1951жылы сәуір айының 10 санында “Правда” газетінде жарияланған тарихымызды зерттеудің болашағына ауыр зардабын тигізген мақалаға орай қабылданған Қазақстан КП Орталық комитетінің арнайы қарарындағы осы көтерілісті даттаған “феодалдық – монархиялық, реакциялық” деген лайықсыз біржақты баға көтеріліске байланысты Шоқан еңбектеріндегі тұжырымға мейлінше жақын. Шоқан бұл көтерілісті шындықты бұрмалай қорытындылайды: “бүлікші сұлтан Кенесары - феодалдық-монархиялық қозғалысқа бас болып, хандық билікті қалпына келтіруге тырысты, Орта Азия феодалдық мемлекеттеріне ұқсас қазақ хандығын құрғысы келді”. Екінші бір еңбегінің түсіндірмесінде “осы кезеңде ескімен жаңашылдық бір-бірімен тіресуде еді, мұсылмандық шығыс және орыстық құбылыстар” деп қазақтың ұлы саяхатшысының Кенесарыны мадақтап кететін жерлері де бар. Ш.Уәлихановтың берген жалпы алғанда біржақты бағасының кейінгі орыс тарихшыларына сілтеме жасар мықты бір дерек болғанын да айта кету керек.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында жарық көрген еңбектердің ішінен Кенесары көтерілісін арнайы зерттеген М.Красовкий мен И.Завалишиннің еңбектерңн ерекше бөліп қараған жөн. Әсіресе М.Красовский көтерілісті патша үкіметінің жүргізіп отырған сыртқы саясатымен байланыстыра талдауы көңілге қонады.
Кеңес үкіметі тұсында Кенесары қозғалысын сипаттауда бір белес – 1943 жылы жарық көрген “Қазақ ССР тарихы”. Көтерілістің басты мәселелері негізінде тиянақты, дәйекті деректерге сүйеніп жазылған бұл басылымдағы көтеріліске берілген баға пайымды қорытындылармен түйінделеді.
1837-1847 жылдардағы көтерілісті зерттеуде елеулі оқиға 1947 жылы жарық көрген көрнекті тарихшы Е.Бекмахановтың атақты еңбегі. Бұл монографияны ОРта Азия және Қазақстан өңіріндегі сол жылдардағы айырықша құнды еңбек болғандығын қазіргі кездегі тарих ғылымының даму барысы да дәлелдеп отыр.
Кенесары хан бастаған көтеріліс жөнінде қоғамдық пікір қайта оянып, жаңа, тың мәліметтер жариялана бастады. Алғашқы бұл мәселеге терең мән беріп, дөңгелек стол ұйымдастыруды қолына алған көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин “Жұлдыз” журналында тарихшы, әдебиетшілерімізді жинап бас қосып алғаш рет Кенесары қозғалысына әділ баға беруді қолға алды.
Академик М.Қозыбаевтың бастамасымен жарық көрген Қазақстан тарихына арналған ғалымдардың ғылыми жинағындағы үш мақала осы мәселенің төңірегіндегі оқиғаларға арналған.
1991 жылы “Қазақстан коммунисі” журналының үшінші санында жарияланған академик Р.Б.Сулейменов пен профессор Ж.Қасымбаевтың Кенесары қозғалысына арналған мақаласы да архив деректері негізінде жазылған. Сонымен бірге Ж.Қасымбаевтың 1993 жылы жарық көрген “Кенесары хан. Саясатшы және қолбасшы” атты еңбегі. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі сирек кездесетін архив құжаттары пайдаланылып жазылған бұл еңбекте, автор тарихи құжаттарға сүйене отырып, көтерілістің шығу себебі мен сипатына, оның қозғаушы күшіне, империяның отарлық саясатына қарсы қазақтарды көтеріліске қйымдастырудағы Кенесарының қызметіне жаңа көзқарас тұрғысынан тоқталады.
1837-1847 жылдардағы Кенесары хан басқарған көтеріліске байланысты күрделі мәселелерді көтеруде 1991 жылғы Ақмола қаласында академик М.Қозыбаевтың жалпы редакциясымен жарияланған ұлттық қозғалысқа арналған арнайы жинақ. Осы басылымның құндылығы қазақ жеріндегі ХІХ ғасырдағы ұлт–азаттық көтерілістердің заңдылығы, ерекшеліктері, әсіресе Кенесары қозғалысы кең географиялық өңірдегі оқиғалармен байланыстыра талқыланған.
Саржан Қасымовтың өлімі қазақтардың ұлт- азаттық қозғалысының одан әрі дамуына бөгет бола алмады. 1837 жылы жазда бұрынғыдан да күшті бүкіл қазақ жерін қамтыған көтеріліс бұрқ ете түсті. Бұл көтерілісті Саражанның інісі Кенесары Қасымов бастап, қозғалысты жалпы ұлттық дәрежеге көтерді.
Абылайдың немересі, Қасым сұлтанның ұлы Кенесары Орта жүздің саяси өмірінде жүз жылдай билік құрған әйгілі жанұяда дүниеге келіп, тәрбие алды. Атасынан бастап аға - інілеріне, апа - қарындастарына дейін қоғамның белсенді саяси қызмет атқарған атақты әлеуетте өсуі Кенесарының идеялық - саяси дүниетанымының қалыптасуына зор ықпал етті.
1837 жылы бұл көтерілістің басталуына себеп болған патша өкіметінің Кенесарының туған жерінде, яғни Көкшетау мен Ақмолада жаңа бекініс салып, жаппай казак станицаларын тұрғыза бастауы еді. “Ата- бабамыздан мұра болып қалған Есіл, Нұра, Ақтау, Атырау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Оқият, Тоқзақ және Оралға дейінгі созылып жатқан жерді патша үкіметі бізден тартып алып, онда бекіністер салды,- деп жазды ол бір хатында. – Енді күн санап біздің жерімізді басып алып, онда бекіністер салуда, ал мұның өзі халықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Бұл біздің болашағымызға ғана емес, бүгінгі тыныс-тіршілігімізге де қауіпті”. Сонымен қатар бекіністер казак әскерлерімен толықтырылып күшейтілді. Кенесары генерал Генске жазған хатында өз ауылына 1825, 1827,1830,1831,1832 және 1836 жылдары жазалаушы отрядтардың шабуылы туралы, ал мұндай әрекеттердің 1837 жылы екі рет, 1838 жылы төрт рет, 1840 жылы үш рет қайталанғандығын ашына хабарлайды. Қазақ халқына қарсы әкімшіліктің осындай зорлық- зомбылығының, шенеуніктік аппараттың жемқорлығымен сатқындығын көрсете келіп, Кенесары патшаның отаршылдық саясатына қарсы өзінің күреске шығып, атамекенінде хан билігін қалпына келтіретіндігін жариялады.
Кенесары Қасымовтың көздегені рулық араздықты жойып, қазақ қоғамындағы феодалдық бытыраңқылықты тоқтату, сол арқылы біртұтас мемлекетті нығайту мақсаты болатын. Тек осы шарттарды жүзеге асырған жағдайда ғана елді құлдыққа түсуден құтқаратындығына көзі анық жетті.
Тәуелсіздік үшін күресу мақсатында ол оңтүстік ауданнан Көкшетау өңіріне келеді. Отарлау сяасатының қарқынды жүру барысында бұл өңірдің экономикалық, саяси- әлеуметтік жағдайының қиындығы Кенесары Қасымовтың бастауымен болған азаттық қозғалысқа түрткі болды. Тарихшы Е. Бекмахановтың пікірінше, Кенесарының бұл өңірге оралуы “оқ- дәрі салған жертөлеге от тастағанымен тең” әсер берді. Кенесары қарамағына жан- жақтан бай да, кедей де келіп қосыла бастады. Ағыбай, Жанайдар, Басығара, Иман (Амангелді Имановтың әкесі) және тағы басқа батырлар өз жасақтарымен толықтай оның соңынан ерді. Патша әкімшілігінің Қоңыр құлжа Құдаймендин тәрізді, тіпті діни қайраткерлер мен кейбір ықпалды адамдарды араға салуынан еш нәтиже шықпады.
Кенесары жасағы салынып жатқан бекіністер мен қазақ даласы арқылы өтетін керуендерге шабуылын үдетті. Алғашқы кезде Кенесары адамдарды олардан тауарларды еріксіз тартып алса, кейін салық алатын болды. Кенесары қазақ даласында Сібір әкімшілігінің заңдарын мойындаған жоқ. Себебі оның бітімгершілік саясаты еш нәтиже бермеді. 1837 жылы қазан айында аталған әкімшіліктің бір шенеунігі полковник Талызинге былай деп ашық хат жазды: “Оларды тәртіпке шақыру үшін отрядтар жіберу арқылы жедел шара қолдану керек, әйтпесе ешқандай нәтиже шықпайды, сол болыстардың қырғыздары (қазақтары) баяғыдан еркіндікке үйренген, олар біреуге бағынуды өздеріне ар санайды”. Осыдан кейін “қатаң шаралар” қолданыла бастады. Қазақтарға қарсы хорунжий Рытов бастаған жазалаушы отряд жіберілді. Бірақта оның жасақтары талқандалып, өзі өлтірілді.
1838 жылы көктемде Кенесары өзінің қоластында Орта жүз қазақтарының басым бөлігін біріктірді. Оның замандасы Н.Н. Середа Кенесарының қозғалысын мұқият зерттей келе былай деп тамсана жазды: “Кенесары өзінің жасақтарын керемет басқарып, оларға ғажап рух бере білді, бұл еуропа әскербасыларының қолынан келе қоймайтын іс. Даланың құйыны секілді жолындағының бәрін жайпаған Кенесарыға ешнәрсе бөгет бола алмайды. Жасалған бөгет қайта оның намысын қайрап, бұрынғыдан бетер күш береді, ол өзінің алдына қойған мақсатына жеткенше жолындағы кедергілердің бәрін жеңуге соңғы демі қалғанша күреседі. Бұл қасиеттерін көшпенділер ерекше қадірлейді, халық басшысына шын берілген, ол үшін жанын қиюдан тайынбайды”.
1838 жылы мамырда Кенесары жасағы Ақмола бекінісіне шабуыл, жасап, қоршауға алып, оны өртеп жіберді. Тек қорғанушылардың азғана бөлігі аман қалды. Халықтың қуатты қолдауына сүйенген Кенесары Қоқан хандығымен соғысқа кірісті. 1840 жылы Кенесары Орынбор даласы, Ырғыз бен Торғай арқылы өтіп, Қоқан хандығының аумағына басып кіріп, олардан бірқатар ірі қазақ руларын қайтарып алды.
1841 қыркүйекте қазақтың үш жүзі өкілдерінің Ұлытауда өткен құрылтайында Кенесары Қасымұлы бүкіл қазақ ханы болып жарияланады. Ол бұдан кейін қазақ хандығын қайта қалпына келтіреді.
Бұл жерде патша әкімшілігін қолдаған және өздерінің жеке бастарының қамы үшін Кенесарыға қарсы шыққан қазақтың беделді би-сұлтандары да жеткілікті болды. Олар Ақмола округінің аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендин, Кіші жүздің сұлтандары ағайынды Ахмет және Махмұт Жантөриндер, Айшуақ ханның ұрпақтары, сондай-ақ Кенесарының өзінің кейбір туыстары да болды. Патша үкіметіне қызмет еткендерге қарсы Кенесары хан қатал жазалау шараларын жүргізді.
Ұлт-азаттық көтерілістің кең құлаш жайып бара жатқанынан Ресей әкімшілігі қорқа бастады. Көтерілісшілердің саяси талап-тілектерін және Кенесарының хан болуын заңсыз деп қараған І Николай үкіметі 1843 жылдың жазында көтерілісті басу үшін кең көлемде әскери экспедиция ұйымдастырды. Бұл әскери экспедицияға старшина Лебедевтің 1900 солдаты бар отряды, сұлтандар А.Жантөрин мен Б.Айшуақоватардың жасақтары және подполковник Бизанов отряды қатысты. Алайда, бұл әскери іс-қимылдар ешқандай нәтиже бермеді. Көтерілісшілер жер жағдайын жақсы білгендіктен қаша отырып соғысу әдісін қолданды. Сонымен бірге Кенесары хан тыңшылық қызметті де жақсы жолға қойған еді. 1844 жылы шілдеде олар сұлтан А.Жантөриннің отрядын талқандап, ал 14 тамызда Екатерина станицасына шабуыл жасап, ондағы елді-мекендерді өртеп, тұрғындарының біразын тұтқынға алды. Кенесары Қасымұлының мұндай әскери қимылдарынан сескенген патша үкіметі көтерілісті басу үшін екі әскери отряд құрады: бірі – полковник Дуниковскийдің басшылығымен Орынбор отряды, екіншісі – генерал Жемчужников басқарған Сібір отряды. Бірақ Кенесары әскері көп жағдайда жазалаушы отрядтардан құтылып кетіп отырды.
Көтерілісшілермен жеті жылдық нйтижесіз күресінен кейін 1845 жылы Кенесары хан ордасына Орынбордан Долгов пен Герн бастаған елшілік келіссөз жүргізу үшін жіберіледі. Алайда бұл келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Өйткені, Кенесары хан басып алынған жерлерін қайтаруды табанды түрде талап етті, ал патша үкіметі болса отарлау саясатынан бас тартқысы келмеді.
Ресей әкімшілігі Кенесары ханды Кіші жүз бен Орта жүз аймағынан ығыстыру үшін жедел түрде Ырғыз бен Торғай бекіністерін тұрғызды. Мұндай әскери тактика 1846 жылы көтерілісшілерді Жетісу мен Ұлы жүз аумағына ығысуға мәжбүр етті. Бұл қадамнан кейін патша үкіметі Сібір шекарасы басқармасының төрағасы генерал Вишневский әскерін зеңбіректермен қаруландырып, Жетісуға қарай аттандырды. Әскери күші басым Ресейдің қысымынан Кенесары хан өз әскерімен Іленің оң жағалауына өтіп кетеді. Сөйтіп, Алатау бөктерінде орналаса отырып, қырғыз жеріне тақайды. Кенесары ханмен соңғы күндеріне дейін бірге жүрген ақын Нысамбай өзінің жырында Кенесары ханның қырғыз халқына айтқан мынадай сөздерін келтіреді: «Солтүстік жағымыздан орыстар қаптап келеді, егер оларға өз жеріңді, малыңды және балаларыңды солдатқа берсеңдер, онда олармен бейбіт өмір сүруге болады. Шығыстан «шүршіттер» (қытайлар) анталап тұр, олар қазақтарға мейірімсіз. Оңтүстігімізден қоқандықтар маза бермеуде, олар әйелдер мен балаларды күң қылып, зорлық жасауда, ал егер біз қарсылық көрсетсек онда олар дарға асады, күнде-күнде сені әуреге салады».
Бірақ қырғыз манаптары Кенесары ханмен одақ құруға келіспеді. 1847 жылы сәуір айында Кенесары 10 мың әскерімен қырғыз жеріне басып кіреді, ондағы негізгі мақсаты оңтүсттіктегі қазақтарға қысым жасап отырған Қоқан хандығына қарсы бірігіпп соғысу еді, бірақ қырғыз манаптары Кенесары ханды қолдамады.
Кенесары ханның соңғы шайқасы Шу өзенінің жоғарй сағасында, Тоқмақ қаласына таман Алмалы жазығында болды. Ол өзінің 32 сұлтанымен қырғыз әскерінің қоршауына түсіп қалып, қырғыздардың қолынан қаза тапты. Кенесары хан көтерілісінің соңғы кезеңінде сәтсіздіктерге ұшырауының бірнеше себептері бар еді. Біріншіден, қырғыз манаптары Ресей әкімшілігімен келісімге келіп, орыс әскерінің соғыс жоспарын тиімді жасауына мүмкіндік берді; екіншіден, Кенесары ханның қол астына келіп қосылып, бірақ соңғы шешуші сәтте соғыс алаңын тастап кеткен Рүстем сұлтан мен Сыпатай би сияқты қазақ билеушілері Кенесарының әскери күшін әлсіретіп кетті; үшіншіден, Қоқан билеушілері қырғыздарға қолдау білдіріп, Кенесарыға қарсы соғысу үшін әскери көмек берді.
1870 жылы «Еуропа жаршысы» (Вестник Европы) деген журналда жарияланған «Қырғыз сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі (1838-1847) атты мақаласында Н.Середа: «Кенесары өлді, бірақ оның ерлігі менол туралы естеліктер, оның бейнесі аңыздар мен патриоттық өлеңдерде Ордада мәңгі қалды», - деп жазды.
Патша үкіметі К.Қасымұлы көтерілісін басуға қатысқандарға аямай сый-сияпат көрсетті. Мысалы, «құрметті» қырғыз Қалығұл Әлибековке Батыс Сібір генерал-губернаторы князь П.Горчаковқа Кенесарының басын тапсырғаны үшін ленталы «Георгиев күміс медалі» берілді. Қырғыз манаптары Ормон және Жантай Қоқан хандығына өздерінің достығы мен ризашылығы ретінде Кенесары сарбаздарының басы салынған екі арбаны жіберді. Ал, Қоқан билеушілері «Ташкент базарында бұл бастарды ұзын сырықтарға іліп қойған».
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысы осылай аяқталды. Бірақ ол қазақ халқының рухын жасыта алған жоқ еді.
Кенесары хан Қазақ хандығын қайта құрды. Мемлекеттік басқару аппаратын құрды. Мемлекет басында хан, оның жанында кеңесші орган – Хан Кеңесі жұмыс істеді.
Салық жүйесі енгізілді. Салық жинаудың негізгі мақсаты мемлекет қазынасын толтыру болатын. Бұл жергілікті салықтан мемлекеттік салық салуға көшудің алғашқы қадамы еді.
Кенесары хан дипломатиялық істерге ерекше мән берді. Ол Ресейдің лауазымды тұлғаларымен, ортаазиялық хандықтармен белсенді дипломатиялық жұмыстар жүргізді.
Жоғарғы сот билігі тікелей ханның өз қолында болды. Рулар арасындағы сот істерін билердің қолына берді. Сот реформасының негізгі мақсаты барымта мен өзара тартысты тоқтату болатын. Қазақтардың қарапайым азаматтық құқықтарына да біршама өзгерістер енгізіп, оған жалпы мемлекеттік маңыз берілді.
Кенесары қазақтар арасында егіншіліктің таралуына жағдай жасады. Ол сауданың дамуына да қолдау білдірді, одан салық арқылы пайда түсетінін жақсы түсінді.
Жалпы Кенесары хан Қазақ хандығын қайта құру және оны реформалау арқылы дамыған мемлекет қалыптастыруға ұмтылды.
4. Оқытудың техникалық құралдары: интерактивті тақта, сызба–кестелер.
5. Сабақты өткізу тәртібі: салыстырмалы-проблемалық талдау, «баспасөз мәслихатын» ұйымдастыру, «ахуалды шешу», баға беру.
6. Әртүрлі күрделілік деңгейдегі тапсырмалар (сұрақтар) және оларды бағалаудағы ұпайлардың үлестірілуі:
Жеңіл деңгей:
1. Патша өкіметінің қазақ жерін отарлау саясаты тарихының тарихнамасына сипаттама беріңіз
2. Қазақстанның Ресейге қосылуының тарихи алғышарттарын атап көрсетіңіз
Орта деңгей:
1. ХҮІІІғ.бас. Қазақстан мен Ресей империясының бір-біріне деген геостратегиялық мүдделеріне талдау жасаңыз.
Күрделі деңгей:
1. Қазақ даласын отарлауда казактандырудың (казачество) рөлін анықтаңыз
7. СӨЖ және ОСӨЖ тапсырмалары, олардың түрлері мен орындалуына қойылатын ұпайлардың үлестері:
1. Қазақстан батыс европа саяхатшыларының еңбектерінде
2. Оңтүстік Қазақстан өңірінде патша өкіметінің отаршылдық шараларды жүзеге асыруы
Пайдаланылатын әдебиеттер:
1. Қазақстан тарихы. Көне замандардан бүгінге дейін. Көп томдық, 3 том, Алматы, 2002.
2. Қазақстанның жаңа және қазіргі замаңғы тарихы: оқулық //Ред. басқарған Қ.С. Қаражан. - Алматы: Қазақ университеті, 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |