Қылмыстық құқық мәселелері
Ержан Тұрашев,
Қазақ гуманитарлық заң университетінің
қылмыстық іс жүргізу және криминалистика
кафедрасының аға оқытушысы
Қылмыстық іс бойынша заңды әрі әділ үкім шығуына бірден-бір кепіл -заңдылық принципінің сақталуы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 78-бабына сәйкес, Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді қолдануға соттардың құқысы жоқ.Егер, сот, қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік акті Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, онда іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінуге міндетті. Аталған норма бұрынғы заңдарда болмағанын айта кету қажет.
Сондықтан, аталған норманың дүниеге келуі заңдылық принципін нығайтып ғана қоймай, сонымен бірге соттардың рөлін де күшейтті.
Заңдылық-жалпы мемлекеттік, жалпы құқықтық принцип болғандықтан, ол мемлекеттің және қоғам өмірінің барлық салаларында қызмет жасайды әрі құқық саласының басты бір принципі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, Қазақстан өзін құқықтық, демократиялық, зайырлы, әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Барлық мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар Конституцияны, заңдарды, Президенттің Жарлықтарын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін сақтауға міндетті. Ал, қылмыстық іс жүргізуде заңдылық принципі- қылмыстық іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар, сондай-ақ іске қатысушы тұлғалар барлық іс жүргізу әрекеттерін орындау мен шешімдер шығару кезінде материалдық және іс жүргізушілік құқық нормаларын қатаң сақтауын және соларға сәйкес өздерінің құқықтарын жүзеге асыруы мен міндеттерін орындауын білдіреді.
Дегенмен, заң әдебиеттерінде бұдан өзгеше бірқатар түсініктер де қалыптасқанын ескеруіміз қажет, мысалы, Т.Н.Добровольскаяның пікірінше: “заңдылық принципі - жеке принциптің басқа принциптерімен, басқа принциптердің жеке принциппен байланысын емес, керісінше, барлық принциптердің біртұтас байланысты жиынтықтары болып табылады. Бұл принцип іс жүргізудің барлық принциптерінің негізі болып табылады”. 1 Біздің ойымызша, бұл көзқарас жеткілікті емес, себебі, қылмыстық іс жүргізудің әрбір принципінің жеке өзінің іс жүргізушілік нормасы мен өзіндік бір мазмұны болады. Егер, барлық осы нормаларды бір-біріне қосатын болсақ, онда жаңа бір норма шықпайды.
Сондықтан, заңдылық принципі қылмыстық іс жүргізудің басқа принциптерінің ішіне қосылып кетпейді немесе олардың жиынтықтарынан құралмайды. Керісінше, заңдылық принципінің жеке әрі біршама ерекше маңызы бар. Ол, сот әділдігін жүзеге асыру кезінде заңның барлық талаптарын басшылыққа алуды және барлық құқықтық нормаларды қатаң сақтауды міндеттейтін нормативтік сипатты білдіреді.
Сонымен қатар кейбір ғалымдар заңдылық принципінің түсінігіне мынадай анықтама береді, шынын айту керек, біз онымен келісе алмаймыз, олардың пікірлерінше:“заңдылық принципіне сәйкес, прокурор, сот, тергеуші және анықтау органдары қылмыстарды жедел, толық ашып, кінәлілерді әшкерелеп, оларды әділ жазаға тарту міндетін көрсетеді. Сонымен бірге, тұлғаларды заңсыз қылмыстық жауапқа тартпау, кінәлі еместерді жауаптан босату міндетін көрсетеді”. 2 Бұл жерде заңдылық принципінің мазмұнын қылмыстық іс жүргізудің принципіне айналдыру әрекеттері дұрыс емес.
Біздің пікірімізше, заңдылық принципі қылмыстық іс жүргізуде қылмыстық заңның дұрыс қолданылуын міндеттеп, қылмыстық іс қозғау туралы шешімнен бастап, жоғарғы сатыдағы сот төменгі сатыдағы сот шығарған үкімнің заңдылығына баға беруіне дейін барлық қылмыстық іс жүргізу қызметтері қылмыстық заңға сәйкес жүзеге асырылуын білдіреді. Соның нәтижесінде, заңдылық принципі “белгілі-бір нәрсенің” мүддесі үшін қылмыстық іс жүргізу нормаларының ауытқуына жол бермейді.
Заңдылық принципі - қылмыстық іс жүргізудің барлық нормаларының мүлтіксіз орындалуын білдіреді, онсыз қылмыстық істерді ашу, кінәлі тұлғаларды әшкерелеу және қылмыстық іс бойынша заңды әрі негізді үкім шығару мүмкін болмайды. Яғни, заңдылық принципі жүзеге асырылмаса, онда қылмыстық іс жүргізудің міндеттерінің орындалуы екіталай.
Ал іс жүргізу нормаларын сақтамау, іс жүргізу заңдарын дұрыс бағаламау сияқты әрекеттер Қазақстан Республикасы Конституциясы нормаларының бұзылуына әкеп соғады. Заңдылық принципі - қылмыстық іс жүргізу принциптер жүйесін басқарып отырады және онда маңызды орын алады. Соның нәтижесінде, заңдылық принципі тек нақты, жеке құқықтық нормаларға сәйкес қызмет жасауын талап етіп қоймай, сондай-ақ басқа да іс жүргізушілік принциптерінің қатаң сақталуын да талап етеді. Себебі, егер қылмыстық іс жүргізудің бір принципін орындау міндетті емес деп қарастыратын болсақ онда қылмыстық іс жүргізудің барлық құрылысы жойылып, заңсыздыққа алып келетін еді.
Яғни, заңдылық принципі-қылмыстық іс жүргізуге әрбір қатысушының материалдық және іс жүргізу заңдарының барлық талаптарын сақтауға міндетті екенін көрсетеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
---------------------------------
1. Добровольская Т.Н. Принципы советского уголовного процесса. М.: Юрид. лит. 1973, ст. 199.
2. Уголовный процессс. Юрид. лит. 1989, ст. 552.
Достарыңызбен бөлісу: |