы сияқты. Жан­сүгіров поэма желісін зұлымдық пен ізгі­лік, сұлулық пен сұрқайылық, қара күш пен өнер арасындағы мәңгі бітіспес күрес та­қы­рыбында құрып, арқалы да адуынды ақын­дық рухпен ширықтырып жіберген. Сондықтан да Ілиястың дара бітімді дастаны Тиранияға қарсы жыр тілімен жазылған Айыптау актісі болып шыққан. Әрине, сондай тұлғалы туындының көркем бітімді, сабырлы да биязы сыңарын жазу үшін де лайықты дарын керек екені анық.
– Қазақтың шежіресі – оның күйінде, – дейді Әукең. Осы бірегей де өміршең тақырыпқа ақын бірқатар поэмалар мен дастандар жазды. Атап айтқанда, 1961 жылы ақынның “Күй сөйлейді” атты поэмалар жинағы шықты. Аталмыш жинақта “Бозайғыр”, “Ақлақ”, “Кең толғау”, “Күй сөй­лейді” деген төрт бірдей туындысы топ­тастырылған. Осы кітапқа жазған аннотациясында поэзияның асылы мен жасығын айыра білген тарланбоз ақындарымыздың бірі Тұманбай Молдағалиев: “Көшімов Әуезханның “Күй сөйлейді” атты бұл кіта­бына автордың соңғы жылдары жазыл­ған төрт поэмасы кірді. Поэмалардың басты геройы – халық өнері, домбыра, одан төгілген күй сазы.
Күй арқылы автор оқушыларының алдына жанды сурет, тамаша адамдарды тартады. Поэмалардың тілі көркем. Қазақтың қашанғы қара өлеңі жаңбырдай төгіліп, оқушы жанын баурап алады”, – деп әділ де лайықты бағасын берді.

Халқымыздың қасиетті өнері – күй тақырыбына жазған “Тепеңкөк” (1976 ж.) дас­танында ақын қазақ халқының он сегізінші ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы күресі, қатал кездегі ел тағдырын суреттесе, “Күй көкесі” толғауында түркі жұрттарының данасы Қорқыт бабамыз туралы баян етеді.

“Тарлан тартқан Тепеңкөк,

Сыдыра сұйық жалың бар.

Шаба алмастан тепеңдеп,

Шабандайсың жануар.


Қалың аттың арты да,

Әлдеқашан кетті ұзап.

Күн қайда төте тартуға,

Тағдырым менің қыл-тұзақ.

Таулар, белдер мың тарау,

Алдымда сансыз тосқауыл.

Қолға түссем құртады-ау,

Қоңтәжідей тас бауыр.

Жапанда жалғыз жортсам да,

Торға түскен торғаймын.

Арманға үміт артсам да,

Үгіліп кетер бордаймын.

Бір тұста болдым ханзада,

Ойлап па ем зарлап өтем деп.

Көкпарда кілең даңғаза

Көк лақ болып кетем деп.

Күн кешкен ауыр басынан,

Есіл қайда, ел қайда?

Көрмесем де жасымнан,

Атамекен жер қайда?

Айналайын, Тепеңкөк,

Арқа сүйер жалғыз дос.

Керги бермей кекеңдеп,

Шабысыңа шабыс қос,” – деп, “Ақтабан шұбырынды” кезінде жау қо­лында қалған мұңлықтың монологімен басталатын “Тепеңкөк” дастанының тілі көркем, оқиғасы қызық. Осы кітапты тауып алып оқыған әрбір оқырманның күйдің шығу тарихына әбден қанығып, кейіпкерлердің нанымды бейнелері мен тартымды іс-әре­кеттеріне қатты сүйсінетіні хақ.
Қаламгер Көшімов мейлі өлеңмен болсын, мейлі қара сөзбен болсын – қалай жазса да, нені жазса да нақтылықтан бұл­тармайды, абстракцияға ұрынбайды. Мас­штабты кеңейтемін деп шығандап кет­пейді, томаға-тұйық тар шеңбермен де шек­телмейді. Қорқыт бабамыз бен Ақан серіден бастап ел ішіндегі, қатардағы қарапайым адамдарға дейін өзінің шынайы болмысымен көрініс береді. Поэзиялық шығармалары да, прозалық шығармалары да оқиғалы. Ірілі-ұсақты оқиғаларды жалаң баяндаудан гөрі бейнелі суреттеумен жеткізеді. Содан да оның поэмалары мен повестеріндегі, өлеңдері мен әңгімелеріндегі ел суреттері, адам бейнелері нанымды да тартымды. Бұл ретте жазушы адамзаттың асқан ойшылдарының бірі Гегельдің мына бір пәлсафалық пайымдауын іс жүзінде дәлелдегендей болады. Гегель абстрактылық ойлау білімсіз, топас адамның әрекеті дегенді айтады. Әдетте абстрактылы ойлаған адам мәселеге терең үңілмейді, оның мәнін, тарихын ашып беруге ұмтылмайды. Ал, шынтуайтында қандай да болсын таным процесі нақтылыққа ұмтылады. Сондай-ақ, жазушы жалаң пафостан, лепірме патетикадан мүлдем аулақ.

Сөзіміз жалаң болмас үшін кезінде дуалы ауыздардың тәуір пікірлеріне өзек болған прозалық шығармаларына тоқ­та­лайық. Сөз қадірін білетін танымал жазу­шыларымыздың бірі – Мағзом Сүндетов Әукең шығармашылығына тоқтала келіп: “… аса кішіпейіл, ізетті ағамыз, әсіресе, жан-жануар, табиғат, саятшылық өнері хақында жазған талантты шығармалармен үлкен-кіші оқырмандарын баурап алды.

1957 жылы “Қарт мергеннің айтқандары” деген топтамасы жарық көргенде, оқырман қауымның өлең етпегені жоқ. Ол кезде сыншы, әдебиетшілерімізде қызық бір әдет болатын: шын мағынасында көркем, тартымды шығармасымен елдің ыстық ілтипатына бөленген дарын иесін орыс әдебиетінің бір классигіне теңеп, “Қазақтың Шолоховы”, “Қазақтың Твардовскийі” деп шыға келетін. 1959 жылы “Аңшының әңгімелері”, 1963 жылы “Екі бүркіт” жинағы “Жазушы” бас­пасынан жарық көріп, көпшілік Әуезхан Көшімов есіміне қанығып, әбден ден қойған шақта “Қазақтың Пришвині ғой” дегенді де талай мәрте естігенім бар.

Әрине, әдебиетте әрбір суреткердің өз орны, өз беті болғанда ғана ол нағыз жазушы. Сонда ғана ол қадірлі, құрметті. Жазушы Әуезхан Көшімовтің Пришвиннен артық та, кем де соғар жағы болуы ықтимал. Әңгіме оның сол мықты да, олқы да ерекшелігінде, өзіне ғана тән қасиетінде деген ләзім.

Қазақ халқында құсбегілік, саятшылық, бапкерлік өнері ерекше дамыған. Тіпті олардың көп жағдайда сәуегейлік білдіре жан-жануардың түр-келбетіне қарай оты­рып, келешегіне болжау айтуы тәрізді мінезін өзге әдебиеттен кездестіре алмаймыз. Міне, бұл Әуезхан Көшімов шығар­масының бір өзгеше белгісі” – деп, жоғары баға берді.
М.Сүндетовтің осы бір үзік жылы ле­бізінде Әукең кітаптарының сәл бұр­ма­ланып аталуы болмаса, тұщымды да сарабдал пікіріне шек келтіру қиын. Оған дәлел ретінде “Екі бүркіт” повесінің кейіпкері Бектемір бапкердің сыншылығын көлденең тартуға болады: “ – Бес бүркіттің, – деді Бектемір, – үшеуін таза жауып қойыңдар. Анау қара балапан мен шәулі сары шегір құсты ғана ұялмай ұстауға болады. Нұрмақ, сен шой қараға бекер қызығасың, сыртынан қомақты көрінгенімен, оның төсі қалақтай қушық, иықтары төмен, тек жалпақ, қалың қанаттарының арқасында оның кеудесі бір құшақ болып көрінеді. Анығында өзегі шіріген ағаш тәрізді, шой қарада жөнді салмақ та жоқ. Нанбасаң, оның өзінен кішірек басқа құстармен қатар қолыңа кезек қондырып байқа. Ал енді қара балапанға келсек, бұл мен көрмеген қырандардың ерекше бір тұқымы. Мұның мүшелері сайлы демесем, сыр-сипаты қандай, келешекте қалай баптау керек, мен мұны айта алмаймын. Сонан соң әрбір қырғи кескіндес, сары шегір шәулі бүркіт, мен құс танитын болсам, өзінің әлі жететін аңдарды құтқара қоймас. Шағын шәулі де болса, мұның сүйегі таза сымбатты жануар екен, көп күйттеуді керек етпес те” - деген көріпкелдік топшылаудың (“Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы” сериясымен шыққан үш автордың әңгіме­лері мен повестерінің жинағы, Алматы: “Жалын” баспасы, 1990, 10-том, 29-бет) ересектер үшін танымдық әсері мен тәрбиелік мәні зор.

“Екі бүркіт”, “Қарт аңшының әңгімесі”, “Жас аңшы” атты топтамаларды танымпаз да білімпаз оқырман іздеп, тауып оқи­тыны анық. Өйткені, ол әңгімелер қазақ сахарасының тіршілік-тынысын бар болмысымен мөлдірете баян етеді. Саятшылық, құсбегілік, бапкерлік – халықтық өнер, салт-жоралғының бірегей текті түрі. Әрі-беріден соң, қазақты мінезді ел етушінің өзі қыран құс, жүйрік ат, құмай тазы және серілігі ғой. Арқадағы саятшыл ел ертеректе қанша қысылса да құсбегілікті әсте кәсіп деп санамаған, ондай ойды сезсе арланып, қорланған. Мұны дәстүрлі халықтық өнерге балап, шын бапкерге құдайдай сеніп, әр уәжіне құлақ қойып, сүттей ұйып қалатын болған. Оған жарқын дәлел: “Екі бүркіт” повесінің кейіпкері Нұрмақ өзінің қолқанаты, серігі болған жалғыз атын Бек­темір бапкердің сәуегейлік сынынан кейін мысқалдай да болса, күдік-күмән келтірмей, тіпті бір сөзге келмей қара балапан үшін түсіп береді. Құсбегідей табиғат тылсымын түсінгіш, сезімтал жанның бір ауыз сөзіне нанып, ұрт мінезін танытады. Осы ұрт мінез оқырманға мәрттіктің бір ұшқынындай күшті әсер етеді.


Жазушының қара сөзбен жазған шырайлы шығармаларының бірі арда емген ардагер ағамыз, арманда кеткен аяулы ағамыз Сәкенге арналған. Ақынның ұйықтап жатып көрген түсі түрінде жазылған Сәкен Сейфуллиннің “Лашын әңгімесі” атты дастаны 1927 жылы жарияланған еді.

Бұл түсімнің жоруын,

Әбіке, сенен сұрадым.

Шын жүректен тілейік,

Екі жардың мұрадын, – деп келетін дас­танда суреттелетін аға лашын мен бала лашын кім, оларға қастық қылған қара және ала құстар не, ақын өз сөзін арнап отырған Әбікең кім? Дастанды бір деммен тебірене оқып шыққан оқырмандардың тіл ұшына салған бетте келетін сауалдар, міне, осылар.

“Таяуда “Жазушы” баспасы шығарған Әуезхан Көшімовтің “Лашын хикаясы” атты шағын повесі жоғарыдағы сұрақтарға тікелей жауап берді” деп жазады белгілі қазақ жазушысы Әзілхан Нұршайықов “Азамат ақын бейнесі” деген мақаласында (“Социалистік Қазақстан”, 1965 жылғы шіл­денің 11-і). – Повесть ардагер ақынды екі-үш сағаттай көз алдыңа елестетіп, оқушының оған деген шексіз сүйіспеншілігін одан сайын арттыра түседі. Сәкеннің адамгершілігі мен азаматтығы баурап, жүректі билеп әкетеді.


Шығармадан, ең алдымен, Сәкен бо­йын­дағы асыл қасиеттердің бірі прин­циптілік айқын танылады. Ол біреуден сес­кеніп, жалтақтау, мәймөңкелеу дегенді білмейді. Тиісті, еселі сөзін бұраңдатпай тіке айтып тастап отырады…

Өр Сәкен өзінің осындай турашыл тік мінезімен өнерге, өнер адамдарына деген жан тебірентерлік жақсы қамқорлығы да көрінеді.

Ардагер ақын өмірінің бір оқиғасын қы­­зықты етіп көз алдымызға тартқан бұл шағын шығарманы кімнің де болса сүйсіне оқитыны сөзсіз.”

Әзкеңнің осы сөздеріне қосылмасқа лаж жоқ. Өз басым оқырман ретінде ақиық ақын Сәкен ағамыз туралы жазылған шырайлы шығарма, тамаша туынды деп екі-ақ дүниені бөле-жара айтар едім. Оның бірі – Ғабит ағаның “Кездеспей кеткен бір бейне” атты қара сөзбен жазылған поэмасы болса, енді бірі – Әукеңнің осы дастанға бергісіз “Лашын хикаясы”.


Сәкеннің адамгершілігі мен азаматтығы демекші, хикаяда баян етілгендей, ақын өзінің қара басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, өнер мен білімге талпынған жас Зейнешке қол ұшын беріп, ағалық азаматтық көмек көрсеткісі келеді. Өкінішке қарай, қолға алған ісі зая болып, амалы құрыған ер-азамат қарындасқа жақсылығын алдағы күннің үмітіне жүктеп, аттанып кетуге мәжбүр болады. Соңынан ілесе жеткен Зейнештің қайғылы хабары ақын жүрегіне өшпес өкініштің таңбасындай болып басылады.
Шығармаға негіз болған оқиға өткен жер маған жақсы таныс. Сарыарқаның бір пұшпағы бұрын – Асанқайғы деп, кейін Жаңаарқа деп аталған ауданның жұрт­шылығына хикаяның объектісі де, субъектісі де етене жақын. Повестегі Әбікеннің есімін де бала жастан естіп өстік. Ол – кейіннен айтулы артист болған атақты күйші Әбікен Хасенов.
“Лашын хикаясында” аяулы қарындасы Зейнештен өлі айрылып, құр сүлдері келген күйшіні ақын-азамат жүрегінің аясына алады.

– Әбіке, сіздей адамдардың көбірек өмір сүргені дұрыс. – Сонда өнер өлмейді. Өнер өлмесе халықтың жақсы дәстүрлері өркендей бермек…, – деп асты-үстіне түсіп бәйек болып, қалтқысыз қамқорлық жасап, жанынан жігер отын жағады.

Ұлы Лермонтов шабыт дегенді “дертті жанның сандырағы” дейді ғой. Дегенмен, сол шабыт дегеннің болмыста бар екен­дігіне де дәлел жеткілікті. Әукең әуелі алдын ала жоспар жасап алып ештеңе жазып көрген жан емес. Өзін-өзі күштеп жазу столына да отырмайды. Сөз жарықтық, ой жарықтық сананы түрткілеп, жүректі қозғап өзі келеді. Үнемі жадында жүрген жайлар да бірден қағазға мөлдіреп түсе қалмайды. Ой жөңкілісі, туынды толғағы айларға, жылдарға созылуы мүмкін. Көркем дүниенің күнделікті жартылай көркемше, жартылай ресмилеу жазбалардан айрықша өзгешелігі де осы болса керек. Шабыт па, аян ба, бір құдайым білсін, күндерде бір күн ғайыптан бір серпілістің келетіні хақ. Осы сәтті Әукең:

– Қараңғы түнде найзағай жарқ еткендей! – дейді. Төрт жылдың ішінде, яки 1988-1991 жылдар аралығында оқиғасы қалың “Жаралы жылдар” романын аяқтап шықты. Екі жыл жазды, екі жыл қайта қарады. Ақыры бітірді. Әукең әдетте жазған дүниелерін үш рет қайта қарамай, тасқа басуға бермейді. Селкеу тұрған бір сөз, кедір-бұдыр құрылған бір сөйлем болса, табанда қайыра түзетеді.

Бір сөзбен айтқанда, романның оқиға желісі – ТАҒДЫР. “Адам қайғысы – заман қайғысы” дегендей, шығарма желісі негі­зінен зобалаңды 1932-1937 жылдардың оқиғаларынан өрбиді де, бертінгі алпысыншы жалдардың басына дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды. Романдағы кейіпкерлердің өмір­дегі түптұлғалары (прототиптері) бар. Яки, шығарма желісіне шынайы өмір өзек болады. Романдағы кейіпкерлердің бірі­нің түптұлғасы – Көшім қажы кәрсон-кер­ней еліне өзінің ақылдылығымен, пара­саттылығымен әйгілі болған адам. Мекке барып қажы атанған ол ұлы төрт-бес жас­тар шамасына келгенде дүние салыпты. Жетімдікпен, жалғызілікпен жапа шеккен жаралы жылдар басталады. Жалғыз ағасы Сейілханды “әкең қажы болған” деп кедей шаруа болса да, кулактар қатарына қосып, бірді-екілі малын тартып алып, өзін тентіретіп Итжеккенге айдайды. Содан сол кеткеннен мол кетеді. “Жаралы жылдар” тағдырнамасына Адамды өмір бойы қуғын-сүргінге ұшыратқан қиянатты да қыспақ­шыл, зәрлі де зарлы заман арқау болған. Бұл ақын, жазушы Әуезхан Көшімовтің ең басты кітабы екеніне кәміл сенгім келеді. Әттеген-айы сол, араб һарпімен жазылған осы 700 беттік романның қолжазбасы жоғалып кетті дегенді айтады жұрт. Марқұмның 74 жастағы ауыл ақсақалы – Әукеңнің шөбере інісі Серік Ыбышұлы Смағұлтегінен жақын ешкімі жоқ. Сол кісі бастап, жазушы Өмір Кәріпұлы қоштап, жер-көкті шарлап асыл жәдігерді іздестіріп жатыр. Естіген-білгендеріңіз бол­са, сол кісілермен хабарласыңыздар, аға­йын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: биылғы 15 желтоқсанда туғанына 100 жыл толғалы отырған Әуезхан Көшімов – шы­ғармашылық мұратына жеткен жазу­шы. Адам, әрі қаламгер ретіндегі оның са­бырлылығы мен мықтылығын тереңде жатқан тамырдың беріктігіне балаймын. Өзі айтқандай, бәйгеге қиырдан кеп қосылған ол кейбір саяз жандардай өңмеңдеп өзеуреп, өрекпіп, қияда қыршынынан қиыл­ған жоқ, көппен бірге адымдап өрге басқан оған абырой да оңай бұйырған жоқ. “Ер қадірін ер білер, зер қадірін зергер білер” дегендей, қалайда шығармашылық диапазонына, суреткерлік қабілет-қарымына шақ қалам тербеген ол өзінің де, сөзінің де қадірін біледі. Әукең “Өзім туралы” (1984 жылы жазған) атты өлеңінде:

Шарқ ұрдым, құлқын қуып сабылғам жоқ.

Атағым, сәнім аз деп шағынғам жоқ.

Сендім туған елдің рухына,

Талабым, тілім тасқа, шабылған жоқ…

Мен сөзді сөзге бола қырнамадым,

Болмысты бояу үшін сырламадым.

Қалмасын қалтарыста ғазиз пенде.

Дегендіктен жырлағамын…



– деп айтқан кредосына (бас мұратына) сай мәнді де мазмұнды, өрелі де өнегелі өмір кешіп өткен жазушы. “Халықтың ықыласы – алған сыйым” деп өзі айтқандай, оның тілеулес оқырмандары, біздің қадірлі де қымбатты қаламгерге көрсететін ең үлкен құрмет-сыйымыз – шығармашылығын тиі­сінше бағалап, танып, оны мүмкіндігінше жұртшылық арасында кең насихаттау бол­мақ.
Сәбит БЕКСЕЙІТ
Орталық Қазақстан. - 2011. - 10 желт. (№ 206/207). - 7 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет