«Бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын арттыруда интербелсенді әдістерді қолдану»
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзінің бүгінгі күнгі маңызы айтарлықтай жоғары. Бастауыш білім берудің үлгілік оқу бағдарламалары баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыруға, оның жеке қабілеттерін, оқу ісіндегі оң мотивациясы мен іскерлігін: негізгі мектептің білім беру бағдарламаларын кейіннен меңгеру үшін оқудың, жазудың, есептеудің, тілдік қатынастың, шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетудің, мінез-құлық мәдениетінің берік дағдыларын дамытуға бағытталған.
Балаға мектептен берілетін ұлттық білім үлгісінің басты бағыты – адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің баюына, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің қалыптасуына жағдай жасау, мүмкіндік беру. Осы бағытта білім беру үшін мектептегі пәндерді оқушының танымдық белсенділігін қалыптастыруға бағыттау бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болғандықтан, әр сабақтың мазмұнында болуы керек.
Осы орайда, егеменді еліміздің білім беру жүйесінде әлемдік деңгейге жету үшін жасалынып жатқан талпыныстар оқытудың жаңа, әртүрлі әдіс тәсідерін қолдана отырып, терең білімді, ізденімпаз, барлық іс- әрекеттерінде шығармашылық бағыт ұстанатын, сол тұрғыда өз болмысын таныта алатын жеке тұлға ісіне ерекше мән берілуде. Демек, мектептегі оқу үрдісі оқушының танымдық қызығушылығын арттырып, шығармашылық әрекетін дамытуына жол ашуы қажет.
Аталған мәселелерді шешуде, яғни, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруда интербелсенді әдістердің маңызы зор. Таным әрекетерін ұйымдастырудың арнаулы әдістемесі ретінде интербелсенді оқыту білім игеру процесіне қатысушылардың (үйренуі мен үйренушілердің) тиімді қарым-қатынасына негізделеді. Ағылшын тілінен келген «interactiv» сөзі де осы ұғымды білдіреді: «inter» дегеніміз «өзара» мағынасында, ал «act» - «әрекет жасау» дегенді білдіреді, яғни интербелсенді әдістер - үйретуші мен үйренушілерлің өзара әрекеттесуін оқу/оқудың негізі деп танитын және сондай қатынасқа жағдай жасайтын әдістер. Басқаша айтқанда «интербелсенді» дегеніміз бірлесе әрекет жасау, диолог құру. Ал «интербелсенді оқу» дегеніміз өзара қарым-қатынасқа (коммуникацияға) негізделген оқыту, диолог арқылы үйрету, яғни «үйретуші-үйренуші», «үйренуші-үйренуші», «үйренуші-өзімен өзі» форматтарында жасаған қарым-қатынас(«әңгіме», «сұхбат», «пікірлесу», «бірлескен әрекеттер»).
Интербелсенді оқыту сабақтарын ұйымдастыру тәжірибесі көрсеткендей, әрбір сабақ, әдетте, үш компоненттен тұрады.
Оқу ақпаратына негізделген шығармашылық тапсырма
Шағын топтармен жұмыс жасау немесе әдістеме негізіндегі оқыту ойыны
Пікірталас, талқылау және міндетті түрде жалпылама пікірталас пен қорытынды жасау ( тәрбие және оқытудың қорытындысының синтезі ретіндегі әдістеме).
Сабақ кезеңдері
Қызығушылығын ояту кезеңі -«Не білемін?», «Не білгім келеді?», «Жаңа білімнің маған берер пайдасы қандай болмақ?» секілді сұрақтарға жауап іздейді.
Жаңа білімді іздену мен зерттеу кезеңі -«Қалайша жаңа білімге үйренемін /оны түсінемін/ игеремін?», «Қандай тәсілдерді қолданған тиімді?», «Бұл мәлімет туралы менің ойым/түсінігім/қатысым қандай?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді:
Үйренгенді айқындау және бағалау, проблема бойынша шешім қабылдау кезеңі -«Не білдім/үйрендім?», «Бұл білім не үшін керек?», «Бұл білімнің қолданысы қандай?», «Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/жалғастырамын?», «Тағы да не білгім келеді?» деген сұрақтарға жауап беруге ізденеді;
Бастауыш сыныпта оқытудың жоғары интербелсенді әдісін қолдануға итермелейтін себептер аз болмаса да оны дұрыс қолдана алмау мынадай жағдайларға әкеліп соқтыруы мүмкін:
егерде кейбір оқушылар өз айтқанын көпшілікке тыңдата алатын болса, қате көзқарастар мен ұғымдар қалыптастады;
кейбір тұйық оқушылар өз қабілеттерін көрсету мүмкіндігін айырылады;
ата-аналар өзге мұғалімдер мен мектеп басшылығы не болып жатқанын түсінбей қалады;
мұғалім сыныпты басқара алмай қалады
Сондықтан да бастауыш сынып мұғалімі оқушының таным белсенділігін арттыруда интербелсенді әдістерді барлық пәнде тиімді қолдана отырып, үлкен нәтижеге жетеді. Сабаққа деген қызығушылығы артқан, зейіні шоғырланған, ойлау қабілеті жақсы дамыған оқушыдан білімді тұлға шығары анық. Бұл мұғалімнің үздіксіз ізденісі мен асқан шеберлігінің нәтижесі болып саналады.
Қорытындылай келе, «Бастауыш сынып барлық білімнің негізін береді» деген қағида бар. Олай болса, әрбір бастауыш сынып мұғалімі бастауыш сынып оқушыларының танымдық қызығушылығын дамытудың негізгі факторы олардың білімі мен дағдыларының дәрежесі ғана емес, сонымен бірге, баланың маңызды психикалық қызметтерін, ақыл - ой жұмысының тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретін оқу процесін жолға қою керектігі саналады. Оқушының шығармашылық қабілеті де оның ойлау мен практикалық әрекеттері арқылы ғана дамиды. Бастауыш мектепте интербелсенді әдістерді қолдану оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, сыныптың білім сапасын көтереді. Егер де интербелсенді әдістің элементтерін сабақта өз дәрежесінде ұйымдастыра білсек, өз нәтижесін береді деп ойлаймын.
Сламбек Назерке Болатқызы
Жетісу облысы
Кербұлақ ауданы
Райымбек батыр атындағы орта мектебі КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Достарыңызбен бөлісу: |